Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердің қатысушыларының арасындағы қатынастарды реттейтін заңнаманы біркелкі қолдану және қатысушылардың үлестеріне қатысты дауларды шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердің қызметін, оның қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін реттейтін заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" 1998 жылғы 22 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңынан және басқа нормативтік құқықтық актілерден тұрады.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктігі жарғылық капиталы "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң)
23-бабының
3-тармағында қарастырылған мүлік түрлерімен қатысушылардың үлестерін біріктіру жолымен қалыптастырылады.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (бұдан әрі - ЖШС) қатысушылары серіктестік тіркелген кезге дейін жарғылық капиталдың жалпы сомасының кемінде 25 пайызын енгізуге міндетті, бұл ретте оның бастапқы көлемі ЖШС-ны мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін құжаттар ұсынылған күні жүз айлық көрсеткіштен кем болмауы тиіс.
Жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген, серіктестік тіркелген күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімде ЖШС-ның барлық қатысушылары серіктестіктің жарғылық капиталына салымды толық енгізуге тиіс.
Серіктестіктің қатысушысы белгіленген мерзімде үлесін енгізу бойынша міндетін орындамаған жағдайда қатысушы енгізбеген үлестің бөлігін серіктестік өз капиталының есебінен енгізуге тиіс.
Өз үлесін мерзімінде енгізбеген қатысушы үлесін енгізбеумен серіктестікке келтірген зиянның орнын толтыруға, сондай-ақ егер серіктестіктің құрылтай шартында немесе серіктестіктің жарғысында өзгеше қарастырылмаса, серіктестікке Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК)
353-бабына
сәйкес, тұрақсыздық айыбын төлеуге міндетті.
ЖШС жарғылық капиталға өзінің капиталы есебінен енгізген үлес немесе оның бөлігі Заңның 31-бабында қарастырылған тәртіппен қалған қатысушылар арасында бөлінуі не үшінші тұлғаның сатып алуына мүмкін (Заңның
24-бабының
3, 4-тармақтары).
Егер Заңның
24-бабының
2-тармағымен бекітілген үлестің енгізілмеген бөлігі сатылмаса, серіктестіктің жарғылық капиталы осы сомаға азайтылуға жатады және қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері соған сәйкес өзгереді. Егер осы жағдайда жарғылық капиталдың көлемі жүз айлық көрсеткіштен кем соманы құраса, онда қатысушылар бір жылдың ішінде жарғылық капиталға тиісті қосымша салымдарды енгізуге тиіс. Өзге жағдайда серіктестік өкілетті мемлекеттік органның не ЖШС қатысушысының арызы бойынша соттың шешімі негізінде таратылуға жатады.
3. Егер құрылтай шартында өзгеше қарастырылмаса, әрбір қатысушы салымының жарғылық капиталдың жалпы сомасына қатынасы оның жарғылық капиталдағы үлесі (бүтіннің бөлігі түрінде немесе пайызбен) болып табылады. Серіктестікке жаңа қатысушылардың қабылдануына немесе бұрынғы қатысушылардың қайсыбірінің шығуына байланысты жарғылық капиталдың көлемінің қандайда бір өзгеруі қатысушылардың қабылдануы немесе шығуы сәтіндегі жарғылық капиталдағы үлестерін тиісінше қайта санауға әкеліп соғады.
Егер құрылтай құжаттарымен өзгеше қарастырылмаса, барлық қатысушылардың жарғылық капиталдағы үлестері және тиісінше олардың ЖШС мүлкінің құнындағы үлестері (мүліктегі үлестері) олардың жарғылық капиталдағы салымдарына тең. Бұл ретте қатысушылардың мүліктегі үлестері заттық емес, міндеттемелік сипатта болады. Бұл:
1) серіктестіктің мұны қатысушылардың меншік құқығына тиесілі болмайтынын;
2) АК-нің
80-бабының
3-тармағында қарастырылған жағдайдан басқа, қатысушылар ЖШС-ның мүлкіндегі үлесін заттай бөліп беруді талап етуге құқылы еместігін білдіреді.
Қатысушының ЖШС-ның жарғылық капиталындағы үлесі оның серіктестікпен қатынасындағы құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын және оның ЖШС-ның мүлкіндегі үлестерін білдіреді, ол:
- ЖШС-ның кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру үшін материалдық база қалыптастыруға;
- ЖШС-ның несие берушілердің алдындағы міндеттемелерін орындауының тиісті кепілдігін қамтамасыз етуге;
- үлес иесінің ЖШС-ның таза кірісінен тиісті үлесін алуын қамтамасыз етуге;
- қатысушының (үлес иесінің) ЖШС-ның іс басқаруына қатысуына құқық беруге;
- қажет жағдайда үлес иесінің өз үлесін үлестес серіктерімен есеп айырысуға жұмсауына (сату, сенімгерлік басқаруға, кепілге беру және т.с.с);
- ЖШС таратылған жағдайда оның иесінің кредитормен есеп айырысудан кейін қалған өз үлесінің тиісті құнын алу немесе серіктестіктің барлық қатысушыларының келісімі бойынша осы мүліктің бөлігін заттай алу құқығының болуына жұмсалады.
4. Жарғылық капиталға өз салымын салмаған қатысушы серіктестік оның үлесін жарғылық капиталға өзінің капиталының есебінен енгізіп, оны басқа қатысушылар өзара бөліскеннен кейін немесе үшінші тұлға сатып алғаннан кейін не ЖШС жарғылық капиталын оның салынған бөлігіне дейін азайтқаннан кейін серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының шешімінің негізінде үлеске құқығын жоғалтуы мүмкін (Заңның
24-бабының
3-тармағы). Қатысушының ЖШС-ның жарғылық капиталына салым салмау фактысының өзі құрылтайшыны ЖШС қатысушыларының құрамынан сот тәртібімен шығару үшін негіз болып табылмайды.
Өз салымын салған ЖШС қатысушысы мәжбүрлеп сатып алу жолымен ғана үлеске құқығын жоғалтуы мүмкін.
Кез келген негіз бойынша үлеске құқығын жоғалту қатысушының ЖШС-нан шығуына әкеліп соғады.
5. ЖШС қатысушысы серіктестікке немесе оның қатысушыларына елеулі зиян келтірген жағдайда ғана оның үлесін сот тәртібімен мәжбүрлеп сатып алуға жол беріледі (Заңның
34-бабы
).
Оның зардаптарын жою ЖШС немесе оның қатысушылары үшін қиын немесе мүмкін емес болып табылатын зиян серіктестікке немесе оның қатысушыларына келтірілген елеулі зиян деп түсіну керек.
ЖШС-ға немесе оның қатысушысына келтірілген зиянның қаншалықты елеулі болып табылатыны туралы мәселені шешкен кезде соттар әрбір нақты жағдайда барлық мән-жайларды, атап айтқанда, келтірілген зиянның зардаптарын, ЖШС-ның зиян келтірілгенге дейінгі және кейінгі мүліктік жағдайын, оның зардаптарын жою үшін кеткен уақытты есепке алулары керек. Соттың бұл мәселе бойынша тұжырымдары дәлелді болуы тиіс.
6. Заңда белгіленген тәртіппен үлесті сатып алу үлесті сатып алушының серіктестік қатысушыларының құрамына кіруін білдіреді (Заңның 28-бабының 2-тармағы). Қатысушының үлесіне билік ету құқығы құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізіліп, ол Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің аумақтық органында тіркелген сәттен бастап туындайды.
7. ЖШС қатысушысы серіктестіктің мүлкіндегі өз үлесіне (оның бөлігіне) Заңмен белгіленген тәртіпте билік етуге құқылы.
Егер құрылтай құжаттарымен өзгеше қарастырылмаса, ЖШС қатысушысының басқа қатысушының немесе үшінші тұлға алдындағы міндеттемесін қамтамасыз ету үшін өз үлесін (оның бір бөлігін) иеліктен шығаруына, үлесін (үлестің бөлігін) кепілге қоюына жол беріледі. Салым толық төленгенге дейін мұндай иеліктен шығаруға салым төленіп қойылған бөлігінде ғана жол беріледі. Белгілі бір шарттар сақталғанда ғана үлесті үшінші тұлғаға сатуға жол берілетіндігі құрылтай құжаттарында қарастырылуы мүмкін (Заңның
29-30-баптары
).
8. Егер ЖШС қатысушысы ұсынған шарттар бойынша басқа қатысушылар және ЖШС оның үлесін сатып алудан бас тартса, ол үлесін сатуға немесе өзге жолмен үшінші тұлғаға беруге құқылы. Егер ЖШС қатысушысы үлесін үшінші тұлғаға беру үшін иеліктен шығармаса, онда иеліктен шығарудың шарттары өзгерген жағдайда ол басқа қатысушыларға немесе ЖШС-ға үлесін сатып алуға қайта ұсынуға міндетті (үлесті кезексіз сатып алу құқығы). Тек басқа қатысушылар мен ЖШС жаңа шарттар бойынша үлесті сатып алудан бас тартқаннан кейін ғана қатысушы оны үшінші тұлғаға қайта ұсына алады. Бұл тәртіпті сақтамау мүдделі тұлғаның талап арызы бойынша мәмілені заңсыз деп тануға әкеліп соқтыруы мүмкін.
Үлес (оның бөлігі) кезексіз сатып алу құқығы бұзылып сатылған кезде ЖШС-ның кез келген қатысушысы үлес сатылған күннен кейін үш ай мерзім ішінде сот тәртібімен оған сатып алушының құқықтары мен міндеттерін аударуды талап етуге құқылы (АК
80-бабының
2-тармағы).
Қатысушының үлесін сатып алу міндеті ЖШС-ға жүктеле алмайды.
Сонымен бірге, егер ЖШС-ның құрылтай құжаттарына сәйкес қатысушының үлесін (бөлігін) үшінші тұлғаға иеліктен шығару мүмкін болмаса, ал серіктестіктің басқа қатысушылары оны сатып алудан бас тартса, онда АК-нің
80-бабының
3-тармағына сәйкес, қатысушыға үлесінің шынайы құнын төлеу не оған осы бағаға сәйкес келетін мүлікті заттай беру міндеті ЖШС-ға жүктелуі мүмкін.
Егер серіктестіктен шығатын қатысушының үлесін ЖШС өзі сатып алса, онда үлестің бағасы тараптардың келісімімен белгіленеді, ал олар келісімге келмесе - сот белгілейді (Заңның
32-бабының
3-тармағы).
9. Өтемсіз мәмілелер (сыйға тарту, мұраға қалдыру) бойынша ЖШС қатысушылары қатысушының үлесін кезексіз сатып алу құқығын иеленбейді.
10. Серіктестіктің қатысушысы серіктестіктің мүлкіндегі өзінің үлесін немесе оның бір сату немесе өзге тәсілмен осы серіктестіктің бір немесе бірнеше қатысушысына өз қалауы бойынша беруге құқылы. Бұл ретте, Заңның 28-бабының 3-тармағында қарастырылған жағдайдан басқа, мұндай мәміле жасауға қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі, ЖШС-ның немесе басқа қатысушылардың келісімі талап етілмейді.
11. ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысын шақыру және өткізу тәртібі Заңның
46, 47-баптарымен
бекітілген. Жиналысты шақыру тәртібі бұзылған кезде жалпы жиналыстың шешімі жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Жалпы жиналысты шақыру мен өткізу тәртібін бұзу деп жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктердің қатысушыларының (қатысушысының) құқығын бұзуға әкеліп соғатын немесе соғуы мүмкін, заңмен бекітілген императивтік нормаларды бұзушылықты түсіну керек (мысалы, қатысушыларды хабардар ету мерзімін сақтамау, хабарламаларда жалпы жиналыс өткізілетін уақыты мен орны туралы мәліметтердің болмауы (Заңның
46-бабының
1-тармағы), серіктестіктің қатысушысына күн тәртібіне қойылған ұсыныстарды қараудың нәтижелері туралы хабарламау (Заңның
46-бабының
3-тармағы), жалпы жиналысты шақыруға өкілеттігі жоқ тұлғалардың осындай әрекеттерді жасауы және т.с).
12. Жалпы жиналыс өткізу және шешім қабылдаудың Заңмен, серіктестік жарғысымен немесе серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ережелермен және өзге құжаттармен белгіленген тәртібі бұзыла отырып қабылданған (мысалы, егер күн тәртібіне енгізілген мәселелерді талқылау басталғанша жалпы жиналыс кворум жиналғанын көрсетпесе) қатысушылардың жалпы жиналысының шешімін, сондай-ақ жалпы жиналыстың заңға не жарғыға қайшы шешімін, оның ішінде серіктестікке қатысушының құқығын бұзатын шешімін дауыс беруге қатыспаған немесе дау туғызған шешімге қарсы дауыс берген серіктестікке қатысушының арызы бойынша, сот толық немесе ішінара заңсыз деп тануы мүмкін (Заңның 50-бабы ). Серіктестіктің қатысушысы қабылданған шешім туралы білген немесе білуге тиісті болған күннен кейін алты айдың ішінде, ал егер ол шешім қабылданған жалпы жиналысқа қатысқан болса, шешім қабылданған күннен кейін алты айдың ішінде талап арыз берілуі мүмкін.
13. Егер:
1) заңға немесе құрылтай құжаттарына сәйкес, басым көпшіліктің болуы не бірауыздан дауыс берілуі (Заңның
48-бабының
2-тармағы) талап етілетін мәселелер бойынша осы тәртіп бұзыла отырып шешім қабылданса;
2) серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының күн тәртібіне заңда және құрылтай құжаттарында белгіленген тәртіппен енгізілмеген мәселе бойынша шешім қабылданса (Заңның
48-бабының
1-тармағы);
3) серіктестіктің қатысушысы заңмен және құрылтай құжаттарымен белгіленген тәртіпте серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының өткізілетін орны мен уақыты туралы хабарланбаса (Заңның
46-бабының
1-тармағы) серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының шешімі сөзсіз жарамсыз деп танылуға жатады.
14. Серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысының хаттамасы қатысушылардың жалпы жиналысын өткізу тәртібінің сақталуы туралы, атап айтқанда, кворумның бар екендігі, дауыс беру нәтижелері және күн тәртібі бойынша қабылданған шешім туралы мәліметтер көрсетілетін құжат болып табылады.
Хаттамада шын мәніндегі мән-жайларға сәйкес келмейтін мәліметтердің көрсетілуі (мысалы, жалпы жиналыста болмаған қатысушы туралы мәліметтер келтіріліп, ол шешімді қолдады не қарсы дауыс берді деп көрсету) жалпы жиналыстың шешімін жарамсыз деп тануға әкеліп соғуы мүмкін.
ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысының хаттамасы жалпы жиналыс қабылдаған шешімнен бөлек сот тәртібімен шағым жасалуға жатпайды. Алайда, хаттамада шындыққа жанаспайтын және қатысушының құқықтарын бұзуға әкеліп соғатын немесе әкеліп соғуы мүмкін мәліметтер бар деп есептеген ЖШС-ның кез келген қатысушысы хаттама жүргізуге жауапты адамдардың әрекеттеріне Заңның
50-бабында
қарастырылған тәртіппен шағымдана алады.
15. Заңның
43-бабы
2-тармағы 2) тармақшасының талаптарына орай, ЖШС-ның атқарушы органын құру және оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату қатысушылардың жалпы жиналысының айрықша құзыретті болып табылады. Егер серіктестіктің жарғысы оның сан жағынан басым дауыспен немесе бірауыздан қабылдануын талап етпесе, мұндай шешім жалпы жиналысқа қатысып отырғандардың жай көпшілік даусымен қабылданады (Заңның
48-бабының
2-тармағы).
Атқарушы органның (оның ішінде жеке дара атқарушы органның) мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге жалпы жиналыс сайлайды (Заңның
51-бабының
3-тармағы).
Атқарушы органның басшысын тағайындау не босатудың заңдылығы туралы қатысушылардың арасында дау туған кезде, сот ЖШС-ның жалпы жиналысының заңды немесе заңсыз деп тани алады. Аталған мәселелер қатысушылардың көпшілік даусымен жалпы жиналыста шешілмеген жағдайдың өзінде де сот ЖШС-ның атқарушы органын тағайындауға немесе өкілеттігін тоқтатуға құқылы емес. Мұндай таластарды қатысушылардың өздері Заңға және серіктестіктің құрылтай құжаттарына сәйкес шешуге тиіс.
Егер ЖШС-ның дербес атқарушы органы (директор, басқарушы) серіктестіктің ісін басқаруды еңбек шарты бойынша жүзеге асырса, онда оны қызметке тағайындау және одан босатуға байланысты дауларды шешкен кезде соттар Заң ережелерін, сондай-ақ еңбек заңнамасының нормаларын басшылыққа алулары керек.
Егер қатысушылардың бірі өзіне жүктелген міндеттерді ақысыз атқарып, серіктестіктің дербес атқарушы органы болып табылса, онда оны қызметке тағайындау не одан босатуға қатысты мәселелер АК-нің және Заңның ережелеріне сәйкес шешіледі.
16. Қатысушының үлесі ЖШС-ның жарғылық капиталына жұбайлардың бірлесіп жинаған мүлкінің есебінен енгізілуі мүмкін, ол "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының
32-бабының
2-бөлігіне сәйкес, жұбайлардың бірлескен меншігі болып табылады. Бұл ретте ортақ мүлікті бөлісу туралы дау туындаған кезде ЖШС мүлкі бағасының қатысушының үлесіне сәйкес бөлігі оның құрамына кіреді.
Мүлікке билік ету бойынша мәмілені қай қатысушының жүзеге асырғанына қарамастан, бірлескен меншіктегі мүлікке билік ету жұбайлардың келісімімен жүзеге асырылады, сондықтан серіктестіктің мүлкіндегі үлеске билік ету үшін ЖШС қатысушысының жұбайының (зайыбының) жазбаша немесе нотариалдық тәртіппен расталған келісімі талап етілмейді, ЖШС-ға қатысу үлестері рентаны төлеуге берілген жағдайда, мәміле АК
518-бабына
сәйкес, міндетті түрде нотариалдық тәртіппен расталуға жатады.
Егер мәміледегі екінші тараптың бұл жөнінде білгені немесе көрінеу білуге тиіс болғаны дәлелденсе, онда бірлескен меншікке қатысушының бірі ортақ мүлікке билік етуге байланысты жасаған мәміле қатысушының қажетті өкілеттігі болмады деген себеппен басқа қатысушылардың талаптары бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін (АК-нің 220-бабы, "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының
33-бабының
2-тармағы).
17. Қатысушылардың үлестерін мұраға алуға, бірлесіп жинаған мүлікті бөлісуге байланысты қатысушылардың жеке тұлғалармен даулары және осыған ұқсас басқа да даулары аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың қарауына жатады.
18. ЖШС қатысушылары құрамының немесе олардың үлес мөлшерлерінің өзгеруі қайта ұйымдастыру болып табылмайды (Заңның
61-бабының
1-бөлігі).
ЖШС-ны тарату қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін. Егер құрылтай құжатымен өзгеше қарастырылмаса, жалпы жиналыстың ЖШС-ны тарату туралы бірауыздан қабылданған шешімі талап етілмейді.
19. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей болып табылады және ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы
Сотының Төрағасы Қ.МӘМИ.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы
Сотының судьясы, жалпы отырыс
хатшысы Ж.БӘЙІШЕВ.