"Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысына өзгерістер ен

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 7 тамыздағы № 613 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 9, 70-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулықта:
      5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы комиссиялар мен жұмыс топтары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен құрылады және таратылады.
      6. Комиссияның құрамы және қажет болған жағдайда ол туралы ереже, сондай-ақ жұмыс тобының құрамы, оның функциялары мен міндеттері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен айқындалады.
      Бекітілген лауазымдық құрам негізінде комиссияның дербес құрамы хаттамалық шешіммен айқындалады.»;
      10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
      «10. Осы Нұсқаулықтың 9-тармағының 1) тармақшаcында көзделген жағдайда комиссияны/жұмыс тобын құруға бастамашылық жасаған мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне сәйкес мүдделі министрліктермен және ведомстволармен келісілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң тиiстi актісінің жобасын әзірлеп, Үкіметке енгізеді.
      11. Комиссияны не жұмыс тобын құру заңда көзделген жағдайларда не Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының немесе Премьер-Министр Кеңсесінің бастамасы бойынша жүзеге асырылса, осы Нұсқаулықтың 7 және 8-тармақтарында көзделген комиссия құру туралы Премьер-Министр өкімінің жобасын Премьер-Министрдің Кеңсесімен алдын ала келісу талап етілмейді.»;
      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «13. Комиссияның/жұмыс тобының міндеттері мен функциялары Премьер-Министрдің тиісті өкімінде белгіленеді.»;
      15-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «15. Комиссияны құруға бастамашылық жасаған мемлекеттiк орган болып табылатын оның жұмыс органы не комиссия төрағасы болып табылатын лауазымды тұлға оны құру туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімінде көрсетіледi.»;
      21-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «21. Комиссияның/жұмыс тобының қызметiн тоқтату үшiн осы Нұсқаулықтың 20-тармағында көрсетiлген жағдайлар туындаған немесе комиссияның/жұмыс тобының құрамына немесе функцияларына өзгерiстер енгiзу қажет болған кезде комиссияның жұмыс органы болып табылатын не лауазымды адамы жұмыс тобының жетекшiсi болып табылатын мемлекеттiк орган белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi өкiмiнiң тиiстi жобасын Қазақстан Республикасының Үкiметiне уақтылы енгiзедi.»;
      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «23. Комиссияның/жұмыс тобының қызметін тоқтатуға әкеп соғатын жағдай туындаған кезде Премьер-Министрдің Кеңсесіне оған сәйкес комиссия/жұмыс тобы құрылған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi өкiмiнiң күшi жойылды деп тану туралы шешiмнiң жобасымен бiр мезгiлде оның атқарған жұмысы туралы есеп-хат жіберіледі.».
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К.Мәсімов