Соттардың денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу жөніндегі Республика заңдарын қолданудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 1999 жылғы 9 шілде N 9

Жаңартылған

      Шарттық және өзге де міндеттемелерді орындау кезінде өмірге және денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы заңнаманы біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
       Ескерту. Атауы мен кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен .  
      1. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 17 наурыздағы N 201  қаулысымен  бекiтiлген, Үкiметтiң 1997 жылғы 31 желтоқсандағы N 1878  қаулысымен  енгiзілген өзгерiстер мен толықтыруларымен Жұмысшылар мен қызметшiлерге еңбек мiндетiн атқаруына байланысты мертiгiп қалған жағдайда немесе денсаулығына басқаша зақым келгенде олардың шеккен зиянын меншiктiң барлық нысанындағы ұйымдардың өтеуi жөнiндегi ережесiнiң 15-бабының мағынасы бойынша жұмысшыға келтiрiлген зиянды өтеу туралы талап арыз оның өзiнiң талабы бойынша немесе қайтыс болған жұмысшының отбасы мүшесiнiң талабы бойынша ұйым әкімшiлiгiнiң шешiмi шығып, оған зардап шегушi немесе қайтыс болған адамның отбасы мүшесi келiспеген жағдайда немесе әкiмшілiк сол талаптарды бекiтiлген он күндiк мерзiм ішiнде қарамаған жағдайда сот өндiрiсiне қабылданады. 
      Әкiмшілiк зардап шегушiнiң арызы бойынша уақытылы шешiм қабылдамаған жағдайда, соңғысы тiкелей сотқа шағымдануға құқылы. 
      3ардап шегушінiң әкiмшілiктiң зиянды өтеу туралы шешiмiне келтiрген шағымын қараған кезде, сот талап арызды даулы ақша сомасына қатысты ғана емес толық көлемде қарауға міндетті. 
      Сот зардап шегушi медициналық куәландырудан өткеннен кейiн жаңа мерзiмге сомалар тағайындау туралы талап арыздарын өз өндiрiсiне алғашқы түскен арыздар тәртiбiнде қабылдайды. 
      2. Шарттық және өзге де міндеттемелерді орындауы кезінде жәбірленушінің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талап арыз нысаны мен мазмұны жағынан Азаматтық іс жүргізу кодексінің 150, 151-баптарына сәйкес болуға тиіс.
      Қойылған талаптардың сипатына қарай талап арызға мынадай дәлелдемелер: ұйым әкімшілігінің еңбек жарақатын алған қызметкерге келтірілген зиянды өтеу туралы шешімі (бұйрығы, өкімі); жазатайым жағдай немесе қызметкердің еңбек қызметіне байланысты денсаулығына келтірілген өзге де зақым туралы акт (Н-1 нысанындағы акт)"; жазатайым жағдайды арнайы тексеру туралы акт; Мемлекеттік еңбек инспекторының жазатайым жағдайдың себептері туралы қорытындысы; дәрігерлік-әлеуметтік сараптама комиссиясының (ДӘСК) еңбек міндеттерін атқаруына байланысты жарақат алған немесе денсаулығына өзгедей зиян келтірілген қызметкердің кәсіптік еңбек қабілетін жоғалту дәрежесін (пайызбен алғанда) анықтау туралы қорытындысы; сот-медицина сараптама комиссиясының денсаулыққа басқадай зақым келген жағдайда берген қорытындысы; жәбірленушінің басқа адамның күтімін және басқа қосымша шығындардың түрлерін қажетсінетіні туралы қорытынды; Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 938-бабына сәйкес есептелетін орташа айлық есептік көрсеткіштің (табыстың) мөлшері туралы мәліметтер, сондай-ақ басқа да қажетті құжаттар қоса тіркелуге тиіс.
      Арыздың дұрыс қаралуы үшін қажетті дәлелдемелерді ұсыну мүмкін болмаған жағдайда судья тараптардың өтініші бойынша ұйымнан немесе мүдделі адамдардан осы дәлелдемелерді сұратып алуға міндетті. <*>
       Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен .
      2-1. Соттар өндірістегі жазатайым жағдай немесе қызметкердің денсаулығына өзге де зақым келтірілгені туралы Н-1 нысанындағы актіні еңбек қорғау қызметінің және ұйым құрылымының жетекшілері толтыратынын және қол қоятынын, оны жұмыс беруші бекітіп, ұйымның мөрімен куәландыратынын назарда ұстағандары жөн. Кәсіптік ауруға шалдыққан (уланған) жағдайда Н-1 нысанындағы актіге сондай-ақ Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органының немесе Кәсіптік патология орталығының өкілдері қол қояды.
      Егер жұмыс беруші заңды тұлғаны құрмаған адам болса, онда Н-1 нысанындағы актіні жұмыс беруші толтырып, қолын қояды және нотариат арқылы куаландырады. <*>
       Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен .
      3. Толық не iшiнара кәсiби еңбек қабiлеттiлiгін, ал ондайы болмаған жағдайда - жалпы еңбек қабiлеттiлiгiн жоғалтқан зардап шегушiлер денсаулыққа келген зиянды өтеттiруге құқылы. Егер мертiгу немесе өзге де денсаулықтың зақымдануы кәмелетке жетпеген, жасы 14-ке толмаған және еңбек ақы алмайтын адамға келтiрiлсе, денсаулығының зақымдануына байланысты шығындар өтелуге жатады. 
      3ардап шегушi (асыраушы) қайтыс болған жағдайда оның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейiн одан жәрдем алып тұруға құқы болған еңбекке жарамсыз адамдар, сондай-ақ адам қайтыс болғаннан кейiн дүниеге келген оның баласы зиянды өтеу құқына ие болады. 
      4. Келiсiм-шарт бойынша, еңбек (қызмет) мiндеттерiн, әскери-қызмет міндеттерiн орындаумен байланысты жұмысшы денсаулығына келген зиянды ұйым немесе жұмыс берушi жеке тұлға, егер олардың кiнәсi танылған жағдайда ғана өтейдi. <*> 
      Егер жұмысшы денсаулығына келiсiм-шарт бойынша, еңбек (қызмет) мiндеттерiн, әскери-қызмет мiндеттерiн орындаумен байланысты зиян қатерлi орын туғызу арқылы келтiрiлсе, бұндай зиян келтiргенi үшiн қатерлi орын туғызушы иесi жауапты болады. 
      Бiрақ, егер жұмысшының өмiрiне және денсаулығына келген зиян ұйымның немесе жұмыс берушi-жеке тұлға берген көлiгi арқылы жұмыс орнына бара жатқанда немесе одан қайтар жолда туындаса, онда олар зардап шегушiнiң алдында жауапты болады.
       Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен
      5. Қызметi басқа адамдарға қауiп-қатермен байланысты жеке және заңды тұлғалар, егер зиянның келтiрілуi бой бермейтiн күштiң салдарынан немесе зардап шегушiнiң қасақаналығынан болғаны дәлелденбесе, қатерлi орын туғызу арқылы келтiрілген зиянды өтеуге мiндеттi. Қатерлi орын туғызу иесi келтiрiлген зиян үшiн қазiргi заң негiзiнде белгiленетiн мөлшерде жауап бередi. 
      Жүзеге асырылуы адамның оны толық бақылауға алуына келмейтiндiктен зиян келтiретiн қатерлi орын туғызатын кез келген әрекеттер, сондай-ақ осындай сипаттағы өндiрiстiк, шаруашылық және басқа да бағыттағы заттар мен өзге объектілердi пайдалану, тасымалдау, сақтау жөнiндегi қызмет қатерлi орын туғызушы болып танылады. Соттар заңды тұлғалар мен азаматтардың үй (оның iшiнде қызмет және күзетшi иттерiнiң) және жабайы жануарларының зиянды және бақылауға келмейтiн қимылдарын кейбiр жағдайларда қатерлi орын туғызушыға жатқызуға болатындығын ескеруi тиiс. 
      6. Қатерлi орын туғызушылардың қимылынан келтiрiлген зиян үшiн оларды арнайы мақсатпен пайдалану кезiнде және зиянды сипаттарының өзiнен-өзi пайда болуы кезiнде де жауапкершiлiк туындайды (мысалы, автокөлiктiң өзiнен-өзi жүрiп кетуi салдарынан келтiрiлген зиян). 
      7. Қатерлi орын туғызушыны пайдалануды меншiк құқығы, шаруашылық жүргiзу құқығы, оперативтiк басқару құқығы ретiнде немесе басқа да негiздер бойынша (жалға алу келiсiм бойынша, көлiк құралын жүргiзу туралы сенiм хат бойынша, құзыреттi органның қатерлi орын туғызушыны тапсыру туралы өкiмi бойынша) иелену негiзiнде жүзеге асыратын заңды тұлғаны немесе азаматты қатерлi орын туғызу иесi деп тану керек. 
      Қатерлi орын туғызушыны оның иесiмен еңбек шарты бойынша басқарып отырған адам (жүргiзушi, машинист, оператор және т.б.) қатерлi орын туғызушының иесi болып танылмайды және зардап шеккен адамның алдында жауапты болмайды. Егер автокөлiк кәсiпорындары және басқа да кәсiпорындар автомашиналарын өзiнiң жұмысшыларына, яғни кәсiпорынмен еңбек қатынастарында болып, кәсiпорын мүддесiнде еңбек еткен адамдарға жалға беру шарты бойынша тапсырса және көлiк құралы нақты айтқанда кәсiпорынның иелiгiнен шықпаса, онда келтiрiлген зиян үшiн қатерлi орын туғызу иесi ретiнде кәсiпорын жауапты болады. 
      8. Қатерлі орын туғызушылардың өзара әрекеттестiгi нәтижесiнде олардың иелерiнiң денсаулығына зиян келтiрiлген жағдайда, соттар келтiрiлген зиян үшін жауапкершілiктiң жалпы негiздер бойынша туындайтынын ескеруi керек. Бұл орайда: 
      - бiр иегердiң кiнәсi бойынша екiншi иегерге келтiрiлген зиянды кiнәлi жақ өтейтiнiн; 
      - иегердiң өз кiнәсiнен өзiне келтiрiлген зиянның өтелмейтiнiн; 
      - екi иегер кiнәлi болған жағдайда зиянды өтеу мөлшерi әрқайсысының кiнәсiнiң дәрежесiне сәйкес анықталатынын; 
      - қатерлi орын туғызушы иелерiнiң бiр-бiрiне зиян келтiргендiгiнiң кiнәсi болмаған жағдайда (оның мөлшерiне қарамастан) олардың ешқайсысы өтеу құқына ие болмайтынын ескеру керек. Жоғары қауіп көздерінің бір-бірімен соқтығысуының салдарынан үшінші адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтірілген жағдайда жоғары қауіп көздерінің иелері бірлесе жауапкершілік көтереді. <*>
       Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен .
      9. Егер иегер өзiнiң кiнәсiнен емес, басқа адамдардың заңсыз әрекеттерi салдарынан қатерлi орын туғызушының оның иеленуiнен шығып кеткенiн дәлелдесе, онда ол зиян үшiн жауапкершiлiкке тартылмайды. Мұндай реттерде қатерлi орын туғызушының нақты иегерi болған адамдардың жауапкершілігi жалпы негiздер бойынша белгіленедi. 
      Егер зиян басқа адамдардың заңсыз әрекеттерi салдарынан иегердiң иелiгiнен шығып кеткен жағдайда ғана емес, иегердiң де кiнәсынан болған жағдайда (мысалы, иегердiң қатерлi орын туғызушының тиiстi түрде сақталуын қамтамасыз етпеуi), жауапкершілiк қатерлi орын туғызушыны тiкелей пайдаланып отырған адамға да, оның иесiне де жүктеледi. Мұндайда жауапкершілiк үлес бойынша жүктеледi. 
      10. Жәбірленуші жарақат алған немесе оның денсаулығына өзгедей зақым келтірілген жағдайда оның алатын немесе алуы мүмкін жоғалтқан еңбекақысы (табысы), сондай-ақ денсаулыққа зақым келтірілуіне байланысты жұмсалатын шығындар (емделу, дәрі-дәрмек сатып алу, қосымша тамақтану, протез салғызу, санаторлық-курорттық ем алу және т.б. үшін), егер дәрігерлік-әлеуметтік сараптама комиссиясы жәбірленуші көмек пен күтімнің осы түрлерін қажетсінеді және оларды тегін алмайды деп тапса, өтелуге жатады. <*>
      Бұл орайда, соттар жоғалтқан жалақысын (табысын) белгiлеген кезде зардап шегушiнiң мертiгуi немесе денсаулығына өзге де зақым келуiне байланысты денсаулығына зиян келтiрiлгенге дейiн және одан кейiн тағайындалған мүгедектiк ақы, сондай-ақ зейнетақы төлемдерi өтеу есебiне кiрмейтiнiн ескеруi тиiс. Сондай-ақ зардап шегушiнiң денсаулығына зиян келтiрiлгеннен кейiн алған жалақысы есептелмейдi. 
       Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен .
      11. <*>
       Ескерту. 11-тармақ алынып тасталды - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен .
      12. Соттар өтелуге тиiс жерлеу шығындарына жерлеуге тiкелей қатысы бар қажеттi шығындар (табыт жасауға, өлген адам үшiн киiм, венок сатып алуға, зират қазуға, марқұмды жерлеу орнына жеткiзу және т.б. арналған шығындар) ғана жататынын ескеруi қажет. Ескерткiш пен қоршау орнатуға арналған шығындар да өтелуге тиiс, бұл орайда оларды әзiрлеудiң нақты сомасы алынады, бiрақ ол сол жерде орнатылған стандартты ескерткiштер мен қоршаулардың шектi бағасынан аспауға тиiс. 
      Ас беруге байланысты шығындарды өтеу кезінде спирт ішімдіктерін сатып алу үшін жұмсалған шығындар өтелуге жатпайды.<*> 
       Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен .
      13. Егер мертiгуi немесе денсаулығының өзге де зақымдануы еңбек қабілетiн ішiнара жоғалтуына әкелiп соқтырса және ол мүгедектiк тобын анықтауға жеткiлiксiз болса, зиян Ережелердiң 5-тармағының 1-абзацына сәйкес, яғни орта айлық еңбек ақысының кәсiби еңбек қабiлеттiлiгiн жоғалту деңгейiне сай процентiнде өтелуi тиiс. 
      14. Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан сотталған адамдарға ЕТМ әкiмшiлiгi тапсырмасы бойынша жұмыс iстеген кезде келтiрiлген зиянды өтеу жалпы негiздер бойынша жүзеге асырылады. 
      15. Талап арызды қанағаттандырарда сот өз шешiмiнде ұйымның, жұмыс берушi жеке тұлғаның зардап шегушiнiң денсаулығына зиян келтiруде немесе асыраушының қайтыс болуына нақты кiнәсi қандай екенiн көрсетуi тиiс. 
      Талап арызды қанағаттандырмаған кезде ұйымның, жұмыс берушi жеке тұлғаның денсаулыққа зиян кетiруде кiнәсi жоқ екенiн негiздеу қажет. 
      16. Зиянды өтеу үшiн берiлетiн ақшалай сомалар зардап шегушiге денсаулығына зақым келу нәтижесiнде жалақысын (табысын) жоғалтқан кезден бастап, ал қайтыс болған адамның асырауындағы адамдарға - ол қайтыс болған күннен бастап, бiрақ сараптама комиссиясының қорытындысында көрсетiлген мерзiмде немесе өмiрлiк олардың зиянды өтеу үшiн берiлген ақшалай сомаларды алу құқына ие болған күннен кейiн берiлуi тиiс. Бұл орайда, соттар АК-нің 187-бабының 3) тармақшасына сәйкес осындай реттегi өтеуге құқы туындаған кезден үш жыл өткеннен кейiн қойылған талап - талап арыз берiлген жылдың алдындағы үш жылдың көлемiнде қанағаттандырылатынын ескеруi керек. Сот шешiмiнде берiлген сомалардың дәлме-дәл есебi, оларды төлеу мерзiмдерi көрсетiлуi тиiс. <*> 
      Өмiрлiк мүгедектiк белгiленген жағдайда денсаулыққа келтiрiлген зиянды өтеу үшiн ақшалай сомаларды өндiрген кезде, соттар өз шешiмiнде талапкердi келешекте еңбек ақының ең төменгi мөлшерi индексiнiң өсуiн ескере отырып, ай сайын белгiленген ақшалай сомаларын орталықтандыру тәртiбiнде алуға құқы бар екенiн шешiмде көрсете алатыны түсiндiрiлсiн. Шешiмде бұндай жазу болған жағдайда сот келешектегi төлемдердi индексациялау туралы мәселенi атқару өндiрiсi ретiнде қарайды. 
       Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен .
      17. Зиянды өтеу жөнiнде тағайындалған ақшалай сомаларының мөлшерi мына жағдайларда қайта қаралады: еңбек ақысының өзгеруi, қайтыс болған адам отбасының мүшелерi құрамының өзгеруi және зардап шегушiнiң жоғалтқан кәсiби еңбек қабiлеттiлiгi деңгейiнiң өзгеруі. Денсаулығына зақым келген кәмелетке толмаған жәбірленуші еңбек қызметі басталған жағдайда зақым көлемінің дендегені туралы арызбен жүгінуге құқылы. <*> 
      АК-нiң 283-бабының талаптары бойынша ақшалай мiндеттеме бойынша азаматты асырауға тiкелей төленетiн сома (өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру үшiн, өмiр бойы асырау шарты бойынша және басқалары) ең төменгi жалақының ресми түрде өсуiне қарай арттырылып отырса, онда зиянды өтеу мөлшерiн оның азаюына қарай қайта қарауға болмайды. Зардап шегушiге қайта есептелуге тиiс орта айлық еңбек ақысының деңгейi төмендеген жағдайда, бiрақ ең төменгi еңбек ақы ресми түрде өсiп отырса, өтелуге жататын ақша сомалары ең төменгi еңбек ақының өсуiне байланысты сайма-сай көбейтiлуге тиiс.
       Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен
      18. Егер жұмыс орнында мертiгуi ұйымның және жұмыс берушi жеке тұлғаның кiнәсiнен ғана емес, жұмысшының өрескел абайсыздығынан болғаны туралы мәлiметтер болған жағдайда, сот сол қайғылы оқиғаны Үкіметтің 2001 жылғы 4 шілдедегі N 916 қаулысымен енгізілген өзгерістерімен бірге Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 3 наурыздағы N 326 қаулысымен бекітілген "Еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғалар мен қызметкерлер денсаулығының өзге де зақымдануларын тексеру және есепке алу ережесімен анықталатын тәртiп бойынша қараған комиссияның шешiмiн сұратуға мiндеттi. <*>
      Жазатайым оқиғаларды тексеру жөніндегі комиссияның шешімі (Н-1 нысанындағы акт), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік еңбек инспекторының жазатайым оқиғаларды тексеру мәселелері бойынша жәбірленушінің кінәсінің дәрежесі туралы қорытындысы іс материалдарының барлық жиынтығы бойынша бағалауға жататын дәлелдемелердің бірі болып табылады. <*>
      Сот зардап шегушiнiң iс-қимылындағы өрескел абайсыздықты белгiлегеннен кейiн өтелетiн зиян мөлшерiн оның кiнәсiне қарай азайтуы тиiс. Бұл орайда, соттар еңбекте мертiгуiне байланысты бiр жолғы жәрдем ақы төлеу және қосымша шығындардың орнын толтыру туралы шешім шығарарда зардап шегушінің кінәсі ескерілмейтiнiн ескеруi керек. 
       Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен .
      19. Қатерлi орын туғызушы арқылы денсаулыққа келтiрiлген зиянды өтеу туралы талап арыздарды қараған кезде сондай зиянды өтеумен бiрге, оны кiмнiң келтiргенiне қарамастан, моральдық залалдың орны толтырылуға жататыны соттарға түсіндiрiлсiн. 
      20. Кәмелетке жетпеген, жасы 14-ке толмаған зардап шегушiлердiң денсаулығына келтiрiлген зиянды, кiнәлi болған жағдайда олардың ата-анасы, асыраушылары, қамқоршылары өтейдi. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға тиiстi тәрбие бермеген немесе оларға қарамаған жағдайда, оның заңсыз әрекеттерiне мән бермеген жағдайда осындай мiндет жүктелуi мүмкiн. 
      Егер жас, қамқоршылық қажет ететiн бала тиiстi тәрбиелеу, емдеу мекемесiнде, халықты әлеуметтiк қорғау немесе сол сияқты өзге де заң бойынша оның қорғаушысы болып табылатын мекемеде тұрған жағдайда, онда осы мекеме, егер зиян оның кiнәсiнен туындамағанын дәлелдей алмаса, баланың келтiрген зиянын өтеуге мiндеттi. 
      Жас бала кәмелетке толғаннан кейiн де немесе зиянды өтеу үшiн жеткiлiктi мүлiктi алғаннан кейiн де ата-ананың, асыраушылардың, қамқоршылардың, оқу орындарының, тәрбиелеу, емдеу және басқа да мекемелердiң зиянды өтеу мiндетi жойылмайды. 
      21. Жасы 14-тен 18-ге дейiн аралықтағы кәмелетке толмаған баланың келтiрген зиянын өтеу туралы iстердi қараған кезде, соттар АК-нiң 22-бабының 4-тармағына сәйкес олар өздерiнiң әрекеттерiнiң салдарынан келтiрiлген зиян үшiн Азаматтық Кодекстiң ережелерi бойынша жауапты болатынын ескеруi керек. Жасы 14-тен 18-ге дейін аралықтағы кәмелетке толмаған баланың зиянды өтеу үшiн жеткілiктi мүлкi немесе басқа табыстар көзi болмаған жағдайда, зиянды толық немесе оның жетiспейтiн бөлiгiн өтеу мiндетi, егер зиянның пайда болуына олардың кiнәлi әрекеттерi себеп болған жағдайда, ата-анасына, асыраушыларына немесе қамқоршыларына жүктеледi. Зиян келтiрген адам кәмелетке толғаннан кейiн немесе онда зиянды өтеу үшiн жеткiлiктi мүлiк немесе басқа да табыс көзi пайда болғаннан кейiн ата-ананың, асыраушыларының, қамқоршыларының бұл мiндетi тоқтатылады. <*>
       Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен
      22. <*>
       Ескерту. 22-тармақ алынып тасталды - ҚР Жоғарғы сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы N 15 нормативтік   қаулысымен .
      23. Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 17 наурыздағы N 201  қаулысымен  бекiтiлген Жұмысшылар мен қызметшілерге еңбек мiндетiн атқаруына байланысты мертiгiп қалған жағдайда немесе денсаулығына басқаша зақым келгенде олардың шеккен зиянын меншiктiң барлық нысанындағы ұйымдардың өтеуi жөнiндегi ережеге Үкiметтiң 1997 жылғы 31 желтоқсандағы N 1878  қаулысымен  енгiзiлген өзгерiстер мен толықтыруларға байланысты 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап осы Ереженiң қағидалары Чернобыль АЭС-сы апатын жоюға қатысушыларға қолданылмайды. Осыған байланысты осындай адамдарға қатысты дауларды қараған кезде соттар Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 25 маусымдағы "Жұмысшыларға еңбек мiндетiн атқаруына байланысты мертiгуi, кәсiби ауруына немесе денсаулығына басқаша зақым арқылы келтiрiлген зиянды өтеу құқықтарын өзара тану туралы келiсiмдi ратификациялау туралы" N 2303  Жарлығына  сәйкес Чернобыль АЭС-сы апатының салдарынан және басқа да радиациялық апаттардан келтiрiлген зиянды өтеу қабылданған ұлттық заңдарға және арнайы келiсiмдерге сәйкес жүзеге асырылатынын ескеру тиiс. Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 28 сәуiрдегi Заң күшi бар "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және оларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы"  Жарлығы  және оған кейiннен енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар бойынша 1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-сы апатының салдарын жоюға қатысқан адамдар және Чернобыль АЭС-сы апатының нәтижесiнде мүгедек болып қалған адамдар, ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуы себебiнен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балалары жеңiлдiк пен кепiлдiктер бойынша тиiсiнше Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен Ұлы Отан соғысының мүгедектерiне теңестiріледi. Осыған орай соттар Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне берілетiн: жеңілдiктер мен кепілдiктер туралы заңдарының нормаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 5 сәуірдегі "Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдем ақы туралы" N 365-I   Заңын  басшылыққа алуы тиіс. 
      24. Осы қаулыны қабылдауға байланысты Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1988 жылғы 16 желтоқсандағы "Республика соттарының денсаулыққа тиген зиянды өтеу жөніндегі заңдарды қолданудың кейбір мәселелері туралы" N 9  қаулысының  күші жойылды, КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1986 жылғы 5 қыркүйектегі "Денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы істер жөніндегі сот тәжірибесі туралы" N 13
қаулысы  Қазақстан Республикасында қолданылмайды деп танылсын.  

      Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының Төрағасы     

     Қазақстан Республикасы
     Жоғарғы Сотының судьясы,
     Пленум хатшысы