Адвокаттық не нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдардың аттестациядан өту ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 2001 жылғы 25 қыркүйек N 1235

Жаңартылған

      " Нотариат туралы " 1997 жылғы 14 шілдедегі және " Адвокаттық қызмет туралы " 1997 жылғы 5 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған Адвокаттық не нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдардың аттестациядан өту ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

       Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің
      бірінші орынбасары

Қазақстан Республикасы    
Yкiметiнiң          
2001 жылғы 25 қыркүйектегi 
N 1235 қаулысымен бекітiлген

  Адвокаттық не нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үмiткер адамдардың аттестациядан өту ережесi

  1. Жалпы ережелер

      1. Осы Адвокаттық не нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үмiткер адамдардың аттестациядан өту ережесi (бұдан әрi - Ереже) " Нотариат туралы " 1997 жылғы 14 шiлдедегi және " Адвокаттық қызмет туралы " 1997 жылғы 5 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзiрленген және адвокаттық не нотариаттық қызметпен айналысуға үмiткер адамдардың аттестациядан өту тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi.
      2. Адвокаттық не нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үмiткер адамдар Әдiлет министрлiгі құратын және Қазақстан Республикасы әдiлет органдарының, Қазақстан Республикасы Адвокаттар одағының, Республикалық нотариаттық палатаның өкiлдерiнен Қазақстан Республикасы Парламентi екi палатасының депутаттарынан және заңгер-ғалымдардан құрылатын Әдiлет аттестациялық комиссиясында (бұдан әрi - Комиссия) аттестациядан өтедi. <*> 
      Қазақстан Республикасының Әдiлет бiлiктiлiк алқасында емтихан тапсырған адамдар, тұрақты судьялар және терiс қылықтар жасағаны және өз мiндеттерiн орындау кезiнде заңдылықты бұзғаны үшiн судья қызметiнен босатылған судьялардан басқа тұрақты судьялар болып жұмыс iстеген адамдар, сондай-ақ мемлекеттiк нотариалдық кеңселерде жұмыс iстейтiн нотариустар (мемлекеттiк нотариустар) аттестациядан өтпейдi. <*>
      Сондай-ақ терiс себептер бойынша жұмыстан шығарылғандарды қоспағанда, прокуратура, тергеу және анықтау органдарында кемiнде он жыл жұмыс iстеген, адвокаттық қызметпен айналысу құқығына лицензия алуға ниет білдiрген прокурорлар, тергеушiлер және анықтаушылар аттестациялауға жатпайды. <*>
      Әдiлет аттестациялық комиссиясының құрамы мен оның жұмыс регламентiн Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi бекiтедi. 
       Ескерту. 2-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.03.21. N 347 қаулысымен.
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.05.07. N 518  қаулысымен .
      3. Аттестация тестілеу өткізу жолымен үміткерлердің қолданыстағы заңнаманы білуін тексеруден тұрады. <*>
       Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2002.03.21. N 347  қаулысымен .

  2. Аттестациядан өту үшiн құжаттарды қабылдау  

      4. Адвокаттық не нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үмiткер адам өзiн аттестацияға жiберу туралы өтiнiштi Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң кеңсесi арқылы Комиссияға жолдайды.
      Өтiнiшке мына құжаттар қоса берiлуi тиiс:
      1) фотосуретi бар жеке iс парағы;
      2) <*>
      3) жоғары заң бiлiмi туралы дипломның нотариальды куәландырылған көшiрмесi;
      4) <*>
      5) үмiткердiң өз қолымен жазған өмiрбаяны:
      6) Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлiгiнiң немесе төлқұжатының көшiрмесi; 
      7) үмiткердiң тұрғылықты жерi бойынша берiлген наркологиялық және психиатриялық диспансерлерден медициналық анықтамалар; 
      8) бүкіл республика бойынша мәліметтерді көрсете отырып, 
үміткердің тұрғылықты жері бойынша берілген соттылығы жоқ екендігі туралы анықтама. <*> 
      1), 5) тармақшаларда көрсетiлген адвокаттық не нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үмiткер адамдардың ұсынған құжаттары Комиссия бекiткен құжаттарды тиiсiнше ресiмдеу туралы талаптарға сәйкес болуы тиiс. <*>
      Yмiткер Комиссия отырысына келген кезде оның жеке басын куәландыратын құжат (паспорт не жеке куәлiк) өзiнде болуы тиiс. 
       Ескерту. 4-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.01.19. N 64  қаулысымен .
      Ескерту. 4-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.03.21. N 347  қаулысымен .
      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.05.07. N 518  қаулысымен .
      5. Комиссияға келiп түскен материалдар олар келiп түскен күннен бастап бiр ай мерзiмнен кешiктiрiлмей қаралады.
      Осы Ереженiң 4-тармағында көзделген құжаттар берiлмеген не тиiстi ресiмделмеген жағдайда, үмiткердiң өтiнiшi қаралмайды және келiп түскен күннен бастап 5 күннен кешiктiрiлмей өтiнiш берушiге қайтарылады.

  3. Аттестацияны өткiзудiң тәртiбi мен шарттары 

      6. Аттестацияға " Адвокаттық қызмет туралы " не " Нотариат туралы " Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына (нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үмiткерлер үшiн тағлымдамадан өту туралы талаптардан басқа) сай келетiн Қазақстан Республикасының азаматтары жiберiледi.
      Yмiткердiң заңнамалық кесiмдермен қойылатын талаптарға сәйкестігін немесе сәйкессiздiгiн тексеру мақсатында Комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша Комиссия мүшелерiнiң бiрi аттестациялық iс материалдарын зерделейдi, Қорытынды жасайды және Комиссияға ұсынады.
      7. Аттестациялық iс материалдарын қарау қорытындылары бойынша Комиссия аттестацияға жiберу туралы не жiберуден бас тарту туралы уәждi шешiм шығарады.
      8. Егер үмiткер заңнамалық кесiмдермен белгiленген талаптарға сәйкес келмесе, аттестациялауға жiберуден бас тартылуы мүмкiн. 
      Аттестациялауға жiберуден бас тартылған жағдайда Комиссия азаматқа шешiм шығарылған күннен бастап 15 күннен кешiктiрмей заңнама нормаларына сiлтеме жасай отырып, уәждi шешiмдi беруге мiндеттi. <*>
      Аттестациялауға жiберуден бас тарту заңнамамен белгiленген тәртіппен сотқа шағымдалуы мүмкiн.
       Ескерту. 8-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.01.19. N 64    қаулысымен .
      9. Аттестациялауға жiберiлген үмiткер аттестациялау өтетiн орын, күнi және уақыты туралы, оны өткiзгенге дейiн 10 күнтiзбелiк күннен кешiктiрiлмей, аумақтық әдiлет органдары арқылы хабардар етiледi. <*>
       Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2002.01.19. N 64  қаулысымен .
      10. Комиссия аттестациялауды қажеттілiгiне қарай, бiрақ тоқсанына кемiне бiр рет жүргiзедi. <*>
       Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.05.07. N 518  қаулысымен .
      11. Аттестацияға жiберiлген үмiткер қолданыстағы заңнаманы бiлуiне тестiлеуден өтедi. 
      Комиссия тестiлеудi өткiзудiң адалдығын, шарттарының, уақытының, қорытындыларын есептеудiң және мазмұнының стандарттылығын қамтамасыз етедi. 
      12. Тестiлеу барысында өзiнiң мазмұны және көлемi бойынша әр түрлi Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бiлу тестiлерi адвокаттық және нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үмiткерлер үшiн бөлек қолданылады. 
      Комиссия тестiлеуге кiретiн сұрақтардың тiзбесiн құрастырады және бекiтедi. Yмiткерлердiң білімiн бағалауға арналған сұрақтар тиiстi кәсiби қызметтi жүзеге асыру үшiн бiлудi қажет ететiн құқық салалары мен пәндерiнiң тақырыптарына сәйкес келуi тиiс. Тест жауаптарының бiреуi дұрыс болатын кемiнде үш нұсқадан тұруы тиiс. 
      Адвокаттық не нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үмiткерлердi тестiлеу бөлек жүргiзiледi. 
      13. Yмiткер өз қалауы бойынша тестiлеуден мемлекеттiк тiлде немесе орыс тiлiнде өтуге құқылы. 
      Бұл ретте үмiткер өз қалауын жазбаша растауы тиiс. <*>
       Ескерту. 13-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.01.19. N 64 қаулысымен.
      14. Yмiткерлер тестiлеудi өткiзу тәртiбiмен, үмiткерлердi iрiктеу рәсiмiнiң ұзақтығымен және мазмұнымен алдын ала таныстырылуы тиiс. 
      15. Тестiлеу компьютер техникасы пайдалана отырып өткiзiледi. 
      16. Тестiленудiң алдында үмiткер тестiлеуден өту жөнiнде егжей-тегжейлi нұсқау алады. 
      Тестiлеуден өту кезiнде үмiткердiң анықтамалық, арнайы және өзге де әдебиетті, сондай-ақ қандай да бiр жазбаларды пайдалануына жол берiлмейдi. 
      Yмiткер көрсетiлген талаптарды бұзған жағдайда ол тестiлеуден аластатылады. <*>
       Ескерту. 16-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.03.21. N 347  қаулысымен .
      17. Тестiлеудiң дұрыс жауаптарын есептеу пайдаланылатын компьютерлiк бағдарламаның көмегiмен өздiгiнен жүргiзiледi. Тестiлеу нәтижелерi принтерде екi данада басылады және үмiткерге жеке қол қойдыру жолымен танысу үшін ұсынылады. 
      Тестiлеу нәтижелерi бар қағаздың бiр данасы үмiткерге тапсырылады, екiншiсi Комиссияға берiледi. 
      18. Егер дұрыс жауаптардың саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының 65 және одан жоғары пайызын құраса, үмiткер тестiлеуден өттi деп саналады. <*>
      Егер дұрыс жауаптардың саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының 65 пайызынан аз болса, үмiткер тестiлеуден өтпедi деп саналады. <*>
      Егер дұрыс жауаптардың саны 60-тан 65-ке дейiнгi пайызды құраса, Комиссия үмiткердiң қалауы бойынша 65-ке дейiн жетпеген сан бойынша қосымша сұрақтар және қосымша екi сұрақ қоюға құқылы. <*>
      65 пайызға дейiнгі жетпеген сан бойынша қойылған сұрақтарға дұрыс жауап берген кезде үмiткер тестiлеуден өттi деп саналады. <*>
       Ескерту. 18-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.01.19. N 64  қаулысымен .
      Ескерту. 18-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.03.21. N 347  қаулысымен .
      19. <*>
       Ескерту. 19-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.01.19. N 64 қаулысымен.
      Ескерту. 19-тармақ алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2002.03.21. N 347 қаулысымен.
      20. Тестiлеу нәтижелерi бойынша Комиссия 1, 2-қосымшаларда белгiленген нысандар бойынша аттестациялау туралы не аттестацияламау туралы уәждi шешiмдi аттестация өткен күннен кейiнгі күннен кешiктірмей шығарады. <*>
       Ескерту. 20-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.03.21. N 347 қаулысымен.
      21. Комиссияның шешiмi екi данада жасалады, олардың бiреуi аттестациялық iсте қалады, екiншiсi - шешiм шығарылған күнi үміткердің талабы бойынша берiледi.
      Тестiлеудiң нәтижелерi, сондай-ақ Комиссияның шешiмi Комиссия отырысының хаттамасына енгізiледi.
       Ескерту. 21-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.01.19. N 64 қаулысымен.
      Комиссияның шешiмi заңнамамен белгiленген тәртiппен шағымдалуы мүмкін.
      22. Тестiлеуден өтпеген адам үш айдан ерте емес аттестацияға жiберу туралы өтiнiшпен Комиссияға қайта жүгінуге құқылы. <*>
       Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2002.01.19. N 64  қаулысымен .
       Ескерту. 22-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.03.21. N 347   қаулысымен .
      23. Дәлелдi себептер бойынша аттестацияға келмеген үмiткер, осы Ереженiң 9-тармағында көзделген тәртiппен, Комиссияның келесi отырысына шақырылады.
      Үмiткер қайтадан келмей қалған жағдайда,оның өтiнiшi қараусыз қалдырылады және оның ұсынған құжаттарымен бiрге қайтарылады. <*>
       Ескерту. 23-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2002.01.19. N 64 қаулысымен.

Қазақстан Республикасы    
Yкiметiнiң         
2001 жылғы 25 қыркүйектегi 
N 1235 қаулысына       
1-қосымша       

       Ескерту. 1-қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.05.07. N 518  қаулысымен .

Әдiлет аттестациялық комиссиясының адвокаттық (нотариаттық) қызметпен айналысу құқығына үмiткердi аттестациялау туралы шешiмi

_____________ қаласы                  200__ жылғы "____"________

      Адвокаттық (нотариаттық) қызметпен айналысу құқығына үмiткердiң аты-жөнi ____________________________________________
________________________________________________________________
     Аттестацияланушының жұмыс орны ____________________________
________________________________________________________________
Лауазымы _______________________________________________________

     Тестiлеу нәтижесi бойынша Әдiлет аттестациялық комиссиясы
                          ШЕШIМ ШЫҒАРДЫ:

      1. ______________________________________ аттестациялансын.
                   (үмiткердiң аты-жөнi)
      2. Комиссия шешiмi Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Заң қызметiн ұйымдастыру басқармасына адвокаттық (нотариаттық) қызметпен айналысу құқығына лицензия беруi үшiн жiберiлсiн.

      Комиссия төрағасы

      Комиссия хатшысы

      Комиссия мүшелерi

Қазақстан Республикасы     
Yкiметiнiң          
2001 жылғы 25 қыркүйектегi  
N 1235 қаулысына        
2-қосымша        

      Ескерту. 2-қосымшаға өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.05.07. N 518  қаулысымен .  

Әдiлет аттестациялық комиссиясының адвокаттық (нотариаттық) қызметпен айналысу құқығына үмiткердi аттестациялау туралы шешiмi

__________ қаласы                 200 жылғы "___" ___________

      Адвокаттық (нотариаттық) қызметпен айналысу құқығына үмiткердiң ______________________________________________________

      Аттестацияланушының жұмыс орны ____________________________
________________________________________________________________

      Лауазымы __________________________________________________

      Тестiлеу нәтижесi бойынша Әдiлет аттестациялық комиссиясы
                           ШЕШIМ ШЫҒАРДЫ:

      1.__________________________________ адвокаттық (нотариаттық)
               (үмiткердiң аты-жөнi)

қызметпен айналысу құқығына аттестациядан өтпедi деп саналсын.

      2.______________________________________ Әдiлет аттестациялық комиссиясына адвокаттық (нотариаттық) қызметпен айналысу құқығына аттестациядан өту үшiн қайта жүгiнуге құқылы.

      Комиссия төрағасы

      Комиссия хатшысы

      Комиссия мүшелерi