Республика соттарының денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілде N 9 Нормативтік қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Шарттық және өзге де міндеттемелерді орындау кезінде өмірге және денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы заңнаманы біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      Ескерту. Атауы мен кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 12 нормативтік қаулысымен.

      1. Шарттық және басқа да міндеттемелерді орындаған кезде азаматтардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеумен байланысты даулар, егер зиян келтірген тұлғаның жоғары жауапкершілігі заңнамалық актілермен немесе шартпен көзделмесе, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 47-тарауында көзделген нормаларға сәйкес, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібінде шешіледі.

      Шарттық міндеттемелер деп шарттан туындайтын міндеттемелерді түсінген жөн. Мұндай шарттарға еңбек шартын (келісім-шарт), тапсырма шартын және т.б. жатқызуға болады.

      Өзге де мән-жайлар деп жәбірленушімен шарттық қатынаста болмаған адамның келтірген зиянды өндіру жөніндегі міндеттемелерін, мысалы, айналасындағылар үшін аса қауіпті жағдай (жоғары қауіп көзін) туындатқан адамның қызметін және басқаны түсінген жөн.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы сотының 2011.12.30 N 5 нормативтік қаулысымен.

      2. Шарттық және өзге де міндеттемелерді орындауы кезінде жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талап арыз нысаны мен мазмұны жағынан Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 148, 149-баптарына сәйкес болуға тиіс.

      Қойылған талаптардың сипатына қарай талап арызға жәбірленушіге зиян келтірілгені туралы растайтын дәлелдемелер, атап айтқанда, ұйым әкімшілігінің еңбек жарақатын алған қызметкерге келтірілген зиянды өтеу туралы шешімі (бұйрығы, өкімі); жазатайым жағдай немесе қызметкердің еңбек қызметіне байланысты денсаулығына келтірілген өзге де зақым туралы акт; жазатайым жағдайды арнайы тексеру туралы акт; дәрігерлік-әлеуметтік сараптама комиссиясының (ДӘСК) еңбек міндеттерін атқаруына байланысты жарақат алған немесе денсаулығына өзгедей зиян келтірілген қызметкердің кәсіптік еңбек қабілетін жоғалту дәрежесін (пайызбен алғанда) анықтау туралы қорытындысы; сот-медициналық сараптама комиссиясының денсаулыққа басқадай зақым келген жағдайда берген қорытындысы; жәбірленушінің басқа адамның күтімін және басқа қосымша шығындардың түрлерін қажетсінетіні туралы қорытынды; АК-нің 938-бабына сәйкес есептелетін орташа айлық есептік көрсеткіштің (табыстың) мөлшері туралы мәліметтер, сондай-ақ басқа да қажетті құжаттар қоса тіркелуге тиіс.

      Арыздың дұрыс қаралуы үшін тараптардың қажетті дәлелдемелерді ұсынуы мүмкін болмаған жағдайда, судья дәлелді өтініш бойынша, АПК-нің 15-бабының үшінші бөлігінде сәйкес, қажетті материалдарды ұйымнан немесе мүдделі адамдардан осындай дәлелдемелерді сұратып алуға ықпал етуге міндетті.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы сотының 2011.12.30 N 5; өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.
      2-1. Алынып тасталды - ҚР Жоғарғы сотының 2011.12.30 N 5нормативтік қаулысымен.
      Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы сотының 18.06.2004 N 15 нормативтік қаулысымен.

      3. Өндірістегі жазатайым жағдай немесе қызметкердің денсаулығына өзге де зақым келтірілгені туралы белгіленген нысандағы актіге еңбек қорғау қызметінің және ұйым құрылымының жетекшілері қол қояды, оны жұмыс беруші бекітіп, ұйымның мөрімен куәландырады. Кәсіптік ауруға шалдыққан (уланған) жағдайда тиісті актіге халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның өкілі де қол қояды.

      Егер жұмыс беруші заңды тұлғаны құрмаған адам болса, онда белгіленген нысандағы актіні жұмыс беруші толтырып, қолын қояды және нотариат арқылы куәландырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы сотының 2011.12.30 N 5; өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      4. Толық не iшiнара кәсiби еңбек қабiлеттiлiгін, ал олай болмаған жағдайда – жалпы еңбек қабiлеттiлiгiн жоғалтқан зардап шегушiлер денсаулыққа келген зиянды өтеттiруге құқылы. Егер кәмелеттік жасқа жетпеген, он төрт жасқа толмаған (жасөспірім) және еңбекақы алмайтын адам мертiксе немесе оның денсаулығына өзге де зақым келсе, денсаулығының зақымдануына байланысты шығындар өтелуге жатады.

      Жәбірленуші (асыраушы) қайтыс болған жағдайда оның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейiн одан жәрдем алып тұруға құқығы болған еңбекке жарамсыз адамдар, сондай-ақ адам қайтыс болғаннан кейiн дүниеге келген оның баласы, сондай-ақ АК-нің 940-бабының 1-тармағында көрсетілген басқа да адамдар зиянды өтету құқығына ие болады.

      Келiсiмшарт бойынша, еңбек (қызмет) мiндеттерiн, әскери қызмет міндеттерiн орындаумен байланысты жұмысшының денсаулығына келген зиянды ұйым немесе жұмыс берушi жеке тұлға, егер олардың кiнәсi анықталған жағдайда ғана өтейдi.

      Егер жұмысшының денсаулығына келiсiмшарт бойынша, еңбек (қызмет) мiндеттерiн, әскери қызмет мiндеттерiн орындаумен байланысты зиян жоғары қауіп көзі арқылы келтiрiлсе, мұндай зиян келтiргенi үшiн жоғары қауіп көзінің иесi жауапты болады.

      Алайда, егер ұйым немесе жұмыс берушi-жеке тұлға берген көлiкпен жұмыс орнына бара жатқанда немесе одан қайтар жолда жұмысшының өмiрiне және денсаулығына зиян келсе, онда жұмыс беруші-жеке тұлға зардап шегушiнiң алдында жауапты болады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы сотының 2011.12.30 N 5 нормативтік қаулысымен.

      5. Қызметi басқа адамдарға қауiп-қатермен байланысты жеке және заңды тұлғалар, егер зиянның келтiрілуi бой бермейтiн күштiң салдарынан немесе зардап шегушiнiң қасақаналығынан болғаны дәлелденбесе, қатерлi орын туғызу арқылы келтiрілген зиянды өтеуге мiндеттi. Қатерлi орын туғызу иесi келтiрiлген зиян үшiн қазiргi заң негiзiнде белгiленетiн мөлшерде жауап бередi.

      Жүзеге асырылуы адамның оны толық бақылауға алуына келмейтiндiктен зиян келтiретiн қатерлi орын туғызатын кез келген әрекеттер, сондай-ақ осындай сипаттағы өндiрiстiк, шаруашылық және басқа да бағыттағы заттар мен өзге объектілердi пайдалану, тасымалдау, сақтау жөнiндегi қызмет қатерлi орын туғызушы болып танылады. Соттар заңды тұлғалар мен азаматтардың үй (оның iшiнде қызмет және күзетшi иттерiнiң) және жабайы жануарларының зиянды және бақылауға келмейтiн қимылдарын кейбiр жағдайларда қатерлi орын туғызушыға жатқызуға болатындығын ескеруi тиiс.

      6. Қатерлi орын туғызушылардың қимылынан келтiрiлген зиян үшiн оларды арнайы мақсатпен пайдалану кезiнде және зиянды сипаттарының өзiнен-өзi пайда болуы кезiнде де жауапкершiлiк туындайды (мысалы, автокөлiктiң өзiнен-өзi жүрiп кетуi салдарынан келтiрiлген зиян).

      7. Қатерлi орын туғызушыны пайдалануды меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы, оперативтiк басқару құқығы ретiнде немесе басқа да негiздер бойынша (жалға алу келiсiм бойынша, көлiк құралын жүргiзу туралы сенiм хат бойынша, құзыреттi органның қатерлi орын туғызушыны тапсыру туралы өкiмi бойынша) иелену негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлғаны немесе азаматты қатерлi орын туғызу иесi деп тану керек.

      Қатерлi орын туғызушыны оның иесiмен еңбек шарты бойынша басқарып отырған адам (жүргiзушi, машинист, оператор және т.б.) қатерлi орын туғызушының иесi болып танылмайды және зардап шеккен адамның алдында жауапты болмайды. Егер автокөлiк кәсiпорындары және басқа да кәсiпорындар автомашиналарын өзiнiң жұмысшыларына, яғни кәсiпорынмен еңбек қатынастарында болып, кәсiпорын мүддесiнде еңбек еткен адамдарға жалға беру шарты бойынша тапсырса және көлiк құралы нақты айтқанда кәсiпорынның иелiгiнен шықпаса, онда келтiрiлген зиян үшiн қатерлi орын туғызу иесi ретiнде кәсiпорын жауапты болады.

      8. Қатерлі орын туғызушылардың өзара әрекеттестiгi нәтижесiнде олардың иелерiнiң денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда, соттар келтiрiлген зиян үшін жауапкершілiктiң жалпы негiздер бойынша туындайтынын ескеруi керек. Бұл орайда:

      бiр иегердiң кiнәсi бойынша екiншi иегерге келтiрiлген зиянды кiнәлi жақ өтейтiнiн;

      иегердiң өз кiнәсiнен өзiне келтiрiлген зиянның өтелмейтiнiн;

      екi иегер кiнәлi болған жағдайда зиянды өтеу мөлшерi әрқайсысының кiнәсiнiң дәрежесiне сәйкес анықталатынын;

      қатерлi орын туғызушы иелерiнiң бiр-бiрiне зиян келтiргендiгiнiң кiнәсi болмаған жағдайда (оның мөлшерiне қарамастан) олардың ешқайсысы өтеу құқына ие болмайтынын ескеру керек. Жоғары қауіп көздерінің бір-бірімен соқтығысуының салдарынан үшінші адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайда жоғары қауіп көздерінің иелері бірлесе жауапкершілік көтереді.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 18.06.2004 N 12; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      9. Егер иегер өзiнiң кiнәсiнен емес, басқа адамдардың заңсыз әрекеттерi салдарынан қатерлi орын туғызушының оның иеленуiнен шығып кеткенiн дәлелдесе, онда ол зиян үшiн жауапкершiлiкке тартылмайды. Мұндай реттерде қатерлi орын туғызушының нақты иегерi болған адамдардың жауапкершілігi жалпы негiздер бойынша белгіленедi.

      Егер зиян басқа адамдардың заңсыз әрекеттерi салдарынан иегердiң иелiгiнен шығып кеткен жағдайда ғана емес, иегердiң де кiнәсынан болған жағдайда (мысалы, иегердiң қатерлi орын туғызушының тиiстi түрде сақталуын қамтамасыз етпеуi), жауапкершілiк қатерлi орын туғызушыны тiкелей пайдаланып отырған адамға да, оның иесiне де жүктеледi. Мұндайда жауапкершілiк үлес бойынша жүктеледi.

      10. Жәбірленуші жарақат алған немесе оның денсаулығына өзгедей зақым келтірілген жағдайда оның алатын немесе алуы мүмкін жоғалтқан еңбекақысы (табысы), сондай-ақ денсаулыққа зақым келтірілуіне байланысты жұмсалатын шығындар (емделу, дәрі-дәрмек сатып алу, қосымша тамақтану, протез салғызу, санаторлық-курорттық ем алу және т.б. үшін), егер дәрігерлік-әлеуметтік сараптама комиссиясы жәбірленуші көмек пен күтімнің осы түрлерін қажетсінеді және оларды тегін алмайды деп тапса, өтелуге жатады. <*>

      Бұл орайда, соттар жоғалтқан жалақысын (табысын) белгiлеген кезде зардап шегушiнiң мертiгуi немесе денсаулығына өзге де зақым келуiне байланысты денсаулығына зиян келтiрiлгенге дейiн және одан кейiн тағайындалған мүгедектiк ақы, сондай-ақ зейнетақы төлемдерi өтеу есебiне кiрмейтiнiн ескеруi тиiс. Сондай-ақ зардап шегушiнiң денсаулығына зиян келтiрiлгеннен кейiн алған жалақысы есептелмейдi.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 12 нормативтік қаулысымен.
      11. Алынып тасталды - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 12 нормативтік қаулысымен.

      12. Соттар өтелуге тиiс жерлеу шығындарына жерлеуге тiкелей қатысы бар қажеттi шығындар (табыт жасауға, өлген адам үшiн киiм, венок сатып алуға, зират қазуға, марқұмды жерлеу орнына жеткiзу және т.б. арналған шығындар) ғана жататынын ескеруi қажет. Ескерткiш пен қоршау орнатуға арналған шығындар да өтелуге тиiс, бұл орайда оларды әзiрлеудiң нақты сомасы алынады, бiрақ ол сол жерде орнатылған стандартты ескерткiштер мен қоршаулардың шектi бағасынан аспауға тиiс.

      Ас беруге байланысты шығындарды өтеу кезінде спирт ішімдіктерін сатып алу үшін жұмсалған шығындар өтелуге жатпайды.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 12 нормативтік қаулысымен.

      13. Егер мертiгуi немесе денсаулығының өзге де зақымдануы еңбек қабілетiн ішiнара жоғалтуына әкелiп соқтырса және ол мүгедектiк тобын анықтауға жеткiлiксiз болса, зиян орта айлық еңбек ақысының кәсiби еңбек қабiлеттiлiгiн жоғалту деңгейiне сай процентiнде өтелуi тиiс.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2011.12.30 N 5 нормативтік қаулысымен.

      14. Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан сотталған адамдарға түзеу мекемесінің әкiмшiлiгi тапсырмасы бойынша жұмыс iстеген кезде келтiрiлген зиянды өтеу жалпы негiздер бойынша жүзеге асырылады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2011.12.30 N 5 нормативтік қаулысымен.

      15. Талап арызды қанағаттандырарда сот өз шешiмiнде ұйымның, жұмыс берушi жеке тұлғаның зардап шегушiнiң денсаулығына зиян келтiруде немесе асыраушының қайтыс болуына нақты кiнәсi қандай екенiн көрсетуi тиiс.

      Талап арызды қанағаттандырмаған кезде ұйымның, жұмыс берушi жеке тұлғаның денсаулыққа зиян кетiруде кiнәсi жоқ екенiн негiздеу қажет.

      16. Зиянды өтеу үшiн берiлетiн ақшалай сомалар зардап шегушiге денсаулығына зақым келу нәтижесiнде жалақысын (табысын) жоғалтқан кезден бастап, ал қайтыс болған адамның асырауындағы адамдарға - ол қайтыс болған күннен бастап, бiрақ сараптама комиссиясының қорытындысында көрсетiлген мерзiмде немесе өмiрлiк олардың зиянды өтеу үшiн берiлген ақшалай сомаларды алу құқына ие болған күннен кейiн берiлуi тиiс. Бұл орайда, соттар АК-нің 187-бабының 3) тармақшасына сәйкес осындай реттегi өтеуге құқы туындаған кезден үш жыл өткеннен кейiн қойылған талап - талап арыз берiлген жылдың алдындағы үш жылдың көлемiнде қанағаттандырылатынын ескеруi керек. Сот шешiмiнде берiлген сомалардың дәлме-дәл есебi, оларды төлеу мерзiмдерi көрсетiлуi тиiс.

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 18.06.2004 N 12; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      17. Зиянды өтеу жөнiнде тағайындалған ақшалай сомаларының мөлшерi мына жағдайларда қайта қаралады: қайтыс болған адам отбасының мүшелерi құрамының өзгеруi және зардап шегушiнiң жоғалтқан кәсiби еңбек қабiлеттiлiгi деңгейiнiң өзгеруі, сондай-ақ өмір сүру құнының өсуі. Денсаулығына зақым келген кәмелетке толмаған жәбірленуші еңбек қызметі басталған жағдайда зақым көлемінің дендегені туралы арызбен жүгінуге құқылы.

      АК-нің 283-бабының азаматты тiкелей асырап-бағуға ақшалай мiндеттеме бойынша төленетiн сома (өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өмiр бойы асырап-бағу шарты бойынша өтеу және басқалары) инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылатыны туралы талаптарының негізінде залалды өтеу мөлшерін азайту жағына қарай қайта қарауға жол берілмейді.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 18.06.2004 N 12, 2011.12.30 N 5; 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      18. Егер жұмыс орнында мертiгу ұйымның және жұмыс берушi жеке тұлғаның кiнәсiнен емес, жұмысшының өрескел абайсыздығынан болғаны туралы мәлiметтер болған жағдайда, сот сол қайғылы оқиғаны Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 189, 190-баптарымен анықталатын тәртiп бойынша қараған комиссияның шешiмiн сұратуға мiндеттi.

      Комиссияның жәбірленуші кінәсінің дәрежесі туралы шешімі дәлелдемелердің бірі болып табылады, ол істің барлық материалдарымен бірге АПК-нің 68-бабына сәйкес бағалауға жатады.

      Сот жәбірленушінің iс-қимылында өрескел абайсыздықты анықтап, өтелетiн зиян мөлшерiн оның кiнәсiнің дәрежесіне қарай азайтуға тиiс. Бұл орайда, қосымша шығындарды өтеу (АК-нің 937-бабы), азаматтың қайтыс болуы салдарынан залал шеккен адамдарға зиянды өтеу кезінде (АК-нің 940-бабы), сондай-ақ жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу кезінде жәбірленушінің кінәсі ескерілмейтiнiн соттар назарда ұстағандары жөн.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы сотының 2011.12.30 N 5; өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      19. Қатерлi орын туғызушы арқылы денсаулыққа келтiрiлген зиянды өтеу туралы талап арыздарды қараған кезде сондай зиянды өтеумен бiрге, оны кiмнiң келтiргенiне қарамастан, моральдық залалдың орны толтырылуға жататыны соттарға түсіндiрiлсiн.

      20. Кәмелетке жетпеген, жасы 14-ке толмаған зардап шегушiлердiң денсаулығына келтiрiлген зиянды, кiнәлi болған жағдайда олардың ата-анасы, асыраушылары, қамқоршылары өтейдi. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға тиiстi тәрбие бермеген немесе оларға қарамаған жағдайда, оның заңсыз әрекеттерiне мән бермеген жағдайда осындай мiндет жүктелуi мүмкiн.

      Егер жас, қамқоршылық қажет ететiн бала тиiстi тәрбиелеу, емдеу мекемесiнде, халықты әлеуметтiк қорғау немесе сол сияқты өзге де заң бойынша оның қорғаушысы болып табылатын мекемеде тұрған жағдайда, онда осы мекеме, егер зиян оның кiнәсiнен туындамағанын дәлелдей алмаса, баланың келтiрген зиянын өтеуге мiндеттi.

      Жас бала кәмелетке толғаннан кейiн де немесе зиянды өтеу үшiн жеткiлiктi мүлiктi алғаннан кейiн де ата-ананың, асыраушылардың, қамқоршылардың, оқу орындарының, тәрбиелеу, емдеу және басқа да мекемелердiң зиянды өтеу мiндетi жойылмайды.

      21. Жасы 14-тен 18-ге дейiн аралықтағы кәмелетке толмаған баланың келтiрген зиянын өтеу туралы iстердi қараған кезде, соттар АК-нiң 22-бабының 4-тармағына сәйкес олар өздерiнiң әрекеттерiнiң салдарынан келтiрiлген зиян үшiн Азаматтық Кодекстiң ережелерi бойынша жауапты болатынын ескеруi керек. Жасы 14-тен 18-ге дейін аралықтағы кәмелетке толмаған баланың зиянды өтеу үшiн жеткілiктi мүлкi немесе басқа табыстар көзi болмаған жағдайда, зиянды толық немесе оның жетiспейтiн бөлiгiн өтеу мiндетi, егер зиянның пайда болуына олардың кiнәлi әрекеттерi себеп болған жағдайда, ата-анасына, асыраушыларына немесе қамқоршыларына жүктеледi. Зиян келтiрген адам кәмелетке толғаннан кейiн немесе онда зиянды өтеу үшiн жеткiлiктi мүлiк немесе басқа да табыс көзi пайда болғаннан кейiн ата-ананың, асыраушыларының, қамқоршыларының бұл мiндетi тоқтатылады.

      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 18.06.2004 N 12 нормативтік қаулысымен.

      21-1. Ерiктi немесе мiндеттi түрде сақтандыру тәртібімен өзінің жауаптылығын сақтандырған заңды тұлға немесе азамат, келтiрiлген зиянды толық өтеу үшiн сақтандыру сомасы жеткіліксіз болған жағдайда сақтандыру сомасы мен залалдың нақты мөлшерiнiң арасындағы айырманы өтейдi (АК-нің 924-бабы).

      Ескерту. 21-1 тармақпен толықтырылды- ҚР Жоғарғы сотының 2011.12.30 N 5 нормативтік қаулысымен.
      22. Алынып тасталды - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 12 нормативтік қаулысымен.
      23. Алынып тасталды - ҚР Жоғарғы сотының 2011.12.30 N 5нормативтік қаулысымен.

      24. Осы қаулыны қабылдауға байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1988 жылғы 16 желтоқсандағы "Республика соттарының денсаулыққа тиген зиянды өтеу жөніндегі заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы" N 9 қаулысының күші жойылды, КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1986 жылғы 5 қыркүйектегі "Денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы" N 13 қаулысы Қазақстан Республикасында қолданылмайды деп танылсын.

      25. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданылатын құқықтың құрамына кіреді, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ескерту. 25-тармақпен толықтырылды – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының Төрағасы
      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      Пленум хатшысы