"Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шiлдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Балық аулау ережесi бекiтiлсiн.
2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiнiң күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы ресми түрде жарияланған күнiнен бастап он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2005 жылғы 18 наурыздағы
N 246 қаулысымен
бекiтiлген
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2010.06.14 № 566 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Қаулысымен.
Балық аулау ережесi
Жалпы ережелер
1. Осы Балық аулау ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) олардың учаскелерінде жеке және заңды тұлғалардың балық аулауын ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін регламенттейді.
2. Осы Ереженің қолданысы балық және басқа су жануарларын жасанды өсіруге қолданылатын су айдындарына және (немесе) учаскелеріне таралмайды.
3. Осы Ереженің мақсаты үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) деп түсініледі.
4. Балық аулау - балық ресурстарын және басқа су жануарларын аулау.
5. Балық аулау Жануарлар дүниесін пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды ескере отырып уәкілетті орган белгілейтін Пайдалануға рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес аулау құралдарының тізбесіне енгізілген аулау құралдарымен жүзеге асырылады.
6. Аулау құралдары ұяшықтарының ең төменгі мөлшерін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті (бұдан әрі - ведомство) немесе оның аумақтық бөлімшелері белгілейді.
7. Балықтың кәсіпшілік өлшемі (аузы жабық кезде) тұмсығының ұшынан құйрық қанатының орталық жарықшағы негізіне дейін өлшенеді. Шаяндардың кәсіпшілік өлшемі көзінің ортасынан құйрық тілімшесінің аяғына дейін өлшеумен айқындалады.
8. Сирек және құрып кету қаупі төнген әрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген балық және басқа су жануарлары аулау құралдарына түсіп қалған жағдайларда дереу тірі күйінде суға жіберілуі тиіс, ал олардың аулау құралына түсу фактісі кәсіпшілік журналына тіркелуі тиіс.
Көрсетілген балықтар түрлерінің және басқа су жануарларының өлі немесе шалажансар (тіршілік етуге қабілетсіз) күйде ауға түсіп қалуы жеке актіде және кәсіпшілік журналдарда тіркеледі.
Ұяшықталатын аулау құралдарында ауланған балықтың 8 %-ынан және сүзгіш аулау құралдарында - 5 %-ынан аспайтын көлемде балықтар мен басқа су жануарларының өзге түрлерінің ауға түсіп қалуына жол беріледі.
9. Балықтардың бекіре түрлері ауға түсіп қалған жағдайда тіршілік етуге қабілетті дарақтары табиғи мекендейтін ортасына шығарылуға, ал тіршілік етуге қабілетсіз (шалажансар) дарақтары - Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін баға бойынша мемлекеттік монополия субъектісіне ақысы өтеліп тапсырылуға тиіс. (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі)
10. Балықтардың бекіре түрлерін қолдан өсіру мақсатында оларды табиғи мекендейтін ортасынан молықтыру кешенінің мемлекеттік кәсіпорындарының, сондай-ақ ғылыми-зерттеу үшін аулау кезінде заңды тұлғалардың алуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі)
11. Уылдырық шашу кезеңіне әсер ететін табиғи-климаттық жағдайларға байланысты қажет болған жағдайда ведомство және (немесе) оның аумақтық бөлімшелері ғылыми ұйымдармен келісім бойынша балық аулауды бастау мерзімін неғұрлым ертерек немесе кешірек, бірақ Жануарлар дүниесін пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларда белгіленетін балық аулаудың жалпы ұзақтығы мерзімінің шегінде 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдайды.
12. Балық аулауға тыйым салынған балықтың уылдырық шашу кезеңінде, сондай-ақ балық, аулауға тыйым салынған су айдындарында және (немесе) учаскелерінде су көлігінің қозғалысы уәкілетті орган айқындайтын Балық аулауға тыйым салынған балықтың уылдырық шашу кезеңінде, сондай-ақ балық аулауға тыйым салынған су айдындарында және (немесе) учаскелерінде су көлігінің қозғалысы ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.
13. Шаяндарды еліктіргіші бар жіңішке арқан-қармақ жіппен, жарылған айыр-садақпен және шаян аулағышпен аулауға рұқсат етіледі.
Омыртқасыздарды (Arthemia Salina, гаммарус) селдір матамен аулауға рұқсат етіледі.
14. Балық аулауды жүзеге асыру кезінде:
1) белгіленген тәртіппен берілетін жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсатсыз (бұдан әрі - рұқсат) және кәсіпшілік журналы болмаған кезде балық ресурстары мен басқа су жануарларын алып қоюға;
2) жібінің диаметрі 0,5 мм-ден кем және ұяшықтарының мөлшері 100 мм-ден кем (конструктивтік адымы 50 мм-ден кем) түйінді, синтетикалық нейлондық немесе өзге де полиамидті және синтетикалық моножіптерді, сондай-ақ жалғанған сымдары мен аккумуляторы (батареясы) бар электрлі сигналдар генераторларынан тұратын, электр тогы арқылы бірлесіп биологиялық су ресурстарын алу (аулау) функциясын орындайтын электраулау жүйелері мен құрылғыларын пайдалануға;
3) мекендердің және балық қабылдау пункттерінің жанында бакендер орнату үшін және аса қажет жағдайларда (дауыл, тұман, авария, қайғылы оқиға) тоқтауды қоспағанда, балық аулауға тыйым салынған жерлердің шегінде су көлігінің тоқтауына;
4) жарылғыш және уландырғыш заттарды пайдалануға, сондай-ақ атыс қаруы мен және уәкілетті орган белгілейтін Пайдалануға рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес аулау құралдарының тізбесіне енгізілмеген басқа аулау құралдарын қолдануға;
5) ауға түсіп қалуды қоспағанда, рұқсатта көзделмеген балық ресурстары мен басқа су жануарларының, сондай-ақ сирек және құрып кету қаупі төнген түрлерін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімінсіз аулауға;
6) Балық ресурстарын және басқа су жануарларын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларда пайдаланылуы көзделмеген аулау құралдарымен су айдынында және (немесе) учаскесінде немесе оған 100 метрден жақын арақашықтықта тікелей жақын болуға;
7) балық қыстайтын шұңқырлар мен уылдырық шашатын жерлерде балық аулауға;
8) белгіленген лимиттен (квотадан, мөлшерден) артық балық аулауға;
9) балықтарды ноқталарда сақтауға, ойықтан шыққан шалажансар және ауру балық пен аулау құралдарын суға және жағалау белдеуіне лақтыруға;
10) белгіленген кәсіпшілік өлшемнен кем балық аулауға;
11) балық қыстайтын шұңқырлардың, уылдырық шашатын жерлердің, балық аулау учаскелерінің және балық аулауға тыйым салынған жерлердің шекараларын белгілейтін бағандарды, жүзбелі таным белгілері мен аншлагтарды жоюға немесе бүлдіруге;
12) көлдерді өзара және негізгі өзенмен қосатын тармақтарда (өзектерде), жеткізгіш арналар мен мелиоративтік жүйелерінің бұрмаларында, олардың құятын тұсының екі жағындағы көлдердің және арналардың сағалары алдынан 500 м-ден кем қашықтықта және су айдынының 500 м тереңдігінде, сондай-ақ өзен немесе арна бойымен жоғарғы қарай 1500 м қашықтықта балық аулауға.
Ескертпе: бұл норма Жайық-Каспий бассейні су айдындарына таралмайды;
13) балық аулау құралдары мен тәсілдерінің жаңа түрлерін, сондай-ақ ұяшықтарының мөлшері рұқсатта көзделгеннен кем аулау құралдарын қолдануға.
Аулау құралдарындағы ұяшықтардың мөлшері ширатылған жіптегі 11 түйін арасындағы алшақтықты өлшеу және алынған санды 10-ға бөлу жолымен айқындалады. Өсімдік талшықтарынан дайындалған аулау құралдарын дымқыл күйінде өлшеу кезінде белгіленген мөлшерді 5 пайызға азайтуға рұқсат етіледі;
14) өзендер мен бастаулардың, құятын арналардың сағасынан 500 м радиуста қабадалар мен секреттер орнатуға. Аулау құралдарының бұл түрлерін орнатуға қадам сызығы бойынша аулау құралдарының арасы кемінде 1,5 км болғанда және орнату сызықтарының арасы теңізде кемінде 1 км болғанда және өзендер мен басқа да су қоймаларында кемінде 50 м қашықтықта болғанда рұқсат етіледі. Теңізде әр қанатта үштен көп емес кіндік темірлі қабадаларды орнатуға рұқсат етіледі, қабадалық қондырғы қанатының ұзындығы 40 метрден аспауы тиіс;
15) алкогольге немесе есірткіге мас, сондай-ақ өзгеше түрдегі уланған күйінде балық аулауға;
16) уәкілетті орган енгізетін Балық ресурстарын және басқа су жануарларын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларда көзделмеген мерзімде және жерлерде балық аулауға;
17. балық аулауға тыйым салынған аймақтарда және тыйым салынған мерзімде балық уылдырық шашатын кезеңде балық аулау жарыстарын және басқа да бұқаралық іс-шаралар жүргізуге;
18. балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелері мен оларға іргелес жатқан су қорғау аймақтарында көлік құралдарын жууға жол берілмейді.
15. Балық аулау кезінде балық шаруашылығы субъектісі:
1) өздеріне бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балық ресурстарын және басқа су жануарларын, оның ішінде сирек кездесетіндері мен құрып кету қаупі төнгендерді қорғауды, молайтуды және ұтымды пайдалануды;
2) өздеріне бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде жағалау учаскелерін, балық аулайтын жерлерді тиісті санитарлық жай-күйде ұстауды;
3) аулау құралдарын, аулау тәсілдерін тексеру және ауланған балықты тексеріп қарау үшін жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларды (қызметтік куәлігін көрсеткен кезде) балық аулайтын жерлерге, кемелер мен басқа да жүзу құралдарына, қабылдау пункттеріне кедергісіз жіберуді, оларға балық аулау жөніндегі есептік материалдарды уақтылы беруге;
4) әрбір балық кәсіпшілік учаскесінде, кемесінде, бригадасында немесе буынында балық аулауға рұқсаттың болуын, әрбір балық шаруашылығы су айдынында және (немесе) учаскесінде, кемесінде, қабылдау пунктінде, бригадасында немесе буынында балық ресурстары мен басқа су жануарларын аулауды есепке алу журналын (кәсіпшілік журналын) жүргізуді және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың талап етуі бойынша оны көрсетуді;
5) барлық аулау құралдарынан ауға түсіп қалған тіршілік етуге қабілетті балық, су жануарлары дарақтарын дереу суға жіберуді;
6) осы Ережені және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып қолданылатын аулау құралдарын судан шығаруды, алынған аулау құралдарын, жүзу құралдарын және ауланған балықты қабылдау пунктіне дейін жеткізуді;
7) су айдындарының және (немесе) учаскелерінің жағалауына орнатылған көрсеткіштердің, қорғандардың, аншлагтар мен басқа да белгілердің сақталуын қамтамасыз етеді.
16. Алып қойылған балық ресурстары мен басқа су жануарларының саны жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсатта немесе жолдамада (әуесқойлық (спорттық) балық аулау кезінде) немесе кәсіпшілік журналында белгіленеді.
17. Балық аулау мынадай түрлерге бөлінеді:
1) кәсіпшілік балық аулау;
2) әуесқойлық (спорттық) балық аулау;
3) ғылыми-зерттеу үшін аулау;
4) бақылау үшін аулау;
5) мелиоративтік аулау;
6) өсімді молайту мақсатындағы аулау;
7) эксперименттік аулау.
2. Кәсіпшілік балық аулау тәртібі
18. Кәсіпшілік балық аулау - балық ресурстарын және басқа су жануарларын бір мезгілде көп мөлшерде аулауға мүмкіндік беретін және (немесе) су айдынының бір бөлігін (кәсіпшілік аулау құралдарымен) қамтитын, бөліп тұратын аулау құралдарымен балық ресурстарын және басқа су жануарларын мекендеу ортасынан алуды қамтамасыз ететін кешенді үдеріс.
19. Кәсіпшілік балық аулауға су шаруашылығы субъектісінде мынадай құжаттар:
1) белгіленген нысандағы рұқсат;
2) ведомствоның аумақтық бөлімшесімен балық аулауға арналған шарт;
3) су шаруашылығы субъектісі басшысының, қолымен бекітілген және ведомствоның аумақтық бөлімшесінің мөрімен куәландырылған, тігілген және нөмірленген белгіленген нысандағы кәсіпшілік журналы болған жағдайда жол беріледі.
20. Кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асыру кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген және тіркеу нөмірлерімен белгіленбеген жүзу құралдарынан балық аулауға;
2) уәкілетті орган белгілеген нысандағы жапсырмалары жоқ, ұйымға тиесілілігі мен аулау құралдарының параметрлері көрсетілмеген, сондай-ақ белгіленбеген мөлшердегі ұяшықтары бар аулау құралдарын пайдалануға;
3) екі және одан да көп аумен бір мезгілде "жауып тастау" сыпыра аулауды жүргізуге, бұл ретте аумен сыпыра аулау тек алдыңғы ауды жағалауға толық шығарғаннан кейін басталуы тиіс;
4) ведомствоның аумақтық бөлімшесінің рұқсатынсыз су айдындарында және (немесе) учаскелерінде жаңа балық кәсіпшілігі учаскелерін, ұйықтарын, салдарын және қалқымаларын (ұйық учаскелерін) ашуға;
5) теңізде және өзендерде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға арналған құрмалы аулау құралдарымен балық аулауға;
6) балықтың түрін көрсетпей немесе "өзгелері" және "ұсақ" деген атаумен тапсыруға және қабылдауға;
7) бекітіліп берілген су айдынын (учаскесін) басқа жеке және заңды тұлғаларға беруге;
8) аулау құралдарын өзен немесе саға енінің үштен екі бөлігінен астамына орналастыруға;
9) құрмалы аулау құралдарын шахматтық тәртіппен орнатуға;
10) әрқилы балық аулау құралдарын балық шаруашылығы су тоғандарының және (немесе) учаскелерінің бірінен екіншісіне арнайы өңдеусіз көшіруге;
11) балық аулаудың құралдары мен тәсілдерінің жаңа түрлерін қолдануға арналған рұқсатта көзделмеген аулау құралдары мен тәсілдерін қолдануға;
12) уәкілетті орган белгілейтін рекреациялық балық аулау аймақтарында кәсіпшілік балық аулауға;
13) бөгеттерге, шлюздер мен көпірлерге 500 м-ден жақын арақашықтықта балық аулауға жол берілмейді.
3. Теңізде балық аулау тәртібі
21. Теңізде балық аулауды бекітіліп берілген балық шаруашылығы учаскелерінің шегінен тыс жерлердегі су айдындарының ашық бөлігінде (теңіздерде, өзендерде) балық ресурстарын және басқа су жануарларын алып қоюға квота алған жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
22. Халықаралық маңызы бар су айдындарында балық аулау Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекара туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының егемендігіндегі аумақтық сулар шегінде жүзеге асырылады.
Теңізде балық аулауға рұқсатты ведомствоның аумақтық бөлімшелері құрал түрін, балық аулау тәсілін және теңіздегі балық кәсіпшілігінің ауданын көрсете отырып, жалпы негіздер бойынша береді.
4. Әуесқойлық (спорттық) балық аулау тәртібі
23. Әуесқойлық (спорттық) балық аулау - спорттық және эстетикалық қажеттіліктерді қанағаттандыру, спорттық жарыстарды өткізу мақсатында, сондай-ақ аулап алынған өнімді жеке тұтыну үшін бір-бірлеп аулауға ғана мүмкіндік беретін аулау құралдарымен (кәсіпшілік емес аулау құралдарымен) жүзеге асырылатын балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.
24. Әуесқойлық (спорттық) балық аулау бір қармақ сапқа 5 данадан сәл емес ілмектері бар қармақтардың барлық жүйелерімен және атауларымен (жылтырауық, қармақ, жыртқыш балықтарды аулауға арналған қармақтар, спиннингтер), су асты аңшылығына арналған қарумен және шаяндар мен басқа да су жануарларын және омыртқасыздарды аулауға арналған арнайы аспаптармен, қақпандармен және секреттермен жүргізіледі. Арнайы құрылатын аспаптар мен су асты аңшылығына арналған қару халық демалатын аймақтан тысқары арнайы бөлінген жерлерде пайдаланылады.
25. Ведомствоның аумақтық бөлімшесінің рұқсаты болған жағдайда балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында әуесқойлық (спорттық) балық аулау осы Ереженің, Балық ресурстары мен басқа су жануарларын пайдалануға шектеулер мен тыйым салулардың талаптарын сақтай отырып, бір балықшыға бір шыққанда бес килограммға дейін жүзеге асырылады.
26. Егер ауланған балық дарағының салмағы тегін аулауға рұқсат етілген (5 кг) салмақтан асып кеткен жағдайда, балық аулаушы көрсетілген салмақты рұқсаттың артқы бөлігіне енгізеді, ал ақы төлеу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес балық аулау объектілері болып табылатын жануарлардың түрлерін пайдаланғаны үшін белгіленген төлемақы ставкаларына сәйкес факт бойынша екі жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
5. Ғылыми-зерттеу үшін аулау тәртібі
27. Ғылыми-зерттеу үшін аулау жануарлар дүниесінің жай-күйін бағалау жөнінде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында балық ресурстарын және басқа су жануарларын аулау.
28. Ғылыми-зерттеу мақсатында балық аулау ведомствоның аумақтық бөлімшесі беретін рұқсаттар негізінде барлық су айдындарында, жыл мен тәуліктің кез келген уақытында, егер бұл ғылыми бағдарламада көзделген және зерттеу нысанасы болып табылған жағдайда, пайдалануға тыйым салынғандарын қоса алғанда, кез келген аулау құралдарымен жүзеге асырылуы мүмкін.
29. Бұрын жануарлар дүниесінің жай-күйін бағалау жүргізілмеген су айдындарында және (немесе) учаскелерінде жануарларды алып қою лимитінен тыс ғылыми-зерттеу үшін аулау аулауға жол беріледі.
30. Әрбір аулау балық ресурстарын және басқа су жануарларын аулауды есепке алу журналында аулаудың уақыты мен орны, қолданылған аулау құралдары, алып қоюдың, көлемі мен ауланған балықтың түрлік құрамы, сондай-ақ ғылыми-зерттеу мақсатында пайдаланылған дарақтардың әрбір түрінің саны көрсетіле отырып белгіленеді. Сондай-ақ, журналда балық аулауды жүргізуге жауапты адамдар туралы деректер және осы квотаны одан әрі пайдалану жөніндегі ақпарат көрсетіледі.
31. Ведомствомен және (немесе) оның аумақтық бөлімшесімен келісім бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағдарламасы шеңберінде ғылыми ұйымдар:
1) зерттеу жұмыстарын жүргізудің күнтізбелік жоспары мен кестесін бекітеді;
2) су айдындары және (немесе) учаскелері мен теңіз шаршылары бөлінісінде аулау учаскелерінің тізбесін белгілейді;
3) станциялар торын немесе торды және тралды орнатудың немесе батырылған аудың санын, орнатуды және батыруды жүргізудің уақыты мен орнын, пайдаланылатын аулау және жүзу құралдарының үлгісін, түрін және санын, аулау тәсілдерін (аумен, тормен, қармақпен) айқындайды.
32. Балық аулауға тыйым салынған кезеңде, сондай-ақ тыйым салынған аулау құралдарымен ғылыми-зерттеу үшін аулауды жүзеге асыруға ведомствоның аумақтық бөлімшесі өкілінің қатысуымен және жүргізілген аулау нәтижелері көрсетілген жеке акт толтырылған кезде жол беріледі.
33. Ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің балық шаруашылығы субъектілері аулаған балыққа қол жеткізуі тараптардың уағдаластығы бойынша жүзеге асырылады.
34. Бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде ғылыми-зерттеу үшін аулау осы су айдыны және (немесе) учаскесі бекітілген берілген балық шаруашылығы субъектісі ұсынатын сервитут шеңберінде жүзеге асырылады.
35. Ғылыми-зерттеу ұйымының ғылыми квотаны пайдалануы туралы есеп ғылыми-зерттеу үшін аулауды жүргізуге байланысты барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін ғылыми-зерттеу үшін аулауға рұқсат алған жерге беріледі.
36. Ғылыми-зерттеу үшін аулау шеңберінде балық ресурстарын және басқа су жануарларын алып қою квотасын ғылыми ұйымнан өзге жеке немесе заңды тұлғаларға 6epуіне жол берілмейді.
6. Бақылау үшін аулау тәртібі
37. Бақылау үшін аулау - балық ресурстарын және басқа су жануарларын ихтиофаунаның жай-күйін бақылау, балық ресурстарын және басқа да су жануарларының өсімін молайту тиімділігін, шабақтардың өнімділігін, су айдындарындағы балық өнімділігін айқындау мақсатында аулау.
38. Бақылау үшін аулауды ведомствоның аумақтық бөлімшелерінің ихтиологиялық қызметтері:
1) уылдырық шашатын жерлер мен қыстайтын шұңқырларды айқындау;
2) балықтардың өрістеуін және олардың көбеюі кезініңдегі жай-күйін айқындау;
3) балық аулау режимін өзгерту жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
4) балық ресурстарының жай-күйі мен таралуын бақылау үшін балық ресурстарын және басқа су жануарларын пайдалануға биологиялық негіздеме дайындау мақсатында жүзеге асырады.
39. Бақылау үшін аулау ихтиологиялық қызметтің жұмыс жоспарына, ведомствоның аумақтық бөлімшесінің басшысы бақылау үшін аулауды жүргізу кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
40. Аумақтық бөлімшенің ихгиологиялық қызметінің негіздемесі, басшының бұйрығы және бақылау үшін аулауды жүргізуге арналған рұқсат бақылау үшін аулауды жүргізуге негіздеме болып табылады.
41. Бақылау үшін аулау тыйым салынған аумақтар мен тыйым салынған кезеңдерді қоса алғанда, кез келген балық шаруашылығы су айдынында және (немесе) учаскесінде жүргізіледі.
42. Бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде бақылау үшін аулау балық шаруашылығы су айдыны және (немесе) учаскесі бекітіліп берілген балық шаруашылығы субъектісіне бақылау үшін аулау жүргізілетін жер мен уақыт хабарланғаннан кейін жүзеге асырылады.
43. Әрбір бақылау үшін аулау нәтижелері балық ресурстарын және басқа су жануарларын аулауды есепке алу журналында көрсетіледі және бақылау үшін аулауды жүргізген адамдар, бақылау үшін аулауға қатысқан балық шаруашылығы субъектілерінің өкілдері туралы мәліметтер; аулау өткізілген жер мен уақыт; қолданылған аулау құралдары; түрлері бойынша ауланған балықтың саны (данамен және килограммен) актімен ресімделеді.
Актіге бақылау үшін аулауды жүргізген адамдар балық шаруашылығы су айдыны және (немесе) учаскесі бекітіліп берілген балық шаруашылығы субъектісінің өкілі қол қояды.
44. Акт тікелей бақылау үшін аулау жүргізілген жерде жасалып, оған кейіннен зерттелген балықты (егер ол тауарлық түрін жоғалтса) есептен шығару туралы акт қоса тіркеледі. Балық зерттегеннен кейін балық шаруашылығы су айдыны және (немесе) учаскесі бекітіліп берілген балық шаруашылығы субъектіне беріледі.
45. Бақылау үшін аулау кезінде алынған балық берілген балық шаруашылығы субъектісі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы енгізеді және берілген балықты өзіне бөлінген квота көлеміне қосады.
7. Мелиоративтік аулау тәртібі
46. Мелиоративтік аулау - жаппай аулауды, арзан бағаланатын балық түрлерін іріктеп аулауды, қырылу қатері төнген су айдындарындағы және (немесе) учаскелеріндегі аулауды қоса алғанда, су айдындарындағы балық өнімділігін арттыруға, балық ресурстарын және басқа су жануарларын сақтауға және олардың мекендеу әрі көбею жағдайларын жақсартуға бағытталған балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.
47. Балықтың жаппай қырылуына және мұндай қатерді су объектілерінде балық шаруашылығы мақсатындағы ағымдағы мелиорация жүргізу жолымен жоюдың мүмкін болмауына сөзсіз әкеп соқтыратын балықтың қырылу қатері төнген жағдайда ведомствоның аумақтық бөлімшелері балықты мелиоративтік аулау туралы шешім қабылдайды.
48. Шешім ғылыми және қоғамдық ұйымдардың, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның өкілдерінен ведомствоның аумақтық бөлімшесі құратын комиссияның ұсынымы негізінде қабылданады.
49. Қырылуға қарсы іс-шара ретінде жүзеге асырылатын мелиоративтік аулау жолымен алынған балық көлемі балық аулаудың жалпы лимитіне кірмейді.
50. Ғылыми ұсыным бойынша мелиоративтік аулау ретінде жүзеге асырылатын жаппай аулау кезінде кез келген аулау құралдары, оның ішінде пайдалануға рұқсат етілген кәсіпшілік және кәсіпшілік емес аулау құралдары мен балық аулау тәсілдерінің тізбесіне енгізілмегендер де пайдаланылады.
51. Мелиоративтік аулау ведомствоның аумақтық бөлімшесі өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылады.
52. Мелиоративтік аулау нәтижелері актіленеді және кәсіпшілік журналына енгізіледі.
53. Мелиоративтік аулауды осы су айдыны және (немесе) учаскесі бекітіліп берілген балық шаруашылығы субъектісі, ал резервтік қорда мелиоративтік аулауға белгіленген тәртіппен рұқсат алған басқа заңды және жеке тұлғалар жүргізеді.
54. Мелиоративтік мақсатта алынған балық ресурстарының және басқа су жануарларының көлемі кіші түрлер бөлінісінде аулауды есепке алудың арнайы журналында тіркеледі. Журнал тігілген, нөмірленген және ведомствоның аумақтық органы басшысының қолымен жене мөрмен бекітілген болуы тиіс.
8. Өсімді молайту мақсатындағы аулау тәртібі
55. Өсімді молайту мақсатындағы аулау - балық ресурстарын және басқа су жануарларын олардың өсімін молайту мақсатында аулау.
56. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылатын өсімді молайту мақсатындағы аулау кез келген балық шаруашылығы су айдынында және (немесе) учаскесінде, жылдың және тәуліктің кез келген уақытында, пайдалануға рұқсат етілген барлық кәсіпшілік және кәсіпшілік емес балық аулау құралдары мен тәсілдерінің түрлерімен жүргізіледі.
57. Мемлекеттік тапсырыстан тыс жүзеге асырылатын өсімді молайту мақсатындағы аулау Балық ресурстарын және басқа су жануарларын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу ережесіне сәйкес айқындалатын құралдармен, тәсілдермен және мерзімдерде жүзеге асырылады.
58. Бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде мемлекеттік тапсырыстан тыс жүзеге асырылатын өсімді молайту мақсатындағы аулау аталған балық шаруашылығы су айдыны және (немесе) учаскесі бекітіліп берілген балық шаруашылығы субъектісімен келісім болған жағдайда жүргізіледі.
9. Эксперименттік аулау тәртібі
59. Эксперименттік аулау - балық ресурстарын және басқа су жануарларын балық аулау құралдары мен тәсілдерінің жаңа түрлерінің тиімділігін зерделеу мақсатында аулау.
60. Эксперименттік аулау балық аулаудың жаңа құралдары мен тәсілдерін қолдануға рұқсат және эксперименттік аулауға рұқсат болған жағдайда жүргізіледі.
61. Эксперименттік аулау тек ведомствоның аумақтық бөлімшесі өкілдерінің қатысуымен ғана жүзеге асырылады, оның нәтижелері актілінеді және оларды балық шаруашылығы субъектісі эксперименттік аулауға рұқсатты пайдалану жөніндегі есеппен бірге береді.
62. Бекітіліп берілген су айдындарында және (немесе) учаскелерінде эксперименттік аулау осы су айдыны және (немесе) учаскесі бекітіліп берілген балық шаруашылығы субъектісінің келісімі болған жағдайда жүргізіледі.
63. Эксперименттік аулау эксперименттік аулауға рұқсатта көрсетілген тәсілдермен және құралдарымен жүзеге асырылады.
10. Қорытынды ережелер
64. Осы Ереженің сақталуын бақылауды ведомство және оның аумақтық бөлімшелері, балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметі жүзеге асырады.
65. Осы Ережені бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке әкеп соқтырады.
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2005 жылғы 18 наурыздағы
N 246 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң тiзбесi
1. "Балық шаруашылығы су айдындарын бекiту, пайдалану және қорғау ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 5 сәуiрдегi N 414 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 1995 ж., N 12, 140-құжат).
2. "Қазақстан Республикасында балық және басқа су жануарларын аулау ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 4 желтоқсандағы N 1480 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., N 49, 479-құжат).
3. "Қазақстан Республикасының балық шаруашылығы су айдындарында балық кәсiпшiлiгi учаскелерiн бекiтiп беру және балық пен басқа да су жануарларын аулаудың лимиттерiн бөлу жөнiндегі жекелеген мәселелер" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 3 ақпандағы N 158 қаулысының 3-тармағы.
4. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1995 жылғы 5 сәуiрдегi N 414 және 1996 жылғы 4 желтоқсандағы N 1480 қаулыларына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2003 жылғы 5 мамырдағы N 427 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 19, 190-құжат).
5. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 4 желтоқсандағы N 1480 және 2000 жылғы 3 ақпандағы N 158 қаулыларына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң 2003 жылғы 29 қарашадағы N 1204 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 2003 ж., N 45, 495-құжат) 1-тармағы.