Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 569 қаулысы

Қолданыстағы

      Баспасөз релизі!

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   Б.Сағынтаев
 
 

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2016 жылғы 6 қазандағы
№ 569 қаулысымен  
бекітілген    

Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – "Құқықтық актілер туралы" Заң) 21-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және олардың келісілу тәртібін айқындайды.
      2. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтары;
      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары (бұдан әрі – қаулы жобалары);
      3) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттiк органдардың нормативтік құқықтық қаулылары, Қазақстан Республикасы министрлерiнің және өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтiк құқықтық бұйрықтары, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары (бұдан әрі – орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары);
      4) мәслихаттардың нормативтiк құқықтық шешiмдерi, әкiмдiктердiң нормативтік құқықтық қаулылары, әкiмдердiң нормативтік құқықтық шешiмдерi және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары (бұдан әрі – жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары) заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарының жобаларын әзірлеу, келісу және қол қоюға ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауының жобасын дайындау, келісу және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу қағидаларында айқындалады.
      4. Құпиялылық белгілері немесе "Қызметтік пайдалану үшін" деген белгілері бар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және келісу Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасының ерекшеліктерін ескере отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1196 қаулысымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Қаулы жобаларын әзірлеу

      5. Қаулы жобаларын әзірлеу Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңнамалық актiлер, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актiлерi негiзiнде және оларды орындау үшiн жүзеге асырылады.
      6. Қаулы жобаларын мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыретіне сәйкес, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, өз бастамалары немесе жоғары тұрған мемлекеттiк органдардың және лауазымды адамдардың тапсырмалары бойынша әзiрлейдi.
      Қаулы жобаларын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі әзiрлеуi мүмкiн.
      7. Әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өзінің құрылымдық бөлімшелеріне тапсырады.
      8. Қаулы жобаларының қазақ тiлінде әзірлену сапасын, қазақ және орыс тiлдерi қағидаларының сақталуын, қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндердiң теңтүпнұсқалылығын әзірлеуші мемлекеттiк органдар қамтамасыз етеді.
      9. Әзiрлеушi мемлекеттiк орган қаулы жобасын бір мезгілде мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберумен қатар қаулы жобасын, түсiндiрме жазба мен бұрынғы және жаңа редакциядағы  салыстырма кестені (қолданыстағы қаулыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда) қазақ және орыс тiлдерiнде өзiнiң интернет-ресурсында, сондай-ақ ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырады.
      10. Әлеуметтiк мәнi бар қаулы жобасы бойынша интернет-ресурста (веб-сайтта) қазақ және орыс тiлдерiнде, қажет болған жағдайда – өзге де тілдерде баспасөз хабарламасы қосымша орналастырылады.
      Әлеуметтік мәні бар қаулы жобасы деп тікелей немесе жанама түрде адамның және тұтастай алғанда қоғамның құқықтары мен мүдделерiн қозғайтын қаулы жобасын түсiнген жөн.
      11. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты қаулы жобалары мемлекеттік органда қоғамдық кеңес құру көзделмеген жағдайларды қоспағанда, "Қоғамдық кеңестер туралы" 2015 жылғы 2 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - "Қоғамдық кеңестер туралы" Заң) белгіленген тәртіппен құрылатын қоғамдық кеңестерге жіберіледі.
      12. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерін қозғайтын қаулы жобалары сараптамалық қорытынды алу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасына және жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiне жiберiледi. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасының, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң сараптамалық қорытындылары ұсынымдық сипатта болады және қаулы жобасы қабылданғанға дейін оған мiндеттi қосымша болып табылады.
      Әзiрлеушi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң сараптамалық қорытындылары келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде оларды өзiнiң интернет-ресурсында орналастырады.
      Олармен келіспеген жағдайда қабылдамау себептерiнiң негізделген дәлелдерімен жауап жібереді және оны интернет-ресурста орналастырады.
      Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сараптамалық қорытындыны белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, қаулы жобасы ескертпесіз келісілді деп есептеледі.
      13. Тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты қаулы жобалары, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, көпшілік талқылауы үшін олар қабылданғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн мерзімде әзірлеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.
      14. Қабылдау салдары экологиялық, оның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндiруi мүмкін қаулы жобаларына мiндеттi ғылыми экологиялық сараптама жүргiзiлуге тиіс.
      Іске асырылуы қоршаған ортаға терiс әсер етуге әкеп соғуы мүмкін қаулы жобаларына міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.
      15. Реттеуші құралды енгiзудi немесе кәсiпкерлiк субъектiлерiне қатысты реттеудi қатаңдатуды жүзеге асыруды көздейтін қаулы жобалары бойынша кәсiпкерлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен алдын ала реттеушiлiк әсерді талдау рәсiмi жүргiзiледi.
      Реттеушiлiк әсерді талдау нәтижелері реттеушi мемлекеттiк органдардың және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады.

3. Қаулы жобаларын келісу

      16. Қаулы жобалары заңнамада белгіленген құзыреттеріне орай мүдделі мемлекеттік органдармен олардың интранет-порталында (бұдан әрi – МО ИП) электрондық құжаттар нысанында келiсiледi, бұл ретте қаулы жобасын келiсудегi мұндай мүдделiлiк қаулы жобасында қаралатын мәселелердің нысанасы негізге алына отырып, сондай-ақ қаулы жобасында мемлекеттiк органдарының немесе олардың басшыларының атына тапсырмалар болған кезде белгiленедi.
      17. Қаулы жобасын әзiрлеушi мемлекеттiк орган МО ИП-да заң қызметі басшысының (не оның мiндетiн атқарушы тұлғаның) және мемлекеттiк орган басшысының мемлекеттiк органдарының куәландырушы орталығының электрондық цифрлық қолтаңбасын (бұдан әрi – ЭЦҚ) қолдана отырып куәландырылған электрондық құжаттар нысанындағы қаулы жобасын, оған түсiндiрме жазбаны және басқа да қажеттi құжаттарды орналастырады және МО ИП арқылы тиiстi мемлекеттiк органдарға келісуге жiбередi, ал ұйымдарға Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 17 сәуiрдегi № 430 қаулысымен бекiтiлген Электрондық құжат айналымы қағидаларында (бұдан әрі – Қағидалар) белгіленген тәртіппен расталған электрондық құжаттың қағаз көшiрмесi келісуге жiберiледi.
      Мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда қаулы жобасы, оған түсiндiрме жазба және басқа да қажетті құжаттар жауапты құрылымдық бөлімше басшысының (не оның мiндетiн атқарушы тұлға) ЭЦҚ-сымен куәландырылады.
      18. Нормативтік құқықтық қаулылардың жобалары Конституцияға, заңнамалық актiлерге, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкiметі мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің актiлерiне сәйкестiгi тұрғысынан заңдық сараптама жүргiзуге жауапты Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiмен, сондай-ақ республикалық бюджеттен кірістерді қысқарту немесе шығыстарды ұлғайту тұрғысынан қаулы жобаларын республикалық бюджет қаражатымен қамтамасыз етуге жауапты Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен мiндеттi түрде келiсуге жатады.
      19. Мемлекеттiк басқару және жоспарлау, әлеуметтiк-экономикалық және өңiрлiк саясат мәселелерiне қатысты нормативтік құқықтық қаулылардың жобалары Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлiгiмен мiндеттi түрде келiсуге жатады.
      20. Қаулы жобасының мәтiнiне республикалық бюджетке кiрiстерi қысқартуға немесе шығыстарды ұлғайтуға әкелетiн өзгерiстер енгiзiлген жағдайда қаулы жобасы Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiмен қайта келiсудi және Республикалық бюджет комиссиясының оң хаттамалық шешiмiн қажет етедi.
      21. Мемлекеттiк органдарға келісуге енгiзілетін қазақ және орыс тiлдерiнде дайындалған қаулы жобаларында мыналар қамтылуға тиіс:
      1) қаулы жобасы;
      2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметі Регламентіне (бұдан әрі - Регламент) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша түсiндiрме жазба.
      Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын қаулы жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметi актiсiнің қолданысқа енгiзілуіне байланысты жеке кәсiпкерлiк субъектiлерi шығындарының азаюын және (немесе) ұлғаюын растайтын есептемелердiң нәтижелерi мiндеттi түрде көрсетіледі.
      Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсiпкерлер палатасының және жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң сараптамалық қорытындыларымен келiспеген жағдайда, қаулы жобасын әзiрлеушi қаулы жобасына түсiндiрме жазбада сараптамалық қорытындымен келiспеудiң дәлелденген себептерiн келтiруге тиiс.
      Сараптамалық қорытындыларда көрсетiлген ескертулер жойылған жағдайда жобаны әзiрлеушi қаулы жобасына түсiндiрме жазбада аталған ескертулердiң жойылғаны туралы көрсетуге тиiс;
      3) Қазақстан Республикасы Үкiметінің қолданыстағы актiлерiне өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзудi көздейтiн қаулы жобасына Регламентке 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларды тиiсiнше негiздей отырып, әзiрлеушi мемлекеттiк орган басшысының жетекшiлiк ететiн орынбасары әр парағын дәйектеген және қол қойған қаулының (қаулылардың) бұрынғы және жаңа редакциясындағы салыстырма кестесі қоса беріледі;
      қаулы жобасының әрбiр өзгертілетін құрылымдық элементіне қатысты негiздеме, оның iшiнде нормативтiк құқықтық акт болса – тиiстi заңнамалық немесе заңға тәуелдi актiнiң нормасына мiндеттi түрде сiлтеме, сондай-ақ одан дәйексөз келтiрiлуге тиiс;
      Қазақстан Республикасының Үкiметі қаулыларымен бекiтiлген туынды нормативтiк құқықтық актiлердiң жаңа редакциясы енгiзiлген кезде де қаулының жаңа редакциясының әрбiр құрылымдық элементін тиiсінше негiздей отырып (оның iшiнде нормативтiк құқықтық акт болса – тиiстi заңнамалық немесе заңға тәуелдi актiнiң нормасына мiндеттi түрде сiлтеме жасай, сондай-ақ одан дәйексөз келтiре отырып), туынды нормативтiк құқықтық актiнiң бұрынғы және жаңа редакцияларының әзiрлеушi мемлекеттiк орган басшысының жетекшiлiк ететiн орынбасары әрбiр парағын дәйектеген және қол қойған салыстырма кестесiн қоса беру қажет;
      4) қаулының күшiн жою көзделетiн қаулы жобасын қабылдау қажеттiгiнің негiздемесін қамтитын әзiрлеушi мемлекеттiк орган басшысының жетекшiлiк ететiн орынбасары әрбiр парағын дәйектеген және қол қойған анықтама;
      5) егер қаулы жобасы жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын болса, жобаға Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсiпкерлер палатасы мен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң аккредиттелген бiрлестiктерiнiң сараптамалық қорытындылары қоса берiледi;
      6) азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты қаулы жобасына Қоғамдық кеңестің ұсынымдары қоса беріледі. Ұсынымдармен келіспеген жағдайда, мемлекеттік органның келіспеушілік себептері негізделген жауабы қоса беріледі;
      7) Регламенттiң 4.2-бөлiмiне сәйкес өзге де мемлекеттiк органдардың қорытындылары (келiспеушiлiктер хаттамасы) және келісуші органның ескертулері бойынша өзара тиімді шешім іздеу жөнінде ұсыныстарды талқылау хаттама;
      8) орындау үшiн қаулы жобасы әзiрленген тапсырмалардың (хаттамалардың және тағы басқа) көшiрмелерi;
      9) келiсу парағы.
      Бұл ретте келiсу парағына мемлекеттiк органның бiрiншi басшысы немесе оның міндетін атқарушы адам бұрыштама қояды;
      10) егер қаулы жобасы бойынша 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсiпкерлiк кодексіне сәйкес реттеушiлiк әсердi талдау жүргiзiлген болса, қаулы жобасына Кәсiпкерлiк қызметтi реттеу мәселелерi жөнiндегi ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешiмi және кәсiпкерлiк жөнiндегi уәкiлеттi органның реттеушi мемлекеттiк органдардың белгiленген рәсiмдердi сақтауы туралы қорытындысы, сондай-ақ реттеушiлiк әсердi талдау нәтижелерi қоса берiледi.
      22. Қаулы жобасын келiсуге алған кезде мемлекеттiк органдар оны басқа мемлекеттiк органдардың оған алдын ала бұрыштама соғуын талап етпеуге және формальды және өзге де негiзсiз себептермен қаулы жобасын келiсуден бас тартпауға тиiс.
      23. Қаулы жобаларын мемлекеттiк органдарда қарау және келiсу олар түскен күнiнен бастап мынадай мерзiмнен аспауға тиiс:
       1) Регламентте көзделген жағдайларды қоспағанда, қаулы жобалары – 10 (он) жұмыс күнi;
      2) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды жою, сондай-ақ гуманитарлық көмек мәселелерi бойынша қаулы жобалары – 3 (үш) жұмыс күнi.
      24. Қаулы жобасын қарау қорытындылары бойынша келiсушi мемлекеттiк орган жауаптың мынадай нұсқаларының бiрiн ұсынуға тиiс:
      1) қаулы жобасы ескертулерсiз келiсiлуi мүмкiн. Мемлекеттік органның бірінші басшысы не оның міндетін атқарушы адам ЭЦҚ пайдалана отырып, МО ИП-да электрондық құжат нысанындағы қаулы жобасын келiседi. Бұл жағдайда әзiрлеушi МО ИП-дағы қаулы жобаның нөмiрi, келiсушi органның өзінің мүдделi құрылымдық бөлiмшелерiмен iшкi келiсу нәтижелерi көрсетiлген МО ИП-дан басып шығарылған келiсу парағының негiзiнде келiсушi органның басшысы оған бұрыштама қоюы үшiн электрондық құжаттың қағаз көшiрмесi түрiнде қаулы жобасының төлнұсқасын ұсынады;
      2) қаулы жобасы берілген ескертулер жойылған кезде келiсiлуi мүмкiн. Бұл ретте келiсушi орган МО ИП-да ескертулердi орналастырады, мұнда оларды жою жөнiндегi ұсыныстар мiндеттi түрде қамтылуы тиiс және ЭЦҚ-ны пайдалана отырып келiсушi мемлекеттiк органның бірінші басшысы орынбасарының не жауапты хатшысының қолы қойылады. Бұл жағдайда әзiрлеушi ескертулермен келiскен жағдайда қаулы жобаларын пысықтау жұмыс тәртiбiмен жүзеге асырылады, бұдан кейiн әзiрлеушi МО ИП-да мемлекеттiк органның бірінші басшысының орынбасары не жауапты хатшысы ЭЦҚ-сымен куәландыру арқылы қол қойылған қаулы жобасының пысықталған нұсқасын орналастырады және мемлекеттiк органдарға келiсуге қайта жолдайды;
      3) қаулы жобасын келiсуден бас тартылды. Бұл ретте келiсушi мемлекеттiк орган МО ИП-да келiсуден бас тартуға уәждемесi бар келiсуден бас тарту белгiсiн қояды және келiсушi мемлекеттiк органның бірінші басшысы орынбасарының не жауапты хатшысының ЭЦҚ-сымен куәландырады.
      Келiсушi мемлекеттiк органдарға қаулы жобаларын "ескертулермен" келiсуге (бұрыштама соғуға) тыйым салынады.
      25. Келiспеушiлiктер болған кезде әзiрлеушi мемлекеттiк орган өзара қолайлы шешiм iздеу мақсатында оны келiсушi органдармен талқылауды қамтамасыз етуге тиiс. Өзара қолайлы шешiмге қол жеткізілмеген кезде әзiрлеушi мемлекеттiк орган келiсушi органдармен бiрлесiп, келiспеушiлiктер хаттамасын жасайды, оны МО ИП-да қаулы жобасын орналастырады. МО ИП-дағы келiспеушiлiктер хаттамасы мемлекеттiк органдар басшыларының ЭЦҚ-сымен куәландырылады. Электрондық құжаттың қағаз көшiрмесi түрiндегi келiспеушiлiктер хаттамасының төлнұсқасы келiсушi органның басшысына қол қоюға ұсынылады.

4. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу

      26. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген тікелей құзырет болған кезде "Құқықтық актілер туралы" Заңының 34-бабы 3-тармағына сәйкес әзірленеді.
      27. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуді мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша тиісті құрылымдық бөлімшелер "Құқықтық актілер туралы" Заңының және "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шілдедегі Заңының талаптарына сәйкес қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырады.
      28. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының қазақ тiлінде әзірленуінің сапасын, қазақ және орыс тiлдерiнің қағидаларының сақталуын, қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндердiң теңтүпнұсқалылығын әзірлеуші мемлекеттiк органдар қамтамасыз етеді.
      29. Әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құрады немесе оны дайындауды өз құрылымдық бөлімшелеріне тапсырады.
      30. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуді өзіне ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдарға тапсыра алады және бөлінген бюджет қаражаты мен гранттарды осы мақсатқа пайдалана отырып, оны дайындауды шарттық негізде мамандарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктеріне, ғылыми мекемелерге, жекелеген ғалымдар мен ұжымдарға, оның ішінде шетелдік ғалымдар мен ұжымдарға тиісті салалардағы сарапшыларға тапсыра алады.
      31. Әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актілердің балама жобаларын әзірлеуді бiрнеше мемлекеттiк орган мен ұйымға тапсыруға немесе оларды әзiрлеудi шарттық негiзде, оның iшiнде конкурс бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына, ұйымдарға, ғылыми мекемелерге немесе ғалымдарға тапсыруы мүмкін.
      32. Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуде нормативтік құқықтық актінің жобасын дайындауға жауапты әзірлеуші мемлекеттік органның заң қызметі қызметкерлерінің қатысуы міндетті.
      33. Жеке кәсіпкерлік субьектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуге Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері өкілдерінің қатысуы міндетті.
      34. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1090 қаулысымен бекітілген Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңестер туралы үлгілік ереженің негізінде құрылатын сараптамалық кеңестің отырысында қаралғанға дейін интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) жатады.
      35. Жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң мүдделерiн қозғайтын нормативтiк құқықтық актiлердің жобалары сараптамалық қорытынды алу үшiн, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен келесі әрбір келісу кезінде түсіндірме жазбаны міндетті түрде қоса бере отырып, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктеріне және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жiбередi.
      36. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және ратификацияланған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің саудасына немесе зияткерлік меншік құқықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары көпшілік талқылауы үшін олар қабылданғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 күн мерзімде әзірлеуші мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына орналастырылады.
      37. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары, қоғамдық кеңесті мемлекеттік органда құру көзделмеген жағдайларды қоспағанда, "Қоғамдық кеңестер туралы" Заңмен белгіленген тәртіппен құрылатын қоғамдық кеңестерге жіберіледі.
      38. Реттеуші құралды енгiзудi немесе кәсiпкерлiк субъектiлерiне қатысты реттеудi қатаңдатуды жүзеге асыруды көздейтiн нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша кәсiпкерлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен алдын ала реттеушiлiк әсердi талдау рәсiмi жүргiзiледi.
      Реттеушiлiк әсердi талдау нәтижелерi реттеушi мемлекеттiк органдардың және кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады.
      39. Қабылдау салдары экологиялық, оның iшiнде радиациялық қауiпсiздiкке, қоршаған ортаны қорғауға қатер төндiруi мүмкiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына мiндеттi ғылыми экологиялық сараптама жүргiзiлуге тиіс.
      Іске асырылуы қоршаған ортаға терiс әсерлерге әкеп соғуы мүмкiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары міндетті мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізілуге тиіс.
 

5. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілері жобаларын келісу

      40. Әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасы, қажет болған жағдайда оны іске асыру мақсатында қабылданатын басқа нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберіледі.
      41. Нормативтік құқықтық актілердің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу олардың құзыреттеріне қарай жүзеге асырылады, бұл ретте нормативтік құқықтық актінің жобасын келісудегі мұндай мүдделілік қаралатын мәселелердің нысанына сүйене отырып белгіленеді.
      42. Келiсуге нормативтiк құқықтық акт жобасының туынды түрi де, оны бекітетін негiзгi нормативтiк құқықтық актінің жобасы да ұсынылады.
      43. Мемлекеттiк органдарға келісуге енгiзілетiн нормативтік құқықтық актілердің жобалары қазақ және орыс тiлдерiнде әзірленеді, онда мыналар қамтылады:
      1) нормативтік құқықтық актінің жобасы;
      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша анықтама-негіздеме;
      3) қолданыстағы нормативтік құқықтық актiлерге өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзудi көздейтiн нормативтік құқықтық актінің жобасына енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларды тиiсiнше негiздей отырып, әзiрлеушi мемлекеттiк органның бірінші басшысының жетекшiлiк ететiн орынбасары әр парағын дәйектеген және қол қойған нормативтік құқықтық актінің бұрынғы және жаңа редакциясының салыстырма кестесi қоса берiледi.
      44. Нормативтік құқықтық актінің жобасы мемлекеттік органның бірінші басшысының орынбасары не жауапты хатшысы ЭЦҚ-ны пайдалана отырып қол қойған және МО ИП арқылы берілген электрондық құжат нысанындағы ілеспе хатпен келісуге ұсынылады, ал ұйымдарға осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен расталған электрондық құжаттың қағаз көшірмесі келісуге жіберіледі.
      45. Нормативтiк құқықтық актінің жобасын келiсуге алған кезде мемлекеттiк органдар оны басқа мемлекеттiк органдармен келiсудi талап етпеуге және формальды немесе өзге де негiзсiз себептермен нормативтiк құқықтық актінің жобасын келiсуден бас тартпауға тиіс.
      46. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында нормативтік құқықтық актіні міндетті түрде келісу көзделсе, сондай-ақ онда басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне қатысты ережелер, нормалар мен тапсырмалар қамтылса, нормативтік құқықтық актінің жобасы мемлекеттік органның бірінші басшысының орынбасарының немесе жауапты хатшысының ЭЦҚ пайдаланыла отырып, МО ИП арқылы электрондық құжат нысанында тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен алдын ала келісуге жіберілуі мүмкін.
      Бұл ретте нормативтік құқықтық актінің жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдарға бір мезгілде бір ілеспе хатпен келісуге жіберіледі.
      47. Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісуге жіберілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдары, егер заңнамада өзге мерзім белгіленбесе не жоғары тұрған мемлекеттік органдардың (лауазымды адамдардың) тапсырмаларынан туындамаса, оны алған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген органға хабарлауға тиіс.
      Мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертулері кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстарды қамтуға, сондай-ақ оның құзыретіндегі мәселелерге тікелей қатысты, негізделген және толық болуға тиіс.
      Нормативтік құқықтық актінің жобасына ескертулер болған кезде, қажеттілігіне қарай оны әзірлеген орган пысықтайды, одан кейін әзірлеуші орган мемлекеттік органның бірінші басшысы орынбасарының не жауапты хатшысының ЭЦҚ-сы қойылған нормативтік құқықтық акт жобасының пысықталған нұсқасын МО ИП-да орналастырады және оны мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге қайта жібереді.
      Нормативтiк құқықтық актінің жобасын әзiрлеген орган келiсушi мемлекеттiк органдардың ескертулерiмен келiспеген жағдайда, бiрiншiсi ескертудің әрқайсысы бойынша келiспеудiң жазбаша негiздемесiн қоса бере отырып, нормативтiк құқықтық актінің жобасын бұрыштама соғуға жiбередi.
      Келiсу мерзiмi аяқталғаннан кейiн нормативтік құқықтық актінің жобасын әзiрлеушi орган мүдделi мемлекеттiк органдардың барлық ұсыныстарын жобаның соңғы нұсқасына жинақтайды (ескертулердi жояды).
      Бұл ретте, әзiрлеушi орган соңғы нұсқаны дайындау процесінде мемлекеттiк органдардың өзi келiскен ескертулерiн жояды.
      48. Нормативтік құқықтық актінің жобасын МО ИП арқылы мемлекеттік органдарда түпкілікті келісу мерзімі келісуші мемлекеттік органның бірінші басшысының не оның міндетін атқарушы адамның ЭЦҚ-ны пайдаланыла отырып, бұрыштама қою мерзімін қосқанда, бес жұмыс күнінен аспауға тиіс, бұл ретте мерзімдер нормативтік құқықтық актінің жобасы осы мемлекеттік органға түскен күннен бастап есептеледі.
      49. Нормативтік құқықтық акт жобасының қағаз жеткізгіштегі төлнұсқасын мемлекеттік органдарда түпкілікті келісу мерзімі мемлекеттік органға түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен аспауға тиіс.
      50. Нормативтік құқықтық актіні келісуге жіберген және келісуші мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы, ол болмаған жағдайда оның міндетін атқарушы адам нормативтік құқықтық акт жобасының барлық парағына қол қояды.
      Мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы жауапты құрылымдық бөлімше басшысының (не оның мiндетiн атқарушы тұлғаның) ЭЦҚ-сымен куәландырылады.
      51. Нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау қорытындылары бойынша келісуші мемлекеттік орган МО ИП арқылы әзірлеуші органға мынадай жауап нұсқаларының бірін ұсынуға тиіс:
      1) нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертулерсіз келісілді (бірінші басшының не оның міндетін атқарушы адамның ЭЦҚ-сымен куәландырылған);
      2) нормативтік құқықтық актінің жобасын келісуден бас тартылды (дәлелденген бас тартуды қоса бере отырып, бірінші басшы орынбасарының не жауапты хатшының ЭЦҚ-сымен куәландырылған).
      Егер нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша олар жойылған жағдайда актінің жобасын келісуге болатындай ескертулер болса, аталған ескертулер МО ИП арқылы электрондық нысанда жазылады, ескертулерді жою бойынша ұсыныстар міндетті түрде қамтыла отырып, бірінші басшы орынбасарының не жауапты хатшының ЭЦҚ-сымен куәландырылады.
      52. Нормативтік құқықтық актінің жобасы МО ИП арқылы келісілгеннен кейін нормативтік құқықтық акті жобасының қағаз жеткізгіштегі төлнұсқасын түпкілікті келісу келісуші мемлекеттік органның бірінші басшысының не ол болмаған жағдайда, оның міндетін атқарушы адамның бұрыштамасымен ресімделеді және мемлекеттік органның бірінші басшысының міндетін уақытша атқару туралы бұйрықтың көшірмесін қоса бере отырып, мөрмен куәландырылады.
      53. Мемлекеттiк органдармен түпкілікті келiсiлген нормативтiк құқықтық актінің жобасының мәтініне түзетулер мен толықтырулар енгiзуге жол берiлмейдi.