"Ізгiлiк көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 8 қазандағы № 743 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 желтоқсандағы № 869 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Ізгiлiк көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 8 қазандағы № 743 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ізгiлiк көмек көрсету қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 7 желтоқсандағы
№ 869 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2014 жылғы 8 қазандағы
№ 743 қаулысымен
бекітілген

Ізгiлiк көмек көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ізгiлiк көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 34-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының және Қазақстан Республикасына ізгілік көмек көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасы көрсететін ізгілік көмек – басқа мемлекеттердің аумағында табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды, төтенше экологиялық жағдай мен экологиялық зілзаланы жою мақсатында Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттерге көрсететін өтеусіз көмегі;

      2) Қазақстан Республикасына көрсетілетін ізгілік көмек – халықтың өмірі мен тұрмыс жағдайларын жақсарту, сондай-ақ соғыс, экологиялық, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою үшін шет елдерден және халықаралық ұйымдардан жіберілген азық-түлік, халық тұтынатын тауарлар, техника, құрал-жарақтар, жабдықтар, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, өзге де мүлік түрінде Қазақстан Республикасына өтеусіз берілетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті ұйымдар арқылы бөлетін мүлік;

      3) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган – атқарушылық және бақылау функцияларын, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резерв жүйесіне басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) уәкілетті ұйым – Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органының қарамағындағы, тиісті салада қызметін жүзеге асыратын ұйым;

      5) халықаралық ұйым – мемлекетаралық немесе үкіметаралық ұйым;

      6) Халықаралық iзгiлiк көмек мәселелерi жөнiндегi комиссия (бұдан әрi – Комиссия) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін құрылған Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы халықаралық ізгілік көмек мәселелері жөніндегі консультациялық-кеңесші орган;

      7) ізгілік көмекті алушы:

      Қазақстан Республикасы ізгілік көмек көрсеткен кезде – ізгілік көмек алатын шет мемлекет;

      Қазақстан Республикасына ізгілік көмек көрсетілген кезде – ізгілік көмек алатын Қазақстан Республикасы;

      8) ізгілік көмек көрсетуге арналған персонал (бұдан әрі – персонал) – тауар нысанындағы ізгілік көмекті беру үшін шет мемлекетке жіберілетін тиісті орталық мемлекеттік органның өкілі немесе өкілдері.

      3. Ізгілік көмек ақшалай немесе тауар нысанында көрсетіледі.

      Тауар нысанындағы ізгілік көмекке елеулі дене зақымдарын келтіру үшін пайдаланылуы немесе өлімнің себебі болуы мүмкін қару-жарақ пен әскери техника кірмейді.

      Қазақстан Республикасына көрсетілген ізгілік көмекті өткізуге (сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға) жол берілмейді.

      4. Гуманитарлық көмек қауіпсіздік талаптарына, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген карантиндік фитосанитариялық талаптарға сәйкес келуге тиіс.

2-тарау. Қазақстан Республикасының ізгілік көмек көрсету тәртібі

1-параграф. Ізгілік көмек көрсету туралы мәселені қарау

      5. Ізгілік көмек көрсету туралы мәселені қарау үшін шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның өтініштері не Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары негіздер болып табылады.

      6. Сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган:

      1) ізгілік көмек көрсету туралы өтініш түскен жағдайда, өтініш туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне және (немесе) Комиссияның төрағасына үш жұмыс күні ішінде жібереді;

      2) ізгілік көмек алушыдан осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген негіздер туындаған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде ізгілік көмек көрсету үшін қажетті деректемелерді сұратады.

      7. Гуманитарлық көмек көрсету туралы өтінішті не Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын қарауды Комиссия жүзеге асырады.

      8. Комиссияның отырыстары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен бекітілген Комиссия туралы ережеге сәйкес жүргізіледі.

      9. Ізгілік көмек көрсетуге болатыны, сондай-ақ оның түрі, номенклатурасы және көлемі туралы ұсыныстарды сыртқы саясат қызметі саласындағы, бюджеттi атқару жөнiндегi, азаматтық қорғау саласындағы, мемлекеттік материалдық резерв саласындағы, көлік саласындағы уәкілетті органдар және басқа да мүдделі органдар Комиссия отырысы өткізілетін күнге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссияның жұмыс органына ұсынады.

      10. Гуманитарлық көмек көрсету туралы өтінішті не Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын қарау кезінде Комиссия Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық мүдделерін, мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды, сондай-ақ ізгілік көмек көрсету үшін персоналды жіберу мүмкіндігін қоса алғанда, осындай көмек көрсетудің қаржылық мүмкіндіктерін есепке алады.

      11. Ізгілік көмек көрсету жөніндегі комиссияның оң ұсынымы болған кезде тиісті орталық мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің ізгілік көмек көрсету туралы шешімінің жобасын әзірлейді және оны заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      12. Ізгілік көмек көрсету туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.

2-параграф. Ізгілік көмек көрсету тәртібі

      13. Ізгілік көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін:

      1) сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган:

      дипломатиялық арналар арқылы ізгілік көмекті жеткізу және оны алушыға беру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруда ізгілік көмек алушы билік органдарының, ал қажет болған жағдайда – үшінші мемлекеттер билік органдарының жәрдемдесуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды;

      қажет болған жағдайда персоналдың ізгілік көмекті тауар нысанында беруге қатысуын қамтамасыз етеді;

      төтенше жағдайды жою жөніндегі жұмыстарды үйлестіру үшін құрылатын ұлттық және халықаралық құрылымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді;

      2) көлік саласындағы уәкілетті орган әуе көлігімен жеткізуді қоспағанда, тауар нысанындағы ізгілік көмектің ізгілік көмекті алушыға дейін жеткізілуін қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

      Тауар нысанындағы Ізгілік көмек әуе көлігімен жеткізілген жағдайда, ізгілік көмектің алушыға дейін жеткізілуін заңнамада белгіленген тәртіппен қамтамасыз етуді тиісті орталық мемлекеттік орган жүзеге асырады.

      Тауар нысанындағы Ізгілік көмекті әуе көлігімен жеткізуді үйлестіруді көлік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады;

      3) кеден ісі саласындағы уәкілетті орган ізгілік көмек ретінде әкетілетін тауарларға қатысты кедендік әкімшілендіру мен кедендік бақылауды бірінші кезектегі тәртіппен жүргізуді қамтамасыз етеді;

      4) бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен ізгілік көмек көрсету шығыстарын қаржыландыруды қамтамасыз етеді;

      5) мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті орган ізгілік көмек көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды қамтамасыз етеді.

      Мемлекеттік материалдық резервте қажетті тауарлар болмаған жағдайда, ізгілік көмек көрсетуді тиісті орталық мемлекеттік орган қамтамасыз етеді.

      14. Ізгілік көмек көрсету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың резервтерін пайдалану қағидаларына (бұдан әрі – Резервтерді пайдалану қағидалары) сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен мынадай:

      1) тиісті орталық мемлекеттік органда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды сатып алу үшін қажетті тауарлар болмаған;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кедендік төлемдерді төлеген;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауар нысанындағы ізгілік көмекті әуе көлігімен жеткізу қызметін сатып алған жағдайларда ақша қаражаты бөлінеді.

      15. Тауар нысанындағы ізгілік көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган ізгілік көмекті алушының деректемелерін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды тиісті орталық мемлекеттік органға жібереді.

      16. Тиісті орталық мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Үкіметі ізгілік көмек көрсету туралы шешім қабылданғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде көліктің түрі, тегі және саны, тиеу графигі, тиеу пункттері мен межелі пункттер жөніндегі қажетті ақпаратты көлік саласындағы уәкілетті органға ұсынады.

      17. Тауар нысанындағы ізгілік көмекті көлік ұйымдары бірінші кезектегі тәртіппен алдын ала төлемсіз тасымалдауға қабылдайды.

      18. Тиісті орталық мемлекеттік орган ізгілік көмек көрсету жөніндегі шараларды үйлестіруді қамтамасыз етеді және ізгілік көмек тауар нысанында көрсетілген жағдайда беру үшін персоналды шет мемлекетке жібереді.

      19. Тауар нысанындағы ізгілік көмекті беруді персонал қабылдау-беру актісінің жүзеге асырады.

      20. Тауар нысанындағы ізгілік көмекті тасымалдау бойынша көлік ұйымдары шығыстарының, сондай-ақ материалдық құндылықтарды жөнелтуге және жеткізуге байланысты шығыстардың құнын өтеу Резервтерді пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      21. Ізгілік көмек көрсету үшін мемлекеттік материалдық резервті пайдалану Заңда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

      22. Ізгілік көмекті ақшалай нысанда көрсету Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резерві қаражаты есебінен Резервтерді пайдалану қағидаларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      23. Ізгілік көмек көрсету үшін ақша қаражатын аударуды ізгілік көмекті алушы шот деректемелерін ресми ұсынғаннан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      24. Сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға және тиісті орталық мемлекеттік органға алушының көрсетілген ізгілік көмекті алғаны туралы ақпарат береді.

3-тарау. Қазақстан Республикасына ізгілік көмек көрсету тәртібі

1-параграф. Ізгілік көмек көрсету туралы сұрау салуды жолдау тәртібі

      25. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі немесе Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, сыртқы саяси қызмет саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасына ізгілік көмек көрсету мәселесі бойынша шет елдерге және халықаралық ұйымдарға өтініш жасайды.

      Қазақстан Республикасына ізгілік көмек шет елдерден және халықаралық ұйымдардан бастама тәртібімен көрсетілуі мүмкін.

      26. Өтініште ізгілік көмектің сипаты, сипаттамасы, оған қойылатын талаптар, Қазақстан Республикасына көрсетілетін ізгілік көмек берілетін немесе она тұрған алушының жері көрсетіледі.

      27. Тауарларды Қазақстан Республикасына шет елдерден және халықаралық ұйымдардан жіберілген ізгілік көмек түрінде әкелу кезінде мынадай құжаттар:

      1) инвойс;

      2) тауардың әрбір позициясына нетто және брутто салмағы көрсетілген қаптама қағазы;

      3) тауарды медициналық немесе өзге де қолдану жөніндегі нұсқаулық;

      4) сынақтар, сәйкестікті растау, сараптама нысандарындағы және (немесе) тауардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын өзге де нысандағы сәйкестікті бағалау туралы құжат ұсынылады.

      28. Қазақстан Республикасына ізгілік көмек түрінде жіберілетін тауарлар Қазақстан Республикасындағы алушыға іс жүзінде берілген кезге дейін шет елдердің және халықаралық ұйымдардың меншігі болып табылады.

      29. Шет елдерден және халықаралық ұйымдардан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар түріндегі ізгілік көмекті алу үшін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның ұсынылатын ізгілік көмектің қажеттілігіне, атаулары мен саны бөлігінде келісуін алу қажет.

      30. Халықтың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төндіретін инфекциялық аурулардың пайда болу және таралу қатерін болғызбау мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар түріндегі ізгілік көмекті қабылдауды, сақтауды, жеткізуді және бөлуді денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын уәкілетті ұйым жүзеге асырады.

2-параграф. Ізгілік көмекті қабылдау және бөлу тәртібі

      31. Шет елдерден және халықаралық ұйымдардан Қазақстан Республикасына ізгілік көмек көрсетуді немесе Қазақстан Республикасына ізгілік көмек көрсету туралы бастамашылық өтінішті қараған және оған әзір болған жағдайларда, сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Қазақстан Республикасына көрсетілетін ізгілік көмекті қабылдау және бөлу жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін Комиссияға ақпарат жолдайды.

      32. Комиссияның ұсынымдары негізінде тиісті орталық мемлекеттік орган осы Қағидалардың 30-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті ұйымның Қазақстан Республикасына көрсетілетін ізгілік көмекті қабылдауы және бөлуі туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімінің жобасын заңнамада белгіленген тәртіппен әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      33. Уәкілетті ұйым Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде тиісті орталық мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен ізгілік көмекті қабылдауды және бөлуді жүзеге асырады.

      Ізгілік көмекті бөлу қатаң түрде нысаналы мақсаты бойынша жүзеге асырылады.

      34. Тиісті орталық мемлекеттік орган ізгілік көмекті қабылдау мен бөлуді үйлестіруді жүзеге асырады.

      35. Ізгілік көмекті уақытша сақтауды, жеткізуді уәкілетті ұйым және (немесе) жергілікті атқарушы органдар орналастыру және сақтау үшін белгіленген санитариялық нормаларға сәйкес жүзеге асырады.

      36. Акцизделетін тауарларды қоспағанда, тауарларды ізгілік көмек ретінде әкелу тәртібі Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      37. Төтенше жағдай енгізілген жерде халықаралық ізгілік көмекті бөлу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      38. Тиісті орталық мемлекеттік орган ізгілік көмекті уәкілетті ұйым бөлгеннен кейін жеті жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне ізгілік көмектің бөлінгені туралы ақпарат ұсынады.

      __________________