Қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттерін кепілдендіру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 ақпандағы № 248 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 тамыздағы № 690 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 16.08.2023 № 690 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 4-бабының 22-1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттерін кепілдендіру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкiметінің
2012 жылғы 21 ақпандағы
№ 248 қаулысымен
бекітілген

Қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттерін
кепілдендіру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттерін кепілдендіру қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес әзiрлендi және қаржы ұйымдары беретін білім беру кредиттерін (бұдан әрi – кредит) кепiлдендіру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) кредит қабілеттілігін бағалау – қарыз алушының кредитті қайтармау тәуекелін бағалау рәсімі;

      2) кепiлдiк мiндеттеме – ұйымның кредитор алдында келісімде көзделген тәртіп пен шарттарда айқындалған кепiлдiк мөлшерi шегiнде кредит шарты бойынша қарыз алушының мiндеттемелердi орындағаны үшін жауап беру мiндеттемесi;

      3) келісім – кредиттерге кепiлдiк беру жөніндегі өзара қарым-қатынастардың тәртібін белгiлейтiн кредитор мен ұйым арасында жасалған шарт;

      4) дефолт – қарыз алушының кредит шарты бойынша мiндеттемелердi орындамауы, соның нәтижесiнде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес кепiлдiк мiндеттемелердi орындау рәсiмiнің басталуы;

      5) қарыз алушы – кредитор тарапынан кредит берілген жеке тұлға;

      6) білім беру кредиті – қаржы ұйымдары мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында оқу ақысын төлеу үшін қарыз алушыға беретін ақша;

      7) қаржы ұйымы – қарыз операцияларын жүргiзуге лицензиясы бар заңды тұлға (бұдан әрі – кредитор);

      8) кепілдік мөлшерін белгілеу әдістемесі – білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілейтін кепілдік беру талаптары, кепілдік мөлшерін анықтау өлшемдері мен тәртібі (бұдан әрі – әдістеме).

2. Білім беру кредиттерін кепілдендіру тәртібі

      3. Білім беру кредиттерін кепілдендіру Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес қызметінің негізгі мәні білім беру кредиттері бойынша кепілдіктер беру болып табылатын ұйымдар (бұдан әрі - Ұйым) тарапынан жүргізіледі.

      4. Қарыз алушы кредитор белгiлеген талаптар бойынша ұйым кепiлдiк берген кредитті алу үшін кредиторға өтінім береді.

      5. Ұйым өз қызметiне қарай қарыз алушымен тiкелей өзара қарым-қатынас жасамайды.

      6. Ұйым мен кредиторлардың өзара қарым-қатынасы келісіммен реттеледi.

      7. Ұйым қарыз алушылар мен кредиттер үшiн бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға жататын өлшемдердi белгілейді.

      8. Ұйыммен келісім жасасу үшiн кредитор ұйым бекiткен нысан бойынша қол қойылған және мөрмен куәландырған өтiнiш бередi. Өтінішке кредитор ұйым бекiткен және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған тiзбеге сәйкес құжаттарды қоса береді.

      9. Ұйым осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес талап етiлетiн құжаттар ұсынылмаған немесе олар тиiсінше ресiмделмей ұсынылған жағдайда кредитордың өтiнiшiн қараудан бас тартады.

      10. Ұйым келісім жасасу не өтiнiштi қараудан бас тарту туралы шешiмдi өтініш тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні iшiнде қабылдайды.

      11. Келісім:

      1) кредитордың кредит қабілеттілігін бағалауды уақтылы және сапалы өткізуi;

      2) кредитордың кредит шарты бойынша қарыз алушының мiндеттемелерін орындамауына байланысты кредит шартының тоқтатылғаны туралы ұйымды уақтылы хабардар етуі;

      3) кредитордың кредит шарттары жөніндегі мiндеттемелердi ағымдағы орындағаны туралы ақпаратты ұйымға беруі;

      4) кредитордың кепілдiк берілген кредиттер бойынша талап ету құқығын беру кезiнде ұйымға жазбаша хабарлама беруі туралы ережелердi қамтиды.

      12. Келісім тараптар қол қойған күнiнен бастап қолданысқа енгiзіледi.

      13. Ұйым бұқаралық ақпарат құралдарында өзімен келісім жасасқан кредиторлардың тiзбесiн жариялайды.

      14. Келісім жасасқан кредитор қарыз алушы оған ұйым кепiлдiк берген кредитті беруге өтiнiш бiлдiргеннен кейiн ұйым бекiткен нысан бойынша кредитке кепiлдiк беруге арналған өтінiмді он жұмыс күні ішінде ұйымға жiбередi.

      15. Ұйым кредитордың өтiнiшiн алған күнінен бастап үш жұмыс күнi iшiнде ұсынылған құжаттардың ұйымның талаптарына сәйкестiгiн қарайды және кредиторға қол қойылған және мөрмен куәландырылған кепiлдiк беру мiндеттемесiнің бір данасын немесе кепiлдiк беруден дәлелдi бас тартуды жiбередi.

      Кепілдік міндеттемелері ұйымның басқару органы бекіткен кепілдік беру көлемі шегінде ұсынылады.

      16. Ұйым:

      1) дұрыс толтырылмаған өтінім нысанын ұсынған;

      2) қарыз алушы және (немесе) кредит ұйым айқындаған өлшемдерге сәйкес келмеген жағдайларда;

      3) келісімде көзделген өзге де жағдайларда кредиторға кепілдік беруден бас тартады.

      17. Кредитор ұйым қол қойған және мөрмен куәландырған кепiлдiк мiндеттемесін алғаннан кейiн кредитор мен қарыз алушы кредит шартын жасасады.

      18. Дефолт туындаған кезде кредитор келісімде белгiленген тәртiппен қарыз алушының негiзгi мiндеттемесін орындамағаны туралы ұйымды хабардар етедi.

      19. Кредитор келісімде белгіленген тәртiппен төлем құжаттарын және кредит бойынша құжаттарды қоса бере отырып, кепілдiк сомасын төлеудi талап етумен құжатты береді.

      20. Кредит беру кезiнде кредитор талаптарға сәйкес келетiн кредит қабілеттілігін бағалаған жағдайда, ұйым белгiленген мөлшер шегiнде кепiлдiк сомасын төлейдi.

      21. Барлық төлемдер Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында жүзеге асырылады.

      22. Кредит бойынша кепiлдiк мөлшерi әдістеме арқылы белгiленедi. Кепілдіктің ең төменгі мөлшері негiзгi қарыз сомасының 50 пайызын құрайды.

      23. Кредит бойынша кепiлдiк беру мiндеттемесi келісімде көзделген тәртiппен:

      1) қарыз алушы мiндеттемелердi орындап, кредит шарты тоқтатылған;

      2) кредитор кепiлдiк берiлген кредит жөніндегі келісім шарттарын орындамаған;

      3) ұйыммен келісім жасаспаған кредиторға кредит бойынша талап ету құқығы берілген;

      4) осы Қағидалардың не келісімнің талаптарына сәйкес келмейтiн кредит қабілеттілігін бағалауды өткізу фактілерi анықталған жағдайларда;

      5) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және келісімде көзделген өзге де жағдайларда ұйымның кепiлдiк сомасын төлеуінсіз тоқтатылады.

      24. Келісімге кезкелген өзгерістер мен толықтырулар қосымша келісімге қол қою жолымен жүргiзіледi.

      25. Әдістеме қайта қаралған жағдайда жаңа шарттар жаңадан кепілдік берілетін кредиттерге қолданылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 21 ақпандағы
№ 248 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір
шешімдерінің тізбесі

      1. "Екiншi деңгейдегі банктердiң берген білім беру кредиттеріне "Қаржы орталығы" акционерлiк қоғамының кепiлдiк беру ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі № 745 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2005 ж., № 30, 386-құжат);

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі № 745 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 30 маусымдағы № 619 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 23, 245-құжат);

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі № 745 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 сәуірдегі № 389 қаулысының 2-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 22, 206-құжат);

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі № 745 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 сәуірдегі № 395 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 33, 394-құжат).