Аудиторлық қызмет туралы

Қазақстан Республикасы Заңы 1998 жылғы 20 қараша N 304-I

Жаңартылған

       Ескерту. Заң жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.05.05. N  139 , бүкіл мәтін бойынша "оны кері қайтарып алу", "лицензиясы кері қайтарып алынған", "лицензиясын кері қайтарып алу", "кері қайтарып алуды", "оларды алқалы басқару органдарының шешімімен кері шақырып алу", "Лицензия кері қайтарып алынған", "лицензияны кері қайтарып алу" деген сөздер тиісінше "одан айыру", "лицензиясынан айырылған", "лицензиясынан айыру", "лицензиясынан айыруды", "алқалы басқару органдарының шешімімен олардан айыру", "Лицензиядан айырылған", "лицензиядан айыру" деген сөздермен ауыстырылды - 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.  

      Осы Заң Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметтi жүзеге асыру процесiнде мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар, аудиторлар, аудиторлық ұйымдар және кәсiби аудиторлық ұйымдар арасында туындайтын қатынастарды реттейдi.

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) аккредиттелген кәсiби аудиторлық ұйым (бұдан әрi - кәсiби ұйым) - аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың өзiн-өзi реттейтiн бiрлестiгi болып табылатын коммерциялық емес ұйым;
      2) аккредиттеу - уәкiлеттi органның осы Заңда көзделген кәсiби аудиторлық ұйымдардың құқықтылығын ресми тануы;
      3) аудит - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржылық есептiлiк жасау және өзге де ақпарат туралы тәуелсiз пiкiр бiлдiру мақсатымен тексеру;
      4) аудитор - Бiлiктiлiк комиссиясы аттестаттаған, "аудитор" бiлiктiлiгiн беру туралы бiлiктiлiк куәлiгiн алған жеке тұлға;
      5) аудиторлық есеп - жүргiзiлген аудиттiң нәтижесi болып табылатын жазбаша ресми құжат;
      6) аудиторлық қызмет - қаржылық есептiлiгi мен басқа да ақпараттың аудитiн жүргiзу және қызмет бейiнi бойынша өзге де қызметтер ұсыну жөнiндегi кәсiпкерлiк қызмет;
      7) аудиторлық ұйым - аудиторлық қызметтi жүзеге асыру үшiн құрылған коммерциялық ұйым;
      8) аудиттелетiн субъект - қаржылық есептiлiгi және өзге де ақпараты бойынша аудит жүзеге асырылатын заңды тұлға;
      9) аттестаттау - Аудиторларға кандидаттарды аттестаттау жөнiндегi бiлiктiлiк комиссиясының (бұдан әрi - Бiлiктiлiк комиссиясы) кандидаттардың бiлiктiлiк деңгейiн анықтауы;
      10) Әдеп кодексi - аудиторлардың кәсiби қызметiнiң әдеп ережелерi жиынтығы;
      11) көрiнеу дұрыс емес аудиторлық есеп - аудит жүргiзiлмей жасалған немесе пайдаланушыларды қасақана шатастыратын пiкiр жазылған аудиторлық есеп;
      12) серiктес - аудиторлық ұйымның аудиторлық жобаға басшылық жасайтын және оның нәтижелерiне дербес жауапты болатын өкiлi;
      13) ұйымдардың стандарттары - аудиторлық ұйымның аудит жүргiзу тәртiбiне бiрыңғай талаптар белгiлейтiн iшкi құжаттары;
      14) уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган)  - аудиторлық қызмет саласында реттеу мен аудиторлық және кәсiби ұйымдардың қызметiне бақылауды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

       2-бап. Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет
               туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасындағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

       3-бап. Аудиторлық қызмет

      1. Аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар аудиторлық ұйымдар аудиторлық қызметпен айналысу құқығына ие болады.
      2. Аудиторлық ұйымдар аудиттен басқа, өз қызметiнiң бейiнi бойынша мынадай қызметтердi де көрсете алады:
      1) аудит стандарттарына сәйкес өз қызметiнiң бейiнi бойынша iлеспе қызметтер;
      2) бухгалтерлiк есептi қалпына келтiру және жүргiзу, қаржылық есептiлiктi жасау;
      3) iшкi аудит;
      4) салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер жөнiндегi заңнаманы қолдану және салық есебiн жүргiзу мәселелерi бойынша консультация беру;
      5) ұйымның статистикалық есептiлiгiн жасау;
      6) қаржы-шаруашылық қызметтi талдау және қаржылық жоспарлау, экономикалық, қаржылық және басқарушылық консультация беру;
      7) бухгалтерлiк есептi жүргiзу және қаржылық есептiлiктi жасау мәселелерi бойынша консультация беру;
      8) бухгалтерлiк есептi жүргiзу және қаржылық есептiлiктi жасау, салық салу, аудит және қаржы-шаруашылық қызметтi талдау мен қаржылық жоспарлау бойынша  оқыту ;
      9) бухгалтерлiк есептi жүргiзудi және қаржылық есептiлiктi жасауды автоматтандыру жөнiнде ұсынымдар беру, бухгалтерлiк есептi жүргiзу мен қаржылық есептiлiктi жасауды автоматтандыруға үйрету;
      10) бухгалтерлiк есептi жүргiзу және қаржылық есептiлiктi жасау, аудит, қаржы-шаруашылық қызметтi талдау және қаржылық жоспарлау жөнiнде, аудит стандарттарына сәйкес өз қызметiнiң бейiнi бойынша iлеспе қызметтердi көрсету жөнiнде әдiстемелiк құралдар мен ұсынымдар әзiрлеу;
      11) аудиторлық қызметке байланысты заң қызметтерiн көрсету;
      12) Бухгалтерлердiң халықаралық федерациясы жанындағы Халықаралық аудиторлық практика жөнiндегi комитеттiң Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн ұсынымдарына сәйкес жүзеге асырылатын қаржылық есептілік аудитiне iлеспе өзге де қызмет түрлерi.
      Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы тармақта көзделген өз қызметiнiң бейiнi бойынша жекелеген қызмет түрлерiн көрсету тиiстi лицензия алуды талап етсе, аудиторлық ұйымдар осындай лицензиясыз бұл қызметтердi көрсетуге құқылы емес.
      3. Аудиторлық ұйымдарға өз қызметiнiң бейiнiне жатпайтын кәсiпкерлiк қызметтiң өзге түрлерiмен айналысуға тыйым салынады.

       4-бап. Аудиторлық қызметтiң негiзгi принциптерi және
               аудиттiң стандарттары

      1. Аудиторлық қызметтiң негiзгi принциптерi мыналар:
      тәуелсiздiк;
      объективтiлiк;
      кәсiби құзыреттiлiк;
      құпиялылық;
      адалдық;
      ұйымдардың стандарттарын және Әдеп кодексiн сақтау;
      аудиторлық қызметтiң халықаралық аудиторлық практикаға сәйкес айқындалатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де принциптерi.
      2. Аудит осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн, Қазақстан Республикасында оларды ресми жариялауға Бухгалтерлердiң халықаралық федерациясы жанындағы Халықаралық аудиторлық практика жөнiндегi комитеттiң жазбаша рұқсаты бар ұйымдар мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жариялаған халықаралық аудит стандарттарына (бұдан әрi - аудит стандарттары) сәйкес жүзеге асырылады.

       5-бап. Аудит және оның түрлерi

      1. Аудиттiң түрлерi мыналар:
      1) мiндеттi;
      2) бастамашылық.
      2. Мiндеттi аудит Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген тәртiппен және жағдайда жүргiзiледi.
      Аудит мiндеттi болып табылатын және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылдық қаржылық есептiлiктi мерзiмдi баспа басылымдарында жариялайтын ұйымдар жылдық қаржылық есептiлiкпен бiрге аудиторлық есептi де жариялауға мiндеттi.
      3. Бастамашылық аудит аудиттелетiн субъектiнiң не оған қатысушының бастамасы бойынша бастамашы мен аудиторлық ұйымның арасында аудит жүргiзуге жасалған шартта көзделген аудиттiң нақты мiндеттерi, мерзiмi мен көлемi ескерiле отырып жүргiзiледi.

       6-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасының Yкiметi:
      1) аудиторлық қызмет саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттiк органды айқындайды;
      2) егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе, аудит мiндеттi болып табылатын мемлекет қатысатын ұйымдарды айқындайды.

       7-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Аудиторлық қызмет саласындағы уәкiлеттi орган:
      1) мiндеттi аудит жүргiзуге жiберiлетiн аудиторлық ұйымдарға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiтедi, ал қаржылық ұйымдардың мiндеттi аудитiне қатысты бiлiктiлiк талаптарын - қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша бекiтедi;
      2) кәсiби ұйымдарды аккредиттеу тәртiбiн бекiтедi;
      3) кәсiби ұйымдарды аккредиттейдi және олардың тiзiлiмiн жүргiзедi;
      4) аудиторлық қызметтi лицензиялау  ережесiн  бекiтедi;
      5) аудиторлық қызметтi лицензиялауды және аудиторлық ұйымдардың тiзiлiмiн жүргiзудi жүзеге асырады;
      6) аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға лицензия беру, оның қолданылуын тоқтата тұру, одан айыру және тоқтату туралы мәлiметтердi мерзiмдi баспа басылымдарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жариялайды;
      7) аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттаудан өткiзу тәртiбiн бекiтедi;
      8) Бiлiктiлiк комиссиясы қызметiн қалыптастыру және жүзеге асыру ережесiн бекiтедi;
      9) аудит стандарттарын тарату үшiн жағдай жасалуын қамтамасыз етедi;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен кәсiби ұйымдардың қызметiн тексерудi жүзеге асырады;
      11) кәсiби ұйымдарды тексерудi жүзеге асырудың тәртiбiн айқындайды;
      12) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасы сақталмаған жағдайларда кәсiби ұйымдарға ескерту жасайды;
      13) кәсiби ұйымдардың есептiлiк тiзбесiн, нысанын және оны табыс ету мерзiмдiлiгiн айқындайды;
      14) басқа мемлекеттiк органдармен, кәсiби ұйымдармен және өзге де ұйымдармен аудиторлық қызмет мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасайды.
       Ескерту. 7-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       8-бап. Аудитор

      1. Аудитор аудиторлық қызметтi бiр аудиторлық ұйымның құрамында ғана жүзеге асырады.
      2. Аудитор бiр аудиторлық ұйымға ғана қатысушы бола алады.

       9-бап. Аудиторлық ұйым

      1. Аудиторлық ұйым жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.
      2. Шетелдiк ұйым, егер оның мәртебесi Бухгалтерлердiң халықаралық федерациясының мүшесi болып табылатын кәсiби ұйымға мүшелiгiмен расталса немесе оның мәртебесiн өзi резидентi болып табылатын мемлекеттiң құзыреттi органы растаса, аудиторлық ұйым деп танылады.
      3. Шетелдiк аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасында аудиторлық қызметтi тиiстi аудиторлық ұйымдарды - Қазақстан Республикасының резиденттерiн құрған жағдайда ғана жүзеге асыра алады.
      4. Аудиторлық ұйымның құрамындағы аудиторлардың саны үш адамнан кем болмауға тиiс.
      5. Аудиторлық ұйымның жарғылық капиталында аудиторларға және (немесе) шетелдiк аудиторлық ұйымдарға тиесiлi үлес жүз процент болуға тиiс.
      6. Аудиторлық ұйым басшысының "аудитор" деген бiлiктiлiк куәлiгi болуы мiндеттi.
      Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес, сондай-ақ осы Заңның 16-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша лицензиясынан айырылған аудиторлық ұйымға жетекшiлiк еткен аудитор лицензиясынан айыру туралы шешiм шығарылған күннен бастап үш жыл бойы аудиторлық ұйымның басшысы бола алмайды.
      7. Қазақстан Республикасының аумағында аудиторлық қызметтi жүзеге асыратын аудиторлық ұйым басқа аудиторлық ұйымның - Қазақстан Республикасы резидентiнiң қатысушысы бола алмайды.
      8. Қазақстан Республикасының аумағында филиал құрған жағдайда, филиал басшысының "аудитор" деген бiлiктiлiк куәлiгi болуы мiндеттi.
       Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       10-бап. Кәсiби ұйымдар

      1. Кәсiби ұйымның аккредиттелуi уәкiлеттi орган бекiткен нысандағы аккредиттеу туралы куәлiкпен расталады. Аккредиттеу туралы куәлiктiң Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында күшi бар.
      2. Кәсiби ұйымдар коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және өз мүшелерiнiң жалпы жиналысында қабылданған жарғының негiзiнде жұмыс істейді.
      3. Кәсiби ұйымдардың құрылымы мен жұмыс органдары олардың жарғыларымен айқындалады.
      4. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар ғана кәсiптiк ұйымдардың құрылтайшылары және қатысушылары бола алады. Кәсiби ұйымдардың саны аккредиттеуге өтiнiш берерден үш ай бұрын аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар аудиторлар жалпы санының кемiнде бестен бiрiн және аудиторлық ұйымдар жалпы санының кемiнде бестен бiрiн құрауға тиiс. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар бiр ғана кәсiби ұйымның мүшесi бола алады.
      Аудиторлардың - кәсiби ұйымдар мүшелерiнiң ұйымның басқару органына сайлауға және сайлануға құқығы бар.
      5. Аудитор немесе аудиторлық ұйым кәсiби ұйымның құрамынан шығарылған жағдайда, мұндай аудитордың немесе аудиторлық ұйымның кәсiби ұйымның шешiмiмен белгiленген мерзiмде, бiрақ шығарылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзiм iшiнде кәсiби ұйымға кiруге құқығы жоқ.

       11-бап. Кәсiби ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Кәсiби ұйымдар:
      1) аудиттiң дамуына, оның тиiмдiлiгiн арттыруға, аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың қызметiн ұйымдастыруға және үйлестiруге ықпал етуге;
      2) аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың  аудит  стандарттары талаптарын,  Әдеп кодексiн  сақтауын қамтамасыз етуге;
      3) аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың жұмыс тәжiрибесiн талдауға, қорытуға және таратуға;
      4) мемлекеттiк, қоғамдық, шетелдiк және халықаралық ұйымдарда аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың мүддесiн бiлдiруге;
      5) өздерiнiң қатысушылары болып табылатын аудиторлардың, аудиторлық ұйымдардың аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға байланысты дауларын қарауға;
      6) аудиторлық ұйымдардың рейтингiн өткiзуге және оларды мерзiмдi баспа басылымдарында жариялауға;
      7) бухгалтерлiк есеп және аудит бойынша халықаралық ұйымдардың жұмысына қатысуға;
      8) аудиторлық қызмет саласында оқулық әдебиеттердi, әдiстемелiк ұсынымдар мен мерзiмдi баспа басылымдарын әзiрлеуге, шығаруға және таратуға;
      9)  аудит   стандарттары  және аудиторлық қызметтiң өзге де мәселелерi бойынша ұсынымдар беруге;
      10) сапаға жүргiзiлген сыртқы бақылау қорытындысы бойынша аудит стандарттары мен Әдеп кодексiн бұзуға жол берген тұлғаларды кәсiби ұйымнан шығаруға құқылы.
      2. Кәсiби ұйымдар:
      1) аудиторлық қызмет туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексiн сақтауға;
      2) аккредиттеудi алған сәттен бастап үш ай iшiнде Бiлiктiлiк комиссиясының құрамына өз өкiлдерiн жiберуге;
      3) өз мүшелерiн Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерiмен қамтамасыз етуге;
      4) Әдеп кодексiн әзiрлеуге және оны қабылдауға;
      5) аудиторлық ұйымдардың сапасына сыртқы бақылауды жүзеге асыруға;
      6) аудиторлардың бiлiктiлiгiн арттырудың оқу бағдарламаларын әзiрлеуге және оны бекiтуге;
      7) уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен аудиторлардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiнде курстар өткiзуге, курстан өткенi туралы сертификаттар беруге;
      8) мүшелер қабылдаған (шығып кеткен, шығарылған), сондай-ақ басқару жұмыс органының дербес құрамы өзгерген жағдайда, осы өзгерiстер туралы уәкiлеттi органға хабарлауға;
      9) Бiлiктiлiк комиссиясына "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою туралы ұсыныс енгiзуге;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органға өз қызметi туралы ақпарат беруге мiндеттi.

       12-бап. Аккредиттеу туралы куәлiктен айыру

      1. Кәсiби ұйым, егер:
      1) өз мүшелерiнiң сапасын сыртқы бақылауға мiндеттi тексеру жүргiзбесе;
      2) өз өкiлдерiн белгiленген мерзiм iшiнде Бiлiктiлiк комиссиясының құрамына жiбермесе;
      3) кәсiби ұйым тарапынан өтiнiш жасалмай бiр жыл iшiнде кәсiби ұйымға мүше он аудиторлық ұйым аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензиясынан айырылса;
      4) соңғы үш жыл iшiнде Аккредиттеу ережесiн жүйелi түрде (қатарынан екi реттен артық) бұзса;
      5) уәкiлеттi органға өзi және өз қызметi туралы көрiнеу жалған ақпарат берсе;
      6) уәкiлеттi органның ескерту жасаған себебi үш ай iшiнде жойылмаса, аккредиттеу туралы куәлiгiнен айырылады.
      2. Кәсiби ұйымдар уәкiлеттi органның шешiмiне  сот  тәртiбiмен шағым жасауға құқылы.
       Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       13-бап. "Аудитор" бiлiктiлiгiн беруге кандидаттарды
                аттестаттау

      1. Жоғары бiлiмi бар және соңғы бес жыл еңбек стажының кемiнде үш жылында экономика, қаржы, бақылау-тексеру немесе құқық салаларында немесе жоғары оқу орындарында бухгалтерлiк есеп және аудит бойынша ғылыми-оқытушылық қызмет саласында iстеген адамдар аттестаттауға жiберiледi.
      2. Аттестаттаудан өткен адамдар "аудитор" бiлiктiлiгi берiлгенi туралы бiлiктiлiк куәлiгiн және бiлiктiлiк куәлiгiнiң нөмiрi, тегi, өз аты, сондай-ақ өзiнiң қалауымен - әкесiнiң аты көрсетiлген аудитордың жеке мөрiн (бұдан әрi - жеке мөр) алады.
      "Аудитор" бiлiктiлiгiн беру туралы шешiм Бiлiктiлiк комиссиясы айқындайтын мерзiмдiк баспасөз басылымдарында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жарияланады.
      3. Аттестаттаудан өтпеген адамдар одан қайтадан өтуге Бiлiктiлiк комиссиясы белгiлеген тәртiппен жiберiледi.

       14-бап. Бiлiктiлiк комиссиясы

      1. Бiлiктiлiк комиссиясын оның құрылтайшылары болып табылатын кәсiби ұйымдар құрады және ол ереже негiзiнде жұмыс iстейдi.
      2. Бiлiктiлiк комиссиясы ұйымдық-құқықтық мекеме нысанында құрылған коммерциялық емес ұйым болып табылады.
      3. Бiлiктiлiк комиссиясының құрамы кәсiби ұйымдардың өкiлдерiн тең жiберу арқылы алқалы басқару органдарының шешімімен олардан айыру құқығымен құрылады. Бiлiктiлiк комиссиясының құрамына уәкiлеттi органның және уәкiлеттi органмен келiсiм бойынша басқа да мүдделi мемлекеттiк органдардың өкiлдерi байқаушылар ретiнде кiре алады.
      4. Бiлiктiлiк комиссиясының төрағасы болып кәсiби ұйымдардың алқалы басқару органдарының ұсынуы бойынша комиссия мүшелерiнiң арасынан аудиторлық қызметпен айналысатын аудитор төрт жыл мерзiмге кезекпен сайланады.
      5. Бiлiктiлiк комиссиясының қызметiн қаржыландыруды және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi кәсiби ұйымдар тең көлемде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен жүзеге асырады.
      6. Бiлiктiлiк комиссиясы аудиторлар тiзiлiмiн жүргiзедi.
      7. Бiлiктiлiк комиссиясы шешiм қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде уәкiлеттi органға "аудитор" бiлiктiлiгi берiлген не "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшi жойылған адамдар туралы ақпаратты табыс етуге мiндеттi.

       15-бап. "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою

      1. "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн Бiлiктiлiк комиссиясы:
      1) дербес:
      "аудитор" бiлiктiлiгiн беруге кандидаттарды аттестаттауға жiберу үшiн берiлген мәлiметтердiң дұрыс еместiгi анықталған;
      сот тәртiбiмен аудитор әрекетке қабiлетсiз немесе оның әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;
      үш ай iшiнде кәсiби ұйымға кiрмеген;
      сот клиентке көрiнеу дұрыс емес аудиторлық есеп бердi деп таныған;
      аудиторлық қызметпен айналысуға сот тыйым салған жағдайда жояды;
      2) кәсiби ұйымның ұсынысы бойынша:
      Бiлiктiлiк комиссиясы өзiне қатысты тексеру жүргiзу туралы шешiм қабылдаған аудитор тексерудiң сапалы жүзеге асырылуы үшiн барлық қажеттi құжаттарды бермеген;
      аудит стандарттары мен Әдеп кодексiнiң талаптары сақталмаған жағдайда;
      3) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын бұзған жағдайда уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша жояды.
      2. "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою туралы шешiм кәсiби ұйымдарға хабарланады және Бiлiктiлiк комиссиясы айқындайтын мерзiмдi баспа басылымында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде жарияланады.
      3. "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшi жойылған адамдар қайта аттестаттауға кем дегенде үш жыл өткеннен кейiн жiберiледi.
      4. Бiлiктiлiк комиссиясының "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшiн жою туралы шешiмiне аудитор сот тәртiбiмен шағым жасауға құқылы.

       16-бап. Аудиторлық қызметтi лицензиялау

      1. Аудиторлық қызмет Қазақстан Республикасының  заңнамасында   белгiленген  тәртiппен лицензиялануға жатады.
      2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру үшiн:
      1) сапаға сыртқы бақылау жүргiзу үшiн кедергi жасау, жалтару, тиiстi жағдайлар жасамау немесе белгiленген мерзiмдерде сапаның сыртқы бақылауынан өтпеу;
      2) осы Заңның және аудиторлық қызмет саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын сақтамау;
      3) аудиторлық ұйым басшысының "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiнiң күшін жоюы;
      4) кәсiби ұйымнан шығару;
      5) лицензиаттың жазбаша өтiнiшi;
      6) қатарынан күнтiзбелiк он екi ай iшiнде қызметiн жүзеге асырмау негiздеме болып табылады.
      Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себебiн көрсете отырып, оны алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
      3. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда, сондай-ақ:
      1) аудиттелетiн субъектiге көрiнеу дұрыс емес аудиторлық есеп берген;
      2) осы Заңның және аудиторлық қызмет саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптары сақталмаған жағдайларда лицензияны кері қайтарып алу жүзеге асырылады.
      4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларда ғана лицензия өзiнiң қолданылуын тоқтатады.
      5. Лицензиядан айырылған немесе қолданылуын тоқтатқан жағдайда лицензиядан айыру немесе оның қолданылуын тоқтату туралы шешiм қабылданған күннен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде аудиторлық ұйымдар уәкiлеттi органға лицензияны қайтаруға мiндеттi.
      6. Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне, сондай-ақ осы баптың 3-тармағына сәйкес лицензиясынан айырылған аудиторлық ұйымның лицензия беруге арналған өтiнiшi кем дегенде бiр жыл өткеннен кейiн қаралады.
      7. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру және одан айыру туралы шешiмге сот тәртiбiмен шағым жасауға болады.
       Ескерту. 16-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.01.12. N  222  (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

       17-бап. Аудит жүргiзу шарты

      1. Аудиторлық ұйымдар мен аудиттелетiн субъектiлер арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шарт негiзiнде қалыптасады.
      2. Аудит жүргiзу және (немесе) аудиторлық қызмет бейiнi бойынша қызмет көрсету шартында: шарттың нысанасы, мерзiмi, ақы төлеу мөлшерi мен талаптары, тараптардың құқықтары, мiндеттерi мен жауапкершiлiгi көзделедi.
      3. Мiндеттi аудит және аудиттелетiн субъектiнiң iлеспе қызметiн жүргiзу шарты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

       18-бап. Аудиторлық есеп

      1. Аудиторлық есеп жүргiзiлген аудиттiң нәтижелерi бойынша жасалады және ол осы Заңның талаптары мен аудит  стандарттарына  сәйкес келуге тиiс.
      Аудиторлық есепте Қазақстан Республикасы  заңнамасының  талаптарына сәйкес, аудиттелетiн субъектiнiң қаржылық есептiлiгiнiң жасалуы мен  өзге де   ақпараты  туралы атқарушы-аудитордың және (немесе) серiктестiң және аудиторлық ұйымның тәуелсiз пiкiрi қамтылады.
      2. Аудиторлық есепке бiлiктiлiк куәлiгiнiң нөмiрi мен берiлген күнiн көрсете отырып, атқарушы-аудитор қол қояды, оны өзiнiң жеке мөрiмен куәландырады және (немесе) серiктесi куәландырады, аудиторлық ұйымның басшысы оған қолын қойып бекiтедi және аудиторлық ұйымның мөрiмен расталады.
      Аудиторлық есепте аудиторлық ұйым лицензиясының нөмiрi мен берiлген күнi де көрсетiледi.
      Аудитор өзiнiң жеке мөрiн тиiсiнше пайдаланбағаны және сақтамағаны үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес  жауаптылықта  болады.
      "Аудитор" бiлiктiлiк куәлiгi бар немесе бухгалтерлер мен аудиторлардың шетелдiк кәсiби ұйымының мүшелiгiнде тұратын аудиторлық ұйымның өкiлi серiктес болып табылады.
      3. Аудиторлық есеп Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе нақты деректерге сай келмеген жағдайда мұндай есеп сот шешiмiмен жарамсыз деп танылады.

       19-бап. Сапаны бақылау және оның түрлерi

      1. Сапаны бақылау аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың аудит стандарттарының талаптарын сақтауына бағытталған.
      2. Сапаны iшкi және сыртқы бақылау сапаны бақылау түрлерi болып табылады.
      Сапаны iшкi бақылауды аудиторлық ұйым аудит  стандарттарына  сәйкес дербес жүзеге асырады.
      Сапаны сыртқы бақылауды кәсiби ұйым өз мүшелерiне қатысты үш жылда бiр рет жүзеге асырады.
      3. Сапаны сыртқы бақылауды жүргiзудiң ережесiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тиiстi кәсiби ұйымдар әзiрлейдi.
      Сапаны сыртқы бақылауды аудиттi жүзеге асырушы аудиторлар ғана жүргiзе алады.
      4. Аудиторлық ұйым кәсiби ұйымның қорытындысына сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.

       20-бап. Аудиторлардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Аудиторлар:
      1) аудиттелетiн субъектiнiң аудит жүргiзуге арналған шарттың талаптарын орындау үшiн қажеттi бухгалтерлiк және өзге де қаржы-шаруашылық құжаттамасын алуға және тексеруге;
      2) аудиттелетiн субъектiнiң лауазымды адамдарынан аудит барысында туындаған мәселелер бойынша ауызша және жазбаша нысандарда түсiндірме алуға;
      3) кәсiби ұйымдардың шешiмiне сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.
      2. Аудиторлар:
      1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексiн сақтауға;
      2) үш жылда кемiнде бiр рет кәсiби ұйымдарда бiлiктiлiгiн арттыру курсынан өтуге;
      3) бухгалтерлiк есеп жүргiзу мен қаржылық есептiлiк жасауда анықталған елеулi кемшiлiктер туралы ақпаратты аудиттелетiн субъектiге беруге;
      4) "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгiн алғаннан кейiн үш ай iшiнде кәсiби ұйымға кiруге және өзiнiң кiргенi туралы Бiлiктiлiк комиссиясына хабарлауға мiндеттi.

       21-бап. Аудиторлық ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Аудиторлық ұйымдар:
      1) аудит жүргiзу әдiстерiн дербес анықтауға;
      2) аудит жүргiзуге арналған шарттың талаптарын орындау үшiн қажеттi бухгалтерлiк және өзге де қаржы-шаруашылық құжаттамаларын сұратып алуға және тексеруге;
      3) осы Заңның 24-бабында көрсетiлген тұлғаларды қоспағанда, әр түрлi бейiндегi мамандарды аудит жүргiзуге қатысуға шарттық негiзде тартуға;
      4) аудиттелетiн субъект аудит жүргiзуге арналған шарттың талаптарын бұзған жағдайда аудит жүргiзуден не аудиторлық есептi беруден бас тартуға;
      5) аудиттелетiн субъектiнiң қаржы-шаруашылық қызметтерiне байланысты құжаттамаларды толық көлемде, сондай-ақ осы құжаттамада есепке алынған мүлiктiң нақты бар-жоғын тексеруге құқылы.
      2. Аудиторлық ұйымдар:
      1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексiн сақтауға;
      2) сапаны сыртқы бақылауды жүргiзу үшiн жағдайлар жасауға, сондай-ақ аудиторлық ұйымның аудиторына, аудиторлық ұйымның қызметкерлерiне қатысты тағайындалған тексеру кезiнде жәрдемдесуге;
      3) мемлекеттiк тiркелуден кейiн үш ай iшiнде кәсiби ұйымға кiруге;
      4) кәсiби ұйымнан ерiктi түрде шыққаннан кейiн бiр ай iшiнде басқа кәсiби ұйымға кiруге;
      5) осы Заңның 24-бабында көрсетiлген мән-жайлардың салдарынан аудит жүргiзудiң мүмкiн еместiгi туралы хабарлауға;
      6) бухгалтерлiк есеп жүргiзу мен қаржылық есептiлiк жасауда анықталған елеулi кемшiлiктер туралы ақпаратты аудиттелетiн субъектiге беруге;
      7) өздерi мүшесi болып табылатын кәсiби ұйымды аккредиттеуден айырған кезде үш ай iшiнде басқа кәсiби ұйымға кiруге;
      8) аудит жүргiзу мiндеттi болып табылатын қаржылық ұйымдарға аудит жүргiзу нәтижесiнде айқындалған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы аудиттелетiн субъектiлердi хабардар ете отырып, қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға хабарлауға;
      9) Лицензиялау ережесiне сәйкес уәкiлеттi органға есептiлiктi, сондай-ақ уәкiлеттi орган бекiткен нысан бойынша өзiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру жөнiндегi ақпаратты беруге мiндеттi.
      3. Мемлекеттiк органдардың, аудиттелетiн субъектiлердiң және кез келген үшiншi тұлғалардың аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың қызметiне заңсыз араласуына жол берiлмейдi.

       22-бап. Аудиторлық қызметтi сақтандыру

      1. Аудиторлық ұйымдар аудиттi жүзеге асыру кезiнде мүлiктiк зиян келтiрудiң салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
      2. Аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн  сақтандыру  Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

       23-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың
                жауапкершiлiгi

      Аудиторлық қызмет туралы заңнаманы, сондай-ақ шарт талаптарын бұзғаны үшiн аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасының  заңдарына  сәйкес  жауапты  болады.

       24-бап. Аудит жүргiзу құқығын шектеу

      Аудиторлық ұйымдардың:
      осы аудиторлық ұйым немесе осы аудиттi жүзеге асырушы оның қызметкерлерi өздерiнiң қатысушысы, кредиторы болып табылатын тапсырыс берушiлерге;
      өздерiмен азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыру шартын жасасқан ұйымдарға;
      осы Заңның 3-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген өзiнiң қызмет бейiнi бойынша соңғы үш жылда қызметтер көрсеткен ұйымдарға;
      орындаушылары аудиттелетiн субъектiмен еңбек қатынастарында тұрған немесе оның лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ аудиттелетiн субъектi акцияларының он және одан да астам процентiн (жарғылық капиталға қатысу үлесiн) иеленген акционердiң (қатысушының) жақын туыстары немесе жекжаттары болып табылатын аудиторлық ұйымдардың;
      аудиттелетiн субъектiде жеке мүлiктiк мүдделерi бар орындаушылардың;
      егер, аудит жүргiзу жөнiндегi мiндеттемелердi қоспағанда, оның аудиттелетiн субъектiнiң алдында немесе аудиттелетiн субъектiнiң оның алдында ақшалай мiндеттемелерi бар болса, аудит жүргiзуiне тыйым салынады.

       25-бап. Аудиттелетiн субъектiнiң құқықтары

      Аудиттелетiн субъект:
      аудиторлық ұйымнан аудит жүргiзуге қатысты заңнаманың талаптары туралы қажеттi ақпарат алуға;
      аудиторлық ұйымның ескертпелерi мен қорытындыларына негiз болған нормативтiк құқықтық актiлермен танысуға;
      аудиторлық ұйымнан қаржылық есептiлiктiң, басқа да ақпарат пен өзге де құжаттардың заңнамаға сәйкес келмейтіні анықталғаны туралы ақпарат алуға;
      аудиторлық ұйым шарт талаптарын бұзған жағдайда оның көрсететiн қызметiнен бас тартуға құқылы.

       26-бап. Аудиттелетiн субъектiнiң мiндеттерi

      1. Аудиттелетiн субъект:
      аудиторлық ұйымға уақтылы және сапалы аудит жүргiзуi үшiн жағдай жасауға, қажеттi құжаттамаларды табыс етуге, ауызша немесе жазбаша нысанда түсiндiрме және түсiнiк беруге;
      егер шартта өзгеше көзделмесе, аудитке тиiстi мәселелер ауқымын шектеу мақсатында аудиторлық ұйымның қызметiне араласпауға;
      аудиторлық ұйымның талап етуi бойынша қажеттi ақпарат алу үшiн үшiншi тұлғалардың атына өз атынан жазбаша сауал жолдауға мiндеттi.
      2. Аудиторлық ұйымның шарт бойынша мiндеттемелерден туындайтын талаптарын орындау аудиттелетiн субъект үшiн мiндеттi.

       27-бап. Аудиттелетiн субъектiнiң жауапкершiлiгi

      1. Аудиттелетiн субъект аудиторлық ұйымға аудит жүргiзу үшiн берген қаржылық есептiлiк пен өзге де ақпараттың толымдылығы мен дұрыстығы үшiн  жауапты  болады.
      2. Мiндеттi аудит жүргiзуден жалтарған не оны жүргiзуге кедергi жасаған, не оны жүргiзудi Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қамтамасыз етпеген заңды тұлғаның басшысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес  жауапты  болады.
      3. Аудит жүргiзу аудиттелетiн субъектiнi табыс етiлген қаржылық есептiлiктiң және өзге де құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмегенi үшiн жауаптылықтан босатпайды.

       28-бап. Дауларды қарау

      Аудиторлар, аудиторлық ұйымдар арасында, сондай-ақ олар мен аудиттелетiн субъектiлер арасында туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен шешiледi.

       29-бап. Өтпелi ережелер

      1. Дара кәсiпкерлер болып табылатын аудиторлар Осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай iшiнде аудиторлық қызметтi жүзеге асыра алады.
      2. Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi орган берген лицензияларды қоспағанда, аудиторлық ұйымдардың уәкiлеттi орган берген лицензиялары және осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн берiлген "аудитор" бiлiктiлiк куәлiгi жарамды болады.

       30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      Осы Заң, осы Заң қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiлетiн 9-баптың 4, 5-тармақтарын, 10, 12 және 14-баптарын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті