Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 10 қазандағы N 198 Жарлығы

Жаңартылған

"Президент пен Үкіметтің
актілер жинағында"  
жариялануға тиіс   

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 14) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 33-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Мыналар:

      1) 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже;

      2) 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы бекітілсін.

      2. Жергілікті атқару органдары Қазақстан Республикасында саяси баспана алған адамдарды жайластыру жөніндегі шығыстарды қаржыландыруды жергілікті бюджеттердің көші-қон іс-шараларына көзделген қаражаты есебінен жүзеге асырсын.

      3. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияны құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 18 маусымдағы N 3039 Жарлығы;

      2) "Қазақстан Республикасында шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға саяси баспана беру тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 15 шілдедегі N 3057 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 35, 326-құжат);

      3) "Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты мәселелерді қарау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 27 қыркүйектегі N 3120 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 38, 355-құжат);

      4) "Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияны құру туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 18 маусымдағы N 3039 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 7 ақпандағы N 3349 Жарлығы;

      5) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 15 шілдедегі N 3057 Жарлығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 20 маусымдағы N 3568 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 29, 256-құжат);

      6) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 27 қыркүйектегі N 3120 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 11 ақпандағы N 335 Жарлығы;

      7) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 18 маусымдағы N 3039 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 11 ақпандағы N 336 Жарлығы;

      8) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 15 шілдедегі N 3057 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 19 сәуірдегі N 374 Жарлығы;

      9) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 13 қыркүйектегі N 3108 және 1996 жылғы 18 маусымдағы N 3039 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 қарашадағы N 719 Жарлығы;

      10) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 18 маусымдағы N 3039 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 19 ақпандағы N 808 Жарлығы;

      11) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 18 маусымдағы N 3039 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 4 сәуірдегі N 1064 Жарлығы;

      12) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 27 қыркүйектегі N 3120 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 2 тамыздағы N 1410 Жарлығы;

      13) "Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы N 1504 Жарлығының 1-тармағының 1-тармақшасы;

      14) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 27 қыркүйектегі N 3120 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 7 қарашадағы N 1667 Жарлығы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., N 39, 553-құжат);

      15) "Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 18 маусымдағы N 3039 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 28 наурыздағы N 76 Жарлығы.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

1-ҚОСЫМША       
Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2006 жылғы 10 қазандағы
N 198 Жарлығымен  
БЕКІТІЛГЕН     

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссия туралы осы ереже (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 14) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 19-бабының 4), 5) тармақшаларына және 33-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Азаматтықты өзгерту және саяси баспана беру мәселелері жөніндегі шешімді Қазақстан Республикасының Президенті өзінің атына берілген өтініш негізінде қабылдайды.

      3. Қазақстан Республикасының Президенті өз қалауы бойынша азаматтықты өзгерту немесе саяси баспана беру жөнінде шешім қабылдай алады.
      Бұл жағдайда қажетті құжаттарды алдын ала рәсімдеу және оларды одан әрі қарау осы Ереженің 17, 18, 19 және 24-тармақтарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      4. Азаматтықты өзгерту:
      а) азаматтыққа қабылдау;
      б) азаматтықты қалпына келтіру;
      в) азаматтықтан шығару;
      г) азаматтықтан айыру түрінде жүзеге асырылады.

      5. Саяси баспана өзі азаматы болып табылатын және/немесе тұрып жатқан елінде қоғамдық-саяси қызметі, қай нәсілге немесе қай ұлтқа жататындығы, діни сенімі үшін қудалаудан немесе қудалау құрбаны болудың айқын қатерінен баспана және қорғаныш іздеген, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларымен көзделген адам құқықтары бұзылған жағдайларда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға, олардың отбасы мүшелеріне беріледі.

2. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия

      6. Азаматтыққа және саяси баспана беруге байланысты мәселелер жөніндегі материалдарды қарауды консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) жүзеге асырады.

      7. Комиссия құрамын Президент бекітеді.

      8. Комиссия құрамы төрағадан, оның орынбасарынан, хатшыдан және комиссияның өзге мүшелерінен тұрады. Комиссияны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы басқарады. Комиссия төрағасының орынбасары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары, хатшысы - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі болып табылады.
      Комиссия құрамына лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Ішкі істер министрі, Әділет министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрайымы кіреді.
      Комиссия құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және өзге де адамдар кіруі мүмкін.
      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.03.13 N 284 Жарлығымен.

      9. Комиссия отырысында төраға болмаған жағдайда оның міндеті Комиссия төрағасының орынбасарына жүктеледі.

      10. Комиссия отырысы оның мүшелерінің жартысынан көбі қатысқан ретте құқылы болып саналады.

      11. Комиссия отырыстарына Конституциялық Кеңестің төрағасы, Жоғарғы Соттың төрағасы қатысып, талқыланатын мәселелер бойынша сөз сөйлей алады.

      12. Комиссия өз отырысына азаматтықты өзгерту немесе саяси баспана беру туралы өтініштер бойынша қажетті қосымша ақпарат алу үшін кез келген мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, басқа да адамдарды шақыруға құқылы.

      13. Комиссия қаралып жатқан іс бойынша тиісті мемлекеттік органдардан қосымша құжаттар мен материалдарды талап етіп алдыруға құқығы бар, ал олар керекті ақпаратты белгіленген уақытта ұсынады.
      Комиссия өз жұмысында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, өзара іс-қимыл жүргізе алады.

      14. Азаматтықты өзгерту немесе саяси баспана беру туралы мәселені қараған кезде Комиссия арыз иесінің дәлелдерін, ұсынымның мазмұнын, мемлекеттік органдардың қорытындысын, басқа да құжаттар мен тиісінше ресімделген куәгерлік түсініктемелерді жан-жақты бағалайды.

      15. Комиссияның шешімі оның қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең бөлінген жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуі болып табылады. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделіп, оған отырысқа қатысқан оның барлық мүшелері қол қояды.

      16. Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі болып табылады, ол:
      1) азаматтық немесе саяси баспана беру мәселелері жөніндегі ұсынылған материалдарды алдын ала қарауды, Комиссия мен Қазақстан Республикасы Президентінің қарауы үшін қажетті материалдарды өз қорытындысымен қоса дайындауды;
      2) Мемлекет басшысының азаматтықты өзгерту немесе саяси баспана беру мәселелері жөніндегі жарлықтарының уақтылы орындалуына бақылауды;
      3) азаматтық және саяси баспана беру мәселелері жөніндегі заңнаманы қолданудың тәжірибесін қорытуды;
      4) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі туралы ережеде және осы Ережеде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің
2008.04.24 N 576 Жарлығымен.

3. Қазақстан Республикасы азаматтығына байланысты
мәселелерді қарау тәртібі

      17. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын адамдар азаматтықты өзгерту мәселелері жөніндегі өтінішті өзі тіркелген жеріндегі ішкі істер органдарына береді.
      Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы өтінішке:
      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бекіткен нысандағы сауалнама-өтініш;
      төрт фотосурет;
      "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабында көзделген шарттарды сақтайтындығы туралы міндеттеме;
      сотталғаны немесе сотталмағаны жөніндегі анықтама;
      мемлекеттік бажды төлегені немесе оны төлеуден босатылғаны туралы құжат;
      басқа мемлекеттің құзыретті органы берген бұрынғы азаматтығының жоқтығы немесе оның тоқтатылғаны туралы анықтама қоса беріледі.
      Азаматтықты қалпына келтіру туралы өтінішке, аталған құжаттардан басқа, өтініш берушінің бұрын Қазақстан азаматтығында болғанын куәландыратын құжаттар (тууы туралы куәлік және т.б.) қоса беріледі.
      Аталған құжаттардан басқа:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы N 1587 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің тізбесіне және оларға қойылатын талаптарына сәйкес  келетін адамдар, бейіндік мемлекеттік органның өтінішін;
      2) тарихи отаны ретінде Қазақстан Республикасына тұрақты тұру үшін қайта оралған адамдар, - оралман куәлігін және бұрынғы азаматтығынан бас тарту туралы өтінішін;
      3) Заңның 16-бабы 2-тармақшасында көрсетілген адамдар, - Қазақстан Республикасының азаматтарымен туыстық дәрежесін куәландыратын құжаттарды (тууы туралы куәлік, неке туралы куәлік және т.б.) тапсырады.
      Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтінішке:
      сауалнама-өтініш;
      үш фотосурет;
      балаларының тууы туралы және неке туралы куәліктері;
      әскерге шақыру жасындағы адамды міндетті әскери қызметті өткеруден босату туралы қорғаныс істері жөніндегі аумақтық департаменттен берілген анықтама;
      жұмыс орнынан немесе оқу орнынан берілген анықтама, ал жұмыс істемейтіндермен - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Сот әкімшілігі жөніндегі комитетінің аумақтық органдарынан мемлекет алдында атқарылмаған міндеттердің немесе азаматтардың, мемлекеттік органдардың және меншік нысанына қарамастан ұйымдардың мүдделеріне байланысты мүліктік міндеттемелерінің бар-жоғы туралы анықтама;
      мемлекеттік бажды төлегені немесе оны төлеуден босатылғаны туралы құжат қоса беріледі.
      Азаматтықтан шығу туралы өтініш берген адамға қатысты ішкі істер органдары оның айыпкер ретінде қылмыстық жауапқа тартылғаны немесе заңды күшіне енген сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүргені туралы мәлімет сұрайды.

      18. Елден тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы азаматтықтан шығу туралы шет елдердегі мекеме арқылы мыналарды қоса өтініш береді:
      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі бекіткен сауалнама-өтініш;
      өмірбаян;
      үш фотосурет;
      балалардың тууы туралы және неке туралы куәліктердің көшірмесі;
      консулдық алым төлегені туралы құжат. Қараңыз.V106372
      Өтініш берушінің Қазақстан Республикасында зайыбы (жұбайы) немесе оның асырауындағы адамдары болған жағдайда ол сол адамдардың өзіне материалдық немесе басқа да талаптарының жоқтығы туралы нотариат куәландырған өтінішін тапсырады.

      19. 18 жасқа толмаған, сондай-ақ іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдарға қатысты азаматтықты өзгерту мәселелері жөніндегі өтінішті нотариат куәландырған, ал басқа мемлекеттерде - шет елдердегі мекемелер куәландырған олардың заңды өкілдері баланың тууы туралы куәлігінің көшірмесін (асырап алушылар, қорғаншылар және қамқоршылар жергілікті атқару органы шешімінің көшірмесін тапсырады) не іс-әрекетке қабілетсіз адамның жеке басын куәландыратын құжатты қоса табыс етеді.
      14 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалар  ата-аналарының өтінішіне нотариат куәландырған, ал басқа мемлекеттерде - шет елдердегі мекемелер куәландырған өздерінің жазбаша келісімін қоса береді.

      20. Азаматтықты өзгерту жөніндегі өтініштер міндетті түрде тіркелуге және қарауға жатады.

      21. Өтініш берушінің тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдары ресімделген материалдарды облыстардың, Астана және Алматы қалаларының ішкі істер департаменттеріне жібереді, олар бұл жөнінде тиісті ұлттық қауіпсіздік органдарымен келіседі.
      Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының ішкі істер департаменттері материалдарды ұлттық қауіпсіздік органдарының пікірімен қоса Ішкі істер министрлігіне жібереді, ол өз қорытындысын жасайды және оны материалдармен бірге Комиссияның жұмыс органына ұсынады.

      22. Шет елдердегі мекемелер ресімделген материалдарды өз қорытындыларымен бірге Сыртқы істер министрлігіне жолдайды, ол да Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келіскеннен және өз қорытындысын жасағаннан кейін оларды Комиссияның жұмыс органына ұсынады.

      23. Азаматтықты өзгерту туралы өтініштер жөніндегі материалдарды қарау мерзімі жергілікті ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарында, шет елдердегі мекемелерде, Сыртқы істер министрлігінде, Ішкі істер министрлігінде және Ұлттық қауіпсіздік комитетінде осы органдардың әрқайсысында бір айдан аспауға тиіс.

      24. Қазақстан Республикасының Президенті азаматтық мәселелерді шешудің конституциялық құқығын өз қалауымен іске асырған жағдайда, Комиссияның жұмыс органы ішкі істер органдарынан не шет елдердегі мекемелерден тиісті құжаттарды, соның ішінде азаматтықты өзгерту туралы өтінішті талап етіп алдырады.

      25. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын адамдарға қатысты азаматтық мәселелері жөніндегі шешімдерді орындау - халықты құжаттандыру және тіркеу жөніндегі уәкілетті органға, ал республикадан тысқары жерлерде тұратын адамдарға қатысты Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне жүктеледі.

      26. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі және Сыртқы істер министрлігі азаматтық мәселелері жөніндегі шешімдердің орындалуы туралы Комиссияның жұмыс органына жылына екі рет ақпарат береді.

4. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу

      27. Қазақстан Республикасының азаматтығы "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 21, 30 және 31-баптарының талаптарына сәйкес жойылады және тіркеледі.

      28. Ішкі істер органдары, халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан азаматының басқа мемлекеттің әскери қызметіне кірген, өтірік мәліметтер мен жалған құжаттар табыс ету нәтижесінде азаматтық алған, басқа мемлекеттің азаматтығын алған фактілерді анықтаған жағдайда осы адамның Қазақстан азаматтығынан айырылғанын тіркейді.

      29. Шет елдерге мекемелер мынадай жағдайларда Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруды тіркейді:
      егер, халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан азаматына қатысты оның басқа мемлекеттің әскери қызметіне, қауіпсіздік қызметіне, полициясына, әділет органдарына, өзге де мемлекеттік органдарға қызметке тұрғанын растайтын құжаттар немесе басқа дәйекті мәліметтер болған жағдайда;
      егер адам шетелде тұрақты тұрған үш жыл ішінде дәлелді себептерсіз консулдық есепке тұрмаса. Бұл ереже 16-жасқа толмаған адамдарға қолданылмайды;
      егер азаматтық өтірік мәліметтер немесе жалған құжаттар табыс ету нәтижесінде алынғаны белгілі болса;
      егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса.

      30. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруды тіркеу өзін азаматтықтан айыру туралы шешім қабылдаудың себептері мен негіздері туралы осы адам хабардар етілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады.

5. Саяси баспана беру туралы өтініштерді қарау тәртібі

      31. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген адам Мемлекет басшысының атына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон жөніндегі комитетіне (бұдан әрі - Көші-қон комитеті) немесе оның аумақтық бөлімшесіне саяси баспана беру туралы өтінішпен жүгінеді.
      Қазақстаннан тыс жерде жүрген адам мұндай өтінішті Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы береді.

      32. Саяси баспана беру туралы өтінішке өмірбаян, фотосуреттер, денсаулық жағдайы туралы, соның ішінде АҚТҚ-мен залалдану тұрғысында тексеруден өткендігі туралы анықтама, 14 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың жазбаша келісімі, сондай-ақ осы мәселеге қатысты басқа да құжаттар қоса беріледі.

      33. Көші-қон комитетінің аумақтық бөлімшесі және шет елдердегі мекемелер материалдарды Көші-қон комитетіне жібереді, ол Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жүгінген адамға саяси баспана берудің мақсаттылығы туралы пікірлерін сұратады.
      Саяси баспана беру туралы өтініш жөніндегі материалдарды қарау мерзімі өтініш тіркелген күннен бастап үш айдан аспауға тиіс.

      34. Өтініш беруші мәселе нақты шешілгенге дейін айына кемінде екі рет өтініш берген жері бойынша белгіленіп отырады.
      Осы тәртіп сақталмаған жағдайда Көші-қон комитеті, оның аумақтық бөлімшесі немесе шет елдерге мекемелер мән-жай анықталғанға дейін материалдарды ресімдеуді тоқтата тұруға құқығы бар.

      35. Көші-қон комитеті тиісінше ресімделген материалдарды өтініш берушіні еңбекке және әлеуметтік-тұрмыстық жайластыру туралы дәлелді қорытындымен бірге Комиссияның жұмыс органына ұсынады.

      36. Саяси баспана беру туралы өтініш, егер адам:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарымен қылмыс деп танылған әрекеттері (немесе әрекетсіздігі) үшін қудалануда жүрсе немесе Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен принциптеріне қайшы келетін әрекеттер жасап кінәлі болса;
      2) қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде жауапқа тартылса немесе оған қатысты Қазақстан Республикасының аумағында заңды күшіне енген соттың айыптау үкімі бар болса;
      3) оған қудалану қаупі төнбеген үшінші елде тұрған болса;
      4) көрнеу өтірік мәліметтер немесе жалған құжаттар табыс етсе;
      5) өзінде үшінші елдің азаматтығы бар болып әрі онда ол қудаланбайтын болса, қабылданбайды.

6. Саяси баспана беру мәселесі жөніндегі шешімдердің
орындалуы

      37. Көші-қон комитеті немесе шет елдегі мекеме саяси баспана беру туралы өтініш берген адамды Мемлекет басшысының қабылдаған шешімі жөнінде хабардар етеді.

      38. Көші-қон комитеті саяси баспана берілген адамға және оның 16 жасқа толған отбасы мүшелеріне белгіленген үлгідегі куәліктер береді.

      39. Ішкі істер органдары саяси баспана беру туралы куәлік негізінде аталған адамдардың тұруына рұқсат қағаз ресімдейді.

      40. Саяси баспана құқығы:
      1) Қазақстан Республикасында саяси баспанадан ерікті түрде бас тартқан;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтығын немесе басқа мемлекеттің азаматтығын алған;
      3) өзі азаматы болып табылатын елге ерікті түрде қайтып оралған немесе үшінші елге тұрақты тұруға кеткен;
      4) осы Ереженің 5-тармағында белгіленген негіздерді жоғалтқан жағдайда жойылады.

      41. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне, Біріккен Ұлттар Ұйымының мақсаттары мен принциптеріне қайшы келетін әрекеттермен шұғылданған жағдайларда не, егер ол қасақана қылмыс жасаса және оған қатысты заңды күшіне енген сот үкімі бар болса, осы адамды Қазақстан Республикасының Президенті саяси баспанадан айыруы мүмкін.

7. Азаматтық және саяси баспана беру мәселелері жөніндегі
шешімдерге шағымдану

      42. Азаматтық және саяси баспана беру мәселелері жөніндегі шешімді Қазақстан Республикасының Президенті қайта қарауы мүмкін.

      43. Азаматтық және саяси баспана беру мәселелері жөніндегі арызды қабылдаудан негізсіз бас тарту, өтініштерді қарау мерзімдерін бұзу, сондай-ақ лауазымды адамдардың материалдарды қарау тәртібін және осы мәселелер бойынша шешімдердің орындалу тәртібін бұзатын басқа да заңсыз іс-әрекеттеріне бағыныстылық тәртібімен жоғары тұрған органға немесе сотқа шағымдана алады.

                                                  2-ҚОСЫМША
                                           Қазақстан Республикасы
                                                Президентінің
                                           2006 жылғы 10 қазандағы
                                               N 198 Жарлығымен
                                                  БЕКІТІЛГЕН

       Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2012.03.13 N 284 Жарлығымен.

          Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
           Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның
                             ҚҰРАМЫ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы

-

төраға

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары

-

төрағаның орынбасары

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі

-

хатшы

Комиссия мүшелері:

Ақылбай
Серік Байсейітұлы

-

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы (келісім бойынша)

Жарасов
Жанат Абдоллаұлы

-

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)

      Комиссия құрамына лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі, Ішкі істер министрі, Әділет министрі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы кіреді