Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 569 қаулысы.

Жаңартылған

      Баспасөз релизі!

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

Б.Сағынтаев


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 6 қазандағы
№ 569 қаулысымен
бекітілген

Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – "Құқықтық актілер туралы" Заң) 21-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және олардың келісілу тәртібін айқындайды.

      1.1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің уақытша Регламентінде, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесiнде iс жүргізу жөніндегі уақытша нұсқаулықта электрондық құжат айналымы және іс жүргізу бөлігінде Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму, Ақпарат және коммуникациялар, Қаржы министрліктерінде, Астана қаласының әкімдігінде пилоттық жобаны жүргізу кезеңінде заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеудің, келісудің өзге де тәртібі белгіленуі мүмкін.

      Ескерту. Қағида 1-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Үкіметінің 29.12.2017 № 943 қаулысымен

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтары;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары (бұдан әрі – қаулы жобалары);

      3) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың нормативтік құқықтық қаулылары, Қазақстан Республикасы министрлерiнің және өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары (бұдан әрі – орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары);

      4) мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерi, әкiмдiктердiң нормативтік құқықтық қаулылары, әкiмдердiң нормативтік құқықтық шешiмдерi және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары (бұдан әрі – жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары) заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының жобаларын әзірлеу, келісу және қол қоюға ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауының жобасын дайындау, келісу және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу қағидаларында айқындалады.

      4. Құпиялылық белгілері немесе "Қызметтік пайдалану үшін" деген белгілері бар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және келісу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасының ерекшеліктерін ескере отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1196 қаулысымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Қаулы жобаларын әзірлеу

      5. Қаулы жобаларын әзірлеу Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңнамалық актiлер, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актiлерi негiзiнде және оларды орындау үшiн жүзеге асырылады.

      6. Қаулы жобаларын мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, өз бастамалары немесе жоғары тұрған мемлекеттiк органдардың және лауазымды адамдардың тапсырмалары бойынша әзiрлейдi.

      Қаулы жобаларын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі әзiрлеуi мүмкiн.

      7. Әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өзінің құрылымдық бөлімшелеріне тапсырады.

      8. Қаулы жобаларының қазақ тiлінде әзірлену сапасын, қазақ және орыс тiлдерi қағидаларының сақталуын, қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндердiң теңтүпнұсқалылығын әзірлеуші мемлекеттiк органдар қамтамасыз етеді.

      9. Әзiрлеушi мемлекеттiк орган қаулы жобасын бір мезгілде мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберумен қатар қаулы жобасын, түсiндiрме жазба мен бұрынғы және жаңа редакциядағы салыстырма кестені (қолданыстағы қаулыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда) қазақ және орыс тiлдерiнде өзiнiң интернет-ресурсында, сондай-ақ ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырады.

      10. Әлеуметтiк мәнi бар қаулы жобасы бойынша интернет-ресурста (веб-сайтта) қазақ және орыс тiлдерiнде, қажет болған жағдайда – өзге де тілдерде баспасөз хабарламасы қосымша орналастырылады.

      Әлеуметтік мәні бар қаулы жобасы деп тікелей немесе жанама түрде адамның және тұтастай алғанда қоғамның құқықтары мен мүдделерiн қозғайтын қаулы жобасын түсiнген жөн.

      11. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты қаулы жобалары мемлекеттік органда қоғамдық кеңес құру көзделмеген жағдайларды қоспағанда, "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - "Қоғамдық кеңестер туралы" Заң) белгіленген тәртіппен құрылатын қоғамдық кеңестерге жіберіледі.

      12. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерін қозғайтын қаулы жобалары сараптамалық қорытынды алу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасына және жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiне жiберiледi. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасының, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң сараптамалық қорытындылары ұсынымдық сипатта болады және қаулы жобасы қабылданғанға дейін оған мiндеттi қосымша болып табылады.

      Әзiрлеушi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң сараптамалық қорытындылары келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде оларды өзiнiң интернет-ресурсында орналастырады.

      Олармен келіспеген жағдайда қабылдамау себептерiнiң негізделген дәлелдерімен жауап жібереді және оны интернет-ресурста орналастырады.

      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сараптамалық қорытындыны белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, қаулы жобасы ескертпесіз келісілді деп есептеледі.

      13. Тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты қаулы жобалары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, көпшілік талқылауы үшін олар қабылданғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн мерзімде әзірлеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.

      14. Қабылдау салдары экологиялық, оның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндiруi мүмкін қаулы жобаларына мiндеттi ғылыми экологиялық сараптама жүргiзiлуге тиіс.

      Іске асырылуы қоршаған ортаға терiс әсер етуге әкеп соғуы мүмкін қаулы жобаларына міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.

      15. Реттеуші құралды енгiзудi немесе кәсiпкерлiк субъектiлерiне қатысты реттеудi қатаңдатуды жүзеге асыруды көздейтін қаулы жобалары бойынша кәсiпкерлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен алдын ала реттеушiлiк әсерді талдау рәсiмi жүргiзiледi.

      Реттеушiлiк әсерді талдау нәтижелері реттеушi мемлекеттiк органдардың және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады.

3. Қаулы жобаларын келісу

      16. Қаулы жобалары заңнамада белгіленген құзыреттеріне орай мүдделі мемлекеттік органдармен олардың интранет-порталында (бұдан әрi – МО ИП) электрондық құжаттар нысанында келiсiледi, бұл ретте қаулы жобасын келiсудегi мұндай мүдделiлiк қаулы жобасында қаралатын мәселелердің нысанасы негізге алына отырып, сондай-ақ қаулы жобасында мемлекеттiк органдарының немесе олардың басшыларының атына тапсырмалар болған кезде белгiленедi.

      17. Қаулы жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк орган МО ИП-да заң қызметі басшысының (не оның мiндетiн атқарушы тұлғаның) және мемлекеттiк орган басшысының мемлекеттiк органдарының куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасын (бұдан әрi – ЭЦҚ) қолдана отырып куәландырылған электрондық құжаттар нысанындағы қаулы жобасын, оған түсiндiрме жазбаны және басқа да қажеттi құжаттарды орналастырады және МО ИП арқылы тиiстi мемлекеттiк органдарға келісуге жiбередi, ал ұйымдарға Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 17 сәуiрдегi № 430 қаулысымен бекiтiлген Электрондық құжат айналымы қағидаларында (бұдан әрі – Қағидалар) белгіленген тәртіппен расталған электрондық құжаттың қағаз көшiрмесi келісуге жiберiледi.

      Мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда қаулы жобасы, оған түсiндiрме жазба және басқа да қажетті құжаттар жауапты құрылымдық бөлімше басшысының (не оның мiндетiн атқарушы тұлға) ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

      18. Нормативтік құқықтық қаулылардың жобалары Конституцияға, заңнамалық актiлерге, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкiметі мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің актiлерiне сәйкестiгi тұрғысынан заңдық сараптама жүргiзуге жауапты Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiмен, сондай-ақ республикалық бюджеттен кірістерді қысқарту немесе шығыстарды ұлғайту тұрғысынан қаулы жобаларын республикалық бюджет қаражатымен қамтамасыз етуге жауапты Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен мiндеттi түрде келiсуге жатады.

      19. Мемлекеттiк басқару және жоспарлау, әлеуметтiк-экономикалық және өңiрлiк саясат мәселелерiне қатысты нормативтік құқықтық қаулылардың жобалары Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлiгiмен мiндеттi түрде келiсуге жатады.

      20. Қаулы жобасының мәтiнiне республикалық бюджетке кiрiстерi қысқартуға немесе шығыстарды ұлғайтуға әкелетiн өзгерiстер енгiзiлген жағдайда қаулы жобасы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен қайта келiсудi және Республикалық бюджет комиссиясының оң хаттамалық шешiмiн қажет етедi.

      21. Мемлекеттік органдарға келісуге енгізілетін, мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған қаулы жобалары мыналарды қамтуға тиіс:

      1) Үкімет қаулысының жобасы;

      2) көлемі 3 (үш) парақтан, ал күрделі мәселелер бойынша 5 (бес) парақтан аспайтын, Премьер-Министрдің атына ресімделген және мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе облыстың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімі қол қойған түсіндірме жазба, онда мәселенің нысанасы, әлеуметтік-экономикалық және қажет болған кезде саяси-құқықтық, экологиялық, демографиялық және өзге де негіздемелер, жобаны қабылдаудан күтілетін салдар болжамы толық баяндалады. Бұдан басқа түсіндірме жазба мынадай негізгі мәліметтерді қамтуға тиіс:

      әзірлеуші мемлекеттік органның атауы;

      тиісті нормативтік құқықтық актілерге, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына, Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне, Үкімет пен Кеңсе басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмаларына жасалған сілтемесі бар жобаны қабылдаудың негіздемелері және/немесе оны қабылдау қажеттілігінің басқа да негіздемелері (Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдері, Үкімет пен Кеңсе басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмалары түсіндірме жазбаға қоса беріледі);

      жоба бойынша қаржылық шығындардың қажеттілігі және оның қаржылық қамтамасыз етілуі, оның ішінде қаржыландыру көзі, сондай-ақ қажет болған жағдайда Республикалық бюджет комиссиясының шешімі (тиісті есептемелер, қаржыландыру көзіне сілтеме, Республикалық бюджет комиссиясы шешімінің көшірмесі міндетті түрде түсіндірме жазбаға қоса беріледі);

      жоба қабылданған жағдайда болжанатын салдар;

      нақты мақсаттар мен күтілетін нәтижелердің мерзімі;

      жобада қаралатын мәселелер және оларды іске асыру нәтижелері бойынша Президенттің және/немесе Үкіметтің бұрын қабылданған актілері туралы мәліметтер;

      енгізілетін жоба қабылданған жағдайда, заңнаманы оған сәйкес келтіру қажеттігі (басқа нормативтік құқықтық актілерді қабылдау немесе қолданыстағы актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу талап етілетінін-етілмейтінін көрсету) не мұндай қажеттіліктің болмауы;

      ұсынылған халықаралық шарттың жобасын кейіннен ратификациялау қажеттігі туралы ақпарат;

      мемлекеттік құпияларды және (немесе) қызметтік ақпаратты қамтитын жобаларды қоспағанда, Кеңсе Басшысы мен Байланыс және ақпарат министрлігінің 2011 жылғы 20 мамырдағы № 25-1-32қбпү/22П-қбпү бірлескен бұйрығымен бекітілген "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесінде беруге рұқсат етілген қызметтік ақпарат тізбесіне сәйкес жобаларды және оларға материалдарды "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесі арқылы Үкімет мүшелерінің мобильдік құрылғыларына беру мүмкіндігі;

      қаулы жобасының мемлекеттік органның интернет-ресурсында, сондай-ақ ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы ақпарат (күні, байт саны);

      тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты жобаның, сондай-ақ әлеуметтік мәні бар қаулы жобасына баспасөз релизінің уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылғаны туралы ақпарат;

      қаулы жобасының Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкестігі.

      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулы жобасына түсіндірме жазба міндетті түрде Үкімет актісін қолданысқа енгізуге байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азаюын және (немесе) ұлғаюын растайтын есептемелердің нәтижелерін қамтуға тиіс.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындысымен келіспеген жағдайда, жобаны әзірлеуші жобаға түсіндірме жазбада сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс.

      Сараптамалық қорытындыларда көрсетілген ескертулер жойылған жағдайда, жобаны әзірлеуші қаулы жобасына түсіндірме жазбада аталған ескертулердің жойылғанын көрсетуге тиіс;

      3) Үкіметтің қолданыстағы актілеріне өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін қаулы жобасына Регламентке 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды тиісті түрде негіздейтін қаулының (қаулылардың) бұрынғы және жаңа редакциясындағы салыстырма кестесі;

      жобаның әрбір абзацына қатысты негіздеме, оның ішінде нормативтік құқықтық акті болса – тиісті заңнамалық немесе заңға тәуелді актінің нормасына міндетті сілтеме, сондай-ақ одан дәйексөз келтірілуге тиіс;

      Үкімет қаулыларымен бекітілген туынды нормативтік құқықтық актілердің жаңа редакциясы енгізілген кезде де жаңа редакциядағы қаулының әрбір абзацын тиісті түрде негіздей отырып (оның ішінде нормативтік құқықтық акті болса – тиісті заңнамалық немесе заңға тәуелді актінің нормасына міндетті сілтеме, сондай-ақ одан дәйексөз келтіре отырып), туынды нормативтік құқықтық актілердің бұрынғы және жаңа редакцияларының әзірлеуші мемлекеттік орган басшысының жетекшілік ететін орынбасары қол қойған салыстырма кестесін қоса беру қажет;

      4) жобада қаулының (қаулылардың) күшін жою көзделетін жағдайда, жобаны қабылдау қажеттілігіне негіздемені қамтитын анықтама;

      5) қаулы жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындылары.

      Сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, қаулы жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің қорытындылары белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, қоса берілмейді;

      6) қаулы жобасы "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттік органда қоғамдық кеңес құру көзделмеген жағдайлардан басқа, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын болса, қоғамдық кеңестің ұсынымдары;

      Ұсынымдармен келіспеген жағдайда жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс. Қоғамдық кеңестің ұсынымдары белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, қоса берілмейді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми сараптама жүргізу міндетті болған жағдайда, халықаралық шарттың жобасы бойынша не Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарт бойынша жүргізілген ғылыми сараптама нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды;

      8) Регламенттің 4.2-бөліміне сәйкес өзге мемлекеттік органдардың қорытындылары (келіспеушіліктер хаттамасы, сондай-ақ келісуші мемлекеттік органның ескертулері бойынша өзара тиімді шешім іздеу мақсатында өткізілген кеңестің хаттамасы);

      9) орындау үшін қаулы жобасы әзірленген тапсырмалардың (хаттамалардың және т.б.) көшірмелері;

      10) қаулы жобасымен Парламент Мәжілісінің және Президенттің қарауына заң жобалары мен жарлық жобалары енгізілетін жағдайларда келісу парағы (pdf форматында қосымшаға сәйкес нысан бойынша). Бұл ретте заң жобасына немесе жарлық жобасына келісу парағына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары немесе облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері қолбелгі қояды;

      11) қаулы жобасы бойынша Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес реттеушілік әсерді талдау жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешімі және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның реттеуші мемлекеттік органдардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытындысы, сондай-ақ реттеушілік әсерді талдау нәтижелері.

      Қаулы жобасының және оның заң жобаларын, Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын қамтитын, "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар қосымшаларының әрбір парағын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы немесе облыстың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімі дәйектейді.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.07.2018 № 455 (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      22. Қаулы (өкім) жобасын келісуге алған кезде мемлекеттік органдар басқа мемлекеттік органдардың оны алдын ала келісуін талап етуге, формальды және өзге де негізсіз себептермен жобаны келісуден бас тартуға тиісті емес.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.07.2018 № 455 (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. Қаулы жобаларын мемлекеттiк органдарда қарау және келiсу олар түскен күнiнен бастап мынадай мерзiмнен аспауға тиiс:

      1) Регламентте көзделген жағдайларды қоспағанда, қаулы жобалары – 10 (он) жұмыс күнi;

      2) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою, сондай-ақ гуманитарлық көмек мәселелерi бойынша қаулы жобалары – 3 (үш) жұмыс күнi.

      24. Қаулы (өкім) жобасын қараудың қорытындысы бойынша келісуші мемлекеттік орган мынадай жауап нұсқаларының бірін ұсынуға тиіс:

      1) жоба ескертулерсіз келісілуі мүмкін. Мемлекеттік органның бірінші басшысы (оның міндетін атқарушы адам) немесе облыстың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімі ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, МО ИП-та электрондық құжат нысанындағы жобаны келіседі;

      2) жоба бар ескертулерді жою үшін пысықтауға жіберілуі мүмкін. Бұл ретте МО ИП-та келісуші орган ескертулерді орналастырады, мұнда оларды жою жөніндегі ұсыныстар міндетті түрде қамтылуға тиіс және оған ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, келісуші мемлекеттік органның басшысы қол қояды. Бұл жағдайда әзірлеуші ескертулермен келіскен кезде жобаларды пысықтау МО ИП-та жүзеге асырылады, бұдан кейін әзірлеуші МО ИП-та мемлекеттік органның бірінші басшысының ЭЦҚ-сын куәландыра отырып қол қойылған жобаның пысықталған (келесі) нұсқасын орналастырады және оны мемлекеттік органдарға қайта келісуге жолдайды;

      3) жобаны келісуден бас тартылды. Бұл ретте келісуші мемлекеттік орган МО ИП-та келісуден бас тарту уәждемесі бар келісуден бас тарту белгісін қояды және ол келісуші мемлекеттік органның бірінші басшысының ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

      Келісуші мемлекеттік органдарға қаулылар (өкімдер) жобаларын "ескертулермен" келісуге тыйым салынады.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.07.2018 № 455 (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      25. Келіспеушіліктер болған кезде әзірлеуші мемлекеттік орган өзара тиімді шешім іздеу мақсатында оны келісуші органдармен талқылауды қамтамасыз етуге тиіс. Өзара тиімді шешімге қол жеткізілмеген кезде әзірлеуші мемлекеттік орган келісуші органдармен бірлесіп, келіспеушіліктер хаттамасын жасайды, оны МО ИП-та жобаға орналастырады. Электрондық құжат нысанындағы келіспеушіліктер хаттамасы МО ИП-та мемлекеттік органдар басшыларының ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.07.2018 № 455 (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

4. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу

      26. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген тікелей құзырет болған кезде "Құқықтық актілер туралы" Заңының 34-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленеді.

      27. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша тиісті құрылымдық бөлімшелер "Құқықтық актілер туралы" Заңының және "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңының талаптарына сәйкес қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырады.

      28. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының қазақ тiлінде әзірленуінің сапасын, қазақ және орыс тiлдерiнің қағидаларының сақталуын, қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндердiң теңтүпнұсқалылығын әзірлеуші мемлекеттiк органдар қамтамасыз етеді.

      29. Әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өз құрылымдық бөлімшелеріне тапсырады.

      30. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуді өзіне ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдарға тапсыра алады және бөлінген бюджет қаражаты мен гранттарды осы мақсатқа пайдалана отырып, оны дайындауды шарттық негізде мамандарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдар мен ұжымдарға, оның ішінде шетелдік ғалымдар мен ұжымдарға тиісті салалардағы сарапшыларға тапсыра алады.

      31. Әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актілердің балама жобаларын әзірлеуді бiрнеше мемлекеттiк орган мен ұйымға тапсыруға немесе оларды әзiрлеудi шарттық негiзде, оның iшiнде конкурс бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, ұйымдарға, ғылыми мекемелерге немесе ғалымдарға тапсыруы мүмкін.

      32. Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуде нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға жауапты әзірлеуші мемлекеттік органның заң қызметі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.

      33. Жеке кәсіпкерлік субьектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуы міндетті.

      34. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1090 қаулысымен бекітілген Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгілік ереженің негізінде құрылатын сараптамалық кеңестің отырысында қаралғанға дейін интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) жатады.

      35. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердің жобалары сараптамалық қорытынды алу үшiн, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде қоса бере отырып, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жiбередi.

      36. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары көпшілік талқылауы үшін олар қабылданғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн мерзімде әзірлеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.

      37. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары, қоғамдық кеңесті мемлекеттік органда құру көзделмеген жағдайларды қоспағанда, "Қоғамдық кеңестер туралы" Заңмен белгіленген тәртіппен құрылатын қоғамдық кеңестерге жіберіледі.

      38. Реттеуші құралды енгiзудi немесе кәсiпкерлiк субъектiлерiне қатысты реттеудi қатаңдатуды жүзеге асыруды көздейтiн нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша кәсiпкерлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен алдын ала реттеушiлiк әсердi талдау рәсiмi жүргiзiледi.

      Реттеушiлiк әсердi талдау нәтижелерi реттеушi мемлекеттiк органдардың және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады.

      39. Қабылдау салдары экологиялық, оның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндiруi мүмкiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына мiндеттi ғылыми экологиялық сараптама жүргiзiлуге тиіс.

      Іске асырылуы қоршаған ортаға терiс әсерлерге әкеп соғуы мүмкiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.

5. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілері жобаларын келісу

      40. Әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасы, қажет болған жағдайда оны іске асыру мақсатында қабылданатын басқа нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберіледі.

      41. Нормативтік құқықтық актілердің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу олардың құзыреттеріне қарай жүзеге асырылады, бұл ретте нормативтік құқықтық актінің жобасын келісудегі мұндай мүдделілік қаралатын мәселелердің нысанына сүйене отырып белгіленеді.

      42. Келiсуге нормативтiк құқықтық акт жобасының туынды түрi де, оны бекітетін негiзгi нормативтiк құқықтық актінің жобасы да ұсынылады.

      43. Мемлекеттiк органдарға келісуге енгiзілетiн нормативтік құқықтық актілердің жобалары қазақ және орыс тiлдерiнде әзірленеді, онда мыналар қамтылады:

      1) нормативтік құқықтық актінің жобасы;

      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша анықтама-негіздеме;

      3) қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесімен нормативтік құқықтық актінің бұрынғы және жаңа редакциясының салыстырмалы кестесі қоса беріледі.

      Ескерту. 43-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 24.08.2017 № 506 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      44. Нормативтік құқықтық актінің жобасы мемлекеттік органның бірінші басшысының орынбасары не жауапты хатшысы ЭЦҚ-ны пайдалана отырып қол қойған және МО ИП арқылы берілген электрондық құжат нысанындағы ілеспе хатпен келісуге ұсынылады, ал ұйымдарға осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен расталған электрондық құжаттың қағаз көшірмесі келісуге жіберіледі.

      45. Нормативтiк құқықтық актінің жобасын келiсуге алған кезде мемлекеттiк органдар оны басқа мемлекеттiк органдармен келiсудi талап етпеуге және формальды немесе өзге де негiзсiз себептермен нормативтiк құқықтық актінің жобасын келiсуден бас тартпауға тиіс.

      46. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында нормативтік құқықтық актіні міндетті түрде келісу көзделсе, сондай-ақ онда басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне қатысты ережелер, нормалар мен тапсырмалар қамтылса, нормативтік құқықтық актінің жобасы мемлекеттік органның бірінші басшысының орынбасарының немесе жауапты хатшысының ЭЦҚ пайдаланыла отырып, МО ИП арқылы электрондық құжат нысанында тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен алдын ала келісуге жіберілуі мүмкін.

      Бұл ретте нормативтік құқықтық актінің жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдарға бір мезгілде бір ілеспе хатпен келісуге жіберіледі.

      47. Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісуге жіберілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдары, егер заңнамада өзге мерзім белгіленбесе не жоғары тұрған мемлекеттік органдардың (лауазымды адамдардың) тапсырмаларынан туындамаса, нормативтік құқықтық актінің жобасы келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде ол бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген органға хабарлауға тиіс.

      Нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың жекелеген нормаларының қолданысын тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын келісу келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертулері кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстарды қамтуға, сондай-ақ оның құзыретіндегі мәселелерге тікелей қатысты, негізделген және толық болуға тиіс.

      Ескертулер болған кезде нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген орган қажеттілігіне қарай оны пысықтайды, одан кейін әзірлеуші орган мемлекеттік органның бірінші басшысы орынбасарының не жауапты хатшысының ЭЦҚ-сы қойылған нормативтік құқықтық акт жобасының пысықталған нұсқасын МО ИП-да орналастырады және оны мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге қайта жібереді.

      Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген орган келісуші мемлекеттік органдардың ескертулерімен келіспеген жағдайда, біріншісі осындай ескертудің әрқайсысы бойынша келіспеудің жазбаша негіздемесін қоса бере отырып, нормативтік құқықтық актінің жобасын бұрыштама соғуға жібереді.

      Келісу мерзімі аяқталғаннан кейін нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуші орган мүдделі мемлекеттік органдардың барлық ұсыныстарын жобаның соңғы нұсқасына жинақтайды (ескертулерді жояды).

      Бұл ретте әзірлеуші орган соңғы нұсқаны дайындау процесінде мемлекеттік органдардың өзі келіскен ескертулерін жояды.

      Ескерту. 47-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.08.2017 № 506 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      48. Нормативтік құқықтық актінің жобасын МО ИП арқылы мемлекеттік органдарда түпкілікті келісу мерзімі келісуші мемлекеттік органның бірінші басшысының не оның міндетін атқарушы адамның ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, бұрыштама қою мерзімін қоса алғанда, бес жұмыс күнінен аспауға тиіс, бұл ретте мерзімдер нормативтік құқықтық актінің жобасы осы мемлекеттік органға түскен күннен бастап есептеледі.

      Нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың жекелеген нормаларының қолданысын тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық акті жобасын түпкілікті келісу келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Ескерту. 48-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.08.2017 № 506 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      49. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің нормативтік құқықтық шешімінің жобасын төлнұсқада қағаз жеткізгіште мемлекеттік органдарда түпкілікті келісу мерзімі мемлекеттік органға түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің нормативтік құқықтық шешімінің күші жойылды деп тану, сондай-ақ нормативтік құқықтық шешімдердің немесе олардың жекелеген нормаларының қолданысын тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық шешімінің жобасын төлнұсқада түпкілікті келісу келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Ескерту. 49-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.07.2018 № 463 (31.12.2018 дейін қолданылады) қаулысымен.

      50. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің нормативтiк құқықтық шешімінің барлық парақтарына келісуге жіберуші органда заңгер функциясын атқарушы адам, не әкім, не ол болмаған жағдайда – оның мiндетiн атқарушы адам қол қояды.

      Ескерту. 50-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.07.2018 № 463 (31.12.2018 дейін қолданылады) қаулысымен.

      51. Нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау қорытындылары бойынша келісуші мемлекеттік орган МО ИП арқылы әзірлеуші органға мынадай жауап нұсқаларының бірін ұсынуға тиіс:

      1) нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертулерсіз келісілді (бірінші басшының не оның міндетін атқарушы адамның ЭЦҚ-сымен куәландырылған);

      2) нормативтік құқықтық актінің жобасын келісуден бас тартылды (дәлелденген бас тартуды қоса бере отырып, бірінші басшы орынбасарының не жауапты хатшының ЭЦҚ-сымен куәландырылған).

      Егер нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша олар жойылған жағдайда актінің жобасын келісуге болатындай ескертулер болса, аталған ескертулер МО ИП арқылы электрондық нысанда жазылады, ескертулерді жою бойынша ұсыныстар міндетті түрде қамтыла отырып, бірінші басшы орынбасарының не жауапты хатшының ЭЦҚ-сымен куәландырылады.

      52. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің нормативтік құқықтық шешімінің жобасы МОИП арқылы келісілгеннен кейін нормативтік құқықтық шешім жобасының қағаз жеткізгіштегі төлнұсқасын түпкілікті келісу келісуші мемлекеттік органның бірінші басшысының не ол болмаған жағдайда, оның міндетін атқарушы адамның бұрыштамасымен ресімделеді және мемлекеттік органның бірінші басшысының міндетін уақытша атқару туралы бұйрықтың көшірмесін қоса бере отырып, мөрмен куәландырылады.

      Ескерту. 52-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 24.07.2018 № 463 (31.12.2018 дейін қолданылады) қаулысымен.

      53. Мемлекеттiк органдармен түпкілікті келiсiлген нормативтiк құқықтық актінің жобасының мәтініне түзетулер мен толықтырулар енгiзуге жол берiлмейдi.