Саяси партиялар туралы

Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 15 шілдедегі N 344 Заңы

Жаңартылған

  МАЗМҰНЫ

      Осы Заң саяси партияларды құрудың құқықтық негiздерiн, олардың құқықтары мен мiндеттерiн, қызметiнiң кепiлдiктерiн белгiлейдi, саяси партиялардың мемлекеттiк органдармен және басқа ұйымдармен қатынастарын реттейдi.

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Саяси партия ұғымы

      1. Азаматтардың, әртүрлi әлеуметтiк топтардың мүдделерiн мемлекеттiк билiктiң өкiлдi және атқарушы, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында бiлдiру және оларды қалыптастыру iсiне қатысу мақсатында олардың саяси еркiн бiлдiретiн Қазақстан Республикасы азаматтарының ерiктi бiрлестiгi саяси партия деп танылады.

      2. Саяси партияның халық атынан билiк жүргiзуге құқығы жоқ.

       2-бап. Қазақстан Республикасының саяси партиялар
             туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актерлерiнен тұрады.

      2. Саяси партиялар заң алдында бiрдей.

       3-бап. Саяси партияларға бiрiгу құқығы

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси партияларға бiрлесу бостандығына құқығы бар.

      2. Қазақстан Республикасының азаматы тек бiр саяси партияға мүше бола алады.

      3. Саяси партияға мүше болу Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негiз бола алмайды.

      4. Әркiм өзiнiң қандай партияға жататынын көрсетуге немесе көрсетпеуге құқылы.

       4-бап. Мемлекет және саяси партиялар

      1. Мемлекет саяси партиялардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын қамтамасыз етедi.

      2. Мемлекеттiң саяси партиялардың iстерiне және саяси партиялардың мемлекет iстерiне заңсыз араласуына жол берiлмейдi. Саяси партияларға мемлекеттiк органдардың функцияларын жүктеуге де жол берiлмейдi.

      3. Азаматтардан кез келген нысанда, оның iшiнде ресми құжаттарда да, қандай партияға жататынын көрсетудi талап етуге тыйым салынады.

      4. Парламент депутаттарының, мемлекеттiк қызметшiлердiң саяси партиялардағы ақы төленетiн қызметтерде болуына құқығы жоқ.

      5. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық мiндеттерiн атқару кезiнде Қазақстан Республикасы  заңдарының  талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялар мен олардың органдарының шешiмдерiмен байланысты болмайды.

      6. Саяси партиялардың тұрақты жұмыс істейтін органдарында қызмет атқаратын адамдарға Қазақстан Республикасының  еңбек  заңнамасы, Қазақстан Республикасының  әлеуметтік   қамсыздандыру  және  сақтандыру  туралы заңнамасы қолданылады.
       Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.15. N  253  Заңымен.

       5-бап. Саяси партиялардың құрылу және қызмет ету
             негiздерi

      1. Саяси партиялардың қызметi ерiктiлiк, тең құқықтылық, өзiн-өзi басқару, заңдылық және жариялылық принциптерiне негiзделедi. Осы Заңмен белгiленген шектеулердi қоспағанда, саяси партиялар iшкi құрылымын, мақсаттарын, қызмет нысандары мен әдiстерiн еркiн анықтайды.

      2. Саяси партиялардың қызметi адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының  Конституциясында  кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға тиiс.

      3. Саяси партиялар Қазақстан Республикасының саяси партияға мүше болып табылатын азаматтарына саяси партиялардың басшы органдарында, депутаттыққа және мемлекеттiк билiк органдары мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарындағы өзге де сайланбалы қызметтерге кандидаттардың тiзiмiнде өкiлдiк етуi үшiн бiрдей мүмкiндiктер жасауға тиiс.

      4. Саяси партиялардың ұйымдық құрылымы аумақтық принцип бойынша құрылады.

      5. Саяси партиялар мен олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшы органдары Қазақстан Республикасының аумағында болуға тиiс.

      6. Қазақстан Республикасының аумағында басқа мемлекеттердiң саяси партияларының қызметiне жол берiлмейдi.

      7. Мақсаттары немесе iс-әрекеттерi Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекеттің қауiпсiздігiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, Ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты тұтатуға бағытталған саяси партияларды құру мен олардың қызметiне тыйым салынады.

      8. Азаматтардың кәсiби, нәсiлдiк, ұлттық, этникалық және дiни белгiлерi бойынша саяси партиялар құруға, сондай-ақ мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында саяси партиялардың бастауыш партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.

      9. Әскерилендiрiлген саяси партиялар, сондай-ақ саяси партиялар жанынан әскерилендiрiлген құралымдар құруға және олардың қызметiне тыйым салынады.

      10. Бiлiм беру ұйымдарының оқу процесiнде саяси партиялардың бағдарламалық, жарғылық талаптарын насихаттауға жол берiлмейдi.

  2-тарау. САЯСИ ПАРТИЯНЫ ҚҰРУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ
ЖӘНЕ ТАРАТУ

       6-бап. Саяси партияны құру

      1. Саяси партия саны бiр мың адамнан кем емес, саяси партияның құрылтай съезiн (конференциясын) шақыратын және облыстардың, pecпубликалық маңызы бар қаланың және астананың үштен екiсінің атынан өкілдiк ететiн Қазақстан Республикасы азаматтары тобының бастамасы бойынша құрылады. Азаматтар саяси партияның құрылтай съезiне (конференциясына) жеке өзi қатысады. Азаматтардың сенiмхат бойынша саяси партияның құрылтай съезiнде (конференциясында) өкiлдiк етуiне жол берiлмейдi. Саяси партияның құрылуын, соның iшiнде құрылтай съезiнiң (конференциясының) өткiзiлуiн ұйымдастыруды қаржыландыру осы Заңның  18-бабының  талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Азаматтардың саяси партия құру жөнiндегi бастамашы тобының электрондық және қағаз жеткiзгiштегi тiзiмдерi  тiркеушi органға  ол белгiлеген  нысан  бойынша табыс етiледi.

      3. Құрылтай съезiн (конференциясын) әзiрлеу және өткiзу үшiн құрамында кемiнде он адам бар ұйымдастыру комитетi құрылуы мүмкін.

      4. Құрылтай съезiнде (конференциясында) саяси партияны құру, оның атауы, жарғысы, бағдарламасы туралы шешiмдер қабылданады және оның басшы органдары құрылады.

      5. Саяси партия жарғылық қызметiн мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады.
       Ескерту. 6-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ  Заңымен  (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз).

       7-бап. Саяси партияның атауы мен рәмiзi

      1. Саяси партияның атауында "саяси партия" немесе "партия" деген сөздер болуға тиiс, оларды саяси партиялардың атауында ғана пайдалануға жол берiледi.
      Саяси партияның толық және қысқартылған атауы мен оның рәмiзi мемлекеттiк органдардың, Қазақстан Республикасында тiркелген саяси партиялардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарын бұзушылыққа байланысты таратылған саяси партиялардың атауы мен рәмiзiн толық немесе олардың елеулi бөлiгiн қайталамауға тиiс.

      2. Саяси партияның атауында ұлттық, этникалық, дiни, аймақтық, қауымдық және гендерлiк белгiлердi көрсетуге, оның лидерлерiнiң, тарихи тұлғалардың есiмдерi мен фамилияларын пайдалануға жол берiлмейдi.

      3. Саяси партияның өз рәмiзi ретiнде Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердiң мемлекеттiк нышандарын пайдалануға құқығы жоқ.

      4. Саяси партия рәмiз ретiнде эмблемаларды, туларды, гимндердi, вымпелдердi, значоктарды пайдалануға құқылы.

      5. Саяси партияның рәмiзi Конституцияға қарсы және заңға қарсы мақсаттарды насихаттауға қызмет етпеуге тиiс.

      6. Саяси партия рәмiзiнiң сипаттамасы мен эскиздерi жарғыда болуға тиiс.
       Ескерту. 7-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ  Заңымен  (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз).

       8-бап. Саяси партияға мүше болу

      1. Қазақстан Республикасының жасы он сегiзге толған азаматы саяси партияның мүшесi бола алады.

      2. Саяси партияға шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың мүше болуына, сондай-ақ ұжымдық мүшелiкке жол берiлмейдi.

      3. Әскери қызметшiлер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi және судьялар саяси партияда болмауға, қандай да болсын саяси партияға қолдау көрсетпеуге тиiс.

      4. Саяси партияға мүшелiк ерiктi, жеке және тiркелетiн тәртiпте болады.

      5. Саяси партияға қабылдау жазбаша өтiнiш негiзiнде жүзеге асырылады.

      6. Саяси партияға мүше болу кәсiби, әлеуметтiк, нәсiлдiк, рулық, ұлттық немесе дiни белгiлер бойынша, сондай-ақ жынысына және мүлiктiк жағдайына байланысты шектелмеуге тиiс.

      7. Саяси партияның мүшелерi саяси партияның басшы органдарына сайлауға және сайлануға, саяси партия мен оның басшы органдарының қызметi туралы ақпарат алуға құқылы.

      8. Қайтыс болу, партиядан шығу, партиядан шығарылу, басқа партияға кiру саяси партияға мүше болуды тоқтатуға негiз болып табылады.

       9-бап. Саяси партияның жарғысы

      1. Саяси партияның жарғысында мыналар болуға тиiс:

      1) саяси партияның атауы, мақсаттары мен мiндеттерi, сондай-ақ рәмiзiнiң сипаттамасы;

      2) саяси партияның орталық аппаратының орналасқан жерi;

      3) саяси партияға мүше болудың және мүшелiктен шығып қалудың шарттары мен тәртiбi, оның мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерi;

      4) саяси партия мүшелерiн есепке алу тәртiбi;

      5) саяси партияны және оның құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) құру, қайта ұйымдастыру мен тарату тәртiбi;

      6) саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшы және бақылау-тексеру органдарын сайлау тәртiбi, аталған органдардың өкiлеттiк мерзiмi мен құзыреті;

      7) саяси партияның жарғысына және оның бағдарламасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбi;

      8) депутаттыққа және мемлекеттiк билiк органдары мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарындағы өзге де сайланбалы қызметтерге саяси партиядан кандидаттар (кандидаттар тiзiмiн) ұсыну тәртiбi;

      9) бiрыңғай жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша саяси партия ұсынған Мәжiлiс депутаттығына кандидаттарды керi шақырып алу немесе ротациялау негiздерi;

      10) саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) ақшаны және өзге де мүлiктi басқару саласындағы құқықтары, саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) қаржылық жауапкершiлiгi және саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) есептiлiк тәртiбi.

      2. Саяси партияның жарғысында өзiнiң қызметiне жататын және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де ережелер болуы мүмкiн.

      3. Саяси партияның жарғысына енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар мемлекеттiк тiркелуге жатады.

       10-бап. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу

      1. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады.

      2. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеуге қажеттi құжаттар саяси партияның құрылтай съезi (конференциясы) өткiзiлген күннен бастап екi айдан кешiктiрiлмей тiркеушi органға табыс етiледi.

      3. Саяси партия мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастап алты айдың iшiнде өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) аумақтық әдiлет органдарында есептiк тiркеуден өткiзуге мiндеттi.

      4. Осы баптың 3-тармағын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен саяси партияның мемлекеттiк тiркелуiнiң күшiн жоюға әкеп соғады.

      5. Саяси партияны тiркеу мен қайта тiркеу, сондай-ақ оның құрылымдық бөлiмшелерiн (филиалдары мен өкiлдiктерiн) есептiк тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу туралы  заңдарында  көзделген тәртiппен және мерзiмдерде жүзеге асырылады.

      6. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн оның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы әрқайсысында кемiнде жетi жүз партия мүшесi бар құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) атынан өкiлдiк ететiн кем дегенде елу мың партия мүшесi болуға тиiс.

      7. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу тiркеушi органға мынадай құжаттарды тапсырған жағдайда жүзеге асырылады:

      1) тiркеушi орган  белгiлеген  нысан бойынша өтiнiш;

      2) саяси партияның басшысы қол қойған саяси партияның екi дана етiп жасалған жарғысы мен бағдарламасы;

      3) саяси партияның құрылтай съезiнiң (конференциясының) хаттамасы;

      4) саяси партия мүшелерiнiң тiркеушi орган  белгiлеген  нысандағы және осы баптың 6-тармағының талабына сай келетiн электрондық және қағаз жеткiзгiштегi тiзiмдерi;

      5) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу үшiн алынатын алымның төленгенi туралы құжат.

      8. Мемлекеттiк тiркеу мерзiмi Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу туралы  заңдарында  көзделген негiздер бойынша тоқтатыла тұрады.
      Ескерту. 10-бапқа өзгертулер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ  Заңымен  (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз).

        11-бап. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеуден бас тарту

      1. Тiркеушi орган Қазақстан Pecпубликасының  заң актiлерiнде  көзделген негiздемелер бойынша, сондай-ақ партия құрудың заңда белгiленген тәртiбiн бұзған, берiлген құжаттар, соның iшiнде оның құрылтай құжаттары мен партия мүшелерiнiң, оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) тiзімдерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес келмеген жағдайда саяси партияны мемлекеттік тiркеуден бас тартады.
      Тiркеуші орган Қазақстан Республикасының  заң актілерiне  көзделген негiздемелер бойынша, сондай-ақ құрылымдық бөлiмшенi (филиалы мен өкiлдiгiн) құрудың  заңдарда  белгіленген тәртібін бұзған, есептік тіркеуге берілген құжаттар, соның iшiнде партия мүшелерінiң тiзiмдерi Қазақстан Республикасының  заң   актiлерiне  сәйкес келмеген жағдайда саяси партияның құрылымдық бөлiмшесiн (филиалы мен өкiлдiгiн) есептiк тiркеуден бас тартады.

      2. Мемлекеттiк тiркеуден бас тартылған жағдайда саяси партия тiркеушi органға үш ай өткен соң оны мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды қайтадан бере алады.

      3. Саяси партияны мемлекеттiк тiркеуден, оның құрылымдық бөлiмшелерін (филиалдары мен өкiлдiктерiн) есептiк тiркеуден бас тартуға сот тәртiбiмен шағым жасалуы мүмкiн.
       Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ  Заңымен  (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз).

       12-бап. Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы
              заңдарының сақталуын бақылауды жүзеге асыратын
              мемлекеттiк органдар

      Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдарының сақталуына, сондай-ақ саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) қызметiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестiгiн бақылауды:

      1) саяси партия мен оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) саяси партия мүшелерiнiң қажеттi саны бар екендiгiн  растайтын  құжаттарын берудi талап ету немесе оларға қол жеткiзу құқығы бар  тiркеушi органдар ;

      2) Қазақстан Республикасының салық  заңдарына  сәйкес салық органдары;

      3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда басқа мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      Азаматтардың саяси партия құру жөнiндегi бастамашылық тобының, саяси партия мүшелерi тiзiмдерiнiң дұрыстығын, осы Заңның  6-бабы  1-тармағының,  8-бабының 10-бабы  6-тармағының талаптарына сәйкес келуiн тексерудi Қазақстан Республикасының Үкiметi  айқындайтын  тәртіппен тиiстi мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
       Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ  Заңымен  (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз).

       13-бап. Саяси партияның қызметiн тоқтата тұру

      1. Саяси партияның қызметi соттың шешiмi бойынша үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге:

      1) Қазақстан Республикасының  Конституциясы  мен заңдарын бұзған;

      2) саяси партияның жарғысына қайшы келетiн қызметтi үнемi жүзеге асырған;

      3) саяси партия басшыларының экстремизмдi жүзеге асыруға бағытталған жария шақыруы мен сөйлеген сөздерi орын алған;

      4) саяси партия мүшелерiнiң саны осы Заңның  10-бабы  6-тармағының талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда тоқтатыла тұруы мүмкiн.

      2. Саяси партияның қызметi тоқтатылып тұрған кезеңде партияның басшылары мен мүшелеріне бұқаралық ақпарат құралдарында партия атынан сөйлеуге, жиналыстар, митингiлер және өзге де жария сөз сөйлеудi ұйымдастыруға және өткiзуге тыйым салынады, сондай-ақ еңбек шарттары, оның қызметi салдарынан келтiрiлген залалдың орнын толтыру және айыппұлдар төлеу жөнiндегi есеп айырысуларды қоспағанда, саяси партияның банктiк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатыла тұрады.

      3. Егер саяси партияның қызметiн тоқтата тұрудың белгiленген мерзiмi iшiнде тәртiп бұзушылықтар жойылатын болса, саяси партия өз қызметiн қайта бастайды.

      4. Саяси партияның орын алған тәртiп бұзушылықты жойғандығы фактiсiн саяси партияның қызметiн тоқтата тұру туралы шешiм шығарған сот анықтайды.
       Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005.02.23.  N 33  Заңымен, 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ  Заңымен  (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз).

       14-бап. Саяси партияны қайта ұйымдастыру және тарату

      1. Саяси партияны қайта ұйымдастыру (қосылу, бiрiгу, бөлiну, бөлiнiп шығу, қайта құрылу) оның жоғары органының шешiмi бойынша Қазақстан Республикасының  заң   актiлерiнде  және саяси партияның жарғысында көзделген тәртiппен жүргiзiледi.

      2. Қайта ұйымдастырылғаннан кейiн жаңадан құрылған саяси партияны тiркеу Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      3. Саяси партия:
      1) өзiнiң жоғары органының шешiмi бойынша;

      2) аймақтардың кемiнде жартысының өкiлi болып табылатын мүшелерiнiң кемiнде елу бiр процентiнiң ұсынысы бойынша;

      3) соттың шешiмi бойынша таратылады.

      4. Саяси партияны таратуды саяси партияның жоғары органы тағайындайтын тарату комиссиясы немесе Қазақстан Республикасының  заң актiлерiнде  көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.

      5. Соттың шешiмi бойынша саяси партия:
      1) осы Заңның талаптарын орындамаған;

      2) саяси партияның қызметiн тоқтата тұру үшiн негiз болған тәртiп бұзушылықты сот белгiлеген мерзiмде жоймаған;

      3) саяси партияның жарғысына қайшы келетiн қызметтi үнемi жүзеге асырған;

      4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тыйым салынған қызметтi жүзеге асырған не қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарын бiрнеше рет (кемiнде екi рет) немесе өрескел бұза отырып жүзеге асырған;

      5) мемлекеттiк тiркеу үшiн табыс етiлген құжаттардағы мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған кезде саяси партияны мемлекеттiк тiркеудiң заңсыздығы танылған не саяси партияны мемлекеттiк тiркеудiң күшi жойылған;

      6) саяси партия Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi депутаттарының сайлауына қатарынан екi рет қатыспаған;

      7) шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтар, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар қаржыландырған, саяси партия осы  Заңда  тыйым салынған қайырмалдықтарды қабылдаған;

      7-1) саяси партия, оның құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) қызметiн Қазақстан Республикасының  заңдарында  көзделген жағдайларда қайта тiркеусiз жүзеге асырған;

      8) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда таратылуы мүмкiн.
       Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ  Заңымен  (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз).

  3-тарау. САЯСИ ПАРТИЯНЫҢ ҚЫЗМЕТI

       15-бап. Саяси партияның құқықтары мен мiндеттерi

      1. Саяси партия жарғысы мен бағдарламасында анықталған мақсаттар мен мiндеттердi жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен:

      1) өзiнiң қызметi туралы ақпарат таратуға және өз мақсаттары мен мiндеттерiн насихаттауға;

      2) ерiктi негiзде қауымдастықтарға (одақтарға), сайлау блоктарына бiрiгуге;

      3) Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттар ұсынуға; мәслихаттардағы өз өкiлдерi арқылы Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаттығына кандидатуралар жөнiнде ұсыныс жасауға;

      4) өздерiнiң бұқаралық ақпарат құралдарын құруға;

      5) жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткiзуге;

      6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актерлерiнде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Саяси партия:

      1) Қазақстан Республикасының  Конституциясы  мен заңдарының талаптарын сақтауға;

      2) әрбiр азаматтың өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгін қамтамасыз етуге;

      3) заңды тұлғалардың бiрыңғай мемлекеттiк тiркелiмiне енгiзiлетiн мәлiметтер көлемiнде тұрақты жұмыс iстейтiн органы орналасқан жердiң өзгергенi туралы және өз басшылары туралы деректердi тiркеушi органға хабарлауға;

      4) салық органдарына Қазақстан Республикасының  заңдарында  белгiленген мерзiмдер мен көлемде өзiнiң қаржылық қызметi туралы есеп табыс етуге мiндеттi.

       16-бап. Саяси партияның және оның құрылымдық
              бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң)
              органдары

      1. Саяси партияның төрт жыл iшiнде кемiнде бiр рет шақырылатын съезi (конференциясы) саяси партияның жоғары басшы органы болып табылады.

      2. Саяси партияның съезiнде (конференциясында):
      1) саяси партияның жарғысы мен бағдарламасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiледi;

      2) саяси партияның мүшелері Қазақстан Республикасының Президенттiгiне, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаттығына кандидаттар ретiнде ұсынылады, депутаттыққа кандидаттардың Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына тiркеу үшін ұсынылатын партиялық тiзiмi бекiтiледi;

      3) саяси партияның басшы органдары сайланады;

      4) партияның мүшелiк жарналарының мөлшерi бекiтiледi.

      3. Саяси партияның филиалы мен өкiлдiгiнiң конференциясы (жалпы жиналысы) саяси партия филиалы мен өкiлдiгiнiң жоғары басшы органы болып табылады.

      4. Саяси партияның филиалы мен өкiлдiгiнiң конференциясында (жалпы жиналысында):
      1) олардың басшы органдары сайланады;

      2) тиiстi мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар ұсынылады.

      5. Саяси партия съезiнiң (конференциясының) шешiмi саяси партияның съезiне (конференциясына)саяси партияның барлық облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық филиалдары мен өкiлдiктерiнiң өкiлдерi қатысқан кезде көпшiлiк дауыспен қабылданады.

       17-бап. Саяси партияның меншiгi

      Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған объектiлердi қоспағанда, саяси партияның меншiгiнде оның жарғысында көзделген қызметтi материалдық жағынан қамтамасыз ету үшiн қажеттi объектiлер, сондай-ақ оның қаражаты есебiнен құрылатын ұйымдар болуы мүмкiн.
      Саяси партия тұтас алғанда, саяси партия мүлкiнiң, соның iшiнде оның құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) мүлкiнiң меншiк иесi болып табылады. Саяси партия мүшелерiнiң саяси партияның мүлкiне қатысты құқықтары болмайды.
      Саяси партияның мүлкi саяси партияның жарғысы мен бағдарламасында көзделген мақсаттарды жүзеге асыру және мiндеттердi шешу үшiн пайдаланылады.
      Саяси партияның мүлкi ол таратылған жағдайда оның жарғысына сәйкес пайдаланылуға тиiс. Егер саяси партияның жарғысында мұндай тәртiп көзделмесе, онда бұл мәселенi шешудi саяси партияны тарату туралы шешiм қабылдаған орган жүзеге асырады.      

       18-бап. Саяси партияны қаржыландырудың көздерi
              және оның қаражатын пайдалану

      1. Саяси партияның қаражаты:

      1) мүшелiкке кiру және мүшелiк жарналардан;

      2) қайырмалдықтар құжатпен расталып, олардың шығу көздерi көрсетiлген жағдайда мемлекет алдындағы салықтық мiндеттемелерiнiң орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететiн  орталық атқарушы орган  белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес ұйымдарының қайырмалдықтарынан;

      3) кәсiпкерлiк қызметтен түскен кiрiстерден құралады.

      2. Саяси партияға және оның құрылымдық бөлiмшелерiне (филиалдары мен өкiлдiктерiне):

      1) шет мемлекеттерден, шетелдiк заңды тұлғалардан және халықаралық ұйымдардан;

      2) шетелдiктерден және азаматтығы жоқ адамдардан;

      3) шетел қатысатын заңды тұлғалардан;

      4) мемлекеттiк органдардан және мемлекеттiк ұйымдардан;

      5) дiни бiрлестiктерден және қайырымдылық ұйымдарынан;

      6) иесi көрсетiлмеген қайырмалдық жасаушылардан қайырмалдық алуға жол берiлмейдi.
      Осы тармақта көрсетiлген адамдардан келiп түскен қайырмалдықтар соттың шешiмi бойынша мемлекеттің кiрiсiне аударылады.

      3. Саяси партиялардың ақшасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелген банктердiң шоттарына орналастырылады.

      4. Саяси партияның ақшасы мен өзге де мүлкi оның мүшелерi арасында бөлiнбейдi және жарғылық мақсаттарға сәйкес жұмсалуға тиiс. Саяси партияның өз қаражатын қайырымдылық мақсаттарға пайдалануына жол берiледi.

      5. Саяси партияның жылдық қаржылық есебi жыл сайын республикалық баспасөз басылымдарында жарияланады.
       Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі N 67-ІІІ  Заңымен  (Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін  2-баптан  қараңыз).

   4-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       19-бап. Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы
              заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының саяси партиялар туралы заңдарын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының  заңдарына   сәйкес  оған кiнәлi жеке және заңды тұлғалар, оның iшiнде мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдары және саяси партияның басшы органдарының құрамына кiретiн адамдар жауаптылықта болады.

       20-бап. Саяси партиялардың халықаралық байланыстары

      Қазақстан Республикасының саяси партиялары халықаралық байланыстар орнатып, жасай алады, тиiстi келiсiмдер жасасып, дiни бiрлестiктердi қоспағанда, халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктерге ұжымдық мүшелер ретiнде кiре алады.

       21-бап. Өтпелi ережелер

      Осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн құрылған саяси партиялар алты ай iшiнде осы Заңның талаптарына сәйкес мемлекеттiк қайта тiркеуден өтуге мiндеттi.

       22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. "Саяси партиялар туралы" 1996 жылғы 2 шiлдедегi Қазақстан Республикасы  Заңының  күшi жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., N 11-12, 260-құжат; 1997 ж., N 13-14, 205-құжат).

       Қазақстан Республикасының
      Президенті