Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер енгiзу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 13 мамырдағы № 313 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 13 шiлдедегi № 560 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 13.07.2023 № 560 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 13 мамырдағы
№ 313 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер

      1. "Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің мемлекеттiк тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 25 шілдедегі № 439 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің мемлекеттiк тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидаларында:

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарын, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулыларын, мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларын, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларын және әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі олар нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне енгізілген сәттен бастап бір күн ішінде автоматты түрде қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде МОИП арқылы уәкілетті ұйымға жібереді.

      МОИП-қа қолжетімділік болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде және (немесе) оның аумақтық органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен, мемлекеттік органның мөрімен расталған және Заңның 35-бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуші мемлекеттік органдар мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде бір данада қағаз және электрондық түрде уәкілетті ұйымға жібереді.

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде және (немесе) оның аумақтық органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен, "Қызмет бабында пайдалану үшін", "Баспасөзде жарияланбайды", "Баспасөзге арналмаған" деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік органдар мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Заңның 35-бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылып, электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде уәкілетті ұйымға деректемелер түрінде жібереді.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Осы Қағидалардың 9-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік органдар қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде Заңның 35-бабында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде уәкілетті ұйымға жібереді.".

      2. "Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 568 қаулысында:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидалары осы өзгерiстерге 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      3. "Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 569 қаулысында:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидаларын бекіту туралы";

      1-1-тармақ алып тасталсын;

      көрсетілген қаулымен бекітілген Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары осы өзгерiстерге 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
кейбір шешімдеріне енгізілетін
өзгерістерге
1-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 6 қазандағы
№ 568 қаулысымен
бекітілген

Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 35-1-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және мынадай нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу, мемлекеттік тіркеу тәртібін айқындайды:

      1) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулылары;

      2) Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;

      3) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;

      4) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.

      Қағидалардың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген орталық және жергілікті органдар әзірлеуші мемлекеттік органдар болып табылады. Бұл ретте орталық органдар деп осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген актілерді қабылдайтын органдар түсініледі, ал жергілікті органдар деп мәслихаттар, әкімдіктер, тексеру комиссиялары және әкімдер түсініледі.

      2. "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және келісу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1196 қаулысымен бекітілген мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

2-тарау. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу тәртібі

1-параграф. Нормативтік құқықтық актінің жобаларын әзірлеу тәртібі

      3. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу жөніндегі орталық және жергілікті органдардың құзыреті Заңның 18-бабының 4-тармағын және 34-бабының 3-тармағын ескере отырып айқындалады.

      4. Нормативтік құқықтық актілер қазақ және орыс тілдерінде әзірленеді.

      5. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу сапасын, әдеби тiл нормаларының, заң терминологиясы мен заң техникасының сақталуын, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығын әзірлеуші мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

      6. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралды енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберілгенге дейін орталық және жергілікті органдар Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 82 және 83-баптарының талаптарын ескере отырып, реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.

      Реттеушілік әсерді талдау қорытындыларымен келіспеген жағдайда кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кәсіпкерлік саласындағы басшылықты жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді.

      Реттеушілік әсерге жүргізілген талдаулардың нәтижелері жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырылады.

      7. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган Заңның 19-бабында айқындалатын тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының және осы орган жанындағы Сараптама кеңесі мүшелерінің сараптама қорытындыларын алуды қамтамасыз етеді.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган сараптама қорытындысымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

      Сараптама қорытындысымен келіспеген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган сараптама қорытындысын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы қорытындыны берген сараптама кеңесі мүшесіне және Ұлттық палатаға келіспеу себептерінің негіздемесімен жауап жібереді. Мұндай жауап нормативтік құқықтық акт қабылданғанға дейін оның жобасына міндетті қосымша болып табылады.

      8. Әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасы осы жоба мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберілгенге дейін жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылады.

      Өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің жобасы әзірленген жағдайда, ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында осы жобаға салыстырма кесте де орналастырылады, онда енгізілетін түзетулер бөліп көрсетіліп, әрбір енгізілетін өзгеріс және/немесе толықтыру бойынша жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілерге, жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмаларына сілтеме жасалып, нақты негіздемелер көрсетіледі.

      Әзірленген жобаны және оған қоса берілетін құжаттарды ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастыру қазақ және орыс тілдерінде қамтамасыз етіледі.

      9. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган Заңның 20-бабында көзделген тәртіппен осы орган жанындағы Қоғамдық кеңестің ұсынымдарын алуды қамтамасыз етеді.

      10. Іске асырылуы қоршаған ортаға теріс әсерлерге әкеп соғуы мүмкін нормативтік құқықтық актілердің жобаларына міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.

      11. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап Заңға сәйкес қолданылмайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоспағанда, нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті түрде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамаға жатады.

2-параграф. Нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу

      12. Нормативтiк құқықтық актілердің мынадай деректемелері болуға тиіс:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы;

      2) актінің нысанын көрсету: министрдің бұйрығы; орталық мемлекеттік орган басшысының бұйрығы; ведомство басшысының бұйрығы; орталық мемлекеттік органның қаулысы; мәслихаттың шешімі; әкімдіктің қаулысы; әкімнің шешімі; тексеру комиссиясының қаулысы және Заңда көзделген нормативтік құқықтық актінің өзге де нысаны;

      3) нормативтік құқықтық актінің реттеу нысанасын білдіретін тақырып;

      4) нормативтік құқықтық актінің қабылданған орны мен күні;

      5) нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі;

      6) нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның немесе адамдардың қолтаңбалары;

      7) Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актілерде нормативтік құқықтық актінің мемлекеттік тіркелген күні мен нөмірін көрсету;

      8) елтаңбалы мөр.

      Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген деректеме электрондық құжат айналымында электрондық бланкінің өзінде орналастырылады.

      Электрондық құжат айналымында осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актінің деректемелері Мемлекеттік органдардың интранет порталының (бұдан әрі – МО ИП) электрондық тіркеу-бақылау карточкасында және электрондық бланкіде орналастырылады.

      Заңның 35-бабы негізінде тиісті нормативтік құқықтық актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның немесе оның міндетін атқарушы адамның лауазымын, тегін және аты-жөнін электрондық тіркеу-бақылау карточкасында әзірлеуші мемлекеттік орган (бірлескен нормативтік құқықтық акт әзірленген жағдайда – негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік орган) көрсетеді.

      Тиісті нормативтік құқықтық актіні келісетін мүдделі мемлекеттік орган адамының немесе оның міндетін атқарушы адамның лауазымы, тегі және аты-жөні электрондық тіркеу бақылау карточкасында көрсетіледі, электрондық бланкіде мүдделі мемлекеттік органның деректемелері көрсетіледі.

      Электрондық құжат айналымында осы тармақтың 8) тармақшасында көрсетілген деректеме электрондық тіркеу-бақылау карточкасы болып табылады.

      Электрондық құжат айналымында осы тармақтың 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген деректемелер электрондық тіркеу-бақылау карточкасында орналастырылады.

      Қағаз құжат айналымы кезінде МО ИП-қа немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар нормативтік құқықтық актілер үшін қолжетімділік болмаған кезде нормативтік құқықтық актінің деректемелері мен мәтіні тікелей қағаз бланкіде орналастырылады.

      Электрондық бланкідегі нормативтік құқықтық акт пен электрондық тіркеу-бақылау карточкасы, сондай-ақ нормативтік құқықтық актіге жекелеген файлдар түрінде тіркелетін құжаттар бірыңғай электрондық құжатты құрайды.

      13. Нормативтік құқықтық актілердің туынды түрлері Заңның 28-бабының талаптары ескеріле отырып, негізгі нормативтік құқықтық актіге қосымшалар түрінде ресімделеді.

      Қосымшаларды қоса алғанда, нормативтік құқықтық актінің негізгі де, туынды да түрінің әрбір беті парақтың жоғарғы жиегінің ортасында тыныс белгілерінсіз нөмірленеді.

      Нормативтік құқықтық актінің негізгі түрінің бірінші беті нөмірленбейді.

      Нормативтік құқықтық актінің негізгі және туынды түрі беттердің толассыз нөмірленуін қамтуға тиіс.

      14. Тармақтар, тараулар, параграфтар, бөлімдер, кіші бөлімдер маңыздылығы бойынша логикалық кезектілікпен, сондай-ақ мәселені шешу кезеңдерінің хронологиясын ескере отырып орналастырылады.

      15. Нормативтік құқықтық актінің тармақтары тармақшаларды, бөліктерді және абзацтарды қамтуы мүмкін.

      16. Нормативтік құқықтық актінің тақырыбы қабылданатын нормативтік құқықтық актінің реттеу нысанасын белгілеуге тиіс.

      17. Нормативтік құқықтық актінің тақырыбында және мәтіні бойынша сөздерді буынға бөліп тасымалдауға жол берілмейді.

      Электрондық құжат айналымында тақырып парақтың жоғарғы бөлігінің ортасында орналасады.

      Қағаз құжат айналымы кезінде нормативтік құқықтық актінің негізгі түріндегі тақырып нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу туралы мөртабан үшін оң жағынан ені кемінде 7,5 сантиметр (бұдан әрі – см) және ұзындығы кемінде 4 см бос орын қалдыра отырып, парақтың сол жақ жоғарғы бөлігінде орналасуға тиіс.

      18. Нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында актінің тақырыбына, қабылданған күніне, тіркеу нөміріне және нысанына сілтеме қамтылуға тиіс.

      Нормативтік құқықтық актіге немесе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында бірінші кезекте "өзгерістер" немесе "өзгеріс" деген сөздер көрсетіледі.

      19. Нормативтік құқықтық актінің мақсаттарын, оны қабылдау негіздерін және оның алдында тұрған негізгі міндеттерді түсіндіру қажет болған жағдайларда, құқық нормаларын баяндамас бұрын кіріспе бөлім (кіріспе) беріледі.

      Нормативтік құқықтық актінің кіріспе бөлігінде (кіріспесінде) іске асыру үшін осы акт қабылданатын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сілтемелер келтірілуі мүмкін.

      20. Нормативтік құқықтық актілердің жобалары мынадай параметрлер ескеріле отырып ресімделеді ("docx" кеңейтіле отырып, мәтіндік редакторды қолдану арқылы"):

      1) сол жақтағы жиек – 2,5 см, оң жақтағы жиек – 1,5 см, колонтитулдар – 2,5 см;

      2) қаріп – көлемі № 14 "ТімеҺ New Rоmаn" (қосымшаларда кішірек, бірақ кемінде № 10 қаріп пайдаланылуы мүмкін);

      3) жоларалық интервал – бір;

      4) абзацтық шегініс (бірінші жолдың шегінісі) – 1,25 см.

      Нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері анық тұжырымдалып, түзетулерсіз, орфографиялық және грамматикалық қателерсіз бірыңғай қаріппен басылуға тиіс.

      21. Нормативтiк құқықтық актінің мәтінінде қою әріптермен жазылатын тақырыпты, параграфтардың, тараулардың, кіші бөлімдердің, бөлімдердің атауларын, "БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ", "БІРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)", "БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ ЖӘНЕ БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)", "БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)", ("ШЕШТІМ (ТІК)", "ҚАУЛЫ ЕТЕДІ (МІЗ)") деген сөздерді, қол қоюшы адамның лауазымын, аты-жөні мен тегін қоспағанда, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін қою қаріппен жазуға және астын сызуға жол берілмейді.

      "БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)", ("ШЕШТІМ (ТІК)", "ҚАУЛЫ ЕТЕДІ (МІЗ)" деген сөздер бас әріптермен жазылады және оларды буынға бөліп тасымалдауға жол берілмейді.

      22. Абзацтарға, бөліктерге жолдар мен сөйлемдерге сілтеме жасалғанда, олардың нөмірленуі реттік сан есіммен (жазумен) белгіленеді.

      23. Нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасалғанда мынадай кезектілікпен осы нормативтік құқықтық актінің тақырыбы, оның қабылданған күні, тіркеу нөмірі және нысаны көрсетіледі.

      Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасалғанда оның нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.

      Заңнамалық актілерге сілтеме жасалғанда олар тіркелген нөмірлерді, сондай-ақ олардың қабылданған күндерін көрсету талап етілмейді.

      24. Нормативтiк құқықтық актінің мәтінінде күнді белгілеген кезде айдың атауы жазбаша, ал жыл – толық көрсетіледі, мысалы: "2016 жылғы 6 қаңтар".

      25. Тиісті нұсқауларды нормативтік құқықтық актінің мәтінінде құқық нормасының мәніне нұқсан келтірмей жазу мүмкін болмаған кезде, нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементі ескертпемен толықтырылуы мүмкін.

      26. Бірлескен нормативтік құқықтық актілер түрінде қабылданатын нормативтік құқықтық актілер ресми бланкілер пайдаланылмай ресімделеді.

      27. Нормативтік құқықтық актіні шешімдері қаулы түрінде ресімделетін екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдаған жағдайда, актінің: "БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ" нысаны көрсетіледі.

      Нормативтік құқықтық актілерді шешімдері бұйрықтар (шешімдер) түрінде ресімделетін екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдаған жағдайларда, актінің: "БІРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)" нысаны көрсетіледі.

      Егер нормативтік құқықтық актіні біреуінің шешімі қаулы түрінде, ал екіншісінің шешімі бұйрық (шешім) түрінде ресімделетін екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдаса, актінің: "БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ ЖӘНЕ БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)" нысаны көрсетіледі.

      28. Екi және одан да көп мемлекеттік органдар қабылдайтын бірлескен актіні ресімдеу кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бірінші парақтың жоғарғы бөлігінің ортасында орналасуға тиіс.

      Нормативтік құқықтық актінің қабылданған орны мен күні, сондай-ақ тіркеу нөмірі мемлекеттік органның әрбір ресми атауының астында орналасуға тиіс.

      29. Қағаз құжат айналымы кезінде мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының не олар болмаған жағдайда, олардың міндетін атқаратын адамдардың қолдары негізгі нормативтік құқықтық акт мәтінінің соңында тұрады.

      30. Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді, сондай-ақ олардың күші жойылды деп тануды көздейтін нормативтік құқықтық актілерді дайындау кезінде осы нормативтік құқықтық актілердің тақырыбынан, қабылданған күнінен, тіркеу нөмірінен кейін жақшаның ішінде нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі көрсетіледі.

      31. Жаңа құрылымдық элементтер, сондай-ақ қосымшалар нормативтік құқықтық актінің мәтініне дәл сол түрдегі соңғы құрылымдық элементтен кейін келесі реттік нөмірлермен немесе сол түрдегі құрылымдық элементтердің арасында нормативтік құқықтық актінің өзінің алдындағы құрылымдық элементтерінің нөмірлерін қайталайтын қосымша нөмірлермен енгізіледі, мысалы: 2-1, 2-2-тармақтар; 8-1), 8-2) тармақшалар; 5-1-бөлім; 3-1, 3-2, 3-3-қосымшалар.

      Егер нормативтік құқықтық акт қосымшамен толықтырылған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық актіні қосымшамен немесе туынды түрдегі нормативтік құқықтық актімен толықтыру туралы тармақ (тармақша) енгізіледі.

      32. Бір ғана нормативтік құқықтық актіге енгізілетін барлық өзгерістер және (немесе) толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделеді. Өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілер олардың заң күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ олардың қабылданған (шығарылған) күні бойынша хронологиялық тәртіппен орналастырылады.

      Жарияланған күндері бірдей болған кезде нормативтік құқықтық актілер олардың тіркеу нөмірлеріне немесе ресми жариялау көздеріндегі құжаттардың нөмірлеріне сәйкес көрсетіледі.

      33. Нормативтік құқықтық актіні қолданыстағы актінің орнына қабылдаған кезде соңғысы күші жойылды (толық немесе ішінара) деп танылуға тиіс.

      Негізгі нормативтік құқықтық акт те, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген нормативтік құқықтық актілер (немесе олардың құрылымдық бөліктері) де күші жойылды деп тануға жатады.

      34. Үш және одан да көп нормативтік құқықтық актінің немесе олардың құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде жеке қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады.

      35. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық элементтерінің тізбесі не нормативтік құқықтық актінің өзінде немесе оны қолданысқа енгізу тәртібі туралы актіде қамтылуға тиіс.

      36. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі жағынан қомақты бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіліп, өзінің заңдық күшін сақтайтын құрылымдық элементтер туралы ескертіледі.

      Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі жағынан шағын бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге жаңадан қабылданған нормативтік құқықтық актіге қайшы келетін не онда қамтылатын құрылымдық элементтер ғана енгізіледі.

      Мұндай жағдайларда нормативтік құқықтық актінің көлемі Заңның 26-бабының 9-тармағына сәйкес айқындалады.

      37. Қолданылу мерзімі өткен нормативтік құқықтық актілер және нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтері күші жойылды деп тануға жатпайды.

      Нормативтік құқықтық актіде қолданылу мерзімі өткен құқық нормаларымен қатар күші жойылды деп танылуға жататын құқық нормалары қамтылған жағдайда, тізбеге бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.

      38. Нормативтік құқықтық актінің құрылымына қосымшалар енгізілуі мүмкін.

      Егер нормативтік құқықтық актіде қосымшаларға сілтемелер болса, онда нормативтік құқықтық актіге бір қосымша болатын жағдайларды қоспағанда, қосымшалардың акт мәтінінде аталуы тәртібімен берілетін қосымшалардың нөмірлері көрсетіледі.

      Қосымшаға сілтеме қосымшаның атауына сәйкес келуі керек.

      39. Нормативтік құқықтық актіге берілетін графиктер, кестелер, схемалар, карталар, тізбелер және басқа да қосалқы құжаттар қажет болған жағдайда бөлек қосымшалармен ресімделеді.

      40. Туынды нормативтік құқықтық актінің не негізгі нормативтік құқықтық актіге қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң бұрышында олар бекітілген нормативтік құқықтық актіге, актінің қабылданған күніне және оның тіркеу нөміріне нұсқау қамтылуға тиіс.

      Егер негізгі нормативтік құқықтық актіге екі және одан көп қосымша болған жағдайда, әрбір қосымшаның бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында оның реттік нөмірі, сондай-ақ ол бекітілген нормативтік құқықтық акт, актінің қабылданған күні және оның тіркеу нөмірі көрсетіледі.

3-тарау. Нормативтік құқықтық актілерді келісу тәртібі

      41. Нормативтік құқықтық актіні келісу ол қабылданғанға дейін жоба түрінде жүзеге асырылады.

      42. Әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары енгізілетін әрбір өзгеріс және/немесе толықтыру қою қаріппен көрсетіліп (қолданыстағы нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда), олардың әрқайсысы бойынша жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілердің нормаларына, жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмаларына сілтеме жасай отырып, нақты негіздемелер жария талқылаулардың, сондай-ақ осы Қағидалардың 53-тармағында көзделген жобаларды қоспағанда, жүргізу міндеттілігі тиісті саладағы құқықтық қатынастарды реттейтін Заңда және/немесе заңнамалық актіде көзделген сараптамалардың нәтижелері көрсетіліп, сараптамалық қорытындылар, ұсынымдар, бұрынғы және жаңа редакцияның салыстырма кестесі қоса беріліп, мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберіледі.

      Келісу барысында алынған мүдделі мемлекеттік органдардың ұсынымдарымен, ескертулерімен және ұсыныстарымен келіскен кезде әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің пысықталған жобасын келісуге жібереді.

      43. Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу олардың құзыретіне орай жүзеге асырылады, бұл ретте нормативтік құқықтық актінің жобасын келісудегі мұндай мүдделілік онда қаралатын мәселелердің мән-жайы негізге алына отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің, оның ішінде сараптамалардың міндетті түрлерін жүргізуге қатысты талаптары ескеріле отырып белгіленеді.

      Нормативтік құқықтық актілердің жобалары бұрын сараптамалық және қоғамдық кеңестердің құрамына қатысу шеңберінде өкілдері өздерінің сараптамалық қорытындыларын ұсынған мүдделі ұйымдарға келісуге жіберілмейді.

      44. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралды енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасы сараптама кеңестерімен, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және басқа да мүдделі ұйымдармен, сондай-ақ кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауына ұсынылады.

      Әзірленген жобаға реттеушілік әсерге жүргізілген талдау нәтижелері және жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда орналастыру туралы ақпарат қоса беріледі.

      45. Заңның 35-1-бабының негізінде әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің әзірленген жобалары мемлекеттік тіркеуге жіберілгенге дейін олар Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен (бұдан әрі – Әділет министрлігі) міндетті түрде келісілуге тиіс.

      Қағаз құжат айналымы кезінде жергілікті әзірлеуші мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары аумақтық әділет органдарына міндетті келісуге жіберіледі.

      46. Әділет органдарына жіберілген кезде әзірленген жобаға мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу нәтижелері, сондай-ақ осы Қағидалардың 42-тармағында көрсетілген құжаттар қоса беріледі.

      47. Келісуге нормативтік құқықтық акт жобасының туынды түрі де, ол бекітілетін негізгі нормативтік құқықтық актінің жобасы да ұсынылады.

      48. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралды енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасына әділет органдарына жіберілген кезде реттеушілік әсерге жүргізілген талдаудың және/немесе реттеушілік әсерге баламалы талдаудың нәтижелері және Комиссияның оны мақұлдауы туралы хаттамалық шешім қоса беріледі.

      Келісу барысында алынған ұсынымдармен, ескертулермен және ұсыныстармен келіскен кезде әзірлеуші мемлекеттік орган пысықталған нормативтік құқықтық актінің жобасын әділет органдарына жібереді.

      Алынған ұсынымдармен және/немесе сараптамалық қорытындылармен келіспеген жағдайда, мүдделі органдар мен ұйымдардың атына әзірлеуші мемлекеттік органның тиісті негіздемелерімен жауаптары әзірленген жобаға қоса беріледі.

      49. Әзірленген жоба мен оған қоса берілетін құжаттар МО ИП арқылы электрондық құжат айналымы шеңберінде әділет органдарына және мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге орталық немесе жергілікті орган басшысының, басшы орынбасарының не тиісті жергілікті органның аппарат басшысының немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің не оның міндетін атқарушы адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылып, қазақ және орыс тілдерінде *docx форматында жіберіледі.

      Қағаз құжат айналымы кезінде жоғарыда көрсетілген құжаттар келісуге ілеспе хатпен жіберіледі.

      Бұл ретте электрондық құжат айналымы кезінде жобаны ЭЦҚ арқылы мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы келіседі, ал қағаз құжат айналымы кезінде тиісті жобаны келісуге жіберген мемлекеттік органның көрсетілген лауазымды адамы, ал ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адам нормативтік құқықтық акт жобасының барлық парақтарын дәйектейді.

      50. Мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасын нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын келісуге жауапты деп айқындалған тиісті құрылымдық бөлімшенің басшысы, ал ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адам келіседі (қол қояды).

      Жергілікті мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасын осы органда заңгер функцияларын орындайтын адам не мемлекеттік органның бірінші басшысы не ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқаратын адам келіседі (қол қояды).

      51. Бірнеше уәкілетті орган бірлесіп әзірлейтін бірлескен нормативтік құқықтық актілердің жобаларын оны әзірлеуге негізгі жауапты болып айқындалған уәкілетті орган келісуге жібереді.

      52. Әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасын әділет органдары, мүдделі мемлекеттік органдар және ұйымдар, егер заңнамада өзгеше мерзім белгіленбесе, ол келіп түскен күннен кейін он жұмыс күні ішінде келісуді жүргізеді.

      Бұл ретте әділет органдары нормативтік құқықтық актінің әзірленген жобасын келісуді нормативтік құқықтық актінің әзірленген жобасын барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар келіскеннен кейін жүзеге асырады.

      53. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою), карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялауды көздейтін әзірленген жобаны, сондай-ақ қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға, оның ішінде карантинге байланысты уақытша, оның ішінде карантинмен шектеу іс-шараларына байланысты не "Төтенше жағдай туралы" 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес құрылған Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) шешімдерін іске асыру үшін әзірленген жобаны келісу ол келіп түскен күннен кейін бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      54. Нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын келісу келіп түскен күннен кейін үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      55. Алынған ұсынымдар, ескертулер мен ұсыныстар ескеріле отырып пысықталған, сондай-ақ олармен келіспеген жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасын қайта келісу – ол қайта келісуге келіп түскен күннен кейін бес жұмыс күні ішінде, ал осы Қағидалардың 53-тармағында көрсетілген жобалар бойынша бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Алынған ұсынымдармен, ескертулермен және ұсыныстармен келіспеген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен және/немесе ұйымдармен келісу консультацияларын жүргізеді.

      56. Мүдделі мемлекеттік органдармен және әділет органымен қағаз түрінде келісу МО ИП-қа қолжетімділік болмаған және (немесе) "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар нормативтік құқықтық актінің жобасын келісуге жіберілген кезде жүргізіледі.

      Техникалық себептер бойынша МО ИП-қа қолжетімділік болмаған жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган техникалық себептер туралы актіні қоса беріп, әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасына қосымша ретінде қағаз түрінде алынған келісу нәтижелерін электрондық түрде ресімдеу жөнінде шаралар қабылдайды.

      57. Нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау қорытындылары бойынша әділет органдары және келісуші мүдделі мемлекеттік орган немесе ұйым жауаптың мынадай нұсқаларының бірін ұсынады:

      1) ескертулерсіз келісу;

      2) пысықтауға қайтару;

      3) заң техникасы бойынша пысықтауға қайтару;

      4) келісуден бас тарту.

      Бұл ретте жобаларды заң техникасы бойынша пысықтауға қайтаруды әділет органдары заң техникасының сақталмауына байланысты және жобаның мағыналық мазмұнының өзгеруіне әкеп соқпайтын ескертулер бойынша жобаларға қатысты жүзеге асырады. Пысықталғаннан кейін мұндай жобалар басқа мүдделі органдармен және ұйымдармен қайта келіспей әділет органдарына жіберіледі.

      Пысықтауға қайтару немесе келісуден бас тарту туралы жауап болған жағдайда, нақты ескертулер және (немесе) қаралған жобаның тиісті нормаларының негіздемелерімен және (немесе) ұсынылатын редакцияларымен бірге ұсынылады, олар келісуші мемлекеттік органның құзыретіне тікелей қатысты болуға тиіс.

      Мүдделі мемлекеттік органдармен келісу кезінде электрондық түрдегі жауаптар орталық немесе жергілікті орган басшысының, басшысы орынбасарының не тиісті жергілікті органның аппарат басшысының немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің не оның міндетін атқарушы адамның ЭЦҚ-мен, ал қағаз түрінде – жоғарыда көрсетілген лауазымды адамдардың қолымен куәландырылады.

      Әділет органдары нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келіскен кезде жауап:

      электрондық құжат айналымы кезінде Қазақстан Республикасы Әділет министрінің не Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрінің ЭЦҚ-мен;

      қағаз құжат айналымы кезінде:

      орталық органдар үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрінің не Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрінің қолымен;

      жергілікті органдар үшін аумақтық әділет органы басшысының не оның міндетін атқарушы адамның қолымен куәландырылады.

      Қағаз құжат айналымы кезінде нормативтік құқықтық актіні келісу қорытындылары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 703 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларына (бұдан әрі – Құжаттама жасау қағидалары) сәйкес ресімделеді.

      58. Нормативтік құқықтық актінің жобасына оның мағыналық мазмұнының өзгеруіне әкеп соғатын түзетулер енгізілген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган ескертулерсіз келісу туралы жауап алу мақсатында жобаны қайта келісуді жүргізеді.

      Әділет органдарынан ескертулерсіз келісу туралы жауап алынғаннан кейін нормативтік құқықтық актінің жобасы түпкілікті келісілген болып есептеледі және бекітуге болады.

      Мәслихат сессиясында мәслихаттың жергілікті бюджет туралы немесе оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы қабылданатын нормативтік құқықтық актісіне (шешімдеріне) өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, мәслихаттың тиісті қабылданған нормативтік актісі мемлекеттік тіркеуге жіберілгенге дейін ол келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен түпкілікті келісуге жатады және әділет органдарымен қайта келісуді талап етпейді.

      59. Қабылдау нормативтік құқықтық актінің түпкілікті (ескертулерсіз және ескертпелерсіз) келісілген жобасына қатысты жүзеге асырылады.

      Электрондық құжат айналымы шеңберінде нормативтік құқықтық актіні қабылдау МО ИП арқылы немесе МО ИП-қа қолжетімділік болмаған және/немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" белгісі болған жағдайларда қағаз түрінде жүргізіледі.

      60. Әзірлеуші мемлекеттік органда электрондық құжат айналымы шеңберінде нормативтік құқықтық актіні қабылдау Заңның 35-бабының негізінде тиісті нормативтік құқықтық актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның немесе тиісті актінің негізінде оның міндетін атқаратын адамның ЭЦҚ-мен куәландырылады.

      Қағаз құжат айналымы кезінде аталған адамдар қағаз бланкіге қол қояды.

      61. Электрондық құжат айналымы шеңберінде бірлескен нормативтік құқықтық актіні қабылдау оның жобасын алдын ала келіскеннен кейін осы бірлескен нормативтік құқықтық актіні қабылдайтын екі және одан көп мемлекеттік органның электрондық түрде бекітуі арқылы жүргізіледі.

      Негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік орган бірлескен нормативтік құқықтық актіні МОИП арқылы басқа уәкілетті мемлекеттік органдарға жібереді.

      Бірлескен нормативтік құқықтық актіге осы Қағидалардың 42-тармағында көрсетілген құжаттар қоса беріледі.

      62. Бірлескен нормативтік құқықтық актінің қабылдануы Заңның 35-бабына сәйкес нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның ЭЦҚ-мен куәландырылады.

      Көрсетілген адам болмаған жағдайда, нормативтік құқықтық акт оның міндетін атқарушы адамның ЭЦҚ-мен куәландырылады, бұл ретте міндеттерді жүктеу туралы тиісті актіні қоса тіркеу шарт.

      Бірлескен нормативтік құқықтық актіні келісу арқылы қабылдау туралы белгілер, сондай-ақ осы бірлескен актінің қабылданған күні мен нөмірі электрондық тіркеу-бақылау карточкасында "НҚА-ның НӨМІРІ МЕН ҚАБЫЛДАНҒАН КҮНІ" деген сөздердің тұсына және бұрын электрондық тіркеу-бақылау карточкасына негізгі әзірлеуші жауапты мемлекеттік орган енгізген әрбір уәкілетті мемлекеттік органның ресми атауына, жеке-жеке көрсетіледі.

      Қабылданған бірлескен нормативтік құқықтық актінің электрондық тіркеу бақылау карточкасын толтыру негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік органның бақылауымен автоматты түрде жүргізіледі.

      63. МО ИП-қа қолжетімділік болмаған және/немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі болған кезде қағаз түріндегі бірлескен нормативтік құқықтық актінің қабылдануы осы нормативтік құқықтық актіні қабылдайтын мемлекеттік орган (мемлекеттік органдар) басшысының қолымен куәландырылады.

      Мемлекеттік органның басшысы болмаған жағдайда, тиісті құқықтық актіні қабылдау мемлекеттік органның бірінші басшысының міндеттерін жүктеу туралы актінің көшірмесін қоса беріліп, оның міндетін атқарушы адамның қолымен куәландырылады.

      64. Қағаз түрінде нормативтік құқықтық актіні қабылдайтын мемлекеттік орган (мемлекеттік органдар) басшысының қолы нормативтік құқықтық актіге қол қойған тұлға лауазымының атауынан кейін қойылатын елтаңбалық мөрмен расталады.

      Бұл талап бірлескен нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға да қатысты.

      65. Бірлескен нормативтік құқықтық акт қабылданғанға дейін оған қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда бір жұмыс күні ішінде келісу консультациялары өткізіледі.

      Бірлескен нормативтік құқықтық актіні келісу арқылы қабылдау МО ИП бойынша келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      66. Нормативтік құқықтық актіні қабылдайтын мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы, ал ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы тұлға нормативтік құқықтық актіні ЭЦҚ-мен келіседі.

      Мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда, нормативтік құқықтық актіні нормативтік құқықтық актіні келісуге жауапты деп айқындалған тиісті құрылымдық бөлімшенің басшысы, ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адам келіседі.

      Жергілікті органда заң қызметі болмаған жағдайда, нормативтік құқықтық актіні осы органда заңгер функцияларын орындайтын адам не мемлекеттік органның бірінші басшысы не ол болмаған жағдайда оның міндетін атқаратын адам келіседі.

      Қағаз құжат айналымы кезінде қабылданған нормативтік құқықтық актінің әрбір парағын осы актіні қабылдаған (келіскен) органның заң қызметінің басшысы, ал ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адам дәйектейді.

      Көрсетілген заң қызметі болмаған жағдайда, әр парақты дәйектеуді Қағидалардың осы тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген тұлғалар жүргізеді.

      "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар нормативтік құқықтық актінің әрбір парағын нормативтік құқықтық актіні қабылдайтын мемлекеттік органның және келісуші мемлекеттік органның заң қызметтерінің басшылары, ал заң қызметінің немесе заң қызметінің басшысы болмаған жағдайда – осы Қағидалардың осы тармағының екінші немесе үшінші бөліктерінде көрсетілген адам дәйектейді.

      67. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің нормативтік құқықтық шешімі үшін әр парақты дәйектеуді осы органда заңгер функцияларын орындайтын адам не әкім, не ол болмаған жағдайда, оның міндетін атқаратын адам жүргізеді.

4-тарау. Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тәртiбi

      68. Заңның 35-1-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын қабылданған нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының әділет органдарына жіберіледі.

      Мемлекеттік тіркеу әділет органдарына әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен кейін, ал бірлескен нормативтік құқықтық акт қабылданған жағдайда – негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен кейін бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік комиссияның хаттамалық шешімдерін іске асыру үшін қабылданған нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу осындай акт әділет органдарына келіп түскен күннен кейін бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне енгізіледі.

      Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімін жүргізуді Әділет министрлігі және оның аумақтық органдары жүзеге асырады. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімін жүргізу тәртібі мен нысанын Әділет министрлігі бекітеді.

      69. Осы Қағидалардың 1-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актілер әділет органдарына қазақ және орыс тілдерінде:

      1) МО ИП арқылы электрондық түрде – олар бекітілгеннен кейін бір жұмыс күні ішінде;

      2) қағаз түрінде – олар бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде ұсынылады.

      Алқалы мемлекеттік органдар мен мәслихаттар қабылдайтын нормативтік құқықтық актілерді ұсыну осы актілер қабылданған алқалы органның отырысы немесе мәслихаттың сессиясы өткізілген күннен кейін жеті жұмыс күнінен аспайды.

      Нормативтік құқықтық актіні мүдделі мемлекеттік органдар келіскен не бірлескен акт қабылданған жағдайларда, көрсетілген акт мемлекеттік тіркеуге:

      1) МО ИП арқылы электрондық түрде – мүдделі мемлекеттік органдардың соңғысы келіскен не қол қойған күннен кейін бір жұмыс күні ішінде;

      2) қағаз түрінде – мүдделі мемлекеттік органдардың соңғысы келіскен не қол қойған күннен кейін үш жұмыс күні ішінде ұсынылады.

      70. Нормативтік құқықтық акт әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге мынадай бөліктерде электрондық құжат түрінде ұсынылады:

      1) электрондық бланктегі нормативтік құқықтық актінің мазмұндық бөлігі *docx форматында;

      2) қоса берілген файлдардың мазмұндық бөлігі Құжаттама жасау қағидаларында көзделген форматтарда;

      3) деректемелік бөлік қалыптастырылған электрондық тіркеу-бақылау карточкасы арқылы.

      71. Қағаз түріндегі нормативтік құқықтық актіні МО ИП-қа қолжетімділік болмаған және/немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі болған жағдайларда, мемлекеттік тіркеу үшін қабылданған нормативтік құқықтық актінің төлнұсқасы және осы Қағидалардың 42-тармағында көзделген құжаттар қоса берілген оның екі көшірмесі ілеспе хатпен әділет органдарына ұсынылады.

      Қағаз құжат айналымы кезінде нормативтік құқықтық актіні бірнеше мемлекеттік орган қабылдаған жағдайда, осы нормативтік құқықтық актіні қабылдаған қалған мемлекеттік органдардың санына сәйкес келетін осы актінің даналары қосымша ұсынылады.

      72. Нормативтік құқықтық актіні қабылдаған орган осы Қағидалардың 42-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса береді.

      73. Осы Қағидалардың талаптарына сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, мемлекеттік тіркеуге келіп түскен нормативтік құқықтық акт пысықтау мақсатында әзірлеуші мемлекеттік органға немесе негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік органға қайтарылады.

      Келіп түскен нормативтік құқықтық актіні тікелей әзірлеуші мемлекеттік орган немесе негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік орган оны пысықтау мақсатында кері қайтарып алуы мүмкін.

      Нормативтік құқықтық актіні пысықтау мүдделі мемлекеттік органдармен қайта келісу жүргізу уақытын қоса алғанда, 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

      74. Әділет органдары Заңның 35-1-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден бас тартады және МО ИП бойынша мемлекеттік органдарға бас тарту себептерін көрсете отырып, электрондық құжат нысанында хат жібереді.

      Қағаз құжат айналымы жағдайында нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы хат қағаз түрінде ресімделеді және нормативтік құқықтық актінің көшірмесі әділет органдарында қалады.

      75. Электрондық құжат айналымы жағдайында мемлекеттік тіркеуден бас тартуды алған кезде әзірлеуші мемлекеттік орган немесе бірлескен нормативтік құқықтық актіні қабылдауға уәкілетті мемлекеттік органдар Нормативтік құқықтық актінің күшін жояды және мемлекеттік тіркеуден бас тартылған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде тиісті мәліметтер электрондық тіркеу-бақылау карточкасына енгізіледі.

      Алқалы мемлекеттік органдар мен мәслихаттар нормативтік құқықтық актінің күшін жою туралы мәліметтерді электрондық тіркеу-бақылау карточкасына кезекті (кезектен тыс) отырыста немесе сессияда бекітілген күннен кейін бес жұмыс күні ішінде енгізеді.

      Қағаз құжат айналымы жағдайында әділет органдарына осы Қағидалардың осы тармағының бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген мерзімде нормативтік құқықтық актінің күшін жою туралы актінің көшірмесі ұсынылады.

      Осы мерзімдер алынған бас тартуға сот тәртібімен шағым жасалған жағдайда тоқтатыла тұрады.

      76. Пысықтауға қайтару, кері қайтарып алу үшін негіз болған бұзушылықтар жойылғаннан кейін әділет органдары пысықталған нормативтік құқықтық акт келіп түскен күннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны мемлекеттік тіркеуді жүргізеді.

      77. МО ИП-та мемлекеттік тіркеу күні мен нөмірі Қазақстан Республикасының Әділет министрі немесе оның орынбасары (вице-министр) мұндай актіні мемлекеттік тіркеу туралы шешім қабылдаған кезде электрондық түрдегі нормативтік құқықтық актіге беріледі және электрондық тіркеу – бақылау карточкасында көрсетіледі.

      Қағаз құжат айналымы жағдайында тиісті нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу орталық орган үшін – Қазақстан Республикасы Әділет министрінің немесе вице-министрдің, жергілікті орган үшін – аумақтық әділет органы басшысының не оның міндетін атқарушы адамның мемлекеттік тіркеу туралы (нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу туралы қорытындыларды бекіту) шешім қабылдап, тіркеу нөмірі мен күнін бере отырып, негізгі нормативтік құқықтық акт төлнұсқасының және оның көшірмелерінің әрбір данасының бірінші парағының оң жақ жоғарғы бұрышына мөртабан қоюды да қамтиды.

      Қағаз құжат айналымы кезінде нормативтік құқықтық актінің әрбір жіберілетін данасына және оның көшірмесіне нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу туралы қорытынды қоса беріледі.

      Тіркелген нормативтік құқықтық актінің қағаз түріндегі көшірмесі әділет органдарында сақталады, ал басқа даналары әзірлеуші мемлекеттік органға (әзірлеуші жауапты мемлекеттік органға) жіберіледі.

      Нормативтік құқықтық актілер үшін нормативтік құқықтық актіні қағаз түрінде мемлекеттік тіркеу туралы қорытындының және мөртабанның нысанын Қазақстан Республикасының Әділет министрі бекітеді.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
кейбір шешімдеріне
енгізілетін өзгерістерге
2-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2016 жылғы 6 қазандағы
№ 569 қаулысымен
бекітілген

Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – "Құқықтық актілер туралы" Заң) 18-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу мен келісу тәртібін айқындайды.

      2. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтары;

      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулылары (бұдан әрі – қаулылардың жобалары);

      3) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулылары, Қазақстан Республикасы министрлерiнің және өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары (бұдан әрі – орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары);

      4) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары болып табылады.

      3. Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының жобаларын әзірлеу, келісу және қол қоюға ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауының жобасын дайындау, келісу және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің және Қазақстан халқы Ассамблеясының шешімдерінде қамтылған тапсырмалардың орындалуын бақылауды жүзеге асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу қағидаларында айқындалады.

      4. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актiлерінің жобаларын әзірлеу, келісу және мемлекеттiк тiркеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 568 қаулысымен бекітілген Нормативтік құқықтық актiлердi ресімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидаларында айқындалады.

      5. Құпиялылық белгілері немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгілері бар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және келісу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасының ерекшеліктері ескеріле отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1196 қаулысымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Қаулылардың жобаларын әзірлеу

      6. Қаулылардың жобаларын әзірлеу Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңнамалық актiлер, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актiлерi негiзiнде және оларды орындау үшiн жүзеге асырылады.

      7. Қаулылардың жобаларын мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, өз бастамалары немесе жоғары тұрған мемлекеттiк органдардың және лауазымды адамдардың тапсырмалары бойынша әзiрлейдi.

      Егер қаулының дайындалып жатқан жобасының құқық нормаларын іске асыру үшін бір деңгейдегі немесе төмен тұрған деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет болса, онда негізгі түрдегі қаулының жобасымен бір мезгілде көрсетілген өзгерістері және (немесе) толықтырулары бар нормативтік құқықтық актілердің жобалары дайындалуға немесе тиісті органдарға осындай актілерді дайындау туралы тапсырмалар берілуге тиіс.

      Қаулылардың жобаларын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі (бұдан әрі – Кеңсе) әзiрлеуi мүмкiн.

      8. Әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өзінің құрылымдық бөлімшелеріне тапсырады.

      Қаулы жобаларын әзірлеуде әзірлеуші органның заң бөлімшесі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.

      Үкімет қаулыларының жобаларын дайындауға әртүрлі білім салаларының мамандары, ғылыми мекемелер мен ғылыми қызметкерлер, коммерциялық емес және өзге де ұйымдардың өкілдері тартылуы мүмкін.

      9. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеудің сапасын, әдеби тiл нормаларының, заң терминологиясы мен заң техникасының сақталуын, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығын әзірлеуші мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

      10. Әзiрленген қаулылардың жобалары мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберілгенге дейін жария талқылау үшін түсiндiрме жазбалармен салыстырма кестелерімен (қолданыстағы қаулыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда) бірге қазақ және орыс тiлдерiнде нормативтік құқықтық актілердің ашық интернет-порталына, сондай-ақ әзірлеуші мемлекеттік органның интернет-ресурсына орналастырылады.

      11. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) ол ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты қаулылардың жобалары жария талқылау үшін қабылданғанына дейін күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын мерзімде уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.

      12. Әлеуметтiк маңызы бар қаулы жобасы бойынша интернет-ресурста (веб-сайтта) қазақ және орыс тiлдерiнде, қажет болған жағдайда – өзге де тілдерде, баспасөз релизі қосымша орналастырылады.

      Әлеуметтік маңызы бар қаулы жобасы деп адамның және тұтас қоғамның құқықтары мен мүдделерiн тікелей немесе жанама түрде қозғайтын қаулы жобасын түсiнген жөн.

      13. "Құқықтық актілер туралы" Заңның 20-бабының талаптарына сәйкес азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты қаулы жобалары бойынша қоғамдық кеңестің ұсынымдары қажет.

      14. "Құқықтық актілер туралы" Заңның 19-бабының талаптарына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулылардың жобалары бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасының және жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестердің (бұдан әрі – сараптамалық кеңес) сараптамалық қорытындыларын алу қажет.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган сараптама қорытындысымен келіскен кезде қаулы жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

      Сараптама қорытындысымен келіспеген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган сараптама қорытындысын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде осы қорытындыны берген сараптама кеңесінің мүшесіне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына келіспеу себептерін негіздеп жауап жібереді. Мұндай жауап қаулы қабылданғанға дейін оның жобасына міндетті қосымша болып табылады.

      15. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулылардың жобаларына қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 82 және 83-баптарына сәйкес реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.

      Реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелері жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырылады.

      16. Іске асырылуы қоршаған ортаға келеңсіз әсер етуге әкеп соғуы мүмкін қаулылардың жобаларына міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.

      17. Қаулылардың жобалары бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 шілдедегі № 451 қаулысымен бекітілген Нормативтік құқықтық актілердің жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізіледі.

3-тарау. Қаулылардың жобаларын келісу

      18. Қаулылардың жобалары заңнамада белгіленген құзыреттеріне орай мүдделі мемлекеттік органдармен олардың интранет-порталында (бұдан әрi – МО ИП) электрондық құжаттар нысанында келiсiледi, бұл ретте қаулы жобасын келiсудегi мұндай мүдделiлiк қаулы жобасында қаралатын мәселелердің нысанасы негізге алына отырып, сондай-ақ қаулы жобасында мемлекеттiк органдардың немесе олардың басшыларының атына тапсырмалар болған кезде белгiленедi.

      19. Жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган МО ИП-та заң қызметі басшысының (не оның міндетін атқарушы адамның) және мемлекеттік органның бірінші басшысының, немесе оның орынбасарының не мемлекеттік органның аппарат басшысының мемлекеттік органдардың куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасын (бұдан әрі – ЭЦҚ) пайдалана отырып куәландырылған қаулы (өкім) жобасын, оған түсіндірме жазбаны және басқа да қажетті құжаттарды электрондық құжаттар нысанында орналастырады және МО ИП арқылы тиісті мемлекеттік органдарға келісуге жібереді.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын сараптама қорытындыларын алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде ашық нормативтік құқықтық актілер интернет-порталында орналастырғаны туралы хабарламаны сараптама кеңестерге, қоғамдық кеңестерге және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жібереді.

      Қаулы жобасын қағаз түрінде қабылдау мүмкін болмаған жағдайда, нормашығармашылық процестің жекелеген субъектілеріне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 703 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларымен айқындалған тәртіппен электрондық құжаттың расталған қағаз нұсқасын келісуге жіберуге болады.

      20. Қаулылардың жобалары Конституцияға, заңнамалық актiлерге, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Үкiметі мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің актiлерiне сәйкестiгi тұрғысынан заңдық сараптама жүргiзуге жауапты Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен мiндеттi түрде келiсуге жатады.

      Мемлекеттiк басқару және жоспарлау, әлеуметтiк-экономикалық және өңiрлiк саясат мәселелерiне қатысты қаулылардың жобалары Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлiгiмен мiндеттi түрде келiсуге жатады.

      21. Қаулы жобасының мәтiнiне республикалық бюджет кiрiстерін қысқартуға немесе шығыстарын ұлғайтуға әкелетiн өзгерiстер енгiзiлген жағдайда, қаулы жобасы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен қайта келiсудi және Республикалық бюджет комиссиясының оң хаттамалық шешiмiн алуды қажет етедi.

      22. Мемлекеттік органдарға келісуге енгізілетін, қазақ және орыс тілдерінде дайындалған қаулылардың жобалары мыналарды қамтуға тиіс:

      1) Үкімет қаулысының жобасы;

      2) көлемі 3 (үш) парақтан, ал күрделі мәселелер бойынша 5 (бес) парақтан аспайтын, Премьер-Министрдің атына ресімделген және мемлекеттік органның бірінші басшысы (оның міндетін атқарушы адам) немесе облыстың, республикалық маңызы бар қалаларының, астананың әкімі (оның міндетін атқарушы адам) қол қойған түсіндірме жазба, онда мәселенің нысанасы, әлеуметтік-экономикалық және қажет болған кезде саяси-құқықтық, экологиялық, демографиялық және өзге де негіздемелер, жобаны қабылдаудан күтілетін салдардың болжамы толық баяндалады.

      Бұдан басқа, түсіндірме жазбада мынадай негізгі мәліметтер қамтылуға тиіс:

      әзірлеуші мемлекеттік органның атауы;

      тиісті нормативтік құқықтық актілерге, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына, Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне, Үкімет пен Кеңсе басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмаларына сілтемемен жобаны қабылдаудың негіздемелері және/немесе оны қабылдау қажеттігінің басқа да негіздемелері (Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдері, Үкімет пен Кеңсе басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмалары түсіндірме жазбаға қоса беріледі);

      жоба бойынша қаржы шығындарының қажеттігі және оның қаржылық қамтамасыз етілуі, оның ішінде қаржыландыру көзі, сондай-ақ қажет болған жағдайда Республикалық бюджет комиссиясының шешімі (тиісті есеп-қисаптар, қаржыландыру көзіне сілтеме, Республикалық бюджет комиссиясы шешімінің көшірмесі міндетті түрде түсіндірме жазбаға қоса беріледі);

      жоба қабылданған жағдайда болжанатын салдар;

      нақты мақсаттар мен күтілетін нәтижелердің мерзімі;

      жобада қаралатын мәселелер және оларды іске асыру нәтижелері бойынша Президенттің және/немесе Үкіметтің бұрын қабылданған актілері туралы мәліметтер;

      енгізіліп отырған жоба қабылданған жағдайда, заңнаманы оған сәйкес келтіру қажеттігі (басқа нормативтік құқықтық актілерді қабылдау немесе қолданыстағы актілерге өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу талап етілетінін-етілмейтінін көрсету) не мұндай қажеттіктің болмауы;

      ұсынылған халықаралық шарттың жобасын кейіннен ратификациялау қажеттігі туралы ақпарат;

      мемлекеттік құпияларды және (немесе) қызметтік ақпаратты қамтитын жобаларды қоспағанда, Кеңсе Басшысы мен Байланыс және ақпарат министрлігінің 2011 жылғы 20 мамырдағы № 25-1-32қбпү/22П-қбпү бірлескен бұйрығымен бекітілген "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесінде беруге рұқсат етілген қызметтік ақпарат тізбесіне сәйкес жобаларды және оларға материалдарды "Қазақстан Республикасы Үкіметінің мобильдік кеңсесі" ақпараттық жүйесі арқылы Үкімет мүшелерінің мобильдік құрылғыларына беру мүмкіндігі;

      қаулы жобасының мемлекеттік органның интернет-ресурсында, сондай-ақ ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы ақпарат (күні, байт саны);

      тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты жобаның, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар қаулы жобасына баспасөз релизінің уәкілетті мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырылғаны туралы ақпарат;

      қаулы жобасының Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкестігі.

      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын қаулы жобасына түсіндірме жазбада міндетті түрде Үкімет актісінің қолданысқа енгізілуіне байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығындарының азаюын және (немесе) ұлғаюын растайтын есеп-қисаптардың нәтижелері қамтылуға тиіс.

      Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және сараптамалық кеңестердің сараптамалық қорытындысымен келіспеген жағдайда, жобаны әзірлеуші жобаға түсіндірме жазбада сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс.

      Сараптамалық қорытындыларда көрсетілген ескертулер жойылған жағдайда, жобаны әзірлеуші қаулы жобасына түсіндірме жазбада аталған ескертулердің жойылғанын көрсетуге тиіс;

      3) Үкіметтің қолданыстағы актілеріне өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізуді көздейтін қаулы жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентіне (бұдан әрі – Регламент) 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті негіздемесімен қаулының (қаулылардың) бұрынғы және жаңа редакцияларының салыстырма кестесі;

      жобаның әрбір абзацына қатысты негіздеме, оның ішінде нормативтік құқықтық акт болса – тиісті заңнамалық немесе заңға тәуелді актінің нормасына міндетті сілтемемен, сондай-ақ дәйексөзбен келтірілуге тиіс;

      Үкімет қаулыларымен бекітілген туынды нормативтік құқықтық актілердің жаңа редакциясы енгізілген кезде де жаңа редакциядағы қаулының әрбір абзацын тиісті түрде негіздей отырып (оның ішінде нормативтік құқықтық акт болған кезде – тиісті заңнамалық немесе заңға тәуелді актінің нормасына міндетті сілтеме, сондай-ақ одан дәйексөз келтіре отырып), туынды нормативтік құқықтық актілердің бұрынғы және жаңа редакцияларының әзірлеуші мемлекеттік орган басшысының жетекшілік ететін орынбасары қол қойған салыстырма кестесін қоса беру қажет;

      4) егер жобада қаулының (қаулылардың) күшін жою көзделетін жағдайда, жобаны қабылдау қажеттігінің негіздемесін қамтитын анықтама;

      5) қаулы жобасы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен сараптамалық кеңестердің сараптамалық қорытындылары.

      Сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда, қаулы жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен сараптамалық кеңестердің қорытындылары белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, олар қоса берілмейді;

      6) қаулы жобасы "Қоғамдық кеңестер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында мемлекеттік органда қоғамдық кеңес құру көзделмеген жағдайлардан басқа, азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін қозғайтын болса, әзірлеуші мемлекеттік органға ұсынылған жағдайда қоғамдық кеңестің ұсынымдары;

      Ұсынымдармен келіспеген жағдайда, жобаны әзірлеуші мемлекеттік орган келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін келтіруге тиіс. Қоғамдық кеңестің ұсынымдары белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, қоса берілмейді;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ғылыми сараптама жүргізу міндетті болған жағдайда, халықаралық шарттың жобасы бойынша не Қазақстан Республикасы қатысушы болуға ниеттенетін халықаралық шарт бойынша жүргізілген ғылыми сараптама нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды;

      8) қаулы жобасы Әділет министрлігіне енгізілген жағдайда – "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап қолданылмайтын қаулы жобаларын қоспағанда, қаулы жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысы.

      Әзірлеуші сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысымен бірге қаулы жобасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптамасын жүзеге асырған адамның немесе ұйымның атына ұсынымдарды қабылдамау себептерінің негіздемелері жазылған өз жауабының көшірмесін енгізеді;

      9) Регламенттің 4.2-бөліміне сәйкес өзге мемлекеттік органдардың қорытындылары (келіспеушіліктер хаттамасы, сондай-ақ келісуші мемлекеттік органның ескертулері бойынша өзара тиімді шешім іздеу мақсатында өткізілген кеңестің хаттамасы);

      10) орындау үшін қаулы жобасы әзірленген тапсырмалардың (хаттамалардың және т.б.) көшірмелері;

      11) қаулы жобасымен Парламент Мәжілісінің және Президенттің қарауына заң жобалары енгізілетін жағдайларда, келісу парағы (pdf форматында), сондай-ақ электрондық келісу парағы. Бұл ретте заң жобасына қағаз жеткізгіштегі келісу парағына және электрондық келісу парағына мемлекеттік органдардың бірінші басшылары немесе облыстардың, республикалық маңызы бар қалаларының, астананың әкімдері қолбелгі қояды;

      12) қаулы жобасы бойынша Кодекске сәйкес реттеушілік әсерді талдау жүргізілген жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) хаттамалық шешімі және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның реттеуші мемлекеттік органдардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытындысы, сондай-ақ реттеушілік әсерді талдау нәтижелері.

      Қаулы жобасының және оған заң жобаларын, Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын қамтитын, "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар қосымшалардың әрбір парағын әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе облыстың республикалық маңызы бар қалаларының, астананың әкімі дәйектейді.

      23. Қаулы жобасын келісуге алған кезде мемлекеттік органдар басқа мемлекеттік органдармен оны алдын ала келісуді талап етпеуге, формальды және өзге де негізсіз себептермен жобаны келісуден бас тартпауға тиіс.

      24. Қаулы жобаларын мемлекеттiк органдарда қарау және келiсу олар түскен күнiнен бастап мынадай мерзiмнен аспауға тиiс:

      1) Регламентте көзделген жағдайларды қоспағанда, қаулы жобалары – 10 (он) жұмыс күні;

      2) қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға, оның ішінде карантинге байланысты уақытша шектеу іс-шараларына қатысты қаулылардың жобалары - 1 (бір) жұмыс күні;

      3) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою, гуманитарлық көмек мәселелері бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімдерін іске асыру үшін қабылданатын қаулылардың жобалары – 1 (бір) жұмыс күні.

      Мемлекеттік органдармен бұрын келісілген қаулы жобаларын қайта келісу мерзімі (мемлекеттік органның құзыретіне кірмейтін бөлігінде жобаның мәтіні өзгерген жағдайда) мерзімі 3 (үш) жұмыс күнінен, ал Регламенттің 45-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жобалар бойынша 1 (бір) жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      25. Жобаны қараудың қорытындысы бойынша келісуші мемлекеттік орган әзірлеушіге мемлекеттік органның бірінші басшысының немесе оның орынбасарының, немесе аппарат басшысының, облыс, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімінің (олардың міндетін атқаратын адамдардың) ЭЦҚ-сын пайдалана отырып, МОИП-та электрондық құжат немесе белгі нысанында мынадай жауап нұсқаларының бірін ұсынуға тиіс:

      1) ескертулерсіз келісілді;

      2) ескертулерді жою үшін пысықтауға жіберілді. Бұл ретте келісуші орган ескертулерді орналастырады, онда оларды жою жөніндегі ұсыныстар міндетті түрде қамтылуға тиіс.

      Бұл жағдайда әзірлеуші ескертулермен келіскен кезде жобаларды пысықтау МОИП-та жүзеге асырылады, бұдан кейін әзірлеуші жобаның пысықталған (келесі) нұсқасын орналастырады және оны мемлекеттік органдарға қайта келісуге жібереді;

      3) келісуден бас тартылды. Бұл ретте келісуші мемлекеттік орган келісуден бас тарту уәждемесі бар келісуден бас тарту белгісін қояды.

      Келісуші мемлекеттік органдарға жобаларды "ескертулермен" келісуге тыйым салынады.

      26. Келіспеушіліктер болған кезде әзірлеуші мемлекеттік орган өзара тиімді шешім іздеу мақсатында оны келісуші органдармен талқылауды қамтамасыз етуге тиіс. Өзара тиімді шешімге қол жеткізілмеген кезде әзірлеуші мемлекеттік орган келісуші органдармен бірлесіп, келіспеушіліктер хаттамасын жасайды, оны МО ИП-та жобаға орналастырады. Электрондық құжат нысанындағы келіспеушіліктер хаттамасы МО ИП-та мемлекеттік органдар басшыларының ЭЦҚ-мен куәландырылады.

      27. Келісу жүргізілгеннен кейін келісуші мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының (не олардың міндетін атқарушы адамдардың) ЭЦҚ-сымен бұрыштама қою үшін әзірлеуші мемлекеттік орган жобаның МО ИП арқылы түпкілікті келісуге жіберілуін қамтамасыз етеді және келісуші мемлекеттік органдардың қорытындыларымен (келіспеушіліктер хаттамаларымен) және тиісті қосымшалармен бірге электрондық құжат нысанында МО ИП арқылы Кеңсеге енгізеді. Бұл ретте жобаны келісудің түпкілікті мерзімі үш жұмыс күнінен аспауға тиіс. Заң жобаларын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін қамтитын жобалар жобалары Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы қағаз және электрондық форматтарда (нысандарда) енгізіледі.