Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару кеңесiнiң кейбiр мәселелерi туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 28 желтоқсандағы N 1509 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексiнiң 25-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару кеңесi (бұдан әрі - Кеңес) - Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Кеңес құрамы;

      2) Кеңес туралы ереже бекiтілсiн.

      3. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының кейбiр мәселелерi туралы" 2001 жылғы 29 қаңтардағы № 543 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2001 ж., № 4-5, 42-құжат; 2003 ж., № 6, 60-құжат, № 46, 502-құжат) мынадай өзгерiстер енгiзiлсiн:

      1) 1-тармақ алынып тасталсын;

      2) 4-тармақта "осы Жарлықтың 3-тармағында көрсетiлген "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актілеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жұмыс iстеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгiзiлген күнiнен бастап күшiне енетiн Ереженiң 6-тармағынан, сондай-ақ 2002 жылғы 1 қаңтардан бастап күшiне енетiн Ереженiң 7-тармағының 1) тармақшасынан басқа," деген сөздер алынып тасталсын.

      4. Осы Жарлық 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
Президентi

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2004 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1509 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару кеңесінің
ҚҰРАМЫ (қызметі бойынша)

      Ескерту. Құрам жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 06.08.2014 № 888; өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 17.09.2014 № 911; 26.11.2022 № 5 Жарлықтарымен.

      Қазақстан Республикасының Президенті - Кеңес төрағасы

      Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары

      Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
2004 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 1509 Жарлығымен
БЕКIТIЛГЕН

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару кеңесi туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару кеңесi (бұдан әрi - Кеңес) Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

      2. Кеңес өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңнамалық актiлерiн, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерiн, сондай-ақ осы ереженi басшылыққа алады.

      3. Кеңес шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады.

2. Кеңестiң мiндеттерi мен функциялары

      4. Кеңестің негізгі міндеттері Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын (бұдан әрі - Қор) пайдалану және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Президентіне жәрдем көрсету және ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 16.11.2015 № 113 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      5. Кеңестiң функциялары:

      1) Қорды қалыптастырудың және пайдаланудың тиiмділігін арттыру жөнiндегі ұсыныстарды әзiрлеу;

      2) Қорды пайдаланудың көлемi мен бағыттары жөнiндегi ұсыныстарды қарау және әзiрлеу;

      3) материалдық емес активтердi қоспағанда, Қорды орналастыру үшiн рұқсат етілген қаржы құралдарының тiзбесi жөнiндегi ұсыныстарды әзiрлеу болып табылады.

      4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      5) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялау бағыттары бойынша ұсыныстарды қарау және әзірлеу;

      6) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерінің есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      7) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы жыл сайынғы есепті қарау болып табылады.

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2006.11.04 № 208, 2009.05.19 № 806; 16.11.2015 № 113 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлықтарымен.

3. Кеңестiң құқықтары

      6. Кеңестің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және өз құзыреті шегiнде:

      1) Қор қызметі және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару мәселелерін талқылауға мемлекеттік органдардың, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының өкілдерін тартуға;

      2) қаралатын мәселелер бойынша ұсынымдық сипаттағы тиiсті шешiмдер қабылдауға құқығы бар.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 16.11.2015 № 113 (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

4. Кеңестiң қызметін ұйымдастыру

      7. Кеңестi төраға басқарады.

      8. Кеңес төрағасы:

      1) Кеңес қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      2) Кеңес отырыстарын өткiзетiн орынды және уақытты белгiлейдi;

      3) Кеңес отырыстарына төрағалық етедi. Төраға болмағанда оның тапсырмасы бойынша отырыстарға Кеңес мүшелерінің бiрi төрағалық етедi;

      4) Кеңес мүшелерiне орындау үшiн мiндеттi нұсқаулар бередi.

      9. Кеңес мүшелері:

      1) Кеңес жұмысының жоспары, оның отырыстарының күн тәртiбi мен мәселелердi талқылау тәртiбi бойынша ұсыныстар енгізуге;

      2) Кеңес отырыстарына материалдар, оның шешiмдерiнiң жобаларын дайындауға қатысуға;

      3) Кеңес отырысында қаралатын мәселелердi талқылауға қатысуға құқылы.

      10. Кеңестiң отырыстары қажеттілігіне қарай және Кеңестің төрағасы анықтайтын мерзiмдерде, кемiнде жылына бiр рет өткiзiледi және хаттамамен ресiмделедi. Кеңес отырыстары оның мүшелерiнiң үштен eкici болған кезде заңды. Кеңес мүшелерінің өздерiнiң өкілеттіктерiн өзге лауазымды тұлғаларға беруiне жол берiлмейдi.

      11. Кеңестің шешiмдерi Кеңес мүшелерiнiң отырысына қатысқандардың жалпы санының қарапайым көпшiлiк дауысымен немесе Кеңес мүшелеріне сауал қою жолымен қабылданады. Дауыстар тең бөлiнген кезде төрағалық етушiнiң дауысы шешушi болып табылады.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 2009.11.23 № 889 Жарлығымен.

      12. Кеңестiң жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президентінiң Әкiмшiлігі болып табылады.