"Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 44-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидалары бекiтiлсiн.
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің уақытша қағидаларында Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлерінің нормативтік құқықтық бұйрықтарын, оның ішінде көрсетілген орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарын, сондай-ақ Павлодар облысы бойынша мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларын, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін, тексеру комиссиясының нормативтік құқықтық қаулыларын нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу рәсімдерін автоматтау бойынша пилоттық жобаны жүргізу кезеңіне мемлекеттік тіркеу тәртібі айқындалады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 07.03.2018 № 113 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің | |
2016 жылғы 6 қазандағы | |
№ 568 қаулысымен | |
бекітілген |
Нормативтік құқықтық актiлердi ресімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 04.12.2018 № 804 қаулысымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Нормативтік құқықтық актiлердi ресімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 44-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және мынадай нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою тәртібін айқындайды:
1) Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулылары;
2) Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
3) орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
4) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.
Қағидалардың 1-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген орталық және жергілікті органдар әзірлеуші мемлекеттік органдар болып табылады. Бұл ретте, Қағидалардың 1-тармағының бірінші бөлігінің 1) – 3) тармақшаларында көрсетілген органдар орталық органдар деп, ал мәслихаттар, әкімдіктер, тексеру комиссиялары мен әкімдер жергілікті органдар деп түсініледі.
2. Нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу Заңның 22 - 28-баптарының, осы Қағидалардың, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 569 қаулысымен бекітілген Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидаларының (бұдан әрі – Әзірлеу қағидалары) және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 703 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларының (бұдан әрі – Құжаттама жасау қағидалары) талаптары сақтала отырып жүргізіледі.
2-тарау. Мемлекеттік органдарда нормативтiк құқықтық актiлердi ресімдеу және келісу тәртібі 1-параграф. Нормативтiк құқықтық актiлердi ресімдеу
3. Нормативтік құқықтық актіде Заңның 22-бабында көзделген деректемелер болуға тиіс.
Заңның 22-бабының 1) тармақшасында көрсетілген деректеме электрондық құжат айналымы кезінде электрондық бланкінің өзінде орналастырылады.
Заңның 22-бабының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актінің деректемелері электрондық құжат айналымы кезінде мемлекеттік органдардың интранет-порталының (бұдан әрі – МО ИП) электрондық тіркеу бақылау карточкасында және электрондық бланкіде орналастырылады.
Заңның 35-бабының негізінде тиісті нормативтік құқықтық актіге қол қоюға уәкілетті адамның немесе оның міндетін атқарушы адамның лауазымын, тегін және аты-жөнін әзірлеуші мемлекеттік орган (бірлескен нормативтік құқықтық акт әзірленген жағдайда – негізгі әзірлеуші жауапты мемлекеттік орган) электрондық тіркеу бақылау карточкасында көрсетеді.
Тиісті нормативтік құқықтық актіні келісуші мүдделі мемлекеттік орган адамының немесе оның міндетін атқарушы адамның лауазымы, тегі және аты-жөні электрондық тіркеу бақылау карточкасында көрсетіледі.
Электрондық құжат айналымы кезінде электрондық тіркеу бақылау карточкасы Заңның 22-бабының 8) тармақшасында көрсетілген деректемеге теңестіріледі.
Электрондық құжат айналымы кезінде нормативтік құқықтық актінің қалған деректемелері электрондық тіркеу бақылау карточкасына орналастырылады.
МО ИП-қа қолжетімділік болмаған немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгіні орналастыру үшін негіздер болған кезде нормативтік құқықтық актінің деректемелері мен мәтіні тікелей қағаз бланкіге орналастырылады.
Электрондық бланкідегі нормативтік құқықтық акт және электрондық тіркеу бақылау карточкасы, сондай-ақ нормативтік құқықтық актіге қоса тіркелетін жеке файлдар түріндегі құжаттар бірыңғай электрондық құжатты құрайды.
4. Әзірлеуші мемлекеттік органда электрондық құжат айналымы шеңберінде нормативтік құқықтық актіні қабылдау Заңның 35-бабы негізінде тиісті нормативтік құқықтық актіге қол қоюға уәкілетті адамның немесе тиісті акт негізінде оның міндетін атқарушы адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.
Көрсетілген адамдар қағаз құжат айналымы кезінде Құжаттама жасау қағидаларының талаптарын ескере отырып, қағаз бланкіге қол қояды.
5. Қағаз құжат айналымы кезінде нормативтік құқықтық актіні қабылдаған (келіскен) органның заң қызметінің басшысы, ал ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқаратын адам осы қабылданған актінің әр парағын дәйектейді.
Көрсетілген заң қызметі болмаған жағдайда, парақтап дәйектеуді осы Қағиданың 24-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген адамдар жүргізеді.
6. Нормативтiк құқықтық актiлердiң қазақ және орыс тiлдерiндегi мәтiндерiнiң сәйкестігін нормативтiк құқықтық актiнi мемлекеттiк тiркеуге ұсынған орталық және жергiлiктi органдар қамтамасыз етедi.
7. Нормативтік құқықтық актінің мазмұндық бөлігі электрондық бланкте *docx форматында мынадай параметрлер ескеріле отырып ресімделеді:
1) сол жақ шет сызығы – 2,5 сантиметр, оң жақ шет сызығы – 1,5 сантиметр, колонтитулдар – 2,5 сантиметр;
2) қаріп – № 14 мөлшеріндегі "Times New Roman" (қосымшаларда кішірек, бірақ № 10-нан кем болмайтын қаріп қолданылуы мүмкін);
3) жоларалық интервал – біржолдық;
4) абзацтық азат жол (бірінші жолдың азат жолы) – 1,25 сантиметр.
Оған нормативтік құқықтық актінің жобасын келісу кезінде әділет органдарына бұрын жіберілген құжаттар қоса беріледі.
Өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актіге салыстырмалы кесте барлық қабылданған ұсынымдар, ескертулер және ұсыныстар ескеріле отырып өзекті күйде ұсынылады.
Электрондық құжат айналымы шегінде қоса берілетін құжаттардың бәрі Құжаттама жасау қағидаларында көзделген форматтарда бөлек файлдар түрінде қоса тіркеледі.
Қағаз құжат айналымы жағдайында нормативтік құқықтық акт және оған қоса берілетін құжаттар шимайсыз және түзетулерсіз ұсынылады.
Сонымен бірге, нормативтiк құқықтық акт және оған қоса берілетін құжаттар парақтарының сырт жағында қандай да бiр жазбаларға немесе қол қоюға жол берiлмейдi.
Нормативтiк құқықтық актілерде және олардың қосымшаларында (нормативтiк құқықтық актілердің негізгі және туынды түрлері) орфографиялық және грамматикалық қателерге жол берiлмейдi.
8. Нормативтiк құқықтық актінің мәтiнiнде ерекшеленген әрiптермен жазылатын тақырыпты, параграфтардың, тараулардың, кiшi бөлiмдердiң, бөлiмдердiң атауларын, "БIРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ", "БIРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШIМ)", "БIРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ және БҰЙРЫҚ (ШЕШIМ)", "БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)", ("ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫҚ", "ҚАУЛЫ ЕТЕДI (МIЗ)") деген сөздердi, қол қоятын адамның лауазымын, аты-жөнi мен тегiн қоспағанда, жекелеген сөздер мен сөз тiркестерiн бөлiп көрсетуге және олардың астын сызуға жол берiлмейдi.
"БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)", "ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫҚ", "ҚАУЛЫ ЕТЕДI (МIЗ)" деген сөздер бас әрiптермен жазылады және оларды буынға бөліп тасымалдауға жол берiлмейдi.
9. Нормативтiк құқықтық актiлерде сiлтеме жасау және жазып келтіру Заңның 25-бабының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Абзацтарға және бөліктерге сілтемелер жолдарға және сөйлемдерге сiлтемелер сияқты жүргізіледі.
10. Нормативтiк құқықтық актінің мәтiнiнде күнiн белгiлеген кезде айдың атауы жазумен, ал жылы толық көрсетiледi, мысалы: "2016 жылғы 6 қаңтар".
11. Нормативтік құқықтық актінің мәтiнінде тиiстi нұсқауларды құқық нормасының мағынасына нұқсан келтiрмей жазу мүмкiн болмаса, нормативтiк құқықтық актінiң құрылымдық элементі ескертпемен толықтырылуы мүмкін.
12. Бірлескен нормативтік құқықтық актілер түрінде қабылданатын нормативтік құқықтық актілер ресми бланкілер пайдаланылмай ресімделеді.
13. Қағаз түріндегі нормативтік құқықтық актінің негізгі түріндегі тақырып парақтың сол жақ үстіңгі бөлігінде орналастырылуға тиіс, оң жағынан нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу туралы мөртаңбаға ені кемінде 7,5 сантиметр және ұзындығы кемінде 4 сантиметр орын қалдырылады.
14. Шешiмдерi бірлескен қаулылар түрiнде ресiмделетін нормативтiк құқықтық актінi екi немесе одан да көп мемлекеттiк орган қабылдаған жағдайда, актінің нысаны: "БIРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ" деп көрсетiледi.
Шешiмдерi бірлескен бұйрықтар (шешiмдер) түрiнде ресiмделетін нормативтiк құқықтық актілердi екi немесе одан да көп мемлекеттiк орган қабылдаған жағдайларда, актінің нысаны: "БIРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШIМ)" деп көрсетiледi.
Егер бiреуiнiң шешiмi қаулы түрінде, ал екiншiсiнiң шешiмi бұйрық (шешiм) түрінде ресiмделетiн нормативтiк құқықтық актінi екi немесе одан да көп мемлекеттiк орган қабылдаса, актінің нысаны: "БIРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ және БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)" деп көрсетiледi.
15. Екi және одан да көп мемлекеттiк орган қабылдаған бiрлескен актінi ресiмдеу кезінде осы органдардың ресми атаулары қазақ тілінде әліпби тәртiбімен орналастырылады.
Осы органдардың орыс тіліндегі ресми атаулары олардың қазақ тіліндегі жазылу тәртібіне сәйкес келуге тиіс.
Егер мемлекеттік органдар атауларының бірінші сөздері бірдей әріптен басталған жағдайда, мемлекеттік орган атауының келесі әрпі ескеріледі.
Мұндай жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы бiрiншi парақтың жоғарғы бөлiгiнiң ортасында орналастырылуға тиiс.
16. Нормативтiк құқықтық актiлердің туынды түрлері Заңның 28-бабының талаптары ескеріле отырып, негізгі нормативтік құқықтық актілерге қосымша түрінде ресімделеді.
2-параграф. Нормативтiк құқықтық актілерді келiсу
17. Нормативтік құқықтық актіні келісуді мүдделі мемлекеттік органдар және/немесе ұйымдар ол қабылданғанға (жоба түрінде) дейін жүзеге асырады.
Қабылдау түпкілікті келісілген (ескертусіз) нормативтік құқықтық актінің жобасына қатысты жүзеге асырылады.
Электрондық құжат айналымы шеңберінде нормативтік құқықтық актіні қабылдау МО ИП арқылы немесе МО ИП-қа қолжетімділік болмаған жағдайда және (немесе) "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі болған жағдайда қағаз түрінде жүзеге асырылады.
18. Электрондық құжат айналымы шеңберінде бірлескен нормативтік құқықтық актіні қабылдау осы бірлескен нормативтік құқықтық актіні қабылдайтын екі және одан да көп мемлекеттік органдардың электрондық түрде келісуі жолымен жүргізіледі.
Әзірлеуші негізгі жауапты мемлекеттік орган МО ИП арқылы басқа уәкілетті мемлекеттік органдарға бірлескен нормативтік құқықтық актіні жібереді.
Әзірлеу қағидаларының талаптары ескеріле отырып, бірлескен нормативтік құқықтық актіге нормативтік құқықтық актінің жобасын келісу сатысында бұрын ұсынылған құжаттар қоса беріледі.
19. Бірлескен нормативтік құқықтық актіні келісу арқылы қабылдау Заңның 35-бабына сәйкес нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілетті адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылады.
Көрсетілген адам болмаған жағдайда, міндеттерді жүктеу туралы тиісті актіні қоса тіркеу шартымен нормативтік құқықтық акт оның міндетін атқарушы адамның ЭЦҚ-сымен куәландырылады.
Бірлескен нормативтік құқықтық актіні келісу арқылы қабылдау туралы белгілер, сондай-ақ осы бірлескен актінің қабылданған күні мен нөмірі электрондық тіркеу бақылау карточкасында "НҚА ҚАБЫЛДАНҒАН НӨМІРІ МЕН КҮНІ" деген сөздердің және негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік орган электрондық тіркеу бақылау карточкасына бұрын енгізген әрбір уәкілетті мемлекеттік органның ресми атауының тұсында көрсетіледі.
Қабылданған бірлескен нормативтік құқықтық актінің электрондық тіркеу бақылау карточкасын толтыру негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік органның бақылауымен автоматты түрде жүргізіледі.
20. Мәслихат сессиясында мәслихаттың жергілікті бюджет туралы немесе оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы қабылданатын нормативтік құқықтық актісіне (шешіміне) өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда, мәслихаттың қабылданған тиісті нормативтік құқықтық актісі мемлекеттік тіркеуге жіберілгенге дейін ол мүдделі мемлекеттік органдармен келіп түскен күнінен бастап бір жұмыс күні ішінде түпкілікті келісілуге тиіс.
21. МО ИП-қа қолжетімділік болмаған және/немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгі болған кезде бірлескен нормативтік құқықтық актіні қағаз түрінде қабылдау осы нормативтік құқықтық актіні қабылдайтын мемлекеттік орган (мемлекеттік органдар) басшысының қол қоюымен куәландырылады.
Мемлекеттік органның басшысы болмаған жағдайда тиісті құқықтық актінің қабылданғаны оның міндетін орындаушы адамның қол қоюымен куәландырылып, мемлекеттік органның бірінші басшысының міндетін жүктеу туралы актінің көшірмесі қоса беріледі.
22. Қағаз түріндегі нормативтік құқықтық актіні қабылдаушы мемлекеттік органның (мемлекеттік органдардың) басшысының қойған қолы елтаңбалық мөрмен расталады, ол нормативтік құқықтық актіге қол қойған адамның лауазымының атауынан кейін оның жеке қолын қамтымай қойылады.
Бұл талап бірлескен нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға да қатысты.
23. Бірлескен нормативтік құқықтық актіге қатысты келіспеушіліктер туындаған жағдайда ол қабылданғанға дейін бір жұмыс күні ішінде келісу консультациялары өткізіледі.
Бірлескен нормативтік құқықтық актіні келісу арқылы қабылдау МО ИП бойынша ол келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
24. Нормативтік құқықтық актіні келісуге жіберген мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы, ал ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адам нормативтік құқықтық актіні электрондық цифрлық қолтаңбасын қою арқылы келіседі.
Мемлекеттік органда заң қызметі болмаған жағдайда, нормативтік құқықтық актіні келісуге жауапты болып айқындалған тиісті құрылымдық бөлімшенің басшысы, ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адам нормативтік құқықтық актіні келіседі.
Жергiлiктi органда заң қызметі болмаған жағдайда, нормативтік құқықтық актіні осы органда заңгер функциясын атқаратын адам, не мемлекеттік органның бірінші басшысы, не ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адам келіседі.
"Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар нормативтік құқықтық акт үшін әрбір парағын дәйектеуді нормативтік құқықтық актіні келісуге жіберген мемлекеттік органның және келісуші мемлекеттік органның заң қызметтерінің басшылары, ал заң қызметінің басшысы немесе заң қызметі болмаған жағдайда – Қағидалардың осы тармағының екінші немесе үшінші бөліктерінде көрсетілген адамдар жүргізеді.
25. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің нормативтік құқықтық шешімі үшін әрбір парағын дәйектеуді осы органда заңгер функциясын атқаратын адам, не әкім, не ол болмаған жағдайда – оның міндетін атқарушы адам жүргізеді.
3-тарау. Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу және олардың күшін жою тәртібі
1-параграф. Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тәртiбi
26. Заңның 44-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жататын қабылданған нормативтік құқықтық актілер мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына (бұдан әрі – әділет органдары) жіберіледі.
Мемлекеттік тіркеу әділет органдарына әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен, ал бірлескен нормативтік құқықтық акт қабылданған жағдайда – негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
"Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 185 Жарлығымен құрылған Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) хаттамалық шешімдерін іске асыру үшін қабылданған нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу мұндай акт әділет органдарына түскен күнінен бастап бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне енгізіледі.
Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімін жүргізуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі және оның аумақтық органдары жүзеге асырады. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімін жүргізудің тәртібі мен нысанын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітеді.
Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 25.03.2020 № 136 қаулысымен.27. Осы Қағидалардың 1-тармағының 1) – 4) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне немесе оның аумақтық органдарына қазақ және орыс тілдерінде:
1) МО ИП арқылы электронды түрде – олар бекітілген күні;
2) қағаз түрінде – бекітілген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынылады.
Алқалы мемлекеттік органдар және мәслихаттар қабылдайтын нормативтiк құқықтық актiлердi ұсыну мерзімі осы актілер қабылданған алқалы органның отырысы немесе мәслихаттың сессиясы өткізілген күннен бастап жеті жұмыс күнінен аспайды.
Нормативтік құқықтық акт мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген не бірлескен акт қабылданған жағдайда, көрсетілген акт мемлекеттік тіркеуге:
1) МО ИП арқылы электронды түрде – бекітілген күні мүдделі мемлекеттік органдардың соңғысы келіскен не қол қойған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде;
2) қағаз түрінде – мүдделі мемлекеттік органдардың соңғысы келіскен не қол қойған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде ұсынылады.
28. Әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге нормативтік құқықтық акт мынадай бөліктерде электрондық құжат түрінде ұсынылады:
1) нормативтік құқықтық актінің электрондық бланкідегі мазмұндық бөлігі тек *docx форматында;
2) Құжаттама жасау қағидаларында көзделген форматтарда қоса берілген файлдардың мазмұндық бөлігі;
3) қалыптастырылған электрондық тіркеу бақылау карточкасы арқылы деректемелік бөлік.
29. МО ИП-қа қолжетімділік болмаған және/немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі болған жағдайларда қағаз түріндегі нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу үшін әділет органдарына нормативтік құқықтық актінің қазақ және орыс тілдеріндегі төлнұсқасы ілеспе хатпен Қағидалардың 7-тармағында көзделген құжаттармен бірге үш данада ұсынылады.
Нормативтік құқықтық актіні бірнеше мемлекеттік орган қабылдаған жағдайда, осы нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органдардың қалғандарының санына сәйкес келетін даналары қосымша ұсынылады.
30. Осы Қағидалардың және Құжаттама жасау қағидаларының талаптарына сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, мемлекеттік тіркеуге келіп түскен нормативтік құқықтық акт әзірлеуші мемлекеттік органға немесе әзірлеуші негізгі жауапты мемлекеттік органға пысықтау мақсатында қайтарылады.
Нормативтік құқықтық актіні пысықтау кезеңінде мемлекеттік тіркеу мерзімі тоқтатыла тұрады және мемлекеттік тіркеуге қайта ұсынылған жағдайда қайта жаңартылады.
Нормативтік құқықтық актіні пысықтау мүдделі мемлекеттік органдармен қайта келісуді жүргізу уақытын қоса алғанда, 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.
31. Келіп түскен нормативтік құқықтық актіні тікелей әзірлеуші мемлекеттік орган немесе негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік орган белгіленген мерзімде пысықтау мақсатында кері қайтарып алуы мүмкін.
Заңның 22 - 28-баптарында көзделген нормативтік құқықтық актіні ресімдеу бөлігіндегі талаптарға сәйкессіздік анықталған жағдайда, пысықтау мақсатында да нормативтік құқықтық актіні әділет органы қайтарады немесе оны әзірлеуші мемлекеттік орган (негізгі әзірлеуші жауапты мемлекеттік орган) кері қайтарып алады.
32. Нормативтік құқықтық актіні пысықтауға қайтарумен келіспеген жағдайда, мүдделі әзірлеуші мемлекеттік органдар одан әрі шаралар қабылдау жөнінде келісілген ұстанымды әзірлеу мақсатында әділет органдарының қатысуымен келісу консультацияларын жүргізеді.
33. Нормативтік құқықтық актіні қабылдаған орган сараптамалық кеңестердің және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысымен, сондай-ақ қоғамдық кеңестің ұсынымдарымен келіспеген жағдайда, нормативтік құқықтық актіге келіспеу себептерінің негіздемелері бар хатты (жауапты) қоса береді.
Қабылданған нормативтік құқықтық актіге "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу туралы талап қолданылмайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қоспағанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысы, сондай-ақ нормативтік құқықтық актінің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы жүзеге асыратын адамның немесе ұйымның атына нормативтік құқықтық актіні қабылдаған органның ұсынымдарды қабылдамау себептерінің негіздемелері жазылған жауабының көшірмесі қоса беріледі.
Ескерту. 33-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.07.2020 № 451 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.34. Әділет органдары Заңның 44-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден бас тартады және МО ИП арқылы орталық немесе жергілікті органдарға бас тартудың себептерін көрсете отырып, электрондық құжат нысанында хат жібереді.
Қағаз құжат айналымы жағдайында нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден бас тарту туралы хат қағаз түрінде ресімделеді және нормативтік құқықтық актінің бір данасы әділет органдарында қалады.
35. Электрондық құжат айналымы жағдайында мемлекеттік тіркеуден бас тарту алынған кезде әзірлеуші мемлекеттік орган немесе бірлескен нормативтік құқықтық актіні қабылдауға уәкілетті мемлекеттік органдар нормативтік құқықтық актіні жояды және мемлекеттік тіркеуден бас тартылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде электрондық тіркеу бақылау карточкасына тиісті мәліметтерді енгізеді.
Алқалы мемлекеттік органдар және мәслихат кезектi (кезектен тыс) отырыста немесе сессияда бекiткен күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде электрондық тіркеу бақылау карточкасына нормативтік құқықтық актіні жою туралы тиісті мәліметтерді енгізеді.
Қағаз құжаты айналымы жағдайында әділет органдарына Қағидалардың осы тармағының бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген мерзімде нормативтік құқықтық актінің күшін жою туралы актінің көшірмесі ұсынылады.
Алынған бас тартуға сот тәртібінде шағым жасалған жағдайда бұл мерзімдер тоқтатыла тұрады.
36. Қайтару, пысықтауға қайтарып алу үшін негіз болған бұзушылықтар жойылғаннан кейін әділет органдары пысықталған нормативтік құқықтық актіні ол келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік тіркеуді жүргізеді.
37. Нормативтік құқықтық актіні орталық орган үшін – Қазақстан Республикасының Әділет министрі немесе оның орынбасары (вице-министр), жергілікті орган үшін – аумақтық әділет органының басшысы не оның міндетін атқарушы адам мемлекеттік тіркеу туралы шешім қабылдаған кезде нормативтік құқықтық актіге мемлекеттік тіркеу күні мен нөмірі МО ИП-та электронды түрде беріледі және электрондық тіркеу бақылау карточкасында көрсетіледі.
Қағаз құжат айналымы жағдайында да тиісті нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу әділет органының мемлекеттік тіркеу туралы шешім қабылдауын (нормативтік құқықтық актіні мемлекеттiк тiркеу туралы қорытындыны бекітуді) және негiзгi нормативтiк құқықтық акт төлнұсқасының әр данасының бiрiншi парағының жоғары оң жақ бұрышына нормативтiк құқықтық актiнi мемлекеттiк тiркеу туралы мөртаңба қоюды қамтиды.
Нормативтiк құқықтық актiнiң жiберiлетiн әрбiр данасына нормативтiк құқықтық актiнi мемлекеттiк тiркеу туралы қорытынды қоса берiледi.
Қағаз түрінде тіркелген нормативтік құқықтық актінің бір данасы тиісті әділет органында сақталады, ал басқа даналары әзірлеуші мемлекеттік органға (негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік органға) жіберіледі.
Қағаз түріндегі нормативтік құқықтық актілер үшін құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу туралы қорытындының және мөртаңбаның нысандарын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітеді.
38. Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге қатысты "Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты" республикалық мемлекеттік кәсіпорны Заңның 53-бабының негізінде мемлекеттік есепке алуды жүргізеді.
Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.03.2019 № 149 қаулысымен.2-параграф. Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеудің күшін жою тәртiбi
39. Әділет органдарында тіркелген нормативтік құқықтық актіде Заңның 44-бабы 3-тармағының 1) – 4) тармақшаларында көзделген бұзушылықтарды әділет органдары анықтаған кезде әділет органдары қолданыстағы заңнамада көзделген өкілеттіктеріне сәйкес тиісті нормативтік құқықтық актіні қабылдаған мемлекеттік органды бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы жазбаша хабардар етеді.
Әділет органдары хабарламада белгілейтін мерзім оның мемлекеттік органға келіп түскен кезінен бастап он жұмыс күнінен кем болмауға тиіс.
Мемлекеттік орган хабарламада көрсетілген мерзім ішінде әділет органдарына тиісті құжаттарды қоса бере отырып, қабылданған шаралар туралы жазбаша хабарлайды.
Хабарламада көрсетілген мерзімде мемлекеттік орган нормативтiк құқықтық актiні Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіру жөнінде шаралар қабылдамаған жағдайда, әділет органдары он жұмыс күні ішінде тиісті қорытынды шығарады және сотқа осындай нормативтiк құқықтық актiнi мемлекеттiк тiркеудің күшін жою туралы өтініш береді.
40. Нормативтiк құқықтық актiнi мемлекеттiк тiркеудің күшін жою туралы қорытындының нысанын Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлігі бекiтедi.
41. Нормативтiк құқықтық актiнi мемлекеттiк тiркеудің күшін жою туралы сот шешімі күшіне енгеннен кейін әділет органдары сот шешімін алған кезден бастап үш жұмыс күні iшiнде:
1) нормативтiк құқықтық актiнi мемлекеттiк тiркеудің күшін жою туралы жазбаны нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiне енгiзеді;
2) нормативтiк құқықтық актiнi мемлекеттiк тiркеудің күшін жою туралы мәліметтерді ресми жариялау үшін мемлекеттік кәсіпорынға жібереді.
42. Мемлекеттiк тiркелуінің күші жойылған нормативтiк құқықтық акт әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге осы Қағидалардың талаптарына сәйкес қайтадан ұсынылады.
43. Мемлекеттiк тiркелуінің күші жойылған нормативтiк құқықтық акт қолдануға жатпайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 6 қазандағы № 568 қаулысына қосымша |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Нормативтiк құқықтық актілерді ресiмдеу және келiсу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 тамыздағы № 773 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 30,326-құжат).
2. "Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттiк тiркеу қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 17 тамыздағы № 778 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYАЖ-ы, 2006 ж., № 30,330-құжат).
3. "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 наурыздағы № 217 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 9, 105-құжат).
4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 778 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 12 қазандағы № 938 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 38, 436-құжат).
5. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 тамыздағы № 773 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 28 қазандағы № 999 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 41, 470-құжат).
6. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 778 қаулысына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 қыркүйектегі № 1370 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 38, 376-құжат).
7. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 16 тамыздағы № 773 қаулысына толықтыру мен өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1719 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 46, 439-құжат).
8. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 778 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 13 желтоқсандағы № 1347 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 5, 60-құжат).
9. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 16 қыркүйектегі № 1067 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 54, 767-құжат).
10. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 сәуірдегі № 333 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырудың 2, 3-тармақтары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 24, 389-құжат).
11. "Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының, ведомстволар басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарын, орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулыларын, Орталық сайлау комиссиясының нормативтік қаулыларын, мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, сондай-ақ әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары мен әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін ресми жариялау жүзеге асырылатын интернет-ресурсты айқындау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 қазандағы № 1124 қаулысының 4-тармағының 1), 2) тармақшалары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 62, 839-құжат).
12. "Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 778 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 8 қарашадағы № 1173 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 63, 860-құжат).
13. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 1401 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне және "Заң шығару қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2009 жылғы 2 ақпандағы № 15-ө өкіміне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 8, 9-тармақтары (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 83-84, 722-құжат).
14. "Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 778 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 157 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 15, 87-құжат).
15. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 288 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 24-25, 149-құжат).
16. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1088 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерістердің 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 72-73-74, 545-құжат).
17. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1119 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 2-тармағы.