Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер жөніндегі заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 10 шілдедегі N 2 Нормативтік Қаулысы.

Жаңартылған

      ХАБАРЛАНДЫРУ

      Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердің қатысушыларының арасындағы қатынастарды реттейтін заңнаманы біркелкі қолдану және қатысушылардың үлестеріне қатысты дауларды шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:

      1. Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердің қызметін, оның қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін реттейтін заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен (бұдан әрі – АК), "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 сәуірдегі № 220-I Заңынан (бұдан әрі – Заң) және басқа нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 3 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      1-1. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 27-бабының бірінші бөлігіндегі корпоративтік даулардың анықтамасы субъектілік және нысаналы өлшемшарттар арқылы ашылған.

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысуымен корпоративтік даулардың субъектілері:

      заңды тұлға ретінде серіктестік, оның органы атынан шешім қабылдағанда;

      серіктестіктің лауазымды адамдары – алқалы немесе жеке-дара атқарушы органның мүшелері, байқау кеңесінің мүшелері (Заңның 41-бабының 2-тармағы, АПК-нің 27-бабы бірінші бөлігінің 3), 5) және 10) тармақшалары);

      серіктестікке қатысушылар (құрылтайшылар), оның ішінде бұрынғы қатысушылар;

      серіктестікке қатысушылардың қатарына Заңда белгіленген тәртіппен (Заңның 22-бабы және 28-бабының 2-тармағы) үлесті сатып алу нәтижесінде қосылған адамдар болып табылады.

      АПК-нің 27-бабы бірінші бөлігінің 1)-ден бастап 10)-ны қоса алғандағы тармақшаларында көрсетілген корпоративтік дауларға қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тәсілдері толық болып табылмайды. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде құқықтарды қорғаудың өзге де тәсілдері көзделуі мүмкін.

      АПК-нің 27-бабының бірінші бөлігіне сәйкес корпоративтік даулар мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың соттылығына жатқызылған және талап қою іс жүргізуі тәртібімен қаралуы тиіс.

      Төрелік келісімі болған жағдайда корпоративтік дау "Төрелік туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 488-V Заңының 8-бабына сәйкес төреліктің қарауына берілуі мүмкін.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 11 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталы серіктестік құрылтайшыларының (қатысушыларының) АК-нің 115-бабының 2-тармағында, 117-бабында және Заңның 23-бабының 3-тармағында көрсетілген мүлкінен және мүліктік құқықтарынан, оның ішінде жеке тұлғаның шартты жер үлесіне құқығын енгізуден құралады. Шартты жер үлесiне құқық Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 103-бабының 5-тармағында белгіленген тәртіпте берілген куәлікпен расталуға тиіс.

      Шартты жер үлесіне құқық деп жекешелендірілген ауыл шаруашылығы ұйымы қызметкерінің және өзге де тұлғалардың жекешелендіру туралы заңнамалық актілерде көзделген негіздер бойынша және тәртіпте жекешелендірілген ауыл шаруашылығы ұйымының жер пайдалану құрамында бұрын болған жер учаскесін нақтылы алу құқығы түсініледі.

      Жарғылық капиталының ең төмен мөлшері нөлдік деңгеймен айқындалатын, шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікті (бұдан әрі - ЖШС), сондай-ақ мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясын қоспағанда, жарғылық капиталдың бастапқы мөлшері құрылтайшылар салымдарының сомасына тең болады және серіктестікті мемлекеттік тіркеу үшін құжаттар табыс етілген күнге бір жүз айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне баламалы сомадан кем болмауға тиіс.

      Жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген, серіктестік тіркелген күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімде ЖШС-ның барлық қатысушылары серіктестіктің жарғылық капиталына салымды толық енгізуге тиіс.

      Серіктестіктің қатысушысы белгіленген мерзімде үлесін енгізу бойынша міндетін орындамаған жағдайда қатысушы енгізбеген үлестің бөлігін серіктестік өз капиталының есебінен енгізуге тиіс.

      Өз үлесін мерзімінде енгізбеген қатысушы үлесін енгізбеумен серіктестікке келтірген зиянның орнын толтыруға, сондай-ақ егер серіктестіктің құрылтай шартында немесе серіктестіктің жарғысында өзгеше қарастырылмаса, серіктестікке АК-нің 353-бабына сәйкес, тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.

      ЖШС жарғылық капиталға өзінің капиталы есебінен енгізген үлес немесе оның бөлігі Заңның 31-бабында қарастырылған тәртіппен қалған қатысушылар арасында бөлінуі не үшінші тұлғаның сатып алуына мүмкін (Заңның 24-бабының 3, 4-тармақтары).

      Егер Заңның 24-бабының 2-тармағымен бекітілген үлестің енгізілмеген бөлігі сатылмаса, серіктестіктің жарғылық капиталы осы сомаға азайтылуға жатады және қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері соған сәйкес өзгереді. Егер осы жағдайда жарғылық капиталдың көлемі жүз айлық көрсеткіштен кем соманы құраса, онда қатысушылар бір жылдың ішінде жарғылық капиталға тиісті қосымша салымдарды енгізуге тиіс. Өзге жағдайда серіктестік өкілетті мемлекеттік органның не ЖШС қатысушысының арызы бойынша соттың шешімі негізінде таратылуға жатады.

      Аталған қағида жарғылық капиталының ең төмен мөлшері нөлдік деңгеймен айқындалатын шағын кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестікке, сондай-ақ мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына қолданылмайды.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 3 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      2-1. Серіктестіктің барлық құрылтайшыларының келісімі немесе серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша серіктестіктің жарғылық капиталына қатысушының үлесі ретінде енгізілетін жылжымайтын немесе жылжымалы заттар, мүліктік құқықтар, оның ішінде шартты жер үлесіне құқық міндетті түрде ақшалай бағалануға тиіс. Салым құнын жиырма мың айлық есептік көрсеткіштің мөлшеріне баламалы сомадан асырған кезде қатысушының үлесін тәуелсіз сарапшы растауға тиіс.

      Бағалаушының қорытындысы "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 30 қарашадағы № 109 Заңында белгіленген талаптарға сәйкес болуға тиіс.

      Салымды бағалау жөніндегі шығындарды салымды ақшалай бағалауға мүдделі серіктестік құрылтайшысы (қатысушысы) өтейді.

      Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 3 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      2-2. Шартты жер үлесіне құқық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің санаттарына (егістік, шабындық, жайылым, суармалы жерлер және т.б.) және шартты жер үлесіне құқық туралы куәлікте көрсетілген бонитет балына байланысты ақшалай бағалануға тиіс.

      Ескерту. 2-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 3 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      2-3. Егер жылжымайтын мүлік объектілері тұрғызылған жер учаскесіне тұлғаның меншік құқығы серіктестіктің жарғылық капиталына үлес ретінде енгізілсе, онда жер учаскесі, сондай-ақ сол жерде тұрғызылған жылжымайтын мүлік объектілері де ақшалай бағалануға тиіс.

      Егер жерді пайдалану құқығы серіктестіктің жарғылық капиталына үлес ретінде енгізілсе, ал сол жер учаскесінде серіктестік шаруашылық қызметінде пайдаланатын жылжымайтын мүлік объектілері тұрғызылған болса, онда жерді пайдалану құқығы, сондай-ақ көрсетілген жылжымайтын мүлік объектілеріне қатысты жалдау ақысының мөлшері де ақшалай бағалануға тиіс.

      Ескерту. 2-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 3 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      3. Егер құрылтай шартында өзгеше қарастырылмаса, әрбір қатысушы салымының жарғылық капиталдың жалпы сомасына қатынасы оның жарғылық капиталдағы үлесі (бүтіннің бөлігі түрінде немесе пайызбен) болып табылады. Серіктестікке жаңа қатысушылардың қабылдануына немесе бұрынғы қатысушылардың қайсыбірінің шығуына байланысты жарғылық капиталдың көлемінің қандайда бір өзгеруі қатысушылардың қабылдануы немесе шығуы сәтіндегі жарғылық капиталдағы үлестерін тиісінше қайта санауға әкеліп соғады.

      Егер құрылтай құжаттарымен өзгеше қарастырылмаса, барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері және тиісінше олардың ЖШС мүлкінің құнындағы үлестері (мүліктегі үлестері) олардың жарғылық капиталдағы салымдарына тең. Бұл ретте қатысушылардың мүліктегі үлестері заттық емес, міндеттемелік сипатта болады. Бұл:

      ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесі, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін пайдалану құқығы немесе шартты жер үлесіне құқық жарғылық капиталға үлес ретінде енгізілген жағдайларды қоспағанда, серіктестіктің мұны қатысушылардың меншік құқығына тиесілі болмайтынын;

      АК-нің 80-бабының 3-тармағында қарастырылған жағдайдан басқа, қатысушылар ЖШС-ның мүлкіндегі үлесін заттай бөліп беруді талап етуге құқылы еместігін білдіреді.

      Қатысушының ЖШС-ның жарғылық капиталындағы үлесі оның серіктестікпен қатынасындағы құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын және оның ЖШС-ның мүлкіндегі үлестерін білдіреді, ол:

      ЖШС-ның кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру үшін материалдық база қалыптастыруға;

      ЖШС-ның несие берушілердің алдындағы міндеттемелерін орындауының тиісті кепілдігін қамтамасыз етуге;

      үлес иесінің ЖШС-ның таза кірісінен тиісті үлесін алуын қамтамасыз етуге;

      қатысушының (үлес иесінің) ЖШС-ның іс басқаруына қатысуына құқық беруге;

      қажет жағдайда үлес иесінің өз үлесін үлестес серіктерімен есеп айырысуға жұмсауына (сату, сенімгерлік басқаруға, кепілге беру және т.с.с);

      ЖШС таратылған жағдайда оның иесінің кредитормен есеп айырысудан кейін қалған өз үлесінің тиісті құнын алу немесе серіктестіктің барлық қатысушыларының келісімі бойынша осы мүліктің бөлігін заттай алу құқығының болуына жұмсалады.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 3 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      4. Жарғылық капиталға өз салымын салмаған қатысушы серіктестік оның үлесін жарғылық капиталға өзінің капиталының есебінен енгізіп, оны басқа қатысушылар өзара бөліскеннен кейін немесе үшінші тұлға сатып алғаннан кейін не ЖШС жарғылық капиталын оның салынған бөлігіне дейін азайтқаннан кейін серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының шешімінің негізінде үлеске құқығын жоғалтуы мүмкін (Заңның 24-бабының 3-тармағы). Қатысушының ЖШС-ның жарғылық капиталына салым салмау фактысының өзі құрылтайшыны ЖШС қатысушыларының құрамынан сот тәртібімен шығару үшін негіз болып табылмайды.

      Өз салымын салған ЖШС қатысушысы мәжбүрлеп сатып алу жолымен ғана үлеске құқығын жоғалтуы мүмкін.

      Кез келген негіз бойынша үлеске құқығын жоғалту қатысушының ЖШС-нан шығуына әкеліп соғады.

      5. Серіктестік жалпы жиналыстың шешіміне сәйкес қатысушының үлесін мәжбүрлеп сатып алуды мынадай:

      ол серіктестікке немесе оған қатысушыларға елеулі зиян келтірген (Заңның 34-бабының 2, 3-тармақтары, 43-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы);

      заңнамалық актілерде немесе құрылтай құжаттарында белгіленген (АК-нің 82-бабы) серіктестіктің алдындағы өз міндеттерін бұзған жағдайларда сот тәртібімен талап етуге құқылы.

      ЖШС немесе оған қатысушылар үшін салдарларын жою қиынға түсетін немесе мүмкін болмайтын зиянды серіктестікке немесе оған қатысушыларға келтірілген елеулі зиян деп түсінген жөн.

      Соттар ЖШС-ға немесе оған қатысушыларға келтірілген зиян елеулі болатыны-болмайтыны жөніндегі мәселені шешкен кезде әрбір нақты жағдайда істің барлық мән-жайларын, оның ішінде зиян келтіруден туындаған салдарларды, зиян келтірілгенге дейін немесе келтірілгеннен кейін ЖШС-ның мүліктік жағдайын, оның салдарларын жоюға қажет болған уақытты ескеруге тиіс. Соттың осы мәселе бойынша түйіндері уәжді болуы тиіс.

      Үлесі мәжбүрлеп сатып алынатын серіктестікке қатысушы осы мәселе бойынша жалпы жиналыстың жұмысына қатысуға және Заңның 42-бабы 2 және 3-тармақтарының талаптарына сәйкес өз пікірін білдіруге құқылы, бірақ дауыс беруге қатыспайды және есептеу кезінде оған тиесілі дауыс саны ескерілмейді (Заңның 48-бабының 2-тармағы). Үлесі мәжбүрлеп сатып алынатын серіктестікке қатысушы жалпы жиналыстың осындай шешіміне шақыру рәсімінің және жалпы жиналысты өткізу тәртібінің бұзылу негіздері бойынша ғана дау айтуға құқылы. Серіктестікке қатысушының үлесті сатып алумен келіспейтіндігі туралы дәлелдері серіктестіктің үлесті сатып алу туралы қойылған талабын қарау кезінде бағалануға жатады.

      Заңның 11, 12, 42-баптарының ережелеріне сәйкес қатысушы Заңда және серіктестіктің жарғысында көзделген тәртіппен серіктестіктің істерін басқаруға қатысуға құқылы. Егер заңнамалық актілерде, құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, онда серіктестікке қатысушының жалпы жиналыстың жұмысына қатысуын қамтамасыз етілмеуі ғана оның үлесін мәжбүрлеп сатып алу үшін жеткілікті негіз бола алмайды.

      Сонымен қатар, егер құрылтай құжаттарында қатысушыға серіктестіктің ісіне қатысу міндеті жүктелген болса (Заңның 12-бабының 2-тармағы) және қатысушының осы міндетті бұзуы (серіктестіктің қызметіне және оның тиісті жұмыс істеуі үшін қажетті шешімдер қабылдауына кедергі келтіретін, Заңның 47-бабының 4-тармағына сәйкес жалпы жиналыстың шешімдер қабылдау заңдылығына әсер ететін оның үлесінің мөлшеріне байланысты) серіктестікке елеулі зиян келтірсе немесе оны өзге де жағымсыз салдарларға алып келсе, онда серіктестік мұндай қатысушының үлесін серіктестікке қатысушының келісімімен айқындалған баға бойынша мәжбүрлеп сатып алуды сот тәртібімен талап етуге құқылы. Келісімге келмеген жағдайда мәжбүрлеп сатып алынатын үлестің бағасын сот халықаралық стандарттардың негізінде тәуелсіз бағалаушы анықтаған нарық құны бойынша белгілейді (Заңның 34-бабының 3-тармағына ұқсас).

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 11 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      6. Тарапы жеке тұлға болып табылатын шаруашылық серiктестiктен шығатын қатысушының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иеліктен шығару (басқаға беру) шарты нотариаттық куәландырылуға жатады (АК-нің 59-бабының 2-тармағы).

      Заңның 22-бабының 1-1-тармағы, АК-нің 42-бабының 6-тармағы талаптарының негізінде серіктестікке қатысушылар тiзiлiмiне (оны жүргiзуді тiркеушi жүзеге асырады) жазба енгiзілмей, тиісінше заңды тұлға қайта тіркелмей, жаңа қатысушыны қабылдау және қатысушылар құрамындағы өзгерістер жарамсыз болып табылады.

      Осыған байланысты, сатып алушының үлеске құқығы серіктестік қайта тіркелген немесе серіктестікке қатысушылар тізіліміне жазба енгізілген кезден бастап ауысады (Заңның 22-бабының 2-тармағы).

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 11 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      7. ЖШС қатысушысы серіктестіктің мүлкіндегі өз үлесіне (оның бөлігіне) Заңмен белгіленген тәртіпте билік етуге құқылы.

      Егер құрылтай құжаттарымен өзгеше қарастырылмаса, ЖШС қатысушысының басқа қатысушының немесе үшінші тұлға алдындағы міндеттемесін қамтамасыз ету үшін өз үлесін (оның бір бөлігін) иеліктен шығаруына, үлесін (үлестің бөлігін) кепілге қоюына жол беріледі. Салым толық төленгенге дейін мұндай иеліктен шығаруға салым төленіп қойылған бөлігінде ғана жол беріледі. Белгілі бір шарттар сақталғанда ғана үлесті үшінші тұлғаға сатуға жол берілетіндігі құрылтай құжаттарында қарастырылуы мүмкін (Заңның 29-30-баптары ).

      8. Егер ЖШС қатысушысы ұсынған шарттар бойынша басқа қатысушылар және ЖШС оның үлесін сатып алудан бас тартса, ол үлесін сатуға немесе өзге жолмен үшінші тұлғаға беруге құқылы. Қатысушы өз үлесін сатқан кезде серіктестікке қатысушы болып табылмайтын кез келген адамды үшінші тұлға деп түсінген жөн. Егер ЖШС қатысушысы үлесін үшінші тұлғаға беру үшін иеліктен шығармаса, онда иеліктен шығарудың шарттары өзгерген жағдайда ол басқа қатысушыларға немесе ЖШС-ға үлесін сатып алуға қайта ұсынуға міндетті (үлесті кезексіз сатып алу құқығы). Тек басқа қатысушылар мен ЖШС жаңа шарттар бойынша үлесті сатып алудан бас тартқаннан кейін ғана қатысушы оны үшінші тұлғаға қайта ұсына алады. Бұл тәртіпті сақтамау мүдделі тұлғаның талап арызы бойынша мәмілені заңсыз деп тануға әкеліп соқтыруы мүмкін.

      Үлесті (оның бiр бөлiгiн) сатып алуға басым құқықты бұза отырып сатқан кезде серiктестiктiң кез келген қатысушысы өзіне белгілі болған немесе оның сатылғанын білуге тиіс болған күнінен бастап үш ай iшiнде өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды сот тәртiбiмен талап етуге құқылы (АК-нің 80-бабының 2-тармағы, 180-бабының 1-тармағы). Осындай негізбен мәмілені жарамсыз деп тану туралы қойылған талап қанағаттандырылуға жатпайды.

      Қатысушының үлесін сатып алу міндеті ЖШС-ға жүктеле алмайды.

      Сонымен бірге, егер ЖШС-ның құрылтай құжаттарына сәйкес қатысушының үлесін (бөлігін) үшінші тұлғаға иеліктен шығару мүмкін болмаса, ал серіктестіктің басқа қатысушылары оны сатып алудан бас тартса, онда АК-нің 80-бабының 3-тармағына сәйкес, қатысушыға үлесінің шынайы құнын төлеу не оған осы бағаға сәйкес келетін мүлікті заттай беру міндеті ЖШС-ға жүктелуі мүмкін.

      Егер серіктестіктен шығатын қатысушының үлесін ЖШС өзі сатып алса, онда үлестің бағасы тараптардың келісімімен белгіленеді, ал олар келісімге келмесе - сот белгілейді (Заңның 32-бабының 3-тармағы). Сот үлестің бағасын анықтау кезінде бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген талаптарға жауап беретін тәуелсіз бағалаушы халықаралық стандарттардың негізінде анықтаған нарық бағасы ескеріледі (Заңның 34-бабының 3-тармағына ұқсас).

      Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 29.06.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.

      9. Өтемсіз мәмілелер (сыйға тарту, мұраға қалдыру) бойынша ЖШС қатысушылары қатысушының үлесін кезексіз сатып алу құқығын иеленбейді.

      10. Серіктестіктің қатысушысы серіктестіктің мүлкіндегі өзінің үлесін немесе оның бір сату немесе өзге тәсілмен осы серіктестіктің бір немесе бірнеше қатысушысына өз қалауы бойынша беруге құқылы. Бұл ретте, Заңның 28-бабының 3-тармағында қарастырылған жағдайдан басқа, мұндай мәміле жасауға қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі, ЖШС-ның немесе басқа қатысушылардың келісімі талап етілмейді.

      10-1. Серіктестікке қатысушыға берілген жерді пайдалану құқығы мерзімінің аяқталуына байланысты оның тоқтатылуы, сондай-ақ шартты жер үлесіне құқықты серіктестіктің жарғылық капиталына салым ретінде енгізген қатысушының серіктестіктен шығуы оның жарғылық капиталы көлемінің азаюына әкеліп соғады. Мұндай жағдайда серіктестіктің қалған қатысушылары Заңның 27-бабында көрсетілген шешімдерді қабылдауға және әрекеттерді жасауға міндетті.

      Ескерту. 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 3 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      10-2. Серіктестіктің жарғылық капиталына үлес ретінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін берген қатысушы серіктестік құрамынан шаруа (фермер) қожалығын немесе тауарлық ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру үшін шыққан кезде Жер кодексінің 101-бабының 3-тармағына сәйкес, осы жер учаскесін нақтылы алуға құқылы.

      Серіктестіктің жарғылық капиталына пайдалану үшін ғана берілген жер учаскесі сыйақысыз нақтылы нысанда қайтарылады.

      Заңның 48-бабында белгіленген тәртіпте серіктестікке қатысушылардың келісімімен бөліп беру жағдайларын есептемегенде, ауыл шаруашылық егістік жұмыстарын жүргізу кезінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін нақтылы бөліп беруге (қайтаруға) жол берілмейді.

      Серіктестіктің жарғылық капиталына үлес ретінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер учаскесін қосқан қатысушы серіктестіктен шыққан кезде Заңның 29, 30, 31, 32-баптарында белгіленген тәртіпті сақтай отырып, серіктестіктің мүлкінен өзінің үлесін оқшаулап алуға құқылы.

      Ескерту. 10-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 3 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулыларымен.

      10-3. Серіктестіктің жарғылық капиталына салым ретінде шартты жер үлесіне құқықты енгізген қатысушы шаруа (фермер) қожалығын немесе өзге де тауарлық ауыл шаруашылық өндірісін ұйымдастыру үшін серіктестіктен шыққан кезде, көлемі шартты жер үлесі құқығына сәйкес келетін жер учаскесін нақтылы алуға құқылы.

      Серіктестіктің жарғылық капиталына үлес ретінде шартты жер үлесіне құқықты енгізген серіктестіктің бірнеше қатысушылары серіктестіктің құрамынан шығуға және ауыл шаруашылық өндірісін жүргізу үшін жаңа серіктестік, өндірістік кооператив немесе өзге де ұйым құруға құқылы. Мұндай жағдайда серіктестіктің жерінен бөлінуге жататын жер учаскесінің көлемі осындай қатысушылардың шартты жер үлесіне құқықтарының жиынтық көлеміне сәйкес келуге тиіс.

      Ескерту. 10-3-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 3 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.

      10-4. Серіктестіктің құрамынан шығу және шаруа (фермер) қожалығын құру немесе өзге де ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін нақтылы жер учаскесін бөліп беру (бөлісу) туралы қатысушының арызы құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында қаралуға жатады. Арызда бөлінуі сұратылып отырған жер учаскесінің орналасқан орны көрсетілуі тиіс.

      Жер учаскесінің орналасқан орны деп серіктестіктің жер пайдалану құрамындағы бөліп беруге сұратылып отырған учаскенің сәйкестендіру құжаттарына сәйкес тұрған орнын түсіну керек. Үлес есебіне бөлінетін нақтылы жер учаскесінің орналасқан орны, сонымен қатар серіктестіктен шығатын қатысушының бөлінетін жер учаскесінде шыққан шығындарды серіктестікке өтеуі серіктестіктің құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келісімінде көзделген тәртіппен серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында анықталады.

      Құрылтай құжаттарында жер учаскесін бөліп беру (бөлісу) тәртібі көрсетілмеген жағдайда Жер кодексінің 101-бабы 4-тармағының нормалары қолданылады (Жер кодексінің 101-бабының 3-тармағы). Осы құқық нормасында белгіленген жер учаскесін бөлу тәртібі серіктестікке қатысушылардың жер учаскесін бөліп беру туралы шешімді қабылдау жөніндегі айрықша құзыретіне әсер етпейді.

      Ескерту. 10-4-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 3 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен; жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 11 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      10-5. Серіктестіктің жерінен бөлінуге жататын жер учаскесінің орналасқан жері туралы серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешіміне сотқа шағымдануға болады.

      Аталған дау бойынша істі сотта қарауға дайындау барысында сот сұратылып отырған жерден жер учаскесін нақтылы бөліп алу мүмкіндігі туралы жер қатынастары саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган маманының қорытындысын алуға тиіс. Сонымен қатар, мүмкіндігінше, жер сервитутын белгілеуді болдырмайтын жерді пайдаланудың технологиялық схемасын, серіктестіктің құрамынан шығатын қатысушының тұратын орнын, тараптардың басқа да назар аударуға тұрарлық дәлелдемелерін ескерген жөн.

      Сот осы дауды шешкен кезде серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында қабылданған шешімнің заңдылығы туралы мәселені ғана қарауға құқылы.

      Ескерту. 10-5-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 3 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.

      11. ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысын шақыру және өткізу тәртібі Заңның 46, 47-баптарымен бекітілген. Жиналысты шақыру тәртібі бұзылған кезде жалпы жиналыстың шешімі жарамсыз деп танылуы мүмкін.

      Жалпы жиналысты шақыру мен өткізу тәртібін бұзу деп жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердің қатысушыларының (қатысушысының) құқығын бұзуға әкеліп соғатын немесе соғуы мүмкін, заңмен бекітілген императивтік нормаларды бұзушылықты түсіну керек (мысалы, қатысушыларды хабардар ету мерзімін сақтамау, хабарламаларда жалпы жиналыс өткізілетін уақыты мен орны туралы мәліметтердің болмауы (Заңның 46-бабының 1-тармағы), серіктестіктің қатысушысына күн тәртібіне қойылған ұсыныстарды қараудың нәтижелері туралы хабарламау (Заңның 46-бабының 3-тармағы), жалпы жиналысты шақыруға өкілеттігі жоқ тұлғалардың осындай әрекеттерді жасауы және т.с).

      12. Жалпы жиналыс өткізу және шешім қабылдаудың Заңмен, серіктестік жарғысымен немесе серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ережелермен және өзге құжаттармен белгіленген тәртібі бұзыла отырып қабылданған (мысалы, егер күн тәртібіне енгізілген мәселелерді талқылау басталғанша жалпы жиналыс кворум жиналғанын көрсетпесе) қатысушылардың жалпы жиналысының шешімін, сондай-ақ жалпы жиналыстың заңға не жарғыға қайшы шешімін, оның ішінде серіктестікке қатысушының құқығын бұзатын шешімін дауыс беруге қатыспаған немесе дау туғызған шешімге қарсы дауыс берген серіктестікке қатысушының арызы бойынша, сот толық немесе ішінара заңсыз деп тануы мүмкін (Заңның 50-бабы ). Серіктестіктің қатысушысы қабылданған шешім туралы білген немесе білуге тиісті болған күннен кейін алты айдың ішінде, ал егер ол шешім қабылданған жалпы жиналысқа қатысқан болса, шешім қабылданған күннен кейін алты айдың ішінде талап арыз берілуі мүмкін.

      Заңды тұлғаның басқару органдарының шешіміне дау айтылған кезде заңды тұлға ретінде серіктестік, оның органы атынан шешім қабылдағанда, тиісті жауапкер болады. Серіктестікке қатысушылар іске қатысуға дау нысанасына дербес талаптар мәлімдемеген үшінші тұлғалар ретінде тартылады.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 11 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      13. Егер:

      заңға немесе құрылтай құжаттарына сәйкес, басым көпшіліктің болуы не бірауыздан дауыс берілуі (Заңның 48-бабының 2-тармағы) талап етілетін мәселелер бойынша осы тәртіп бұзыла отырып шешім қабылданса;

      серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының күн тәртібіне заңда және құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен енгізілмеген мәселе бойынша шешім қабылданса (Заңның 48-бабының 1-тармағы);

      серіктестіктің қатысушысы заңмен және құрылтай құжаттарымен белгіленген тәртіпте серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының өткізілетін орны мен уақыты туралы хабарланбаса (Заңның 46-бабының 1-тармағы) серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі сөзсіз жарамсыз деп танылуға жатады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      13-1. Кворум болмаған жағдайда серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы бірінші шақырылған күнінен бастап қырық бес күннен кешіктірілмей және жиналыстың ашылу күніне дейін отыз күннен кешіктірілмей Заңның 46-бабында белгіленген қағидалар сақталып қайта шақырылады (Заңның 47-бабының 5-тармағы).

      Қайта шақырылған жиналыс серіктестікке қатысушылардың жиналысқа қатысып отырғандары немесе оған өкілдік алғандар иеленген дауыс санына қарамастан заңды болып табылады. Егер оған қатысушылар жиынтығында жалпы дауыс санының жартысынан кемін иеленген жағдайда, мұндай жиналыс дауыстың айқын басым көпшілігін немесе бірауыздан берілуін талап ететін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқылы емес.

      Егер оған қатысып отырғандар немесе оған өкілдік алған қатысушылар жиынтығында жалпы дауыс санының жартысын және жартысынан астамын иеленсе, онда қайта шақырылған жиналыстың дауыстың айқын басым көпшілігін немесе бірауыздан берілуін қажет ететін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқығы бар.

      Мұндай жағдайларда Заңның 47-бабының 4-тармағында белгіленген жиынтығында жалпы дауыс санының үштен екісінен астамын иеленетін серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімдер қабылдауға құқығы туралы жалпы қағида қолданылмайды.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 11 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      14. Серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының хаттамасы қатысушылардың жалпы жиналысын өткізу тәртібінің сақталуы туралы, атап айтқанда, кворумның бар екендігі, дауыс беру нәтижелері және күн тәртібі бойынша қабылданған шешім туралы мәліметтер көрсетілетін құжат болып табылады.

      Хаттамада шын мәніндегі мән-жайларға сәйкес келмейтін мәліметтердің көрсетілуі (мысалы, жалпы жиналыста болмаған қатысушы туралы мәліметтер келтіріліп, ол шешімді қолдады не қарсы дауыс берді деп көрсету) жалпы жиналыстың шешімін жарамсыз деп тануға әкеліп соғуы мүмкін.

      ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысының хаттамасы жалпы жиналыс қабылдаған шешімнен бөлек сот тәртібімен шағым жасалуға жатпайды. Алайда, хаттамада шындыққа жанаспайтын және қатысушының құқықтарын бұзуға әкеліп соғатын немесе әкеліп соғуы мүмкін мәліметтер бар деп есептеген ЖШС-ның кез келген қатысушысы хаттама жүргізуге жауапты адамдардың әрекеттеріне Заңның 50-бабында қарастырылған тәртіппен шағымдана алады.

      14-1. Қатысушылардың жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер, егер серіктестік жарғысы олардың қабылдануы үшін сан жағынан көпшілік дауысты немесе бірауыздан дауыс беруді талап етпесе, серіктестікке қатысушылардың жиналысқа қатысып отырғандары мен оған өкілдік алғандардың жай көпшілік дауысымен немесе төрттен үш айқын басым көпшілік дауысымен қабылданады (Заңның 43-бабының 2-тармағы және 48-бабының 2-тармағы).

      Қатысушылардың арасында жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша дау туындаған жағдайда, қатысушылар жай не айқын басым көпшілік дауыстың немесе бірауыздан дауыс берудің болмауына байланысты шешім қабылдай алмаса, сот қатысушының талабы бойынша осы мәселе жөнінде жалпы жиналыс қабылдаған шешімнің заңдылығы туралы мәселені ғана қарауға құқылы. Бұл ретте жалпы жиналысқа қатысушылар дауыстарының көпшілігімен шешілмеген мәселелерді соттың өз шешімімен, олардың соттың ведомстволығына жатпауына орай, шешуге құқығы жоқ. Мұндай мүдделерге қатысты таласты Заңға және серіктестіктің құрылтай құжаттарының ережелеріне сәйкес қатысушылардың өздері шешуі тиіс.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 14-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 11 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15. Заңның 43-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының, 51-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес қатысушылардың жалпы жиналысы алқалы атқарушы органның және жеке-дара атқарушы органның мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге сайлайды.

      Егер тараптардың ешқайсысы еңбек шартының қолданылу мерзімі өткенге дейін соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, серіктестіктің жеке-дара немесе алқалы атқарушы органының өкілеттіктері олар сайланған (тағайындалған) мерзім аяқталғаннан кейін қатысушылардың жалпы жиналысы тиісті шешім қабылдағанға дейінгі мерзімге ұзартылады (Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабының 4-тармағы).

      Заңның 50-бабы және АПК-нің 27-бабының бірінші бөлігі талаптарының негізінде атқарушы органның мүшелерін (алқалы немесе жеке дара) сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелері бойынша жалпы жиналыстың шешімдеріне дау айту туралы серіктестікке қатысушылардың талаптары АК-нің және Заңның ережелеріне, сонымен қатар еңбек заңнамасының нормаларына сәйкес, егер бір мезгілде атқарушы органның мүшесі болып табылатын қатысушымен еңбек шарты жасалса, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарда қаралуы тиіс.

      Серіктестіктің атқарушы органы (оған қатысушы болып табылмайтын, еңбек шарты бойынша серіктестіктің істерін жүргізуді жүзеге асыратын) мүшесінің өзінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелеріне қатысты талабы бойынша дау АПК-нің 26-бабында белгіленген соттылыққа байланысты, Заң ережелерінің және еңбек заңнамасы нормаларының негізінде аудандық (қалалық) соттарда қаралуға жатады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 11 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      15-1. Заңның 11-бабы 1-тармағының 3) тармақшасын қолданған кезде қатысушылардың арасында таза кірісті бөлу жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне жатқызылғанын ескерген жөн, сондықтан мұндай шешім қабылданбаса, сот таза кіріс бөлігін өндіре алмайды (Заңның 40-бабы, 43-бабының 2-тармағы).

      Қатысушының талап қоюы бойынша таза кіріс бөлігін өндіріп алу серіктестікке қатысушылардың арасында кірісті бөлу туралы серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы шешім қабылдаған және шешім қабылданған күнінен бастап бір ай ішінде ақша түрінде таза кіріс төленбеген жағдайда ғана мүмкін болады.

      Ескерту. Нормативтік қаулы 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 11 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      16. Қатысушының үлесі серіктестіктің жарғылық капиталына "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - НжОК) 33-бабының 2-тармағына сәйкес ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігі болып табылатын некеде тұрған кезінде жинаған мүлкі есебінен енгізілуі мүмкін.

      Серіктестіктің жарғылық капиталындағы ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігіндегі үлесіне немесе оның бір бөлігіне қатысушының билік етуі НжОК-нің 34-бабының 3-тармағына сәйкес зайыбының (жұбайының) нотариатта куәландырылған келісімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

      Көрсетілген мәмілені жасауға нотариатта куәландырылған келісімі алынбаған жұбай НжОК-нің 34-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда осы мәмiленiң жасалғандығы туралы өзi бiлген немесе бiлуге тиiс болған күнінен бастап үш жыл iшiнде мәмiленi сот тәртiбiмен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

      Ортақ мүлікті бөлу туралы дау туындаған кезде оның құрамына мүліктің (активтердің) құнына барабар серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлестің құны қосылады және оның пассивтерінің (қарыздарының) мөлшері есепке алынуға тиіс. Ерлі-зайыптылардың арасында серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлес құнын анықтау туралы келісім болмаған жағдайда, сот үлес құнын анықтау үшін бағалаушы маманды (аудиторды) тартқаны не сараптама тағайындағаны жөн.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 29.06.2018 № 11 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      17. Қатысушылардың үлестерін мұраға алуға, бірлесіп жинаған мүлікті бөлісуге байланысты қатысушылардың жеке тұлғалармен даулары және осыған ұқсас басқа да даулары аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың қарауына жатады.

      18. ЖШС қатысушылары құрамының немесе олардың үлес мөлшерлерінің өзгеруі қайта ұйымдастыру болып табылмайды (Заңның 61-бабының 1-тармағы).

      ЖШС-ны тарату қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Егер құрылтай құжатымен өзгеше қарастырылмаса, жалпы жиналыстың ЖШС-ны тарату туралы бірауыздан қабылданған шешімі талап етілмейді.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.

      19. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы
      Сотының Төрағасы Қ. МӘМИ
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы
      Сотының судьясы, жалпы отырыс
      хатшысы Ж. БӘЙІШЕВ