Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 3 маусымдағы N 607 Жарлығы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 814 Жарлығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 04.05.2014 N 814 Жарлығымен.

Қазақстан Республикасы Президенті
мен Үкіметі актілерінің жинағында
жариялануға тиіс        

      "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық заңның 17-1 бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ереже бекітілсін.

      2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                       Н. Назарбаев

Қазақстан Республикасы 
Президентінің    
2008 жылғы 3 маусымдағы
N 607 Жарлығымен    
БЕКІТІЛГЕН       

Қазақстан Республикасы Президентінің
Күзет қызметі туралы
ЕРЕЖЕ

      Осы Ереже Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы" Заңына және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің мәртебесін, өкілеттігін және қызметін ұйымдастыруды айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (бұдан әрі - Президенттің Күзет қызметі) - Қазақстан Республикасының Президенті құратын, оған тікелей бағынатын және есеп беретін, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын арнаулы мемлекеттік орган.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.06.21 № 343 Жарлығымен.

      2. Президенттің Күзет қызметі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Президент актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

      3. Президенттің Күзет қызметі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, нақты және шартты атаулары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
       Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

      4. Президенттің Күзет қызметі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан енеді.

      4-1. Егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, Президенттің Күзет қызметі мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      Ескерту. Ереже 4-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

      4-2. Президенттің Күзет қызметі өз құзыретіндегі мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Президент Күзет қызметі бастығының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      Ескерту. Ереже 4-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

      5. Президент Күзет қызметінің құрылымы мен қызметкерлері штат санының лимитін Президент Күзет қызметі бастығының ұсынуы бойынша Республика Президенті бекітеді.
      Президент Күзет қызметінің бастығы Президент Күзет қызметі қызметкерлерінің санын осы мақсатқа бөлінген қаражаттың шегінде белгілейді.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

      6. Президент Күзет қызметінің іс-әрекетін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      7. Президент Күзет қызметінің заңды мекенжайы: 010000, Қазақстан Республикасы, Астана қаласы, Кенесары көшесі, 26.

      8. Президент Күзет қызметінің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі" мемлекеттік мекемесі.

      9. Осы Ереже Президент Күзет қызметінің құрылтайшы құжаты болып табылады.

      9-1. Президент Күзет қызметіне кәсіпкерлік субъектілерімен Президент Күзет қызметінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Президент Күзет қызметіне заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кіріс мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.
      Ескерту. Ереже 9-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

2. Президент Күзет қызметінің миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      Ескерту. 2-тараудың атауы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

      9-2. Президент Күзет қызметінің миссиясы - күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін ұйымдастыру және үйлестіру.
      Ескерту. Ереже 9-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

      10. Президент Күзет қызметінің міндеттері:

      1) күзетілетін адамдардың жеке басының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      2) күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы бағытталған қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау, алдын алу және жолын кесу;

      3) күзетілетін адамдардың меншігін күзету, күзетілетін объектілерде және олар болатын басқа да жерлерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      4) өз өкілеттігі шегінде терроризмге қарсы күресті жүзеге асыру;

      5) күзетілетін адамдар мен объектілерге төнген қатерді болжау және анықтау, одан сақтандыру мен бейтараптандыру жөніндегі жедел шаралар жиынтығын жүзеге асыру болып табылады.

      11. Президенттің Күзет қызметі өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын ұйымдастырады және өткізеді. Күзет іс-шараларына қатысу үшін тартылған мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарына басшылықты жүзеге асырады. Күзет іс-шараларын өткізу аймағының шекарасын, олардың басталу және аяқталу уақытын, күзет іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізу тәртібін, сондай-ақ оны өткізуге қатысу үшін тартылған күштер мен құралдардың құрамын белгілейді;

      2) жедел-іздестіру іс-шараларын өткізеді, жүктелген міндеттерді орындау үшін ақпараттық-талдау жұмысын жүргізеді;

      3) Президент Күзет қызметінің құзырына енетін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Президентін, Үкіметі мен мемлекеттік органдарын хабардар етеді;

      4) Президенттің Күзет қызметі құрылымдық бөлімшелерінің жұмылдыру дайындығын қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды ұйымдастырады және өткізеді;

      5) арнайы тексеру жүргізу арқылы қызметке кәсіби ipiктeудi ұйымдастырады, Президент Күзет қызметінің кадрларын негізінен әскери қызметшілер, Қазақстан Республикасының құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері арасынан жасақтайды, қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мамандарды даярлауды, зерттеу және қолданбалы жұмыстарды жүргізуді жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Президент Күзет қызметінің кадрларына әскери қызметке келетін адамдарды зерттеп-зерделеуге және арнайы тексеруден өткізуге Президентінің Күзет қызметіне көмек көрсетеді;

      6) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді;

      7) күзетілетін объектілердің және президенттік байланыс жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігін, қолданылатын арналар мен байланыс желілерін қорғауды қамтамасыз етеді;

      8) күзетілетін адамдардың авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерімен жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, оның ішінде олардың жүріп-тұру маршруттарын (бұдан әрі - арнайы трассалар) айқындайды, күзетілетін адамдардың жүріп-тұруы үшін бөлінген авиация, автомобиль және басқа да көлік түрлерінің қозғалыс қауіпсіздігі саласында қолданылатын ережелердің, нормативтер мен стандарттардың сақталуын бақылайды;

      9) жедел есепке алуды және ақпараттық жүйелерді құрады және қолданады;

      10) күзет іс-шараларын өткізу кезінде радиоэфирге мониторинг жүргізеді;

      11) күзетілетін объектілердің аумағында және күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда жарылғыш құрылғыларды, жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру және жою жөніндегі іс-шараларды, жарылғыш құрылғыларды қолдану арқылы құқыққа қайшы іс-әрекеттерді іске асыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі зерттеу жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді;

      12) күзетілетін адамдар баруға арналған ғимараттарда, үй-жайларда, құрылыстарда және оларға іргелес аумақтарда, сондай-ақ күзетілетін объектілерде санитарлық-гигиеналық, экологиялық, радиациялық, биологиялық, химиялық және эпидемияға қарсы бақылауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      13) күзетілетін объектілерде, оларды орналастыруға арналған режимдік аумақтар аймақтарында, арнайы трассаларда және оларға ipгeлec аумақтарда барлық жөндеу, құрылыс және өзге де жұмыс түрлерінің жүргізуді) келіседі;

      14) қызметкерлерді, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерін медициналық қамтамасыз ету, тұрғын үй, материалдық-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша ic-шараларды жүзеге асырады;

      15) заңдарда белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      Ескерту. 11-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 2011.09.07 № 148; 2012.06.21 № 343; 28.02.2013 № 510 Жарлықтарымен.

      12. Президенттің Күзет қызметі өз міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) жеке тұлғалар күзетілетін объектілерге кірген (көлікпен кірген) және шыққан (көлікпен шыққан) кезде олардың жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеруге (күзетілетін адамдардан басқа), оларды жеке қарап тексеруге, олардың өзімен алып жүретін заттарын тексеруге;

      1-1) күзет іс-шараларын өткізу бойынша тұрақты жұмыс істейтін республикалық, облыстық, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жедел штабтарын (бұдан әрі - жедел штаб) құруға құқылы. Олардың мәртебесі мен өкілеттігі республикалық жедел штабтың құрамына кіретін мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығымен бекітілетін ережемен айқындалады;

      2) күзет іс-шараларын өткізу кезінде фактілер мен оқиғаларды суретке түсіруді, дыбыс жазуды, кино- және бейне түсіруді жүзеге асыруға;

      2-1) Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген өклеттіктер шегінде анықтау жүргізуге;

      3) күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғатын құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін жағдаяттарды жою туралы ұсыныстар мен (немесе) нұсқамалар енгізуге;

      4) ұйымдардың, әскери құралымдардың қызметтік үй-жайларын, сондай-ақ азаматтардың тұрғын үй және басқа да үй-жайларын, олардың көлік, байланыс құралдарын және өзге де мүлікті келісімшарт негізінде пайдалануға;

      5) қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;

      6) Президент Күзет қызметінің арнайы дайындықтан өткен қызметкерлеріне табельдік қару мен арнайы құралдарды сақтауға, алып жүруге рұқсат беруге;

      7) күзет іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу үшін қызметкерлерді Республика аумағынан тыс жерлерге іссапарға жіберуге;

      8) Қазақстан Республикасы Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарамағындағы оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінде, сондай-ақ өзге мемлекеттердің оқу орындарында, соның ішінде арнайы оқу орындарында кадрларды даярлау мен біліктілігін арттыруды келісімшарт негізінде жүзеге асыруға;

      9) күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі еңбегі үшін азаматтарды көтермелеуге, оларды заңнамада белгіленген  тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларына ұсынуға;

      10) Президент Күзет қызметінің штаттан тыс жедел қызметкерлері ретінде Қазақстан Республикасының азаматтарын ерікті түрде тартуға;

      11) көлік құралдарының, соның ішінде дипломатиялық және консулдық өкілдіктердің, сондай-ақ жеке тұлғалардың көлік құралдарының жекелеген орындар учаскелері мен объектілерде қозғалысын уақытша шектеуге немесе тыйым салуға, оларды жекелеген орындар учаскелерінде немесе объектілерде қалуға не осы учаскелер немесе объектілерден кетуге міндеттеуге;

      12) күзетілетін адамдар мен объектілерді күзету және қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарға жеке және заңды тұлғаларды жіберуді және тексеруді жүзеге асыруға;

      13) құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстауға, оларды әрі қарай құқық қорғау органдарына беруге;

      14) қызметтік иттерді пайдалануға;

      15) күзет іс-шараларын өткізу кезінде көлік құралдарын және олармен алып жүретін заттарды, соның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып, тексеруге;

      16) Президент Күзет қызметінің іс-әрекетін және күзет іс-шараларын өткізуді реттейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауға;

      17) қаруды, жауынгерлік техниканы, арнаулы құралдарды және күш қолдануға;

      18) төтенше жағдайларда міндеттерді атқару кезінде телекоммуникациялық желілерді пайдалануға;

      19) өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

      20) күзет ic-шараларына қатысу үшiн ішкі icтep министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қарулы Күштердің, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың,, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың күштері мен құралдарын тартуға құқылы.
      Ескерту. 12-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентінің 2011.09.07 № 148, 2012.06.21 № 343; 28.02.2013 № 510 Жарлықтарымен.

      12-1. Президенттің Күзет қызметі:
      1) күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғылатын қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге, оларды ықтимал жасауға ықпал ететін жағдаяттарды анықтауға және өз құқықтары шегінде оларды жою шараларын қолдануға;
      2) қылмыстардан, әкімшілік құқық бұзушылықтардан және жазатайым оқиғалардан зардап шеккен күзетілетін адамдарға, сондай-ақ дәрменсіз не денсаулығына және өміріне қауіп төнген өзге де жай-күйдегі адамдарға көмек көрсетуге;
      3) күзетілетін адамдардың жеке қауіпсіздігіне немесе күзетілетін объектілердегі қоғамдық қауіпсіздікке және олар болатын басқа да орындарда дайындалып жатқан қылмыстар, әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қатер төндіретін оқиғалар туралы арыздарды, хабарламаларды және өзге де келіп түсетін ақпаратты қабылдауға; заңнамада көзделген шараларды дер кезінде қолдануға;
      4) күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке қадір-қасиетіне және меншігіне қарсы қылмыс жасаған адамдарды анықтау мен іздеуде құқық қорғау органдарына көмек көрсетуге;
      5) күзетілетін объектілер мен күзетілетін адамдар болатын басқа да орындарда қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;
      6) авариялар, апаттар, өрттер, дүлей апаттар және басқа да төтенше жағдайлар кезінде күзетілетін адамдарды құтқару және оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ күзетілетін адамдардың жеке мүлкі мен күзетуге жататын және қараусыз қалдырылған өзге де мүлкін күзету бойынша шұғыл шаралар қолдануға; Қазақстан Республикасының аумағында немесе жекелеген жерлерде төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда күзетілетін адамдарға қатысты құқықтық режимді қамтамасыз етуге заңға сәйкес қатысуға, сондай-ақ эпидемия мен эпизоотия уақытында күзетілетін адамдарға қатысты карантиндік іс-шаралар өткізуге қатысуға;
      7) Мемлекет басшысын ақпараттық оқшаулауға жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті байланыс жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
      8) азаматтардың, кәсіпорындардың, ұйымдардың және мекемелердің байланыс құралдарын, көлігі мен үй-жайларын қызметтік мақсатта пайдалануына байланысты оларға келтірілген залалды заңнамада белгіленген тәртіпте өтеуге міндетті.
      Ескерту. Ереже 12-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

3. Президент Күзет қызметінің іс-әрекетін ұйымдастыру

      Ескерту. 3-тарау жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

      13. Президент Күзет қызметіне басшылықты Президент Күзет қызметіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Президент Күзет қызметінің бастығы (бұдан әрі - бастық) жүзеге асырады.
      14. Бастықты Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      15. Бастықтың орынбасарлары, оның ішінде бір бірінші орынбасары болады. Бастықтың орынбасарларын бастықтың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      16. Бастық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте және өз құзыреті шегінде:
      1) Президент Күзет қызметінің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетіне, жауынгерлік дайындығына басшылық етеді және оның жай-күйіне бақылау жасауды жүзеге асырады;
      2) республикалық жедел штабқа басшылық етеді. Облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана жедел штабының басшыларын айқындайды.
      Күзетілетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі антитеррористік операцияларды өткізу, оларды өткізу кезеңінде антитеррористік операциялардың құқықтық режимін енгізу туралы шешім қабылдайды;
      3) күзетілетін адамдардың және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік кезекшілікті ұйымдастыру және атқару тәртібін, санитарлық-гигиеналық, экологиялық, радиациялық, биологиялық, химиялық және эпидемияға қарсы бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын, сондай-ақ күзетілетін объектілерде және күзет іс-шаралары өткізілетін орындарда жарғыш қондырғыларды, жарылу қаупі бар заттарды залалсыздандыру мен жою тәртібін айқындайды;
      4) Президент Күзет қызметі қызметкерлерінің арнаулы құралдарды, атыс қаруын және жауынгерлік техниканы қолдану тәртібін айқындайды;
      5) Президент Күзет қызметі жедел қамтамасыз етуді жүзеге асыратын объектілер мен арнайы трассалар учаскелерінің тізбесін, сондай-ақ Президент Күзет қызметінің жедел қамтамасыз ету объектілерінде және күзет іс-шаралары өткізілетін аймақта жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуді келісу тәртібін айқындайды;
      6) Республика Президенті бекіткен штат саны мен осы мақсат үшін бөлінген қаражат шегінде Президент Күзет қызметінің құрылымдық бөлімшелерінің ережелерін, ұйымдық құрылымын және штат санын бекітеді, сондай-ақ қолданыстағы резерві офицерлерінің санын айқындайды;
      7) конкурстық негізде орналасатын лауазымдар тізбесін, Президент Күзет қызметінің лауазымдар санатына қойылатын біліктілік талаптарын, қызметке үміткерлерді іріктеу және қабылдау жөніндегі іс-шараларды жүргізуді ұйымдастыру тәртібін және әдістемесін, қажетті құжаттар тізбесін, оларды ресімдеу тәртібін, қызметке үміткерлерге тексеру жүргізу мерзімдерін, олардың білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі бойынша талаптарды, дене шынықтыру дайындығын және денсаулық жағдайын, сондай-ақ Президент Күзет қызметі қызметкерлерінің қызметке жарамдылық санатын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияға жіберу тәртібін айқындайды;
      8) Қазақстан Республикасының азаматтарын Президент Күзет қызметіне қызметке ерікті негізде қабылдайды, оларға полковникті қоса алғанда, арнаулы атақтар береді және оларды қызметтен шығарады. Президент Күзет қызметі қызметкерлерінің жекелеген санаттарына олардың қызметке қабылданғанға дейінгі еңбек қызметіндегі өтілін өздері белгілеген тәртіппен еңбек сіңірген жылдарына есептеуі мүмкін;
      9) Президент Күзет қызметіне запастан қабылданатын не Қарулы Күштерден, басқа да әскерлерден және әскери құралымдардан, арнаулы мемлекеттік не құқық қорғау органдарынан ауысу тәртібімен қабылданатын және әскери, арнаулы атақтары, сыныптық шендері бар азаматтарды қызметкер лауазымына тағайындау кезінде қайта аттестаттаудан өткізудің және арнаулы атақ берудің тәртібін айқындайды;
      10) Республика Президенті қызметке тағайындауды және қызметтен босатуды жүзеге асыратын адамдарды қоспағанда, Президент Күзет қызметінің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      11) Президент Күзет қызметінде құпияландыруға жататын мәліметтер тізбесін бекітеді;
      12) Президент Күзет қызметінің қызметкерлерінің меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдар мен ұйымдарға іссапарға баруы жөніндегі мәселелерді шешеді, Президент Күзет қызметінің қолданыстағы резервіне қызметкерлерді қабылдау және олардың қызмет өткеру тәртібін айқындайды;
      13) бейбіт уақытта, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен жұмылдыру кезеңінде, соғыс жағдайында және соғыс уақытында күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша Президент Күзет қызметінің күштерін және құралдарын қолдану тәртібін айқындайды;
      14) күзетілетін адамдардың өміріне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке қадір-қасиетіне және меншігіне қол сұғылатын құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін жағдайларды жою туралы нұсқамалар енгізу тәртібін айқындайды;
      15) жоғары офицерлік құрамға арнаулы атақтар беру және қызметкерлерді, жұмысшылар мен қызметшілерді мемлекеттік наградалармен марапаттау, сондай-ақ құрметті атақтар беру туралы Республика Президентіне ұсынымдар енгізеді;
      16) Президент Күзет қызметі қызметкерлерінің арнаулы киім нысанын киіп жүру тәртібін айқындайды;
      17) Президент Күзет қызметінің қызметкерлерін, жұмысшыларын және қызметшілерін марапаттайды, көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар қолданады. Президент Күзет қызметінің қызметкерлерін көтермелеу және тәртіптік жазалар беру бойынша Президент Күзет қызметі құрылымдық бөлімшелері басшыларының өкілеттіктерін айқындайды;
      18) заңнамада белгіленген тәртіпте Президент Күзет қызметінің мүлкіне және қаржы қаражатына билік етеді. Президент Күзет қызметінің қызметкерлерін ақшалай қамтамасыз етудің және лауазымдық жалақылары мен сауықтыру жәрдемақыларын есептеу үшін қызмет (жұмыс) өтілін айқындаудың тәртібін айқындайды;
      19) Президент Күзет қызметінің барлық қызметкерлері мен жұмыскерлері орындауға міндетті бұйрықтар, өкімдер шығарады, нұсқаулар береді;
      20) Президент Күзет қызметі қызметкерлерінің қызметтік куәліктерінің сипаттамасын, жетондар үлгілерін, зейнеткерлік куәліктердің нысандарын бекітеді, оларды беру және пайдалану тәртібін айқындайды;
      21) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, заңды тұлғалармен, сондай-ақ шетел мемлекеттерінің арнаулы және құқық қорғау органдарымен және халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен өзара қарым-қатынаста Президент Күзет қызметінің атынан өкілдік етеді;
      22) Президент Күзет қызметінің іс-әрекетін жетілдіру мәселелері жөнінде Республика Президентінің қарауына ұсыныстар енгізеді;
      23) Қазақстан Республикасының заңнамасында өзіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Бастық болмаған кезеңде оның міндеттерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      17. Бастық қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз орынбасарларының өкілеттіктерін айқындайды.
      18. Президент Күзет қызметі бастығының Аппаратын қолданыстағы заңнамаға сәйкес бастық қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Аппарат басшысы басқарады.
      19. Жедел-қызметтік іс-әрекеттердің барынша маңызды мәселелерін қарау, олардың тиімділігін арттыру жөніндегі шараларды тұжырымдау және олар бойынша келісілген шешімдер қабылдау үшін Президент Күзет қызметінде Алқа құрылады.
      Алқаның шешімдері бастықтың бұйрығымен жарияланады.
      Алқаның міндеттері, өкілеттіктері, қызметінің тәртібі мен дербес құрамы бастық бекітетін ережемен реттеледі.
      20. Президент Күзет қызметінде арнайы мемлекеттік мұрағат құрылады.
      21. Президент Күзет қызметінің қызметкерлерін медициналық қамтамасыз ету және қызмет көрсету, медициналық мүлікпен және дәрі-дәрмекпен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіпте жүзеге асырылады.
      22. Президент Күзет қызметінің қызметкерлеріне мемлекеттік органдағы қызмет өтіліне лауазымдық жалақылары және сауықтыруға жәрдемақылары есептелетін коэффициенттерді белгілеу үшін қызмет өткерген бір айға бір жарым ай есебінен есептеледі.
      Президент Күзет қызметінің қызметкерлеріне зейнетақы тағайындау үшін еңбек сіңірген жылдарын есептеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіпте жеңілдік жағдайында жүргізіледі.
      23. Президент Күзет қызметі қызметкерлерінің қызмет атқаруы жауынгерлік міндеттерді орындау болып табылады және өздігінен, сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізілетін іс-шаралар кешенін жүзеге асыруға негізделеді.
      Күзетілетін адамдардың және объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын өткізу барысында Президент Күзет қызметінің аға лауазымды тұлғасы оларды өткізуге тартылған барлық адамдар үшін жедел бастық болып табылады.

4. Президент Күзет қызметінің мүлкі

      Ескерту. 4-тарау жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

      24. Президент Күзет қызметінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
      Президент Күзет қызметінің мүлкі оған мемлекет берген мүлік, сондай-ақ негізгі қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      25. Президент Күзет қызметіне бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      26. Егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, Президент Күзет қызметінің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өздігінен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Президент Күзет қызметін қайта ұйымдастыру және тарату

      Ескерту. 5-тарау жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 28.02.2013 № 510 Жарлығымен.

      27. Президент Күзет қызметін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы 
Президентінің     
2008 жылғы 3 маусымдағы 
N 607 Жарлығына    
ҚОСЫМША       

Қазақстан Республикасы Президентінің күші
жойылған кейбір актілерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 3 қаңтардағы N 2742 Жарлығы.

      2. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір Жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 5 наурыздағы N 3396 Жарлығы.

      3. "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір Жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 21 мамырдағы N 3512 Жарлығы.

      4. "Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі туралы ережеге толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 4 қарашадағы N 3730 Жарлығы.