Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 569 қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.05.2021 № 313 қаулысымен.

      Баспасөз релизі!

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары бекітілсін.

      1.1 Қаулы 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 29.12.2017 № 943 қаулысымен; алып тасталды - ҚР Үкіметінің 13.05.2021 № 313 қаулысымен.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының

      Премьер-Министрі      Б.Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 6 қазандағы
№ 569 қаулысымен
бекітілген

Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.05.2021 № 313 қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – "Құқықтық актілер туралы" Заң) 18-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу мен келісу тәртібін айқындайды.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтары;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулылары (бұдан әрі – қаулылардың жобалары);

      3) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулылары, Қазақстан Республикасы министрлерiнің және өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары (бұдан әрі – орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары);

      4) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының жобаларын әзірлеу, келісу және қол қоюға ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауының жобасын дайындау, келісу және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің және Қазақстан халқы Ассамблеясының шешімдерінде қамтылған тапсырмалардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу қағидаларында айқындалады.

      4. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актiлерінің жобаларын әзірлеу, келісу және мемлекеттiк тiркеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 568 қаулысымен бекітілген Нормативтік құқықтық актiлердi ресімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларында айқындалады.

      5. Құпиялылық белгілері немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгілері бар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және келісу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасының ерекшеліктері ескеріле отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1196 қаулысымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Қаулылардың жобаларын әзірлеу

      6. Қаулылардың жобаларын әзірлеу Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңнамалық актiлер, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актiлерi негiзiнде және оларды орындау үшiн жүзеге асырылады.

      7. Қаулылардың жобаларын мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, өз бастамалары немесе жоғары тұрған мемлекеттiк органдардың және лауазымды адамдардың тапсырмалары бойынша әзiрлейдi.

      Егер қаулының дайындалып жатқан жобасының құқық нормаларын іске асыру үшін бір деңгейдегі немесе төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болса, онда негізгі түрдегі қаулының жобасымен бір мезгілде көрсетілген өзгерістері және (немесе) толықтырулары бар нормативтік құқықтық актілердің жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілерді дайындау туралы тапсырмалар берілуге тиіс.

      Қаулылардың жобаларын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі (бұдан әрі – Кеңсе) әзiрлеуi мүмкiн.

      8. Әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өзінің құрылымдық бөлімшелеріне тапсырады.

      Қаулы жобаларын әзірлеуде әзірлеуші органның заң бөлімшесі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.

      Үкімет қаулыларының жобаларын дайындауға әртүрлі білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлер, коммерциялық емес және өзге де ұйымдардың өкілдері тартылуы мүмкін.

      9. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеудің сапасын, әдеби тiл нормаларының, заң терминологиясы мен заң техникасының сақталуын, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығын әзірлеуші мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

      10. Әзiрленген қаулылардың жобалары мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілгенге дейін жария талқылау үшін түсiндiрме жазбалармен салыстырма кестелерімен (қолданыстағы қаулыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда) бірге қазақ және орыс тiлдерiнде нормативтік құқықтық актілердің ашық интернет-порталына, сондай-ақ әзірлеуші мемлекеттік органның интернет-ресурсына орналастырылады.

      11. Алып тасталды - ҚР Үкіметінің 02.09.2022 № 644 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Әлеуметтiк маңызы бар қаулы жобасы бойынша интернет-ресурста (веб-сайтта) қазақ және орыс тiлдерiнде, қажет болған жағдайда – өзге де тілдерде, баспасөз релизі қосымша орналастырылады.

      Әлеуметтік маңызы бар қаулы жобасы деп адамның және тұтас қоғамның құқықтары мен мүдделерiн тікелей немесе жанама түрде қозғайтын қаулы жобасын түсiнген жөн.

      13. "Құқықтық актілер туралы" Заңның 20-бабының талаптарына сәйкес азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты қаулы жобалары бойынша қоғамдық кеңестің ұсынымдары қажет.

      14. "Құқықтық актілер туралы" Заңның 19-бабының талаптарына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулылардың жобалары бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасының және жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестердің (бұдан әрі – сараптамалық кеңес) сараптамалық қорытындыларын алу қажет.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган сараптама қорытындысымен келіскен кезде қаулы жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

      Сараптама қорытындысымен келіспеген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган сараптама қорытындысын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы қорытындыны берген сараптама кеңесінің мүшесіне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіспеу себептерін негіздеп жауап жібереді. Мұндай жауап қаулы қабылданғанға дейін оның жобасына міндетті қосымша болып табылады.

      15. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулылардың жобаларына қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 82 және 83-баптарына сәйкес реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.

      Реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелері жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырылады.

      16. Іске асырылуы қоршаған ортаға келеңсіз әсер етуге әкеп соғуы мүмкін қаулылардың жобаларына міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.

      17. Қаулылардың жобалары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 шілдедегі № 451 қаулысымен бекітілген Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізіледі.

3-тарау. Қаулылардың жобаларын келісу

      18. Қаулылардың жобалары заңнамада белгіленген құзыреттеріне орай мүдделі мемлекеттік органдармен олардың интранет-порталында (бұдан әрi – МО ИП) электрондық құжаттар нысанында келiсiледi, бұл ретте қаулы жобасын келiсудегi мұндай мүдделiлiк қаулы жобасында қаралатын мәселелердің нысанасы негізге алына отырып, сондай-ақ қаулы жобасында мемлекеттiк органдардың немесе олардың басшыларының атына тапсырмалар болған кезде белгiленедi.

      19. Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган МО ИП-та заң қызметі басшысының (не оның міндетін атқарушы адамның) және мемлекеттік органның бірінші басшысының, немесе оның орынбасарының не мемлекеттік органның аппарат басшысының мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасын (бұдан әрі – ЭЦҚ) пайдалана отырып куәландырылған қаулы (өкім) жобасын, оған түсіндірме жазбаны және басқа да қажетті құжаттарды электрондық құжаттар нысанында орналастырады және МО ИП арқылы тиісті мемлекеттік органдарға келісуге жібереді.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын сараптама қорытындыларын алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында орналастырғаны туралы хабарламаны сараптама кеңестерге, қоғамдық кеңестерге және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді.

      Қаулы жобасын қағаз түрінде қабылдау мүмкін болмаған жағдайда, нормашығармашылық процестің жекелеген субъектілеріне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 703 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларымен айқындалған тәртіппен электрондық құжаттың расталған қағаз нұсқасын келісуге жіберуге болады.

      20. Қаулылардың жобалары Конституцияға, заңнамалық актiлерге, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің актiлерiне сәйкестiгi тұрғысынан заңдық сараптама жүргiзуге жауапты Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен мiндеттi түрде келiсуге жатады.

      Мемлекеттiк басқару және жоспарлау, әлеуметтiк-экономикалық және өңiрлiк саясат мәселелерiне қатысты қаулылардың жобалары Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлiгiмен мiндеттi түрде келiсуге жатады.

      21. Қаулы жобасының мәтiнiне республикалық бюджет кiрiстерін қысқартуға немесе шығыстарын ұлғайтуға әкелетiн өзгерiстер енгiзiлген жағдайда, қаулы жобасы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен қайта келiсудi және Республикалық бюджет комиссиясының оң хаттамалық шешiмiн алуды қажет етедi.

      22. Мемлекеттік органдарға келісуге енгізілетін, қазақ және орыс тілдерінде дайындалған қаулылардың жобалары мыналарды қамтуға тиіс:

      1) Үкімет қаулысының жобасы;

      2) көлемі 3 (үш) парақтан, ал күрделі мәселелер бойынша 5 (бес) парақтан аспайтын, Премьер-Министрдің атына ресімделген және мемлекеттік органның бірінші басшысы (оның міндетін атқарушы адам) немесе облыстың, республикалық маңызы бар қалаларының, астананың әкімі (оның міндетін атқарушы адам) қол қойған түсіндірме жазба, онда мәселенің нысанасы, әлеуметтік-экономикалық және қажет болған кезде саяси-құқықтық, экологиялық, демографиялық және өзге де негіздемелер, жобаны қабылдаудан күтілетін салдардың болжамы толық баяндалады.

      Бұдан басқа, түсіндірме жазбада мынадай негізгі мәліметтер қамтылуға тиіс:

      әзірлеуші мемлекеттік органның атауы;

      тиісті нормативтік құқықтық актілерге, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына, Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне, Үкімет пен Кеңсе басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмаларына сілтемемен жобаны қабылдаудың негіздемелері және/немесе оны қабылдау қажеттігінің басқа да негіздемелері (Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдері, Үкімет пен Кеңсе басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмалары түсіндірме жазбаға қоса беріледі);

      жоба бойынша қаржы шығындарының қажеттігі және оның қаржылық қамтамасыз етілуі, оның ішінде қаржыландыру көзі, сондай-ақ қажет болған жағдайда Республикалық бюджет комиссиясының шешімі (тиісті есеп-қисаптар, қаржыландыру көзіне сілтеме, Республикалық бюджет комиссиясы шешімінің көшірмесі міндетті түрде түсіндірме жазбаға қоса беріледі);

      жоба қабылданған жағдайда болжанатын салдар;

      нақты мақсаттар мен күтілетін нәтижелердің мерзімі;

      жобада қаралатын мәселелер және оларды іске асыру нәтижелері бойынша Президенттің және/немесе Үкіметтің бұрын қабылданған актілері туралы мәліметтер;

      енгізіліп отырған жоба қабылданған жағдайда, заңнаманы оған сәйкес келтіру қажеттігі (басқа нормативтік құқықтық актілерді қабылдау немесе қолданыстағы актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу талап етілетінін-етілмейтінін көрсету) не мұндай қажеттіктің болмауы;

      ұсынылған халықаралық шарттың жобасын кейіннен ратификациялау қажеттігі туралы ақпарат;

      мемлекеттік құпияларды және (немесе) қызметтік ақпаратты қамтитын жобаларды қоспағанда, Кеңсе Басшысы мен Байланыс және ақпарат министрлігінің 2011 жылғы 20 мамырдағы № 25-1-32қбпү/22П-қбпү бірлескен бұйрығымен бекітілген "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесінде беруге рұқсат етілген қызметтік ақпарат тізбесіне сәйкес жобаларды және оларға материалдарды "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесі арқылы Үкімет мүшелерінің мобильдік құрылғыларына беру мүмкіндігі;

      қаулы жобасының мемлекеттік органның интернет-ресурсында, сондай-ақ ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы ақпарат (күні, байт саны);

      әлеуметтік маңызы бар қаулы жобасына баспасөз релизінің уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылғаны туралы ақпарат;

      қаулы жобасының Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкестігі.

      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулы жобасына түсіндірме жазбада міндетті түрде Үкімет актісінің қолданысқа енгізілуіне байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азаюын және (немесе) ұлғаюын растайтын есеп-қисаптардың нәтижелері қамтылуға тиіс.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және сараптамалық кеңестердің сараптамалық қорытындысымен келіспеген жағдайда, жобаны әзірлеуші жобаға түсіндірме жазбада сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс.

      Сараптамалық қорытындыларда көрсетілген ескертулер жойылған жағдайда, жобаны әзірлеуші қаулы жобасына түсіндірме жазбада аталған ескертулердің жойылғанын көрсетуге тиіс;

      3) Үкіметтің қолданыстағы актілеріне өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін қаулы жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне (бұдан әрі – Регламент) 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесімен қаулының (қаулылардың) бұрынғы және жаңа редакцияларының салыстырма кестесі;

      жобаның әрбір абзацына қатысты негіздеме, оның ішінде нормативтік құқықтық акт болса – тиісті заңнамалық немесе заңға тәуелді актінің нормасына міндетті сілтемемен, сондай-ақ дәйексөзбен келтірілуге тиіс;

      Үкімет қаулыларымен бекітілген туынды нормативтік құқықтық актілердің жаңа редакциясы енгізілген кезде де жаңа редакциядағы қаулының әрбір абзацын тиісті түрде негіздей отырып (оның ішінде нормативтік құқықтық акт болған кезде – тиісті заңнамалық немесе заңға тәуелді актінің нормасына міндетті сілтеме, сондай-ақ одан дәйексөз келтіре отырып), туынды нормативтік құқықтық актілердің бұрынғы және жаңа редакцияларының әзірлеуші мемлекеттік орган басшысының жетекшілік ететін орынбасары қол қойған салыстырма кестесін қоса беру қажет;

      4) егер жобада қаулының (қаулылардың) күшін жою көзделетін жағдайда, жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесін қамтитын анықтама;

      5) қаулы жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен сараптамалық кеңестердің сараптамалық қорытындылары.

      Сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, қаулы жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен сараптамалық кеңестердің қорытындылары белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, олар қоса берілмейді;

      6) қаулы жобасы "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттік органда қоғамдық кеңес құру көзделмеген жағдайлардан басқа, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын болса, әзірлеуші мемлекеттік органға ұсынылған жағдайда қоғамдық кеңестің ұсынымдары;

      Ұсынымдармен келіспеген жағдайда, жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс. Қоғамдық кеңестің ұсынымдары белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, қоса берілмейді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми сараптама жүргізу міндетті болған жағдайда, халықаралық шарттың жобасы бойынша не Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарт бойынша жүргізілген ғылыми сараптама нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды;

      8) қаулы жобасы Әділет министрлігіне енгізілген жағдайда – "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап қолданылмайтын қаулы жобаларын қоспағанда, қаулы жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысы.

      Әзірлеуші сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысымен бірге қаулы жобасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамасын жүзеге асырған адамның немесе ұйымның атына ұсынымдарды қабылдамау себептерінің негіздемелері жазылған өз жауабының көшірмесін енгізеді;

      9) Регламенттің 4.2-бөліміне сәйкес өзге мемлекеттік органдардың қорытындылары (келіспеушіліктер хаттамасы, сондай-ақ келісуші мемлекеттік органның ескертулері бойынша өзара тиімді шешім іздеу мақсатында өткізілген кеңестің хаттамасы);

      10) орындау үшін қаулы жобасы әзірленген тапсырмалардың (хаттамалардың және т.б.) көшірмелері;

      11) қаулы жобасымен Парламент Мәжілісінің және Президенттің қарауына заң жобалары енгізілетін жағдайларда, келісу парағы (pdf форматында), сондай-ақ электрондық келісу парағы. Бұл ретте заң жобасына қағаз жеткізгіштегі келісу парағына және электрондық келісу парағына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалаларының, астананың әкімдері қолбелгі қояды;

      12) қаулы жобасы бойынша Кодекске сәйкес реттеушілік әсерді талдау жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) хаттамалық шешімі және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның реттеуші мемлекеттік органдардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытындысы, сондай-ақ реттеушілік әсерді талдау нәтижелері.

      Қаулы жобасының және оған заң жобаларын, Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын қамтитын, "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар қосымшалардың әрбір парағын әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе облыстың республикалық маңызы бар қалаларының, астананың әкімі дәйектейді.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 02.09.2022 № 644 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. Қаулы жобасын келісуге алған кезде мемлекеттік органдар басқа мемлекеттік органдармен оны алдын ала келісуді талап етпеуге, формальды және өзге де негізсіз себептермен жобаны келісуден бас тартпауға тиіс.

      24. Қаулы жобаларын мемлекеттiк органдарда қарау және келiсу олар түскен күнiнен бастап мынадай мерзiмнен аспауға тиiс:

      1) Регламентте көзделген жағдайларды қоспағанда, қаулы жобалары – 10 (он) жұмыс күні;

      2) қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға, оның ішінде карантинге байланысты уақытша шектеу іс-шараларына қатысты қаулылардың жобалары - 1 (бір) жұмыс күні;

      3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою, гуманитарлық көмек мәселелері бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімдерін іске асыру үшін қабылданатын қаулылардың жобалары – 1 (бір) жұмыс күні.

      Мемлекеттік органдармен бұрын келісілген қаулы жобаларын қайта келісу мерзімі (мемлекеттік органның құзыретіне кірмейтін бөлігінде жобаның мәтіні өзгерген жағдайда) мерзімі 3 (үш) жұмыс күнінен, ал Регламенттің 45-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жобалар бойынша 1 (бір) жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      25. Жобаны қараудың қорытындысы бойынша келісуші мемлекеттік орган әзірлеушіге мемлекеттік органның бірінші басшысының немесе оның орынбасарының, немесе аппарат басшысының, облыс, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімінің (олардың міндетін атқаратын адамдардың) ЭЦҚ-сын пайдалана отырып, МОИП-та электрондық құжат немесе белгі нысанында мынадай жауап нұсқаларының бірін ұсынуға тиіс:

      1) ескертулерсіз келісілді;

      2) ескертулерді жою үшін пысықтауға жіберілді. Бұл ретте келісуші орган ескертулерді орналастырады, онда оларды жою жөніндегі ұсыныстар міндетті түрде қамтылуға тиіс.

      Бұл жағдайда әзірлеуші ескертулермен келіскен кезде жобаларды пысықтау МОИП-та жүзеге асырылады, бұдан кейін әзірлеуші жобаның пысықталған (келесі) нұсқасын орналастырады және оны мемлекеттік органдарға қайта келісуге жібереді;

      3) келісуден бас тартылды. Бұл ретте келісуші мемлекеттік орган келісуден бас тарту уәждемесі бар келісуден бас тарту белгісін қояды.

      Келісуші мемлекеттік органдарға жобаларды "ескертулермен" келісуге тыйым салынады.

      26. Келіспеушіліктер болған кезде әзірлеуші мемлекеттік орган өзара тиімді шешім іздеу мақсатында оны келісуші органдармен талқылауды қамтамасыз етуге тиіс. Өзара тиімді шешімге қол жеткізілмеген кезде әзірлеуші мемлекеттік орган келісуші органдармен бірлесіп, келіспеушіліктер хаттамасын жасайды, оны МО ИП-та жобаға орналастырады. Электрондық құжат нысанындағы келіспеушіліктер хаттамасы МО ИП-та мемлекеттік органдар басшыларының ЭЦҚ-мен куәландырылады.

      27. Келісу жүргізілгеннен кейін келісуші мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының (не олардың міндетін атқарушы адамдардың) ЭЦҚ-сымен бұрыштама қою үшін әзірлеуші мемлекеттік орган жобаның МО ИП арқылы түпкілікті келісуге жіберілуін қамтамасыз етеді және келісуші мемлекеттік органдардың қорытындыларымен (келіспеушіліктер хаттамаларымен) және тиісті қосымшалармен бірге электрондық құжат нысанында МО ИП арқылы Кеңсеге енгізеді. Бұл ретте жобаны келісудің түпкілікті мерзімі үш жұмыс күнінен аспауға тиіс. Заң жобаларын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін қамтитын жобалар жобалары Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы қағаз және электрондық форматтарда (нысандарда) енгізіледі.