Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулықты бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы N 247 Қаулысы

Жаңартылған

       Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2000.05.10. N 696  қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарының қызметін ретке келтіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      Ескерту. Кіріспеге өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.06. N  251 қаулысымен.
       1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы   консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы қоса беріліп отырған Нұсқаулық бекітілсін. 
     2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне жүктелсін.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2000.05.10. N 696 қаулысымен.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы Үкіметінің         
1999 жылғы 16 наурыздағы             
N 247 қаулысымен                
бекітілген                   

           Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы
    консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру 
             тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы
                          Нұсқаулық 

      Ескерту. Тақырыпқа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2000.05.10. N 696  қаулысымен.

                      1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулықтың "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 26-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші органдар (бұдан әрі - комиссиялар) мен жұмыс топтарын құру, қызметі және таратылуы мәселелерін реттейді. Құрылуы заң актілерімен тікелей кез-келген комиссияларға осы Нұсқаулық тиісті заң актілеріне қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
       Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2000.05.10. N 696  қаулысымен.  
      2. Комиссия Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылады. 
       Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2005.02.10. N 135 қаулысымен.
      2-1. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi кейiннен Қазақстан Республикасының Yкiметi мүшелерiнiң алқа шешiмiн қабылдауды талап ететiн аса маңызды мәселелер бойынша комиссияларды басқарады. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi басқаратын комиссиялардың құрамына мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары немесе алмастыру құқығынсыз олардың мiндеттерiн атқаратын тұлғалар кiредi.
      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi мен оның орынбасары арасындағы мiндеттердi бөлуге сәйкес олардың құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша не Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша комиссияларды басқарады. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары басқаратын комиссиялардың құрамына алмастыру құқығынсыз мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларының орынбасарларынан төмен емес мәртебесi бар лауазымды тұлғалар кiредi.
      Салааралық және ведомствоаралық мәселелер бойынша ұсыныстар әзiрлеу үшiн құрылатын комиссияларды Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң өзге де мүшелерi басқарады.
      Осындай комиссиялардың мүшелерi болып табылатын мемлекеттiк органдардың лауазымды тұлғаларының мәртебесі департамент директорынан төмен емес болуы тиiс.
       Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2005.02.10.  N 135, өзгерту енгізілді - 2006.04.06. N 251 қаулыларымен.
      3. Жұмыс топтары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне жатқызылған нақты проблемалар мен мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылады. Жұмыс топтарының қызметі, әдетте, қысқа мерзімдік сипатта (6 айдан аз) болады және тиісті проблема және/немесе мәселе бойынша бір рет шешім қабылданғаннан кейін аяқталады. Жұмыс топтарының құрамына жұмыс тобына жүктелген міндеттерді орындайтын тікелей орындаушылар енгізіледі. 
       Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.06. N 251 қаулысымен.
      4. Комиссиялар мен жұмыс топтарының шешімдері ұсыныс сипатында болады. 
      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы комиссиялар мен жұмыс топтары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен құрылады және таратылады.
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.08.2015 № 613 қаулысымен.

            2. Комиссиялар мен жұмыс топтарын құрудың тәртібі 

      6. Комиссияның құрамы және қажет болған жағдайда ол туралы ереже, сондай-ақ жұмыс тобының құрамы, оның міндеттері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен айқындалады.
      Комиссия жұмысының ұйымдастырылуы және тәртібі осы Нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады, бұл туралы Комиссия туралы ережеде көрсетіледі.
      Бұл ретте, Комиссия туралы ережеде міндеттері, комиссия отырыстарының кезеңділігі, сондай-ақ жұмыс органы көзделеді.
      Бекітілген лауазымдық құрам негізінде комиссияның дербес құрамы хаттамалық шешіммен айқындалады.
      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.02.2016 № 54 қаулысымен.
      7. Мемлекеттік органдар комиссияны немесе жұмыс тобын құруға белгілі бір мәселені шешу оның құзыретінің шегінен асып, басқа мемлекеттік органдардың қызмет аясын қамтығанда не оған осы органдардың немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің көмегі қажет болғанда бастамашылық жасайды. Мұндай жағдайда, комиссияны немесе жұмыс тобын құруға бастамашылық жасаған мемлекеттік орган барлық мүдделі мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және өзге де тұлғалардан тиісті проблема немесе мәселе бойынша олардың қызметіне қатысу ықтималдығы туралы ұсыныстарын сұратады. 
       Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.03.10. N 279 қаулысымен.
      8. Комиссияны немесе жұмыс тобын құруға бастамашылық жасаған мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Үкіметіне комиссияны (жұмыс тобын) құру қажеттілігінің анықтама-негіздемесін (алдын-ала келісу сатысы) ұсынады, онда мыналар көзделеді: 
      1) комиссияны/жұмыс тобын құру негіздемесі; 
      2) комиссияға/жұмыс тобына жүктелетін міндеттер;
      3) комиссияның жұмыс органының функциясын орындау жүктелетін министрлік не ведомство; 
      4) комиссияны/жұмыс тобын басқаратын лауазымды тұлға, сондай-ақ мемлекеттiк органдардың ұйымдардың және өзге де тұлғалардың комиссияның/жұмыс тобының құрамына кандидатуралар бойынша ұсыныстары;
      5) қажет болған жағдайда - комиссияның/жұмыс тобының қызметін қаржыландыру көздері; 
      6) комиссия/жұмыс тобы қызметінің мерзімі; 
      7) комиссияны/жұмыс тобын құру қажеттілігіне байланысты өзге де мән-жайлар.
       Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.03.05. N 279  қаулысымен, 2005.02.10. N 135; 04.02.2016 № 54 қаулыларымен.
      9. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі 10 күн мерзімнен кешіктірмей комиссияны/жұмыс тобын құруға бастамашылық жасаған мемлекеттік органның ұсынысын қарайды және мынадай шешімдердің бірін шығарады: 
      1) комиссияны/жұмыс тобын құруға бастамашылық жасаған мемлекеттік органның ұсынысымен келіседі; 
      2)  алынып тасталды
      3) комиссияны/жұмыс тобын құру туралы ұсынысты қабылдамай, бастама көтерген органға негізді жауап жібереді. 
      Ескерту. 9-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.06. N  251 қаулысымен.
      10. Осы Нұсқаулықтың 9-тармағының 1) тармақшаcында көзделген жағдайда комиссияны/жұмыс тобын құруға бастама жасаған мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне сәйкес мүдделі министрліктермен және ведомстволармен келісілген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi өкімінің жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізеді.
      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.02.2016 № 54 қаулысымен.
      11. Комиссияны не жұмыс тобын құру заңда көзделген жағдайларда не Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының немесе Премьер-Министр Кеңсесінің бастамасы бойынша жүзеге асырылса, осы Нұсқаулықтың 7 және 8-тармақтарында көзделген комиссия құру туралы Премьер-Министр өкімінің жобасын Премьер-Министрдің Кеңсесімен алдын ала келісу талап етілмейді.
      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.08.2015 № 613 қаулысымен.
      12. Комиссиялардың/жұмыс топтарының лауазымдық құрамына комиссияға/жұмыс тобына жүктелген міндеттерді шешу заңнамаға сәйкес құзыретіне кіретін министрліктердің, ведомстволар мен ұйымдардың өкілдері енгізіледі.
      Жекелеген жағдайларда комиссиялардың/жұмыс топтарының құрамына өздерімен келісім бойынша ғылыми, үкiметтік емес және басқа да ұйымдардың өкiлдерi, ғалымдар, мамандар және өзге де адамдар енгiзiлуi мүмкiн.
      Комиссиялардың/жұмыс топтарының мүшелері олардың қызметіне ауыстыру құқығынсыз қатысады.
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

    3. Комиссияның/жұмыс тобының міндеттері

      Ескерту. 3-тарау жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.02.2016 № 54 қаулысымен.

      13. Комиссияның/жұмыс тобының міндеттері Премьер-Министрдің өкімінде белгіленеді.

             4. Комиссияның/жұмыс тобының органдары 

      14. Комиссияның/жұмыс тобының органдары:
      1) жұмысшы орган (тек комиссияда жұмыс істейді);
      2) төраға/жетекші;
      3) төрағаның/жетекшінің орынбасары;
      4) хатшы;
      5) (алынып тасталды)
      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.03.05. N 279  қаулысымен , 2005.02.10.  N 135 қаулысымен.
      15. Комиссияны құруға бастама жасаған мемлекеттік орган болып табылатын оның жұмыс органы не комиссия төрағасы болып табылатын лауазымды тұлға Комиссия туралы ережеде көрсетіледі.
      Комиссияның қызметін қамтамасыз ету мақсатында жұмыс органы:
      1) комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні бұрын хаттама жобасымен қоса комиссия мүшелеріне жіберілуге тиіс;
      2) комиссия отырыстарына мемлекеттік органдардың, өзге де ұйымдардың өкілдерін және тұлғаларды (келісім бойынша) шақырады;
      3) мемлекеттік органдардың, өзге де ұйымдарың өкілдерінен және тұлғалардан (келісім бойынша) қажетті ақпарат сұратады;
      4) мемлекеттік органдардың, өзге де ұйымдардың мамандарын және тұлғаларды (келісім бойынша) тартады.
      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.02.2016 № 54 қаулысымен.
      16. Комиссияның/жұмыс тобының төрағасы/жетекшісі оның қызметіне басшылық жасайды, комиссия отырыстарына төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және комиссия/жұмыс тобы жүзеге асыратын қызмет, сондай-ақ салааралық, ведомствоаралық үйлестiру үшiн және комиссия/жұмыс тобы әзiрлейтiн шешiмдер үшiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес дербес жауап бередi. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады.
       Ескерту. 16-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.06. N  251 қаулысымен.
      16-1. Отырыстың күн тәртібін, сондай-ақ өткізілетін күнін, уақытын және орнын комиссия төрағасы айқындайды.
      Комиссия отырыстары, егер оған комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысатын болса, заңды болып саналады.
      Ескерту. 4-тарау 16-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 04.02.2016 № 54 қаулысымен.
      17. Комиссияның/жұмыс тобының отырыстары өткізілгеннен кейін комиссияның/жұмыс тобының хатшысы хаттама ресімдейді.
      Хатшы комиссияның/жұмыс тобының мүшесi болып табылмайды.
       Ескерту. 17-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.06. N  251; 09.04.2014 N 329 қаулыларымен.
      18. Жұмыс тобының жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді оны құруға бастамашылық жасаған мемлекеттік орган жүзеге асырады, ол жұмыс тобы отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды және оларды, жұмыс тобының отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні бұрын хаттама жобасымен қоса жұмыс тобының мүшелеріне жібереді.
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 04.02.2016 № 54 қаулысымен.
      19. Комиссияның/жұмыс тобының шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оған комиссия/жұмыс тобы мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру комиссияның/жұмыс тобының отырысында осы Нұсқаулыққа қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға/жетекшi дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      Комиссия/жұмыс тобы мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, олай болған жағдайда, ол жазбаша түрде баяндалуы және осы Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген комиссияның/жұмыс тобының есеп-хатына қоса тіркелуі тиіс.
      Комиссияның/жұмыс тобының отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.
      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, комиссияның/жұмыс тобының хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын комиссияның/жұмыс тобының мүшелеріне келісу үшін жібереді.
      Комиссиялардың/жұмыс топтарының мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап береді.
      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.
      19-1. Комиссиялардың/жұмыс топтарының дауыс беру парақтары қоса берілген материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды:
      1) комиссияны/жұмыс тобын мемлекеттік органның лауазымды адамы басқарған жағдайда – комиссияның/жұмыс тобының жұмыс органы;
      2) комиссияны/жұмыс тобын Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі не оның орынбасарлары басқарған жағдайда – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі жүзеге асырады.
      Ескерту. Нұсқаулық 19-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329; жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.09.2016 № 551 қаулылармен.

         5. Комиссиялар мен жұмыс топтарының қызметін тоқтату 

      20. Комиссия/жұмыс тобы қызметін тоқтатуға: 
      1) комиссия/жұмыс тобы қызметі мерзімінің аяқталуы; 
      2) комиссияға/жұмыс тобына жүктелген міндеттердің орындалуы; 
      3) бұрын комиссияға/жұмыс тобына жүктелген міндеттерді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың немесе өзге комиссияның/жұмыс тобының құрылуы; 
      4) комиссия/жұмыс тобы міндетінің орындалуына мүмкіндік бермейтін не орның орындалуын қажет етпейтін өзге мән-жайлар негіз болады.
       Ескерту. 20-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.06. N  251 қаулысымен.
      21. Комиссияның/жұмыс тобының қызметiн тоқтату үшiн осы Нұсқаулықтың 20-тармағында көрсетiлген жағдайлар туындаған немесе комиссияның/жұмыс тобының құрамына немесе функцияларына өзгерiстер енгiзу қажет болған кезде комиссияның жұмыс органы болып табылатын не лауазымды адамы жұмыс тобының жетекшiсi болып табылатын мемлекеттiк орган белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi өкiмiнiң тиiстi жобасын Қазақстан Республикасының Үкiметiне уақтылы енгiзедi.
      Егер Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, оның орынбасары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесiнiң Басшысы немесе оның орынбасары жұмыс тобының жетекшiсi болып табылған жағдайда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң тиiстi өкiмiн жұмыс тобы жетекшiсiнiң тапсырмасы бойынша осындай тапсырмада көрсетiлген мемлекеттiк орган енгiзедi.
       Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2006.04.06. N  251 қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.08.2015 № 613 қаулысымен.
      22.  алынып тасталды
      23. Комиссияның/жұмыс тобының қызметін тоқтатуға әкеп соғатын жағдай туындаған кезде Премьер-Министрдің Кеңсесіне оған сәйкес комиссия/жұмыс тобы құрылған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi өкiмiнiң күшi жойылды деп тану туралы шешiмнiң жобасымен бiр мезгiлде оның атқарған жұмысы туралы есеп-хат жіберіледі.
      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.08.2015 № 613 қаулысымен.
      24. Есеп-хат:
      1) комиссия/жұмыс тобы әзірлеген қорытынды құжаттан;
      2) комиссия/жұмыс тобы өз қызметін тоқтатуды қажет деп есептеуінің негіздерін қамтиды.
       Ескерту. 24-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.06. N  251 қаулысымен.
      25.  алынып тасталды

                   5-1. Жедел жұмыс топтары

      Ескерту. 5-1 бөліммен және 25-1, 25-2, 25-3, 25-4-тармақтармен
толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2000.05.10. N 696   қаулысымен .   

      25-1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары мен Премьер-Министрдiң Кеңсесi Басшысының құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша, сондай-ақ нақты проблемалар бойынша және түрлi министрлiктер мен ведомстволардың өкiлдерiн тарта отырып кiдiрiссiз және жедел шешудi қажет ететiн мәселелер бойынша ұсыныстарды әзiрлеу мақсатында жедел жұмыс топтары құрылуы мүмкiн. 
      Жедел жұмыс топтары өздерiнiң мәртебесi бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң консультативтiк-кеңесшi органы болып табылмайды, олардың арасындағы мiндеттердiң бөлiнуiне сәйкес Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары мен Премьер-Министр Кеңсесiнiң Басшысы қызметiнiң тиiстi бағыттары бойынша тиiстi ұсынымдар (ұсыныстар) әзiрлеуге арналған.
       Ескерту. 25-1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.06. N  251 қаулысымен.
      25-2. Жедел жұмыс топтарының қызметi, әдетте, қысқа мерзiмдi (3 айдан аз) сипатта болады және тиiстi проблема және/немесе мәселе бойынша бiрмәрте ұсынымдық шешiм қабылдаумен аяқталады. 
      Жедел жұмыс топтарының құрамына әдетте, жедел жұмыс тобына жүктелген мiндеттердi тiкелей атқарушылар, сондай-ақ олардың келiсiмi жағдайында мемлекеттiк және өзге де ұйымдардың мамандары кiредi. 
      25-3. Жедел жұмыс топтары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасарының және/немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесi Басшысының шешiмi бойынша құрылады. 
      Жедел жұмыс тобының құрамын, оның мақсаттары мен мiндеттерiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасары және/немесе Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесiнiң Басшысы бекiтедi. 
       Ескерту. 25-3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.06. N  251 қаулысымен.
      25-4. Жедел жұмыс тобының қызметi осы Нұсқаулықтың 20-тармағында көзделген негiздемелер бойынша тоқтатылады.
      Жедел жұмыс тобының қызметiн тоқтатуына әкеп соқтыратын жағдайлар пайда болған кезде, жедел жұмыс тобының жетекшiсi iстелген жұмыстар туралы есеп-хат ұсынады.
      Премьер-Министрдiң орынбасары және/немесе Премьер-Министр Кеңсесiнiң Басшысы жедел жұмыс тобының қорытындыларына келiсiм бiлдiрген жағдайда, оның қызметi тоқтатылған болып есептеледi.
       Ескерту. 25-4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.04.06. N  251 қаулысымен.

                          6. Ерекше жағдайлар     

     26. Осы Нұсқаулық төтенше жағдайлар туындаған кезде комиссия/жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдауға қолданылмайды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 
жанындағы консультациялық-кеңесші
органдар мен жұмыс топтарын құру 
тәртібі, қызметі мен таратылуы  
туралы нұсқаулыққа қосымша    

Комиссиялар/жұмыс топтары мүшелерінің
ДАУЫС БЕРУ ПАРАҒЫ

      Ескерту. Нұсқаулық қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 09.04.2014 N 329 қаулысымен.

___________________________________________
Т.А.Ә., лауазымы

№ мәжіліс күні:

Мәселе №

Мәселенің мазмұны

Шешім жобасы

Комиссия/жұмыс тобы мүшесінің шешімі

қолдаймын

қолдамаймын

пысықталсын

күн тәртібінен алып тасталсын

ескертпе

1.








____________________
қолы

Ескертпе: тікелей комиссияның/жұмыс тобының отырысында толтырылады және дауыс беру нәтижелерін есепке алу үшін жұмыс органының қызметкерлеріне беріледі.