Мемлекеттік орман күзеті туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 12 мамырдағы № 18-1/429 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 12 маусымда № 11326 тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шiлдедегі Орман кодексiнің 13-бабы 1-тармағының 18-38) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекттік орман күзеті туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық ол алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

А. Мамытбеков


  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 12 мамырдағы
№ 18-1/429 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік орман күзеті туралы ереже

      Ескерту. Ережедегі барлық абзацтарда "бас орман күтушілер" деген сөздер "бас орманшылар" болып, "бас орман күтіушілердің орынбасары" деген сөздер "бас орманшылардың орынбасарлары" болып, "бас орман күтушісі" деген сөздер "бас орманшы" болып, "бас орман күтушінің орынбасары" деген сөздер "бас орманшының орынбасары" болып, "орман күтушісі" деген сөздер "орманшы" болып, "орман күтушінің көмекшісі" деген сөздер "орманшының көмекшісі" болып, "орманшылар" деген сөздер "орман күтушілері" болып жазылсын - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 26.10.2015 № 18-03/947 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттiк орман күзетi ормандарды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану мәселелерiмен айналысатын орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері мен мемлекеттік табиғат қорғау мекемелерінің қызметкерлерiнен тұрады.

      2. Мемлекеттік орман күзетi 2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Орман кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 13-бабы 1-тармағының 18-38) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы орман заңнамасы, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасының аясында құқық бұзушылықтарды, сондай-ақ орманға зиян келтiретiн басқа да iс-әрекеттердi болдырмау және оларды тыю жөнінде шаралар қолданады.

2. Мемлекеттiк орман күзетiнiң мiндеттерi

      3. Мемлекеттік орман күзетiнiң негiзгi мiндеттерi:

      1) орман өрттерiнiң алдын алу, оларды дер кезiнде байқау және жою бойынша iс-шаралар жүргiзу;

      2) мемлекеттiк орман қорының аумағында барлық жұмыс істейтін және онда орналасқан ұйымдардың, сондай-ақ орманда жүрген жеке тұлғалардың Кодекстің 63-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларын және Кодекстің 67-бабына сәйкес бекітілген Ормандардағы санитариялық қағидаларды сақтауын қамтамасыз ету;

      3) ормандарды ағаштың заңсыз кесілуінен, зақымданудан, талан-таражыға салынуынан және Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзудың басқа да әрекеттерiнен қорғау, coндай-ақ мемлекеттік орман қоры жерлерiн қорғау;

      4) орман пайдаланушылардың "Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сүректі түбірімен босату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 қаңтардағы № 18-02/178 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 10679 нөмірмен тіркелген) (бұдан әрі - Сүректі түбірімен босату қағидалары) сүректi түбiрiмен босату қағидаларын және мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидаларын орындауын қамтамасыз ету;

      5) орман зиянкестерi мен ауруларының ошақтарын дер кезiнде анықтау, олардың таралуына болжам жасау және олармен күресу;

      6) биотехникалық iс-шаралар жүргiзу;

      7) мемлекеттiк орман қopы аумағында аң және балық аулау қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету;

      8) мемлекеттiк орман қорын күзетудi, қорғауды, ормандарды молықтыруды, ұтымды пайдалануды және орман өсiрудi қамтамасыз ететiн басқа да iс-әрекеттер болып табылады.

3. Мемлекеттік орман күзетiн ұйымдастыру

      4. Мемлекеттiк орман күзетiнiң құрамына мына қызметкерлер:

      1) орман шаруашылығы мемлекеттiк мекемелерiнде – директорлар – бас орманшылар, директорлардың орынбасарлары – бас орманшылардың орынбасарлары, барлық санаттағы орман шаруашылығы инженерлерi, аңшылық мамандары, орман күтушілер, орман күтушілердің көмекшiлерi, орман шеберлері, орман күтушілері, мемлекеттік инспекторлар (қорықшылар);

      2) облыстық жергілікті атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшелерiнде – басшылар және орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiру мәселелерiмен айналысатын мамандар;

      3) мемлекеттік табиғат қорғау мекемелерінде - директорлар - бас орманшылар, директорлардың орынбасарлары – бас орманшылардың орынбасарлары, барлық санаттағы орман шаруашылығы инженерлері, аңшылық мамандары, орман күтушілер, орман күтушілердің көмекшілері, орман шеберлері, орман күтушілері, мемлекеттік инспекторлар (қорықшылар) кіреді.

      5. Орман шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi орган ведомствосының (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) жүйесiне енетiн, орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiру мәселелерiмен айналысатын мамандандырылған ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерi мемлекеттік орман күзетiнiң қызметкерлерiне теңестiрiледi.

      6. Мемлекеттік орман мекемесiнiң, табиғат қорғау мекемесінің директоры - бас орманшы (бұдан әрi - директор) орман мекемесiнiң ведомстволық тиесілілiгiне байланысты уәкiлеттi орган ведомствосының немесе облыстық жергілікті атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшесiнiң бұйрығымен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      7. Директор орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесiнiң, мемлекеттік табиғат қорғау мекемесінің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық етедi және орман мекемесiне жүктелген мiндеттердi орындау мен оның өзiнiң функцияларын жүзеге асыруы үшiн жеке жауапкершілiкте болады.

      8. Директор өзiнiң қызметiн жүзеге асыруы кезiнде өзiнiң функциялары шегiнде:

      1) барлық ұйымдарда орман мекемесiнiң мүдделерiн бiлдiредi;

      2) шарттар жасасады;

      3) сенiмхаттар бередi;

      4) банк шоттарын ашады;

      5) орман мекемесiнiң барлық қызметкерлерi үшін мiндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар бередi;

      6) уәкiлетті орган ведомствосы немесе облыстық жергілікті атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшесi тағайындайтындардан басқа, орман мекемесiнiң қызметкерлерiн жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      7) орман мекемесiнiң қызметкерлерiне ынталандыру шаралары мен тәртiптiк жаза қолданады;

      8) орман мекемесiнiң даму келешегін және оны техникамен жарақтандыру бағыттарын айқындайды;

      9) орман қорының мемлекеттiк мониторингін, ормандардың мемлекеттiк мониторингiн, жануарлар дүниесiнiң мемлекеттiк мониторингін жүргiзудi қамтамасыз етедi, мемлекеттік орман кадастры мен жануарлар дүниесiнiң кадастрын жүргiзу жөнiндегi жұмыстарға қатысады;

      10) ормандарды күзетудi, қорғауды, молықтыруды және орман өсiрудi ұйымдастырады және қамтамасыз етедi, орман мекемесiнiң қарауындағы мемлекеттiк орман қоры аумағында орман пайдалануды реттейдi;

      11) орман мекемесiнiң аумағында орман өрттерiнiң алдын алу және олармен күресу жөнiнде iс-шаралар әзiрлеудi және олардың орындалуын iске асыруды ұйымдастырады;

      12) ағаш кесу билеттерiн бередi;

      13) Кодекстің 69-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының орман заңнамасы, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамасы саласында құқық бұзушылықтардың алдын алу және тыю жөнiнде шаралар қолданады;

      14) орман мекемесiнiң аумағындағы өрттердi сөндiру үшiн өрт қауiпi бар маусымға жанар-жағармай материалдарының резервiн жасайды;

      15) кеспеағаштар бөлу материалдарын дайындау үшін дербес жауапкершілікте болады.

      9. Орман мекемесi директорының орынбасары - бас орманшының орынбасары орман мекемесiнiң ведомстволық тиесілілігiне байланысты уәкілеттi орган ведомствосының немесе облыстық жергілікті атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшесiнiң бұйрығымен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      10. Директордың орынбасары өзiнiң қызметiн жүзеге асыруы кезiнде өзiнiң функциялары шегiнде:

      1) орман қорын күзету, қорғау және пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсiру бағдарламаларын әзiрлеуге және оларды орындауға қатысады;

      2) ормандарды күзету, қорғау, молықтыру және орман өсiру, тұрақты орман тұқымдары учаскелерi мен ағаш тұқымдары плантацияларын күтiп ұстау, ағаш тұқымдарын дайындау, өңдеу және сақтау жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастырады;

      3) орман орналастыру жобаларына сәйкес орман пайдалану орындары мен көлемдерiн айқындайды;

      4) орман ресурстарын тендерлерге қою үшiн материалдар әзiрлеудi ұйымдастырады және олардың ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етедi;

      5) орман қорының мемлекеттік мониторингі мен мемлекеттік орман кадастры бойынша құжаттаманың жүргiзілуiн қамтамасыз етедi;

      6) инженерлердiң, аңшылық мамандарының, орман күтушілердің жұмысына басшылық жасайды;

      7) ормандарды жерден және авиациямен күзету қызметтерiнiң жұмысын үйлестiредi;

      8) өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      11. Орман шаруашылығының барлық санаттағы инженерлерi (аға орман күтушілер) ормандарды күзету, қорғау, молықтыру және орман пайдалану жөнiндегi жұмысты жүргiзедi.

      12. Орман күзету және қорғау жөнiндегi инженер өзiнiң функциялары шегiнде:

      1) орманшылықтардың орман күзету мен қорғау жөнiндегi жұмысын ұйымдастырады;

      2) ормандарда өрттің алдын алу, ормандарды ағаштың заңсыз кесілуінен және орман тәртібiн бұзудың басқа да түрлерiнен қорғау, ормандарды зиянды жәндiктер мен аурулардан қорғау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады;

      3) ормандарды жерден және авиациямен күзету қызметтерiнiң өзара iс-қимыл жасауын ұйымдастырады;

      4) өртке қарсы насихатты, ормандарды сақтау, орман мекемесi аумағында Өрт қауiпсiздiгi қағидаларын орындау туралы мәселелердiң бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелi түрде көрiнiс тауып тұруын ұйымдастырады;

      5) айналымдар ревизиясын жоспарлайды және жүзеге асырады;

      6) орман кордондарының және орман күзетiмен байланысты басқа да құрылыстар мен ғимараттардың ақаусыз күйде күтіп ұсталуына, сондай-ақ Кодекстің 69-бабының 4-тармағына сәйкес қызметтік қаруды сақтау, алып жүру және қолдану қағидаларының сақталуына жауап береді және Кодекстің 69-бабының 5-тармағына сәйкес айырым белгілері бар нысандық киiммен (погонсыз) қамтамасыз етіледі;

      7) орманды күзету және қорғау жөнiндегі құжаттаманы жүргiзедi;

      8) орман заңнамасын бұзушылықтар бойынша iстердi жүргiзедi және әкiмшiлiк айыппұлдардың, талап-арыздардың дер кезiнде өндiрiп алынуын бақылайды;

      9) орман заңнамасын бұзушылықтар мен орман өрттерi туралы iстер бойынша сот органдарында директордың тапсырмасы бойынша орман мекемесiнiң мүдделерiн бiлдiредi.

      13. Ормандарды молықтыру және орман өсiру жөнiндегi инженер өзiнiң функциялары шегiнде:

      1) орманшылықтардың ағаш тұқымдарын дайындау, көшеттік материалын өсiру, орман дақылдарын отырғызу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады;

      2) орман дақылдарын өндiрудi тексередi, орман дақылдарын өсiру жұмыстарын орындаудың агротехникалық мерзiмi мен сапасын бақылайды;

      3) орман дақылдарын отырғызудың жұмыс жоспарын жасайды;

      4) ормандарды молықтыру және орман өсiру бойынша құжаттаманы жүргiзедi.

      14. Орман пайдалану жөнiндегi инженер өзiнiң функциялары шегiнде:

      1) орманшылықтардың орман орналастыру жобаларына сәйкес орман пайдалану жөніндегі жұмысын ұйымдастырады;

      2) Кодекстің 13-бабы 1-тармағының 18-20) тармақшасына және Ағашты түбiрiмен босату қағидаларына сәйкес орман мекемесi аумағында мемлекеттiк орман қорының ұтымды пайдаланылуын, ағаш кесiлген орындардың тазалануын қадағалау жұмыстарын жүргiзедi;

      3) кеспеағаштар iрiктеу сапасын зерделейді және тиiстi құжаттаманы жүргiзедi;

      4) орман пайдалану құжаттамасын жүргізеді;

      5) кеспеағаш қорын iрiктеу және орманды жанама пайдалану құжаттамасын жүргiзедi;

      6) орман пайдалану және жер пайдалану мәселелерi бойынша сот органдарында директордың тапсырмасы бойынша орман мекемесiнiң мүдделерiн бiлдiредi.

      15. Инженер-орман патологы өзiнiң функциялары шегiнде:

      1) ормандарды зиянды жәндiктер мен аурулардан қорғау жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

      2) орман зиянкестерi мен ауруларын, олардың түр құрамын, санын және таралуын анықтау жөнiндегi жұмысты жүзеге асырады, зиянды жәндiктер мен аурулар ошақтарының мониторингін жүргiзедi;

      3) орманның ағымдағы, экспедициялық, аэровизуальдық және басқа да орман патологиялық тексерулерiн жүргiзедi, орманның санитариялық жай-күйiн анықтайды;

      4) барлық орман екпелерiнде, сондай-ақ орман тұқымбақтарында зиянды жәндiктер мен ауруларға қарсы алдын алу iс-шараларын жүргiзудi ұйымдастырады;

      5) байқаулар материалдарын өңдейдi, орман зиянкестерi мен аурулары ошақтарының жиынтық ведомостарын, жобаланатын санитариялық-сауықтыру iс-шараларының ведомостарын жасайды және олар бойынша орман зиянкестерiнiң ошақтарын жерден және авиациямен өңдеудi жүргiзу үшiн қажеттi есеп-қисап жүргiзедi.

      16. Аңшылық маманы өзiнiң функциялары шегiнде:

      1) жануарлар дүниесiнiң ресурстарын қорғау, өсiмiн молайту және ұтымды пайдалану жөнiндегi жұмысты ұйымдастырады;

      2) биотехникалық және аңшылық шаруашылығы iс-шараларының орындалуын қамтамасыз етедi;

      3) Кодекстің 69-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы тәртіп бұзушыларды ұстайды және жеткізеді;

      4) аңшылық алқаптарды пайдалануды жақсарту жөнiнде iс-шаралар әзiрлейдi;

      5) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласында құжаттама жүргiзедi;

      6) директордың тапсырмасы бойынша сот органдарында жануарлар дүниесiн қорғау және пайдалану мәселелерi бойынша орман мекемесiнiң мүдделерін білдіреді.

      17. Орман күтуші өзiнiң жұмысында орманшылыққа басшылықты тiкелей жүзеге асырады.

      18. Орман күтуші өзiнiң функциялары шегiнде:

      1) материалдық, еңбек және қаржы ресурстарын тиiмдi пайдалану, орман шаруашылығы өндiрiсiнде озық техника мен технологияны енгiзу жөнiндегi жоспарлы тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз етедi;

      2) орманшылық аумағында ормандарды өрттерден, ағашты заңсыз кесуден және басқа да орман заңнамасын бұзушылықтарынан қорғау, ормандарды зиянды жәндiктер мен аурулардан қорғау жөнiндегi жұмыстарға, сондай-ақ ормандарды молықтыру мен орман өсiру, орман пайдалану және жабайы жануарларды қорғау жөнiндегi жұмыстарға басшылық жасайды;

      3) орман орналастыру жобасына және бекiтiлген жоспарларға сәйкес ағаш кесудiң жүргiзiлуiн ұйымдастырады;

      4) ағаш кесу орындарына және дайындалған сүректiң босатылуына куәландыру жүргiзедi;

      5) барлық орман пайдаланушылардың белгiленген сүректi түбiрiмен босату қағидаларын және Кодекстің 63-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Өрт қауiпсiздiгi қағидаларын орындау жұмысын жүргізеді;

      6) орманшылыққа келiп түсетiн орман заңнамасын бұзушылықтар туралы хаттамалардың жасалу дұрыстығын тексередi, сүректі заңсыз кесуден немесе оның бүлiнуiнен болған залалды айқындайды;

      7) орманшылық аумағындағы орман өрттерiн сөндiрудi басқарады;

      8) орман орналастыру мен жобалау-iздестiру жұмыстарын орындау кезiнде көмек көрсетедi, осы жұмыстардың сапасын бақылайды;

      9) орманшылықтардың мемлекеттiк орман күзетi қызметкерлерiнiң орман шаруашылығы, орман дақылдарын өсiру, орманды қорғау, өртке қарсы және биотехникалық жұмыстарды жүргiзу жөнiндегi оқуын ұйымдастырады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы № 1019 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізбесінде № 12665 болып тіркелген) бекітілген Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және білімдерін тексеру қағидалары мен мерзімдеріне сәйкес еңбектi қорғау және қауiпсiздiк техникасы жөнiнде оқу мен нұсқама өткізеді;

      10) директордың тапсырмасы бойынша орманшылық қызметiнiң мәселелерi бойынша сот органдарында орман мекемесiнiң мүдделерiн білдіредi.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.01.2017 № 43 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Орманшының көмекшісі өзiнiң жұмысында тiкелей орман күтушіге бағынады.

      20. Орманшының көмекшісі өзiнiң функциялары шегiнде:

      1) орман күтушінің тапсырмасы бойынша уақытша ұзақ мерзiмдi орман пайдаланудағы ормандарды күзетудiң, қорғаудың және молықтырудың жай-күйіне мониторинг жүргiзедi;

      2) орман шеберлерiнiң, мемлекеттік инспекторлардың, орманшылардың (қорықшылардың), уақытша өрт қарауылдары мен өрт сөндiрушілер командаларының оларға жүктелген мiндеттердi уақтылы және дәлме-дәл орындауын қадағалайды және оларға нұсқау бередi;

      3) орманшылыққа келiп түсетiн орман заңнамасын бұзушылықтар туралы актiлердiң жасалу дұрыстығын тексередi, сүректi заңсыз кесуден немесе оның бүлiнуiнен болған залалды айқындайды;

      4) айналымдар мен учаскелердiң ревизиясын жүргiзедi;

      5) барлық орман пайдаланушылардың Сүректi түбiрiмен босату қағидаларын және Кодекстің 63-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Өрт қауiпсiздiгi қағидаларын орындауын бақылайды;

      6) орманшылық аумағында өртке қарсы алдын алу iс-шараларын жүргiзумен тiкелей айналысады, ал орман өрттерi пайда болған жағдайда орман күтушi келгенше оларды сөндiруге басшылық жасайды;

      7) орманшылықта орындалған орман шаруашылығы жұмыстарының техникалық құжаттамасын жүргiзедi, орман орналастыру материалдарына ағымдағы өзгерiстердi жүйелi түрде енгiзiп отырады.

      21. Орман шебері өзiнiң жұмысында тiкелей орман күтушіге және оның көмекшiсiне бағынады.

      22. Орман шеберi өзiнiң функциялары шегiнде:

      1) өз учаскесiнің мемлекеттік инспекторларының, орманшыларының (қорықшыларының) жұмысына басшылық жасайды және оларға нұсқау бередi, сондай-ақ олардың өз мiндеттерiн орындауына бақылау жасауды жүзеге асырады;

      2) айналымдарға ревизия жүргiзедi, кордондардың тиiстi дәрежеде күтiп ұсталуын, қарудың және мемлекеттік инспекторларға, орман күтушілері мен қорықшыларға тапсырылған бүкіл мүлiктiң аман сақталуын қадағалайды;

      3) орман өрттерi пайда болған жағдайда бұл туралы орман күтушiнi немесе оның көмекшісін бiр мезгілде хабардар ете отырып, тiкелей оларды жоюға шаралар қолданады;

      4) орман заңнамасын бұзушылықтар туралы учаске бойынша жасалған хаттамаларды екi күннен кешіктірмей орманшылыққа (немесе орман мекемесiне) жiбередi;

      5) кеспеағаштар, сондай-ақ шабындықтар, жайылымдар және басқа да орман пайдалану алқаптарын iрiктеуге қатысады;

      6) ағаш кесу орындарын куәландыруға, ағаш материалдарын босатуға, учаскеде орындалған орман шаруашылығы iс-шараларын қабылдауға қатысады;

      7) ағаш отырғызу, ағаш тұқымдарын себу және орманның табиғи жолмен қалпына келуiне жәрдемдесу, ағаш тұқымдарын жинау, орманды күтiм жасау мақсатында кесу жөнiндегi жұмыстарға басшылық жасайды.

      23. Орманшы, мемлекеттік инспектор (қорықшы) мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн және өзiне тапсырылған мүлiктi тiкелей күзетудi, қорғауды жүзеге асырады. Өзiнiң жұмысында ол орман шеберiне бағынады.

      24. Орманшы, мемлекеттік инспектор (қорықшы) өзiнiң функциялары шегiнде:

      1) ағаштың заңсыз кесілуін, мал жаюды және Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзудың басқа да түрлерiн болдырмау жөнiнде шаралар қолданады;

      2) орман өртi пайда болған жағдайда бiр мезгілде мемлекеттiк орман күзетiнiң жоғары тұрған қызметкерлерiне өрт туралы хабарлап, оны жоюға шаралар қолданады;

      3) айналым аумағындағы барлық жұмыс iстеушілер мен онда орналасқан ұйымдардың, сондай-ақ орманда жүрген жеке тұлғалардың Кодекстің 63-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Ормандардағы өрт қауiпсiздiгi қағидалары мен Кодекстің 63-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Ормандардағы санитариялық қағидаларды сақтау жұмысын жүргiзедi, олардың барлық тәртіп бұзушылықтары жайында тиісінше орман шеберіне дереу хабарлайды, ал қажет болған жағдайда Кодекстің 69-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес бұл жайында 2014 жылғы 5 шілдедегі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексіне (бұдан әрі – Әкімшілік кодекс) сәйкес Қазақстан Республикасының орман заңнамасы, Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңнамалары саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама толтырады;

      4) өзiнiң айналымында көпiрлердiң, өрт мұнараларының, телефон желiсiнiң, межелік, орман орналастыру және орман шаруашылығы белгілерiнiң сақталуын қадағалайды;

      5) айналымда байқалған зиянды жәндiктердiң ошақтары, орман аурулары, жел сұлатпасы, дауыл құлатқан ағаштар, сүрекдіңдердің қурауы және орман шаруашылығына нұқсан келтiруi мүмкiн басқа да құбылыстар жайында орман шеберiне немесе орманшылыққа хабарлайды;

      6) сүрек дайындау, мал жаю, шөп шабу және орман пайдаланудың басқа түрлерi құқығына берiлген құжаттарды зерделейді, орман пайдалану бойынша тиісті талаптардың орындалуын қадағалайды;

      7) орман өрттерiнiң шығуына кiнәлi адамдарды ұстап, оларды тиiстi iшкi iстер органдарына жеткiзедi.

      25. Орманшыға, мемлекеттік инспекторға оған күзетуге берiлген мемлекеттiк орман қоры учаскесi мен мүлiктiң тiзбесi бар айналым жоспары мен паспорты берiледi.

4. Мемлекеттiк орман күзетiнiң қызметi

      26. Мемлекеттiк орман күзетiне жұмысқа жоғары немесе орта орман шаруашылығы, орман-техникалық оқу орындарын бiтiрген тұлғалар қабылданады, орман күтушілері (қорықшылар) жұмысқа орта біліммен қабылдануы мүмкін.

      27. Жалпы орта білiмi бар мемлекеттік инспекторлар, орман күтушілері (қорықшылар) жұмысқа қабылданған кезде орман мекемесiнiң ведомостволық тиесілілiгiне байланысты уәкілетті органның ведомствосы немесе облыстық атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшесi бекiткен бағдарлама бойынша орман мекемелерiнде мiндетті түрде оқиды.

      28. Орманшы, мемлекеттік инспектор (қорықшы) қызметiне он сегіз жасқа толған және денсаулық жайы сай келетiн адамдар қабылданады.

      29. Мемлекеттiк орман күзетiнiң қызметкерлерiне лауазымдық міндеттерін саналы орындағаны, орындалған жұмыстардың, оның ішінде ерекше қиын және шұғыл жұмыстардың жоғары сапасы үшін "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес көтермелеу шаралары қолданылады.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.01.2017 № 43 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      30. Жұмыстағы терiс қылықтары үшiн мемлекеттiк орман күзетiнің қызметкерлерiне 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 65-бабына сәйкес тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 30.01.2017 № 43 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      31. Кодекстің 69-бабының 5-тармағына сәйкес мемлекеттiк орман күзетiнiң қызметкерлері нысанды киiммен, арнайы қорғаныс құралдарымен және қызмет бабында пайдаланылатын жер телiмдерiмен қамтамасыз етіледi және Кодекстің 70-бабына сәйкес құқықтық және әлеуметтік қорғауға жатады.

      32. Кеспеағаштардың iрiктелуiне, ағаш кесудiң, ағашты түбiрiмен босатудың дұрыстығын бақылау, ағаштың заңсыз кесілуін тiркеу, сондай-ақ сүректi кеспеағаштан немесе жоғарғы жақтағы қоймалардан тасып әкету кезiнде оның есебiн жүргiзу үшiн орман шеберлерiне, орман күтушілерге, орман күзету және қорғау жөнiндегi инженерлерге таңбалар беріледi.

      33. Мемлекеттiк орман күзетiнде жұмыс iстеу кезiнде орманшыларға, мемлекеттік инспекторларға (қорықшыларға) қызметтік үй-жайлар (кордондар) берiлуi мүмкiн.

      34. Мемлекеттiк орман күзетiнің қызметкерлерiне өздерiнiң қызмет мiндеттерiн орындауы үшiн көлiк құралдары беріледi.

      35. Орман күтушілері, мемлекеттік инспекторлар және орман шеберлері ауысқан кезде айналымды, шебер учаскесiн және айналым мен шебер учаскесiне бекiтiп берiлген мүлiктi қабылдау-тапсыру актiсi жасалады. Айналымды тапсыру кезiнде орман шеберiнiң, ал шебер учаскесiн тапсыру кезiнде - орман күзету және қорғау жөнiндегi инженер мен орман күтушінің қатысуы мiндеттi.

      36. Орман күтушіні ауыстырған кезде орман мекемесi директорының бұйрығымен мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн, құжаттаманы, негiзгi құрал-жабдықтарды және орманшылыққа бекiтiлген мүлiктi қабылдау-тапсыру жөнiнде комиссия құрылады.

      37. Орман мекемесiнiң директорын ауыстырған кезде орман мекемесiнiң ведомстволық тиесілілiгiне байланысты уәкілеттi орган ведомствосының немесе облыстық жергілікті атқарушы органдардың ормандар мен жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшесiнiң бұйрығымен мемлекеттiк орман қоры учаскелерiн және орман мекемесiне бекiтiлген басқа да мүлiкті қабылдау-тапсыру жөнiнде комиссия құрылады.

5. Мемлекеттiк орман күзетiнiң қару-жарағы

      38. Тәртіп бұзушылар ұсталған жағдайда, егер олар өздеріне жүктелген міндеттерді орындап жүрген инспекторларға қарсылық көрсетсе, мемлекеттiк орман күзетiнiң лауазымды тұлғаларының Кодекстің 69-бабының 6-тармағына сәйкес дене күшiн, арнайы қорғаныс құралдарын және қызметтік қаруын қолдануға құқығы бар.