Гуманитарлық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 8 қазандағы № 743 қаулысы.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2023 № 1158 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 34-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2023 № 1158 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Гуманитарлық көмек көрсету қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2023 № 1158 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 8 қазандағы
№ 743 қаулысымен
бекітілген

Гуманитарлық көмек көрсету қағидалары

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2023 № 1158 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "ізгілік" деген сөз "гуманитарлық" деген сөзбен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 20.12.2023 № 1158 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 07.12.2021 № 869 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Гуманитарлық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 34-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасына гуманитарлық көмек көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасы көрсететін гуманитарлық көмек – басқа мемлекеттердің аумағында табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды, төтенше экологиялық жағдай мен экологиялық зілзаланы жою мақсатында Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттерге көрсететін өтеусіз көмегі;

      2) Қазақстан Республикасына көрсетілетін гуманитарлық көмек – халықтың өмірі мен тұрмыс жағдайларын жақсарту, сондай-ақ соғыс, экологиялық, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін шет елдерден және халықаралық ұйымдардан жіберілген азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, техника, құрал-жарақтар, жабдықтар, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, өзге де мүлік түрінде Қазақстан Республикасына өтеусіз берілетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті ұйымдар арқылы бөлетін мүлік;

      3) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган – атқарушылық және бақылау функцияларын, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резерв жүйесіне басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) уәкілетті ұйым – Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органының немесе жергілікті атқарушы органның қарамағындағы, тиісті салада қызметін жүзеге асыратын ұйым;

      5) халықаралық ұйым – мемлекетаралық немесе үкіметаралық ұйым;

      6) Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелерi жөнiндегi комиссия (бұдан әрi – Комиссия) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі консультациялық-кеңесші орган;

      7) гуманитарлық көмекті алушы:

      Қазақстан Республикасы гуманитарлық көмек көрсеткен кезде – гуманитарлық көмек алатын шет мемлекет;

      Қазақстан Республикасына гуманитарлық көмек көрсетілген кезде – гуманитарлық көмек алатын Қазақстан Республикасы;

      8) гуманитарлық көмек көрсетуге арналған персонал (бұдан әрі – персонал) – тауар нысанындағы гуманитарлық көмекті беру үшін шет мемлекетке жіберілетін тиісті орталық мемлекеттік органның өкілі немесе өкілдері.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.06.2024 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Гуманитарлық көмек ақша немесе тауар нысанында және (немесе) қызметтер түрінде көрсетіледі.

      Тауар нысанындағы гуманитарлық көмекке ауыр дене жарақатын келтіруі немесе өлімге әкелуі мүмкін қару-жарақ пен әскери техника кірмейді.

      Қазақстан Республикасына көрсетілген гуманитарлық көмекті өткізуге (сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға) жол берілмейді.

      Қызметтер көрсету түріндегі гуманитарлық көмек азаматтық қорғау және денсаулық сақтау салаларындағы уәкілетті органдардың құтқарушы және медициналық құралымдарын жіберу арқылы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.10.2023 № 932 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Гуманитарлық көмек қауіпсіздік талаптарына, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген карантиндік фитосанитариялық талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      Қазақстан Республикасы гуманитарлық көмек көрсету үшін жіберетін тауарлардың жарамдылық мерзімі, егер бұл мерзімдер техникалық реттеу регламенттерінде белгіленген жағдайда, сақтау мерзімі өткенге дейін 6 (алты) айдан аз болмауға тиіс.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.12.2023 № 1158 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Қазақстан Республикасының гуманитарлық көмек көрсету тәртібі

1-параграф. Гуманитарлық көмек көрсету туралы мәселені қарау

      5. Гуманитарлық көмек көрсету туралы мәселені қарау үшін шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның өтініштері не Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары негіздер болып табылады.

      6. Сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган:

      1) гуманитарлық көмек көрсету туралы өтініш түскен жағдайда, өтініш туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне және (немесе) Комиссияның төрағасына үш жұмыс күні ішінде жібереді;

      2) гуманитарлық көмек алушыдан осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген негіздер туындаған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде гуманитарлық көмек көрсету үшін қажетті деректемелерді сұратады.

      7. Гуманитарлық көмек көрсету туралы өтінішті не Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын қарауды Комиссия жүзеге асырады.

      8. Комиссияның отырыстары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен бекітілген Комиссия туралы ережеге сәйкес жүргізіледі.

      9. Гуманитарлық көмек көрсетуге болатыны, сондай-ақ оның түрі, номенклатурасы және көлемі туралы ұсыныстарды сыртқы саясат қызметі саласындағы, бюджеттi атқару жөнiндегi, азаматтық қорғау саласындағы, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы, көлік саласындағы уәкілетті органдар және басқа да мүдделі органдар Комиссия отырысы өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссияның жұмыс органына ұсынады.

      10. Қазақстан Республикасы Президентінің гуманитарлық көмек көрсету туралы өтінішін не тапсырмасын қарастырған кезде Комиссия Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық мүдделерін, мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды қоса алғанда, осындай көмек көрсетудің қаржылық мүмкіндіктерін, сондай-ақ гуманитарлық көмек көрсету үшін азаматтық қорғау және денсаулық сақтау салаларындағы уәкілетті органдардың персоналын, құтқарушы және медициналық құралымдарын жіберу мүмкіндігін ескереді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.10.2023 № 932 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі комиссияның оң ұсынымы болған кезде тиісті орталық мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімінің жобасын әзірлейді және оны заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      12. Гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

2-параграф. Гуманитарлық көмек көрсету тәртібі

      13. Гуманитарлық көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін:

      1) сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган:

      дипломатиялық арналар арқылы гуманитарлық көмекті алушының билік органдарына, ал қажет болған жағдайда – үшінші мемлекеттердің билік органдарына гуманитарлық көмекті алушыға жеткізу және беру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға жәрдемдесуді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды;

      қажет болған жағдайда персоналдың тауар нысанындағы гуманитарлық көмекті беруге қатысуын қамтамасыз етеді;

      төтенше жағдайды жою жөніндегі жұмыстарды үйлестіру үшін құрылатын ұлттық және халықаралық құрылымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;

      азаматтық қорғау және денсаулық сақтау салаларындағы уәкілетті органдарға құтқарушы және медициналық құралымдарды жіберу мен қайтаруға жәрдем көрсетеді;

      2) көлік саласындағы уәкілетті орган әуе көлігімен жеткізуді қоспағанда, гуманитарлық көмекті алушыға дейін тауар нысанындағы гуманитарлық көмекті жеткізуді қамтамасыз етеді.

      Тауар нысандағы гуманитарлық көмек әуе көлігімен жеткізілген жағдайда гуманитарлық көмекті алушыға дейін жеткізуді тиісті орталық мемлекеттік орган заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

      Әуе көлігімен тауар нысанындағы гуманитарлық көмекті жеткізуді және (немесе) азаматтық қорғау және денсаулық сақтау салаларындағы уәкілетті органдардың құтқарушы және медициналық құралымдарын жіберуді және қайтаруды үйлестіруді көлік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады;

      3) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган гуманитарлық көмек ретінде әкелінетін және әкетілетін тауарларға қатысты кедендік әкімшілендіру мен кедендік бақылауды бірінші кезектегі тәртіппен жүргізуді қамтамасыз етеді;

      4) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен гуманитарлық көмек көрсету шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз етеді;

      5) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды қамтамасыз етеді;

      Мемлекеттік материалдық резервте қажетті тауарлар болмаған жағдайда, гуманитарлық көмек көрсетуді тиісті орталық мемлекеттік орган қамтамасыз етеді.

      6) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган гуманитарлық көмек көрсету үшін құтқарушы құралымдарды қалыптастырады;

      7) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган гуманитарлық көмек көрсету үшін медициналық құралымдарды қалыптастырады.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 21.10.2023 № 932 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2024 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      14. Гуманитарлық көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларына (бұдан әрі – Резервтерді пайдалану қағидалары) сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен мынадай:

      1) тиісті орталық мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды сатып алу үшін қажетті тауарлар болмаған;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кедендік төлемдерді төлеген;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауар нысанындағы гуманитарлық көмекті әуе көлігімен жеткізу қызметін сатып алған;

      4) азаматтық қорғау және денсаулық сақтау салаларындағы уәкілетті органдардың құтқарушы және медициналық құралымдары жіберілген жағдайларда ақша қаражаты бөлінеді.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 21.10.2023 № 932 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      15. Тауар нысанындағы гуманитарлық көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган гуманитарлық көмекті алушының деректемелерін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды тиісті орталық мемлекеттік органға жібереді.

      16. Тиісті орталық мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Үкіметі гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылданғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде көліктің түрі, тегі және саны, тиеу графигі, тиеу пункттері мен межелі пункттер жөніндегі қажетті ақпаратты көлік саласындағы уәкілетті органға ұсынады.

      17. Тауар нысанындағы гуманитарлық көмекті көлік ұйымдары бірінші кезектегі тәртіппен алдын ала төлемсіз тасымалдауға қабылдайды.

      18. Тиісті орталық мемлекеттік орган гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі шараларды үйлестіруді қамтамасыз етеді және гуманитарлық көмек тауар нысанында көрсетілген жағдайда беру үшін персоналды шет мемлекетке жібереді.

      19. Тауар нысанындағы гуманитарлық көмекті беруді персонал қабылдау-беру актісінің жүзеге асырады.

      20. Тауар нысанындағы гуманитарлық көмекті тасымалдау бойынша көлік ұйымдары шығыстарының, сондай-ақ материалдық құндылықтарды жөнелтуге және жеткізуге, азаматтық қорғау және денсаулық сақтау салаларындағы уәкілетті органдардың құтқарушы және медициналық құралымдарын жіберуге байланысты шығыстардың құнын өтеу Резервтерді пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.10.2023 № 932 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      21. Гуманитарлық көмек көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервті пайдалану Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      22. Гуманитарлық көмекті ақшалай нысанда көрсету Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резерві қаражаты есебінен Резервтерді пайдалану қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      23. Гуманитарлық көмек көрсету үшін ақша қаражатын аударуды гуманитарлық көмекті алушы шот деректемелерін ресми ұсынғаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      24. Сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға және тиісті орталық мемлекеттік органға алушының көрсетілген гуманитарлық көмекті алғаны туралы ақпарат береді.

3-тарау. Қазақстан Республикасына гуманитарлық көмек көрсету тәртібі

1-параграф. Гуманитарлық көмек көрсету туралы сұрау салуды жолдау тәртібі

      25. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасына гуманитарлық көмек көрсету мәселесі бойынша шет елдерге және халықаралық ұйымдарға өтініш жасайды.

      Қазақстан Республикасына гуманитарлық көмек шет елдерден және халықаралық ұйымдардан бастама тәртібімен көрсетілуі мүмкін.

      26. Өтініште гуманитарлық көмектің сипаты, сипаттамасы, оған қойылатын талаптар, Қазақстан Республикасына көрсетілетін гуманитарлық көмек берілетін немесе она тұрған алушының жері көрсетіледі.

      27. Тауарларды Қазақстан Республикасына шет елдерден және халықаралық ұйымдардан жіберілген гуманитарлық көмек түрінде әкелу кезінде мынадай құжаттар:

      1) инвойс;

      2) тауардың әрбір позициясына нетто және брутто салмағы көрсетілген қаптама қағазы;

      3) тауарды медициналық немесе өзге де қолдану жөніндегі нұсқаулық;

      4) сынақтар, сәйкестікті растау, сараптама нысандарындағы және (немесе) тауардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын өзге де нысандағы сәйкестікті бағалау туралы құжат ұсынылады.

      28. Қазақстан Республикасына гуманитарлық көмек түрінде жіберілетін тауарлар Қазақстан Республикасындағы алушыға іс жүзінде берілген кезге дейін шет елдердің және халықаралық ұйымдардың меншігі болып табылады.

      29. Шет елдерден және халықаралық ұйымдардан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар түріндегі гуманитарлық көмекті алу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның ұсынылатын гуманитарлық көмектің қажеттілігіне, атаулары мен саны бөлігінде келісуін алу қажет.

      30. Халықтың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төндіретін инфекциялық аурулардың пайда болу және таралу қатерін болғызбау мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар түріндегі гуманитарлық көмекті қабылдауды, сақтауды, жеткізуді және бөлуді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын уәкілетті ұйым жүзеге асырады.

2-параграф. Гуманитарлық көмекті қабылдау және бөлу тәртібі

      31. Шет елдерден және халықаралық ұйымдардан Қазақстан Республикасына гуманитарлық көмек көрсетуді немесе Қазақстан Республикасына гуманитарлық көмек көрсету туралы бастамашылық өтінішті қараған және оған әзір болған жағдайда сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті орган бір жұмыс күнінен аспайтын мерзімде тиісті саланың орталық мемлекеттік органына Қазақстан Республикасына көрсетілетін гуманитарлық көмекті қабылдау және бөлу жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін ақпарат жібереді.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.06.2024 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      31-1. Тиісті саланың орталық мемлекеттік органы сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті органның ақпаратын алған күннен бастап екі жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Қазақстан Республикасына көрсетілетін гуманитарлық көмекті қабылдауға және бөлуге келісім алу үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне сұрау салу жібереді. Сұрау салуда Қазақстан Республикасына көрсетілетін гуманитарлық көмектің сипаты, сипаттамасы, жеткізу орны, тиісті уәкілетті ұйым және оны бөлу бойынша ұсыныстар көрсетіледі.

      Ескерту. 3-тарау 31-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 13.06.2024 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      32. Тиісті саланың орталық мемлекеттік органының сұрау салуын қарау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары тиісті қарармен Қазақстан Республикасына көрсетілетін гуманитарлық көмекті қабылдауды және бөлуді келіседі не одан бас тартады.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 13.06.2024 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      33. Уәкілетті ұйым тиісті орталық мемлекеттік орган және (немесе) жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен гуманитарлық көмекті қабылдауды және бөлуді жүзеге асырады.

      Гуманитарлық көмекті бөлу қатаң түрде нысаналы мақсаты бойынша жүзеге асырылады.

      Ескерту. 33-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 13.06.2024 № 468 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      34. Тиісті орталық мемлекеттік орган гуманитарлық көмекті қабылдау мен бөлуді үйлестіруді жүзеге асырады.

      35. Гуманитарлық көмекті уақытша сақтауды, жеткізуді уәкілетті ұйым және (немесе) жергілікті атқарушы органдар орналастыру және сақтау үшін белгіленген санитариялық нормаларға сәйкес жүзеге асырады.

      36. Акцизделетін тауарларды қоспағанда, тауарларды гуманитарлық көмек ретінде әкелу тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      37. Төтенше жағдай енгізілген жерде халықаралық гуманитарлық көмекті бөлу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      38. Тиісті орталық мемлекеттік орган гуманитарлық көмекті уәкілетті ұйым бөлгеннен кейін жеті жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне гуманитарлық көмектің бөлінгені туралы ақпарат ұсынады.