"Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер жөніндегі заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 10 шілдедегі № 2 нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 29 маусымдағы № 11 нормативтік қаулысы.

      1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жоғарыда көрсетілген нормативтік қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 27-бабының бірінші бөлігіндегі корпоративтік даулардың анықтамасы субъектілік және нысаналы өлшемшарттар арқылы ашылған.

      Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысуымен корпоративтік даулардың субъектілері:

      заңды тұлға ретінде серіктестік, оның органы атынан шешім қабылдағанда;

      серіктестіктің лауазымды адамдары – алқалы немесе жеке-дара атқарушы органның мүшелері, байқау кеңесінің мүшелері (Заңның 41-бабының 2-тармағы, АПК-нің 27-бабы бірінші бөлігінің 3), 5) және 10) тармақшалары);

      серіктестікке қатысушылар (құрылтайшылар), оның ішінде бұрынғы қатысушылар;

      серіктестікке қатысушылардың қатарына Заңда белгіленген тәртіппен (Заңның 22-бабы және 28-бабының 2-тармағы) үлесті сатып алу нәтижесінде қосылған адамдар болып табылады.

      АПК-нің 27-бабы бірінші бөлігінің 1)-ден бастап 10)-ны қоса алғандағы тармақшаларында көрсетілген корпоративтік дауларға қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тәсілдері толық болып табылмайды. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде құқықтарды қорғаудың өзге де тәсілдері көзделуі мүмкін.

      АПК-нің 27-бабының бірінші бөлігіне сәйкес корпоративтік даулар мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың соттылығына жатқызылған және талап қою іс жүргізуі тәртібімен қаралуы тиіс.

      Төрелік келісімі болған жағдайда корпоративтік дау "Төрелік туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 8 сәуірдегі № 488-V Заңының 8-бабына сәйкес төреліктің қарауына берілуі мүмкін.";

      2) 2-1-тармақтағы "Заңда" деген сөз "Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 30 қарашадағы № 109 Заңында" деген сөздермен ауыстырылсын;

      3) 5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Серіктестік жалпы жиналыстың шешіміне сәйкес қатысушының үлесін мәжбүрлеп сатып алуды мынадай:

      ол серіктестікке немесе оған қатысушыларға елеулі зиян келтірген (Заңның 34-бабының 2, 3-тармақтары, 43-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы);

      заңнамалық актілерде немесе құрылтай құжаттарында белгіленген (АК-нің 82-бабы) серіктестіктің алдындағы өз міндеттерін бұзған жағдайларда сот тәртібімен талап етуге құқылы.

      ЖШС немесе оған қатысушылар үшін салдарларын жою қиынға түсетін немесе мүмкін болмайтын зиянды серіктестікке немесе оған қатысушыларға келтірілген елеулі зиян деп түсінген жөн.

      Соттар ЖШС-ға немесе оған қатысушыларға келтірілген зиян елеулі болатыны-болмайтыны жөніндегі мәселені шешкен кезде әрбір нақты жағдайда істің барлық мән-жайларын, оның ішінде зиян келтіруден туындаған салдарларды, зиян келтірілгенге дейін немесе келтірілгеннен кейін ЖШС-ның мүліктік жағдайын, оның салдарларын жоюға қажет болған уақытты ескеруге тиіс. Соттың осы мәселе бойынша түйіндері уәжді болуы тиіс.

      Үлесі мәжбүрлеп сатып алынатын серіктестікке қатысушы осы мәселе бойынша жалпы жиналыстың жұмысына қатысуға және Заңның 42-бабы 2 және 3-тармақтарының талаптарына сәйкес өз пікірін білдіруге құқылы, бірақ дауыс беруге қатыспайды және есептеу кезінде оған тиесілі дауыс саны ескерілмейді (Заңның 48-бабының 2-тармағы). Үлесі мәжбүрлеп сатып алынатын серіктестікке қатысушы жалпы жиналыстың осындай шешіміне шақыру рәсімінің және жалпы жиналысты өткізу тәртібінің бұзылу негіздері бойынша ғана дау айтуға құқылы. Серіктестікке қатысушының үлесті сатып алумен келіспейтіндігі туралы дәлелдері серіктестіктің үлесті сатып алу туралы қойылған талабын қарау кезінде бағалануға жатады.

      Заңның 11, 12, 42-баптарының ережелеріне сәйкес қатысушы Заңда және серіктестіктің жарғысында көзделген тәртіппен серіктестіктің істерін басқаруға қатысуға құқылы. Егер заңнамалық актілерде, құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, онда серіктестікке қатысушының жалпы жиналыстың жұмысына қатысуын қамтамасыз етілмеуі ғана оның үлесін мәжбүрлеп сатып алу үшін жеткілікті негіз бола алмайды.

      Сонымен қатар, егер құрылтай құжаттарында қатысушыға серіктестіктің ісіне қатысу міндеті жүктелген болса (Заңның 12-бабының 2-тармағы) және қатысушының осы міндетті бұзуы (серіктестіктің қызметіне және оның тиісті жұмыс істеуі үшін қажетті шешімдер қабылдауына кедергі келтіретін, Заңның 47-бабының 4-тармағына сәйкес жалпы жиналыстың шешімдер қабылдау заңдылығына әсер ететін оның үлесінің мөлшеріне байланысты) серіктестікке елеулі зиян келтірсе немесе оны өзге де жағымсыз салдарларға алып келсе, онда серіктестік мұндай қатысушының үлесін серіктестікке қатысушының келісімімен айқындалған баға бойынша мәжбүрлеп сатып алуды сот тәртібімен талап етуге құқылы. Келісімге келмеген жағдайда мәжбүрлеп сатып алынатын үлестің бағасын сот халықаралық стандарттардың негізінде тәуелсіз бағалаушы анықтаған нарық құны бойынша белгілейді (Заңның 34-бабының 3-тармағына ұқсас).

      6. Тарапы жеке тұлға болып табылатын шаруашылық серiктестiктен шығатын қатысушының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иеліктен шығару (басқаға беру) шарты нотариаттық куәландырылуға жатады (АК-нің 59-бабының 2-тармағы).

      Заңның 22-бабының 1-1-тармағы, АК-нің 42-бабының 6-тармағы талаптарының негізінде серіктестікке қатысушылар тiзiлiмiне (оны жүргiзуді тiркеушi жүзеге асырады) жазба енгiзілмей, тиісінше заңды тұлға қайта тіркелмей, жаңа қатысушыны қабылдау және қатысушылар құрамындағы өзгерістер жарамсыз болып табылады.

      Осыған байланысты, сатып алушының үлеске құқығы серіктестік қайта тіркелген немесе серіктестікке қатысушылар тізіліміне жазба енгізілген кезден бастап ауысады (Заңның 22-бабының 2-тармағы).";

      4) 8-тармақта:

      бірінші абзацта:

      мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:

      "Қатысушы өз үлесін сатқан кезде серіктестікке қатысушы болып табылмайтын кез келген адамды үшінші тұлға деп түсінген жөн.";

      екінші, үшінші және төртінші сөйлемдер үшінші, төртінші және бесінші сөйлемдер деп есептелсін;

      екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Үлесті (оның бiр бөлiгiн) сатып алуға басым құқықты бұза отырып сатқан кезде серiктестiктiң кез келген қатысушысы өзіне белгілі болған немесе оның сатылғанын білуге тиіс болған күнінен бастап үш ай iшiнде өзiне сатып алушының құқықтары мен мiндеттерiн аударуды сот тәртiбiмен талап етуге құқылы (АК-нің 80-бабының 2-тармағы, 180-бабының 1-тармағы). Осындай негізбен мәмілені жарамсыз деп тану туралы қойылған талап қанағаттандырылуға жатпайды.";

      бесінші абзац мынадай мазмұндағы екінші сөйлеммен толықтырылсын:

      "Сот үлестің бағасын анықтау кезінде бағалау қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген талаптарға жауап беретін тәуелсіз бағалаушы халықаралық стандарттардың негізінде анықтаған нарық бағасы ескеріледі (Заңның 34-бабының 3-тармағына ұқсас).";

      5) 10-4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10-4. Серіктестіктің құрамынан шығу және шаруа (фермер) қожалығын құру немесе өзге де ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін нақтылы жер учаскесін бөліп беру (бөлісу) туралы қатысушының арызы құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында қаралуға жатады. Арызда бөлінуі сұратылып отырған жер учаскесінің орналасқан орны көрсетілуі тиіс.

      Жер учаскесінің орналасқан орны деп серіктестіктің жер пайдалану құрамындағы бөліп беруге сұратылып отырған учаскенің сәйкестендіру құжаттарына сәйкес тұрған орнын түсіну керек. Үлес есебіне бөлінетін нақтылы жер учаскесінің орналасқан орны, сонымен қатар серіктестіктен шығатын қатысушының бөлінетін жер учаскесінде шыққан шығындарды серіктестікке өтеуі серіктестіктің құрылтай құжаттарында немесе тараптардың келісімінде көзделген тәртіппен серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында анықталады.

      Құрылтай құжаттарында жер учаскесін бөліп беру (бөлісу) тәртібі көрсетілмеген жағдайда Жер кодексінің 101-бабы 4-тармағының нормалары қолданылады (Жер кодексінің 101-бабының 3-тармағы). Осы құқық нормасында белгіленген жер учаскесін бөлу тәртібі серіктестікке қатысушылардың жер учаскесін бөліп беру туралы шешімді қабылдау жөніндегі айрықша құзыретіне әсер етпейді.";

      6) 10-5-тармақта:

      үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот осы дауды шешкен кезде серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысында қабылданған шешімнің заңдылығы туралы мәселені ғана қарауға құқылы.";

      7) 12-тармақ мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:

      "Заңды тұлғаның басқару органдарының шешіміне дау айтылған кезде заңды тұлға ретінде серіктестік, оның органы атынан шешім қабылдағанда, тиісті жауапкер болады. Серіктестікке қатысушылар іске қатысуға дау нысанасына дербес талаптар мәлімдемеген үшінші тұлғалар ретінде тартылады.";

      8) мынадай мазмұндағы 13-1-тармақпен толықтырылсын:

      "13-1. Кворум болмаған жағдайда серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы бірінші шақырылған күнінен бастап қырық бес күннен кешіктірілмей және жиналыстың ашылу күніне дейін отыз күннен кешіктірілмей Заңның 46-бабында белгіленген қағидалар сақталып қайта шақырылады (Заңның 47-бабының 5-тармағы).

      Қайта шақырылған жиналыс серіктестікке қатысушылардың жиналысқа қатысып отырғандары немесе оған өкілдік алғандар иеленген дауыс санына қарамастан заңды болып табылады. Егер оған қатысушылар жиынтығында жалпы дауыс санының жартысынан кемін иеленген жағдайда, мұндай жиналыс дауыстың айқын басым көпшілігін немесе бірауыздан берілуін талап ететін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқылы емес.

      Егер оған қатысып отырғандар немесе оған өкілдік алған қатысушылар жиынтығында жалпы дауыс санының жартысын және жартысынан астамын иеленсе, онда қайта шақырылған жиналыстың дауыстың айқын басым көпшілігін немесе бірауыздан берілуін қажет ететін мәселелер бойынша шешімдер қабылдауға құқығы бар.

      Мұндай жағдайларда Заңның 47-бабының 4-тармағында белгіленген жиынтығында жалпы дауыс санының үштен екісінен астамын иеленетін серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімдер қабылдауға құқығы туралы жалпы қағида қолданылмайды.";

      9) мынадай мазмұндағы 14-1-тармақпен толықтырылсын:

      "14-1. Қатысушылардың жалпы жиналысының айрықша құзыретіне жататын мәселелер бойынша шешімдер, егер серіктестік жарғысы олардың қабылдануы үшін сан жағынан көпшілік дауысты немесе бірауыздан дауыс беруді талап етпесе, серіктестікке қатысушылардың жиналысқа қатысып отырғандары мен оған өкілдік алғандардың жай көпшілік дауысымен немесе төрттен үш айқын басым көпшілік дауысымен қабылданады (Заңның 43-бабының 2-тармағы және 48-бабының 2-тармағы).

      Қатысушылардың арасында жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша дау туындаған жағдайда, қатысушылар жай не айқын басым көпшілік дауыстың немесе бірауыздан дауыс берудің болмауына байланысты шешім қабылдай алмаса, сот қатысушының талабы бойынша осы мәселе жөнінде жалпы жиналыс қабылдаған шешімнің заңдылығы туралы мәселені ғана қарауға құқылы. Бұл ретте жалпы жиналысқа қатысушылар дауыстарының көпшілігімен шешілмеген мәселелерді соттың өз шешімімен, олардың соттың ведомстволығына жатпауына орай, шешуге құқығы жоқ. Мұндай мүдделерге қатысты таласты Заңға және серіктестіктің құрылтай құжаттарының ережелеріне сәйкес қатысушылардың өздері шешуі тиіс.";

      10) 15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Заңның 43-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының, 51-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес қатысушылардың жалпы жиналысы алқалы атқарушы органның және жеке-дара атқарушы органның мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге сайлайды.

      Егер тараптардың ешқайсысы еңбек шартының қолданылу мерзімі өткенге дейін соңғы жұмыс күнінен кешіктірмей еңбек қатынастарын тоқтату туралы хабардар етпесе, серіктестіктің жеке-дара немесе алқалы атқарушы органының өкілеттіктері олар сайланған (тағайындалған) мерзім аяқталғаннан кейін қатысушылардың жалпы жиналысы тиісті шешім қабылдағанға дейінгі мерзімге ұзартылады (Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабының 4-тармағы).

      Заңның 50-бабы және АПК-нің 27-бабының бірінші бөлігі талаптарының негізінде атқарушы органның мүшелерін (алқалы немесе жеке дара) сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелері бойынша жалпы жиналыстың шешімдеріне дау айту туралы серіктестікке қатысушылардың талаптары АК-нің және Заңның ережелеріне, сонымен қатар еңбек заңнамасының нормаларына сәйкес, егер бір мезгілде атқарушы органның мүшесі болып табылатын қатысушымен еңбек шарты жасалса, мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттарда қаралуы тиіс.

      Серіктестіктің атқарушы органы (оған қатысушы болып табылмайтын, еңбек шарты бойынша серіктестіктің істерін жүргізуді жүзеге асыратын) мүшесінің өзінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату мәселелеріне қатысты талабы бойынша дау АПК-нің 26-бабында белгіленген соттылыққа байланысты, Заң ережелерінің және еңбек заңнамасы нормаларының негізінде аудандық (қалалық) соттарда қаралуға жатады.";

      11) мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:

      "15-1. Заңның 11-бабы 1-тармағының 3) тармақшасын қолданған кезде қатысушылардың арасында таза кірісті бөлу жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне жатқызылғанын ескерген жөн, сондықтан мұндай шешім қабылданбаса, сот таза кіріс бөлігін өндіре алмайды (Заңның 40-бабы, 43-бабының 2-тармағы).

      Қатысушының талап қоюы бойынша таза кіріс бөлігін өндіріп алу серіктестікке қатысушылардың арасында кірісті бөлу туралы серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы шешім қабылдаған және шешім қабылданған күнінен бастап бір ай ішінде ақша түрінде таза кіріс төленбеген жағдайда ғана мүмкін болады.";

      12) 16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Қатысушының үлесі серіктестіктің жарғылық капиталына "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - НжОК) 33-бабының 2-тармағына сәйкес ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігі болып табылатын некеде тұрған кезінде жинаған мүлкі есебінен енгізілуі мүмкін.

      Серіктестіктің жарғылық капиталындағы ерлі-зайыптылардың бірлескен ортақ меншігіндегі үлесіне немесе оның бір бөлігіне қатысушының билік етуі НжОК-нің 34-бабының 3-тармағына сәйкес зайыбының (жұбайының) нотариатта куәландырылған келісімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін.

      Көрсетілген мәмілені жасауға нотариатта куәландырылған келісімі алынбаған жұбай НжОК-нің 34-бабының 2-тармағында көзделген жағдайда осы мәмiленiң жасалғандығы туралы өзi бiлген немесе бiлуге тиiс болған күнінен бастап үш жыл iшiнде мәмiленi сот тәртiбiмен жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.

      Ортақ мүлікті бөлу туралы дау туындаған кезде оның құрамына мүліктің (активтердің) құнына барабар серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлестің құны қосылады және оның пассивтерінің (қарыздарының) мөлшері есепке алынуға тиіс. Ерлі-зайыптылардың арасында серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлес құнын анықтау туралы келісім болмаған жағдайда, сот үлес құнын анықтау үшін бағалаушы маманды (аудиторды) тартқаны не сараптама тағайындағаны жөн.".

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Ж. Асанов
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Г.Әлмағамбетова