"Саяси партиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2020 жылғы 25 мамырдағы № 336-VI ҚРЗ.

      1-бап. "Саяси партиялар туралы" 2002 жылғы 15 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2002 ж., № 16, 153-құжат; 2005 ж., № 5, 5-құжат; № 13, 53-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; 2009 ж., № 2-3, 6-құжат; 2012 ж., № 5, 41-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2014 ж., № 21, 122-құжат; 2015 ж., № 22-I, 140-құжат; 2018 ж., № 12, 39-құжат; № 24, 93-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      1) 9-баптың 1-тармағының 8) тармақшасы "депутаттыққа" деген сөздің алдынан "осы Заңның талаптары ескеріле отырып," деген сөздермен толықтырылсын;

      2) 10-баптың 6-тармағындағы "қырық" деген сөз "жиырма" деген сөзбен ауыстырылсын;

      3) мынадай мазмұндағы 15-1-баппен толықтырылсын:

      "15-1-бап. Саяси партиядан Парламент Мәжілісі, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсыну ерекшеліктері

      Саяси партия Парламент Мәжілісі, мәслихат депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін бекіткен кезде оларға кандидаттардың жалпы санының кемінде отыз пайызы көлемінде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдарды енгізеді.".

      2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ