Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізудің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 шiлдедегi № 451 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 13 шiлдедегi № 560 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 13.07.2023 № 560 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 33-1-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу қағидалары;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы Үкіметінің
  2020 жылғы 16 шілдедегі
  № 451 қаулысымен
  бекітілген

Нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 33-1-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес әзірленді және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әзірлеуші – нормативтік құқықтық актілерді әзірлейтін мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен заң жобаларын әзірлейтін Парламент депутаттары;

      2) нормативтік құқықтық акт – республикалық референдумда қабылданған не уәкілетті орган қабылдаған, құқық нормаларын белгілейтін, өзгертетін, толықтыратын, олардың қолданысын тоқтататын немесе тоқтата тұратын, белгіленген нысандағы, қағаз жеткізгіштегі жазбаша ресми құжат және сонымен бірдей электрондық құжат;

      3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама – нормативтік құқықтық актілер жобаларында сыбайлас жемқорлыққа бейім нормаларды анықтау мақсатында нормативтік құқықтық актілердің жобаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындысын шығара отырып зерттеу;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындысы – осы Қағидалардың талаптарына сәйкес ресімделген, нормативтік құқықтық актінің жобасына жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың нәтижелері көрсетілетін жазбаша құжат.

      3. Нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама:

      1) нормативтік құқықтық актінің жобасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды (бұдан әрі – сыбайлас жемқорлыққа бейім нормалар) анықтау;

      2) анықталған сыбайлас жемқорлыққа бейім нормаларды жоюға бағытталған ұсынымдар әзірлеу мақсатында жүргізіледі.

      4. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілмейтін заңнамалық актілердің жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізу жағдайларын қоспағанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізілетін заңнамалық актілердің жобалары және осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша жүргізіледі.

      5. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап:

      Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының;

      Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының нормативтік құқықтық актілерінің;

      Қазақстан Республикасы Парламенті мен оның палаталарының нормативтік қаулыларының;

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік қаулыларының;

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының;

      Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының нормативтік құқықтық қаулыларының;

      заңнамалық актілердің жобаларын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына және Қазақстан Республикасы Президенті жарлықтарының жобаларын Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізуді көздейтін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының;

      нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің;

      тиісті аумақта карантин режимін енгізе отырып, карантин аймағын белгілеу (жою) туралы, Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің;

      сайлау учаскелерін құру және үгіт баспа материалдарын орналастыруға арналған орындарды айқындау туралы нормативтік құқықтық актілердің;

      әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, тарату және қайта құру, олардың шекаралары мен бағыныстылығын белгілеу және өзгерту, оларға атау беру және атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы нормативтік құқықтық актілердің;

      елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту туралы нормативтік құқықтық актілердің;

      республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы нормативтік құқықтық актілердің;

      барлық деңгейдегі бюджеттерді бекіту туралы нормативтік құқықтық актілердің;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферт туралы нормативтік құқықтық актілердің;

      республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы нормативтік құқықтық актілердің;

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекті тарифтерді, бағаларды бекіту туралы нормативтік құқықтық актілердің;

      жария сервитутты белгілеу туралы нормативтік құқықтық актілердің;

      мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы нормативтік құқықтық актілердің;

      мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын, сондай-ақ "Қызмет бабында пайдалану үшін", "Баспасөзде жарияланбайды", "Баспаға арналмаған" деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қолданылмайды.

      Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап Қағидалардың осы тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актілерге де қолданылмайды.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.12.2022 № 1082 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуді ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) (бұдан әрі – ұйымдастырушы) жүктеледі.

      7. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуді қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

2-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы жүзеге асыратын субъектілер

      8. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы ұйымдастырушы қалыптастыратын сарапшылар тізіліміне қосылған сарапшылар жүргізеді.

      9. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуді үйлестіру Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын ғылыми мекемеге немесе жоғары оқу орнына (бұдан әрі – үйлестіруші) жүктеледі.

      10. Үйлестіруші конкурстық негізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу үшін сарапшыларды тартады, олардың кандидатураларын сарапшылар тізіліміне енгізу үшін ұйымдастырушыға жібереді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу барысында нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеушілер мен сарапшылардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.

      Сарапшыларды конкурстық іріктеуді жүргізу тәртібін ұйымдастырушы бекітеді.

      11. Сарапшыларды іріктеу өлшемшарттары:

      1) жоғары білімді;

      2) сарапшы ретінде әрекет етуді болжайтын қызмет саласында кемінде 5 жыл не сарапшы ретінде әрекет етуді көздейтін қызмет саласында ғылым кандидаты, ғылым докторы, PhD доктор немесе бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі болған жағдайда кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесін;

      3) өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауын;

      4) әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін 3 жыл әкімшілік жазаның болмауын;

      5) мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін жұмыстан босатылмауын;

      6) сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін соттылығының болмауын қамтиды.

3-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама түрлері

      12. Нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша мамандықтары әртүрлі сарапшылар (сарапшылар тобы) кешенді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама, ал қажет болған кезде қайталама сараптама жүргізуі мүмкін.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді сараптаманы білімнің әртүрлі салалары негізінде нормативтік құқықтық актінің жобасын зерттеу қажет болған жағдайларда мамандықтары әртүрлі сарапшылар жүргізеді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қайталама ғылыми сараптама нормативтік құқықтық актінің жобасына осы Қағидалардың 19-тармағында көзделген тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде жүргізіледі.

4-тарау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу тәртібі мен мерзімдері

      13. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу шарттары ұйымдастырушы мен үйлестіруші арасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жасалған азаматтық-құқықтық шартпен айқындалады.

      14. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы жүзеге асыратын сарапшының құқықтары мен міндеттемелері, сарапшы көрсететін қызметтерге ақы төлеу шарттары, шарттық қатынастарды бұзу үшін негіздер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес үйлестіруші мен сарапшы арасында жасалған сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуге арналған шартпен айқындалады.

      Үйлестіруші осы шартта көзделген негіздер бойынша сарапшымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуге арналған шартты бұзуға құқылы.

      Үйлестіруші мен сарапшы арасында жасалатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуге арналған үлгілік шарттың нысанын ұйымдастырушы бекітеді.

      15. Үйлестіруші нормативтік құқықтық акт жобасының көлемін және сараптаманың күрделілігін негізге ала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу құнын айқындайды. Бұл ретте нақты нормативтік құқықтық актінің жобасына жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың құны туралы деректер үйлестірушінің ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

      Үйлестіруші сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу құнын айқындау тәртібін ұйымдастырушымен келісу бойынша белгілейді.

      16. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу кезінде сарапшы ұйымдастырушы бекітетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды басшылыққа алады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу кезінде сарапшының қызметіне араласуға жол берілмейді.

      17. Нормативтік құқықтық актінің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама оны Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына (бұдан әрі – әділет органдары) келісуге енгізгенге дейін жүргізіледі.

      18. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама заңнамалық актінің жобасы және оған материалдар үйлестірушіге ұсынылған күннен бастап 15 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, ал заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасы және оған материалдар үйлестірушіге ұсынылған күннен бастап 10 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшылығының, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің оны өткізу қажеттігі туралы тапсырмасы болатын жағдайларды қоспағанда, қажет болған кезде осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзім әзірлеушінің келісімімен 5 жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 17-1-бабының 15-тармағына сәйкес әзірленген заңдардың жобалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң күші бар уақытша қаулыларының жобалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама заңнамалық акт жобасы, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасы және оларға материалдар жобаны үйлестірушіге ұсынылған күннен бастап күнтізбелік 3 (үш) күннен аспайтын мерзімде жүргізіледі. Осы нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қайта жүргізілмейді.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 28.12.2022 № 1082 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қайталама ғылыми сараптама нормативтік құқықтық актінің жобасына:

      1) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының ескертулері мен ұсыныстары бойынша;

      2) әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын, әділет органдарының ескертулері мен ұсыныстары бойынша тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда жүргізіледі.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 17.03.2023 № 236 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      20. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қайталама ғылыми сараптама нормативтік құқықтық актінің жобасы және оған материалдар үйлестірушіге ұсынылған күннен бастап 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қайталама ғылыми сараптаманы нормативтік құқықтық актінің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастапқы ғылыми сараптаманы жүргізген сарапшы немесе сарапшылар тобы жүргізеді.

      21. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы жүргізу үшін әзірлеуші мынадай материалдарды үйлестірушіге қағаз және электрондық түрде жібереді:

      1) нормативтік құқықтық актінің жобасы (қазақ және орыс тілдерінде);

      2) нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазба (қазақ және орыс тілдерінде) (бар болса);

      3) қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесімен нормативтік құқықтық актінің жобасына салыстырма кесте (қазақ және орыс тілдерінде);

      4) реттеушілік саясаттың консультативтік құжаты (қазақ және орыс тілдерінде);

      5) зерделенетін проблема бойынша статистикалық деректер (бар болса).

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.12.2022 № 1082 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      22. Үйлестіруші әзірлеуші ұсынған материалдардың толыққандылығын тексереді және олар осы Қағидалардың 21-тармағына сәйкес келген жағдайда нормативтік құқықтық актінің жобасын тіркейді.

      23. Әзірлеуші нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша материалдардың толық тізбесін ұсынбаған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың үйлестірушісі 2 жұмыс күні ішінде әзірлеушіге материалдарды қайтару туралы дәлелді негіздемемен хабарлама жібере отырып, оларды қарамай қайтарады.

      Әзірлеуші үйлестірушінің хабарламасында көрсетілген себептерді жойғаннан кейін нормативтік құқықтық актінің жобасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу үшін қайтадан ұсынады.

      24. Нормативтік құқықтық актінің жобасын тіркегеннен кейін үйлестіруші біркелкілік негізінде нормативтік құқықтық актінің осы жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу үшін сарапшыны немесе сарапшылар тобын айқындайды.

      Бұл ретте үйлестіруші нормативтік құқықтық актінің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуге осы жобаны дайындауға тікелей қатысқан сарапшыны тартпайды.

      25. Үйлестіруші нормативтік құқықтық актінің жобасын және оған қоса берілетін материалдарды сарапшыға немесе сарапшылар тобына жібереді.

      Сарапшы үйлестіруші белгілеген мерзімде үйлестірушіге ұсынылған нормативтік құқықтық акт жобасының жұмысқа қабылданғаны туралы не өзінің бас тарту себептерін көрсете отырып, бас тартқаны туралы хабарлама жібереді.

      26. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізуге келісім берген сарапшы үйлестіруші белгілеген мерзімнен кешіктірмей, нормативтік құқықтық актінің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындысын дайындайды және оны келісу үшін үйлестірушіге жібереді.

      27. Үйлестіруші қорытындыны орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық сауаттылық бөлігінде тексеруді жүзеге асырады және қажет болған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың дайындалған қорытындысын сарапшының немесе сарапшылар тобының пысықтауы туралы мәселені шешеді.

      Сарапшы немесе сарапшылар тобы үйлестірушінің ескертулерімен және ұсыныстарымен келіспеген жағдайда үйлестіруші нормативтік құқықтық актінің жобасын сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу үшін басқа сарапшыға жіберуге құқылы.

      Сарапшы немесе сарапшылар тобы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындысында қамтылған, нормативтік құқықтық акт жобасының сыбайлас жемқорлыққа бейім нормаларын жою жөнінде өздері дайындаған ұсынымдардың негізділігі үшін жауапты болады.

      Егер үйлестіруші сарапшының немесе сарапшылар тобының ұсынымдарымен келіспесе, нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасы бойынша ерекше пікір білдіруге және оны сарапшының немесе сарапшылар тобының қорытындысына қоса беруге құқылы.

      28. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама қорытындысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың мәні бойынша дәлелді, ғылыми негізделген, толық және объективті тұжырымдар жазылуға тиіс.

      Сарапшылардың біреуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысында жазылған тұжырымдармен келіспеген жағдайда тиісті сарапшы ерекше пікір білдіруге және оны сарапшылар тобының қорытындысына қоса беруге құқылы.

      Әр сарапшының ұсыныстары мен ескертулері сараптаманың жиынтық қорытындысында тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болса) көрсетіле отырып белгіленеді.

      29. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысы мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) сарапшының, әзірлеушінің деректері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың мәні мен мақсаттары, нормативтік құқықтық акт жобасының атауы, оның мақсаты мен құрылымы қамтылатын жалпы ережелер;

      2) нормативтік құқықтық актінің жобасы шешуге бағытталған проблемалық мәселелердің сипаттамасы;

      3) анықталған сыбайлас жемқорлыққа бейім нормалардың сипаттамасы;

      4) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалуы ықтималдығы бөлігінде нормативтік құқықтық акт жобасының нормаларын қабылдау салдарын бағалау;

      5) анықталған сыбайлас жемқорлыққа бейім нормаларды жою бойынша ұсыныстар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға кедергі келтіретін құқық нормалары нысанындағы ұсынымдар.

      30. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындылары ұсынымдық сипатта болады.

      31. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысы оны дайындаған сарапшының немесе сарапшылар тобының деректері көрсетіле отырып, қазақ және орыс тілдерінде әзірлеушіге үйлестірушінің ілеспе хатымен жіберіледі, сондай-ақ үйлестірушінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      32. Сараптамалық қорытындының ұсынымдарымен келіспеген жағдайда әзірлеуші сараптамалық қорытындыны алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде үйлестірушіге келіспеу себептерін негіздей отырып, жауап жолдайды.

      Әзірлеушінің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген, электрондық құжат айналымы жүйесінде тіркелген жауабының көшірмесі шығыс тіркеу нөмірі берілгеннен кейін келесі күннен кешіктірілмей үйлестірушінің электрондық мекенжайына жіберіледі.

      33. Үйлестіруші ұсынымдарды қабылдамау себептерінің дәлелді негіздемелері бар әзірлеушілердің келіп түскен хаттарына талдау жүргізеді және тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-күніне дейінгі мерзімде ұйымдастырушыға жүргізілген талдаудың қорытындыларын жолдайды.

      34. Егер сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысы әзірлеушінің құзыретіне жатпайтын ұсынымдарды қамтитын болса, онда әзірлеуші оларды құзыретіне сараптамалық қорытындыда қозғалған мәселелерді қарау кіретін мемлекеттік органдарға тиісті ұстанымды пысықтау және қалыптастыру үшін нормативтік құқықтық актінің жобасымен бір мезгілде жолдайды.

      Құзыретіне сараптамалық қорытындыда қозғалған мәселелерді қарау кіретін мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысын алғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде осы ұсынымдарды қарау жөнінде шаралар қабылдауға және әзірлеушіге тиісті ақпарат беруге міндетті.

      35. Нормативтік құқықтық актінің жобасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің, әділет органдарының қарауына енгізген кезде әзірлеуші нормативтік құқықтық актінің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысын және үйлестірушінің атына жіберілген сараптамалық қорытындының ұсынымдарымен келіспеу себептерінің дәлелді негіздемелері бар хаттың көшірмесін қоса береді.

      36. Нормативтік құқықтық акт жобасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамасының қорытындысын дайындаған сарапшы немесе сарапшылар тобы әзірлеушінің сарапшылардың ұсынымдарымен келісуіне немесе келіспеуіне қарамастан, аталған жоба қабылданғанға дейін оны барлық сатыларда сүйемелдейді.

      Сарапшы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеудің және қабылдаудың кез келген сатысында келісуші мемлекеттік органға немесе нормативтік құқықтық актіні қабылдайтын органға ол бойынша жүргізілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың нәтижелерін негіздейді.

      Қажет болған кезде әзірлеуші нормативтік құқықтық актінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамасының қорытындысын дайындаған сарапшымен немесе сарапшылар тобымен консультациялық кездесу өткізеді.

  Қазақстан Республикасы Үкіметінің
  2020 жылғы 16 шілдедегі
  № 451 қаулысымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 355 қаулысымен.
      2. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 08.06.2021 № 386 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. "Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 568 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 49, 313-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларында:

      33-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Қабылданған нормативтік құқықтық актіге "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап қолданылмайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоспағанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысы, сондай-ақ нормативтік құқықтық актінің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы жүзеге асыратын адамның немесе ұйымның атына нормативтік құқықтық актіні қабылдаған органның ұсынымдарды қабылдамау себептерінің негіздемелері жазылған жауабының көшірмесі қоса беріледі.".

      4. "Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 569 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 50, 316-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 14-1 тармақпен толықтырылсын:

      "14-1. "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап қолданылмайтын қаулы жобаларын қоспағанда, қаулы жобаларына міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілуге тиіс.";

      21-тармақ мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "7-1) қаулы жобасы Әділет министрлігіне енгізілген жағдайда – "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап қолданылмайтын қаулы жобаларын қоспағанда, қаулы жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысы.

      Әзірлеуші сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысымен бірге қаулы жобасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамасын жүзеге асырған адамның немесе ұйымның атына ұсынымдарды қабылдамау себептерінің негіздемелері жазылған өз жауабының көшірмесін енгізеді;";

      мынадай мазмұндағы 35-1-тармақпен толықтырылсын:

      "35-1. "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап қолданылмайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоспағанда, нормативтік құқықтық актілердің жобаларына міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізілуге тиіс.";

      41-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысымен бірге, нормативтік құқықтық акт жобасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамасын жүзеге асырған адамның немесе ұйымның атына әзірлеушінің ұсынымдарды қабылдамау себептерінің негіздемелері жазылған жауабының көшірмесі қоса беріледі.".