Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 254 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 қарашада № 17822 болып тіркелді.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 26.06.2023 № 63 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк Төрағасы Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2018 жылғы 29 қазандағы
  № 254 қаулысымен
  бекітілген

Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асырудың талаптары мен тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 26.06.2023 № 63 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) есеп айырысу ұйымы – орталық депозитарий және (немесе) қор биржасы және (немесе) клирингтік ұйым және (немесе) аударым операциясына берілетін лицензияға ие ұйым;

      2) клирингтік ұйым – қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметіне берілетін лицензияға ие ұйым және орталық депозитарий;

      3) қамтамасыз ету – ақша (теңге, шетел валютасы), бағалы қағаздар және клиринг қызметі жүзеге асырылатын мәмілелер бойынша клирингтік қатысушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуге пайдаланылатын клирингтік қатысушылардың өзге де қаржы құралдары;

      4) таза позиция (нетто-позиция) – қаржы құралымен мәмілелер нәтижесінде туындаған клирингтік қатысушының талаптары мен міндеттемелерін өзара есепке алу нәтижесінде айқындалатын аталған қаржы құралымен мәмілелер бойынша клирингтік қатысушының позициясы;

      5) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган.

      3. Клирингтік ұйымның ұйымдық құрылымы негізгі функциялары мыналар болып табылатын бөлімшені қамтиды:

      1) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыру;

      2) маржалық жарналарды және клирингтік ұйымның кепілдік немесе резервтік қорларының құрамындағы ақшаны және өзге де қамтамасыз етуді инвестициялау;

      3) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметінің нәтижелері жөніндегі ақпаратты өңдеу және тарату;

      4) клирингтік ұйымның қызметін бағдарламалық-техникалық қамтамасыз ету;

      5) клирингтік ұйымның тәуекелдерін басқару;

      6) клирингтік қатысушылардың қаржылық жағдайының, сондай-ақ олардың клирингтік ұйымның қағидаларына сәйкестігінің мониторингі;

      7) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуларды (төлемдерді) (клирингтік ұйымда аударым операциясына лицензия болған кезде) ұйымдастыру;

      8) ішкі аудит және бақылау.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 07.10.2019 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен сауданы ұйымдастыру қызметін клиринг қызметімен немесе депозитарлық қызметті клиринг қызметімен қоса атқаратын клирингтік ұйым:

      1) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметі шеңберіндегі функцияларды жүзеге асыру үшін ұйымдық құрылымында жекелеген бөлімшенің (бөлімшелердің);

      2) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыратын бөлімшеде (бөлімшелерде) жеке үй-жайларының, сондай-ақ қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыруға арналған ақпаратты жинау, тіркеу және есепке алу жүйелерінің болуын қамтамасыз етеді.

      Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыратын бөлімшеге (бөлімшелерге) және осы бөлімшенің (осы бөлімшелердің) қызметкерлеріне қор биржасының немесе орталық депозитарийдің бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметтің басқа түрлерін жүзеге асыратын бөлімшелерінің функциялары, сондай-ақ осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген функция жүктелмейді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 07.10.2019 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Клирингтік ұйым бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауданы ұйымдастыру қызметін клиринг қызметімен қоса атқарған кезде Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген бөлімшелердің функцияларын ұқсас функцияларды жүзеге асыратын сауда-саттықты ұйымдастырушының бөлімшелерімен қоса атқаруына жол беріледі.

      6. Қағидалардың талаптары орталық контрагенттің функциясын жүзеге асыратын клирингтік ұйымға қолданылады.

      6-1. Клирингтік ұйым клирингтік ұйымның ішкі құжаттарына және клирингтік ұйым мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасында жасалған келісімге сәйкес төлем карточкаларының банкаралық жүйесінде есеп айырысулардың аяқталуын қамтамасыз ету жүйесі шеңберінде кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліктілігін қабылдауды, есепті және бақылауды жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 26.06.2023 № 63 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Клирингтік қатысушылар

      7. Сауда-саттыққа клирингтік қатысушыға мәртебе беру (қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру) тәртібі мен талаптары клирингтік ұйымның қағидаларында белгіленеді.

      8. Клирингтік қатысушылар:

      1) клирингтік ұйымға клирингтік ұйымның қағидаларында көзделген көлемде, тәртіпте және мерзімде клирингтік қатысушылардың қаржылық жағдайына мониторинг, сондай-ақ клирингтік қатысушылардың клирингтік ұйым қағидаларының талаптарына сәйкес келуін жүзеге асыруға қажетті өз қызметі туралы ақпаратты ұсынады;

      2) клирингтік ұйымның қағидаларында көзделген тәртіпте клирингтік ұйымның жарналары мен алымдарын төлейді.

      9. Клирингтік ұйым уәкілетті органды барлық клирингтік қатысушы мәртебесін алу, қолданылуын тоқтата тұру (қайта жаңарту) және клирингтік қатысушы мәртебесінен айыру жағдайлары туралы осындай жағдай басталғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.

      10. Уәкілетті орган осы клирингтік қатысушының атына тиісті хабарлама жіберілген күні клирингтік қатысушы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы клирингтік ұйымды хабардар етеді.

      Клирингтік ұйым "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 48-1-бабы 1-тармағының 9) тармақшасында және Заңның 51-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, лицензиясының қолданылуы көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған клирингтік қатысушыға қызмет көрсетпейді (қызмет көрсетуін тоқтатады).

      11. Клирингтік ұйым клирингтік қатысушының міндеттемелерін толық немесе ішінара орындамау не тиісінше орындамау фактісін реттеу бойынша рәсімдерді (оның ашық позицияларын мәжбүрлеп тарату мақсатында, оның ішінде клирингтік қатысушы лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған жағдайда) мыналар:

      1) осы клирингтік қатысушының атынан және адал клирингтік қатысушылардың атынан өтінімді беру және қор және (немесе) тауар биржасының сауда жүйесінде немесе бағалы қағаздардың ұйымдастырылмаған нарығында қаржы құралдарымен мәмілелерді жасасу;

      2) клирингтік ұйыммен осы клирингтік қатысушылардың келісімісіз осы клирингтік қатысушының және адал клирингтік қатысушылардың атынан мәмілелерді жасасу және (немесе) клирингтік ұйымның қағидаларында айқындалған тәртіпте және талаптармен өзге іс-қимылдарды жасау арқылы жүргізеді.

      Клирингтік ұйым міндеттемелерін толық немесе ішінара орындамауға не оларды тиісінше орындамауға жол берген клирингтік қатысушының міндеттемелерін клирингтік ұйымның қағидаларына сәйкес орындауы тиіс.

      12. Клирингтік қатысушы міндеттемелерін толық немесе ішінара орындамау не тиісінше орындамау фактісін реттеу барлық дәрменсіз клирингтік қатысушылар үшін жүргізіледі.

      Клирингтік қатысушының міндеттемелерін толық немесе ішінара орындамау не тиісінше орындамау фактісін реттеу рәсімдерін жүзеге асыру кезінде клирингтік ұйымның кепілдік және (немесе) резервтік қорын құрайтын қаражатты пайдалану тәртібі клирингтік ұйымның ішкі құжаттарында айқындалады.

      13. Уәкілетті органның клирингтік қатысушы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы хабарламасын алған күнге дейін жасасқан мәмілелер бойынша клирингтік ұйымның клирингтік қатысушысының барлық міндеттемелері клирингтік ұйымның қағидаларында белгіленген талаптарда және тәртіппен орындалуға тиіс.

      14. Мәмілелер бойынша міндеттемелер басқа клирингтік қатысушыларға - мәмілелер бойынша оның контрагенттеріне не орталық контрагентке қатысты клирингтік қатысушының нетто-міндеттемелері (нетто-талаптары) туындаған кезде тоқтатылады. Көрсетілген нетто-міндеттемелердің (нетто-талаптардың) мөлшері клирингтік ұйымның қағидаларына сәйкес есептеледі және есептелген сома туралы тиісті хабарлама клирингтік қатысушыға электрондық құжат нысанында немесе клирингтік ұйымның бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етуін қоса алғанда, өзге де байланыс құралдарын қолдана отырып жіберіледі.

      15. Клирингтік ұйым лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған немесе тоқтатылған клирингтік қатысушыға, сондай-ақ оның контрагенттеріне осы мәмілелер бойынша міндеттемелер тоқтатылған және (немесе) міндеттемелер жаңа міндеттемелерге ауыстырылған күннен кейінгі жұмыс күнінен кешіктірмей клирингтік қатысушының міндеттемелерін толық немесе ішінара орындамау не тиісінше орындамау фактісін реттеу рәсімдерін өткізу нәтижесінде туындаған міндеттемелердің тоқтатылғаны және (немесе) міндеттемелердің жаңа міндеттемелерге ауыстырылғаны туралы хабарламаны жібереді.

      16. Клирингтік ұйым клирингтік қатысушыға ақшаны қайтаруды клирингтік ұйым клирингтік қатысушыдан төлем деректемелері бар ақшаны қайтару туралы хатты алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      Клирингтік ұйым клирингтік қатысушыға ақшаны қайтаруды клирингтік ұйымның қағидаларында көзделген тәртіппен және талаптарда жүзеге асырады.

3-тарау. Клирингті жүзеге асыру

      17. Клирингтік ұйым осы клирингтік ұйым клирингтік қызмет көрсететін мәмілелер жөніндегі ақпаратты жинауды, өңдеуді және сақтауды жүзеге асырады, алшақтықтар болған жағдайда оларды салыстырады, түзетеді, мәміле тараптарының деректемелерін өзгертеді немесе клирингтік ұйымның қағидаларында белгіленген талаптарда және тәртіппен мәміле бойынша дефолтты реттеу кезінде өзге де іс-қимылдарды жүргізеді.

      Клирингтік ұйым қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыру үшін есеп айырысу ұйымымен, сауда-саттықты ұйымдастырушымен және (немесе) тауар биржасымен шарт жасайды, оның талаптары шарт тараптары арасында ақпарат алмасу және шарт тараптары өздерінің құқықтары мен міндеттерін іске асыру барысында келісілген рәсімдерді жасау тәртібін көздейді.

      18. Клирингтік ұйым клиринг қызметіне байланысты ақпарат пен құжаттарды сақтауды және осындай ақпаратты күн сайын резервтік көшіріп алуды жүзеге асырады.

      Резервтік көшірмелер ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізуден қорғалуға тиіс және клирингтік ұйымның резервтік техникалық орталығында жаңартылған резервтік көшірмелерімен ауыстырылғанға дейін сақталады.

      19. Клирингтік ұйым резервтік техникалық орталықтың дереу іске қосылуына тұрақты дайын болуын қамтамасыз етеді. Резервтік техникалық орталық мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      1) клиринг қызметіне байланысты негізгі ақпаратқа сәйкес келетін ақпараттың резервтік көшірмелерін қамтиды;

      2) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыру барысында пайдаланылатын клирингтік ұйымның бағдарламалық-техникалық қамтамасыз етуінің көшірмесін қамтиды;

      3) клирингтік ұйым орналасқан жерден жиырма бес километрден кем болмайтын жерде орналасады;

      4) клирингтік ұйымның қызметін жүзеге асыруға қажетті коммуникациялармен қамтамасыз етіледі;

      5) клирингтік ұйымның орналасқан жері бойынша клирингті жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда осы жағдай туындағаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей клирингті жүзеге асыру мүмкіндігін ұсынады.

      20. Клирингтік ұйымның орталық депозитарийдің немесе қор биржасының резервтік орталығын пайдалануына жол беріледі.

      21. Клирингтік ұйым клирингтік қатысушылардың сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесінде және (немесе) тауар биржасында жасасқан мәмілелері бойынша клирингті жүзеге асыру мақсатында осындай мәмілелер өлшемінің дәйекті есебін қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 07.10.2019 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      22. Клирингтік ұйым жасалған мәмілелерден туындайтын міндеттемелер мен талаптардың көп жақты өзара есепке алу есебінен қатысушылардың тәуекелдерін азайту бойынша өз қызметін жүзеге асырады.

      23. Алып тасталды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 07.10.2019 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      24. Клиринг қызметі жүзеге асырылатын қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асырудың тәртібі мен талаптары клирингтік ұйымның қағидаларында анықталады.

      Клирингтік ұйым туынды қаржы құралдарымен және (немесе) валютамен мәмілелер бойынша есеп айырысуды (төлемдерді) ұйымдастыру үшін клирингтік ұйымның ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес қаржы құралдарын есепке алу үшін шоттар ашады.

      Клирингтік ұйым қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша дефолтты реттеу кезінде әрекет жасау мақсатында есеп айырысу ұйымдарында, оның ішінде орталық депозитарийде осы қаржы құралдарын есепке алу үшін шоттар ашады.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 07.10.2019 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      25. Клирингтік ұйым клирингтік қатысушылардың талаптарын және (немесе) міндеттемелерін есептейді және мынадай тәсілдердің бірімен:

      1) клирингтік қатысушылардың басқа мәмілелері бойынша талаптары мен міндеттемелерін өзара есепке алуды жүргізбестен әрбір жеке мәміле негізінде олардың сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесінде немесе тауар биржасында тіркелу кезектілігі тәртібімен нақты уақыт режимінде;

      2) аяқталғаннан кейін клирингтік қатысушылардың талаптары мен міндеттемелерін өзара есепке алу жүзеге асырылатын және клиринг сессиясы өткізілгеннен кейін олардың таза позициялары айқындалатын сауда сессиясының қорытындылары бойынша есеп айырысуларды (төлемдерді) жүргізуге арналған бұйрықты беру жолымен есеп айырысу ұйымына тапсырады.

      26. Клирингтік ұйым клирингтік ұйымның қағидаларында айқындалған тәртіппен және мерзімдерде клирингтік қатысушылар үшін клиринг қызметінің нәтижелері жөнінде есеп жасайды.

      27. Есеп айырысу ұйымы алынған бұйрықтар негізінде есеп айырысуларды (төлемдерді) жүзеге асырады және бұл туралы клирингтік ұйымға хабарлайды.

4-тарау. Клирингтік ұйымның қызметі туралы ақпаратты жария ету

      28. Клирингтік ұйым бағалы қағаздар нарығында коммерциялық құпияны құрамайтын ақпаратты өзінің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде тұрақты негізде жариялау (орналастыру) жолымен барлық мүдделі тұлғаларға өз қызметі туралы ақпаратты жария етуді және көрсетілген ақпаратпен танысуға еркін қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

      29. Клирингтік ұйымның интернет-ресурсында мынадай ақпарат:

      1) клирингтік ұйым туралы жалпы ақпарат (клирингтік ұйым органдарының құрамы, клирингтік ұйымның басшы қызметкерлерінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), орналасқан жері, байланыс телефондары);

      2) құрылтай құжаттары;

      3) клирингтік ұйымның қағидалары;

      4) клирингтік ұйымның кепілдік немесе резервтік қорларының құрамына кіретін маржалық жарналар мен ақша инвестициялаудың және клирингтік қатысушыларды өзге де қамтамасыз етудің қағидалары;

      5) клирингтік қатысушының атауын, уәкілетті орган берген лицензияның күні мен нөмірін, клирингтік қатысушы мәртебесін беру, қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру күнін, клирингтік қатысушы мәртебесінің қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру негізін көрсете отырып, клирингтік қатысушылар туралы ақпарат;

      6) клирингтік ұйымның кепілдік немесе резервтік қорларының құрамына кіретін маржалық жарналар мен ақша инвестициялаудың және клирингтік қатысушыларды өзге де қамтамасыз етудің күнделікті негіздегі нәтижелері;

      7) нарықтарды, қаржы құралдарының түрлерін және клирингтік ұйым қызмет көрсетуге қабылдаған мәмілелерді (сауда-саттық әдістерін) көрсете отырып, клирингтік ұйым қызмет көрсететін сауда-саттықты ұйымдастырушылардың және (немесе) тауар биржаларының және өзге де субъектілердің атауы;

      8) есеп айырысу ұйымдарының атауы;

      9) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы, акционерлік қоғамдар туралы заңнамасына және клирингтік ұйымның қағидаларына сәйкес жария етілуге тиіс ақпарат жария етіледі.

      30. Клирингтік ұйымның ішкі құжаттарында клирингтік ұйымның кепілдік немесе резервтік қорларының құрамына кіретін маржалық жарналар мен ақша инвестициялаудың және клирингтік қатысушыларды өзге де қамтамасыз етудің қағидалары айқындалады.

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2018 жылғы 29 қазандағы
  № 254 қаулысына
  қосымша

Күші жойылды деп танылған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілері құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 58 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7555 тіркелген, 2012 жылғы 23 маусымда "Егемен Қазақстан" газетінде № 339-345 (27419) жарияланған).

      2. "Қаржы құралдарымен клиринг қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 4 шілдедегі № 205 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7870 тіркелген, 2012 жылғы 31 қазанда "Егемен Қазақстан" газетінде № 710-716 (27788) жарияланған) 1-тармағы.

      3. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сауда-саттықты ұйымдастырушының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 27 мамырдағы № 98 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9621 тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2014 жылғы 11 тамызда жарияланған) бекітілген Сауда-саттықты ұйымдастырушының қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін тізбесінің 5-тармағы.

      4. "Орталық контрагенттің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 10 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13297 тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 14 наурызда жарияланған).

      5. "Қазақстан Республикасының қаржы нарығы және қаржы ұйымдары мәселелері бойынша кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 12 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13308 тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 14 наурызда жарияланған) бекітілген Қазақстан Республикасының өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін қаржы нарығы және қаржы ұйымдары мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 4-тармағы.

      6. "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 146 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14208 тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 5 қазанда жарияланған).