Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.
РҚАО-ның ескертпесі!
ҚР Заңының қолданысқа енгізілу тәртібін 44-баптан қараңыз.
Осы Заң тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін, сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету жөніндегі шараларды айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дайындаушы – өткізу үшін тауар өндіретін жеке немесе заңды тұлға;
2) жарамдылық мерзімі – бітуіне қарай тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңі;
3) жұмыс – тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелері материалдық сипатқа ие қызмет;
4) кемшілік – тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) техникалық регламенттердің, стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың міндетті талаптарына, шарттың ережелеріне, сондай-ақ тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы сатушы (дайындаушы, орындаушы) ұсынған ақпаратқа сәйкес келмеуі;
5) кепілді мерзім – тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) тиісті түрде пайдаланылған және сақталған жағдайда оның сапасына сатушы (дайындаушы, орындаушы) кепілдік беретін уақыт кезеңі;
6) көрсетілетін қызмет – тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған, нәтижелері материалдық сипатта болмайтын қызмет;
7) қызмет ету мерзімі – тауарды мақсаты бойынша пайдалану мүмкін болатын уақыт кезеңі;
8) орындаушы – шарт бойынша жұмысты орындаушы немесе қызмет көрсетуші жеке немесе заңды тұлға;
9) сақтау мерзімі – сақтаудың белгіленген талаптары орындалған кезде тауардың сапасы сақталатын уақыт кезеңі;
10) сатушы – Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес тауарларды өткізуші жеке немесе заңды тұлға;
11) тауар – дайындаушы (орындаушы) қызметінің өткізуге арналған өнімі;
12) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігі – тауарды пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың, кәдеге жаратудың әдеттегідей жағдайларында немесе жұмысты орындау (қызмет көрсету) процесінде тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтіру мүмкіндігімен байланысты жол берілмейтін қатердің болмауы;
13) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы – тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тұтынушы қажеттіліктерін қанағаттандыру қабілетіне жататын сипаттамаларының жиынтығы;
14) тауарды иелену (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжат – бақылау (тауарлық) чегі не кассалық кіріс ордерінің түбіртегі, жыртылатын талон түбіртегі, тиісті түрде ресімделген техникалық паспорт, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауы, құны, сатып алынған күні, сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы мәліметтерді қамтитын өзге де құжат;
15) тұтынушы – өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) тапсырыс беру немесе иелену ниеті бар не тапсырыс беретін, оларды иеленетін және (немесе) пайдаланатын жеке тұлға;
16) уәкілетті орган – тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының тұтынушылар
құқықтарын қорғау туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Тұтынушылардың қаржылық, әлеуметтік, медициналық, туристік және өзге де көрсетілетін қызметтер саласындағы құқықтары, сондай-ақ оларды қорғау мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2-тарау. ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
3-бап. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы
мемлекеттiк реттеу
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеу осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 3-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұтынушылар
құқықтарын қорғау саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) мемлекеттік саясаттың тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiмен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар енгізеді;
3) Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіруді жүзеге асырады;
4) Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде шаралар қабылдайды;
5) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
6) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
6-бап. Мемлекеттік органдардың құзыреті
Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:
1) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
2) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
3) жеке немесе заңды тұлғалардың тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы өтініштерін қарайды;
4) Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзушыларға жауапкершілік шараларын қолданады;
5) Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.01.2014 N 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3-тарау. ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚОРҒАУ
7-бап. Тұтынушылардың құқықтары
Тұтынушылардың:
1) тауарларды (орындалатын жұмысты және көрсетілетін қызметті) иеленуге еркін шарт жасасуға;
2) тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ақпаратқа қол жеткізуге;
3) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алуға;
4) қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға;
5) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауға;
6) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына;
7) тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге;
8) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге;
9) сатушыдан (орындаушыдан, дайындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатты алуға;
10) ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы бойынша ойындардың бастамашысына (ұйымдастырушысына) кінә қоюға;
11) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға;
12) моральдық зиянды өтетуге;
13) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға;
14) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
8-бап. Тауарларды (орындалатын жұмыстарды және
көрсетілетін қызметтерді) иеленуге еркін
шарт жасасу құқығы
Тұтынушының тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге еркін шарт жасасуға құқығы бар.
Тұтынушыны тауарларды (орындалатын жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді) иеленуге шарт жасасуға мәжбүрлеуге жол берілмейді.
9-бап. Тұтынушылардың тұтынушылар құқықтарын қорғау
саласындағы ақпаратқа қол жеткізу құқығы
Тұтынушының тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы ақпаратқа қол жеткізу құқығы тұтынушылық білім негіздері жөніндегі мәселелерді білім беру бағдарламаларына енгізу арқылы, сондай-ақ тұтынушыға оның құқықтары және осы құқықтарын қорғау жөніндегі қажетті іс-қимылдар туралы ақпарат беру жүйесін ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етіледі.
10-бап. Тұтынушылардың тауар (жұмыс, көрсетілетін
қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы,
орындаушы) туралы ақпарат алу құқығы
1. Тұтынушының тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы осы Заңның 25-бабына сәйкес толық, дұрыс және уақтылы ақпарат алуға құқығы бар.
2. Егер тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы толық емес, дұрыс емес және уақтылы емес ақпарат беру:
тұтынушыға қажетті қасиеттері жоқ тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға әкеп соқса, ол шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы;
сатып алынған тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) мақсатына сай пайдалану мүмкіндігінің болмауына әкеп соқса, тұтынушы тауарды сатып алған (жұмыс орындалған, қызмет көрсетілген) күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде тиісті ақпарат беруді талап етуге құқылы. Егер көрсетілген мерзімде ақпарат берілмесе, тұтынушы шартты бұзуға және өзіне келтірілген залалды өтеуді талап етуге құқылы;
тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне зиян келтіруге әкеп соқса, ол сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) осы Заңның 16 және 31-баптарында көзделген талаптарды қоюға құқылы.
11-бап. Тұтынушылардың қауіпсіз тауарды (жұмысты,
көрсетілетін қызметті) сатып алу құқығы
Тұтынушының тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың және кәдеге жаратудың белгіленген шарттарына сай оның тұтынушы өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіпсіз болуына құқығы бар. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс талаптар міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленеді.
Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
12-бап. Тұтынушылардың тауарды (жұмысты, көрсетілетін
қызметті) еркін таңдау құқығы
Тұтынушының азаматтық айналымнан алынып қоймаған немесе айналымы шектелмеген тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушының (дайындаушының, орындаушының) жұмыс режимін ескере отырып, өзіне ыңғайлы уақытта еркін таңдауға құқығы бар.
13-бап. Тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін
қызметтің) тиісті сапасына құқығы
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын міндетті талаптар көзделсе, тұтынушының осы талаптарға сай келетін тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) алуға құқығы бар.
2. Тұтынушының иеленетін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасын, жиынтықталымын, салмағын, көлемін, санын, мөлшерін тексеруге, егер бұл тауардың сипатына қарай мүмкін болатын болса, өзінің қатысуымен тауардың қасиеттерін тексертуді немесе оның дұрыс және қауіпсіз пайдаланылуын көрсетуді жүргізуге құқығы бар.
3. Егер тұтынушы шарт жасасу кезінде сатушыға (орындаушыға) тауарды иеленудің (жұмысты орындаудың, қызмет көрсетудің) нақты мақсаттары туралы хабардар етсе, оның тиісті сападағы, осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) алуға құқығы бар.
4. Тауарды үлгісі және (немесе) сипаттамасы бойынша сату кезінде тұтынушының үлгіге және (немесе) сипаттамаға сай келетін тауарды алуға құқығы бар.
14-бап. Тұтынушылардың тиісті сападағы тауарды
айырбастау немесе қайтарып беру құқығы
1. Тұтынушы азық-түліктік емес тауар өзіне берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) бұдан да ұзақ мерзім жарияламаған болса, сатып алынған тауарды оның бағасында айырма болған жағдайда сатушымен (дайындаушымен) қажетті қайта есеп айырыса отырып, мөлшері, нысаны, ауқымы, пішіні, түсі, жиынтықталымы жағынан басқа, соған ұқсас тауарға айырбастап алуға құқылы.
Айырбастау осы Заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі.
2. Сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы.
3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды сатып алу орны айырбастау немесе қайтарып беру орны болып табылады.
15-бап. Тұтынушылардың тиісті емес сападағы
тауар сатылған жағдайдағы құқығы
1. Тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, өз таңдауы бойынша:
1) сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;
2) тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды талап етуге құқылы.
Тиісті емес сападағы тауарды сатушы оның дайындаушысы болып табылмаған жағдайда, осы тармақтың 2), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген талаптар сатып алушының таңдауы бойынша сатушыға не дайындаушыға қойылуы мүмкін;
3) тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;
4) соған ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды;
5) сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды;
6) шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1)-6) тармақшаларында көрсетілген талапты таңдауына қарамастан, келтірілген залалды өтету құқығы тұтынушыға тиесілі болады.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тұтынушы тауарды сатып алу орны бойынша осы баптың 1-тармағында көрсетілген талаптарды қоюға құқылы.
3. Тұтынушы, осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар осы Заңда белгіленген мерзімде анықталған жағдайда, осы талаптарды қоюға құқылы.
16-бап. Тұтынушылардың тауардың (жұмыстың, көрсетілетін
қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің
өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне
келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде
өтету құқығы
1. Тұтынушының тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) құрастыру, рецептілік немесе өзге де кемшіліктері салдарынан өз өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге құқығы бар.
2. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) кінәсіне және тұтынушының онымен шарттық қатынастарда тұрғанына немесе тұрмағанына қарамастан, кез келген тұтынушының тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан келтірілген залалды (зиянды) өтеуді талап ету құқығы танылады.
17-бап. Тұтынушының тауардағы кемшіліктерге
қатысты талаптар қою мерзімдері
1. Жарамдылық мерзімі белгіленген тауарға қатысты тұтынушы тауардағы кемшіліктер туралы, егер олар тауардың жарамдылық мерзімі ішінде табылса, талаптар қоюға құқылы.
2. Егер тауарға кепілді мерзім белгіленген болса, тауардағы кемшіліктер кепілді мерзім ішінде табылған жағдайда тұтынушы тауардағы кемшіліктермен байланысты талаптар қоюға құқылы.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілді мерзім тауар сатып алушыға берілген кезден бастап есептеледі.
Егер тауарға кепілді мерзім немесе жарамдылық мерзімі белгіленбесе, сатылған тауардағы кемшіліктер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта бұдан да ұзақ мерзімдер белгіленбесе, тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл шегінде табылған жағдайда тұтынушы тауардағы кемшіліктермен байланысты талаптар қоя алады.
Шартта көзделген кепілді мерзім екі жылдан аз уақытты құрайтын және тұтынушы тауардағы кемшіліктерді кепілді мерзім өткеннен кейін, бірақ тауар тұтынушыға берілген күннен бастап екі жыл ішінде тапқан жағдайларда, егер тұтынушы тауардағы кемшіліктердің тауар тұтынушыға берілгенге дейін немесе сол кезге дейін туындаған себептер бойынша туындағанын дәлелдесе, сатушы (дайындаушы) жауапты болады.
Шартта жиынтықтаушы бұйымдарға кепілді мерзімнің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілді мерзімнің ұзақтығынан аз болып белгіленген жағдайда, тұтынушы жиынтықтаушы бұйымнан кемшіліктер тапқан кезде ол жөнінде негізгі бұйымға белгіленген кепілді мерзім ішінде талаптар қоюға құқылы.
Егер жиынтықтаушы бұйымдарға кепілді мерзімнің ұзақтығы негізгі бұйымға кепілді мерзімнің ұзақтығынан артық болып белгіленсе, тұтынушы, егер негізгі бұйымға белгіленген кепілді мерзімнің өтіп кетуіне қарамастан, жиынтықтаушы бұйымдағы кемшіліктер оған белгіленген кепілді мерзім ішінде табылса, тауардағы кемшіліктер туралы талаптар қоюға құқылы.
Тауарларды үлгілері бойынша, почта арқылы сату кезінде, сондай-ақ сатып алу-сату шартын жасасу кезі мен тауарды тұтынушыға беру кезі сәйкес келмейтін жағдайларда, кепілді мерзім не тауардың кемшіліктерін анықтауға арналған мерзім - тауардың тұтынушыға берілген (жеткізілген) күнінен бастап, ал егер тауар арнайы орнатуды (қосуды) немесе жинауды қажет ететін болса, оны орнату (қосу) немесе жинау күнінен бастап есептеледі. Егер тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) байланысты мән-жайлар бойынша тауарды пайдалану мүмкіндігінен айырылса, кепілді мерзім не тауардың кемшіліктерін анықтауға арналған мерзім сатушы (дайындаушы) осындай мән-жайларды жойғанға дейін есептелмейді. Егер тауарды беру (жеткізу), орнату (қосу) немесе жинау, соның салдарынан тұтынушы тауарды мақсаты бойынша пайдалана алмайтын, сатушыға байланысты мән-жайларды жою күнін анықтау мүмкін болмаса, бұл мерзім сатып алу-сату шартын жасасқан күннен бастап есептеледі.
18-бап. Тұтынушының сатушыдан (дайындаушыдан,
орындаушыдан) тауарды иелену (жұмысты
орындау, қызмет көрсету) фактісін
растайтын құжатты алу құқығы
Тұтынушының сатушыдан (дайындаушыдан, орындаушыдан) тауарды иелену (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатты алуға құқығы бар.
Тұтынушыда тауарды иелену фактісін растайтын құжаттың болмауы оны шарттың жасалу фактісін немесе оның талаптарын растауда куәлердің айғақтарына сілтеме жасау құқығынан айырмайды.
19-бап. Тұтынушының ойын бастамашысына
(ұйымдастырушысына) ұтыс түрінде берілген
(орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың,
қызметтің) сапасы бойынша кінә қою құқығы
Егер ойын бастамашысы (ұйымдастырушысы) тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) кемшіліктердің оларды тұтынушыға бергеннен (орындағаннан, көрсеткеннен) кейін тұтынушының тауарды пайдалану немесе сақтау ережелерін бұзуы не үшінші бір тұлғалардың іс-әрекеттері немесе еңсерілмейтін күш салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) кемшіліктерді жою жөнінде сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) жүгіну жолымен күнтізбелік жиырма күн ішінде тұтынушының талаптарын қанағаттандыруға тиіс.
20-бап. Тұтынушылардың тұтынушылар қоғамдық
бірлестіктерін құру құқығы
Тұтынушылар ерікті негізде тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне бірігуге құқылы.
21-бап. Моральдық зиянды өтету құқығы
Тұтынушының Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасында көзделген құқықтары мен заңды мүдделерін сатушының (дайындаушының, орындаушының) бұзуы салдарынан оған келтірілген моральдық зиян, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сатушының (дайындаушының, орындаушының) кінәсі болған кезде сот айқындайтын мөлшерде өтеуге жатады.
22-бап. Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің
қорғалуына құқығы
Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды тиісті мемлекеттік органдар, сот, төрелік немесе аралық сот өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Тұтынушы тауарды (жұмысты, көрсетілген қызметті) сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) өз құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықты жою туралы және осы бұзушылықтардан тұтынушыға келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеу туралы кінә қойып жүгінуге құқылы.
Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) қойылған кінәға күнтізбелік он күн ішінде жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы.
Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.11.2014 № 254-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
4-тарау. САТУШЫНЫҢ (ДАЙЫНДАУШЫНЫҢ, ОРЫНДАУШЫНЫҢ)
ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
23-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) кепілді
мерзімді белгілеу жөніндегі құқығы
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше айқындалмаған болса, дайындаушы (орындаушы) тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) кепілді мерзім белгілеуге құқылы, осы мерзім ішінде тауардан (жұмыстан, көрсетілетін қызметтен) кемшілік табылған жағдайда дайындаушы (орындаушы) тұтынушының осы Заңда белгіленген талаптарын қанағаттандыруға міндетті.
Сатушы дайындаушының (орындаушының) белгілеген кепілді мерзімін ұзартуға құқылы, бірақ оны азайтуға құқылы емес.
24-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының)
міндеттері
Сатушы (дайындаушы, орындаушы):
1) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат беруге;
2) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
3) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауды қамтамасыз етуге;
4) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасын қамтамасыз етуге;
5) тиісті де, тиісті емес те сападағы тауардың ауыстырылып берілуін немесе қайтарылуын қамтамасыз етуге;
6) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтеуге;
7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда бақылау-кассалық машиналарының болуына;
8) бақылау-кассалық машиналар орналастырылған жерде тұтынушының бақылау (тауарлық) чегін алу қажеттігі туралы және бақылау-кассалық машиналарын қолдану тәртібі бұзылған жағдайда оның мемлекеттік кіріс органына (тиісті мемлекеттік кіріс органының телефон нөмірін көрсетіп) жүгіну құқығы туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат орналастыруға;
9) тауарларды сату (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету) жөніндегі қызметті тікелей жүзеге асыратын жеке тұлғада оның тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда) көрсетілген омырау карточкасының (бейджінің) болуын және оның санитариялық ережелер мен гигиеналық нормативтерді сақтауын қамтамасыз етуге;
10) тауарды сату (жұмысты орындау, қызметті көрсету) кезінде тауарды иелену (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатты беруге;
11) мәлімделген жұмыс режимін сақтауға;
12) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де талаптарды орындауға міндетті.
Сатушы (дайындаушы) бағалар заттаңбасымен ресімделген, сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарына қойылған тауардың құнын көрсетуге, сондай-ақ тауарды сақтау жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті.
Дайындаушы (орындаушы) жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің құнын жазбаша түрде көрсетуге міндетті.
Дайындаушы тауардың жарамдылық мерзімін, сақтау мерзімін белгілеуге міндетті.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
РҚАО-ның ескертпесі!
25-бапқа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 27.11.2015 № 424-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
25-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының)
тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы
ақпарат беру жөніндегі міндеті
1. Тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы ақпарат міндетті түрде мыналарды:
1) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауын;
2) ұсынылатын жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) түрлері мен ерекшеліктерін;
3) егер тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) техникалық регламенттерде, стандарттарда және өзге де құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестікті растау рәсіміне жататын жағдайда сәйкестік белгісін;
4) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) негізгі тұтынушылық қасиеттері туралы, азық-түліктің тағамдық, биологиялық және энергетикалық құндылығы туралы мәліметтерді, сондай-ақ кейбір аурулар мен сырқаттану кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен оларды қолдануға болмайтындығы туралы мәліметтерді;
5) тауардың құрамын, тамақ өнімдеріне қатысты – олардың құрамы, оның ішінде тамақ қоспаларының, азықтардың және азық қоспаларының, тамаққа биологиялық активті қоспалардың болуы және олардың мөлшері туралы мәліметтерді;
6) егер мұндай компоненттегі генетикалық түрлендірілген организмдер құрамы 0,9 және одан да көп процентті құрайтын болса, тамақ өнімдерінде генетикалық түрлендірілген организмдерден тұратын немесе соларды қолдана отырып алынған компоненттердің болуы туралы мәліметтерді қамтуға тиіс. Бұл ретте, оралған өнімдерде – заттаңбада, оралмаған өнімдерде – өнім туралы нұсқамаларда «Осы өнімнің құрамында генетикалық түрлендірілген организмдер бар» деген сөздер жеке сөйлем ретінде көрсетілуге тиіс;
7) дайындаушының тауарлық белгісін;
8) тауарды шығарған елді;
9) тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алу құны мен шарттарын;
10) кепілді мерзімнің болуын немесе болмауын;
11) егер бұл тауарлардың ерекшелігіне байланысты талап етілсе, тамақ өнімдерін дайындау жөніндегі ұсынымдарды;
12) тауардың дайындалған күні мен орнын, қызмет ету мерзімін және (немесе) жарамдылық мерзімін және (немесе) сақтау мерзімін, егер тауарды сақтаудың талаптары тиісті тауарды сақтаудың әдеттегідей жағдайларынан ерекшеленетін не арнайы сақтау талаптарын қажет ететін болса, оларды сақтау талаптарын көрсетуді, сондай-ақ, егер тауар көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне және қоршаған ортаға қауіп төндіретін болса немесе мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болса, көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін тұтынушының қажетті іс-әрекеттері және мұндай іс-әрекеттерді орындамаған кездегі ықтимал салдарлар туралы мәліметтерді;
13) сатушының (дайындаушының, орындаушының) атауын (фирмалық атауын), орналасқан жерін (заңды мекенжайын), сатушы (дайындаушы) тұтынушыдан қойылған кінәларды қабылдауға уәкілеттік берген және тауарды жөндейтін әрі оған техникалық қызмет көрсететін дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның (оның филиалының, өкілдігінің) орналасқан жерін;
14) егер мұның жұмыс (көрсетілетін қызмет) сипатымен байланысты мәні болса, жұмысты орындайтын (қызмет көрсететін) нақты тұлғаны көрсетуді және ол туралы ақпаратты;
15) музыкалық туындыларды орындаушылардың ойын-сауық қызметтерін көрсетуі кезінде фонограммаларды, дыбыс-бейне жазбаны пайдалануын көрсетуді;
16) тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) массасының шамасын (нетто), көлемін, санын және (немесе) жиынтықталымын;
17) тауардың мақсаты туралы және тиімді әрі қауіпсіз қолданылу жағдайлары туралы мәліметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұтынушыға ұсынылуы міндетті болып табылатын не тұтынушы мен сатушы (дайындаушы, орындаушы) арасында жасалған шартта көзделген өзге де мәліметтерді қамтуға тиіс.
Егер тұтынушы иеленетін тауар пайдалануда болса немесе ондағы кемшілік жойылған болса, тұтынушыға ол жөнінде ақпарат берілуге тиіс. Мұндай тауарды иеленген жағдайда кемшіліктің болуы туралы мәліметтер иелену фактісін растайтын құжатта көрсетілуге тиіс.
2. Сатушы (дайындаушы) айырбастауға жатпайтын тиісті сападағы тауар туралы уақтылы хабарлауға міндетті.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ақпарат тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілетін құжаттамада, тұтыну ыдысында, жапсырмаларда немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен тұтынушының назарына қазақ және орыс тілдерінде жеткізіледі.
4. Дайындалған жерінен басқа жерде тұтыну ыдысына бөлшектеп салынған және оралған азық-түлік өнімдері мен басқа да тауарларда осы баптың 1-тармағында көрсетілген ақпараттан басқа, бөлшектеп салушы және ораушы (тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда), сондай-ақ бөлшектеп салынған және оралған күні мен уақыты туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
26-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) сатушы
(дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат беру
жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) өзінің атауын (фирмалық атауын), орналасқан жерін (заңды мекенжайын) және жұмыс режимін қазақ және орыс тілдерінде аталған ақпаратты маңдайшаға орналастырып, тұтынушының назарына жеткізуге міндетті.
Дара кәсіпкер болып табылатын сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға өзінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болғанда) туралы, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткені және оны дара кәсіпкер ретінде тіркеуді жүзеге асырған органның атауы туралы ақпаратты да ұсынуға тиіс.
2. Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) жүзеге асыратын қызметтің түрі лицензиялауға жатса, тұтынушыға қазақ және орыс тілдерінде лицензия, оның қолданылу мерзімі, оны берген мемлекеттік орган туралы ақпарат берілуге, сондай-ақ тұтынушының талабы бойынша лицензияның түпнұсқасымен немесе нотариат куәландырған көшірмесімен танысу мүмкіндігі берілуге тиіс.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген ақпарат сауда-саттық, тұтынушыларға көрсетілетін тұрмыстық және өзге де қызмет түрлері сатушының (дайындаушының, орындаушының) тұрақты орналасқан жерінен тысқары жерде, уақытша үй-жайларда, жәрмеңкелерде, сөрелерден және басқа да жағдайларда жүзеге асырылған кезде тұтынушының назарына жеткізілуге тиіс.
27-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауардың
(жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін
қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы) тауардың белгіленген сақтау мерзімі немесе жарамдылық мерзімі ішінде тауардың қауіпсіздігі үшін жауап беруге міндетті.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға ықтимал тәуекел туралы және тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдаланудың шарттары туралы хабарлауға міндетті. Бұл ретте, егер тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) қауіпсіз пайдалану, оны сақтау, тасымалдау немесе кәдеге жарату үшін арнаулы ережелерді сақтау қажет болса, онда дайындаушы (орындаушы) оларды тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) қоса берілген құжаттамада, тұтыну ыдысында, жапсырмаларда немесе тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жекелеген түрлері үшін қабылданған өзге де тәсілмен көрсетуге міндетті.
3. Сәйкестігі міндетті расталуға жататын тауарды, оның ішінде импорттық тауарды сәйкестіктің тиісті сертификаттарынсыз немесе сәйкестік туралы декларациясыз өткізуге жол берілмейді.
4. Тұтынушы тауарды пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың немесе кәдеге жаратудың белгіленген ережелерін сақтаған кезде тауар тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтірсе немесе келтіруі мүмкін болса, сатушы (дайындаушы) зиянның себептері жойылғанға дейін оны өндіруді (өткізуді) дереу тоқтата тұруға міндетті. Егер зиянның себептерін жою мүмкін болмаса, сатушы (дайындаушы) мұндай тауарды өндірістен (өткізуден) алуға және ол жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға уақтылы хабарлауға, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушыға оның өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға ықтимал қауіп туралы уақтылы хабарлау, тауарды айналымнан алып қою және тұтынушыдан қайтарып алу жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұтынушыға оның өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тауарлар туралы хабарлау сатушының (дайындаушының) қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
5. Сатушы (дайындаушы) осы баптың 4-тармағында көзделген міндеттерін орындамаған кезде тауарды өндірістен алу, оны айналымнан алып қою және тұтынушыдан қайтарып алу тиісті мемлекеттік органның нұсқамасы бойынша жүргізіледі. Тиісті мемлекеттік органның нұсқамасын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
Тауарды қайтарып алуға байланысты тұтынушыға келтірілген залалды сатушы (дайындаушы) толық көлемде өтеуге тиіс.
28-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауарды
(жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауды
қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушының өзіне ыңғайлы уақытта тиісті сападағы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушының (дайындаушының, орындаушының) жұмыс режимін ескеріп, еркін таңдауын қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны тиісті емес сападағы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өзіне қажетсіз мөлшерде және (немесе) ассортиментте сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады.
2. Сатушы тауарды сату кезінде Қазақстан Республикасының өлшем бірліктерін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген өлшем құралдарын пайдалануға тиіс.
3. Тауардың (жұмыстың) салмағы, саны, ұзындығы және өзге де өлшемдері тұтынушының күмәнін туғызған жағдайларда сатушы (дайындаушы) аталған сипаттамаларды Қазақстан Республикасының өлшем бірліктерін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген өлшем құралдарының көмегімен дербес тексеруге мүмкіндік беруге міндетті.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) таңдау кезінде қандай да бір артықшылықтарды, тікелей немесе жанама шектеулерді белгілеуге жол берілмейді.
29-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының)
тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің)
тиісті сапасын қамтамасыз ету жөніндегі
міндеттері
1. Егер шартта тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына қойылатын міндетті талаптар көзделсе, сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға осы талаптарға сай келетін тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
2. Сатушы (дайындаушы, орындаушы), егер бұл тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сипатына қарай мүмкін болса, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қасиеттері мен оны пайдалануды көрсетуге және тұтынушыға сапасы тауар (орындалған жұмыс, көрсетілген қызмет) туралы берілген ақпаратқа және шарттың талаптарына сай келетін тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызмет көрсетуге), сондай-ақ тұтынушының талабы бойынша оған тауардың(жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы мен қауіпсіздігін және оның жиынтықталымын растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті.
3. Шартта тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы туралы талаптар болмаған кезде сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сай келетін және осындай тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) пайдаланылатын мақсаттарға жарамды тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
4. Егер тұтынушы шарт жасасу кезінде сатушыны (дайындаушыны, орындаушыны) тауарды сатып алудың (жұмысты орындаудың, қызметті көрсетудің) нақты мақсаттары туралы хабардар етсе, сатушы (дайындаушы, орындаушы) тұтынушыға тиісті сападағы, осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауарды беруге (жұмысты орындауға, қызметті көрсетуге) міндетті.
5. Тауарды үлгі және (немесе) сипаттама бойынша сату кезінде сатушы тұтынушыға үлгіге және (немесе) сипаттамаға сай келетін тауарды беруге міндетті.
30-бап. Сатушының (дайындаушының) тиісті сападағы
да, тиісті емес сападағы да тауарды сату
кезіндегі міндеттері
1. Мыналарды:
1) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды;
2) іш киімді;
3) шұлық-ұйық бұйымдарын;
4) жануарлар мен өсімдіктерді;
5) метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы қоспағанда, егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмеген жағдайда, егер тұтынушы осы сатушыдан (дайындаушыдан) сатып алу фактісін дәлелдесе, онда тауарды айырбастау немесе қайтару жүргізілуге тиіс.
2. Тұтынушы тауардан кемшіліктер тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда сатушы (дайындаушы) – оны дереу ауыстыруға, ал сатушының (дайындаушының) тауар сапасын қосымша тексеруі қажет болған кезде тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті.
Тауарды (жиынтықтаушы бұйымды) ауыстыру кезінде, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілді мерзім оны тұтынушыға берген күнінен бастап қайта есептеледі.
3. Егер шартта өзгеше мерзім белгіленбесе, тұтынушының келісімі бойынша сатушы (дайындаушы) тауардан табылған кемшіліктерді тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде жоюға тиіс.
Тауардағы кемшіліктер жойылған жағдайда кепілді мерзім тауар пайдаланылмаған мерзім ішіндегі уақытқа ұзартылады. Көрсетілген уақыт тұтынушы кемшіліктерді жою туралы талаппен жүгінген күннен бастап тұтынушының талабы орындалған кезге дейін есептеледі.
4. Сатушы (дайындаушы) кепілді мерзімін белгілемеген тауарға қатысты, не осы Заңның 17-бабы 2-тармағының төртінші абзацында көзделген жағдайда және тәртіппен, егер тұтынушы тауардың кемшіліктері тұтынушыға берілгенге дейін пайда болғанын немесе сол кезге дейін пайда болған себептерден туындағанын дәлелдесе, тауардың кемшіліктері үшін сатушы (дайындаушы) жауап береді.
Сатушы (дайындаушы) сатылған (дайындалған) тауардың кемшіліктері үшін олар жөнінде өзі білмеген жағдайда да жауап береді. Сатушыны (дайындаушыны) жауапкершіліктен босату туралы немесе оны шектеу туралы келісім жарамсыз болады.
5. Сатушы (дайындаушы) кепілді мерзімін белгілеген тауарға қатысты, сатушы (дайындаушы) егер тауардағы кемшіліктер оларды тұтынушыға бергеннен кейін тұтынушының тауарды пайдалану немесе оны сақтау ережелерін бұзуы не үшінші бір тұлғалардың іс-әрекеті немесе еңсерілмейтін күштің салдарынан туындағанын дәлелдей алмаса, тұтынушының талаптарын қанағаттандыруға міндетті.
6. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, тұтынушының талаптарын орындау мерзімін өткізіп алғаны үшін осындай бұзушылықтарға жол берген сатушы (дайындаушы) тұтынушыға мерзімі өткізіп алынған әрбір күн үшін тауар (жұмыс) құнының бір пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлейді.
7. Тұтынушыға тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтарып беру кезінде сатушы (дайындаушы) одан тауарды толық немесе ішінара пайдаланғандықтан, оның тауарлық түрін жоғалтуынан немесе басқа да осы сияқты мән-жайлардан тауардың құны төмендеген соманы ұстап қалуға құқылы емес.
Кемшіліктері бар тауарды дәл сондай маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстырған кезде бағасын қайта есептеу жүргізілмейді.
Шартты бұзған кезде тұтынушымен есеп айырысу тауардың бағасы көтерілген жағдайда - оның шартты бұзған кездегі бағасының негізінде, ал бағасы төмендеген жағдайда тауардың сатып алу кезіндегі бағасының негізінде жүргізіледі.
Кемшіліктері бар тауарды басқа маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстырған кезде, егер ауыстыруға жататын тауардың бағасы ауыстырылып берілген тауардың бағасынан төмен болса, тұтынушы баға айырмашылығын төлеуге тиіс. Тұтынушы қосымша ақы төлеуден бас тартқан жағдайда тараптар шартты бұзып, тұтынушыға сатып алынған тауарға төленген ақшалай сома қайтарылады. Ауыстыруға жататын тауардың бағасы ауыстырылып берілген тауардың бағасынан жоғары болған жағдайда, баға айырмашылығы тұтынушыға төленеді. Көрсетілген есеп айырысуларда ауыстыруға жататын тауардың бағасы көтерілген жағдайда – оның талап қойылған кездегі бағасы, ал бағасы төмендеген жағдайда сатып алу кезіндегі бағасы қолданылады.
8. Сатушы (дайындаушы) тұтынушыға тиісті емес сападағы тауарды жеткізуге және (немесе) қайтарып беруге байланысты шығыстарды өтеуге міндетті.
9. Сатып алынатын тауарға ақы төлеу нысаны тұтынушы мен сатушы (дайындаушы) арасындағы келісім бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен айқындалады.
Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
31-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының) тауардың
(жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері
салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына
және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды
(зиянды) толық көлемде өтеу жөніндегі міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) құрастыру, рецептілік немесе өзге де кемшіліктер салдарынан не тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы толық емес, дұрыс емес немесе уақтылы берілмеген ақпарат салдарынан тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген зиянды толық көлемде өтеуге міндетті, сондай-ақ талап берілген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде тұтынушыға зиянды өтеу туралы жауап беруге не тұтынушының талаптарын қанағаттандыру үшін тиісті шаралар қолдануға тиіс.
Оның кінәсіне және тұтынушының онымен шарттық қатынастарда болғандығына немесе болмағандығына қарамастан, келтірілген зиян сатушының (дайындаушының, орындаушының) өтеуіне жатады.
2. Тауардағы (жұмыстағы, көрсетілетін қызметтегі) кемшілік фактісі расталған жағдайда сатушы (дайындаушы, орындаушы) тауарға (жұмысқа, көрсетілген қызметке) сараптама жүргізумен байланысты тұтынушыға, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне, қауымдастықтарға (одақтарға) келтірілген шығыстарды толық көлемде өтеуге міндетті.
3. Тауардағы кемшіліктерден және тауардың қауіпсіздік нормаларының бұзылуынан туындаған зиян, егер ол тауардың белгіленген жарамдылық мерзімі (қызмет ету мерзімі) ішінде келтірілген болса – өтелуге, ал егер жарамдылық мерзімі (қызмет ету мерзімі) белгіленбесе – тауар өндірілген күннен бастап он жыл ішінде өтелуге тиіс.
Тауардағы кемшіліктер салдарынан келтірілген зиянды тұтынушының таңдауы бойынша тауарды сатушы немесе дайындаушы өтеуге тиіс.
Жұмыстағы немесе көрсетілген қызметтегі кемшіліктер салдарынан келтірілген зиянды олардың орындаушысы өтеуге тиіс.
4. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) зиянның үшінші тұлғалардың әрекеттері не еңсерілмейтін күш немесе тұтынушының тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) пайдаланудың, сақтаудың белгіленген ережелерін бұзуы салдарынан келтірілгеніне дәлелдер ұсынған кезде жауапкершіліктен босатылады.
32-бап. Дайындаушының (орындаушының) тауардың жарамдылық
мерзімін, сақтау мерзімін және қызмет ету
мерзімін белгілеу жөніндегі міндеттері
1. Дайындаушы тұтынушылық қасиеттері уақыт өте келе нашарлауы мүмкін тауарларға Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес жарамдылық мерзімін және (немесе) сақтау мерзімін белгілеуге міндетті.
2. Сатушы (дайындаушы) жарамдылық мерзімі және (немесе) сақтау мерзімі белгіленген тауарларды тұтынушыға оларды жарамдылық мерзімі және (немесе) сақтау мерзімі өткенге дейін мақсатына сай пайдалана алатындай етіп беруге міндетті.
3. Тауардың жарамдылық мерзімі тауар әзірленген кезден бастап есептеледі. Егер әзірлеу кезі мен пайдалануға дайын болу кезі сәйкес келмесе, тауардың жарамдылық мерзімі пайдалануға дайын болу кезінен бастап қолданыла бастайды, ол жөнінде тұтынушы хабардар етілуге тиіс. Белгіленген жарамдылық мерзімі және (немесе) сақтау мерзімі өткеннен кейін тауарды, сондай-ақ жарамдылық мерзімі және (немесе) сақтау мерзімі белгіленуге тиіс, бірақ олар белгіленбеген тауарды өткізуге тыйым салынады.
4. Белгіленген мерзімінен тыс пайдаланылуы тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, қоршаған ортаға қауіпті болып табылатын тауарлардың қызмет ету мерзімі белгіленеді.
Ескерту. 32-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 376-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
33-бап. Сатушының (дайындаушының, орындаушының)
иелігінде бақылау-кассалық машинаның және
омырау карточкасының болуы міндеттері
1. Сатушы (дайындаушы, орындаушы) бақылау-кассалық машинаны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда қолдануға міндетті.
Сатушы (дайындаушы, орындаушы) бақылау-кассалық машиналар орналастырылған жерде тұтынушының бақылау (тауарлық) чегін алу қажеттігі және бақылау-кассалық машиналарын қолдану тәртібі бұзылған жағдайда оның мемлекеттік кіріс органына жүгіну құқығы туралы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат орналастырады.
2. Сатушы тауарды сату (жұмысты орындау жөніндегі, қызмет көрсету жөніндегі) жөніндегі қызметті тікелей жүзеге асыратын жеке тұлғада оның тегі, аты және әкесінің аты (бар болғанда) жазылған және фотосуреті бар омырау карточкасының (бейджінің) болуын қамтамасыз етеді.
Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
5-тарау. ЖҰМЫСТЫ ОРЫНДАУ (ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ)
34-бап. Жұмысты орындау (қызмет көрсету) мерзімдері
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, орындаушы жұмысты орындау (қызмет көрсету) туралы шартта белгіленген мерзімде жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге) міндетті.
2. Шартта жұмысты орындаудың (қызмет көрсетудің) бастапқы және түпкілікті мерзімдері, сондай-ақ жұмыстың жекелеген кезеңдерінің аяқталу мерзімдері (аралық мерзімдер) айқындалуы мүмкін.
Егер жұмыс (көрсетілетін қызмет) шарттың қолданылуы мерзімі ішінде бөліп орындалатын (көрсетілетін) болса (мерзімді басылымды жеткізу, техникалық қызмет көрсету), жұмысты орындаудың (қызмет көрсетудің) аралық мерзімдері көзделуге тиіс.
3. Жұмысты орындаудың (қызмет көрсетудің) шартта көрсетілген бастапқы, түпкілікті және (немесе) аралық мерзімдері тараптардың келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін.
4. Егер орындаушы жұмысты орындау (қызмет көрсету) мерзімдерін – жұмысты орындауды (қызмет көрсетуді) бастау және (немесе) аяқтау мерзімдерін және жұмысты орындаудың (қызмет көрсетудің) аралық мерзімдерін бұзса, оны мерзімінде аяқтау анық мүмкін болмаса, онда тұтынушы шарттан бас тартуға және залалдарды өтеуді талап етуге құқылы.
Егер жұмысты орындау кезінде оның тиісті дәрежеде орындалмайтыны айқын болса, тұтынушы кемшіліктерді жою үшін орындаушыға жаңа мерзім тағайындауға және осы талапты белгіленген мерзімде орындаушы орындамаған кезде шарттан бас тартуға не жұмысты орындауды орындаушы есебінен үшінші тұлғаға тапсыруға, сондай-ақ залалды өтеуді талап етуге құқылы.
Егер орындаушы жұмысты орындау (қызмет көрсету) мерзімдерін өткізіп алу еңсерілмейтін күш салдарынан немесе тұтынушының кінәсінен болғанын дәлелдесе, тұтынушының осы тармақта белгіленген талаптары қанағаттандырылуға жатпайды.
5. Орындаушы жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге) кірісуге және оны аяқтауға тиісті, тұтынушының тағайындаған жаңа мерзімдері шартта көрсетіледі.
Тағайындалған жаңа мерзімдер күнтізбелік он күннен астам уақытқа өткізіп алған жағдайда тұтынушы осы баптың 4-тармағында белгіленген өзге де талаптарды қоюға құқылы.
6. Жұмыс (қызмет көрсету) уақтылы орындалмаған жағдайда шартты бұзған кезде орындаушының жұмысты орындау (қызмет көрсету) процесінде өзінің жұмсаған шығындарын өтеуді, сондай-ақ орындалған жұмысқа (көрсетілген қызметке) ақы төлеуді талап етуге құқығы жоқ.
35-бап. Тұтынушының орындалған жұмыстан (көрсетілген
қызметтен) кемшіліктер табылған кездегі құқықтары
1. Тұтынушы орындалған жұмыстан (көрсетілген қызметтен) кемшіліктер табылған кезде өз таңдауы бойынша:
1) орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді өтеусіз жоюды;
2) орындалған жұмыс (көрсетілген қызмет) үшін сыйақыны тиісті мөлшерде азайтуды;
3) сапасы дәл сондай біртектес материалдан басқа затты өтеусіз жасап беруді немесе жұмысты қайта орындауды (қайта қызмет көрсетуді);
4) тұтынушылардың кемшіліктерді жою құқығы шартта көзделгенде, оларды жоюға арналған өз шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы.
2. Егер орындаушы орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктерді белгіленген мерзімде жоймаса не егер жұмыста (көрсетілетін қызметте) шарт талаптарынан ауытқулар немесе жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) өзге де кемшіліктер айтарлықтай және жойылмайтындай болса, тұтынушы шартты бұзуға және залалды өтеуді талап етуге құқылы.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгіленген талаптар – жұмысты (қызметті) қабылдаған кезде немесе оны орындау (көрсету) не Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген мерзімдер ішінде пайдалану барысында кемшіліктер табылған жағдайда, ал жұмысты (көрсетілетін қызметті) қабылдаған кезде кемшіліктерді табу мүмкін болмаған жағдайда – кепілді мерзім ішінде, жасырын кемшіліктер табылған жағдайда – бір жыл ішінде, ғимараттармен және құрылыстармен байланысты жұмыстарға қатысты, сондай-ақ жұмыс түріне қарамастан – орындаушы қасақана жасырған кемшіліктерге қатысты жұмыстарды қабылдап алу күнінен бастап үш жыл ішінде қойылуы мүмкін.
Жұмыстың (көрсетілген қызметтің) тұтынушының өзінің және басқа да адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін кемшіліктерін өтеусіз жою туралы талапты тұтынушы немесе оның құқық мирасқоры жұмысты (көрсетілген қызметті) қабылдаған кезден бастап үш жыл ішінде қоюы мүмкін.
Мұндай талап бұл кемшіліктердің қашан табылғанына қарамастан, оның ішінде кепілді мерзімі аяқталғаннан кейін анықталған кезде де қойылуы мүмкін.
4. Жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) оны орындау (көрсету) барысында табылған кемшіліктер және орындалған жұмыстағы (көрсетілген қызметтегі) кемшіліктер, егер шартта өзгеше мерзім белгіленбесе, тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік он күн ішінде жойылуға тиіс.
Кемшіліктерді жоюдың тұтынушы тағайындаған немесе тараптармен келісілген мерзімі шартта жазылады.
5. Жұмысты орындауды (қызмет көрсетуді) бастау және аяқтау мерзімдерін бұзғаны үшін, сондай-ақ жұмыстағы (көрсетілетін қызметтегі) кемшіліктерді жою мерзімдерін бұзғаны үшін орындаушы, егер шартта, Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мерзімін өткізіп алудың әрбір күні үшін жұмыс (көрсетілетін қызмет) құнының бір пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлеуге тиіс.
36-бап. Жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге)
арналған смета
1. Шартта көзделген жұмыстарды орындауға (қызметтерді көрсетуге) смета жасалуы мүмкін.
Егер тұтынушы немесе орындаушы талап етсе, сметаны жасау міндетті болып табылады.
2. Егер тұтынушы жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге) келісім бермесе немесе орындаушыға осындай жұмыстарды орындауды (осындай қызметтер көрсетуді) тапсырмаса, орындаушының олар үшін және сметаға енгізілмеген қосымша шығыстар үшін ақы төлеуді талап етуге құқығы жоқ.
Егер сметаны арттыру қажеттігі туындаса, орындаушы ол жөнінде тұтынушыны дереу ескертуге тиіс. Бұл жағдайда тұтынушы сметаға сәйкес орындалған жұмысқа (көрсетілген қызметке) қатысты өзі жұмсаған шығыстарды орындаушыға өтей отырып, шарттан бас тартуға құқылы.
Егер орындаушы сметаны арттыру туралы тұтынушыға ескертпесе, ол сметадан тыс шығыстарды өтеуді талап етпей, жұмысты орындауға (қызмет көрсетуге) міндетті.
37-бап. Жұмысты орындаушының материалынан орындау
1. Егер тұтынушы жұмысты өз материалынан орындауды талап етпесе, орындаушы шартта айқындалған жұмысты өз материалынан және өз қаражаты есебінен орындайды.
Жұмысты өз материалынан орындайтын орындаушы оның тиісті сапасы үшін жауапты болады.
2. Егер тараптардың келісімінде орындаушының материалдары үшін есеп айырысудың өзгеше тәртібі көзделмесе, тұтынушы шарт жасасу кезінде толық мөлшерде немесе тұтынушы орындалған жұмысты орындаушыдан алған кезде түпкілікті есеп айырыса отырып, шартта көрсетілген мөлшерде орындаушының материалына ақы төлейді.
Шартта көзделген жағдайларда орындаушы материалды кредитке беруі мүмкін. Кредитке берілген материал құнының кейіннен өзгеруі қайта есептеуге әкеп соқпайды.
38-бап. Жұмысты тұтынушының материалынан орындау
1. Егер жұмыс толық немесе ішінара тұтынушының материалынан орындалатын болса, орындаушы сол материалдың сақталуына, оның дұрыс пайдаланылуына жауапты болады.
2. Орындаушы:
1) тұтынушыны оның берген материалының жарамсыздығы немесе сапасыздығы туралы ескертуге;
2) материалдың жұмсалғандығы туралы есеп беруге және оның қалдығын қайтаруға міндетті.
3. Орындаушы тұтынушыдан қабылдап алынған материалды жоғалтқаны және бүлдіріп алғаны үшін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жауап береді.
Орындаушыға берілетін материалдың құнын тұтынушы шартта немесе оны иеленуді (сатып алуды) растайтын өзге құжатта (түбіртекте, тапсырыста) айқындайды.
4. Егер орындаушы тұтынушыны материалдың жоғалуына (бүлінуіне) әкеп соғуы мүмкін айрықша қасиеттері туралы ескерткен болса, орындаушы тұтынушыдан қабылдап алған материалды толық немесе ішінара жоғалтқаны (бүлдіріп алғаны) үшін жауапкершіліктен босатылады.
5. Орындаушы тұтынушының нұсқауларын сақтау және тұтынушыға байланысты өзге де мән-жайлар орындалатын жұмыс сапасының өзгеруіне әкеп соғатыны не оны мерзімінде аяқтауға мүмкіндік бермейтіні жөнінде тұтынушыны уақтылы ескертуге міндетті.
Егер тұтынушы орындаушының уақтылы және негізді ескертуіне қарамастан, шартта белгіленген мерзімде жарамсыз немесе сапасыз материалды ауыстырмаса, жұмысты орындау тәсілі туралы нұсқауларын өзгертпесе не жұмыс сапасының өзгеруіне әкеп соғатын өзге де мән-жайларды жоймаса, орындаушы шартты бұзуға құқылы.
39-бап. Жұмысты орындағаны (қызмет көрсеткені)
үшін ақы төлеу
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, орындалған жұмысқа (көрсетілген қызметке) ақы төлеудің нысаны мен тәртібі тұтынушы мен орындаушы арасындағы келісім бойынша айқындалады.
6-тарау. ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТЕРІ
40-бап. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері
1. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері тұтынушылардың құқықтарын іске асыруға және қорғауға бағытталған қызметті жүзеге асырады.
2. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасына сәйкес қауымдастықтарға (одақтарға) бірігуі мүмкін.
41-бап. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің
қауымдастықтардың (одақтардың) құқықтары
Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар):
1) уәкілетті органға және өзге де мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
2) тұтынушылардың құқықтарын бұзу фактісін қарауға жәрдемдесу мақсатында мемлекеттік органдарға жүгінуге;
3) тауардың тұтынушылық қасиеттерін, оған сұранысты зерделеуге, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы туралы қоғамдық пікірді анықтау үшін халыққа сауалнама жүргізуге;
4) өтініштер, шағымдар қабылдауды жүзеге асыруға;
5) тұтынушының өтініші, шағымы келіп түскен жағдайда тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасын бағалау мақсатында мемлекеттік органдарға жүгінуге;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған тәртіппен мемлекеттік органдарда, сондай-ақ өзге де қоғамдық бірлестіктерде тұтынушылардың мүдделерін білдіруге;
7) тұтынушылар мүддесіне орай, оның ішінде тұтынушылардың белгісіз тобының мүддесіне орай сотқа талап-арыздар ұсынуға;
8) тұтынушылардың проблемалары мен құқықтары жөніндегі ақпаратты зерттеуге және бұқаралық ақпарат құралдарында таратуға;
9) әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар негізінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша әлеуметтік бағдарламаларды, жобаларды, сондай-ақ жекелеген іс-шараларды іске асыруға құқылы.
42-бап. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің,
қауымдастықтардың (одақтардың) тұтынушылар
құқықтарын қорғауы
Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) тұтынушының өтініші, шағымы бойынша құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды жою және осы бұзушылықтар арқылы келтірілген залалды (зиянды) тұтынушыға ерікті түрде өтеу туралы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) кінә қоя отырып жүгінуге құқылы.
Егер сатушы (дайындаушы, орындаушы) күнтізбелік он күн ішінде кінә қоюға жауап бермесе немесе бұзушылықтарды жоюдан және келтірілген залалды (зиянды) ерікті түрде өтеуден бас тартса, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) сотқа жүгінуге құқылы.
Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері, қауымдастықтар (одақтар) тұтынушылар мүддесіне орай сотта қарауға жіберетін талап-арыздарға мемлекеттік баж салынбайды.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
43-бап. Қазақстан Республикасының тұтынушылар
құқықтарын қорғау туралы заңнамасын
бұзғаны үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасының тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.
44-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Тұтынушылардың праволарын қорғау туралы» Қазақ Советтік Социалистік Республикасының 1991 жылғы 5 маусымдағы Заңының (Қазақ CСР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1991 ж., № 23, 267-құжат; 1992 ж., № 13-14, 313-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев