Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 14 қаңтардағы № 67-V Заңы.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 20-баптан қараңыз.

     

      БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.
      МАЗМҰНЫ

      Осы Заң Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi жұмыс iстейтін саладағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ оны мемлекеттік ынталандыру шарттарын, нысандарын және мазмұнын реттейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) білім беру жинақтау сақтандыруы – сақтандыру жағдайының туындауы нәтижесінде, оның ішінде білім беру жинақтау сақтандыруы шартында белгіленген кезең өткеннен кейін, қайсысы бірінші басталатынына қарай, сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін, білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаражат жинақтау мақсатында жүзеге асырылатын өмірді жинақтау сақтандыруы;

      2) білім беру жинақтау сақтандыруы шарттарының бірыңғай тізілімі – оператор мемлекет сыйлықақысын есепке жазатын білім беру жинақтау сақтандыруы шарттарын тіркеудің бірыңғай базасы;

      3) білім беру жинақтау сақтандыруы шарты (бұдан әрі – сақтандыру шарты) – өмірді жинақтау сақтандыруы шарты, оған сәйкес бір тарап (сақтанушы) сақтандыру сыйлықақысын төлеуге міндеттенеді, ал екінші тарап (қатысушы-сақтандыру ұйымы) сақтандыру жағдайының туындауы нәтижесінде сақтандыру төлемін, оның ішінде есепке жазылған инвестициялық кірісті негізге ала отырып есептелген сақтандыру төлемін жүзеге асыруға міндеттенеді;

      4) білім беру жинақтау салымы – салымшының немесе енгізушілердің жарналарын, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдері есебінен жарналарын, қатысушы банктің капиталдандырылған сыйақылары мен мемлекет сыйлықақысын қамтитын, салымшының қатысушы банк шотындағы ақшасы;

      5) білім беру жинақтау салымы туралы шарт (бұдан әрі – салым шарты) – салымшы қатысушы банкпен жасасқан, білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаражат жинақтауға арналған банктік салым шарты;

      6) білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімі – оператор мемлекет сыйлықақысын есепке жазатын салым шарттарын тіркеудің бірыңғай базасы;

      7) білім беру қызметтері – білім беру ұйымының білім алушыға жеке адамның білім алу қажеттіліктерін іске асыруға және білім беру бағдарламаларын меңгеруге бағытталған қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметі;

      8) білім беру саласындағы уәкілетті органдар – Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары;

      9) білім беру ұйымы – Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және әрекет ететін, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура) білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлға;

      10) енгізуші – салымшының пайдасына білім беру жинақтау салымына жарна салуды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резиденті немесе бейрезиденті;

      11) кредитор – банктік қарыз операцияларын жүргізуге лицензиясы бар және мемлекет уәкілеттік берген ұйымның кепілдігімен білім беру кредиттерін ұсыну туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі;

      12) кредиттік желі – қарыз алушыға кредитордың білім беру кредиті шартында айқындалған уақыт ішінде келісілген лимит шегінде оған ақша беру жөніндегі заңды түрде ресімделген міндеттемесін ұсыну;

      13) қарыз алушы – білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін жетпейтін сомаға кредитормен білім беру кредиті шартын жасасқан салымшы;

      14) қатысушы банк – осы Заңда белгіленген талаптарға сай келетін және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператормен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі, Ұлттық пошта операторы;

      15) қатысушы-сақтандыру ұйымы – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператормен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жасасқан заңды тұлға;

      16) мемлекет сыйлықақысы – білім беру жинақтау салымының нақты жинақталған қалдығына және сақтандыру шарты бойынша есептеу сомасына бюджет қаражаты есебінен жыл сайын белгіленген мерзімде төленетін ақша;

      17) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі – Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетін және қатысушы банктердің халықтың салымдарын, қатысушы-сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақыларын (жарналарды) тартуына және оларға тиісінше сыйақыларды, инвестициялық кірісті және мемлекет сыйлықақыларын есепке жазуға негізделген, білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған ақшалай жинақтар жүйесі;

      18) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператор (бұдан әрі – оператор) – білім беру саласындағы уәкілетті органдардың бірлескен шешімімен айқындалатын, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қатысушыларының қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және оның Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйым;

      19) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (бұдан әрі – ынтымақтастық туралы келісім) – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін іске асыру шеңберінде оператор мен қатысушы банк, оператор мен қатысушы-сақтандыру ұйымы немесе оператор мен білім беру ұйымы арасындағы олардың өзара іс-қимылының шарттары мен тәртібін белгілейтін келісім;

      20) пайда алушы – сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру төлемін алушы болып табылатын тұлға;

      21) сақтандыру шарты бойынша есептеу сомасы – сақтандыру шарты бойынша сыйлықақыны (жарналарды), инвестициялық кірісті, өткен кезеңдердегі есепке жазылған мемлекет сыйлықақыларын ескере отырып, сақтандыру шарты бойынша қалыптасқан сақтандыру резервін негізге ала отырып айқындалатын және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен есептелетін мемлекет сыйақысын есептеу үшін қабылданатын сома;

      22) сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемі (бұдан әрі – сақтандыру төлемі) – сақтандыру жағдайының туындауы нәтижесінде не сақтандыру шартында айқындалған мерзім басталған кезде, пайдасына сақтандыру шарты жасалған адамның білім алу қызметтеріне (пайда алушыға) ақы төлеу үшін сақтандыру шартында көзделген, оның ішінде сақтандыру сыйлықақысын (жарналарын), инвестициялық кірісті, мемлекет сыйлықақысын қамтитын және қатысушы-сақтандыру ұйымы төлейтін ақша сомасы;

      23) сақтанушы – пайда алушының ата-анасы, қамқоршысы, заңды өкілі болып табылатын және қатысушы-сақтандыру ұйымымен сақтандыру шартын жасасқан адам (осы Заңға сәйкес сақтанушы сақтандырылушы болып табылады);

      24) салымшы – салым шартының тарапы болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы;

      25) сатып алу сомасы – сақтанушының сақтандыру шартының қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде алуға құқығы бар, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен айқындалатын ақша сомасы.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2023 № 40-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары

      Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары:

      1) заңдылық;

      2) жариялылық;

      3) білім беру жинақтау салымының және білім беру жинақтау сақтандыруының нысаналы мақсаты;

      4) азаматтардың, қатысушы банктердің және қатысушы-сақтандыру ұйымдарының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуға қосылуының еріктілігі;

      5) халықтың Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуын мемлекеттік көтермелеу болып табылады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органдардың құзыреті

      Білім беру саласындағы уәкілетті органдар:

      1) жыл сайын білім беру ұйымдарының типтері бойынша оқытудың орташа құнының ұзақ мерзімді болжамдарын әзірлейді;

      2) білім беру ұйымымен ынтымақтастық туралы үлгілік келісімнің нысанын бекітеді.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда – ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі жұмыс істеуінің құқықтық негіздері

      1. Осы Заңның 11-бабының 7-тармағында және 11-1-бабының 11-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура) білім беру бағдарламалары бойынша білім алуға қолданылады.

      2. Салымшы, пайда алушы, қатысушы банк, қатысушы-сақтандыру ұйымы, енгізуші, сақтанушы, оператор, білім беру ұйымы, білім беру саласындағы уәкілетті органдар Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылар болып табылады.

      Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-бап. Оператордың функциялары

      Оператор:

      1) қатысушы банкпен, қатысушы-сақтандыру ұйымымен ынтымақтастық туралы келісім жасасады;

      2) білім беру ұйымымен ынтымақтастық туралы келісім жасасады;

      3) қатысушы банктен, қатысушы-сақтандыру ұйымынан, білім беру ұйымынан, салымшыдан, сақтанушыдан және пайда алушыдан салым шартын, сақтандыру шартын жасасуға, оның қолданысына, мемлекет сыйлықақысын есепке жазуға, білім беру қызметтерінің құны мен ақысына, білім алушының мәртебесіне қатысты қажетті мәліметтерді сұратады;

      4) жасалған салым шарттарын, сақтандыру шарттарын тіркеуді жүзеге асырады және есепке алуды жүргізеді;

      4-1) тиісінше салымшыда немесе пайда алушыда операторда тіркелген салым шартының немесе сақтандыру шартының, сондай-ақ пайда алушы және салымшы сол бір тұлға болып табылатын сақтандыру шартының немесе салым шартының бар-жоғын тексеруді жүзеге асырады;

      5) қатысушы банктен салымшыны шетелдік білім беру ұйымына қабылдау және салымшының жинақталған қаражатын шетелдік білім беру ұйымына аудару туралы растайтын құжаттарды алғаннан кейін салым шартын білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімінен алып тастайды және ол бойынша мемлекет сыйлықақысын есепке жазуды тоқтатады;

      5-1) пайда алушының шетелдік білім беру ұйымына қабылданғаны туралы растау құжаттары қатысушы-сақтандыру ұйымынан алынғаннан кейін және сақтандыру шарты бойынша шетелдік білім беру ұйымына сақтандыру төлемі жүзеге асырылғаннан кейін сақтандыру шартын білім беру жинақтау сақтандыруы шарттарының бірыңғай тізілімінен алып тастайды және ол бойынша мемлекет сыйлықақысын есепке жазуды тоқтатады;

      6) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысу үшін осы Заңда қойылатын талаптарды қатысушы банктің, қатысушы-сақтандыру ұйымының орындағаны туралы мәліметтерді бұқаралық ақпарат құралдарында жылына екі рет жариялайды;

      7) білім беру жинақтау салымына немесе сақтандыру шартына есепке жатқызылуға жататын мемлекет сыйлықақысы сомасын есептеуді жүзеге асырады және оны тиісінше қатысушы банкке немесе қатысушы-сақтандыру ұйымына ұсынады;

      8) қатысушы банктің және қатысушы-сақтандыру ұйымының білім беру жинақтау салымдарына және сақтандыру шарттарына мемлекет сыйлықақылары сомаларын есепке жатқызу мерзімдерін сақтауына мониторингті жүзеге асырады;

      9) осы Заңның 14 және 14-1-баптарында көзделген жағдайларда мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуын қайта есептеуді жүргізеді;

      10) бюджетке қайтарылуға жататын мемлекет сыйлықақысы сомасының мөлшері туралы анықтама-үзінді көшірмені салымшыға, қатысушы банкке, сақтанушыға, пайда алушыға, қатысушы-сақтандыру ұйымына немесе білім беру ұйымына береді;

      11) қатысушы банктің, қатысушы-сақтандыру ұйымының немесе білім беру ұйымының мемлекет сыйлықақысы сомасын бюджетке толық және уақытылы қайтаруын қамтамасыз етеді;

      12) салымшыға, сақтанушыға, қатысушы банкке, қатысушы-сақтандыру ұйымына, білім беру ұйымына осы Заңда және (немесе) ынтымақтастық туралы келісімде қойылатын талаптарды бұзушылықтар анықталған жағдайда, оларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту үшін шаралар қабылдайды;

      13) қатысушы банк осы Заңның 15-бабының 2-тармағында қойылатын талаптарды орындамаған жағдайда, қатысушы банкпен ынтымақтастық туралы келісімді біржақты тәртіппен бұзады, сондай-ақ салымшылардың ақшасын салымшының таңдауы бойынша басқа қатысушы банкке аударуды талап етеді;

      13-1) қатысушы-сақтандыру ұйымы осы Заңның 18-1-бабының 2-тармағында қойылған талаптарды орындамаған жағдайда, қатысушы-сақтандыру ұйымымен ынтымақтастық туралы келісімді біржақты тәртіппен бұзады, сондай-ақ сатып алу сомасын және сақтандыру шарты бойынша есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы сомасын сақтанушының таңдауы бойынша басқа қатысушы-сақтандыру ұйымына аударуды талап етеді;

      14) салымшының немесе пайда алушының Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу фактісі анықталған жағдайда, салымшымен салым шартын немесе сақтанушымен сақтандыру шартын бұзу қажеттігі туралы қатысушы банкті немесе қатысушы-сақтандыру ұйымын хабардар етеді.

      Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. Салым шарты және сақтандыру шарты

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

7-бап. Салым шарты

      1. Салым шарты білім беру саласындағы уәкілетті органдар бекіткен үлгілік шарт негізінде қатысушы банк пен салымшы арасында қарапайым жазбаша нысанда жасалады.

      2. Салым шарты кемінде үш жыл мерзімге жасалады.

      3. Қолданылу мерзімі өткеннен кейін салым шарты:

      1) егер тараптардың бірде-бірі шарттың қолданылуын тоқтатуға ниет білдірмесе, оның қолданылу мерзіміне автоматты түрде ұзартылады;

      2) тараптардың келісімімен өзге мерзімге ұзартылады;

      3) ақша қалдығы аударыла отырып, салымшының таңдауы бойынша басқа қатысушы банкпен жасалуы мүмкін.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Салым шартының талаптары

      1. Салым шартында мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:

      1) шарттың нысанасы;

      2) бастапқы біржолғы жарна мөлшері;

      3) шарттың қолданылу мерзімі;

      4) қатысушы банк сыйақысының мөлшері және оны төлеу тәртібі;

      5) мемлекет сыйлықақысының осы Заңда белгіленген мөлшері;

      6) тараптардың құқықтары мен міндеттері;

      7) салымшының операторға банк құпиясын ашуға жазбаша келісімі;

      8) тараптардың жауаптылығы;

      9) шартты бұзу талаптары;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де ережелер.

      2. Білім беру жинақтау салымы теңгемен ашылады.

      3. Білім беру жинақтау салымын ашу үшін бастапқы ең төменгі біржолғы жарна республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің үш еселенген мөлшерін құрайды.

      4. Қатысушы банк салым шартын жасасқан кезде білім беру жинақтау салымына қосымша жарналарды салудың ұсынылатын кезеңділігін және олардың мөлшерін есептейді.

      5. Салымшының шотына Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес үшінші тұлғалардан жарналар салынуы мүмкін.

9-бап. Салым шартын тіркеу

      1. Салым шарттары осы Заңның 12-бабына сәйкес мемлекет сыйлықақысы есепке жазылатын білім беру жинақтау салымдарын есепке алу үшін білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімінде тіркелуге жатады.

      2. Оператор қатысушы банк ұсынған салым шарттарын тіркеуді білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізіліміне мәліметтерді енгізу және тіркеу нөмірін беру арқылы жүзеге асырады.

      3. Осы Заңның талаптарына сәйкес келетін, қатысушы банк ұсынған салым шарттары тіркелуге жатады. Салымшының операторда тіркелген салым шарты немесе ол бойынша салымшы пайда алушы болып табылатын, операторда тіркелген сақтандыру шарты болған кезде, салым шарты тіркелуге жатпайды.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Қатысушы банк сыйақысы

      1. Қатысушы банк ай сайын капиталдандыра отырып, салымшыға салым шартында айқындалған мөлшерде салым сомасына сыйақы төлейді.

      2. Қатысушы банк сыйақысы салым шарты қолданылатын мерзім бойына есепке жазылады және білім беру жинақтау салымының негізгі сомасына қосылады (капиталдандырылады).

11-бап. Білім беру жинақтау салымына иелік ету

      1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі білім беру жинақтау салымының ақшасын бір қатысушы банктен басқа қатысушы банкке толық көлемде жылына бір рет қана аударуды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Салымшыға білім беру гранты берілген жағдайда, салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі:

      1) білім беру жинақтау салымына қаражат жинақтауды жалғастыруға;

      2) білім беру жинақтау салымының қаражатын Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын үшінші тұлғаның пайдасына ашылған (ашылатын) білім беру жинақтау салымына аударуға;

      3) білімнің басқа деңгейлерін алу мақсатында білім беру жинақтау салымының қаражатын білім беру қызметтеріне ақы төлеуге жұмсауға;

      4) білім беру жинақтау салымының қаражатын қатысушы банктің капиталдандырылған сыйақысымен және есепке жазылған мемлекет сыйлықақысымен қоса алуға құқылы.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдері есебінен қалыптастырылған білім беру жинақтау салымының қаражатын (олар болған кезде) салымшы:

      1) "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған салымшының нысаналы жинақтау шотына аудару кезіндегі валюталар бағамы бойынша АҚШ долларында одан әрі аудару үшін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерін есепке жатқызу үшін банктік шоттарды ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктерде, Ұлттық пошта операторында ашылған өзінің банктік шотына аударуға;

      2) "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерін есепке жатқызу үшін банктік шоттарды ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктерде, Ұлттық пошта операторында ашылған өзінің банктік шотына ұлттық валютамен аударуға;

      3) білімнің басқа деңгейлерін меңгеру мақсатында білім беру қызметтеріне ақы төлеуге жұмсауға;

      4) білім беру жинақтау салымында қаражат жинақтауды жалғастыруға құқылы.

      3. Білім беру ұйымына шарттық негізде түскен кезде білім беру қызметтеріне ақы салымшының не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілінің өтініші бойынша бөліктермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (барлық оқу мерзімі үшін) төленеді.

      4. Салымшы қаза болған, сот оны әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кеткен деп таныған, не қайтыс болды деп жариялаған немесе ол денсаулық жағдайына байланысты оқуын жалғастыруға қабілеті болмаған жағдайда, білім беру жинақтау салымын:

      1) салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі немесе оның мұрагерлері кез келген үшінші тұлғаның пайдасына ашылған (ашылатын) білім беру жинақтау салымына жібереді (қайта ресімдеу);

      2) ол мемлекет сыйлықақысы сақтала отырып, салымшыға не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкіліне немесе оның мұрагерлеріне салым шартын бұзу талаптары бойынша төленеді.

      5. Барлық оқу кезеңі үшін білім беру қызметтеріне ақы төленгеннен кейін білім беру жинақтау салымында қаражат қалған кезде салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі осы соманы есепке жазылған мемлекет сыйлықақысымен қоса алуға құқылы.

      6. Салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі жинақталған қаражат сомасын есепке жазылған мемлекет сыйлықақысымен қоса Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын үшінші тұлғаның білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімінде тіркелген салымына аударуға құқылы.

      7. Салымшы шетелдік білім беру ұйымына түскен жағдайда, салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі салымшыны шетелдік білім беру ұйымына қабылдау туралы растайтын құжаттар ұсынылған кезде, есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы мен қатысушы банк сыйақысы ескеріле отырып, салымшының жинақталған қаражатынан оқуға ақы төлеуге құқылы. Бұл ретте, кейіннен қаражат шетелдік білім беру ұйымына аударылған кезден бастап мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуы тоқтатылады.

      8. Мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, салым шарты бойынша банктік шоттардағы ақшаға тыйым салуға немесе өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2017 № 88-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2023 № 40-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-1-бап. Сақтандыру шарты және сақтандыру шартына билік ету

      1. Сақтандыру шарты осы Заңның талаптарына сәйкес және білім беру саласындағы уәкілетті органдар қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бекіткен үлгілік шарт негізінде қатысушы-сақтандыру ұйымы мен сақтанушы арасында жазбаша нысанда жасалады.

      2. Сақтандыру шарты кемінде үш жыл мерзімге жасалады.

      3. Сақтандыру шартында мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:

      1) сақтандыру шартының нысанасы;

      2) сақтанушы туралы мәліметтер;

      3) сақтандыру шарты бойынша пайда алушы туралы мәліметтер;

      4) сақтандыру жағдайын көрсету;

      5) сақтандыру сомасының мөлшері;

      6) сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарналарының) мөлшері, оны (оларды) төлеу тәртібі мен мерзімдері;

      7) төлем талаптары және сатып алу сомасының мөлшері;

      8) сақтандыру шартының қолданылу мерзімі;

      9) сақтандырып қорғаудың қолданылу мерзімі;

      10) мемлекет сыйлықақысының осы Заңда белгіленген мөлшері;

      11) тараптардың құқықтары мен міндеттері;

      12) сақтанушының, пайда алушының (заңды өкілдің) сақтандыру құпиясын операторға ашып көрсетуге жазбаша келісімі;

      13) тараптардың жауапкершілігі;

      14) сақтандыру шартының талаптарына өзгерістер енгізу жағдайлары мен тәртібі;

      15) сақтандыру шартын бұзу талаптары;

      16) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де ережелер.

      4. Сақтандыру шарттары осы Заңның 14-1-бабына сәйкес мемлекет сыйлықақысы есепке жазылатын сақтандыру шарттарын есепке алу үшін білім беру жинақтау сақтандыруы шарттарының бірыңғай тізілімінде тіркелуге жатады.

      5. Оператор білім беру жинақтау сақтандыруы шарттарының бірыңғай тізіліміне мәліметтерді енгізу және тіркеу нөмірін беру арқылы қатысушы-сақтандыру ұйымы ұсынған сақтандыру шарттарын тіркеуді жүзеге асырады. Сақтандыру шарты операторда тіркелген пайда алушының пайдасына жасалған сақтандыру шарты немесе ол бойынша салымшы мен пайда алушы сол бір тұлға болып табылатын, операторда тіркелген салым шарты болған кезде тіркелуге жатпайды.

      6. Сақтандыру сомасы тараптардың келісімі бойынша сақтандыру шартында айқындалады.

      7. Сақтандыру шартының валютасы теңге болып табылады.

      8. Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы бір рет немесе сақтандыру шартында белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру жарналары түрінде бөліп төленеді не "Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін пайда алушының нысаналы жинақ төлемдері есебінен төленеді.

      9. Мыналар сақтандыру жағдайлары болып табылады:

      1) сақтандырылушының сақтандыру шартында белгіленген күнге дейін өмір сүруі;

      2) сақтандырылушыға сақтандырып қорғаудың қолданылуы кезеңінде бірінші немесе екінші топтағы мүгедектіктің белгіленуі;

      3) сақтандыру шартында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырып қорғаудың қолданылуы кезеңінде сақтандырылушының қайтыс болуы.

      10. Пайда алушының шетелдік білім беру ұйымына оқуға түсу жағдайын қоспағанда, пайда алушы шарт негізінде білім беру ұйымына оқуға түскен кезде сақтандыру төлемі білім беру ұйымына жүзеге асырылады.

      11. Пайда алушы шарт негізінде шетелдік білім беру ұйымына оқуға түскен кезде сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қатысушы-сақтандыру ұйымы пайда алушының банктік шот бойынша шығыс операцияларын жасау құқығын шектей отырып, шетелдік білім беру ұйымына білім беру қызметіне ақы төлеу мақсатында ғана осы тұлғаның атына "эскроу-шот" режиміндегі банктік шот ашады және сақтандыру төлемі сомасын осы шотқа аударады.

      Қатысушы-сақтандыру ұйымы "эскроу-шот" режиміндегі банктік шотқа сақтандыру төлемін аударған кезден бастап мемлекет сыйлықақысын есепке жазу тоқтатылады.

      12. Шарт негізінде білім беру ұйымына оқуға түсу кезінде сақтандыру төлемі сақтанушының немесе пайда алушының не оның заңды өкілінің өтініші бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда білім беру ұйымына кезең сайын төлемдермен (әрбір академиялық кезеңге немесе оқу жылына) немесе бір рет толық көлемде (оқудың бүкіл мерзіміне) ақша аудару арқылы жүзеге асырылады.

      13. Пайда алушыға білім гранты тағайындалған жағдайда, сақтанушы, сақтанушы қайтыс болған жағдайда – пайда алушы не оның заңды өкілі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда:

      1) инвестициялық кірісті және есепке жазылған мемлекет сыйлықақысын ескере отырып, сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін алуға;

      2) білім берудің басқа деңгейлерін алу мақсатында сақтандыру шартының қолданылу мерзімін ұзартуға және сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін білім беру қызметтеріне ақы төлеуге жұмсауға;

      3) инвестициялық кірісті және мемлекет сыйлықақысын ескере отырып, сақтандыру шарты бойынша сатып алу сомасын Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын үшінші тұлғаның пайдасына жасалған (жасалатын) сақтандыру шартына ақы төлеуге аударуға құқылы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерінің сомасын (олар болған кезде) пайда алушы:

      1) "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында ашылған салымшының нысаналы жинақтау шотына аудару кезіндегі валюталар бағамы бойынша АҚШ долларында одан әрі аудару үшін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерін есепке жатқызу үшін банктік шоттарды ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктерде, Ұлттық пошта операторында ашылған өзінің банктік шотына аударуға;

      2) "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін нысаналы жинақ төлемдерін есепке жатқызу үшін банктік шоттарды ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктерде, Ұлттық пошта операторында ашылған өзінің банктік шотына ұлттық валютамен аударуға құқылы.

      14. Сақтандыру төлемінің мөлшері оқудың бүкіл кезеңіндегі білім беру қызметтеріне ақы төлеу сомасынан асып кеткен жағдайда, асып кеткен сома мөлшеріндегі сақтандыру төлемі сақтандыру шартының қолданылу мерзімі өткеннен кейін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда сақтанушыға, пайда алушыға не оның заңды өкіліне төленуге жатады.

      15. Пайда алушы қайтыс болған, сот оны әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кеткен деп таныған не қайтыс болды деп жариялаған немесе пайда алушы денсаулық жағдайының салдарынан оқуын жалғастыруға қабілетсіз болған жағдайда, сақтанушы, сақтанушы қайтыс болған жағдайда – оның мұрагерлері:

      1) сақтандыру шартында көрсетілген пайда алушыны Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын басқа адаммен ауыстыруға;

      2) сақтандыру шарты бойынша инвестициялық кіріс ескерілген және мемлекет сыйлықақысы сақталған сатып алу сомасын алуға құқылы.

      16. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде сақтанушы сақтандыру шарты бойынша инвестициялық кіріс және есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы ескерілген сатып алу сомасын бір қатысушы-сақтандыру ұйымынан басқа қатысушы-сақтандыру ұйымына, бірақ сақтандыру шарты жасалған күннен бастап екі жыл өткеннен кейін аударуды жүзеге асыруға құқылы.

      17. Сақтандыру төлемдерінің есептемесі мен оларды жүзеге асыру тәртібі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

      Ескерту. 2-тарау 11-1-баппен толықтырылды– ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2023 № 40-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. МЕМЛЕКЕТ СЫЙЛЫҚАҚЫСЫН ЕСЕПКЕ ЖАЗУ, ТӨЛЕУ ЖӘНЕ ҚАЙТАРУ

12-бап. Мемлекет сыйлықақысы

      1. Мемлекет сыйлықақысы тіркелген салым шарты бойынша жиырма жылдан аспайтын мерзімге есепке жазылады.

      2. Мемлекет сыйлықақысын есепке жазу жинақтаудың ең қысқа мерзімі бір жыл болған кезде жыл сайын 1 қаңтардағы жағдай бойынша салым сомасының нақты жинақталған қалдығына жүзеге асырылады. Мемлекет сыйлықақысы шарттың қолданылу мерзіміне есепке жазылады.

      3. Мемлекет сыйлықақысы салымның негізгі сомасына қосылады (капиталдандырылады).

      4. Мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуы:

      1) осы баптың 1-тармағында белгіленген есепке жазу мерзімі өткен жағдайда;

      2) салым шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда;

      3) салымшы қаза болған, соттың оны әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кеткен деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген, не оны қайтыс болды деп жариялаған күннен бастап тоқтатылады.

      5. Мемлекет сыйлықақысы білім беру саласындағы уәкілетті органдар бекіткен мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесіне сәйкес есептеледі.

      Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

13-бап. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері

      1. Мемлекет сыйлықақысы білім беру жинақтау салымының сомасына жылдық бес пайыз, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде есепке жазылады.

      2. Мемлекет сыйлықақысы мынадай басым санатқа жатқызылған салымшылардың пайдасына ашылған білім беру жинақтау салымдары бойынша жылдық жеті пайыз, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде:

      1) жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, оның ішінде кәмелетке толған балаларға, бірақ әрі кеткенде жиырма үш жасқа толғанға дейін;

      2) мүгедектігі бар адамдарға;

      3) бiрге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның iшiнде жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, жалпы орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура) бiлiм беру ұйымдарында жалпы немесе кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша күндiзгi оқу нысанында білім алатын балалары бар көп балалы отбасылардан шыққан балаларға олар кәмелетке толғаннан кейiн оқу орнын бiтiретiн уақытқа дейiн, бiрақ әрi кеткенде жиырма үш жасқа толғанға дейiн;

      4) жан басына шаққандағы орташа табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасылардан шыққан балаларға есепке жазылады.

      3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған салымшылардың жылдық жеті пайыз мөлшерінде мемлекет сыйлықақысын алу құқығын оператор балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органнан есепке жазылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қажетті мәліметтерді алу арқылы жыл сайын растайды.

      Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында аталған салымшылардың жылдық жеті пайыз мөлшерінде мемлекет сыйлықақысын алу құқығын оператор халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органнан есепке жазылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қажетті мәліметтерді алу арқылы жыл сайын растайды.

      Осы баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында аталған салымшылардың жылдық жеті пайыз мөлшерінде мемлекет сыйлықақысын алу құқығын оператор халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органнан расталған тоқсаннан кейінгі тоқсанның 1-күніндегі жағдай бойынша қажетті мәліметтерді алу арқылы тоқсан сайын растайды.

      Жылдық жеті пайыз мөлшерінде мемлекет сыйлықақысы тиісті жылда салымшының басым санатқа жатқызылуы расталатын айларға есепке жазылады.

      4. Білім беру саласындағы уәкілетті органдар және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттің сыйлықақысын инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерде ұлғайту туралы ұсыныстар енгізеді.

      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2017 № 88-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Мемлекет сыйлықақысын бюджетке қайтару

      1. Есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы:

      1) нысаналы мақсаты сақталмай, салым шарты салымшының бастамасы бойынша бұзылған немесе мерзімінің өтуіне байланысты салым шарты бойынша міндеттемелер тоқтатылған;

      2) егер күнтізбелік үш жыл ішінде салымшы оқудан шығарылған білім беру ұйымына қайта қабылданбаса не басқа білім беру ұйымына оқуға түспесе, салымшы білім беру ұйымынан шығарылған күннен бастап осы үш жыл өткен;

      3) жинақтау мерзімі осы Заңда белгіленген мерзімнен аз болған кезде мемлекет сыйлықақысын төлеу фактісі анықталған;

      4) салымшы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;

      5) мемлекет сыйлықақысының артық есепке жазылу фактісі анықталған жағдайларда бюджетке қайтарылуға тиіс.

      2. Мемлекет сыйлықақысын бюджетке қайтаруды қатысушы банк оператор арқылы, оның бюджетке қайтарылуға жататын мемлекет сыйлықақысы сомасының мөлшері туралы анықтама-үзінді көшірмесі бойынша, оператордан анықтама-үзінді көшірмені қатысушы банк алған күннен бастап банктік үш күн ішінде:

      1) осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша есепке жазылған мемлекет сыйлықақысының сомасы толық көлемде;

      2) осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіз бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесіне сәйкес білім беру қызметтеріне жұмсалмаған сома бөлігінде;

      3) осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіз бойынша, мемлекет сыйлықақысының артық есепке жазылған сомасын қайтаруды жүзеге асырады.

      3. Салымшы білім беру ұйымынан шығарылған кезде, білім беру қызметтеріне жұмсалмаған соманы білім беру ұйымы оқудан шығару туралы бұйрық шыққан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салымшының білім беру жинақтау салымына аударуға тиіс.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2017 № 88-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-1-бап. Сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысын есепке жазу, төлеу және қайтару

      1. Мемлекет сыйлықақысы тіркелген сақтандыру шарты бойынша жиырма жылдан аспайтын мерзімге есепке жазылады.

      2. Сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысын есепке жазу жыл сайын сақтандыру шарты бойынша 1 қаңтардағы жағдай бойынша есептеу сомасына жүзеге асырылады. Мемлекет сыйлықақысы сақтандыру шартының қолданылу кезеңі ішінде есепке жазылады.

      3. Сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысы сақтандыру шарты бойынша есептеу сомасына қосылады және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесіне сәйкес есептеледі.

      4. Сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысы салым шарты үшін осы Заңның 13-бабында көзделген мөлшерде есепке жазылады.

      5. Сақтандыру шарты бойынша мемлекет сыйлықақысын есепке жазу:

      1) осы баптың 1-тармағында белгіленген есепке жазу мерзімі өткен жағдайда;

      2) сақтандыру шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда;

      3) пайда алушы қайтыс болған, соттың оны әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кетті деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген не ол қайтыс болды деп жарияланған күннен бастап тоқтатылады.

      6. Есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы:

      1) инвестициялық кіріс және есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы ескерілген сатып алу сомасын басқа қатысушы-сақтандыру ұйымына аударуға байланысты шарт бұзылған жағдайды қоспағанда, сақтандыру шарты сақтанушының бастамасы бойынша бұзылған немесе мерзімінің өтуіне байланысты сақтандыру шарты бойынша міндеттемелер нысаналы мақсаты сақталмай тоқтатылған;

      2) пайда алушы білім беру ұйымынан шығарылған күннен бастап күнтізбелік үш жыл өткен, егер осы үш жыл ішінде пайда алушы оқудан шығарылған білім беру ұйымына қайта қабылданбаған не басқа білім беру ұйымына оқуға түспеген;

      3) пайда алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;

      4) мемлекет сыйлықақысының артық есепке жазылу фактісі анықталған жағдайларда бюджетке қайтарылуға жатады.

      7. Қатысушы-сақтандыру ұйымы мемлекет сыйлықақысын бюджетке қайтаруды оператор арқылы, оның бюджетке қайтарылуға жататын мемлекет сыйлықақысы сомасының мөлшері туралы анықтама-үзінді көшірме бойынша, оператордан анықтама-үзінді көшірме алынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде:

      1) осы баптың 6-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша толық көлемде;

      2) осы баптың 6-тармағының 3) тармақшасында көзделген негіз бойынша, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесіне сәйкес білім беру қызметтеріне пайдаланылмаған сома бөлігінде;

      3) осы баптың 6-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіз бойынша, артық есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы сомасы бөлігінде жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тарау 14-1-баппен толықтырылды – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ БЕРУ ЖИНАҚТАУ ЖҮЙЕСIНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ

15-бап. Ынтымақтастық туралы келісім

      1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысу үшін қатысушы банк білім беру саласындағы уәкілетті органдар бекіткен ынтымақтастық туралы үлгілік келісім негізінде оператормен ынтымақтастық туралы келісім жасасады.

      2. Қатысушы банктерге мынадай талаптар қойылады:

      1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банк шоттарын ашуға және жүргізуге, кассалық операцияларды жүргізуге арналған лицензияларының болуы;

      2) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу;

      3) алып тасталды - ҚР 05.07.2017 № 88-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      4) ынтымақтастық туралы келісім жасасу (қайта жасасу) кезінде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган қолданған күші бар қадағалап ден қою шараларының және (немесе) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 213-бабының алтыншы, сегізінші бөліктерінде, 227-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жазалардың болмауы.

      Осы тармақтың бірінші бөлігі 1) тармақшасының кассалық операцияларды жүргізуге арналған лицензияларының болуы туралы талабы және 2) тармақшасының талабы Ұлттық пошта операторына қолданылмайды.

      3. Оператор білім беру қызметтеріне ақы төлеу білім беру жинақтау салымының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын білім беру ұйымымен ынтымақтастық туралы бекітілген үлгілік келісім негізінде ынтымақтастық туралы келісім жасасады.

      4. Ынтымақтастық туралы келісімде нысанасы, тараптардың құқықтары мен міндеттері, олардың өзара іс-қимылының шарттары, тәртібі және жауапкершілігі қамтылуға тиіс.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 05.07.2017 № 88-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.11.2023 № 40-VIII (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысушылардың салым шартын жасасу және оның қолданылуы кезіндегі өзара іс-қимылы

      1. Салым шартын жасасу кезінде қатысушы банк салымшының осы Заңда белгіленген талаптарға сай келетіндігін, сондай-ақ салымшының атына ашылған қолданыстағы салым шартының жоқтығын тексереді.

      2. Әрбір салым шарты бойынша қатысушы банк ынтымақтастық туралы келісімде белгіленген мерзімдерде және тәртіппен операторға салымшы, шоттың жай-күйі, салымшы ақшасының қозғалысы, мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуы және сомасы туралы мәліметтерді, сондай-ақ өзге де қажетті мәліметтерді ұсынады.

      3. Оператор салымшылардың Қазақстан Республикасы азаматтығына жататындығын растау туралы мәліметтерді сұратады, ал құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктерді беру жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын 1 қаңтарға қарай оларды ұсынады.

17-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылардың мемлекет сыйлықақысын есептеу және есепке жазу кезіндегі өзара іс-қимылы

      1. Оператор жыл сайын ағымдағы жылғы 1 сәуірге дейінгі мерзімде қатысушы банктердің салым шарттары бойынша ұсынған мәліметтерінің негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органдарға алдағы қаржы жылына арналған мемлекет сыйлықақыларын есепке жазудың болжамды есептемесін ұсынады.

      2. Есепті жылдың қорытындысы бойынша оператор халықты әлеуметтік қорғау, балалардың құқықтарын қорғау және құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктерді беру саласындағы уәкілетті органдардан қажетті мәліметтерді алғаннан кейін, есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қаңтарына дейін білім беру саласындағы уәкілетті органдарға мемлекет сыйлықақыларының түпкілікті есептемесін ұсынады.

      3. Білім беру саласындағы уәкілетті органдар оператордан мемлекет сыйлықақылары сомасының түпкілікті есептемесін алғаннан кейін есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейін оператордың шотына мемлекет сыйлықақыларының жалпы сомасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аударады.

      4. Оператор білім беру саласындағы уәкілетті органдардан мемлекет сыйлықақыларының жалпы сомасын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде әрбір жасасылған салым шарты бойынша мемлекет сыйлықақысының мөлшері туралы мәліметтерді ұсына отырып, қатысушы банкке мемлекет сыйлықақыларын есепке жатқызуды жүргізеді.

      5. Қатысушы банк оператордан мемлекет сыйлықақыларының жалпы сомасын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде салымшылардың шоттарына мемлекет сыйлықақыларын есепке жатқызады.

      6. Қаржы жылы аяқталғаннан кейін алдыңғы есепті жылдар бойынша мемлекет сыйлықақысын толық есепке жазу қажеттілігіне әкеп соғатын фактілер анықталған жағдайда оператор толық есепке жазылған сомаларды осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен есепті жыл бойынша мемлекет сыйлықақыларының түпкілікті есептемесіне енгізеді.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2017 № 88-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

18-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысушылардың білім беру қызметтеріне ақы төлеу кезіндегі өзара іс-қимылы

      1. Білім беру жинақтау салымы арқылы білім беру қызметтеріне ақы төлеу салымшының өтініші бойынша жүзеге асырылады. Білім беру қызметтерін көрсету шартының көшірмесі ұсынылған кезде қатысушы банк бір жұмыс күні ішінде қаражатты білім беру жинақтау салымынан білім беру ұйымының банк шотына аударады.

      2. Оқуға қабылданған, ауысқан, академиялық демалыс ресімделген, академиялық демалыстан оралған, оқуға қайта қабылданған, білім беру ұйымынан шығарылған, оның ішінде оқуды бітіруге байланысты шығарылған кезде, салымшы үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қатысушы банкке және операторға растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.

      3. Білім беру ұйымы:

      1) салымшының оқуға қабылдануы, ауысуы, академиялық демалысты ресімдеуі, академиялық демалыстан оралуы, оқуға қайта қабылдануы, білім беру ұйымынан шығарылуы, оның ішінде оқуды бітіруге байланысты шығарылуы туралы тиісті құжаттардың көшірмелерін жіберу арқылы олар қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қатысушы банкті және операторды хабардар етеді;

      2) салымшының немесе қатысушы банктің талап етуі бойынша қажет болып тұрған академиялық кезеңдегі оқу құны немесе анықтама берілетін күнгі оқудың толық құны туралы анықтама береді;

      3) оператордың сұрау салуы бойынша білім беру ұйымында білім алатын салымшы туралы қажетті мәліметтерді ұсынады;

      4) салымшы басқа білім беру ұйымына ауысқан кезде, қабылдайтын білім беру ұйымының шотына білім беру қызметтеріне төленген ақының қалдығын аударады, бұл жөнінде операторды үш жұмыс күні ішінде хабардар етеді.

      Білім беру ұйымы салымшының оқуы үшін алған сома мен оқудан шығару туралы бұйрық шыққан күнге нақты алынған білім беру қызметтері құнының сомасы арасындағы айырма білім беру қызметтеріне төленген ақы қалдығы болып табылады.

18-1-бап. Сақтандыру шарты бойынша мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысушылардың өзара іс-қимылы

      1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысу үшін қатысушы-сақтандыру ұйымы білім беру саласындағы уәкілетті органдар бекіткен ынтымақтастық туралы үлгілік келісім негізінде оператормен ынтымақтастық туралы келісім жасасады.

      2. Қатысушы-сақтандыру ұйымдарына мынадай талаптар қойылады:

      1) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде өмірді сақтандыру сыныбы бойынша сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясының болуы;

      2) сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысу.

      3. Сақтандыру шартын жасасу кезінде қатысушы-сақтандыру ұйымы пайда алушының осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келуін, сондай-ақ пайда алушының пайдасына жасалған қолданыстағы сақтандыру шартының және ол бойынша пайда алушы мен салымшы сол бір тұлға болып табылатын салым шартының жоқтығын тексереді.

      4. Әрбір сақтандыру шарты бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымы ынтымақтастық туралы келісімде белгіленген мерзімдерде және тәртіппен операторға пайда алушы туралы, сақтандыру шарты бойынша есептеу сомасының мөлшерлері, сатып алу сомасы, инвестициялық кіріс ескеріле отырып есептелген мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуы мен сомасы туралы мәліметтерді ұсынады.

      5. Оператор пайда алушылардың Қазақстан Республикасы азаматтығына жататынын растау туралы мәліметтерді сұратады, ал құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктерді беру жөніндегі уәкілетті орган оларды жыл сайын 1 қаңтарға қарай ұсынады.

      6. Оператор сақтандыру шарттары бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымдары ұсынған мәліметтер негізінде осы Заңның 17-бабының 2, 3, 4 және 6-тармақтарында көзделген тәртіппен және мерзімдерде мемлекет сыйлықақысын есептеуді, есепке жазуды және толық есепке жазуды жүзеге асырады.

      7. Қатысушы-сақтандыру ұйымы пайда алушылардың пайдасына жасалған сақтандыру шарттарына мемлекет сыйлықақысын оператордан мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасы алынған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде есепке жазады.

      8. Сақтандыру шарты арқылы білім беру қызметтеріне ақы төлеу сақтанушының немесе пайда алушының өтініші бойынша жүзеге асырылады. Білім беру қызметтерін көрсету шартының көшірмесін ұсынған кезде қатысушы-сақтандыру ұйымы бес жұмыс күні ішінде білім беру ұйымының банктік шотына сақтандыру төлемін аударады.

      9. Оқуға қабылданған, ауысқан, академиялық демалыс ресімделген, академиялық демалыстан оралған, оқуға қайта қабылданған, білім беру ұйымынан шығарылған, оның ішінде оқуды бітіруге байланысты шығарылған кезде пайда алушы немесе сақтанушы үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қатысушы-сақтандыру ұйымына және операторға растау құжаттарының көшірмелерін ұсынады.

      10. Білім беру ұйымы:

      1) пайда алушының оқуға қабылдануы, ауысуы, академиялық демалысты ресімдеуі, академиялық демалыстан оралуы, оқуға қайта қабылдануы, білім беру ұйымынан шығарылуы, оның ішінде оқуды бітіруге байланысты шығарылуы туралы қатысушы-сақтандыру ұйымын және операторды тиісті құжаттардың көшірмелерін жіберу арқылы олар қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хабардар етеді;

      2) сақтанушының, пайда алушының немесе қатысушы-сақтандыру ұйымының сұрау салуы бойынша талап етілетін академиялық кезеңге оқу құны немесе анықтама берілетін күнге толық оқу құны туралы анықтама береді;

      3) оператордың сұрау салуы бойынша білім беру ұйымында білім алатын пайда алушы туралы қажетті мәліметтерді ұсынады;

      4) пайда алушы басқа білім беру ұйымына ауысқан кезде, қабылдайтын білім беру ұйымының шотына білім беру қызметтеріне төленген ақының қалдығын аударады, бұл туралы операторды, қатысушы-сақтандыру ұйымын үш жұмыс күні ішінде хабардар етеді.

      11. Білім беру ұйымы пайда алушының оқуы үшін алған сома мен оқудан шығару туралы бұйрық шыққан күнге нақты алынған білім беру қызметтері құнының сомасы арасындағы айырма білім беру қызметтеріне төленген ақының қалдығы болып табылады.

      12. Пайда алушы білім беру ұйымынан оқудан шығарылған кезде білім беру қызметтеріне пайдаланылмаған соманы білім беру ұйымы оқудан шығару туралы бұйрық шыққан күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қатысушы-сақтандыру ұйымының банктік шотына аударуға тиіс.

      Ескерту. 4-тарау 18-1-баппен толықтырылды – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

19-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiн мемлекеттік қолдау

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру жинақтау салымы жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру объектісі болып табылады.

      1-1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде өмірді сақтандыру сақтандырудың кепілдік берілген түрлеріне жатады.

      2. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi шеңберінде салымшы білім беру кредитін жеңілдетілген шарттармен алуға өтініш білдіруге құқылы. Білім беру кредиті қарыз алушыға жинақталған сома оқу ақысын толық көлемде төлеу үшін қажетті соманың кем дегенде елу пайызы мөлшерін құраған кезде білім беру ұйымында оқу құнының ұлғаю сомасына оны түзету мүмкіндігімен қалған сомаға кредитордың кредиттік желі ашуы арқылы мемлекет уәкілеттік берген ұйымның жүз пайыз кепілдігімен беріледі.

      Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. Назарбаев