Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы

Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 14 қаңтардағы № 67-V Заңы.

Жаңартылған

     

      БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗІ

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 20-баптан қараңыз.

      Осы Заң Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi жұмыс iстейтін саладағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ оны мемлекеттік ынталандыру шарттарын, нысандарын және мазмұнын реттейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) білім беру жинақтау салымы – салымшының немесе енгізушілердің жарналарын, капиталдандырылған қатысушы банк сыйақысы мен мемлекет сыйлықақысын қамтитын, салымшының қатысушы банк шотындағы ақшасы;

      2) білім беру жинақтау салымы бойынша мемлекет сыйлықақысы (бұдан әрі – мемлекет сыйлықақысы) – білім беру жинақтау салымының нақты жинақталған қалдығына бюджет қаражаты есебінен жыл сайын белгіленген мерзімде төленетін ақша;

      3) білім беру жинақтау салымы туралы шарт (бұдан әрі – салым шарты) – салымшы қатысушы банкпен жасасқан, білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаражат жинақтауға арналған банктік салым шарты;

      4) білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімі – оператор мемлекет сыйлықақысын есепке жазатын салым шарттарын тіркеудің бірыңғай базасы;

      5) білім беру қызметтері – білім беру ұйымының білім алушыға жеке адамның білім алу қажеттіліктерін іске асыруға және білім беру бағдарламаларын меңгеруге бағытталған қызметтер көрсету жөніндегі қызметі;

      6) білім беру саласындағы уәкілетті орган – білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      7) білім беру ұйымы – Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және әрекет ететін, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура) білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлға;

      8) енгізуші – салымшының пайдасына білім беру жинақтау салымына жарна салуды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының резиденті немесе резиденті емесі;

      9) кредитор – банктік қарыз операцияларын жүргізуге лицензиясы бар және мемлекет уәкілеттік берген ұйымның кепілдігімен білім беру кредиттерін ұсыну туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі;

      10) кредиттік желі – қарыз алушыға кредитордың білім беру кредиті шартында айқындалған уақыт ішінде келісілген лимит шегінде оған ақша беру жөніндегі заңды түрде ресімделген міндеттемесін ұсыну;

      11) қарыз алушы – білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін жетпейтін сомаға кредитормен білім беру кредиті шартын жасасқан салымшы;

      12) қатысушы банк – осы Заңда белгіленген талаптарға сай келетін және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператормен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі;

      13) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі – Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетін және қатысушы банктердің халықтың салымдарын тартуына және оларға сыйақылар мен мемлекет сыйлықақыларын есепке жазуға негізделген, білім беру қызметтеріне ақы төлеуге арналған ақшалай жинақтар жүйесі;

      14) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператор (бұдан әрі – оператор) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалатын, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі қатысушыларының қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және оның Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген шекте жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйым;

      15) Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісім (бұдан әрі – ынтымақтастық туралы келісім) – Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесін іске асыру шеңберінде оператор мен қатысушы банк немесе оператор мен білім беру ұйымы арасындағы олардың өзара іс-қимылының шарттары мен тәртібін белгілейтін келісім;

      16) салымшы – салым шартының тарапы болып табылатын Қазақстан Республикасының азаматы.

2-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

3-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары

      Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары:

      1) заңдылық;

      2) жариялылық;

      3) білім беру жинақтау салымының нысаналы мақсаты;

      4) азаматтар мен қатысушы банктердің Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуға қосылуының еріктілігі;

      5) халықтың Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысуын мемлекеттік көтермелеу болып табылады.

4-бап. Білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреті

      Білім беру саласындағы уәкілетті орган:

      1) жыл сайын білім беру ұйымдарының үлгілері бойынша оқытудың орташа құнының ұзақ мерзімді болжамдарын әзірлейді;

      2) білім беру ұйымымен ынтымақтастық туралы үлгілік келісімнің нысанын бекітеді;

      3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

5-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің жұмыс істеуінің құқықтық негіздері

      1. Осы Заңның 11-бабының 7-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Қазақстан Республикасында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура) білім беру бағдарламалары бойынша білім алуға қолданылады.

      2. Салымшы, қатысушы банк, енгізуші, оператор, білім беру ұйымы, білім беру саласындағы уәкілетті орган Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылар болып табылады.

6-бап. Оператордың функциялары

      Оператор:

      1) қатысушы банкпен ынтымақтастық туралы келісім жасасады;

      2) білім беру ұйымымен ынтымақтастық туралы келісім жасасады;

      3) қатысушы банктен, білім беру ұйымынан және салымшыдан салым шартын жасасуға, оның қолданысына, мемлекет сыйлықақысын есепке жазуға, білім беру қызметтерінің құны мен төлеміне, білім алушының мәртебесіне қатысты қажетті мәліметтерді сұратады;

      4) жасасылған салым шартын тіркеуді жүзеге асырады және есепке алуды жүргізеді;

      5) қатысушы банктен салымшыны шетелдік білім беру ұйымына қабылдау және салымшының жинақталған қаражатын шетелдік білім беру ұйымына аудару туралы растайтын құжаттарды алғаннан кейін салым шартын білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімінен алып тастайды және ол бойынша мемлекет сыйлықақысын есепке жазуды тоқтатады;

      6) бұқаралық ақпарат құралдарында Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысу үшін осы Заңда қойылатын талаптарды қатысушы банктің орындауы туралы мәліметтерді жылына екі рет жариялайды;

      7) білім беру жинақтау салымына есепке жатқызылуға тиіс мемлекет сыйлықақысы сомасын есептеуді жүзеге асырады және оны қатысушы банкке ұсынады;

      8) қатысушы банктің білім беру жинақтау салымдарына мемлекет сыйлықақылары сомаларын есепке жатқызу мерзімдерін сақтауына мониторингті жүзеге асырады;

      9) осы Заңның 14-бабында көзделген жағдайларда мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуын қайта есептеуді жүргізеді;

      10) бюджетке қайтарылуға жататын мемлекет сыйлықақысы сомасының мөлшері туралы анықтаманы-үзінді көшірмені салымшыға, қатысушы банкке немесе білім беру ұйымына береді;

      11) қатысушы банктің немесе білім беру ұйымының мемлекет сыйлықақысы сомасын бюджетке толық және уақытылы қайтаруын қамтамасыз етеді;

      12) салымшының, қатысушы банктің, білім беру ұйымының осы Заңда және (немесе) ынтымақтастық туралы келісімде қойылатын талаптарды бұзуы анықталған жағдайда, оларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тарту үшін шаралар қолданады;

      13) қатысушы банк осы Заңның 15-бабының 2-тармағында қойылатын талаптарды орындамаған жағдайда, қатысушы банкпен ынтымақтастық туралы келісімді біржақты тәртіппен бұзады, сондай-ақ салымшылардың ақшасын салымшының таңдауы бойынша басқа қатысушы банкке аударуды талап етеді;

      14) салымшының Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылу фактісі анықталған жағдайда, салымшымен салым шартын бұзу қажеттігі туралы қатысушы банкті хабардар етеді.

2-тарау. САЛЫМ ШАРТЫ

7-бап. Салым шарты

      1. Салым шарты білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілік шарт негізінде қатысушы банк пен салымшы арасында қарапайым жазбаша нысанда жасалады.

      2. Салым шарты кемінде үш жыл мерзімге жасалады.

      3. Қолданылу мерзімі өткеннен кейін салым шарты:

      1) егер тараптардың бірде-бірі шарттың қолданылуын тоқтатуға ниет білдірмесе, оның қолданылу мерзіміне автоматты түрде ұзартылады;

      2) тараптардың келісімімен өзге мерзімге ұзартылады;

      3) ақша қалдығы аударыла отырып, салымшының таңдауы бойынша басқа қатысушы банкпен жасалуы мүмкін.

      Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

8-бап. Салым шартының талаптары

      1. Салым шартында мынадай мәліметтер қамтылуға тиіс:

      1) шарттың нысанасы;

      2) бастапқы біржолғы жарна мөлшері;

      3) шарттың қолданылу мерзімі;

      4) қатысушы банк сыйақысының мөлшері және оны төлеу тәртібі;

      5) мемлекет сыйлықақысының осы Заңда белгіленген мөлшері;

      6) тараптардың құқықтары мен міндеттері;

      7) салымшының операторға банк құпиясын ашуға жазбаша келісімі;

      8) тараптардың жауаптылығы;

      9) шартты бұзу талаптары;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес өзге де ережелер.

      2. Білім беру жинақтау салымы теңгемен ашылады.

      3. Білім беру жинақтау салымын ашу үшін бастапқы ең төменгі біржолғы жарна республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің үш еселенген мөлшерін құрайды.

      4. Қатысушы банк салым шартын жасасқан кезде білім беру жинақтау салымына қосымша жарналарды салудың ұсынылатын кезеңділігін және олардың мөлшерін есептейді.

      5. Салымшының шотына Қазақстан Республикасының банк заңнамасына сәйкес үшінші тұлғалардан жарналар салынуы мүмкін.

9-бап. Салым шартын тіркеу

      1. Салым шарттары осы Заңның 12-бабына сәйкес мемлекет сыйлықақысы есепке жазылатын білім беру жинақтау салымдарын есепке алу үшін білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімінде тіркелуге жатады.

      2. Оператор қатысушы банк ұсынған салым шарттарын тіркеуді білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізіліміне мәліметтерді енгізу және тіркеу нөмірін беру арқылы жүзеге асырады.

      3. Осы Заңның талаптарына сәйкес келетін, қатысушы банк ұсынған салым шарттары тіркелуге жатады. Салымшының операторда тіркелген салым шарты болған кезде, салым шарты тіркелуге жатпайды.

10-бап. Қатысушы банк сыйақысы

      1. Қатысушы банк ай сайын капиталдандыра отырып, салымшыға салым шартында айқындалған мөлшерде салым сомасына сыйақы төлейді.

      2. Қатысушы банк сыйақысы салым шарты қолданылатын мерзім бойына есепке жазылады және білім беру жинақтау салымының негізгі сомасына қосылады (капиталдандырылады).

11-бап. Білім беру жинақтау салымына иелік ету

      1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі шеңберінде салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі білім беру жинақтау салымының ақшасын бір қатысушы банктен басқа қатысушы банкке толық көлемде жылына бір рет қана аударуды жүзеге асыруға құқылы.

      2. Салымшыға білім беру гранты берілген жағдайда, салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі:

      1) білім беру жинақтау салымына қаражат жинақтауды жалғастыруға;

      2) білім беру жинақтау салымының қаражатын Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын үшінші тұлғаның пайдасына ашылған (ашылатын) білім беру жинақтау салымына аударуға;

      3) білімнің басқа деңгейлерін алу мақсатында білім беру жинақтау салымының қаражатын білім беру қызметтеріне ақы төлеуге жұмсауға;

      4) білім беру жинақтау салымының қаражатын қатысушы банктің капиталдандырылған сыйақысымен және есепке жазылған мемлекет сыйлықақысымен қоса алуға құқылы.

      3. Білім беру ұйымына шарттық негізде түскен кезде білім беру қызметтеріне ақы салымшының не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілінің өтініші бойынша бөліктермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (барлық оқу мерзімі үшін) төленеді.

      4. Салымшы қаза болған, сот оны әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кеткен деп таныған, не қайтыс болды деп жариялаған немесе ол денсаулық жағдайына байланысты оқуын жалғастыруға қабілеті болмаған жағдайда, білім беру жинақтау салымын:

      1) салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі немесе оның мұрагерлері кез келген үшінші тұлғаның пайдасына ашылған (ашылатын) білім беру жинақтау салымына жібереді (қайта ресімдеу);

      2) ол мемлекет сыйлықақысы сақтала отырып, салымшыға не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкіліне немесе оның мұрагерлеріне салым шартын бұзу талаптары бойынша төленеді.

      5. Барлық оқу кезеңі үшін білім беру қызметтеріне ақы төленгеннен кейін білім беру жинақтау салымында қаражат қалған кезде салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі осы соманы есепке жазылған мемлекет сыйлықақысымен қоса алуға құқылы.

      6. Салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі жинақталған қаражат сомасын есепке жазылған мемлекет сыйлықақысымен қоса Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын үшінші тұлғаның білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімінде тіркелген салымына аударуға құқылы.

      7. Салымшы шетелдік білім беру ұйымына түскен жағдайда, салымшы не Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда оның заңды өкілі салымшыны шетелдік білім беру ұйымына қабылдау туралы растайтын құжаттар ұсынылған кезде, есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы мен қатысушы банк сыйақысы ескеріле отырып, салымшының жинақталған қаражатынан оқуға ақы төлеуге құқылы. Бұл ретте, кейіннен қаражат шетелдік білім беру ұйымына аударылған кезден бастап мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуы тоқтатылады.

      8. Мүлікке билік етуге уақытша шектеу, мүлікпен мәмілелер және өзге де операциялар жасауға шектеулер белгілеуге, салым шарты бойынша банктік шоттардағы ақшаға тыйым салуға немесе өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді.

      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2017 № 88-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. МЕМЛЕКЕТ СЫЙЛЫҚАҚЫСЫН ЕСЕПКЕ ЖАЗУ, ТӨЛЕУ ЖӘНЕ ҚАЙТАРУ

12-бап. Мемлекет сыйлықақысы

      1. Мемлекет сыйлықақысы тіркелген салым шарты бойынша жиырма жылдан аспайтын мерзімге есепке жазылады.

      2. Мемлекет сыйлықақысын есепке жазу жинақтаудың ең қысқа мерзімі бір жыл болған кезде жыл сайын 1 қаңтардағы жағдай бойынша салым сомасының нақты жинақталған қалдығына жүзеге асырылады. Мемлекет сыйлықақысы шарттың қолданылу мерзіміне есепке жазылады.

      3. Мемлекет сыйлықақысы салымның негізгі сомасына қосылады (капиталдандырылады).

      4. Мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуы:

      1) осы баптың 1-тармағында белгіленген есепке жазу мерзімі өткен жағдайда;

      2) салым шартының қолданылу мерзімі өткен жағдайда;

      3) салымшы қаза болған, соттың оны әрекетке қабілетсіз, хабарсыз кеткен деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген, не оны қайтыс болды деп жариялаған күннен бастап тоқтатылады.

      5. Мемлекет сыйлықақысы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесіне сәйкес есептеледі.

13-бап. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері

      1. Мемлекет сыйлықақысы білім беру жинақтау салымының сомасына жылдық бес пайыз, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде есепке жазылады.

      2. Мемлекет сыйлықақысы мынадай басым санатқа жатқызылған салымшылардың пайдасына ашылған білім беру жинақтау салымдары бойынша жылдық жеті пайыз, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бір жүз еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде:

      1) жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, оның ішінде кәмелетке толған балаларға, бірақ әрі кеткенде жиырма үш жасқа толғанға дейін;

      2) мүгедектерге;

      3) бiрге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның iшiнде орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі (магистратура) бiлiм беру ұйымдарында күндiзгi оқу нысанында білім алатын балалары бар көп балалы отбасылардан шыққан балаларға олар кәмелетке толғаннан кейiн оқу орнын бiтiретiн уақытқа дейiн, бiрақ әрi кеткенде жиырма үш жасқа толғанға дейiн;

      4) жан басына шаққандағы орташа табысы азық-түлік себетінің құнынан төмен отбасылардан шыққан балаларға есепке жазылады.

      3. Осы баптың 2-тармағының 1) тармақшасында аталған салымшылардың жылдық жеті пайыз мөлшерінде мемлекет сыйлықақысын алу құқығын оператор балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органнан есепке жазылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қажетті мәліметтерді алу арқылы жыл сайын растайды.

      Осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында аталған салымшылардың жылдық жеті пайыз мөлшерінде мемлекет сыйлықақысын алу құқығын оператор халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органнан есепке жазылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қажетті мәліметтерді алу арқылы жыл сайын растайды.

      Осы баптың 2-тармағының 3) және 4) тармақшаларында аталған салымшылардың жылдық жеті пайыз мөлшерінде мемлекет сыйлықақысын алу құқығын оператор халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органнан расталған тоқсаннан кейінгі тоқсанның 1-күніндегі жағдай бойынша қажетті мәліметтерді алу арқылы тоқсан сайын растайды.

      Жылдық жеті пайыз мөлшерінде мемлекет сыйлықақысы тиісті жылда салымшының басым санатқа жатқызылуы расталатын айларға есепке жазылады.

      4. Білім беру саласындағы уәкілетті орган мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекет сыйлықақысын инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерде ұлғайту туралы ұсыныстар енгізеді.

      Ескерту. 13-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2017 № 88-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

14-бап. Мемлекет сыйлықақысын бюджетке қайтару

      1. Есепке жазылған мемлекет сыйлықақысы:

      1) нысаналы мақсаты сақталмай, салым шарты салымшының бастамасы бойынша бұзылған немесе мерзімінің өтуіне байланысты салым шарты бойынша міндеттемелер тоқтатылған;

      2) салымшының білім беру ұйымынан шығарылған күнінен бастап күнтізбелік үш жыл өткен;

      3) жинақтау мерзімі осы Заңда белгіленген мерзімнен аз болған кезде мемлекет сыйлықақысын төлеу фактісі анықталған;

      4) салымшы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;

      5) мемлекет сыйлықақысының артық есепке жазылу фактісі анықталған жағдайларда бюджетке қайтарылуға тиіс.

      2. Мемлекет сыйлықақысын бюджетке қайтаруды қатысушы банк оператор арқылы, оның бюджетке қайтарылуға жататын мемлекет сыйлықақысы сомасының мөлшері туралы анықтама-үзінді көшірмесі бойынша, оператордан анықтама-үзінді көшірмені қатысушы банк алған күннен бастап банктік үш күн ішінде:

      1) осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша есепке жазылған мемлекет сыйлықақысының сомасы толық көлемде;

      2) осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіз бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесіне сәйкес білім беру қызметтеріне жұмсалмаған сома бөлігінде;

      3) осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көзделген негіз бойынша, мемлекет сыйлықақысының артық есепке жазылған сомасын қайтаруды жүзеге асырады.

      3. Салымшы білім беру ұйымынан шығарылған кезде, білім беру қызметтеріне жұмсалмаған соманы білім беру ұйымы оқудан шығару туралы бұйрық шыққан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салымшының білім беру жинақтау салымына аударуға тиіс.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2017 № 88-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК БІЛІМ БЕРУ ЖИНАҚТАУ ЖҮЙЕСIНЕ ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫ

15-бап. Ынтымақтастық туралы келісім

      1. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысу үшін қатысушы банк білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен ынтымақтастық туралы үлгілік келісім негізінде оператормен ынтымақтастық туралы келісім жасасады.

      2. Қатысушы банктерге мынадай талаптар қойылады:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің депозиттер қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға және жүргізуге, кассалық операцияларды жүргізуге арналған лицензияларының болуы;

      2) депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысу;

      3) алып тасталды - ҚР 05.07.2017 № 88-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
      РҚАО-ның ескертпесі!
      4) тармақша жаңа редакцияда көзделген – ҚР 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      4) ынтымақтастық туралы келісім жасасу (қайта жасасу) кезінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қолданған күші бар шектеулі ықпал ету шарасының және (немесе) санкциясының болмауы.

      3. Оператор білім беру қызметтеріне ақы төлеу білім беру жинақтау салымының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын білім беру ұйымымен ынтымақтастық туралы бекітілген үлгілік келісім негізінде ынтымақтастық туралы келісім жасасады.

      4. Ынтымақтастық туралы келісімде нысанасы, тараптардың құқықтары мен міндеттері, олардың өзара іс-қимылының шарттары, тәртібі және жауапкершілігі қамтылуға тиіс.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 05.07.2017 № 88-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысушылардың салым шартын жасасу және оның қолданылуы кезіндегі өзара іс-қимылы

      1. Салым шартын жасасу кезінде қатысушы банк салымшының осы Заңда белгіленген талаптарға сай келетіндігін, сондай-ақ салымшының атына ашылған қолданыстағы салым шартының жоқтығын тексереді.

      2. Әрбір салым шарты бойынша қатысушы банк ынтымақтастық туралы келісімде белгіленген мерзімдерде және тәртіппен операторға салымшы, шоттың жай-күйі, салымшы ақшасының қозғалысы, мемлекет сыйлықақысының есепке жазылуы және сомасы туралы мәліметтерді, сондай-ақ өзге де қажетті мәліметтерді ұсынады.

      3. Оператор салымшылардың Қазақстан Республикасы азаматтығына жататындығын растау туралы мәліметтерді сұратады, ал құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктерді беру жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын 1 қаңтарға қарай оларды ұсынады.

17-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылардың мемлекет сыйлықақысын есептеу және есепке жазу кезіндегі өзара іс-қимылы

      1. Оператор жыл сайын ағымдағы жылғы 1 сәуірге дейінгі мерзімде қатысушы банктердің салым шарттары бойынша ұсынған мәліметтерінің негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органға алдағы қаржы жылына арналған мемлекет сыйлықақыларын есепке жазудың болжамды есептеулерін ұсынады.

      2. Есепті жылдың қорытындылары бойынша оператор халықты әлеуметтік қорғау, балалардың құқықтарын қорғау және құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктерді беру саласындағы уәкілетті органдардан қажетті мәліметтерді алғаннан кейін, есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қаңтарына дейін білім беру саласындағы уәкілетті органға мемлекет сыйлықақыларының түпкілікті есептемесін ұсынады.

      3. Білім беру саласындағы уәкілетті орган оператордан мемлекет сыйлықақылары сомасының түпкілікті есептеуін алғаннан кейін есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейін оператордың шотына мемлекет сыйлықақыларының жалпы сомасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аударады.

      4. Оператор білім беру саласындағы уәкілетті органнан мемлекет сыйлықақыларының жалпы сомасын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде әрбір жасасылған салым шарты бойынша мемлекет сыйлықақысының мөлшері туралы мәліметтерді ұсына отырып, қатысушы банкке мемлекет сыйлықақыларын есепке жатқызуды жүргізеді.

      5. Қатысушы банк оператордан мемлекет сыйлықақыларының жалпы сомасын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде салымшылардың шоттарына мемлекет сыйлықақыларын есепке жатқызады.

      6. Қаржы жылы аяқталғаннан кейін алдыңғы есепті жылдар бойынша мемлекет сыйлықақысын толық есепке жазу қажеттілігіне әкеп соғатын фактілер анықталған жағдайда оператор толық есепке жазылған сомаларды осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен есепті жыл бойынша мемлекет сыйлықақыларының түпкілікті есептемесіне енгізеді.

      Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.07.2017 № 88-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

18-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысушылардың білім беру қызметтеріне ақы төлеу кезіндегі өзара іс-қимылы

      1. Білім беру жинақтау салымы арқылы білім беру қызметтеріне ақы төлеу салымшының өтініші бойынша жүзеге асырылады. Білім беру қызметтерін көрсету шартының көшірмесі ұсынылған кезде қатысушы банк бір жұмыс күні ішінде қаражатты білім беру жинақтау салымынан білім беру ұйымының банк шотына аударады.

      2. Оқуға қабылданған, ауысқан, академиялық демалыс ресімделген, академиялық демалыстан оралған, оқуға қайта қабылданған, білім беру ұйымынан шығарылған, оның ішінде оқуды бітіруге байланысты шығарылған кезде, салымшы үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қатысушы банкке және операторға растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.

      3. Білім беру ұйымы:

      1) салымшының оқуға қабылдануы, ауысуы, академиялық демалысты ресімдеуі, академиялық демалыстан оралуы, оқуға қайта қабылдануы, білім беру ұйымынан шығарылуы, оның ішінде оқуды бітіруге байланысты шығарылуы туралы тиісті құжаттардың көшірмелерін жіберу арқылы олар қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қатысушы банкті және операторды хабардар етеді;

      2) салымшының немесе қатысушы банктің талап етуі бойынша қажет болып тұрған академиялық кезеңдегі оқу құны немесе анықтама берілетін күнгі оқудың толық құны туралы анықтама береді;

      3) оператордың сұрау салуы бойынша білім беру ұйымында білім алатын салымшы туралы қажетті мәліметтерді ұсынады;

      4) салымшы басқа білім беру ұйымына ауысқан кезде, қабылдайтын білім беру ұйымының шотына білім беру қызметтеріне төленген ақының қалдығын аударады, бұл жөнінде операторды үш жұмыс күні ішінде хабардар етеді.

      Білім беру ұйымы салымшының оқуы үшін алған сома мен оқудан шығару туралы бұйрық шыққан күнге нақты алынған білім беру қызметтері құнының сомасы арасындағы айырма білім беру қызметтеріне төленген ақы қалдығы болып табылады.

5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

19-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiн мемлекеттік қолдау

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру жинақтау салымы жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру объектісі болып табылады.

      2. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi шеңберінде салымшы білім беру кредитін жеңілдетілген шарттармен алуға өтініш білдіруге құқылы. Білім беру кредиті қарыз алушыға жинақталған сома оқу ақысын толық көлемде төлеу үшін қажетті соманың кем дегенде елу пайызы мөлшерін құраған кезде білім беру ұйымында оқу құнының ұлғаю сомасына оны түзету мүмкіндігімен қалған сомаға кредитордың кредиттік желі ашуы арқылы мемлекет уәкілеттік берген ұйымның жүз пайыз кепілдігімен беріледі.

20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Президенті

Н. Назарбаев