Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі – Республикалық құқықтық ақпарат орталығы) "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесі мемлекеттік құпиялар және өзге де заңмен қорғалатын құпия қамтылған нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ "Қызметтік пайдалану үшін", "Баспасөзде жариялаусыз", "Баспасөзге арналмаған" деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарын, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулыларын, мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерін, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларын, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерін, тексеру комиссияларын нормативтік құқықтық қаулыларын ресми жариялау жүзеге асырылатын интернет-ресурс ретінде айқындалсын.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2016 N 904 қаулысымен.
2. Мемлекеттік органдар:
1) "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялау үшін жіберілетін графикалық форматтағы қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілер көшірмелерінің қол қойылған түпнұсқаларға толық сәйкестігін;
2) Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде тіркелген:
Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулыларының көшірмелерін – Республикалық құқықтық ақпарат орталығына;
мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерінің, сондай-ақ әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларының, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерінің, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларының көшірмелерін Республикалық құқықтық ақпарат орталығының тиісті аумақтық бөлімшелеріне "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялау үшін жіберуді;
3) нормативтік құқықтық актінің бір тілдегі электрондық көшірмелерінің бір электрондық файлда қалыптастырылуын қамтамасыз етсін.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 30.12.2014 № 1401 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2016 N 904 қаулыларымен.
3. Республикалық құқықтық ақпарат орталығы:
1) жариялану күні мен ақпараттық-құқықтық жүйенің атауын көрсете отырып, графикалық форматта қазақ және орыс тілдерінде келіп түсетін "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8), 9) тармақшаларында көрсетілген мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін бес жұмыс күні ішінде ресми жариялауды;
2) есепті айдан кейінгі айдың 10-ы күніне дейінгі мерзімде өткен айда ресми жарияланған:
Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың өзге де басшыларының, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтарының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулыларының тізбесін – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне;
мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдерінің, сондай-ақ әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулыларының, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдерінің, тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулыларының тізбесін Республикалық құқықтық ақпарат орталығының тиісті аумақтық бөлімшелеріне беруді;
3) жарияланған негізгі нормативтiк құқықтық актiге ақпаратта оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген нормативтік құқықтық актілер, сондай-ақ осы нормативтік құқықтық актінің қолданысын тоқтата тұру, күші жойылды деп тану туралы мәліметтердің көрсетілуін;
4) графикалық форматта орналастырылатын нормативтік құқықтық актілердің мәтіндерін және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесін рұқсатсыз араласудан қорғауды қамтамасыз етсін.
Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 30.12.2014 № 1401 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 28.01.2016 № 35 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) ; 29.12.2016 N 904 қаулыларымен.
4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
1) Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 06.10.2016 № 568 қаулысымен.
2) Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 06.10.2016 № 568 қаулысымен.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 06.10.2016 № 568 қаулысымен.
5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Премьер-Министрі | С. Ахметов |