Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 ақпандағы № 552-IV Заңы.

Жаңартылған

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

      МАЗМҰНЫ

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Заңға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 27.12.2019 № 291-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
      Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "курсанттарын", "Курсанттың", "курсанттары", "курсант", "курсанттарды" деген сөздер тиісінше "курсанттарын, тыңдаушыларын", "Курсанттың, тыңдаушының", "курсанттары, тыңдаушылары", "курсант, тыңдаушы", "курсанттарды, тыңдаушыларды" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 13.11.2015 № 398-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Осы Заң Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының (бұдан әрі – арнаулы мемлекеттік органдар) мәртебесiн айқындайды, арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) алып тасталды - ҚР 13.11.2015 № 398-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      1-1) адъюнкт – жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын шет мемлекеттің білім беру ұйымына халықаралық шарттарға сəйкес оқуға жіберілген қызметкер;

      2) арнайы жиындар – арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қызметтік-жауынгерлік даярлығы жөніндегі іс-шаралар;

      3) арнаулы атақ – қызметкерге берілетін арнайы айырым белгісі;

      3-1) арнаулы (әскери) оқу орындары – арнаулы мемлекеттік органдардың жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары;

      4) арнаулы киім нысаны – қызметкерлердің Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарына, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органына, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне тиесілігін айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген нысанды киім (киім-кешек) және айырым белгілері;

      5) арнаулы мемлекеттік органның қызметкерлері (бұдан әрі – қызметкерлер) – ұлттық қауіпсіздік органдарында, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінде қызмет атқарып жүрген, арнаулы атақ берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;

      6) арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет – ұлттық қауіпсіздік органдарындағы, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органдағы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіндегі лауазымдардағы мемлекеттiк қызметтiң ерекше түрi;

      7) арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы есебі – кадр қызметкерлерін есепке алу және талдау жүйесі;

      8) арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлерін есепке алу – арнаулы мемлекеттік органдардың әскери міндеттілері (офицерлік құрам) мен басқа да жұмылдыру ресурстарының сандық және сапалық деректерін есепке алу мен талдау жүйесі;

      9) арнаулы мемлекеттік органдардың запасы (бұдан әрі – запас) – қызметтен шығарылған (теріс себептер бойынша шығарылғандарды қоспағанда) және аумақтық ұлттық қауіпсіздік органдарында және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органда арнаулы мемлекеттік органдар запастағы офицерлерінің есебінде тұратын, арнаулы мемлекеттік органдарды толықтырып жасақтауға, жұмылдырушылық өрiстетуге және олардың шығынының орнын толтыруға арналған қызметкерлер;

      9-1) еңбек сіңірген жылдары – қызметкердің күнтізбелікпен де, жеңілдікпен де есептеп шығарылатын, əскери қызметте, арнаулы мемлекеттік жəне құқық қорғау органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда болу ұзақтығы;

      10) Жоғары аттестаттау комиссиясы – арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайтын тізбеге сәйкес басшы құрамның лауазымды адамдарын олардың атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігі және оларды одан әрі неғұрлым орынды қызметтік пайдалану перспективалары туралы аттестаттау қорытындылары мен ұсынымдарын, аттестаттау комиссиясының қорытындыларымен және ұсынымдарымен келіспейтін қызметкерлер шағым жасау тәртібімен ұсынған аттестаттауларды, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік орган бірінші басшысының нұсқауы бойынша Жоғары аттестаттау комиссиясының қарауына шығарылған аттестаттауларды қарайтын, тұрақты түрде жұмыс істейтін жоғары консультативтік-кеңесші орган;

      11) курсант – жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша арнаулы (əскери) оқу орнында білім алып жатқан немесе халықаралық шарттарға сəйкес шет мемлекеттің білім беру ұйымына оқуға жіберілген қызметкер;

      12) қолданыстағы резерв – арнайы жедел тапсырмаларды орындау үшін ерекше тәртіппен қызмет өткеру;

      13) қызмет өткеру туралы келісімшарт (бұдан әрі – келісімшарт) – тараптардың құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін белгілейтін шарт;

      13-1) магистранттар және докторанттар – арнаулы (әскери) оқу орындарында жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан қызметкерлер;

      14) отставка – қызметкерлерді арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығару немесе запаста болудың шектi жасына жеткендерді арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебінен алып тастау не арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке жарамсыз деп танылған адамдарды арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебінен алып тастай отырып, қызметтен шығару;

      15) полиграфологиялық зерттеу – адамның жекелеген физиологиялық реакцияларын (тыныс алу, жүрек соғуы, терінің тітіркенуі және тағы басқалары) арнайы датчиктердің көмегімен тіркеуден тұратын жауап алу рәсімі;

      16) психофизиологиялық куәландыру – арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке кандидаттардың, олардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жеке психологиялық және психофизиологиялық қасиеттерін жан-жақты бағалауға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;

      16-1) тыңдаушы – қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша арнаулы (əскери) оқу орнында білім алып жатқан немесе халықаралық шарттарға сəйкес шет мемлекеттің білім беру ұйымына оқуға жіберілген қызметкер;

      17) уәкілетті басшы – осы Заңда белгіленген тәртіппен қызметкерлермен келісімшарт жасасу, оларды лауазымға тағайындау, ауыстыру, қызметтен босату, шығару, сондай-ақ оларға арнаулы атақ беру туралы бұйрықтар (жеке құрам бойынша бұйрықтар) шығару құқығы берілген лауазымды тұлға;

      18) ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар – арнаулы мемлекеттік органдарда штаттарды құру, тарату, орын ауыстыру, қайта жасақтау, бағыныстылығын өзгерту, ұлғайту және қысқарту бойынша жүргізілетін іс-шаралар.

      Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің құқықтық негізі

      1. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңдары, сондай-ақ осы Заңға қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 417-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар

      1. Арнаулы мемлекеттік органдар – Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн, Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету күштерiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнуіне жол бермеу мақсатында барлау және қарсы барлау қызметін, сондай-ақ күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, жедел іздестіру және техникалық шаралар кешенін жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар.

      2. Арнаулы мемлекеттік органдарға ұлттық қауіпсіздік органдары, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі жатады.

      Арнаулы мемлекеттік органдардың жанынан консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін, олардың ережесі мен құрамын арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітеді.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардың негізгі міндеттері

      Арнаулы мемлекеттік органдарға негізгі міндеттер заңмен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктеледі.

5-бап. Арнаулы мемлекеттік органдар қызметінің қағидаттары

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметi Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет қағидаттары негізінде, сондай-ақ:

      1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғау мiндеттiлiгi;

      2) арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтi ұйымдастыруға көзқарастардың бiртұтастығы;

      3) дара басшылық пен субординация (бағыныстылық);

      4) қызметтің жария және жария емес әдістері мен құралдарының ұштасуы;

      5) саяси партиялардың және өзге де қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiнен тәуелсiз болу;

      6) құпиялық және жасырындылық негізінде жүзеге асырылады.


6-бап. Осы Заңның қолданылу аясы

      Осы Заңның күшi барлық қызметкерлерге қолданылады.

      Арнаулы мемлекеттік органдардың əскери қызметшілері осы Заңның 7, 10 (11-тармағын қоспағанда), 12, 15, 16, 17, 18, 19, 22, 24, 29, 30 (8-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда), 31, 32, 33, 34, 35, 36, 37, 40, 50, 75, 77 (4-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда) жəне 85 (4-2-тармағын қоспағанда)-баптарында көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, Қазақстан Республикасының əскери қызмет жəне əскери қызметшілердің мəртебесі туралы заңнамасына сəйкес қызмет өткереді.

      Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңнамасына қайшы келмейтiн бөлiгiнде мемлекеттік саяси қызметшiлерге қолданылады.

      Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2013.01.16 № 71-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.01.2015 № 275-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРҒА ҚЫЗМЕТКЕ ТҰРУ

7-бап. Қызметке қабылдау шарттары

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке жасы он сегiзге толған, бірақ осы Заңда белгіленген атақтар бойынша шекті жастан аспаған, қажетті жеке, моральдық және кәсiби қасиеттерi, бiлiм деңгейi, денсаулық жағдайы мен дене бiтiмiнiң даму жағдайы бар Қазақстан Республикасының азаматтары ерiктi негiзде қабылданады.

      Жедел бөлімшелерге қызметке жасы 23-тен кіші емес азаматтар (курсанттарды, тыңдаушыларды қоспағанда) қабылданады.

      Бөлімшелерді жедел және оған теңестірілген бөлімшелерге жатқызуды арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары белгілейді.

      2. Қызметке:

      1) Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп танылған;

      2) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн сырқаты бар;

      3) қызметкердің қызметте болуына байланысты заңда белгіленген шектеулерді және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;

      4) қызметке тұрар алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн тәртiптiк жауаптылыққа тартылған;

      5) қызметке тұрар алдында бiр жыл iшiнде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;

      6) қызметке тұрар алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;

      6-1) қызметке тұрғанға дейін өзіне қатысты үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қызметке тұрғанға дейін үш жылдың ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;

      7) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

      8) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан (қызметтен) шығарылған;

      9) бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған, сондай-ақ мемлекеттік қызметтен, өзге де арнаулы мемлекеттік органдардан, құқық қорғау органдарынан, соттардан және әділет органдарынан теріс себептер бойынша шығарылған;

      10) арнайы тексеруден өтпеген және (немесе) өзі не өзінің жақын туыстары (ата-анасы, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе зайыбы (жұбайы) және оның жақын туыстары туралы көрінеу жалған мәліметтер хабарлаған;

      11) жақын туыстары (ата-анасы, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) не зайыбы (жұбайы) немесе оның жақын туыстары ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған;

      12) қызметке жарамдылығын анықтау үшін әскери-дәрігерлік комиссияларда психофизиологиялық немесе медициналық куәландырудан немесе полиграфологиялық зерттеуден өтпеген адам қабылданбайды.

      Арнаулы мемлекеттік орган кандидатқа қызметке қабылдаудан бас тартудың анықталған себебін түсіндірмеуге құқылы.

      3. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылданатын азаматтар қызметке жарамдылығын айқындау үшін міндетті түрде әскери-дәрігерлік комиссияларда психофизиологиялық және медициналық куәландырудан, сондай-ақ полиграфологиялық зерттеуден өтеді. Полиграфологиялық зерттеуден өту тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақты алып тастау көзделген - ҚР 18.11.2015 № 412-V Заңымен (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Арнаулы мемлекеттік органға қызметке тұрған кезде адам және оның отбасы мүшелері (жұбайы (зайыбы), кәмелетке толған балалары мен оның асырауындағы және онымен үнемі бірге тұратын адамдар) "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кірістері мен мүлкi туралы декларацияны тапсырғандары туралы мәліметтер ұсынуға мiндеттi.

      5. Əскери немесе құқық қорғау қызметін өткерген азамат арнаулы мемлекеттік органға қызметке кірген кезде əскери немесе құқық қорғау қызметінен шығарылған күнінен бастап арнаулы мемлекеттік органға қызметке қабылданған күніне дейін үш айдан аспаса, оның көрсетілген кезеңде өзге де жеке жəне заңды тұлғалармен еңбек қатынастары болмаған жағдайда қызметте болуы үзіліссіз деп есептеледі.

      Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.01.2015 № 275-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.11.2015 № 411-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

8-бап. Қызметке кандидаттарды іріктеу және қабылдау

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылданатын кандидаттарды іріктеуді, оларды тексеруді арнаулы мемлекеттік органдардың кадр және өзге де бөлімшелері жүзеге асырады.

      Қызметке кандидаттарды іріктеу және қабылдау іс-шараларын ұйымдастыруды, өткізу тәртібін және әдістемесін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      2. Қажетті құжаттардың тізбесін, оларды ресімдеу тәртібін, сондай-ақ тексеру жүргізу мерзімдерін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      3. Қызметке кандидат білім деңгейі, жұмыс тәжірибесі, дене бітімі дайындығы мен денсаулық жағдайы бойынша тиісті арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілеген талаптарға сай болуға тиіс.

      4. Кандидатты медициналық куәландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      5. Кәсіби-психологиялық іріктеу бойынша іс-шараларды психологиялық-әлеуметтік қамтамасыз ету мамандары жүргізеді. Бұл ретте кандидаттың жеке, тұлғалық, кәсіби сипаттамаларының арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке қойылатын талаптарға сәйкестігі айқындалады.

      6. Кандидаттың келісімшарт бойынша қызметке тұру үшін белгіленген талаптарға сай келетін құжаттарын құрылымдық, аумақтық және өзге де бөлімшелер бағалау үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға жібереді.

      Қажет болған жағдайда, кандидат кәсіби жарамдылығын тексеру үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға шақырылуы мүмкін.

      7. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қабылдау, әдетте, конкурстық негізде жүзеге асырылады.

      Конкурстық негізде орналастырылатын лауазымдар тізбесін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      8. Конкурсқа қатысу үшін келген азаматтың кандидатурасын құрылуы мен жұмыс тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын конкурстық комиссия қарастырады.

      Конкурстық комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді.

      9. Конкурстық комиссияның оң қорытындысы келіп түскен кезде уәкілетті басшы кандидатпен келісімшарт жасасады, қажетті материалдарды ресімдейді және оларды жеке құрам бойынша бұйрық шығару үшін тиісті арнаулы мемлекеттік органға жібереді.

      10. Тиісті арнаулы мемлекеттік орган конкурс нәтижелері туралы құжаттарды алғаннан кейін іріктеліп алынған кандидаттарға қатысты оларды лауазымға тағайындау туралы жеке құрам бойынша екі ай ішінде бұйрық шығарады.

      11. Арнаулы мемлекеттік органдарға офицерлік құрамдағы адамдарды қызметке қабылдау арнаулы мемлекеттік органдар басшыларының бұйрықтарымен ресімделеді.

      12. Конкурстық іріктеуден өтпеген азаматтарды лауазымға қабылдаған лауазымды тұлғалар осы Заңда белгіленген тәртіппен тәртіптік жауаптылыққа тартылады.

      13. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке кіретін адамдар қызметкердің қызметте болуына байланысты заңда белгіленген шектеулерді және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды, олар жазбаша нысанда тіркеледі.

      14. Курсанттарды, тыңдаушыларды қоса алғанда, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің лауазымына тағайындалған немесе кадрына қабылданған әскери қызметшілер белгіленген тәртіппен әскери есептен алынады және арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы есебіне қойылады, олардың тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 18.11.2015 № 411-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-бап. Қызмет өткеру туралы келісімшарт

      1. Қызмет өткеру туралы келісiмшартты Қазақстан Республикасының азаматы уәкілеттi басшымен жасасады.

      2. Келiсiмшарт ерiктi түрде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес екi тараптың арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын:

      1) мерзiмінің аяқталуы бойынша;

      2) қызметкердің мерзiмiнен бұрын қызметтен шығарылуына байланысты;

      3) қызметкер қызмет өткеру туралы басқа келiсiмшартты жасасқан күннен бастап;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де жағдайларда тоқтатады.

      3. Қызмет өткеру туралы келісiмшартта азаматтың қызметке тұруының ерiктілiгi, азаматтың қызметті өткеруге мiндеттенетін мерзiмi мен келiсiмшарттың басқа да талаптары бекiтіледi.

      4. Қызмет өткеру туралы келiсiмшарттың талаптары азаматтың келiсiмшартта белгiленген мерзiм ішінде арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру мiндетiн қамтиды. Келiсiмшарттың талаптарында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер, кепiлдiктер мен өтемақылар алуды қоса алғанда, оның құқықтарының сақталуын көздейтін нормалар қамтылады.

      5. Лауазымға Қазақстан Республикасының Президентi тағайындаған қызметкерлер қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасаспастан тиiстi лауазымдағы қызметтi өткередi.

      Аталған қызметкерлер лауазымынан босатылғаннан кейiн қызмет өткеру туралы жаңа келісiмшарт жасасады немесе қызметтен шығарылады.

      6. Келiсiмшарттың нысаны, оны жасасу, ұзарту, өзгерту, бұзу және тоқтату тәртiбi осы Заңмен және арнаулы мемлекеттік органдардың нормативтiк құқықтық актiлерімен айқындалады.

      7. Қызметті өткеру туралы келісімшарт:

      1) үш жылға;

      2) бес жылға;

      3) он жылға;

      4) қызметте болудың шекті жасына толғанға дейін;

      5) курсанттар, тыңдаушылар үшін – арнаулы (əскери) оқу орнында не шет мемлекеттің білім беру ұйымында оқу мерзіміне жəне оны бiтiргеннен кейiн күнтізбелік есептеумен он жыл қызметке;

      6) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан қызметкерлер үшін – арнаулы (əскери) оқу орнында не шет мемлекеттің білім беру ұйымында оқу мерзіміне жəне оны бітіргеннен кейін күнтізбелік есептеумен бес жыл қызметке жасалуы мүмкін.

      Қызметкер жүктілікке жəне баланы (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыста немесе бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыста болған уақытта қолданыстағы келісімшарттың мерзімі өткен жағдайда, қызметкер демалыстан шыққаннан кейін екі ай ішінде осы Заңда айқындалатын тəртіппен жаңа келісімшарт жасасады немесе қызметтен шығарылады.

      Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

10-бап. Қызметкерлерді білім беру ұйымдарына оқуға іріктеу, қабылдау жəне жіберу

      1. Арнаулы (əскери) оқу орындарына немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға түсуге:

      1) жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша:

      əскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған Қазақстан Республикасы азаматтарының;

      əскери қызмет не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген Қазақстан Республикасы азаматтарының жəне əскерге шақыру бойынша мерзімді əскери қызмет өткеріп жүрген əскери қызметшілердің оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толғанға дейін;

      келісімшарт бойынша əскери қызмет өткеріп жүрген əскери қызметшілердің не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген қызметкерлердің оқуға түсетін жылы жиырма бес жасқа толғанға дейін;

      2) қысқартылған оқу мерзімімен жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша, əскери, арнаулы атақтары, офицерлік құрамның сыныптық шендері бар адамдарды қоспағанда, жоғары білімі бар Қазақстан Республикасы азаматтарының оқуға түсетін жылы кемінде жиырма екі жасқа толғанға дейін;

      3) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша офицерлік құрам қатарынан жоғары білімі бар қызметкерлер мен əскери қызметшілердің құқығы бар.

      2. Арнаулы мемлекеттік органдардың офицерлік құрамы қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының əскери қызмет жəне əскери қызметшілердің мəртебесі туралы заңнамасына сəйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетіне кадр органдарының жіберуі бойынша оқуға түсуге құқығы бар.

      3. Тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламаларын іске асыратын арнаулы (əскери) оқу орындарына қабылдау тəртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілейді.

      4. Халықаралық шарттарға сəйкес шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға іріктеу жəне жіберу тəртібі арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының бірлескен бұйрығымен белгіленеді.

      5. Курсанттың, тыңдаушының қызметтік міндеттерді атқарудың басталуы болып олардың арнаулы (əскери) оқу орнына қабылданған күні есептеледі.

      6. Əскери қызмет өткермеген азаматтар арнаулы (əскери) оқу орындарына қабылданған немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға жіберілген кезде қызметкерлер мəртебесiне ие болады жəне олар он сегіз жасқа толғаннан кейiн, бiрақ кемiнде бiрiншi курсты бітірген соң қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.

      7. Қызметкерлер арнаулы (əскери) оқу орындарына қабылданған не шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға жіберілген кезде қызмет өткеру туралы жаңа келiсімшарт жасасады.

      8. Əскери қызмет өткерген, сондай-ақ келісімшарт, əскерге шақыру бойынша əскери қызмет өткерiп жүрген азаматтар арнаулы (əскери) оқу орындарына қабылданған немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға жіберілген кезде курсант, тыңдаушы лауазымына тағайындау туралы бұйрық шығарылған күннен бастап қызмет өткеру туралы келiсімшарт жасасады.

      9. Арнаулы (əскери) оқу орындарына оқуға түскен немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға жіберілген азаматтар оқу мерзіміне жəне сонымен бір мезгілде оқуды бітіргеннен кейін қызметкерлер лауазымдарында күнтізбелік есептеумен он жылға арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады.

      10. Келісімшартта тараптардың (оқуға түсуші азаматтың жəне арнаулы мемлекеттік органның лауазымды адамының) өзара міндеттемелері мен жауапкершілігі белгіленеді жəне оқуды бітіргеннен кейін арнаулы мемлекеттік органдарда қызметті одан əрі өткеру шарттары мен мерзімдері көзделеді.

      11. Осы Заңда белгiленген тəртiппен қызмет өткеру туралы келiсiмшарт жасасудан бас тартқан қызметкерлер арнаулы (əскери) оқу орындарынан немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан шығарып жіберуге жатады.

      12. Қызметкерлердің арнаулы (əскери) оқу орындарында, сондай-ақ шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқу уақыты мерзімді əскери қызмет өткеру мерзіміне теңестіріледі.

      Арнаулы (əскери) оқу орындарынан немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан шығарып жіберілген, сондай-ақ қызмет өткеру туралы келісiмшарт жасасудан бас тартқан қызметкерлер, егер олар əскерге шақыру бойынша əскери қызметтің белгіленген мерзiмін өткермесе, тұрғылықты жерi бойынша əскери есепке қоюға жiберіледi жəне кейiннен жалпы негіздерде əскери қызметке шақырылады.

      Бұл ретте арнаулы (əскери) оқу орындарынан жəне шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан үлгерімсіздігі үшін, теріс себептермен немесе өз бастамасы бойынша шығарып жіберілген қызметкерлер өздерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.

      Арнаулы (əскери) оқу орындарынан немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарынан үлгерімсіздігі үшін, теріс себептермен немесе өз бастамасы бойынша шығарып жіберілген, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан қызметкерлер өздерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндетті.

      Оқытуға кететін шығындар сомасы қызмет өткеру туралы келісімшартта жəне (немесе) шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарымен білім беру қызметтерін көрсетуге жасалған шарттарда (келісімшарттарда) айқындалады.

      13. Қызметкер арнаулы (əскери) оқу орнын немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымын бiтіргеннен кейiн қызмет өткеруден бас тартқан жəне осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 5), 6), 7), 11), 12) жəне 13) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша қызметтен шығарылған жағдайда, ол өзін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеуге міндеттi.

      Өтеуге жататын сома келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін əрбір толық өткермеген айға пропорционалды түрде есептеледі.

      14. Шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарымен білім беру қызметтерін көрсетуге арналған шартта (келісімшартта), егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тараптардың ұлттық заңнамасына сəйкес білім алушылар үшін көзделген тараптардың (орындаушының жəне тапсырыс берушінің) өзара міндеттемелері мен құқықтары, қызметкерлердің құқықтарымен міндеттері, оқуға ақы төлеу мөлшері мен тəртібі, оқу мерзімдері жəне тұру жағдайлары, оқыту, ақшалай, заттай жəне өзге де ризықпен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету жəне сақтандыру мəселелері белгіленеді.

      Ескерту. 10-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

11-бап. Қызметкерлердің лауазымдарына орналастыруға қойылатын талаптар

      Қызметкерлердің лаузымдарына арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітетін арнаулы мемлекеттік орган лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына қарай тиісті орта білімнен кейінгі білімі, жоғары білімі бар Қазақстан Республикасының азаматтары тағайындалады.

12-бап. Қызметкерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру

      1. Қызметкерлерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің арнаулы (әскери) оқу орындарында, сондай-ақ басқа да білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

      2. Білім алушылардың контингентін қалыптастыру, қызметкерлерді қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру және өткізу тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.11.2015 № 398-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

13-бап. Қызметкерлердің ант қабылдауы

      1. Мыналар:

      1) арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған, бұрын әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған адамдар;

      2) бұрын әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған курсанттар, тыңдаушылар;

      3) бұған дейiн қандай да бiр себептер бойынша әскери ант немесе қызметкердің антын қабылдамаған арнаулы мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары ант қабылдайды.

      2. Қызметкерлер антының мәтінін және оны қабылдау тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      3. Қызметкерлердің антты уақтылы қабылдауына жауаптылық, оны қабылдауды ұйымдастыру және есепке алу арнаулы мемлекеттік органдар бөлімшелерінің басшылары мен кадр аппараттарына жүктеледі.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

14-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған адамдарды кәсіптік бейімдеу

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тұрған адамдар бөлімшенің жедел-қызметтік әрекеттеріне бейімделуден өтеді.

      2. Бейімдеу жөніндегі жұмыс қызметкерлерді атқаратын лауазым талаптарына, жүктелген міндеттерді сапалы орындауға тезірек араластыру, олардың бойында қажетті кәсіптік қасиеттерді тиімді қалыптастыру және арнаулы мемлекеттік органдардың құндылықтары мен корпоративтік мәдениет нормаларын игеруі мақсатында жүзеге асырылады.

      3. Қызметкерлерді кәсіптік бейімдеу жөніндегі жұмыс жоспарлы негізде жүргізіледі және тәлімгерлік жұмысты да қамтитын дамыту іс-шаралары кешенінен тұрады.

      Қызметкерлерді бейімдеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

3-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

15-бап. Қызметкерлердiң мәртебесi және олардың құқықтық кепiлдiктерi

      1. Қызметкерлер мемлекеттiк билiктiң өкiлдерi болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.

      Қызметкердің мәртебесіне азамат қызметке тұрған күннен бастап ие болады және қызметтен босатылуына байланысты арнаулы мемлекеттік орган жеке құрамының тізімінен шығарылған күннен бастап одан айырылады.

      2. Қызметкерлердiң Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген талаптарын (бұдан әрi – заңды талаптар) барлық азаматтар мен лауазымды адамдар орындауға мiндеттi.

      3. Қызметкерлер өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау кезiнде, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның басшысына, тiкелей және уәкiлеттi басшыларға ғана бағынады.

      4. Қызметкерлердiң қызметiне, оған Қазақстан Республикасының заңдарымен тiкелей уәкiлеттiк берiлген адамдардан басқа, ешкiмнiң араласуына құқығы жоқ. Қызметкерлердiң қызметiне құқыққа қарсы араласу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      5. Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетiн бұйрық немесе нұсқау алған кезде қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарын ғана басшылыққа алуға мiндеттi.

      Басшыларға қызметтік міндеттерін орындауға қатысы жоқ және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен өкімдер беруге тыйым салынады.

      Жауынгерлік іс-қимылдарынан, төтенше жағдайлар ахуалында тапсырмаларды орындаудан, сондай-ақ жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын өткізуден басқа жағдайларда, бұйрықтар тек қана жазбаша түрде беріледі.

      6. Қызметкерлердiң өздерiне қатысты қабылданатын шешiмдер мен əрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға жəне (немесе) сотқа өздерінің құқықтарының бұзылғаны туралы білген күннен бастап үш айдан кешіктірмей шағым жасауға құқығы бар.

      Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Міндеттерді атқару

      1. Қызметкерлер:

      1) лауазымдық мiндеттер атқарған;

      2) жауынгерлік iс-қимылдарға қатысқан, төтенше немесе соғыс жағдайлар ахуалында, сондай-ақ қарулы қақтығыстар жағдайларында мiндеттер атқарған;

      3) бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегі бiтiмгершілік операцияларына қатысқан;

      4) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға қатысқан;

      5) оқу-жаттығуларға қатысқан;

      6) егер бұл қызметтік қажеттiлiктен туындаса, күн тәртiбiне белгіленген қызмет уақыты iшiнде немесе басқа да уақытта қызметтік объектілердің аумағында, сондай-ақ өзге де орындарда болған;

      7) қызметтiк iссапарда болған;

      8) қызметте, қызмет орнына бару және керi қайту жолында болған;

      9) емдеуде немесе медициналық тексеруде (куәландыруда), емдеу немесе медициналық тексеру (куәландыру) орнына бару және керi қайту жолында болған;

      10) арнайы жиындардан өткен;

      11) тұтқында, кепiлге алыну немесе еркiнен айрылу жағдайында болған;

      12) жеке адамның өмiрiн, денсаулығын қорғаған;

      13) адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қорғау, құқық тәртібiн сақтау мен қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына көмек көрсеткен;

      14) сот жеке адам, қоғам, мемлекет мүдделерiнде жасалған деп таныған өзге де iс-әрекеттер жасаған жағдайларда, қызметтік мiндеттерiн атқарушы болып есептеледі.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.04.2014 № 189-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

17-бап. Қызметкерлердiң қызмет өткеруге байланысты құқықтары

      1. Қызметкерлердiң:

      1) лауазымдық мiндеттерiн атқару үшiн қажеттi ақпараттар мен материалдарды белгiленген тәртiппен алуға;

      2) өздерiнiң құқықтары мен лауазымдық мiндеттерiн айқындайтын құжаттармен танысуға;

      3) лауазымдық мiндеттерiн атқарумен байланысты мемлекеттiк органдарға, ұйымдастыру-құқықтық нысанына қарамастан ұйымдарға белгiленген тәртiппен кiрiп-шығуға;

      4) егер лауазымдық мiндеттерiн орындау мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдаланумен байланысты болса, белгiленген тәртiппен осындай мәлiметтерге қол жеткiзуге;

      5) қызметтік іс-әрекет нәтижелерi, қызмет өтiлi мен бiлiктiлiк деңгейi ескеріле отырып, қызметте өсуiне;

      6) жеке iсiне енгiзiлгенге дейiн өздерiнiң қызметтік жұмысы туралы пiкiрлермен жəне басқа да құжаттармен, жеке iс материалдарымен (мемлекеттік құпияларды құрайтын мəліметтерді қамтитын арнайы тексеру материалдарын қоспағанда) танысуға, сондай-ақ өздерiнiң жазбаша түсiнiктемелерiн жəне басқа да құжаттар мен материалдарды жеке iске қосуға;

      7) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен қайта даярлықтан өтуіне және бiлiктiлiгiн арттыруына;

      7-1) арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен тағылымдамадан өтуіне;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз өмiрiнiң, денсаулығының және мүлкiнiң, өз отбасы мүшелерi өмiрiнiң, денсаулығының және мүлкiнiң мемлекеттiк қорғалуына;

      9) қызметкер мен оның отбасы мүшелерінің дербес деректерiнiң қорғалуына;

      10) өзiнiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау үшiн, сондай-ақ қызметiн өткеруге байланысты жеке дауларды шешу үшiн бағыныстылық тәртiбiмен жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға, жоғары тұрған органдарға немесе сотқа жүгiнуге;

      11) медициналық қамтамасыз етілуге және санаториялық-курорттық емделуiне;

      12) зейнетақымен қамсыздандырылуға және әлеуметтік қорғалуға;

      13) тұрғын үймен қамтамасыз етiлуге;

      14) қызметтiң ерекшелiктерi ескерiле отырып, қызметінің тиiсiнше ұйымдастырушылық-техникалық және санитариялық жағдайлары жасалуына;

      15) осы Заңға және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалуына;

      16) оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар.

      2. Қызметкерлерге өз құзыретi шегiнде өздерiне жүктелген мiндеттеріне сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтар берiледi.

      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

18-бап. Қызметкерлердiң қызмет өткеруге байланысты мiндеттерi

      1. Қызметкерлер:

      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;

      2) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттiң заңды мүдделерiнiң сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз етуге;

      3) өздерiне берiлген құқықтар шегiнде және лауазымдық мiндеттерiне сәйкес өкiлеттiктердi жүзеге асыруға;

      4) арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының бұйрығымен бекітілетін арнаулы мемлекеттік органдар ішкі қызмет жарғысының талаптарын, сондай-ақ қызмет жəне еңбек тəртібін сақтауға;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген шектеулердi қабылдауға;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген қызметтiк әдеп нормаларын сақтауға;

      7) басшылардың заңды бұйрықтары мен өкiмдерiн, жоғары тұрған органдар мен лауазымды тұлғалардың өз өкiлеттiктерi шегiнде шығарған шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға;

      8) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны, оның iшiнде қызметтi тоқтатқаннан кейiн де, ол жөнiнде қолхат бере отырып, заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға;

      9) қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде алған, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысын және қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi құпия сақтауға және заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;

      10) мемлекеттiк мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етуге;

      11) қызметкердiң жеке мүддесi өзiнiң өкiлеттiктерiмен ұштасатын немесе оларға қайшы келетiн жағдайларда, жазбаша нысанда баянат беруге және тiкелей және уәкiлеттi басшыны дереу хабардар етуге;

      12) өзiнiң кәсiби деңгейi мен бiлiктiлiгiн арттыруға;

      13) қызмет мүдделерiне зиян келтiретiн жария сөйлеуге жол бермеуге;

      14) тікелей басшысына:

      шет мемлекеттің азаматтығын қабылдау ниеті;

      Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш бергені;

      егер өздеріне белгілі болса, зайыбының (жұбайының) немесе өзінің жақын туыстарының шет мемлекеттің азаматтығын қабылдау ниеті жəне (немесе) олардың Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығу туралы өтініш бергені туралы жазбаша нысанда дереу хабарлауға;

      15) қажетті кәсіби және құқықтық білім, дене күші, арнаулы және жауынгерлік дайындық деңгейін сақтап тұруға мiндеттi.

      2. Арнаулы мемлекеттік органдардың алдына қойылған мiндеттерге сәйкес қызметкерлерге өз құзыретi шегiнде арнаулы мемлекеттік органдардың қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында көзделген өзге де мiндеттер белгiленедi.

      Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

19-бап. Қызметкердiң қызметте болуына байланысты қойылатын шектеулер

      1. Қызметкердiң:

      1) өкiлдi органдардың депутаты және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшесi болуға, партиялар, кәсiптiк одақтар қатарында болуға, қандай да бiр саяси партияны қолдап әрекет етуге, арнаулы мемлекеттік органдар жүйесiнде өз мүшелерiнiң еңбек, сондай-ақ басқа да әлеуметтiк-экономикалық құқықтары мен мүдделерiн бiлдiру мен қорғау және еңбек жағдайын жақсарту үшiн олардың кәсiптiк мүдделерiнiң ортақтығына негiзделген саяси мақсаттарды көздейтiн қоғамдық бiрлестiктердi құруға;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұл оның лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтерден басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұл оның лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, коммерциялық ұйымның басшылық органының немесе қадағалау кеңесінің құрамына кіруге;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғалардың iстерi бойынша өкiл болуға;

      5) өзiнiң қызметтiк әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға;

      6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттерiн орындауына кедергi келтiретiн іс-әрекеттерге қатысуға;

      7) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың қызметiн жеке мақсаттарда пайдалануға;

      8) пайдакүнемдiк мақсаттарда, оның iшiнде лауазымды немесе өзге адамдармен сөз байласу жолымен өзінің қызмет жағдайын пайдалануға;

      9) өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары, балалары, асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi және апа-сiңлiлерi, қарындастары, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын лауазымына тiкелей бағынысты болатын лауазымды атқаруға;

      10) уәкілетті басшының жолдамасы бойынша мамандандырылған медициналық мекемелерде (наркологиялық диспансерлерде) алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық, мас болу жағдайын туғызатын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалану, оның ішінде ара-тұра пайдалану тұрғысынан медициналық куәландырудан өтуден бас тартуға және жалтаруға құқығы жоқ.

      Куәландырудан өтуден бас тарту немесе жалтару арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығаруға әкеп соғады.

      2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен, қызметкер лауазымға кiрiскеннен кейiн бiр ай iшiнде коммерциялық ұйымдардағы өзiнiң меншiгiндегi акцияларды (жарғылық капиталға қатысу үлесiн) және пайдаланылуы табыс алуға әкелетiн өзге де мүлiктi, өзiне заңды түрде тиесiлi ақша, облигациялар, ашық және аралық пайлық инвестициялық қорлардың пайлары, сондай-ақ мүлiктiк жалдауға берiлген мүлiкті қоспағанда, қызметiн өткеру уақытына сенiмгерлiк басқаруға беруге мiндеттi. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шартын нотариат куәландыруға тиіс.

      Қызметкердiң сенiмгерлiк басқаруға берiлген мүлiктен, оның iшiнде сыйақы, дивидендтер, ұтыстар, мүлiктi жалға беруден және басқа да заңды көздерден табыстар алуға құқығы бар.

      3. Осы бапта көзделген шектеулердi сақтамағаны үшiн жауаптылық осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленедi.

20-бап. Соғыс жағдайы кезеңінде қызметте құқықтық қатынастардың туындауы мен өзгеруі

      Соғыс жағдайының қолданылу кезеңінде арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметте құқықтық қатынастардың туындауы мен өзгеруі ерекшеліктерін және оның жалғастырылуын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

21-бап. Қызметкерлердің жауаптылығы

      1. Өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртiптiк жауаптылықта болады.

      2. Көрінеу құқыққа қайшы бұйрықты немесе нұсқауды орындау қызметкерді жауаптылықтан босатпайды.

      Атқару үшiн алынған өкiмнiң заңдылығына күмәнданған кезде бұл жөнiнде ол өзiнiң тiкелей басшысына және өкiмдi берген басшыға жазбаша түрде дереу хабарлауға тиiс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы аталған өкiмдi жазбаша растаған жағдайда қызметкер, егер оны орындау қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, оны орындауға мiндеттi. Қызметкердің заңсыз өкiмдi орындауының салдары үшiн осы өкiмдi растаған басшы жауаптылықта болады.

      3. Қызметкерлердiң əрекеттеріне (əрекетсiздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тəртiппен жоғары тұрған лауазымды адамдарға жəне (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

      4. Құқыққа қайшы әрекеттерімен арнаулы мемлекеттік органға келтірілген материалдық нұқсан үшін қызметкер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауаптылықта болады.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Қызметкерлердің қызметтік куәліктері және жетондары

      1. Қызметкерлерге олардың жеке басын және өкілеттіктерін растайтын қызметтік куәліктер және жетондар беріледі.

      Куәліктер мен жетондарды беру және пайдалану тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

      2. Қызметтік куәліктің сипаттамасын және жетондардың үлгілерін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.

      3. Қызметтік куәлік адамның арнаулы мемлекеттік органға қатыстылығын, оның лауазымын және арнаулы немесе әскери атағын растайтын құжат болып табылады.

      Қызметтік куәліктер мен жетондарда қажетті қорғалу деңгейі болуы тиіс.

      Қызметкердің қызметтік куәлігі оның қаруды, арнаулы құралдарды алып жүру және сақтау құқығын, қызметкерге Қазақстан Республикасының заңдарында сәйкес берілген өзге де өкілеттіктерді растайды.

23-бап. Қызметкерлердің арнаулы киім үлгісі

      1. Арнаулы атақ берілген қызметкерлер бюджет қаражаты есебінен арнаулы киім үлгісімен қамтамасыз етіледі.

      2. Арнаулы киім үлгісінің түрлері мен сипатын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды. Арнаулы киім үлгісімен қызметкерлерді қамтамасыз ету нормаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітеді.

      Қызметкерлердің арнаулы киім үлгісін киіп жүру тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      3. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен қызметте болудың шекті жасына толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттың қысқартылуына байланысты шығарылған адамдардың, жиырма жəне одан көп еңбек сіңірген жылдары болған кезде, ерекше салтанатты жəне салтанатты арнаулы киім нысанын кию құқығы сақталады.

      Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-тарау. ҚЫЗМЕТ ӨТКЕРУ

24-бап. Кадр құрамы

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардың кадр құрамын қызметкерлер, әскери қызметшілер және жұмыскерлер құрайды.

      2. Қызметкерлер мен әскери қызметшілер арнаулы мемлекеттік органдарда штаттық лауазымдарда, қолданыстағы резервте қызмет өткереді, сондай-ақ запаста бола алады.

      Қызметкерлер мен әскери қызметшілерді қолданыстағы резервке алу мен олардың қызметті өткеру тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      Арнаулы мемлекеттік органдар жұмыскерлерінің еңбек шарттары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен реттеледі.

      Арнаулы мемлекеттік органдардың кадр құрамына қатысты жеке істер жүргізіледі, оларды ресімдеу, есепке алуды жүргізу жəне сақтау тəртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

25-бап. Қызметкерлер құрамы

      Қызметкерлер мынадай құрамдарға бөлінеді:

      1) қатардағы қызметкерлер;

      2) сержанттар;

      3) офицерлер.

26-бап. Арнаулы атақтар

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарда мынадай арнаулы атақтар белгіленеді:

      1) қатардағы құрам:

      қатардағы қызметкер;

      2) сержанттар құрамы:

      кiшi сержант;

      сержант;

      аға сержант;

      3) кіші офицерлік құрам:

      лейтенант;

      аға лейтенант;

      капитан;

      4) аға офицерлік құрам:

      майор;

      подполковник;

      полковник;

      5) жоғары офицерлік құрам:

      генерал-майор;

      генерал-лейтенант;

      генерал-полковник.

      2. Қызметкерлердің арнаулы атақтарының алдында олардың мыналарға қатыстылығын көрсететін мынадай сөздер қосылады:

      1) ұлттық қауіпсіздік органдарына – "ұлттық қауіпсіздік";

      2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне – "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі";

      3) сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органға – "сыртқы барлау".

      3. Запастағы азаматтардың арнаулы атақтарының алдына "запастағы", ал отставкадағыларға – "отставкадағы" деген сөздер қосылады.

      4. Арнаулы атақтарда еңбек сіңіру мерзімдері:

      офицерлік құрамға:

      лейтенанттарға – екі жыл;

      аға лейтенанттарға – үш жыл;

      капитандарға – төрт жыл;

      майорларға – бес жыл;

      подполковниктерге – жеті жыл белгіленеді;

      полковниктер мен одан жоғарыларға – белгіленбейді;

      қатардағы мен сержанттық құрамға – белгіленбейді.

      Оқу мерзімі бес жыл жəне одан көп болатын арнаулы (əскери) оқу орындарын немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарын бітірген қызметкерлер үшін лейтенант арнаулы атағында еңбек сіңіру мерзімі бір жыл болып белгіленеді.

      Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

27-бап. Арнаулы атақтарды беру тәртібі

      1. Арнаулы атақтар қызметкерлерге дербес беріледі. Арнаулы атақ алғашқы немесе кезекті болуы мүмкін.

      2. Қызметкерлерге арнаулы атақтарды:

      1) жоғары офицерлік құрамға – арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті;

      2) полковникті – арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы;

      3) өзге арнаулы атақтарды – лауазымдар номенклатурасына сәйкес арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындаған лауазымды адамдар береді.

      3. Алғашқы арнаулы атақтар болып:

      1) офицерлік құрам үшін – лейтенант;

      2) сержанттар құрамы үшін – кіші сержант;

      3) қатардағы құрам үшін – қатардағы қызметкер саналады.

      4. "Лейтенант" арнаулы атағы:

      1) офицерлік құрамның арнаулы атағы жоқ, жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша арнаулы (əскери) оқу орнын немесе арнаулы мемлекеттік органдардың жіберуі бойынша шет мемлекеттің білім беру ұйымын бітірген немесе оқу мерзімі кемінде алты ай болатын қосымша білімнің білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтаған қызметкерге;

      2) офицерлік құрамның арнаулы атағы жоқ, тиісті мамандығына ұқсас жоғары кəсіптік білімі бар жəне штатпен офицерлік құрам атағы көзделген лауазымға келісімшарт бойынша қызметке кірген қызметкерге тиісті лауазымға тағайындалған кезде беріледі.

      5. Офицерлік құрамның алғашқы арнаулы атағын қызметкер қызмет өткеріп жүрген арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы береді.

      6. "Сержант" арнаулы атағы және одан кейінгілер қажетті дайындық деңгейі бар және тиісті лауазымға тағайындалған қызметкерге, бірақ кемінде он екі айдан кейін беріледі.

      7. "Кіші сержант" арнаулы атағы əскери атағы жоқ, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар азаматқа штатпен сержанттық құрам атағы көзделген лауазымға келісімшарт бойынша қызметке кірген кезде, тиісті лауазымға тағайындалған кезде беріледі.

      8. "Қатардағы қызметкер" арнаулы атағы арнаулы атағы жоқ азаматтарға:

      1) келісімшарт бойынша қызметке тұрған кезде;

      2) арнаулы (əскери) оқу орнына қабылданған немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымына жіберілген кезде беріледі.

      9. Запастан қабылданған не Қарулы Күштерден, басқа әскерлерден және әскери құралымдардан ауыстыру тәртібімен қабылданған азаматқа қызметкер лауазымына тағайындау кезінде қайта аттестаттау тәртібімен өзінде бар әскери атақтан төмен емес арнаулы атақ беріледі.

      Бұрын арнаулы мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарында қызмет өткерген, запастан қабылданған не басқа арнаулы мемлекеттік органдардан ауыстыру тәртібімен қабылданған және арнаулы атағы, сыныптық шені немесе біліктілік сыныбы бар адамдарға оларды қызметкер лауазымына тағайындау кезінде қайта аттестаттау тәртібімен арнаулы атақ беріледі. Қайта аттестаттауды өткізу және арнаулы атақ беру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

      Арнаулы мемлекеттік органға тағайындалған адамның өзінде бар жоғары басшы немесе офицерлік құрамның арнаулы, әскери атағы, сыныптық шені немесе біліктілік сыныбы осы Заңның 26-бабы 1-тармағы 5) тармақшасының және 2-тармағының ережелері ескеріле отырып, ол қызмет өткеретін органға тиесілігін көрсететін тең дәрежедегі арнаулы атаққа сәйкес келеді деп танылады.

      Бұрынғы арнаулы, әскери атақта, сыныптық шенде немесе біліктілік сыныбында болу мерзімі кезекті арнаулы атақ беру үшін еңбек сіңіру мерзіміне есептеледі.

      Бір арнаулы мемлекеттік орган ішінде қызмет бабымен ауыстырылған қызметкерлер және әскери қызметшілер қайта аттестаттауға жатпайды.

      10. Кезекті арнаулы атақ қызметкерге, егер ол тең немесе одан жоғары арнаулы атақ көзделген штаттық лауазымды атқарып отырса немесе осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 5) және 6) тармақшаларына сәйкес штаттық емес лауазымда қызмет өткеріп жүрсе, алдыңғы арнаулы атақта еңбек сіңіру мерзімі өткеннен кейін беріледі.

      11. Қызметкерде алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде ол кезекті арнаулы атағын алуға ұсыныла алмайды.

      12. Алып тасталды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      13. Арнаулы атақтарда еңбек сіңіру мерзімі арнаулы атақ берілген күннен бастап есептеледі.

      14. Сержанттар құрамының лауазымына тағайындау кезінде тиісті даярлықтан өткен қызметкерге арнаулы атақ берілуі мүмкін.

      15. Кезекті арнаулы атақ ағымдағы арнаулы атақта болудың белгіленген мерзімі өткеннен кейін және берілетін атақ мемлекеттік қызметшілерді даярлау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттің арнаулы (әскери) оқу орнында, білім беру ұйымында білім алып жатқан қызметкердің оқуға түсу алдында атқарған лауазымы бойынша арнаулы атағына сәйкес болған кезде беріледі.

      16. Қызметтік борышын үлгiлi орындайтын, қызмет атқару немесе өзге де қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жоғары кәсіби шеберлiк пен ынта-жiгер танытқан қызметкерлерге кезектi арнаулы атақ мерзiмiнен бұрын берiлуi мүмкiн, бiрақ атқарып отырған лауазымдар бойынша көзделген әскери атақтан жоғары болмайды.

      Мерзiмiнен бұрын арнаулы атақ арнаулы атақта белгiленген еңбек сiңiру мерзiмiнiң кемiнде жартысы өткеннен кейiн, бiрақ тиiсiнше кiшi және аға офицерлік құрамның әскери атақтарында қызмет өткерген кезеңiнде бiр реттен артық берiлмейдi.

      17. Қызметтік, жауынгерлiк даярлықта, қызметтік тәртiптi нығайтуда, күрделi техниканы меңгеруде жоғары көрсеткiштерге қол жеткiзген немесе арнаулы мемлекеттік органның міндеттерін орындаумен байланысты тапсырылған учаскедегi мiндеттердi үлгiлi орындайтын қызметкерге подполковникке дейiн, ал ғылыми дәрежесі бар ғылыми-педагогикалық құрамның офицерлерiне полковниктi қоса алғанда – атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бiр сатыға жоғары кезектi арнаулы атақ берiлуi мүмкiн.

      Атқарып жүрген лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бiр сатыға жоғары кезектi арнаулы атақ қызмет кезеңiнде бiр реттен артық берiлмейдi және арнаулы атағында кемiнде екi белгiленген еңбек сiңiру мерзiмі өткеннен кейiн берiледi.

      18. "Кiшi сержант" кезектi арнаулы атағы ол үшiн "кiшi сержант" және одан жоғары арнаулы атақ көзделген лауазымға тағайындалатын қызметкерге берiледi.

      19. Офицерлік немесе сержанттық құрамның арнаулы атағынан айырылған азаматқа (әскери мiндеттiге) қатардағы құрамның әскери есебiне бiр мезгiлде ауыстыра отырып, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) жергiлiктi әскери басқару органының бастығы "қатардағы қызметкер" әскери атағын бередi.

      Ескерту. 27-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2017 № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

27-1-бап. Жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағы

      Жоғары офицерлік құрамның арнаулы атағы:

      генерал-майор қызметкерге жоғары офицерлік құрам лауазымының алдындағы лауазымда полковник атағында болғанына үш жыл өткеннен кейін жəне жоғары офицерлік құрамның лауазымында кемінде бір жыл қызмет еткеннен кейін берілуі мүмкін;

      генерал-лейтенант кемінде үш жыл генерал-майор арнаулы атағында болған қызметкерге берілуі мүмкін;

      генерал-полковник кемінде үш жыл генерал-лейтенант арнаулы атағында болған қызметкерге берілуі мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша жоғары арнаулы атақ мерзімінен бұрын берілуі мүмкін.

      Ескерту. 4-тарау 27-1-баппен толықтырылды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

28-бап. Арнаулы атақты төмендету, одан айыру және арнаулы атағын қалпына келтіру

      1. Қызметкердің арнаулы атағы бiр сатыға:

      1) жоғары офицерлік құрам – Қазақстан Республикасының Президентiмен;

      2) офицерлік құрам (жоғары офицерлік құрамнан басқа) – арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысымен;

      3) өзге де арнаулы атақтар – лауазымдар номенклатурасына сәйкес төмендетілуi мүмкiн.

      2. Арнаулы атағы төмендетілген қызметкердің бұрынғы арнаулы атағы, атқарып жүрген лауазымына қарамастан, арнаулы атағы төмендетілген күннен бастап алты ай өткен соң уәкілетті басшының бұйрығымен қалпына келтіріледі.

      Арнаулы атақтағы еңбек сіңіру мерзімі арнаулы атақты төмендету түрінде тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрық шыққан күннен бастап үзіледі және арнаулы атақты қалпына келтіру туралы бұйрық шыққан күннен бастап қайта жалғасады.

      Қызметкердің бұрынғы арнаулы атағын қалпына келтіргенге дейін және оған кезекті арнаулы атақ берілгенге дейін арнаулы атақты қайтадан төмендетуге жол берілмейді, бірақ ықпал етудің өзге де шарасы қолданылады.

      3. Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған қызметкерлер соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі бойынша арнаулы атағынан айырылады.

      Қызметкерді арнаулы атағынан айыру жеке құрам бойынша бұйрықпен ресімделеді.

      4. Заңсыз соттауға байланысты арнаулы атағынан айырылған азаматқа бұрынғы арнаулы атағы Қазақстан Республикасының заңдарында және басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген бұрынғы құқықтары мен жеңiлдiктерi қалпына келтiрiле отырып, оны ақтау туралы шешiм күшiне енгеннен кейiн берiледi.

      Ескерту. 28-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

29-бап. Қызметкерлерді лауазымға тағайындау және ауыстыру

      Ескерту. 29-бап алып тасталды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

30-бап. Лауазымға тағайындау тәртібі

      1. Қызметкер арнаулы атағы сəйкес келуге тиіс лауазымға тағайындалады.

      1-1. Арнаулы мемлекеттік органдардағы лауазымдар жəне оларға сəйкес келетін арнаулы жəне əскери атақтар тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

      1-2. Арнаулы мемлекеттік органдардағы типтік емес лауазымдар жəне оларға сəйкес келетін арнаулы жəне əскери атақтар тізбесін осы органдардың бірінші басшылары бекітеді.

      2. Қызметкерлермен келiсiмшарт жасасу, оларды лауазымдарға тағайындау, ауыстыру, босату, шығару, сондай-ақ оларға арнаулы атақтар беру туралы бұйрықтар (жеке құрам бойынша бұйрықтар) шығаруға құқығы бар лауазымды адамдар тiзбесiн (лауазымдар номенклатурасы) арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысы айқындайды.

      3. Қызметкерді лауазымға тағайындау бiлiмi мен кәсіби даярлығы деңгейiн, оның психологиялық қасиеттерiн, денсаулық жағдайын және осы Заңда көзделген өзге де мән-жайларды ескере отырып, жүргізiледi.

      4. Қызметкерлерді лауазымдарға тағайындау қызметтiк әрекетінің тәжiрибесi ескерiле отырып, оларды негізгі немесе бір бейінді мамандығы бойынша пайдалануды қамтамасыз етуге тиіс. Қызметкерді олар үшiн жаңа мамандық бойынша лауазымдарға пайдалану қажет болған кезде, олар осы лауазымдарға тағайындалар алдында тиiстi қайта даярлықтан өтуге тиiс.

      5. Офицерлік құрамның атағы бар, жоғары оқу орнынан кейiнгi білімнің бiлiм беру бағдарламалары бойынша оқуға арнаулы (əскери) оқу орнына қабылданған немесе халықаралық шартқа сəйкес шет мемлекеттің білім беру ұйымына жіберілетін қызметкер бұрын атқарған лауазымынан босатылады жəне арнаулы (əскери) оқу орнының магистранты не докторанты немесе адъюнкті лауазымына тағайындалады.

      Офицерлік құрамның атағы жоқ, жоғары жəне қосымша білім беру бағдарламалары бойынша арнаулы (əскери) оқу орнына қабылданған немесе халықаралық шартқа сəйкес шет мемлекеттің білім беру ұйымына жіберілетін қызметкер бұрын атқарған лауазымынан босатылады жəне арнаулы (əскери) оқу орнының курсанты немесе тыңдаушысы лауазымына тағайындалады.

      Жоғары жəне қосымша білім беру бағдарламалары бойынша арнаулы (əскери) оқу орнына қабылданған немесе халықаралық шартқа сəйкес шет мемлекеттің білім беру ұйымына жіберілетін Қазақстан Республикасының азаматы арнаулы (əскери) оқу орнының курсанты немесе тыңдаушысы лауазымына тағайындалады.

      Арнаулы (əскери) оқу орнына қабылданған кезде тыңдаушының (Қазақстан Республикасы азаматының) бұрын өзіне берiлген атағы сақталады.

      6. Арнаулы (әскери) оқу орнына, магистратураға, докторантураға қабылданбаған қызметкерлер өздерін аталған оқу орнына түсу үшін жіберген бөлімшеге бұрынғы атқарған лауазымына қайтып келеді.

      7. Арнаулы (əскери) оқу орындарын немесе шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарын бітірген қызметкерлер қажетті бiлiм деңгейi бар адамдар алмастыруға жататын жəне Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетін арнаулы мемлекеттік органдағы лауазымдар жəне оларға сəйкес келетiн арнаулы атақтар тiзбесiнде (бұдан əрі – лауазымдар тiзбесi) көзделген офицерлік құрам лауазымдарына тағайындалады.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша арнаулы (әскери) оқу орындарын немесе мемлекеттік қызметшілерді даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарын бітірген қызметкерлер оқуды аяқтағаннан кейін бұрын атқарған лауазымынан төмен емес лауазымға тағайындалады.

      Көрсетілген лауазымдарға тағайындау мүмкiн болмаған кезде мұндай қызметкерлер даярлық бейiнi бойынша ұқсас өзге лауазымдарға тағайындалады (айрықша жағдайларда лауазымға одан әрі тағайындау үшiн тиісті бастықтың қарамағына жiберiледi).

      8. Лауазымдарға тағайындау кезiнде мынадай шарттар сақталады:

      1) сержанттар құрамы және офицерлік құрам атқаруға жататын лауазымдарға тиiстi құрамның қызметкерлері тағайындалады.

      Аталған лауазымдарға тиiстi құрамның қызметкерлерiн тағайындау мүмкiн болмаған кезде оларға арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысы айқындайтын тәртiппен төмен тұрған құрамның қызметкерлері тағайындалуы мүмкiн;

      2) тиiстi бастықтардың қарамағына жiберiлген қызметкерлерді лауазымдарға тағайындау осы Заңның 33-бабының 4-тармағында белгiленген мерзiмнен аспайтын, мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде жүргiзiледi;

      3) қызметке жарамдылық санаты туралы әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысы ұсынылады;

      4) егер қызметкерге мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерге рұқсаттама беруден бас тартылған немесе аталған рұқсаттама тоқтатылған жағдайда, ол мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәліметтерге берiлетiн рұқсаттамамен байланысты емес лауазымға белгiленген тәртiппен тағайындалады немесе қызметтен шығарылуға жатады;

      5) өзара жақын туыстықта болатын қызметкерлерге, олар бiр-бiрiне тiкелей бағынысты болған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет өткеруге рұқсат берiлмейдi.

      8-1. Профессор-оқытушылар құрамының және ғылыми қызметкерлердің штаттық лауазымдарына тиісті құрамның қызметкерлерін тағайындау мүмкін болмаған жағдайда оларға жұмыскерлер арасынан адамдар арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен, оның ішінде уақытша тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте жұмыскердің лауазымдық айлықақысы ол атқаратын профессор-оқытушылар құрамының және ғылыми қызметкерлердің штаттық лауазымы бойынша бекітіледі.

      Профессор-оқытушылар құрамының және ғылыми қызметкерлердің штаттық лауазымдарына уақытша тағайындалған жұмыскерлер осы лауазымдарға қызметкерлер тағайындалған кезде басқа штаттық лауазымдарға тағайындалады, ал оларды көрсетілген лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған жағдайда белгіленген тәртіппен лауазымынан босатылады.

      9. Қызметкерлер жоғары тұрған, тең немесе төмен тұрған лауазымдарға тағайындалуы мүмкiн.

      10. Лауазымдар тiзбесiнде ол лауазымға бұрынғы лауазым бойынша арнаулы атаққа қарағанда неғұрлым жоғары арнаулы атақ, ал штатта көзделген арнаулы атақтар тең болған жағдайда - бiлiктiлiк талаптарының немесе басқару органының неғұрлым жоғары деңгейi сәйкес келсе, лауазым жоғары тұрған болып есептеледі.

      11. Қызметкерді жоғары тұрған лауазымға тағайындау қызметi бойынша жылжыту тәртібiмен жүргiзiледi.

      Жоғары тұрған лауазымға өзі қызмет өткеретiн органының аттестаттау комиссиясы ұсыным жасаған, қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде жоғары кәсіби қасиеттерін және ұйымдастырушылық қабiлетiн көрсеткен қызметкер тағайындалады.

      12. Лауазымдар, егер оларға тең арнаулы атақ, сондай-ақ тең бiлiктiлiк талаптары немесе басқару органдарының деңгейi сәйкес келсе, тең болып есептеледі.

      13. Қызметкерді тең лауазымға тағайындау:

      1) ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға байланысты;

      2) қызметкерді қызметте орынды пайдалану үшiн;

      3) осы Заңның 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайлар болған кезде, келiсiмшарт бойынша қызмет өткеретiн қызметкердің баянатына сәйкес отбасы жағдайы бойынша;

      4) әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жүргiзiледi.

      14. Лауазым, егер оған неғұрлым төменiрек арнаулы атақ, сондай-ақ анағұрлым төмен бiлiктiлiк талаптары немесе басқару органдарының төменгi деңгейi сәйкес келсе, төмен болып есептеледі.

      15. Төмен лауазымға тағайындау:

      1) қызметкердің келiсiмiмен:

      оның даярлық бейiнiне тең бос лауазым болмаған кезде ұйымдастырушылық-штаттық iс-шараларға байланысты;

      үлгi нысанын Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн отбасылық-мүлiктiк жағдайын тексеру актiсiмен расталатын, осы Заңның 49-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында айқындалған отбасы жағдайы бойынша;

      әскери-дәрігерлiк комиссияның қорытындысына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша;

      осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 4) тармақшасында айқындалған мән-жайларды қоспағанда, бастықтың қарамағында болған кезеңде;

      2) бір сатыдан төмен емес лауазымға уəкілетті басшы бекіткен аттестаттау комиссиясының ұсынымы бойынша қызметкердің келісімінсіз жүргізіледі.

      16. Қызметкерді лауазымға тағайындау, лауазымнан босату, бастықтың қарамағына жіберу, шығару, арнаулы атақ беру, одан төмендету, айыру кезiнде, сондай-ақ жаңа келiсiмшарт жасасқан кезде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіпте ұсыну ресiмделедi.

      Ескерту. 30-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

31-бап. Қызметкерлерді ауыстыру тәртібі

      1. Қызметкерді ауыстыру – бұл оның лауазымдық жағдайын немесе қызмет орнын өзгерту.

      Ауыстыру:

      1) лауазымға тағайындалған;

      2) iссапарға жiберiлген;

      3) осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 1), 2), 3), 5), 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетiлген негiздер бойынша бастықтың қарамағына жiберiлген;

      4) арнаулы (әскери) оқу орындарына қабылданған;

      5) бiр арнаулы мемлекеттік органнан басқасына не Қарулы Күштерден, басқа да əскерлер мен əскери құралымдардан құрылымында əскери қызмет өткеру көзделген арнаулы мемлекеттік органға ауыстырылған;

      6) бөлiмше тұрақты орналасу орнын өзгерткен жағдайларда жүргiзiледi.

      2. Ұйымдастырушылық-штаттық іс-шараларға сəйкес жүзеге асырылатын бөлімшенің тұрақты орналасу пункті өзгерген, сондай-ақ бөлімшенің тұрақты орналасу пунктіне қарамастан тең немесе жоғары тұрған лауазымға тағайындалған кезде қызметкерді ауыстыру арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы осы құқықты берген уəкілетті басшының шешімімен оның келісімінсіз жүргізіледі.

      3. Қызметкерді ауыстыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен iстердi және лауазымын тапсырғаннан кейiн ғана жүргiзiледi.

      Iстерді және лауазымын тапсыруды бастауды уәкілетті басшы жеке құрам бойынша бұйрықтан үзiндi-көшірме немесе қызметшiнi ауыстыру жөнiнде жазбаша хабарлама түскен күннен бастап, бiрақ хабарлама келіп түскен күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей, ал демалыста немесе емделуде жүрген қызметкер үшін – ол келген күннен бастап айқындайды.

      4. Қызметкерлерді ауыстыру қағидаларын арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.

      Ескерту. 31-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

32-бап. Лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқаруды жүктеу

      1. Қызметтiк қажеттiлiкке байланысты қызметкерге ол атқармайтын лауазымға тең немесе одан жоғары лауазым бойынша мiндеттердi уақытша атқару:

      1) бос (тағайындалмаған) лауазым бойынша – оның келiсiмiмен жүктелуi мүмкiн, бұл жағдайда қызметкер атқарып отырған лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатылады, бiрақ атқарып отырған лауазымынан босатылмайды және оған мiндеттердi уақытша атқаруға жiберiлген лауазымы бойынша ақшалай үлес төленеді;

      2) бос емес (тағайындалған) лауазым бойынша – оны атқарып отырған қызметкер уақытша болмаған немесе оны атқарып отырған қызметкерді лауазымынан шеттеткен жағдайда, 2 айдан аспайтын мерзiмге жүктелуi мүмкiн.

      2. Қызметкерге бос лауазымды уақытша атқаруды жүктеудi және оны атқарып отырған лауазымы бойынша мiндеттердi атқарудан босатуды осы лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам жүзеге асырады. Бұл ретте қызметкерге жоғары офицерлік құрам атқаруға тиiс бос лауазымдар бойынша лауазымды уақытша атқаруды жүктеу арнаулы мемлекеттік органның бiрiншi басшысы белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

      3. Органның бастығы өзi уақытша болмаған жағдайда мiндеттердi уақытша атқаруды орынбасарларының бiреуiне, олар болмаған кезде басқа лауазымды адамға жүктейдi.

33-бап. Бастықтың қарамағына жіберу

      1. Қызметтi одан әрі өткеру мәселелерiн шешу үшiн қызметкерлерді лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам бұйрықтар шығару құқығы бар уәкілетті басшының қарамағына жiберуi мүмкiн.

      2. Осы баптың 4-тармағында айқындалған жағдайларда жəне мерзімдерге қызметкерді уəкілетті басшының қарамағына жіберуге жол беріледі.

      Қарамағында болу мерзіміне демалыстарда, əскери-медициналық (медициналық) мекемелерде емделуде болған кезеңдер есептелмейді.

      3. Қарамағында қызметкерлер бар лауазымды адамдар олардың лауазымдық мiндеттерiнiң тiзбесiн бекiтедi.

      4. Қызметкер:

      1) оны басқа лауазымға тағайындау кезінде уәкілетті басшының қарамағында екі айдан аспайтын мерзімде болу;

      2) ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар (штаттардың қысқаруы) өткізуге байланысты уәкілетті басшының қарамағында үш айдан аспайтын мерзімде болу;

      3) қызметкерді тең лауазымға ауыстыру мүмкіндігінің болмауына байланысты уәкілетті басшының қарамағында алты айдан аспайтын мерзімде болу;

      4) қызметкерге қатысты күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылуына не қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасын қолдануға байланысты қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім шығарылғанға дейін уәкілетті басшының қарамағында болу;

      5) мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберілу;

      6) қолданыстағы резервте болу;

      7) мемлекеттік қызметшілерді жоғары оқу орнынан кейінгі білім беретін білім беру бағдарламалары бойынша даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының (осы тармақтың 9) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда) және (немесе) шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында оқу үшін оқу демалысының берілуіне байланысты оқу жоспарында айқындалған мерзімге уәкілетті басшының қарамағында болу;

      8) ақшалай ризық сақталмай шетелге қызметке, оқуға жіберілген қызметкер – жұбайымен (зайыбымен) бірге болған кезде қызметкерлердің уәкілетті басшысының қарамағында болу;

      9) Қазақстан Республикасының әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес білім алуға байланысты уәкілетті басшының қарамағында болу жағдайларында штаттық емес лауазымдарда қызмет өткеруі мүмкін.

      Ескерту. 33-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

34-бап. Лауазымнан босату

      1. Қызметкер жаңа лауазымға тағайындалған, ауыстырылған, қызметтен шығарылған жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Заңда көзделген басқа да мән-жайларға байланысты атқарып жүрген лауазымынан босатылады.

      2. Қызметкерді атқарып жүрген лауазымынан босатуға уәкілетті басшының құқығы бар.

35-бап. Ресми өкілдер

      Арнаулы мемлекеттік органдар өздерінің ресми өкілдерін өзге мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен немесе құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының шет елдердегi мекемелеріне жіберуі мүмкін.

      Ресми өкілдер туралы ережені арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

36-бап. Қызметкерлерді мемлекеттік органдарға, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберу

      1. Қызметкерлер мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешу үшін және заңдарда көзделген өзге де жағдайларда Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарына, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, олардың бірінші басшыларының келісімімен, не халықаралық шарттар негізінде халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілуі мүмкін.

      Іссапарға барған қызметкердің өзі іссапарға барған мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуы осы Заңда айқындалған тәртіппен конкурстық іріктеуден тыс жүзеге асырылады.

      Бұл ретте іссапарға жіберілген адамның мәртебесі сақталады, ал бұдан бұрын жасалған келісімшарттың қолданысы тоқтатылмайды.

      2. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлермен жаңа келісімшарттар жасасу осы Заңға сәйкес жүргізіледі.

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерге арнаулы атақтар беру, оларды қызметтен шығару, мемлекеттік наградалармен наградтау осы Заңда көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      4. Іссапарға жіберілген қызметкерлерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, сондай-ақ ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген лауазымдық айлықақылар және арнаулы атақ бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген айлықақылар төленеді.

      5. Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге сыйлықақы беру олар іссапарға жіберілген мемлекеттiк органдардың, сондай-ақ ұйымдардың қызметкерлерi үшiн айқындалған тәртiппен лауазымдық айлықақылар негiзге алына отырып жүзеге асырылады.

      Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге лауазымдық айлықақылар, сауықтыруға арналған жәрдемақылар мен сыйлықақы төлеу олар iссапарға жiберiлген мемлекеттiк органдарды, сондай-ақ ұйымдарды ұстауға көзделген қаражат есебiнен Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi. Өзге де төлемдер, сондай-ақ арнаулы киім үлгісімен қамтамасыз ету, қызметкерлерді iссапарға жiберген арнаулы мемлекеттік органды ұстауға көзделген қаражат есебiнен жүргiзiледi.

      6. Халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлерге, егер халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, халықаралық ұйымдар қызметкерлерінің тиісті санаттары үшін белгіленген жалақы оларды ұстау үшін көзделген қаражат есебінен төленеді.

      7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ ұйымдарға іссапарға жіберу кезеңінде қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтар, кепілдіктер, жеңілдіктер, өтемақылар, зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтік қорғау сақталады.

      Іссапарға жiберiлген қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте іссапарға жіберілген қызметкерлерге міндетті зейнетақы аударымдарын есептеу үшін олардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында, сондай-ақ ұйымдарында атқарып отырған лауазымдары бойынша лауазымдық айлықақылары есепке алынады, ал халықаралық ұйымдарға іссапарға жіберілген қызметкерлердің міндетті зейнетақы аударымдарын есептеу үшін арнаулы мемлекеттік органдарда атқарған соңғы лауазымдары бойынша лауазымдық айлықақылары және арнаулы атақтары бойынша айлықақылары есепке алынады.

      Қалған бiржолғы сипаттағы төлемдер бойынша iссапарға жiбергенге дейiн қызметкердің атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы есепке алынады.

      8. Қызметкерлерді арнаулы мемлекеттік органдарға іссапарға жіберудің және олардың қызмет өткеруінің ерекшеліктері осы Заңның 36-1-бабында айқындалады.

      Ескерту. 36-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

36-1-бап. Қызметкерлерді арнаулы мемлекеттік органдарға іссапарға жіберудің және олардың қызмет өткеруінің ерекшеліктері

      1. Қызметкерлерді арнаулы мемлекеттік органдарға іссапарға жіберудің және олардың қызмет өткеруінің ерекшеліктері арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының бірлескен нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.

      2. Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге лауазымдық айлықақылар, қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақылар және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген басқа да үстемеақылар, сауықтыруға арналған жәрдемақылар, сыйлықақылар, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне тұрғынжайды ұстауға және коммуналдық қызмет көрсетулерге ақы төлеуге арналған ақшалай өтемақы, бір елді мекеннен ара қашықтығы елу километрден асатын екінші бір елді мекенге көшумен байланысты болатын қызмет бабындағы ауысу кезінде қызметкерге және оның отбасы мүшелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көтерме жәрдемақы төлеу, қызмет бабындағы ауысу кезінде салмағы жиырма тоннаға дейінгі жеке мүлкін тасымалдау бойынша шығындарды, сондай-ақ емделуге жұмсалған қаражатты өтеу олар іссапарға жіберілген арнаулы мемлекеттік органды ұстауға көзделген қаражат есебiнен жүргiзiледi.

      Iссапарға жiберiлген қызметкерлерге сыйлықақы беру олар іссапарға жіберілген арнаулы мемлекеттік органның қызметкерлерi үшiн айқындалған тәртiппен лауазымдық айлықақылар негiзге алына отырып жүзеге асырылады.

      3. Арнаулы атағы бойынша айлықақы төлеу, тұрғын үй төлемдері, қызмет өткеру кезеңiнде қызметкер қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайдағы, оған мүгедектiк белгіленген кездегі немесе ол міндеттерін атқаруға байланысты мертіккен жағдайдағы біржолғы өтемақылар, сондай-ақ арнаулы киім нысанымен және басқа да заттай мүлікпен қамтамасыз ету қызметкерлерді іссапарға жіберген арнаулы мемлекеттік органды ұстауға көзделген қаражат есебiнен жүргiзiледi.

      Ескерту. 4-тарау 36-1-баппен толықтырылды - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

37-бап. Кадр резерві

      1. Арнаулы мемлекеттік органның кадрлық құрамын қалыптастыру және лауазымдардың жасақталуын қамтамасыз ету мақсатында арнаулы мемлекеттік органда кадр резерві жасалады.

      2. Кадр резерві аттестаттау нәтижелері бойынша жоғары тұрған лауазымға жоғарылатуға ұсынылған қызметкерлерден қалыптастырылады.

      3. Бос басшы лауазымға арнаулы мемлекеттік органның кадр резервінде тұрған адам уәкілетті басшының шешімі бойынша орналастырылады. Кадр резервінде тұрған қызметкерлер ұсынылған лауазымнан бас тартқан кезде бос лауазымға аттестаттау нәтижесі бойынша басқа қызметкер орналастырылады.

      4. Кадр резервін қалыптастыру және онымен жұмыс жүргізуді ұйымдастыру жауаптылығы арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті басшысына және кадр бөлімшесіне жүктеледі. Арнаулы органдарда кадр резерві кадрлардың сапалық құрамы және тиісті лауазымдарға орналастыру қажеттігі ескеріле отырып қалыптастырылады.

      5. Кадр резервіне қоюды уәкілетті басшы жүзеге асырады.

      6. Қызметкер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған, лауазымынан немесе арнаулы атағынан төмендетілген, сондай-ақ оған қызметіне толық сәйкес келмеуі туралы ескерту түрінде тәртіптік жазалау шарасы қолданылған жағдайларда кадр резервінен шығарылады.

      7. Қызметкердің кадр резервінде тұру мерзімі үш жылдан аспауға тиіс. Кадр резервіне қойылып, бірақ кадр резервінде болған кезеңде олар үшін жоспарланған лауазымға тағайындалмаған адамдар кадр резервіне жалпы негіздерде жаңадан қойылуы мүмкін.

      8. Арнаулы мемлекеттік органның кадр бөлімшелері кадр резервіне қойылған қызметкерлердің тізімдерін жүргізеді.

      9. Кадр резервін қалыптастыру және олармен жұмыс істеуді ұйымдастыру тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

5-тарау. ДЕМАЛЫСТАР

38-бап. Демалыс түрлері

      1. Қызметкерлер үшін демалыстардың мынадай түрлері белгіленедi:

      1) жыл сайынғы;

      2) қысқа мерзiмдi;

      3) жүктiлiгi және босануы бойынша, жаңа туылған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге демалыстар;

      4) қосымша;

      5) каникулдық;

      6) оқу;

      7) ауруы бойынша;

      8) бала үш жасқа толғанға дейін оны бағып-күтуге арналған айлықақысы сақталмайтын демалыс.

39-бап. Демалыстар берудің және олардың ұзақтығын есептеудің жалпы тәртібі

      1. Демалыстар уәкілетті басшының бұйрығы негiзiнде берiледi.

      2. Демалыстардың ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады, бұл ретте жыл сайынғы және қосымша демалыстардың жалпы ұзақтығы, демалысты өткiзу орнына барып қайту жолына қажеттi уақыт есептелмегенде, демалыс берiлетiн жылда алпыс тәулiктен аспауға тиiс.

      3. Осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыстардың барлық түрлерiнде болған кезеңде қызметкерлердің ақшалай үлесi және өзге де қосымша төлемдерi сақталады.

40-бап. Жыл сайынғы демалыс

      1. Жыл сайынғы негізгі демалыстар қызметкерлерге оларды пайдалану кезеңдері, сондай-ақ бөлімшені жауынгерлік əзірлікте ұстау ескеріле отырып жəне уəкілетті басшы бекіткен жəне барлық қызметкердің назарына жеткізілген демалыстар графигіне сəйкес жылдың кез келген мезгілінде беріледі. Демалыстар графигі Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес жеңілдіктерді пайдаланатын қызметкерлер санаттары ескеріле отырып, əрбір күнтізбелік жылға жасалады жəне барлық қызметкердің назарына жеткізіледі.

      Демалыс уақытында, бөлімшенің толық таралуын және келісімшартта көзделген өзге жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органның бастамасы бойынша қызметкерді ауыстыруға, жұмыстан шығаруға жол берілмейді.

      2. Еңбек сіңірген жылдарын, қызмет ерекшеліктері мен жағдайларын ескере отырып, қызметкерлерге (курсанттарды, тыңдаушыларды қоспағанда) берілетін жыл сайынғы демалыстардың ұзақтығы:

      қызметте еңбек сіңірген жылдары күнтізбелік 10 жылға дейінгілерге – 30 тәулік;

      10-нан 15 жылға дейінгілерге – 35 тәулік;

      15-тен 20 жылға дейінгілерге – 40 тәулік;

      20 жыл және одан көптерге – 45 тәулік;

      ұшу жұмыстарындағы, сондай-ақ тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін жергілікті жерлерде қызмет өткеретін адамдарға – 45 тәулік болып белгіленеді.

      3. Қызмет мүдделерін және қызметкерлердің тілектерін ескере отырып, демалыс екі бөлікке бөлінуі мүмкін.

      4. Қызметкердің қызметке тұрған жылдағы және қызметтен шығарылған жылдағы жыл сайынғы демалысының ұзақтығын есептеу жыл сайынғы демалыс ұзақтығын он екіге бөліп, алынған тәулік санын қызметке тұрған немесе шығарылған жылдағы қызметтің толық айларының санына көбейту арқылы есептеледі.

      5. Толық емес тəуліктердің санын дөңгелектеу ұлғайту жағына қарай жүргізіледі. Қызметкерді қызметтен уақтылы шығару (арнаулы мемлекеттік органның жеке құрамы тізімдерінен алып тастау) мүмкін болмаған жағдайда, оны қызметтен шығару күні жыл сайынғы демалыстың пайдаланылмаған уақытына есеп айырысу жүргізіліп, ол қызметкерге беріледі. Мерзімінен бұрын (келісімшарт мерзімі өткенге дейін) қызметтен шығару кезінде, егер демалыстар графигіне сəйкес демалыс бұрын пайдаланылмаса, қызметкердің жыл сайынғы демалыс ұзақтығы осындай тəртіппен есептеледі.

      6. Арнаулы (əскери) оқу орнын немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымын бітірген қызметкерлерге жыл сайынғы демалыс көрсетілген оқу орнын бітіргеннен кейін беріледі.

      7. Тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын биік таулы жерлерде (биіктігі бір мың бес жүз метр және одан жоғары), климат жағдайы ауыр және қолайсыз жерлерде қызмет өткеріп жүрген қызметкерлерге еңбек сіңірген жылдарына қарамастан ұзақтығы күнтізбелік қырық бес күн ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы беріледі.

      8. Қызметкерлердің жыл сайынғы демалысының ұзақтығы демалысты өткізу орнына барып қайту жолы үшін қажет уақытты ескере отырып, тәулік санына ұлғайтылады.

      9. Қызметкердің баянаты және уәкілетті басшының шешімі бойынша қызметкерге жыл сайынғы және қосымша демалыстар олардың арасын үзбей жалғастырылып беруге жол беріледі.

      10. Өткен жылдың жыл сайынғы және (немесе) қосымша демалыстарын қызметкер дәлелді себептермен толық пайдаланбаған жағдайда, демалыстың пайдаланылмаған күндері оның өтініші бойынша келесі жылы беріледі.

      11. Жыл сайынғы немесе қосымша демалыс уақытында (арнаулы мемлекеттік органның жеке құрамы тізімінен шығара отырып, қызметтен шығарылатын жылдан басқа) ауырып қалған қызметкерлерге, отбасы жағдайлары бойынша демалысты қоспағанда, ауырған күндерінің санына сәйкес жыл сайынғы немесе қосымша демалыс уақыты ұзартылады. Бұл жағдайда демалысты ұзартуды уәкілетті басшы емдеу-сауықтыру мекемесінің анықтамасы негізінде жүзеге асырады.

      12. Отбасы мүшесінің денсаулық жағдайы ауыр немесе ол қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда, сондай-ақ демалыстағы қызметкердің отбасы мүшелері табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға тап болғанда қызметкер демалып жүрген аумақтың аумақтық орган басшысы қызмет өткеру орнына баруға қажет уақытты есептемегенде, демалысты он тәуліктен аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы.

      Аумақтық орган басшысы демалыстың ұзартылғаны туралы аталған қызметкер қызмет өткеретін бөлімше басшысын дереу хабардар етеді.

      Ескерту. 40-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

41-бап. Қысқа мерзімді демалыстар

      1. Қызметкерлерге қысқа мерзімді демалыс он тәулікке дейінгі мерзімге:

      1) зайыбының (жұбайының), жақын туыстарының, зайыбының (жұбайының) жақын туыстарының денсаулық жағдайы ауыр болған немесе қаза тапқан (қайтыс болған);

      2) жақын туыстары, зайыбының (жұбайының) жақын туыстары табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға тап болған;

      3) шұғыл әлеуметтiк-тұрмыстық мәселелер туындаған жағдайларда, сондай-ақ уәкілетті орган басшысы дәлелдi деп танылған басқа да себептер бойынша беріледі.

      2. Қызметкерге берілетін қысқа мерзімді демалыс ұзақтығы демалыс өткізу орнына баруы мен қайту жолына қажетті тәулік санына ұлғайтылады.

      3. Қызметкерге қысқа мерзiмдi демалыстар жылына екі реттен артық берілмейді.

      Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

42-бап. Жүктiлiгi және босануы бойынша демалыс, бала (балалар) асырап алған қызметкерлерге берілетін демалыс

      1. Әйел қызметкерлерге жүктiлiгiне және босануына байланысты демалыстардың ұзақтығы, берілу мен ақы төлеу шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртіппен белгіленеді.

      2. Жаңа туылған бала (балалар) асырап алған қызметкерге (ата-анасының біріне) асырап алған күннен бастап және баланың туылған күнінен елу алты күн өткенге дейінгі мерзімге демалыс беріледі.

      Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

43-бап. Қосымша демалыстар

      1. Қазақстан Республикасының заңнамасында экологиялық апат аймағы деп жарияланған өңiрлерде қызмет өткеретiн қызметкерлердің ұзақтығы мен беру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалатын жыл сайынғы қосымша демалыстар алуға құқығы бар.

      1-1. Ұрыс қимылдарына, терроризмге қарсы жəне бітімгершілік операцияларға қатысатын (қатысқан) қызметкерлерге ұзақтығы екі апта қосымша демалыс беріледі, ол жыл сайынғы демалысқа қосылады.

      2. Қызметiнiң ерекше жағдайлары үшiн ұзақтығы күнтiзбелiк он күнге дейiн қосымша ақы төленетін демалыс берiледi, ол жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына қосылып есептеледi және қызметкердiң қалауы бойынша онымен бiр мезгiлде немесе бөлек берiлуi мүмкiн.

      3. Зиянды жағдайларда мiндеттерiн атқарғаны және қызметiнiң ерекше сипаты үшiн бiр мезгiлде қосымша демалыс алуға құқығы бар қызметкерлерге қосымша демалыс олардың таңдауы бойынша тек бiр негiз бойынша ғана берiледi.

      Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

44-бап. Каникулдық демалыстар

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардың арнаулы (әскери) оқу орындарында күндiзгi оқу нысаны бойынша білім алатын курсанттарға оқу сабақтарындағы үзілістер кезінде мынадай мерзімдерге каникулдық демалыстар беріледі:

      1) қысқы демалыс – 14 тәулік;

      2) жазғы демалыс – 30 тәулік.

      1-1. Шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарында білім алып жатқан курсанттарға, тыңдаушыларға каникулдық демалыстар халықаралық шарттарға жəне оқуға арналған келісімшарттарға сəйкес беріледі.

      2. Демалысты өткізу орнына барып қайту үшін қажетті уақыт берілмейді.

      Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

45-бап. Оқу демалыстары

      1. Қызметкерлерге уәкілетті басшылардың шешімі бойынша оқу демалыстары:

      1) оқуға түсу емтихандарына дайындалу және оларды тапсыру үшін;

      2) білім алу кезеңінде берілуі мүмкін.

      2. Оқу демалыстарының ұзақтығы оқу жоспарында белгіленеді және оны оқу орнының жазбаша шақыруы негізінде уәкілетті басшы береді.

      3. Мемлекеттік қызметшілерді жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттердің білім беру ұйымдарына оқуға түскен қызметкерлерге атқарып жүрген лауазымынан босатылып және уәкілетті басшының қарамағына есепке алына отырып, ақшалай үлесі сақталмайтын оқу демалысы беріледі.

      Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 398-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

46-бап. Ауыру бойынша демалыстар

      1. Қызметкерге ауыруы бойынша демалыс әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде беріледі. Қызметкерге ауыруы бойынша демалыс отыз тәуліктен алпыс тәулікке дейін, ал қызметтен шығарылатын жылы – келісімшарт мерзімі аяқталатын күнге дейін беріледі.

      2. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін денсаулығына жағымсыз әсер ететін міндеттерді орындағаннан кейін оларға медициналық оңалту жүргізіледі.

      Қызметкерге медициналық оңалту үшін берілетін қосымша тәуліктер санын әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

      3. Ауыру бойынша демалыстың ұзақтығы жыл сайынғы және қосымша демалыстар есебіне кірмейді.

46-1-бап. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс

      Қызметкерге баянаты бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген тəртіппен бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беріледі.

      Ескерту. 5-тарау 46-1-баппен толықтырылды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

47-бап. Демалыстан шақыртып алу

      1. Қызмет бабында аса қажет болған жағдайда уәкілетті басшының шешімі бойынша қызметкер демалыстан шақыртылып алынуы мүмкін.

      2. Қызметкердi демалыстан шақыртып алу бұйрықпен ресімделеді. Бұл ретте демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi он және одан көп тәулiктi құрайтын болса, қызметкерге демалысты өткiзу орнына, бірақ ол шақыртып алынған орыннан алыс емес жерге барып қайту жолы үшiн қажеттi уақыт берiледi. Демалыстың пайдаланылмаған бөлiгi қызметкердің қалауы бойынша келесi жылғы демалысқа қосылуы мүмкiн.

6-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДА ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУ

48-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтi тоқтатудың негiздерi

      Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтi тоқтатуға:

      1) осы Заңда белгiленген тәртiппен қызметтен шығару;

      2) қызметкердiң қайтыс болуы (қаза табуы) немесе соттың заңды күшiне енген шешiмiне сәйкес қайтыс болды деп хабарлануы;

      3) қызметкердi заңда белгiленген тәртiппен хабарсыз кеткен немесе iс-әрекетке қабiлетсiз, әрекет қабiлетi шектеулi деп тану негiз болып табылады.

49-бап. Қызметтен шығару

      1. Қызметкерлерді қызметтен шығару мынадай негiздер бойынша:

      1) қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша;

      2) келісімшарт мерзімінің аяқталуы бойынша;

      3) әскери-дәрiгерлiк комиссияның қызметке жарамсыздығы немесе шектеулi жарамдылығы туралы қорытындысы негiзiнде денсаулық жағдайы бойынша;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен арнаулы атақтан айырған кезде;

      5) арнаулы (əскери) оқу орнынан немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымынан шығарып жіберілген кезде;

      6) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде;

      7) осы Заңның 7-бабының 2-тармағында көрсетiлген мәлiметтердi бермегенi немесе бұрмалағаны үшiн;

      8) осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 4) тармақшасында айқындалған мән-жайларды қоспағанда, уәкілетті басшының қарамағында толық алты айға дейін болған кезде, қызметкердің бар тәжірибесі мен білімін пайдалану мүмкін болмаған кезде, сондай-ақ ұсынылған лауазымнан бір рет бас тартқан кезде;

      9) басқа тең лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған және қызметкер төмен тұрған лауазымға тағайындалудан бас тартқан кезде штаттың қысқартылуына байланысты;

      10) мемлекеттік органдарға (мекемелерге) қызметке ауысуына байланысты;

      11) оның келiсiмшарт талаптарын орындамауына байланысты;

      12) арнайы тексеруден бас тартқан кезде;

      12-1) атқаратын лауазымына сəйкес келмеуіне байланысты қызметтен шығару туралы аттестаттау комиссиясының ұсынымы бойынша;

      13) теріс себептер бойынша жүргізіледі.

      2. Қызметкер:

      1) оған қатысты келісімшарт талаптары айтарлықтай және (немесе) жүйелі түрде (екі және одан көп) бұзылған жағдайда;

      2) мыналардың:

      қызметкердің қызмет өткеріп жатқан жерінде медициналық көрсетулер бойынша қызметкердің отбасы мүшесінің тұруы мүмкін болмауы және оны жаңа қызмет орнына ауыстыру мүмкіндігі болмауы;

      отбасының басқа жерге көшу қажеттілігіне байланысты қызметкер күйеуінің (қызметкер әйелінің) қызмет орнын ауыстыруы;

      тұрғылықты жері бойынша халықты әлеуметтік қорғау органының қорытындысына сәйкес, денсаулық жағдайы бойынша тұрақты күтімді (көмекті, қадағалауды) қажет ететін не бірінші немесе екінші топтағы мүгедектер болып табылатын әкесіне, анасына, әйеліне, күйеуіне, аға-інісіне, апа-сіңлісіне, қарындасына, атасына, әжесіне немесе асырап алған адамына немесе қартаюына байланысты зейнеткерлік жасқа жеткен немесе он сегіз жасқа толмаған адамдарға, заң бойынша аталған азаматтар күтіп-бағуға міндетті басқа адамдар болмаған кезде тұрақты күтім жасау қажеттігі;

      қызметкер анасыз (әкесіз) тәрбиелеп отырған, он сегіз жасқа толмаған балаға күтім жасау қажеттігі салдарынан отбасы жағдайы бойынша;

      3) Қазақстан Республикасының өкілді органдарына сайланған немесе тағайындалған жағдайда;

      4) судья лауазымына сайланған немесе тағайындалған жағдайда қызметтен мерзімінен бұрын шығуға құқылы.

      3. Қайтыс болған (қаза тапқан) қызметкер қайтыс болуы (қаза табуы) құжаттамалық расталған күннен кейінгі күннен бастап, ал хабарсыз кеткен немесе қайтыс болды деп хабарланған қызметкер сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жеке құрам тізімдерінен шығарылады.

      4. Белгіленген мерзімде еңбек сіңірген адамдарды қызметтен шығару төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда оның қолданылу кезеңіне тоқтатыла тұрады.

      Ескерту. 49-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.08.2015 № 342-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

50-бап. Қызметкерлердің қызметте болуының шектi жасы

      1. Қызметте болудың мынадай шектi жастары:

      1) оны қоса алғанда майорға дейін – қырық жеті жас;

      1-1) подполковниктерге – елу жас;

      2) полковниктерге – елу бес жас;

      3) генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға – алпыс жас;

      4) генерал-полковниктерге – алпыс үш жас белгіленеді.

      2. Шекті жасқа толған қызметкерлер осы Заңда белгіленген тəртіппен запасқа немесе отставкаға шығарылуға жатады.

      Жоғары кəсіби даярлығы, атқаратын лауазымы бойынша жұмыс тəжірибесі бар жəне денсаулық жағдайы бойынша қызметті өткеруге жарамды қызметкерлерге арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары олармен жаңа келісімшарт жасасу арқылы қызмет мерзімін бес жылға дейінгі мерзімге ұзартуы мүмкін.

      Қызметте қалдыру мерзiмiн ұзарту туралы шешiм қызметкердi осы Заңда көзделген негiздер бойынша арнаулы мемлекеттік органдардан шығару мүмкiндiгiн жоққа шығармайды.

      Ескерту. 50-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 483-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

51-бап. Қызметтен шығару тәртiбi

      1. Қызметкерлердi қызметтен запасқа немесе отставкаға шығару лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес бұған құқығы бар уәкілетті лауазымды адамның бұйрығымен жүргізіледі.

      2. Қызметкерді бөлімшенің тізімінен шығару арнаулы мемлекеттік органдарда белгіленген мерзімде істер мен лауазымды тапсырғаннан кейін жүргізіледі.

      3. Қызметкер еңбек демалысында, емделуде немесе қызметтік іссапарда болған жағдайда жеке құрам тізімінен алып тастау жүргізілмейді.

      4. Қызметте болудың шекті жасына жету немесе келісімшарт мерзімінің аяқталуы туралы қызметкерді уәкілетті басшы алдын ала жазбаша түрде (бірақ бір айдан кешіктірмей) хабардар етеді.

      Қызметтен алдағы шығару туралы қызметкерге хабарлағаннан кейін оны қызметтік іссапарға жіберуге тыйым салынады.

      5. Қызметкерді қызметтен шығару туралы бұйрықтан үзінді-көшірме оған қол қойғызыла отырып, назарына жеткізіледі. Қызметкер орган орналасқан жерден тыс жерде жүрген жағдайда, қайтып оралғаннан соң бұйрықтан үзінді-көшірме оның назарына жеткізіледі.

      Бұйрықтан үзінді-көшірме қызметтен босатылатын қызметкердің жазбаша өтініші негізінде ғана беріледі.

      5-1. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған адамдардың қызметтен шығару туралы шешімге тиісті бұйрықтан үзінді көшірмемен жазбаша танысқан күннен бастап үш айдан кешіктірмей сотқа шағым жасауға құқығы бар.

      6. Қызметкерді қызметтен шығару үшін бірнеше негіз болған жағдайда, теріс себептер бойынша қызметтен шығару жағдайларын қоспағанда, ол өзі таңдаған негіз бойынша қызметтен шығарылады.

      7. Қызметкерлерді денсаулық жағдайы бойынша қызметтен шығару арнаулы мемлекеттік органның кадр аппараты әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысын алғаннан кейін жүргізіледі.

      8. Арнаулы атақтан айыруға байланысты қызметкерді қызметтен шығаруға ұсынымды ресімдеу:

      1) қылмыс немесе қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі арнаулы мемлекеттік органға келіп түскен кезде;

      2) соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде арнаулы атақтан айыруға ұсынымды бір мезгілде ресімдеу кезінде жүргізіледі.

      9. Арнаулы (əскери) оқу орнынан немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымынан шығарып жіберілуіне байланысты қызметтен шығарылған курсанттар, тыңдаушылар əскерге шақырылушыларды немесе əскери міндеттілерді əскери есепке қою үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті əскери басқару органдарына жіберіледі. Бұл ретте əскерге шақыру бойынша қызметтің белгіленген мерзімдерін өткермеген курсанттар, тыңдаушылар əскерге шақыру бойынша əскери қызмет мерзімі өткенге дейін жалпы негіздерде əскери қызметке одан əрі шақырылады.

      10. Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуына байланысты қызметкерлерді қызметтен шығару Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығару туралы тиісті Жарлығы күшіне енген күннен бастап немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тəртіппен уəкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуды тіркеген күннен бастап уəкілетті басшының шешімімен жүргізіледі.

      11. Мемлекеттік органдарға (мекемелерге) қызметке ауысуына байланысты қызметтен шығару мемлекеттік қызметші лауазымын көрсете отырып, қызметкердің қызметке қабылдануы туралы мемлекеттік органның (мекеменің) тиісті хабарламасы келіп түскен кезде қызметкердің баянаты бойынша жүргізіледі.

      12. Қызметкердің келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты қызметтен шығару осы Заңға сəйкес арнаулы мемлекеттік органның Жоғары аттестаттау комиссиясының немесе аттестаттау комиссиясының жоспардан тыс отырысында осы фактілерді қарағаннан кейін жүргізіледі.

      13. Арнайы тексеру жүргізуден бас тарту кезінде қызметтен шығару, егер қызметкер өзіне қатысты арнайы тексеру жүргізуден бас тартса немесе оны мемлекеттік құпияларға рұқсат беруді ресімдеуді қажет етпейтін лауазымға тағайындау мүмкін болмаған кезде арнайы тексеру нәтижелері бойынша қызметкерге мемлекеттік құпияларға рұқсат беруді ресімдеуге кедергі келтіретін мән-жайлар анықталған жағдайда жүргізіледі.

      13-1. Уəкілетті басшы бекіткен аттестаттау комиссиясының ұсынымы бойынша атқаратын лауазымына сəйкес келмеуіне байланысты қызметтен шығару уəкілетті басшының бұйрығымен жүргізіледі.

      14. Теріс себептер бойынша қызметтен шығару:

      1) қызметкердің қызметте, оның ішінде ара-тұра болуы, алкогольден, есірткіден, психотроптан, уытқұмарлықтан (оларға ұқсас заттардан) масаң күйде болуы, сондай-ақ есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйге ұшырататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалануы, оның ішінде ара-тұра пайдалануы, сондай-ақ мамандандырылған медициналық мекемелерде (наркологиялық диспансерлерде) алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйге ұшырататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) пайдалануға, оның ішінде ара-тұра пайдалануға медициналық куәландырудан өтуден бас тарту немесе жалтару;

      2) қызмет жағдайын жеке пайдакүнемдік мақсаттарда пайдалану;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, кәсіпкерлік қызметтің кез келген түрімен, оның ішінде коммерциялық делдалдықпен айналысу;

      4) қызмет жағдайын пайдалана отырып, жұмыс орындау мен қызмет көрсету және сол үшін заңсыз сыйақы алу;

      5) қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының және 36-бабының негізінде босатылуы;

      6) тәрбиелеу функцияларын орындайтын қызметкердің атқарып жүрген лауазымына жат әрекет жасауы;

      7) тікелей ақшалай қаражаттарға немесе мемлекеттік мүлікке қызмет көрсететін қызметкердің кінәлі іс-әрекеттер жасауы, егер бұл әрекеттер өкілетті басшы тарапынан оған сенімді жоғалтуға негіз берсе;

      8) мемлекеттік құпияларды құрайтын мəліметтерді, оларды жеткізгіштерді жария етуге немесе жоғалтуға əкеп соққан, құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптарды бұзу;

      9) бір жұмыс күнінде қатарынан үш және одан да көп сағат дәлелді себептерсіз қызметке шықпау;

      10) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған жағдайларда жүргізіледі.

      15. Қызметкер Қазақстан Республикасы Парламенті немесе жергілікті өкілетті органдар депутаттығына сайланған немесе тағайындалған жағдайда сайлау қорытындыларының тиісті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы негізінде мезгілінен бұрын қызметтен шығуға құқылы.

      16. Егер ол судья лауазымына тағайындалған немесе сайланған жағдайда, қызметкер оны тағайындау туралы тиісті актінің немесе оны сайлау туралы уәкілетті органның хабарламасы негізінде мерзімінен бұрын қызметтен шығуға құқылы.

      17. Қызметтен шығатын қызметкерлер, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың арнайы (әскери) оқу орындарынан шығарылған курсанттар қызметтік куәліктері мен жетондарын тапсырады.

      18. Уәкілетті басшының бұйрығымен жеке құрам тізімдерінен оны алып тастаған күн қызметкерді қызметтен шығару күні болып есептеледі.

      Ескерту. 51-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 18.11.2015 № 411-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

52-бап. Запасқа қою

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардың (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінен басқа) запасқа шығарылған қызметкерлері (офицерлік құрам) аумақтық ұлттық қауіпсіздік органдарындағы және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органдағы арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебіне алынуға жатады.

      2. Қызметтен:

      1) қатардағы және сержанттық құрамнан;

      2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінен;

      3) теріс себептермен;

      4) келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты шығарылған қызметкерлер жергілікті әскери басқару органдарына запасқа қойылуға жатады.

      Ескерту. 52-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 04.07.2014 N 233-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

53-бап. Запаста болудың шекті жасы

      1. Қызметкерлердің (офицерлік құрамдағы) запаста болуының шекті жасы ерлер үшін толық алпыс жасты, ал әйелдер үшін – толық қырық бес жасты құрайды.

      2. Запаста болудың шекті жасына жеткен қызметкерлер немесе денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлері есебінен алына отырып, отставкаға шығарылады.

      3. Соғыс уақытында Қазақстан Республикасының Президенті запаста болудың шекті жасын ұзартуы мүмкін.

      4. Арнаулы мемлекеттік органдардың запастағы офицерлерін есепке алуды ұйымдастыру және олардың қызметкерлерінің запаста болу тәртібін арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

54-бап. Қызметін қалпына келтіру

      1. Қызметтен шығарылған адамдар қызметтен шығару туралы бұйрыққа жоғары тұрған басшылық алдында немесе Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқылы.

      2. Қызметкерлерді (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) қызметтен заңсыз шығарған жағдайда, осыған байланысты келтірілген залал толық көлемде арнаулы мемлекеттік органдар есебінен өтелуге жатады.

      Қызметтен негізсіз шығарылған қызметкерлер бұрынғы лауазымына (ал оның келісімімен – соған тең немесе төмен тұрған) қайта тағайындалады және заңсыз шығарылғаннан кейін алынбаған үлесінің барлық түрлерімен қамтамасыз етіледі.

      Бұл кезең еңбек сіңірген жылдарына және кезекті арнаулы атақты беру үшін еңбек сіңірген мерзімге қосылады.

      Ескерту. 54-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-тарау. АТТЕСТАТТАУ ЖӘНЕ СЫНЫПТЫҚ БІЛІКТІЛІК

55-бап. Аттестаттау, оның мақсаты мен міндеттері

      1. Аттестаттау – қызметкерлердің кәсіби даярлық деңгейін анықтау бойынша мерзімді жүзеге асырылатын рәсім, ол аттестаттау парағына енгізілетін бағалау материалдарының жиынтығы негізінде жүргізіледі.

      2. Аттестаттау мақсаты – қызметтік әрекетті, кәсіби біліктілікті жан-жақты және объективті бағалау, сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби әлеуетін ұтымды пайдалану және дамыту.

      3. Аттестаттау міндеттері:

      1) әрбір қызметкердің кәсіби, іскерлік қасиеттеріне және әлеуетті мүмкіндіктеріне жан-жақты және объективті сипаттама алу;

      2) қызметкерлердің атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігін және оларды одан әрі қызметте пайдалану перспективасын анықтау;

      3) қызметкерлерді даярлауды (қайта даярлауды) және оқытуды жетілдіру бағытын анықтау;

      4) кадр резервін қалыптастыру және дамыту;

      5) қызметкерлерге орын алған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар əзірлеу.

      Ескерту. 55-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

56-бап. Қызметкерлерді аттестаттау

      1. Қызметкерлер арнаулы мемлекеттік органдарда үздіксіз қызметте болған әр келесі үш жыл өткен соң аттестаттаудан өтеді. Бұл ретте аттестаттау көрсетілген мерзім басталған күннен бастап, алты айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.

      Аттестаттауға жататын қызметкерлер жаңа лауазымдарға тағайындалған жағдайда, олар тағайындалғаннан кейін бір жылдан соң аттестаттаудан өтеді.

      2. Арнаулы мемлекеттік органның басшысы және оның орынбасарлары аттестатталуға жатпайды.

      Жүктілігі мен босануына байланысты, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша демалыстарда болу, мемлекеттік қызметшілерді жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттердің арнаулы (әскери) оқу орындарында, білім беру ұйымдарында жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім алу кезеңінде қызметкерлер аттестатталуға жатпайды. Олар қызметке шыққаннан кейін кемінде алты айдан соң және қызметке шыққан күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей аттестатталады.

      Кемінде күнтізбелік 20 жыл үздіксіз қызмет өтілі бар қызметкерлер аттестаттық тесттен өтуге жатпайды.

      3. Алып тасталды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Аттестаттау бірқатар кезектеп өткізілетін кезеңдерді қамтиды:

      1) дайындық іс-шараларын жүргізу;

      2) қызметкерді Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік тілді білуіне аттестаттық тестілеу жəне психологиялық-əлеуметтік зерттеулер жүргізу;

      3) аттестаттау комиссиясының отырысында аттестаттауды қарау және қорытындылары бойынша тұжырымдар мен ұсынымдарды анықтау.

      5. Қызметкерлерді аттестаттаудан өткізу, жоспардан тыс аттестаттау жүргізу, аттестаттық тестілеу бойынша шекті мәнді анықтау тәртібі мен шарттарын, аттестаттау кезінде психологиялық-әлеуметтік зерттеу жүргізудің әдістемесін таңдау, сондай-ақ аттестаттау парақтарының нысандарын және аттестаттау комиссиялары мен Жоғары аттестаттау комиссиясы қарайтын лауазымдар тізбесін белгілеу тәртібі арнаулы мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

      Ескерту. 56-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 398-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

56-1-бап. Қызметкерлерді жоспардан тыс аттестаттау

      1. Жоспардан тыс аттестаттау Жоғары аттестаттау комиссиясының отырыстарында қаралатын қызметкерлер үшін – арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының шешімі бойынша, басқа қызметкерлер үшін уəкілетті басшының шешімі бойынша өткізіледі.

      2. Жоспардан тыс аттестаттауды өткізу негіздері:

      1) қызметкерді кадр резервіне қабылдау туралы;

      2) қызметкерді төмен тұрған лауазымға тағайындау туралы;

      3) қызметкерді келісімшарт талаптарын орындамауына байланысты қызметтен шығару туралы мəселелерді шешу болып табылады.

      Қызметкерді кадр резервіне қабылдау туралы мəселені шешу үшін жоспардан тыс аттестаттау жоспарлы аттестаттауды өткізудің белгіленген мерзімінің кемінде үштен бірі өткен соң өткізілуге тиіс.

      Ескерту. 7-тарау 56-1-баппен толықтырылды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

57-бап. Аттестаттауды өткізу жөніндегі іс-шаралар

      1. Қызметкерлерді аттестаттауға байланысты іс-шараларды тікелей жүргізу кадр бөлімшелеріне жүктеледі.

      2. Кадр бөлімшесі әр жылдың аяғында келесі жылға қызметкерлерді аттестаттаудың жоспар-кестесін дайындайды.

      3. Уәкілетті басшы кадр бөлімшесінің ұсынуы бойынша қызметкерлерді аттестаттаудың жоспар-кестесін бекітеді.

      4. Кадр бөлімшесі қызметкерлерді аттестаттаудан өткізудің мерзімдері туралы оны жүргізу басталғанға дейін бір ай бұрын жазбаша хабардар етеді.

      5. Аттестатталушының тікелей басшысы аттестатталатын қызметкердің кəсіби, іскерлік жəне жеке басының қасиеттерін жан-жақты зерделеп, атқарып отырған лауазымы бойынша жұмысының нақты көрсеткіштерін объективті түрде талдап жəне бағалап, оған мінездеме беруге жəне аттестаттау бойынша алдын ала тұжырымдар мен ұсынымдар жасауға міндетті.

      Әскери-медициналық бөлімшелер аттестаттау комиссиясына аттестатталатын қызметкердің денсаулық жағдайы туралы жыл сайынғы диспансеризацияның нәтижелері бойынша мәлімет береді.

      6. Аттестатталатын қызметкер компьютерлік тестілеуден өтеді, оның нақты күні туралы кем дегенде 7 жұмыс күні бұрын ескертіледі. Психолог-маман психологиялық-әлеуметтанушылық зерттеулер кешенін жүргізеді және нәтижелері бойынша атқарып отырған лауазымына жеке, іскерлік қасиетінің және кәсіби құзыретінің сәйкес келуі туралы қорытынды, сондай-ақ аттестатталатын қызметкерге аттестаттаудан кейінгі кезеңге ұсынымдар шығарады.

      7. Аттестаттау қорытындысы бойынша тұжырымда аттестатталушы атқарып отырған лауазымына сәйкес келеді немесе сәйкес келмейді деп көрсетіледі, содан кейін іскерлік қасиеттерін, жұмыс тәжірибесін, сондай-ақ қызмет мүдделерін негізге ала отырып, оны одан әрі қызметте орынды пайдалану туралы пікір жазылады.

      Бұл ретте мынадай:

      жаңа келісімшарт, оның ішінде қызметте болудың шекті жасына жеткен қызметкермен келісімшарт жасасудың орындылығы туралы;

      жоғары лауазымға ұсыну туралы;

      арнаулы (әскери) оқу орындарына оқуға немесе даярлау немесе қайта даярлау курстарына жіберу туралы;

      ауыстыру себебін көрсете отырып, тең лауазымға ауыстыру туралы;

      қызметкерді себептері мен оны одан әрі қызметте пайдаланудың орындылығын көрсете отырып, атқарып отырған лауазымынан төмен лауазымға ауыстыру туралы;

      кәсіби дамудың жеке бағдарламасын игеру туралы;

      қызметтен шығару туралы ұсынымдар берілуі мүмкін.

      Біреуден көп ұсынымды айқындау кезінде олардың мазмұны бір-біріне қайшы келмеуі тиіс.

      Қажет болған жағдайда арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы өзгедей тұжырыммен айқындауға немесе қызметкерді аттестаттау кезіндегі ұсынымдар тізбесін толықтыруға құқылы.

      8. Атқарып отырған лауазымына сәйкес келмеуі туралы тұжырымды айқындау үшін:

      1) лауазымдық міндеттерін орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың нақты фактілері көрсетілетін, аттестатталушы қызметкердің тікелей басшысы (бастығы) немесе арнаулы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары әзірлеген, аттестаттау бойынша алдын ала тұжырым мен ұсынымдары бар қызметтік мінездеме;

      2) арнаулы мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген шекті мәннен төмен қайта аттестаттық тестілеудің нәтижесі (нәтижелері);

      3) арнаулы мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген кәсіби жарамдылықты анықтау бойынша нормативтердің орындалмауы;

      4) жүргізілген психологиялық-әлеуметтанушылық зерттеулердің нәтижелері бойынша маман-психологтың қорытындысы;

      5) денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды (әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы);

      6) қызметкердің келісімшарт талаптарын орындамауы негіз болып табылады.

      9. Жасалған аттестаттау материалы аттестаттау комиссиясының қарауына жатады.

      10. Дəлелсіз себеппен аттестаттау комиссиясының отырысына екі рет келмеген қызметкерлер осы Заңда белгіленген тəртіппен қызметтен шығарылуға ұсынылады.

      11. Кезекті (жоспардан тыс) аттестаттаудан өтпеген жəне (немесе) өзге, оның ішінде төмен тұрған лауазымдарда қызметті жалғастырудан бас тартқан қызметкерлер осы Заңда белгіленген тəртіппен қызметтен шығарылуға жатады.

      Ескерту. 57-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

58-бап. Аттестаттау комиссиясы

      1. Аттестаттау комиссиясы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      Жоғары аттестаттау комиссиясы арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының бұйрығымен құрылады. Арнаулы мемлекеттік органның бөлімшелерінде (органдарында) аттестаттау комиссиялары уәкілетті басшының бұйрығымен құрылады.

      2. Аттестаттау комиссиясының құрамына кемінде бес мүше кіруге тиіс. Аттестаттау комиссиясының төрағасы мен мүшелері аттестаттауға жататын қызметкерлерге қарағанда тең немесе жоғары тұрған лауазымды атқаруға тиіс. Аттестаттау комиссиясының болмаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді. Аттестаттау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда отырыс өткізілмейді.

      3. Жоғары аттестаттау комиссиясының төрағасы болып арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының бірінші орынбасары немесе орынбасары тағайындалады.

      4. Аттестаттау комиссиясының құрамына – органдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары жəне өзге де қызметкерлер, ал Жоғары аттестаттау комиссиясына арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысының орынбасарлары жəне басқа да лауазымды адамдар енгізіледі. Аттестаттау комиссиясының мүшелері мен хатшысы жалпы негіздерде аттестаттаудан өтеді. Аттестаттау комиссиясының аттестаттауға жататын мүшелері өзіне қатысты дауыс беруге қатыспайды.

      5. Кадр бөлімшесінің өкілі аттестаттау комиссиясының хатшысы болып табылады. Аттестаттау комиссиясының хатшысы оның жұмысын ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады және дауыс беруге қатысуға құқылы емес.

      6. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдар мен ұсынымдарды (материалдарды) қараған кезде түсінік алу үшін аттестатталатын қызметкерлерді де және олардың тікелей басшыларын (бастықтарын) да, сондай-ақ аттестатталушы қызметкердің қызметіне және алдын ала жасалған тұжырымдар мен ұсынымдарға тікелей қатысы бар басшыларды (қызметкерлерді) шақыруға құқығы бар.

      Аттестаттау комиссиясының ұсынымы бойынша аттестатталушы қызметкер әскери-дәрігерлік комиссияға жіберілуі мүмкін.

      7. Аттестаттау комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып саналады.

      8. Аттестаттау комиссиясының түпкілікті тұжырымдары мен ұсынымдары дауыс беру арқылы қабылданады және отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ішінен оларға көпшілік дауыс берілсе, қабылданған болып саналады. Дауыстар тең болған жағдайда төраға дауыс берген қорытындылар мен ұсынымдар қабылданған болып саналады.

      9. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары бес жұмыс күнінің ішінде хаттамамен ресімделеді, оған отырысқа қатысқан аттестаттау комиссиясының төрағасы, мүшелері және хатшысы қол қояды.

      10. Кадр бөлімшесі қызметкердің аттестаттау парағына қабылданған тұжырымдар мен ұсынымдарды енгізеді, ол бекітілгеннен кейін мұнымен қызметкер он жұмыс күні мерзімінен кешіктірмей қол қоя отырып, таныстырылады.

      Объективті себептер бойынша қызметкерді бекітілген аттестаттау парағымен таныстыру мүмкін болмаған жағдайда, таныстыру қызметке келген сәттен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      11. Аттестаттаудан өткен қызметкердің аттестаттау парағы жеке істе сақталады.

      Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

59-бап. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары

      1. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарын уəкілетті басшы бекітеді.

      Жоғары аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарын арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.

      2. Уəкілетті басшы бекіткен аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдары қызметкерді кадр резервіне қабылдауға, тең лауазымға тағайындауға, қызметкердің лауазымын төмендетуге немесе оны қызметтен шығаруға негіздер болып табылады.

      Ескерту. 59-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

60-бап. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарына шағым жасау

      1. Аттестаттау комиссиясының тұжырымдары мен ұсынымдарына қызметкер танысқан күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей уəкілетті басшының немесе арнаулы мемлекеттік орган бірінші басшысының алдында шағым жасай алады.

      2. Уəкілетті басшы немесе арнаулы мемлекеттік органның басшысы қызметкерді аттестаттаудан өткізу тəртібінің бұзылғаны туралы анық мəліметтерді алған жағдайда, өткізілген аттестаттау нəтижелерінің күшін жоюға жəне қажет болған кезде, оны қайтадан өткізуді тағайындауға құқылы.

      Ескерту. 60-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

61-бап. Сыныптық біліктілік

      Әрбір қызметкердің кәсіби шеберлігін дамытуды ынталандыру мақсатында сыныптық біліктілік беру, оны жоғарылату, төмендету және алу рәсімі жүргізіледі.

      Қызметкерлерге сыныптық біліктілік беру, оны жоғарылату, төмендету және алу арнаулы мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүргізіледі.

8-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІК ТӘРТІП

62-бап. Қызметтік тәртіп

      1. Қызметтік тәртіп – бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар мен қағидаларды қатаң және дәл сақтау.

      Қызметтік тәртіп әрбір қызметкердің қызметтік борышын және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген жеке жауапкершілігін сезінуіне негізделеді.

      2. Арнаулы мемлекеттік органдардың басшылары Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қатаң басшылыққа ала отырып, сеніп тапсырылған бөлімшелерде қызметтік тәртіпті күнделікті сақтауға міндетті.

      3. Қызметтік тәртіпке:

      1) қызметкерлерге патриоттық, имандылық және рухани тәрбие беруді ұйымдастырумен, оларда жоғары моральдық-психологиялық қасиеттерді қалыптастырумен;

      2) әрбір қызметкердің өзінің міндеттерін және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындауға деген жеке жауаптылығымен;

      3) бөлімшеде күн тәртібін және қызмет уақытының регламентін сақтаумен;

      4) басшылардың жеке үлгі көрсетуімен және бағынысты қызметкерлерге қызметтік міндеттерін тиісінше орындауы туралы күнделікті талап қоюымен, олардың орындаушылығын бақылаумен, қызметкерлердің құқықтары мен жеке қадір-қасиетін құрметтеумен, оларға қамқорлық жасаумен, көтермелеу, сендіру, мәжбүрлеу және ұжымның қоғамдық ықпал ету шараларын шебер үйлестіру және дұрыс қолданумен;

      5) бөлімшеде қызмет өткеру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайлар, қажетті материалдық-тұрмыстық және өзге де жағдайлар жасаумен қол жеткізіледі.

      4. Қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігі – қызметкерлер қызметтік міндеттерін атқару кезінде тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін олар жауапты болатын жауапкершілік түрі.

      5. Қызметкерлерді тәртіптілікке тәрбиелеудің негізгі әдісі сендіру әдісі болып табылады.

      6. Қызметтік тәртіптің жай-күйіне арнаулы мемлекеттік органдардың басшылары жауап береді. Олар бағынысты қызметкерлерден оның сақталуын талап етуге, лайықтыларды көтермелеуге, тәртіп бұзушыларды әділ жазалауға міндетті.

      7. Қызметтік тәртіпті және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауға қажетті жағдайлармен қамтамасыз етпеген, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдамаған, оларды жасыруға жол берген басшы бұл үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      8. Қызметтік тәртіпті сақтау бойынша басшылардың лауазымдық міндеттерін, оларға сеніп тапсырылған бөлімшелерде қызметтік тәртіпті нығайту мен сақтау бойынша бағалаудың негізгі өлшемдерін тиісті лауазымдық нұсқаулықтарда арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітеді.

      9. Қызметкерлердің арнаулы мемлекеттік органдардың орналасқан жерінен тысқары жерлерде, қызметтен тыс уақытта жасаған және қызметтік әрекетпен немесе қызмет мүдделерімен байланысты емес қылмыстық құқық бұзушылықтары мен теріс қылықтары үшін басшы тәртіптік жауаптылықта болмайды.

      10. Әрбір қызметкер басшыға бөлімшеде тәртіп орнатуға және қызметтік тәртіпті сақтауға жәрдемдесуге міндетті. Басшыға жәрдемдесуден бас тартқаны үшін қызметкер жауапкершілікте болады.

      11. Басшының бұйрық беру құқығы мен бағынысындағының оған мүлтіксіз бағыну міндеті дара басшылықтың негізгі қағидаттары болып табылады.

      Ескерту. 62-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

63-бап. Көтермелеулер

      1. Көтермелеу – қызметкерді тәрбиелеудің және қызметтік тәртіпті нығайтудың маңызды құралы болып табылатын оның қызметтік әрекетіне берілген оң баға.

      2. Көтермелеу қызметтік міндеттерін адал және ынтамен атқаратын және қызметтік борышын орындау кезінде ерекше көзге түскен қызметкерлерге қатысты қолданылады.

      3. Басшы осы Заңда өзіне берілген құқықтар шегінде бағынысты қызметкерлерді міндеттерін үлгілі орындағаны және қызметтік әрекетте қол жеткізген жетістіктері үшін көтермелеуге міндетті.

      Басшы өзіне берілген құқықтарды жеткіліксіз деп санаған жағдайда, ол ерекше көзге түскен қызметкерлерді жоғары тұрған басшының құқығымен көтермелеу туралы өтініш жасауы мүмкін.

      4. Ерекше көзге түскен қызметкерлер ерліктері мен мемлекет алдында сіңірген еңбектері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің актісі немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде атаулы қарумен марапатталуы мүмкін.

      5. Ерекше сіңірген еңбектері үшін қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапатталуға ұсынылуы мүмкін.

      6. Қызметкерлерге сонымен қатар мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкін:

      1) бұрын қолданылған жазаны алып тастау;

      2) арнаулы (әскери) оқу орнының орналасқан жерінен кезектен тыс босату (арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттары, тыңдаушылары үшін);

      3) алғыс жариялау;

      4) ақшалай сыйлықақымен марапаттау;

      5) бағалы сыйлықпен марапаттау;

      6) грамотамен марапаттау;

      7) ведомстволық медальдармен, төсбелгімен және арнайы белгілермен марапаттау;

      8) құрметті атақ беру;

      9) арнаулы мемлекеттік орган бөлімшесінің Құрмет кітабына енгізу;

      10) арнаулы (әскери) оқу орнын алтын медальмен аяқтаған арнаулы (әскери) оқу орындары курсанттарының тегін Құрмет тақтасына жазу, сондай-ақ арнаулы (әскери) оқу орнын оқуда ең үздік көрсеткіштермен аяқтағандар арасынан көтермелеу ретінде бірінші, екінші, үшінші курсанттарды, тыңдаушыларды анықтау;

      11) кезекті арнаулы атағын мерзімінен бұрын беру;

      12) кезекті арнаулы атағын атқарып отырған штаттық лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бір саты жоғары беру.

      Осы тармақтың 2), 3), 5), 6), 9) және 10) тармақшаларында көзделген көтермелеулерді қолдану тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы айқындайды.

      7. Көтермелеу түрін айқындаған кезде қызметкердің сіңірген еңбегінің немесе ерекшелігінің сипаты, сондай-ақ оның қызметке деген бұрынғы ынтасы назарға алынады.

      8. Қызметкердің дәл сондай ерекшелігі үшін тек бір көтермелеу жариялануы мүмкін.

      9. Тәртіптік жазасы бар қызметкер бұрын қолданылған жазасын алып тастау арқылы көтермеленеді. Тәртіптік жазаны алып тастау құқығы жазаны қолданған уәкілетті басшыға, сондай-ақ жоғары тұрған басшыға тиесілі.

      10. Көтермелеу түрінде бір уақытта тек бір тәртіптік жаза алынып тасталуы мүмкін, бұл ретте көтермелеудің осы түрімен көтермелеулердің басқа түрлері қолданылмайды.

      11. Басшының және уәкілетті басшының тәртіптік жазаны, егер ол өзінің тәрбиелік рөлін атқарса, қызметкер жаңадан теріс қылық жасамаса және өз тәртібін қызметтік борышын адал орындаумен түзесе, алты ай өткенге дейін алып тастауға құқығы бар.

      12. Көтермелеулер сап алдында немесе қызметкерлер кеңесінде жарияланады.

      Көтермелеулер туралы бұйрықтарды жариялау, сондай-ақ ерекше көзге түскен қызметкерлерге наградалар тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі.

      Ескерту. 63-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

64-бап. Теріс қылықтар мен жазалар

      1. Қызметкердің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі – теріс қылық) – бұл, қызметкердің оған жүктелген міндеттерді құқыққа қарсы, кінәлілікпен орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіпті, қызметтік әдеп қағидаларын бұзуы, тәртіптік түрде жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықты жасауы, сол сияқты қызмет өткерумен байланысты заңдарда белгіленген шектеулерді сақтамауы.

      2. Елеулі емес теріс қылық жасаған қызметкерге басшының қызметтік тәртіпті қатаң сақтаудың қажеттігі туралы жазбаша ескерту жасаумен шектелуге құқығы бар.

      Жазбаша ескерту қызметкерге қол қойғыза отырып, жеткізіледі, тіркеледі және қызметкердің жеке ісіне қосу үшін кадр бөлімшесіне беріледі. Алты ай өткеннен кейін ол алынады және оны кадр бөлімшесі белгіленген тәртіппен жояды.

      Жазбаша ескерту жаза болып саналмайды.

      3. Алдын алу мақсатында қызметкерлердің теріс қылықтары басшының шешімі бойынша:

      1) қатардағы қызметкерлер үшін – жеке құрамның жиналыстарында;

      2) сержанттар үшін – сержанттар құрамының жиналыстарында;

      3) офицерлер үшін – офицерлер жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.

      4. Аға офицерлер құрамындағы офицерлердің теріс қылықтары тек аға және жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердің жиналыстарында, жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердің теріс қылықтары тек жоғары офицерлер құрамындағы офицерлердің жиналыстарында қаралуы және талқылануы мүмкін.

      5. Кейінге қалдыруды күттірмейтін ерекше жағдайларда қызметкер оның жауаптылығы туралы мәселені шешкенге дейін лауазымынан уақытша шеттетілуі мүмкін.

      Қызметкерге лауазымынан уақытша шеттету ол жасаған теріс қылық оның қызметтік міндеттерін атқаруға немесе басқа қызметкердің қызметтік міндеттерін атқаруына кедергі келтірген не қызметкердің лауазымдық міндеттерін атқаруы оның теріс қылық жасауының мән-жайын жан-жақты, толық, объективті және уақытылы анықтауға, оның жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтауға кедергі келтіретін (келтіруі мүмкін) жағдайларда қолданылуы мүмкін.

      6. Қызметкерді лауазымынан оны лауазымға тағайындау құқығы берілген басшы шеттетеді.

      Бағынысты қызметкерді лауазымынан шеттеткен басшы лауазымынан шеттетуді тудырған себептер мен мән-жайларды нақты жазып, бұл туралы команда бойынша баяндауға міндетті.

      Бағынысты қызметкерді оған жеткілікті негізсіз лауазымынан шеттеткен басшы ол үшін тәртіптік және өзге де жауаптылықта болады.

      7. Тәртіптік жаза (бұдан әрі – жаза) – қызметкерге уәкілетті басшы қолданатын тәртіптік ықпал ету шарасы.

      8. Қызметкерлерге қатысты мынадай тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін:

      1) ескерту;

      2) сөгіс;

      3) қатаң сөгіс;

      4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту;

      5) арнаулы атағын бір сатыға төмендету;

      6) теріс себептер бойынша қызметтен шығару.

      9. Арнаулы (әскери) оқу орындарының курсанттарына қатысты мынадай тәртіптік жазалар қолданылады:

      1) ескерту;

      2) кезектен тыс нарядқа қою (бөлімшені күзетуді қамтамасыз ету бойынша нарядқа қоюды қоспағанда);

      3) арнаулы (әскери) оқу орнының орналасқан жерінен кезекті шығуынан айыру;

      4) сөгіс;

      5) қатаң сөгіс;

      6) арнаулы (әскери) оқу орнынан шығару.

      10. Теріс қылық жасаған қызметкерге осы Заңда белгіленген жазалар ғана қолданылуы мүмкін.

      11. Қызметкерлердің топ болып жасаған теріс қылығы кезінде жазалар әрбір кінәліге оның жауаптылық шамаларына қарай жеке қолданылады.

      12. Дәл сол теріс қылығы үшін бірнеше жаза қолдануға немесе бір жазаны басқасымен біріктіруге, тікелей кінәлілерді жазалаудың орнына бөлімшенің барлық жеке құрамына жаза қолдануға тыйым салынады.

      13. Жаза қолдану теріс қылық жасаған қызметкерді оны орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жаза қолданылған міндеттерді атқарудан босатпайды.

      14. Егер уәкілетті басшы бағынысындағы адам жасаған теріс қылықтың ауырлығына қарай, өзіне берілген тәртіптік құқықтар жеткіліксіз деп санаса, ол жоғары тұрған басшының құқығымен кінәліге жаза қолдану туралы өтініш жасайды.

      15. Жоғары тұрған басшының бағынысындағы басшы қолданған тәртіптік жазаны қатаңдық себебі бойынша алып тастауға немесе төмендетуге, егер соңғысы оған берілген өкілеттікті асыра пайдаланбаса, құқығы жоқ.

      16. Жоғары тұрған басшы осы жаза, жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкес емес деп тапса, бағынысындағы басшының қолданған тәртіптік жазасын алып тастауға және неғұрлым қатаң жаза қолдануға құқығы бар.

      Жаза заңсыз қолданылған жағдайда, ол жоғары тұрған басшының құқығымен алынып тасталуы мүмкін.

      Заңсыз жаза қолданған басшы ол үшін жауапты болады.

      17. Қызметкерге жаза қолдану оны заңмен көзделген жауаптылықтың басқа да түрлерінен босатпайды.

      18. Қызметкерлерге қолданылатын жазалар олар жасаған теріс қылықтың ауырлығына және олардың кінәсінің дәрежесіне сәйкес келуге тиіс.

      Егер кінәлі теріс қылықты бірнеше рет жасаған немесе топ болып тәртіп бұзуға қатысқан болса, егер теріс қылық кезекшілік, наряд уақытында және қызметтік міндеттерді атқару кезінде немесе алкогольдiк, есiрткiлiк, психотроптық, уыттық (оларға ұқсас) мас күйде жасалған болса, жазаның қатаңдығы арттырылады.

      19. Тәуліктік наряд құрамына кіретін (кезекшілік өткеретін) қызметкерге қызмет өткеру уақытында оның жасаған теріс қылықтары үшін жаза қолдану нарядтан ауысқаннан немесе оны басқа қызметкермен ауыстырғаннан кейін жүргізіледі.

      20. Қызметкерге жаза қолдану кезінде оның жеке ар-намысын кемсітуге, оған дене азабы мен моральдық азап келтіруге және дөрекілік көрсетуге жол берілмейді.

65-бап. Қызметтік тексеру жүргізу тәртібі

      1. Қызметтік тексеру – қызметкердің теріс қылықты жасау мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтау мақсатында ол туралы материалдар мен мәліметтерді жинау және тексеру жөніндегі қызмет.

      2. Қызметтік тексеру оны жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды айқындау, кінәлілерді анықтау және жазадан құтылмаушылық қағидатын қамтамасыз ету не қызметкерді жауаптылыққа негізсіз тартуды болдырмау мақсатында жүргізіледі.

      3. Қызметтік тексеру жүргізу үшін:

      1) баянаттар, арыздар, шағымдар мен хаттар;

      2) құқық бұзушылықтар мен оқиғалар фактілері;

      3) тексерістер қорытындылары;

      4) бөлімшенің оқу, жедел және қызметтік іс-қимылын тексеру нәтижелері;

      5) алдын ала анықтау, тергеу және сот органдарының хабарламалары;

      6) лауазымды тұлғалардың, ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының хабарламалары;

      7) қызметкерді Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін тиісті мемлекеттік органдардан келіп түскен материалдар негіз болуы мүмкін.

      4. Қызметтік тексеру уәкілетті басшының бұйрығымен тағайындалады және уәкілетті лауазымды тұлға күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімде жүргізеді. Ерекше жағдайларда қызметтік тексеру мерзімін қызметтік тексеру жүргізуді тағайындаған тұлға он күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.

      Бұйрық болмаған кезде қызметтік тексеру жүргізуге жол берілмейді.

      5. Қызметкер теріс қылық жасаған кезде одан міндетті түрде жазбаша түсініктеме талап етіледі. Егер түсініктемесінде қызметкер өзінің теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, оны қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не қосымша тексеру іс-шараларын жүргізу не оқиға болған жерге барып тексеру қажет болмаса, онда уәкілетті басшы, қызметке толық сәйкес еместiгi туралы ескерту, арнаулы атақты бір сатыға төмендету және теріс себептер бойынша қызметтен шығару түріндегі жазаларды қоспағанда, қызметтiк тексеру жүргiзбей-ақ тәртіптік жаза қолдануға құқылы.

      Арнаулы атақты бір сатыға төмендету және теріс себептер бойынша қызметтен шығару түріндегі тәртіптік жазалар жүргізілген қызметтiк тексеру нәтижелерi бойынша тәртіптік комиссияның ұсынымдары ескеріле отырып, қолданылады.

      Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, уәкілетті басшы теріс қылық анықталған күннен бастап үш тәуліктен аспайтын мерзімде осы Заңда айқындалған тәртіппен қызметтік тексеруді тағайындауы тиіс.

      6. Басшы қызметтік тексеру жүргізу үшін лауазымдық қызметі бойынша теріс қылық жасаған қызметкердің лауазымына тең немесе одан жоғары уәкілетті лауазымды тұлғаны тағайындайды.

      Қажет болған жағдайда қызметтік тексеру жүргізуге арнаулы білімді қажет ететін мәселелер бойынша қорытындылар, түсініктер мен консультациялар алу үшін мамандар ретінде жедел-қызметтік іс-қимылдың тиісті бағытының қызметкерлері тартылуы мүмкін, ол туралы бұйрықта көрсетіледі.

      Қажет болған жағдайларда басшы уәкілетті лауазымды тұлғаны қызметтік тексеру жүргізу уақытына оның функционалдық міндеттерін атқарудан босатуы мүмкін, ол туралы бұйрықта көрсетіледі.

      7. Қызметтiк тексеру жүргiзуге оның нәтижесiне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi қызметкер қатыса алмайды. Мұндай жағдайда ол қызметтiк тексеру жүргiзу туралы шешiм қабылдаған тұлғаға, өзiн осы тексеру жүргiзуге қатысудан босату туралы жазбаша баянатпен жүгiнуге мiндеттi. Аталған талаптар сақталмаған жағдайда қызметтiк тексеру нәтижелерi жарамсыз деп есептеледi.

      8. Қызметкер тек өзіне қатысты кінәсі анықталған теріс қылық үшін ғана тәртіптік жауаптылыққа тартылады.

      9. Қасақана немесе абайсызда құқыққа қарсы әрекет жасаған (әрекетсіздік танытқан) қызметкер теріс қылық жасағаны үшін кінәлі болып танылады.

      10. Егер, оны жасаған қызметкер өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) құқыққа қарсы сипатын ұғынып, оның зиянды салдарының болуын болжап білсе және осы салдардың болуын тілесе немесе саналы түрде жол берсе не болмаса оларға немқұрайлы қараса, теріс қылық қасақана жасалған болып табылады.

      11. Егер теріс қылық жасаған қызметкер өз әрекетінің (әрекетсіздігінің) зиянды салдарларының болу мүмкіндігін болжап білсе, бірақ бұл зардаптарды жеткілікті негiздерсiз жеңiлтектiкпен болдырмау мүмкіндігіне сенсе не қажетті ұқыптылық пен сақтық кезiнде оларды болжап бiлуге тиiс және болжап бiле алатын бола тұра, осындай салдарлардың болу мүмкiндiгiн болжап бiлмесе, ол абайсызда жасалған болып танылады.

      12. Қызметтiк тексеру мынадай:

      1) қызметкер қызмет орнын өз бетiмен тастап кеткен;

      2) қызметкер демалыста, қызметтiк iссапарда болған;

      3) қызметкердің ауырғаны заңда белгiленген тәртiппен расталған;

      4) ұзақ уақытты талап ететiн медициналық сараптама өткiзілген жағдайларда;

      5) қызметтiк тексеруге кедергi жасайтын басқа да жағдайларда басшының бұйрығымен тоқтатылуы мүмкiн.

      13. Қызметтiк тексеру, егер оны тоқтату үшiн негiздер болмаса, басшының бұйрығымен қалпына келтiрiледi.

      14. Қызметтiк тексеру барысында:

      1) терiс қылықтың мазмұны мен сипаты, оның жасалған уақыты, орны, тәсiлi және басқа да мән-жайлар;

      2) терiс қылық салдарының болуы мен сипаты;

      3) келтiрiлген зиянның мөлшерi;

      4) терiс қылық жасаған тұлға;

      5) қызметкердің жауаптылығын болдырмайтын, жеңiлдететiн немесе ауырлататын мән-жайлар;

      6) терiс қылықты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар;

      7) терiс қылық жасаған қызметкердің жеке басын сипаттайтын деректер;

      8) қызметкердің терiс қылық жасаудағы кiнәсi, терiс қылық жасау ниетiнiң немесе абайсыздықтың болуы және дәлелдерi;

      9) қызметкерді жауаптылыққа тарту туралы шешiм қабылдау үшiн маңызы бар басқа да мән-жайлар анықталады.

      15. Мыналар:

      1) терiс қылық жасаған қызметкердің өкiнуi;

      2) қызметкердің өзiнiң терiс қылық жасағаны туралы басшыларға өз еркiмен хабарлауы;

      3) терiс қылық жасаған қызметкердің терiс қылықтың зиянды салдарын болдырмауы, келтiрiлген зиянды өз еркiмен өтеуi немесе келтiрiлген зиянды жоюы;

      4) ауыр жеке немесе отбасы жағдайларының қалыптасуы кезiнде терiс қылық жасау;

      5) мәжбүрлеу нәтижесiнде терiс қылық жасау;

      6) қажеттi қорғаныстың заңдылық шарттарын бұзған, қажетті қорғану жағдайында, құқыққа қарсы озбырлық жасаған адамды ұстау, бұйрықты немесе команданы орындау кезiнде терiс қылық жасау тәртiптiк жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар болып табылады.

      Қызметкерге жаза қолданатын басшы өзге де мән-жайларды жеңiл деп тануы мүмкiн.

      16. Мыналар:

      1) басшының оны тоқтату туралы талабына қарамастан, құқыққа қарсы әрекеттi (әрекетсiздiктi) жалғастыру;

      2) егер бiрiншi терiс қылық үшiн қызметкерге жаза қолданылған болса және ол белгiленген тәртiппен алынбаса, осындай терiс қылықты қайтадан жасау;

      3) терiс қылықты топ болып жасау;

      4) бағынысындағы қызметкерді терiс қылық жасауға тарту;

      5) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе қастандық себебі бойынша терiс қылық жасау;

      6) басқа тұлғалардың заңды әрекеттерi үшiн кек алу, сондай-ақ басқа терiс қылықты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатында терiс қылық жасау;

      7) олардың өзiне жүктеген мiндеттердi орындауға байланысты лауазымды тұлғаларға немесе оның жақындарына ықпал ету жолымен терiс қылық жасау;

      8) кезекшiлiкте, тәуліктік нарядтағы қызметте, арнаулы мiндеттердi орындау кезiнде, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде терiс қылық жасау;

      9) алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан (оларға ұқсас) мас күйінде терiс қылық жасау тәртiптiк жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар болып табылады.

      Осы Заңда аталмаған басқа мән-жайлар тәртiптiк жауаптылықты ауырлататын болып танылмайды.

      17. Қызметтiк тексеру барысында оны жүргiзу тапсырылған уәкілетті лауазымды адамның:

      1) тәртіптік жазаға тартылған қызметкерден, сондай-ақ басқа да адамдардан жазбаша түсініктеме алуға;

      2) қызметкердің теріс қылық жасағандығын растайтын материалдарды жинақтауға;

      3) тиісті құжаттармен танысу, қажет болған жағдайда олардың көшірмесін қызметтік тексеру материалдарына қосуға;

      4) арнайы білімді қажет ететін мәселелер бойынша мамандардан қорытынды, түсіндірме және консультациялар алуға;

      5) теріс қылық жасалған жерге баруға құқығы бар.

      18. Қызметкерлер қызметтік тексеруді жүргізуге тағайындалған уәкілетті лауазымды тұлғаға көмек көрсетуге міндетті және берілген мәліметтердің растығына дербес жауапты болады.

      19. Қызметкердің теріс қылық жасағандығы туралы фактіні растайтын немесе теріске шығаратын мәліметтер кез келген нысанда болуы мүмкін.

      20. Егер қызметтік тексеру барысында қызметкердің теріс қылықтарында қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар екендігі анықталса, басшы дереу жоғары тұрған басшыға баяндайды.

      21. Уәкілетті лауазымды тұлға қызметтік тексеру нәтижелерін тексеруді белгілеген басшыға жазбаша түрде баяндайды.

      Баяндаудан кейін уəкілетті лауазымды адам өзіне қатысты тергеп-тексеру жүргізілген қызметкерді қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен таныстырып, қызметтік тергеп-тексеру тұжырымдарымен жəне ұсыныстарымен оның келісетінін немесе келіспейтінін міндетті түрде көрсете отырып, қолын қойғызып алуға міндетті.

      Өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген қызметкер осы тармаққа сəйкес қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда, уəкілетті лауазымды адам акт жасайды.

      22. Өзiне қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлген қызметкер:

      1) жүргiзiлетiн қызметтiк тексерудiң мәнi бойынша жазбаша түсiнiктеме беруге;

      2) өтiнiш айтуға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;

      3) қызметтiк тексеру жүргiзу туралы шешiм қабылдаған арнаулы мемлекеттік орган басшысына немесе уәкiлеттi басшыға қызметтiк тексеру жүргiзетiн қызметкерлердiң шешiмдерiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдануға;

      4) қызметтiк тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен, егер бұл мемлекеттiк құпияларды жəне заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мəлiметтердi жария етпеу талаптарына қайшы келмесе, танысуға құқылы.

      23. Осы Заңның негізінде теріс себептер бойынша жұмыстан шығаруға жататын, арнаулы атақты бір саты төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолданылатын қызметкерлерге, сондай-ақ қызметтік тексеру тұжырымдары мен ұсыныстарына келіспейтін тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру материалдары тәртіптік комиссияда қаралуға жатады.

      24. Қызметтік тексеру жүргізілетін қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан кезде тиісті акт жасалады. Оның бас тартуы қызметтік тексеруді жүргізуді тоқтатпайды. Бұл жағдайда қызметкер тәртіптік комиссияда тыңдалады.

      Ескерту. 65-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

66-бап. Тəртіптік комиссияны қалыптастыру жəне оның жұмыс тəртібі

      1. Тəртіптік комиссия теріс қылық жасаудың мəн-жайларын жан-жақты, толық жəне объективті түрде анықтау жəне оны жасаған адамды жазалау шарасы туралы ұсынымдар шығару мақсатында, қызметкердің теріс қылығына қатысты қызметтік тергеп-тексеру материалдарын қарау жəне фактілерді зерттеу үшін арнаулы мемлекеттік органдарда құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Тəртіптік комиссияның мүшелері бөлімшенің жеке құрамының жиналыстарында неғұрлым тəжірибелі жəне беделге ие офицерлер арасынан ашық дауыс беру арқылы сайланады. Тəртіптік комиссия мүшелерінің саны тақ болуға жəне кемінде үш адам болуға тиіс, олардың біреуі төраға болып табылады.

      3. Тəртіптік комиссияның құрамы уəкілетті басшының бұйрығымен бекітіледі. Тəртіптік комиссияның төрағасы болып уəкілетті басшы орынбасарларының біреуі тағайындалады. Бөлімшенің кадр аппаратының өкілі хатшы болып тағайындалады. Тəртіптік комиссияның хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.

      4. Уəкілетті басшылар мен олардың орынбасарларының теріс қылықтары арнаулы мемлекеттік органның тəртіптік комиссияларында қаралады. Жоғары офицерлердің теріс қылықтары – жоғары офицерлер қатарынан ғана тұратын тəртіптік комиссияда, аға офицерлердің теріс қылықтары аға офицерлер қатарынан тұратын тəртіптік комиссияда қаралады.

      5. Тəртіптік комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

      Тəртіптік комиссияның отырыстары тəртіптік комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі, бірақ кемінде үш адам болған кезде құқықты болады. Тəртіптік комиссияның мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады.

      6. Тəртiптiк комиссияның мүшелерi отырыстың өткiзiлетiн күнi, орны, оның күн тəртiбi туралы отырысқа дейiн хабардар етiлуге жəне отырыс материалдарымен таныстырылуға тиiс.

      7. Тəртiптiк комиссияның мүшесi өз бастығының, жақын туысының немесе жекжатының терiс қылығына қатысты, сондай-ақ егер тəртiптiк комиссия мүшесiнiң тиiстi шешiм қабылдауға тiкелей немесе жанама мүдделiлiгi бар деп пайымдауға негіздер болса, қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарауға жəне фактілердi зерттеуге қатысуға құқылы емес.

      8. Тəртiптiк комиссияның мүшелерiне қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарау барысында өздеріне белгiлi болған мəлiметтердi жария етуге тыйым салынады.

      9. Тəртiптiк комиссияның отырысына өзіне қатысты қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлген қызметкердің қатысуы мiндеттi.

      Өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген қызметкер тəртіптік комиссияның отырысына дəлелсіз себеппен келмеген жағдайда, бұл факт тəртіптік комиссия отырысының хаттамасында көрсетіледі.

      Өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген қызметкердің тəртіптік комиссияның отырысына дəлелсіз себеппен келмеуі жаза қолдану туралы шешім қабылдау үшін кедергі болмайды.

      10. Тəртiптiк комиссия терiс қылыққа қатысты қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарайды жəне фактілердi зерттейдi. Тəртiптiк комиссия өзіне қатысты қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлген қызметкердiң жəне қызметтiк тергеп-тексеруді жүргiзген уəкілетті лауазымды адамдардың түсiнiктемелерiн тыңдауы мүмкiн.

      Қажет болған кезде, тəртiптiк комиссияның куəлар мен мамандарды тыңдауға, терiс қылыққа (оқиғаға) қатысты материалдарды сұратуға жəне кез келген фактіні зерттеуге құқығы бар.

      11. Тəртiптiк комиссияның ұсыныстары тəртіптік комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

      Тəртiптiк комиссияның мүшелерi өз пiкiрiн айқын айтуға жəне дауыс беру кезiнде қалыс қалмауға мiндеттi.

      Дауыстар тең болған кезде төрағаның даусы шешушi болып табылады.

      12. Тəртiптiк комиссия қызметтiк тергеп-тексеру материалдары келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде басшыға қызметкердің тəртiптiк жауаптылығы туралы тиiстi ұсыныстар енгiзедi.

      Тəртіптік комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған тəртіптік комиссияның төрағасы, мүшелері мен хатшы қол қояды.

      Ескерту. 66-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

67-бап. Тәртiптiк комиссияның функциялары мен өкiлеттiктерi

      1. Тәртiптiк комиссия мынадай функцияларды:

      1) қызметкердің терiс қылықтары туралы қызметтiк тексеру материалдарын қарауды;

      2) жазалар түрлерiн қолдану мәселелерi бойынша ұсыныстар әзірлеуді және уәкілетті басшыға енгiзудi жүзеге асырады.

      2. Тәртiптiк комиссия өз құзыретi шегiнде функцияларды iске асыру мақсатында мыналарға:

      1) терiс қылық жасаған қызметкердің, куәгерлердің және қызметтiк тексеру жүргiзген лауазымды тұлғалардың түсiнiктерiн тыңдауға;

      2) материалдар, ақпарат сұратуға және терiс қылыққа (оқиғаға) қатысты кез келген фактiлердi зерттеуге құқылы.

      3. Тәртiптiк комиссияның төрағасы:

      1) тәртiптiк комиссияны басқарады, оның жұмысына басшылық жасауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;

      2) тәртiптiк комиссия отырыстарының күн тәртiбiн айқындайды;

      3) қызметтiк тексеру материалдары келiп түскен кезде тәртiптiк комиссия отырысының уақытын айқындайды. Тәртiптiк комиссияның төрағасы болмағанда оның уәкiлеттiк етуi бойынша отырыстарда тәртiптiк комиссия мүшелерiнiң бiреуi төрағалық етедi;

      4) тәртiптiк комиссияның отырысында қаралатын нақты мәселе бойынша баяндамашыны айқындайды.

      4. Тәртiптiк комиссияның хатшысы:

      1) тәртiптiк комиссия мүшелерiн тәртiптiк комиссия отырысының уақыты мен орны туралы хабардар етедi;

      2) тәртiптiк комиссия отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады;

      3) тәртiптiк комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргiзедi;

      4) тәртiптiк комиссияның ұсыныстарын басшыға жiбередi;

      5) тәртiптiк комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      5. Алып тасталды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      6. Алып тасталды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      7. Алып тасталды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      8. Алып тасталды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      9. Алып тасталды - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 67-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

68-бап. Жаза қолдану туралы шешiм қабылдау тәртiбi

      1. Уәкілетті басшы қызметтiк тексеру материалдары және тәртiптiк комиссияның ұсыныстары негiзiнде жаза қолдану туралы тиiстi шешiм қабылдайды.

      2. Қызметтiк тексерудiң нәтижелерi бойынша уәкілетті басшы қызметтік тексеру жүргізуге тағайындалған лауазымды уәкілетті тұлға дайындауға жауапты болып саналатын бұйрық шығару жолымен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша iс-шараларды әзiрлеуге және iске асыруға мiндеттi.

      3. Терiс қылық жасаған қызметкерге тәртiптiк жаза қолдану (кейiнге қалдыруды күтпейтiн жағдайларды қоспағанда) қызметтік тәртiптi бұзудың мән-жайын жақсы анықтау үшiн терiс қылық анықталған сәттен бастап, кемiнде үш тәулiк өткеннен кейiн жүргiзiледi.

      4. Жаза терiс қылық анықталған күннен бастап бiр айдан кешіктірілмей және оны жасаған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.

      Қылмыстық iс тоқтатылған жағдайларда, бiрақ қызметкердің әрекеттерiнде тәртiптiк терiс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгiлерi болған кезде, жаза қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.

      5. Қызметтегi, кəсіби-қызметтік даярлықты жəне тəрбие процесін ұйымдастырудағы олқылықтары үшiн арнаулы (əскери) оқу орнын немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымын бітіргеннен кейiн қызмет өткеру үшiн келген қызметкерлерге тəртiптiк жауаптылық шараларын лауазымға кiрiскеннен кейiн кемiнде алты ай өткен соң қолдануға рұқсат етіледі.

      6. Бiр-бiрiне бағынысты емес қызметкерлер жеке мiндеттердi бiрлесiп атқарған кезде, олардың қызметтiк өзара қарым-қатынастары уәкілетті басшымен айқындалмаған жағдайда олардың лауазымы бойынша үлкенi, ал тең лауазымдар кезiнде әскери атағы бойынша үлкенi бастық болып табылады және оған атқарып отырған лауазымы бойынша берiлген тәртiптiк құқықтарды пайдаланады.

      Ескерту. 68-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 18.11.2015 № 411-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

69-бап. Жазаларды жариялау тәртiбi

      1. Қызметкерлерге жазалар қызметтік тексеруді жүргізуді тағайындаған уәкілетті басшының бұйрығымен жарияланады.

      2. Тәртіптік жаза қолданғаны туралы бұйрық шыққаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қол қоюы арқылы тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге жарияланады.

      3. Тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту арнаулы мемлекеттік органның кадр бөлімшелері дайындайтын және қызметтік тексеру материалдарына тігілетін актімен ресімделеді.

      4. Қолданылған жазалар туралы аға офицерлерге – тек аға және жоғары офицерлердің қатысуымен, жоғары офицерлерге – тек жоғары офицерлердің қатысуымен ғана жарияланады.

      5. Уәкілетті басшыларға және олардың орынбасарларына бағынысындағы адамдардың қатысуымен тәртiптiк жаза жариялауға тыйым салынады.

      6. Жазаны жариялаған кезде қызметкерге жазаға әкеп соқтырған себеп және құқық бұзушылықтың мәнi көрсетiледi.

70-бап. Жазаны алу

      1. Қызметкердің:

      1) оған соңғы жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткенге дейiн тиiстi уәкілетті басшы көтермелеу тәртiбiмен жазаны алып тастағаннан кейiн;

      2) осы Заңның 28-бабы 2-тармағының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, оған соңғы жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін жазасы жоқ болып саналады.

      2. Жазаны көтермелеу тәртібімен алу осы жазаны қолданған уәкілетті басшының немесе жоғары тұрған басшының жазбаша бұйрық шығаруы арқылы жүргiзіледi.

      3. Бұрын жоғары тұрған басшы қолданған жазаны бағынысты адамнан көтермелеу тәртiбiмен алу үшiн қызметкердің тiкелей басшысы тиісті өтiнiш енгізеді.

      Осы жазаны қолданған уәкілетті басшы аталған өтiнiштi оны алған күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмейтiн мерзiмде қарауға мiндеттi.

      4. Қызметкер қызметтен босатылған күнi алынбаған жаза оған соңғы жаза қолданылған сәттен бастап алты ай өткен соң алынған болып саналады.

      5. Жазаларды алу қызметкердің жеке ісінде тиісті жазбамен ресімделеді.

      6. Егер қызметкерге қолданылған жаза көтермелеу тәртiбiмен алынбаса, алты ай өткен соң "Жазалар" бөлiмiнiң тиiстi бағанында мерзiмiнiң өтуi бойынша жазаның алынғаны туралы белгi жасалады.

      Ескерту. 70-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 121-V Конституциялық заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

71-бап. Қызметкерлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiндегi олардың құқықтарының кепiлдiктерi

      1. Қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тартуға:

      1) терiс қылық фактiсi болмаған жағдайда;

      2) егер оның iс-әрекеті (әрекетсiздiгi) құқыққа қарсы болып табылмаса;

      3) дәл сондай тәртіптік терiс қылық үшiн қайтара;

      4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiптiк жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмi кезінде;

      5) қызметтен шығаруға байланысты оны жеке құрам тiзiмiнен шығарған жағдайда жол берiлмейдi.

      2. Қызметкер тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы бұйрықпен келiспеген жағдайда ол жазбаша нысанда арнаулы мемлекеттік органның жоғары тұрған бөлімшесіне немесе сотқа осы бұйрық бойынша шағымдануға құқылы.

      3. Қызметкерді тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрыққа Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      4. Арнаулы мемлекеттік органның жоғары тұрған бөлімшесінің басшысы шағымды қараудың нәтижелерi бойынша бiр ай мерзiмде мынадай:

      1) қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы бұйрықты өзгерiссiз қалдыру туралы;

      2) қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы осы Заңның талаптары бұзыла отырып шығарылған бұйрықты жою және заңсыз жазаны қолданған уәкілетті басшыны жауаптылыққа тарту туралы;

      3) егер жаза осы Заңның талаптары сақтала отырып шығарылса, бiрақ жасалған терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, неғұрлым қатаң жаза қолдану туралы жаңа бұйрық шығару туралы шешiмдердiң бiреуiн шығаруға мiндеттi.

      5. Жаза қолдану туралы шешiмге шағымдану оның орындалуын тоқтата алмайды.

9-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ АҚШАЛАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ

72-бап. Ақшалай қамтамасыз ету

      1. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес белгіленетін ақшалай ризықпен қамтамасыз етіледі.

      2. Ақшалай үлес Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген ақшалай қамтудан (лауазымдық айлықақы және арнаулы атағы бойынша айлықақы), қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақылардан және басқа да үстемеақылардан тұрады.

      3. Қызметкер осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген уәкілетті басшының қарамағында болған жағдайларда ол соңғы қарамағына шыққанға дейін атқарған лауазымы бойынша ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі.

      Осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 3) және 4) тармақшаларында және 64-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда қызметкерге атағы бойынша айлықақы төленеді.

      4. Қызметкерлерге жыл сайынғы демалыс беріле отырып, демалысының ұзақтығына қарамастан, екі лауазымдық айлықақы көлемінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді.

      Қызметкерге жыл сайынғы демалыс бөлініп берілген жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы демалысының бірінші бөлігінде төленеді.

      5. Қызметкерлердің лауазымдық айлықақысы мен сауықтыру жәрдемақысын есептеу үшін ақшалай қамтамасыз етудің және қызмет (жұмыс) өтілін айқындаудың тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.

      Ескерту. 72-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

73-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау

      1. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте республикалық бюджет туралы заңмен айқындалған мөлшерде тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызмет көрсетулерге төлем жасау үшін қызметкерлерге (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) ақшалай өтемақы төленеді.

      2. Қызметкерлерді зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру, жәрдемақылардың өзге де түрлерін төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Қызметкерлерге бюджеттік қаражат есебінен зейнетақы тағайындауды, қызметкерлер қатарынан қайтыс болған зейнетақы алушылардың отбасына жерлеу үшін біржолғы төлемдер мен біржолғы жәрдемақылар беруді қызметкерлер жұмыстан шыққан күнге қызмет өткерген тиісті арнаулы мемлекеттік органдардың уәкілетті бөлімшелері жүзеге асырады.

      Зейнетақы төлемдерін алушының мәртебесі тиісті арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілеген нысан бойынша зейнетақы куәлігімен расталады.

      3. Қызметкерлер қызметті өткеру ерекшеліктері ескеріле отырып жəне арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайтын тəртіппен, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уəкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітетін нормалар бойынша мемлекет есебінен арнаулы киім нысанымен жəне басқа да заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі.

      Қызметкерлерге (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) алынбай қалған заттай мүліктердің орнына арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайтын тәртіппен ақшалай өтемақы төленеді.

      4. Жекелеген санаттағы қызметкерлер қызметті өткеру ерекшеліктері ескеріле отырып, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.

      Жекелеген қызметкерлер санатын азық-түлікпен қамтамасыз ету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      5. Қызметкерлердің (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) Қазақстан Республикасы аумағы бойынша көлікте жүргені үшін:

      медициналық көрсетулер бойынша стационарда емделуге жол жүру және кері қайту;

      Үкімет белгілеген тәртіппен берілген жолдама негізінде медициналық тексеруге (куәландыруға) жол жүру және кері қайту;

      қызмет бойынша ауыстыру;

      осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) – 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, қызметтен шығарылу кезінде жолақы шығындарын өтетуге құқығы бар.

      Шығындарды өтеу бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша жүргiзiледi. Шығындарды өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      6. Бір елді мекеннен қашықтығы елу километрден астам жердегі екіншісіне көшумен байланысты қызметін ауыстырған кезде қызметкерлерге (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) қызметкердің өзіне екі айлық ақшалай қаражат көлемінде және онымен бірге көшкен отбасының әрбір мүшесіне жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілейтін көтерме жәрдемақы төленеді.

      7. Қызметкерлердің (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) қызмет бойынша ауысқан кезде және қызметтен шығарылғанда, осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) – 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жеке мүліктерінің 10 тоннаға дейінгі көлемін тасымалдауға кеткен шығындарын өтетуге құқығы бар.

      Ескерту. 73-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

74-бап. Қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету

      Қызметкерлер (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңында көзделген тәртіппен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

      Ескерту. 74-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

75-бап. Қызметкерлерді медициналық қамтамасыз ету

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Қызметкерлерді медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери-медициналық бөлімшелері мен мекемелерінде (бұдан әрі – әскери-медициналық бөлімшелер), сондай-ақ өзге де мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жүзеге асырылады.

      Қызметкерлердің қызмет өткеру орнында немесе тұратын жерінде әскери-медициналық бөлімшелер болмағанда немесе оларда тиісті бөлімдер, мамандар не арнаулы құрал-жабдықтар болмағанда медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.

      Қызметкерлерге медициналық көмек көрсеткені үшін медициналық ұйымдардың шығынын өтеу Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      75-бапты 1-1-тармақпен толықтыру көзделген - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеріп жүрген қызметкерлерге емделу үшін жұмсалған қаражат Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен өтеледі.

      3. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру барысында зақым, контузия, жарақаттар алған немесе ауырған қызметкерлер өздері қызметін өткерген арнаулы мемлекеттік органдар қаражаты есебінен санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі.

      4. Қызметкер қызметке келе алмайтын жағдайда ауырғандығын кез келген мүмкін тәсілмен өзінің тікелей бастығына хабарлауға міндетті.

      5. Қызметкерді қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) атқарудан ішінара немесе толық босату туралы дәрігердің ұсынымдары лауазымды тұлғалардың міндетті түрде орындауына жатады.

      Ескерту. 75-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.01.2015 № 275-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

76-бап. Қатардағы жауынгер және сержант лауазымдарында қызметін өткеріп жүрген қызметкерлерді әлеуметтік қорғау ерекшеліктері

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарда қатардағы жауынгер және сержант лауазымдарында қызметін өткеріп жүрген, күнтізбелік есептеу бойынша кемінде сегіз жыл қызмет еткен қызметкерлердің Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарындағы ақылы негізде оқудың оқу құны шығынының елу пайыз мөлшерін мемлекет бюджеті есебінен өтетуге құқығы бар. Аталған жәрдемақы бір рет қолданылады.

      2. Қызметкерге аталған шығындарды өтеуді қызметкер қызметін өткеріп жүрген арнаулы мемлекеттік орган жүргізеді.

      3. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтетуге құқығы бар қызметкерлер қабылданған Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдары көрсетілген арнаулы мемлекеттік органдарға қаржыландыруды ашу үшін қызметкерлерді білім беру ұйымына қабылдау бұйрығының куәландырылған көшірмесін жолдайды.

      Қызметкерді басқа білім беру ұйымына ауыстырған кезде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтеу мөлшері түзетілуге тиіс.

      4. Қызметкерге академиялық демалыс берілген кезде академиялық демалыс берілген кезеңге оқуын қаржыландыру тоқтатыла тұрып, қызметкердің Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтету құқығы сақталады.

      5. Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарында оқуға арналған шығындарды өтетуге құқығы бар қызметкерге оқыған (оқып жүрген) білім беру ұйымы таратылған және қайта құрылған, қызметі тоқтатылған, лицензиясынан айырылған кезде басқа жоғары оқу орындарында қаржыландыруды жалғастыруға кепілдік беріледі.

      6. Қатардағы қызметкер және сержант құрамындағы лауазымды иеленетін қызметкерлерге арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткергені туралы келісімшарттың мерзімін табысты аяқтағаны үшін олардың қызметтік міндеттерін және келісімшарт талаптарын мүлтіксіз орындағанын растайтын басшының баянаты негізінде келісімшарттың мерзіміне қарай мынадай мөлшерде:

      3 жыл – 1 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;

      5 жыл – 10 лауазымдық айлықақы мөлшерінде;

      10 жыл – 20 лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы төленеді.

      Аталған ақшалай сыйақылар келісімшарттың тиісті мерзімі аяқталғаннан кейін бір айдан кешіктірілмей төленеді.

      Қызметте болудың шекті жасына жеткенге дейін келісімшарт жасасқан қызметкер жұмыстан босатылған жағдайда біржолғы ақшалай сыйақы қызметтің әрбір толық жылы үшін екі лауазымдық айлықақы есебінен келісімшарттың қолданылу уақытына төленеді.

      Қызметкер арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру кезеңінде қызметін одан әрі өткерумен сыйыспайтын зақым, контузия, жарақаттар алған немесе ауырған жағдайда біржолғы ақшалай сыйақы толық көлемде төленеді.

      Егер қызметкердің заңға қайшы әрекеттерінен немесе алкогольді, нашақорлық, психотроптық, уытқұмарлық (олардың аналогтары) масаң болуы салдарынан арнаулы мемлекеттік органдарда одан әрі қызметін өткерумен сыйыспайтын зақымданғаны, контузия алғаны, жарақаттанғаны, мертіккені немесе ауырғаны немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен бас тарту мақсатында өз-өзіне қандай да бір дене зақымын (дене мүшесіне зақым келтіру) немесе өзінің денсаулығына басқадай зиян келтіргені Қазақстан Республикасы заңнамасында бекітілген тәртіппен дәлелденген жағдайларда біржолғы ақшалай сыйақы төленбейді.

      Қызметкер арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру барысында қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда мұрагерлеріне біржолғы ақшалай сыйақы толық көлемде төленеді.

      Осы тармақтың бірінші, екінші, үшінші бөліктерінің ережелері Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлеріне қолданылмайды.

      Ескерту. 76-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.12.2017 № 114-VI Заңымен (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).

77-бап. Курсанттарды, тыңдаушыларды әлеуметтік қорғау ерекшеліктері

      1. Курсанттар, тыңдаушылар қызмет өткеру ерекшелiктері ескеріле отырып, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша мемлекет есебiнен арнаулы нысандағы киiммен және басқа да заттай мүлiкпен қамтамасыз етiледi.

      2. Казармалық жағдайдағы курсанттар, тыңдаушылар қызметтi өткеру ерекшелiктері ескеріле отырып, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша азық-түлiкпен қамтамасыз етiледi.

      3. Бірінші жəне екінші курстар курсанттарына, тыңдаушыларына пошталық жөнелтiмдерi үшiн бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайтын мөлшерде қаржылай өтемақы төленедi.

      4. Курсанттар, тыңдаушылар:

      1) стационарлық емделуге барған және керi қайтқан кезiнде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темiржол, әуе, су және автомобиль көлiктерiнде;

      2) осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) - 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, арнаулы мемлекеттiк органдардағы қызметтен шығарылған, сондай-ақ демалысқа барған және керi қайтқан кезiнде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша темiржол, су және автомобиль көлiктерiнде жүруге жұмсалған шығындарын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша өтетуге құқығы бар.

      Арнаулы (әскери) оқу орындары курсанттарының шығындарын өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      5. Курсанттарға, тыңдаушыларға олар демалысқа кеткенде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша азық-түлiк сыбағасының орнына ақшалай өтемақы төленедi.

      6. Курсант, тыңдаушы не ол қызмет өткеруі кезеңінде алған жарақаттануы (контузия алуы), ауыруы салдарынан қызметтен босатылғаннан кейін қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның мұрагерлеріне 500 айлық есептік көрсеткіші мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

      7. Курсантқа, тыңдаушыға арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру кезеңінде алынған немесе арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткерумен байланысты контузия алуы, зақымдануы, ауыруы нәтижесінде болған мүгедектік белгіленгенде қызметтен босатылғанына бір жыл өткенге дейін мынадай мөлшерлерде:

      І топтағы мүгедекке – 250 айлық есептік көрсеткіш;

      II топтағы мүгедекке – 150 айлық есептік көрсеткіш;

      III топтағы мүгедекке – 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

      8. Курсант, тыңдаушы арнаулы мемлекеттік органдарда қызметтік міндеттерін орындау кезінде мүгедектікке душар етпеген ауыр жарақат (жаралану, зақымдану, контузия) алған жағдайда – оған:

      ауыр жарақат үшін – 12 айлық есептік көрсеткіш;

      жеңіл жарақат үшін – 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.

      9. Біржолғы өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізіледі.

      10. Курсанттың, тыңдаушының қаза табуы (қайтыс болуы) немесе оның мертігуі:

      1) өзiне-өзi қол жұмсауға жеткiзген жағдайларды қоспағанда, егер өзiне-өзi қол жұмсау нәтижесінде;

      2) ол қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған кезде;

      3) алкогольден, есiрткiден, уытқұмарлықтан (оларға ұқсас заттардан) масаң болуды туындататын заттарды пайдалану немесе қолдану нәтижесінде;

      4) бiржолғы өтемақы алу немесе қызметтен жалтару мақсатымен өзiне қасақана қандай да бiр дене зақымын келтіру (дене мүшесін зақымдау) немесе өз денсаулығына өзгедей зиян келтiру нәтижесінде;

      5) курсанттың, тыңдаушының қызмет өткеру туралы келісімшарттың талабын бұзған іс-әрекеті нәтижесінде болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.

      Ескерту. 77-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

78-бап. Қызметкердің отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Қызметкерлер (офицерлік құрам) отбасы мүшелерiнің, сондай-ақ олардың асырауындағы адамдардың әскери-медициналық бөлімшелерде тегiн медициналық жәрдем алуға құқығы бар. Емханаларда емделген кезiнде отбасы мүшелерiне дәрi-дәрмек ақысы төленiп берiледi, бұған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақы алынбайтын реттер кiрмейдi.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      2-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      2. Қызмет орнында немесе тұратын жерiнде әскери-медициналық мекемелер болмаған не оларда тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнаулы жабдықтар болмаған кезде, медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      3-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған қызметкерлердің (офицерлік құрам) отбасы мүшелерiнiң құқықтары және оларға берiлетiн жеңiлдiктер қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайына немесе штаттың қысқартылуына байланысты босатылған және күнтізбелік жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлердің (офицерлік құрам) отбасы мүшелерiне қолданылады.

      4. Қызметкерлердiң онымен үнемi бiрге тұратын отбасы мүшелерiне (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) қызметкер орын ауыстырған кезде, сондай-ақ қызметтен шығарылған кезiнде, осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) – 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша Қазақстан Республикасы аумағында жүрген көлiкпен жүргені үшін шығындары өтеледi.

      Қызметкердің орнын ауыстырған кезде, сондай-ақ қызметкерді қызметтен босатқан кезде Қазақстан Республикасының аумағы бойынша көлікпен жүргені үшін шығындарды өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      5-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      5. Қызмет өткеру кезінде қайтыс болған немесе мүгедектік алған қызметкердің (офицерлік құрамның) отбасы мүшелеріне әскери-медициналық бөлімшелерде мемлекет есебінен медициналық көмекті пайдалану құқықтары сақталады.

      6. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) қызметкердің немесе әскери қызметшінің отбасы мүшелерінің қаза тапқанның (қайтыс болғанның) еңбек сіңірген жылдарына қарамастан берілген тұрғын жайды (қызметкерлерге арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген қызметтік тұрғын жайларды қоспағанда) өтеусіз жекешелендіруге құқығы бар.

      Көрсетілген жеңілдіктер ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған), осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін тұрғын жайын (қызметтік тұрғын үйді немесе қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үйді) жекешелендіру құқығын пайдаланбаған әскери қызметшілерінің отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады.

      7. Қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары әскери мектеп-интернаттарға және кадет корпустарына конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады, ал оқуға түсушілер үшін белгіленген талаптар бойынша баллдың шекті деңгейін жинағандар, Қазақстан Республикасының арнаулы (әскери) оқу орындарына конкурстан тыс қабылданады.

      8. Қызметкерлердің, оның iшiнде қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жерi бойынша мектеп жасына дейiнгi балалар мекемелерiнде кезектен тыс орын бередi, оған ақы төлеу мемлекеттiк мектеп жасына дейiнгi мекемелер үшiн белгiленген мөлшерде алынады.

      9. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатарынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған тұлғаға алушы қайтыс болған күнге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемінің үш айлық мөлшерінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді.

      Қызметкерлер қатарынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алған қайтыс болғандардың отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақының тағайындалуына қарамастан, біржолғы жәрдемақылар: әйеліне (күйеуіне) – қайтыс болған күніне оған төленетін еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемінің үш айлық мөлшерінде және отбасының еңбекке қабілетсіз әрбір мүшесіне асыраушының еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемінің бір айлық мөлшерінде төленеді.

      Осы тармақта көзделген біржолғы жәрдемақының мөлшерін айқындау кезінде жәрдемақыға құқығы бар отбасы мүшелері қатарына: жасына және еңбек қабілеттілігіне қарамастан, әйелі (күйеуі); он сегіз жасқа толмаған немесе, егер олар он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болып қалса немесе асыраушысы қайтыс болған күнге білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алып жатса және жиырма үш жасқа толмаған болса, осы жастан үлкен балалары; қайтыс болғанның асырауында болған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен не мүгедек болып табылатын ата-анасы кіреді.

      10. Осы баптың 5 және 7-тармақтарында көзделген жеңілдіктер ұлттық қауіпсіздік органдарының, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) не мүгедектік алған әскери қызметшілерінің отбасы мүшелеріне қатысты қолданылады.

      Ескерту: Осы бапта қызметкерлердің отбасы мүшелері деп түсінілетіндер: жұбайы (зайыбы), ерлі-зайыптылардың ортақ немесе бірінің кәмелетке толмаған (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) балалары; білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімінде оқитын 23 жасқа дейінгі (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) балалары және жұбайының (зайыбының) балалары; 18 жасқа дейін мүгедек болған (асырап алған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) мүгедек балалары және жұбайының (зайыбының) мүгедек балалары; қызметкердің асырауындағы ата-анасы және жұбайының (зайыбының) ата-анасы.

      Осы бапта асырауындағы адам ретінде оның табысы есебінен өмір сүретін және жеке табыс көзі жоқ қызметкердің отбасы мүшесі танылады.

      Ескерту. 78-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2014 N 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.08.2015 № 342-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

79-бап. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған қызметкерлерді әлеуметтік қорғау

      1. Қызметкерлерге (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен:

      1) қызметте болудың шекті жасына толуы, денсаулық жағдайы немесе штаттың қысқартылуы бойынша қызметтен шығарылғанда:

      күнтізбелік есептеу бойынша мынадай еңбек сіңірген жылдары барларға:

      10 жылдан 15 жылға дейін – төрт айлық ақшалай қаражат;

      15 жылдан 20 жылға дейін – бес айлық ақшалай қаражат;

      20 жылдан 25 жылға дейін – алты айлық ақшалай қаражат;

      25 жылдан 30 жылға дейін – жеті айлық ақшалай қаражат;

      30 жылдан жоғары – сегіз айлық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;

      2) 10 жылдан аспайтын еңбек сiңiрген жылдары барларға денсаулық жағдайы және штаттың қысқартылуы бойынша шығарылғанда үш айлық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.

      Осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 10) - 13) тармақшаларында көзделген жағдайлар бойынша қызметтен шығарылған қызметкерлерге біржолғы жәрдемақы төленбейді. Сондай-ақ әскери қызметке, құқық қорғау немесе басқа арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке ауысуына байланысты қызметтен шығарылған қызметкерлерге біржолғы жәрдемақы төленбейді.

      1-1. Қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алу құқығынсыз қызметтен шығарылған офицерлік құрам қызметкерлеріне жұмыстан шығу жәрдемақысымен қатар арнаулы атақ бойынша айлықақылар төлеу қызметтен босатылған күннен бастап бір жыл бойына сақталады.

      Бұл ретте, егер көрсетілген мерзім ішінде қызмет атқарып жүрген қызметкерлерге арнаулы атақ бойынша айлықақылары өсетін болса, тиісінше офицерлік құрамның қызметкерлеріне қызметтен шығарылғаннан кейін бір жыл өткенше төленетін осы айлықақылар мөлшерлері де ұлғаяды.

      2. Әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке қайтадан (кейіннен) қабылданған қызметкер қызметтен шығарылған кезде біржолғы жәрдемақы мөлшерін айқындау үшін қызметтің жәрдемақы төленбеген кезеңі қолданылады.

      3. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру кезеңінде мемлекеттік наградалармен – ордендермен марапатталған қызметкерлерге берiлетiн бiржолғы жәрдемақының мөлшерi екi айлық ақшалай қаражатқа ұлғайтылады.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      4-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      4. Қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайына немесе штаттық қысқартулар бойынша арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған күнтізбелік жиырма және одан көп еңбек сіңірген жылдары бар қызметкерлерге әскери-медициналық бөлімшелерде мемлекет есебінен медициналық қамтамасыз ету құқығы сақталады.

      Олардың тұратын жерiнде әскери-медициналық мекемелер болмаған немесе оларда тиiстi бөлiмшелер, мамандар не арнаулы жабдықтар болмаған кезде, медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.

      Медициналық ұйымдарға көрсетілген тұлғаларға тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемi шегiнде медициналық көмек көрсеткені үшін шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.

      5. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің, әскери іс-қимылдардың және бітімгершілік операцияларына басқа да қатысушылардың, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған жаралануы, контузия алуы, жарақаттануы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектік алып, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылғандардың медициналық қамтамасыз етуге және санаториялық-курорттық емделуге бірінші кезекті құқығы бар.

      Ескерту. 79-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.08.2015 № 342-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

80-бап. Қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен жағдайда берiлетiн өтемақылар

      1. Қызметкер қызмет өткеру кезеңiнде немесе қызмет өткерген кезеңде алған жарақаты (контузиясы), ауруы салдарынан қызметтен шығарылғаннан кейiн қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оның мұрагерлерiне қаза тапқан күнi немесе қызметтен шығарылған күні соңғы атқарған лауазымы бойынша алпыс айлық ақшалай жабдықталым мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төлеу жүргізіледі.

      2. Қызметкер қызмет өткеру кезеңiнде немесе қызмет өткерумен байланысты контузия, мертiгу, ауыру салдарынан қызметтен шыққаннан кейiн бiр жыл өткенге дейiн мүгедектiк белгіленген жағдайда бiржолғы өтемақы:

      I топтағы мүгедекке – отыз айлық ақшалай қаражат;

      II топтағы мүгедекке – он сегiз айлық ақшалай қаражат;

      III топтағы мүгедекке – алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде төленедi.

      3. Қызметкер қызметтік міндеттерін атқару кезiнде мүгедектiкке әкеп соқпайтындай ауыр мертiккен (жараланған, жарақат, контузия алған) жағдайда оған бiр жарым айлық ақшалай қаражат; жеңiл мертіккен жағдайда жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.

      4. Біржолғы өтемақы төлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

      5. Қызметкердің қаза табуы (қайтыс болуы) немесе алған мертігуі:

      1) өзiне-өзi қол жұмсауға жеткiзген жағдайды қоспағанда, өзiне-өзi қол жұмсауы нәтижесінде;

      2) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған кезде;

      3) алкогольдік, есiрткiлік, психотроптық, уытқұмарлық масаң болуын туындататын заттарды (оларға ұқсас заттарды) қолдану нәтижесінде;

      4) бiржолғы өтемақы алу немесе қызметтен жалтару мақсатымен өзiне қасақана қандай да бiр дене зақымын келтіру (дене мүшесiн зақымдау) немесе өз денсаулығына өзгедей зиян келтiру нәтижесінде;

      5) қызметкердің қызмет өткеру туралы келісімшарт талабын бұзған іс-әрекеті нәтижесінде болғаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен дәлелденсе, бiржолғы өтемақы төленбейдi.

      Ескерту. 80-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2014 № 227-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

81-бап. Жерлеу шығындарының өтемақысы

      1. Қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан немесе мертiгу (жаралану, жарақат алу, контузия), ауруы салдарынан қайтыс болған қызметкерлерді жерлеу қызмет өткерген жерінде немесе олардың туған-туысқандарының қалауы бойынша басқа жерде жүргізіледі. Мәйiттi жеткiзуге әзiрлеумен, мәйiттi жеткiзумен, жерлеумен, құлпытас дайындаумен және оны орнатумен байланысты барлық шығындар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген мөлшерде қызметкерлер қызмет өткерген арнаулы мемлекеттік органдардың есебiнен жүзеге асады.

      Қызметкерлерді жерлеу кезінде құрмет көрсету арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Көрсетілген ережелер арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметiнiң жалпы ұзақтығына қарамастан, 1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына, басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына және бітімгершілік операцияларға қатысушыларға қолданылады.

      Ескерту. 81-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 165-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

82-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғаудың өзге де шаралары

      1. Арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен шығарылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру, олардың мамандық алуы, арнаулы мемлекеттік органдардағы зейнетақы алу құқығынсыз қызметтен шығарылған адамдарды жұмыспен қамту Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.

      2. Арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздері белгілеген тәртіппен қызметкерлердің жекелеген санаттарына олардың қызметке қабылданғанға дейінгі еңбек қызметіндегі өтілін еңбек сіңіру жылдарына есептеуі мүмкін.

      3. Климаттық және экологиялық жағдайлары ауыр жерлердегi қызмет мерзiммен шектеледi және оны өткеру тәртiбi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.

10-тарау. АРНАУЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
ЖӘНЕ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

83-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарды қаржылық қамтамасыз ету

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарды қаржылық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады

      2. Барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру қызметін астыртын (жасырын) нысанда жүзеге асыруға байланысты шығыстарды қаржыландыру тәртібі арнаулы мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінде айқындалады.

      Ескерту. 83-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

84-бап. Арнаулы мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету және олардың мүлкі

      РҚАО-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 30.06.2017 № 80-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Арнаулы мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады.

      2. Арнаулы мемлекеттік органдардың мүлкі республикалық мүлік болып табылады жəне жедел басқару құқығында болады.

      3. Арнаулы мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының Үкіметі құрылу мен берілу тәртібін белгілейтін қызметтік тұрғын жайлары болады. Осы заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан қызметкерлерге 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген тұрғын жайды жекешелендіруге болмайды.

      4. Мүлікті беру, өткізу, кәдеге жарату және есептен шығару, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдардың жылжымайтын мүлкін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Арнаулы мемлекеттік органдарды мүлікпен жабдықтау нормаларын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайды.

      Арнаулы мемлекеттік органдарды мүлікпен жабдықтау нормаларын әзірлеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      5. Арнаулы мемлекеттік органдар бейбіт уақытта пайдаланбаған жылжымайтын мүлік бюджет қаражаты есебінен консервациялауға жатады немесе Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілуі мүмкін.

      6. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ету үшін құрылған немесе құрылатын ұйымдар жекешелендіруге жатпайды.

      Ескерту. 84-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

85-бап. Өтпелі ережелер

      1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін қызметкермен жасасқан әскери қызметті өткеру туралы келісімшарттар олар жасаған мерзім ішінде қолданылады.

      2. Осы Заңның 76-бабы 6-тармағының ережесі әскери қызметті өткеру туралы келісімшарт жасасқан кезде ақшалай сыйақы алған адамға қолданылмайды.

      3. 2011 жылғы 30 қарашаға дейін "подполковник" әскери атағы берілген қызметкерлерге аталған әскери немесе арнаулы атақта еңбек сіңіру мерзімі бес жыл болып белгіленеді.

      4. Осы Заңның қабылдануына байланысты әскери қызметтен арнаулы мемлекеттік органдарға ауыстырылған және "Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен әскери қызметте тұрудың шекті жасы өзгертілген қызметкерлер мынадай шекті жастарға жеткенде қызметтен шығуға немесе отставкаға кетуге құқылы:

      1) подполковникке дейін қоса алғанда – қырық бес жас;

      2) полковниктерге – елу үш жас;

      3) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген полковниктерге – елу жас;

      4) генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға – елу сегіз жас;

      5) әскери атақ 2005 жылғы 21 шілдеге дейін берілген генерал-майорларға және генерал-лейтенанттарға – елу бес жас;

      6) генерал-полковниктерге – алпыс жас.

      4-1. "Аға прапорщик", "прапорщик", "старшина", "үшінші сыныпты сержант", "екінші сыныпты сержант", "бірінші сыныпты сержант", "штаб-сержант" не "шебер-сержант" әскери атақтары берілген қызметкерлер арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметті осы Заңда сержанттар құрамы үшін көзделген тәртіппен және шарттармен өткереді. Бұл ретте олардың арнаулы мемлекеттік органдарда қызметте болуының шектi жасы, қоса алғанда қырық жеті жасқа дейінгі жасты құрайды.

      4-2. Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап және 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін подполковник арнаулы атағы берілген қызметкерлер шекті жасқа – қырық жеті жасқа толғанда қызметтен шығуға немесе отставкаға кетуге құқылы.

      5. Қызметкерлер (курсанттарды, тыңдаушыларды қоспағанда) "Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңында әскери қызметшілер үшін көзделген тәртіппен 2013 жылғы 1 қаңтарға дейін тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

      6. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде қызметтік тұрғын жаймен не қызметтік тұрғын жайға теңестірілген тұрғын жаймен қамтамасыз етілген қызметкерлер осы тұрғын үйде тұру құқығын, сондай-ақ оны "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңында әскери қызметшілер үшін көзделген жекешелендіру құқығын сақтайды.

      Ескерту. 85-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2016 № 483-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

86-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті Н. НАЗАРБАЕВ