Осы Заң Қазақстан Республикасы астанасының жұмыс істеуі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оның қызметінің құқықтық, экономикалық және ұйымдық негіздерін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасының астанасы
1. Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы болып табылады.
2. Астана қаласы Қазақстан Республикасының астанасы (бұдан әрі - астана) ретінде:
1) мемлекеттің саяси және әкімшілік орталығы;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің "Ақорда" Резиденциясында сақталатын Қазақстан Республикасы Конституциясы мәтінінің түпнұсқасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік елтаңбасының эталондары орналасқан жер болып табылады.
3. Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің "Ақорда" Резиденциясы, Қазақстан Республикасының Парламенті, Үкіметі, Жоғарғы Соты және өзге де орталық мемлекеттік органдары орналасқан.
Жекелеген орталық мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының астанасынан тыс жерде орналасуы мүмкін.
2-бап. Астананың мәртебесі туралы заңнама
1. Астананың мәртебесі туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта, осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Астананың рәміздері
Астананың өз рәміздері: елтаңбасы, туы және гимні бар.
Рәміздердің сипаттамасын және оларды пайдалану тәртібін астананың мәслихаты айқындайды .
4-бап. Қаланың атақтары және ынталандырымдары
1. Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетел азаматтарына және азаматтығы жоқ адамдарға Астана қаласының экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымы мен мәдениетін дамытудағы ерекше еңбегі үшін астана әкімінің ұсынуы бойынша мәслихат "Астана қаласының құрметті азаматы" атағын беруі мүмкін.
2. Астананың жергілікті өкілді органы (мәслихаты) мен жергілікті атқарушы органы (әкімдігі) ынталандырудың өзге де түрлерін белгілеуге және қолдануға құқылы.
5-бап. Астананың аумағы және қала маңы аймағы
1. Астананың аумағын Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша және жергілікті өкілді және атқарушы органдардың пікірлерін ескере отырып Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін және өзгертетін Астана қаласы әкімшілік-аумақтық бірлігі шекарасындағы жер, су объектілері құрайды. U080637
2. Қаламен біртұтас әлеуметтік, табиғи және шаруашылық аумақты құрайтын қала шегінен тыс жерлер астананың қала маңы аймағын құрайды, оның көлемі мен шекарасын астананың мәслихаты мен әкімдігінің және аумағы қала маңы аймағына қосылған облыс мәслихаты мен әкімдігінің бірлескен ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді және өзгертеді.
Қала маңы аймағын қосылған жерлерді пайдаланудың тәртібі мен режимін астананың мәслихаты мен әкімдігінің аумағы қала маңы аймағына қосылған облыс мәслихатымен және әкімдігімен келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды . P081101
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:
1) мыналар:
астанада жолаушыларды және жүкті автомобиль көлігімен тасымалдау ережелерін ;
жеке және заңды тұлғалардың астана аумағында сауда, ойын-сауық, қонақ үй, медициналық және өзге де қызметтер көрсету ережелерін бекіту;
2) астананың дамуы мәселелері бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда, өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2-тарау. Астанадағы жергілікті мемлекеттік басқарудың
ерекшеліктері
7-бап. Астананың жергілікті мемлекеттік басқару
органдарының міндеттері
Астананың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қаланың Қазақстан Республикасының астанасы функцияларын жүзеге асыруды қамтамасыз етуі жөніндегі міндеттері:
1) астананың Қазақстан Республикасының саяси, әкімшілік, мәдени және экономикалық орталығының рөлін орындауы үшін жағдай жасау;
2) астананың әлемдегі басқа астаналар арасындағы бәсекелестік мүмкіндіктерін арттыру, орнықты дамыған қаланы құру;
3) астананы халықаралық қатынастар орталығы ретінде дамыту;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің, Жоғарғы Соттың, өзге де орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметін жүзеге асыру үшін жағдай жасау;
5) жалпымемлекеттік және халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу үшін жағдай жасау;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыруы болып табылады.
8-бап. Астана мәслихатының өкілеттіктері
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктермен қатар, астананың мәслихаты өз құзыреті шегінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа мемлекеттердің жергілікті өкілді органдарымен халықаралық байланыстар орнатады;
2) астананың құрылыс салу ережесін бекіткен кезде астана аумағындағы жер учаскелерін игерудің қосымша шарттарын айқындайды;
3) мыналарды:
астананы дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының жоспарларын, астананың бюджетін және оның орындалуы туралы есептерді;
астанада сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру тәртібі мен шарттары туралы ережелерді;
мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетудің мөлшері мен тәртібін бекітеді.
9-бап. Астана әкімдігінің өкілеттігі
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктермен қатар, астананың әкімдігі өз құзыреті шегінде:
1) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындарға бекітілмеген коммуналдық мүліктің тізбесін бекітеді, республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар (заңды тұлғалар) акцияларының (үлестерінің) мемлекеттік пакеттерін қоспағанда, астана аумағында тіркелген акционерлік қоғамдар (заңды тұлғалар) акцияларының (үлестерінің) мемлекеттік пакеттерін иеленуді, пайдалануды және оларға билік етуді жүзеге асырады;
2) Астана қаласының коммуналдық меншігін иеленуді, пайдалануды және оған билік етуді жүзеге асырады;
3) Астана қаласының коммуналдық меншігін жекешелендіру жөніндегі қатынастарды реттейтін қаулылар шығарады;
4) салық органының сұратуы бойынша бір ай мерзімде арнайы экономикалық аймақ аумағына әкелінген тауарлар мен жабдықтардың құрылыс процесінде пайдаланылу фактісін растайтын құжаттарды береді;
5) арнайы экономикалық аймақ аумағының құрылысы процесіне қатысушы шаруашылық жүргізуші субъектілердің есебін жүргізеді;
6) арнайы экономикалық аймақ аумағындағы қызметті жүзеге асыру жөнінде заңды тұлғалармен шарттар жасасады;
7) Қазақстан Республикасының бюджеті заңнамасына сәйкес қарыз алуды жүзеге асырады;
8) астананың аумағында және қала маңы аймағында қолданылатын мемлекеттік сәулет, қала құрылысы және құрылыс саясатын әзірлеуге қатысады;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген астананы дамыту мен салудың бас жоспарын, астананың қала маңы аймағына жатқызылған іргелес аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын (аудандық жоспарлау жобасын) іске асыру жөніндегі субъектілердің қызметін үйлестіреді;
10) астана және қала маңы аймағы аумақтарын дамыту мен салудың бас жоспарының жобасын әзірлеуді ұйымдастырады;
11) мыналарды:
астана және қала маңы аймағы аумақтарында қолданылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің (мемлекеттік нормативтік құжаттардың) жобаларын;
астана және қала маңы аймағы аумақтарындағы сәулет, қала құрылысы қызметін ерекше реттеудің, сондай-ақ қала құрылысын регламенттеудің ережелерін;
бар ғимараттар мен құрылыстарды реконструкциялау, оның ішінде тұрғын ғимараттардың мансардалық және типтік қабаттарын салу процесін реттеу ережелерін келіседі;
12) астананың қала құрылысы кеңесі үшін алдын ала қорытындылардың материалдарын дайындайды;
13) реконструкциялау объектілерін жобалау, салу және пайдалануға беру мерзіміне бақылау жасауды жүзеге асырады;
14) астананы экологиялық, әлеуметтік және мәдени дамытудың кешенді бағдарламаларын әзірлейді және іске асырады;
15) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетудің мөлшері мен тәртібін әзірлейді;
16) астанада еңбек мәселелерін үйлестіреді және халықты жұмыспен қамту саясатының іске асырылуын қамтамасыз етеді;
17) астананы дамыту мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен астанада жалпымемлекеттік және халықаралық іс-шараларды өткізу үшін жағдайлар жасайды;
19) жылумен, энергиямен, сумен, газбен жабдықтау жүйесінің, кәріздің және су қашыртудың, жол қызметінің, астаналық көлік пен байланыстың барлық түрлерінің, абаттандырудың, көгалдандырудың, қаланы санитарлық тазартудың, сондай-ақ тұрғын үй қорын инженерлік қамтамасыз етудің, пайдалану мен жөндеудің тиімді жұмыс істеуі саласындағы қызметті үйлестіреді;
20) астана аумағында медициналық қызметтер көрсететін медициналық ұйымдардың қызметін үйлестіреді;
21) ішкі сауда және тұрмыстық қызмет көрсету объектілерін дамыту мен олардың жұмыс істеуі саласындағы саясатты іске асырады;
22) қалалық шаруашылық объектілерінің, қаланы абаттандыру мен дамыту элементтерінің біртұтастығы мен сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
23) астананың көлікті дамыту бағдарламасын әзірлеп, астана мәслихатының бекітуіне енгізеді;
24) мүдделі мемлекеттік органдармен келісім бойынша транзиттік автомобиль көлігі қозғалысының схемалары мен тәртібін айқындайды;
25) ақылы автотұрақтар (автомобиль қоятын орындар) ұйымдастырады;
26) мыналарды:
астана көшелерінің тізбесін;
автотұрақтарды (автомобиль қоятын орындарды) ұйымдастыру ережелерін бекітеді;
27) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін алып қоюды, оның ішінде сатып алу жолымен алып қоюды жүзеге асырады;
28) астана аумағында мақсатқа орай пайдаланылмайтын жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қою туралы сотқа талап-арыз береді;
29) Астана қаласының әкімшілік-аумақтық шекарасы шегінде Есіл өзенінің кеме қатынасы учаскесінде су жолы жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді.
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2010.12.28 N 369-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
10-бап. Астананың әкімі
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктермен қатар, астана әкімі өз құзыреті шегінде:
1) Қазақстан Республикасының Президентімен, Қазақстан Республикасының Парламентімен, Үкіметімен, өзге де орталық мемлекеттік органдарымен, халықаралық ұйымдармен және шет мемлекеттер өкілдерімен қатынастарда астананың атынан өкілдік етеді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, тікелей астана мүдделерін қозғайтын Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын келіседі;
3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына астананың жұмыс істеуі мен оны дамыту мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің жобаларын және басқа да ұсыныстар енгізеді;
4) астанада жалпымемлекеттік және халықаралық сипаттағы іс-шараларды өткізу туралы мәселелерді шешуге қатысады;
5) тиісті мемлекеттік органдарға астана аумағында орналасқан республикалық меншіктегі, қаланың астана функцияларын орындауын қамтамасыз ету үшін зор маңызы бар объектілерді қаланың коммуналдық меншігіне беру туралы ұсыныстар енгізеді.
11-бап. Астананың коммуналдық меншігі
Астананың коммуналдық меншігі Қазақстан Республикасы мемлекеттік меншігінің құрамдас бөлігі болып табылады және мыналардан:
1) жеке меншіктегі жер учаскелерін қоспағанда, астана аумағындағы жер учаскелеріне меншіктен;
2) астана әкімдігі акционері (қатысушысы) ретінде болатын акционерлік қоғамдардағы акцияларға, заңды тұлғалардағы үлестерге меншік құқықтарынан;
3) астана көшелерінен, жылжымайтын мүлікке меншіктен;
4) астана әкімдігі меншік иесі ретінде болатын мемлекеттік мекемелердің және коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың мүлкінен;
5) өзге де мүлік пен құқықтардан, оның ішінде мүліктік құқықтардан, активтерден тұрады.
12-бап. Астанадағы сәулет, қала құрылысы және
құрылыс қызметі
1. Астана қаласының аумағында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі Астананың бас жоспарына, қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасына, мемлекеттік нормативтерге (мемлекеттік нормативтік құжаттарға) сәйкес және Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
2. Астана аумағын дамыту және құрылыс салу бас жоспарының мәселелерін жалпы үйлестіру үшін Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Үкіметінің, астана әкімдігінің өкілдерінен, отандық және шетелдік сәулетшілерден тұратын консультациялық-кеңесші орган болып табылатын сәулетшілік кеңес құрады.
Сәулетшілік кеңестің құзыретіне:
1) астана аумағының қала құрылысы қызметін және құрылысын салуды дамыту бағыттарын әзірлеу және айқындау;
2) сәулетшілік кеңес туралы ережеге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
Астананың сәулетшілік кеңесінің жеке құрамын және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді .
Сәулетшілік кеңес жыл сайын отырыс өткізеді.
3. Астана аумағының құрылыс салу мәселелерін қарау және үйлестіру үшін астана әкімі астананың қала құрылысы кеңесін құрады.
Астананың қала құрылысы кеңесін астана әкімі басқарады.
Астананың қала құрылысы кеңесінің құрамына астана құрамына астана әкімдігінің өкілдері, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі жергілікті атқарушы органының, астананың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауының басшысы, жетекші сәулетшілер кіреді. Қала құрылысы кеңесінің жұмысына қоғамдық бірлестіктердің, қауымдастықтардың өкілдері және өзге де адамдар тартылуы мүмкін.
Астананың қала құрылысы кеңесі:
1) астана аумағындағы және қала маңы аймағындағы сәулет-қала құрылысы жобаларын қарайды;
2) астананы монументті-көркем безендіру мәселелері бойынша ұсыныстарды қарайды және енгізеді;
3) қала құрылысы кеңесі туралы ережеге сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асырады.
Қала құрылысы кеңесі отырысының мерзімділігін астана әкімі айқындайды.
Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2011.01.06 N 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
13-бап. Астананың инфрақұрылымы
Астананың инфрақұрылымы:
1) инженерлік инфрақұрылымды;
2) көліктік инфрақұрылымды;
3) тұрғын үй қорын, денсаулық сақтау, білім беру және ішкі сауда объектілерін инженерлік қамтамасыз ету, пайдалану және жөндеу жүйесін;
4) абаттандыру және көгалдандыру жүйесін;
5) астананың жұмыс істеуі үшін қажетті басқа да объектілер мен жүйелерді қамтиды.
3-тарау. Астана жер қатынастарын құқықтық реттеудің
ерекшеліктері
14-бап. Мемлекет мұқтаждары үшін жер учаскелерін алып
қою ерекшеліктері
1. Меншік иелерінен немесе жерді пайдалану құқығын сатып алған мемлекеттік емес жер пайдаланушылардан мемлекет мұқтаждары үшін жер учаскелерін алып қою жер учаскелерін сатып алар алдында кемінде үш ай бұрын мерзімде оларды міндетті түрде хабардар ете отырып, сатып алу тәртібімен жүзеге асырылады.
Меншік иелері немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушылар мұндай хабарламаны алған күннен бастап үш ай мерзім өткенге дейін жер учаскелерін тек меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен ғана сатып алуға рұқсат етіледі.
2. Егер жер учаскесінің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы өзінен жер учаскесін немесе мемлекет мұқтаждары үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер пайдалану құқығын сатып алу туралы шешіммен келіспесе не сатып алынатын жер учаскесінің (жер пайдалану құқығының) бағасы немесе сатып алудың басқа шарттары туралы онымен келісімге қол жеткізілмесе, астананың әкімдігі үш ай өткеннен кейін сотқа жер учаскесін сатып алу туралы талап-арыз беруге құқылы.
3. Мемлекет мұқтаждары үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару барысында сатып алынатын жер учаскесінің бағасын айқындау кезінде оның бағасына жер учаскесінің немесе оған құқықтардың және меншік немесе жер пайдалану құқығының тоқтатылу сәтінде ондағы жылжымайтын мүліктің нарықтық құны, сондай-ақ үшінші тұлғалар алдындағы міндеттемелерінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты ол шегетін шығындарды қоса алғанда, жер учаскесінің меншік иесіне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты келтірілген шығындар толық көлемінде қосылады.
Жер учаскесінің нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
4. Уақытша жер пайдалануға берілген жер учаскесін мемлекет мұқтаждары үшін алып қою, егер берілген құқықты жер пайдаланушы мемлекеттен сатып алмаған болса, жер пайдалану құқығы сатып алынбай жүзеге асырылады.
Жер пайдаланушыларға шығындары толық көлемінде өтеледі, сондай-ақ олардың қалауы бойынша оған тең бағалы басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.
15-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңның 9-бабының 4), 5), 6) тармақшалары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақтардың әрекет ету кезеңінде қолданылады.
3. "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" 1998 жылғы 20 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., N 7-8, 79-құжат; 2001 ж., N 15-16, 228, 229-құжат; 2002 ж., N 6, 75-құжат; 2003 ж. N 24, 178-құжат; 2004 ж., N 23, 142-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті