Бағалы қағаздар рыногы туралы

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 2 шілдедегі N 461-ІІ Заңы

Қолданыстағы

      Осы Заң эмиссиялық бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының шығарылуы, орналастырылуы, айналыста болуы және өтелуi процесiнде туындайтын қоғамдық қатынастарды, бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң құрылуы мен қызметi ерекшелiктерiн реттейдi, бағалы қағаздар рыногының қауiпсiз, ашық түрде және тиiмдi жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету, инвесторлар мен бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқықтарын, бағалы қағаздар рыногы қатысушыларының адал бәсекесiн қорғау мақсатында бағалы қағаздар рыногын реттеу мен қадағалау тәртiбiн айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) агенттiк облигация - қаржы агенттiгi шығаратын облигация;
      2) андеррайтер - бағалы қағаздар рыногының брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар және эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнiнде қызмет көрсететiн кәсiби қатысушысы;
      3) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымының күшiн жою - эмиссиялық бағалы қағаздың азаматтық құқықтар объектiсi ретiнде өмiр сүруiн тоқтату;
      4) құжатсыз бағалы қағаз - құжатсыз нысанда (электрондық жазбалардың жиынтығы түрiнде) шығарылған бағалы қағаз;
      5) оқшаулау - бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмi жүйесiнде және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде бағалы қағаздармен жасалған азаматтық-құқықтық мәмiлелердi тiркеуге бағалы қағаздардың сақталуына кепiлдiк беру мақсатында жүзеге асырылатын уақытша тыйым салу;
      6) брокер - бағалы қағаздар рыногының клиенттiң тапсырмасы бойынша, соның есебiнен және мүдделерiн көздеп, эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер жасайтын кәсiби қатысушысы;
      7) iшкi құжаттар - бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң, оның органдарының, құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдарының, өкiлдiктерiнiң), қызметкерлерiнiң қызмет жағдайлары мен тәртiбiн, қызмет көрсетуiн және оларға ақы төлеу тәртiбiн реттейтiн құжаттар;
      8) бағалы қағаздардың қайталама рыногы - орналастырылған бағалы қағаздардың айналысы процесiнде бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi арасында қалыптасатын құқықтық қатынастар;
      9) жеке шоттан үзiндi - бағалы қағаз болып табылмайтын, тiркеушi немесе нақтылы ұстаушы беретiн және тiркелген тұлғаның эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша белгiлi бiр уақыт кезiндегi құқықтарын растайтын құжат;
      10) эмиссиялық бағалы қағаздар шығару - эмитенттiң эмиссиялық бағалы қағаздардың азаматтық құқықтар объектiсi ретiнде пайда болуына бағытталған iс-әрекетi, немесе орналастырылуы, айналыста болуы және өтелуi осы эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектiсiне сәйкес жүзеге асырылатын белгiлi бiр бағалы қағаздардың жиынтығы;
      11) Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмi - уәкiлеттi орган қалыптастыратын эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымдары мен олардың эмитенттерi туралы мәлiметтердiң жиынтығы;
      12) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаз - қарыз алушы Қазақстан Республикасының Үкiметi, жергiлiктi атқарушы орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болатын қарыз алуға қатысы жөнiнен ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;
      13) делистинг - бағалы қағаздарды сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмiнен уақытша немесе тұрақты шығарып тастау;
      14) қаржы құралдарын материалсыздандыру - құжатты нысанда шығарылған қаржы құралдары куәландыратын құқықтарды растау тәсiлiн осы құқықтарды орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi электрондық жазбалармен растау арқылы өзгерту;
      15) депонент - орталық депозитарийдiң клиентi болып табылатын ұйым;
      16) депозитке салу - орталық депозитарийдiң депоненттер мен олардың клиенттерiнiң қаржы құралдарын есепке алуы;
      17) бағалы қағазды ұстаушы - бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмi жүйесiнде немесе нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде тіркелген және бағалы қағаздар бойынша құқықтары бар тұлға;
      18) дефолт - эмиссиялық бағалы қағаздар және өзге де қаржы құралдары бойынша мiндеттемелердiң орындалмауы;
      19) дилер - бағалы қағаздар рыногының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында баға белгiлеудi ұсыну және (немесе) оларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы өз мүдделерiн көздеп және өз есебiнен эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер жасайтын кәсiби қатысушысы;
      20) құжатты бағалы қағаздар - құжатты нысанда шығарылған (қағаздағы немесе арнайы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ бағалы қағаздың мазмұнын тiкелей оқуға болатын өзге де материалдық берiлiм көзiндегi) бағалы қағаздар;
      21) тiркелген тұлға - бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмi жүйесiнде немесе нақтылы ұстау есебi жүйесiнде жеке шоты бар тұлға;
      22) өтiнiш берушi - бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыру үшiн лицензия алу мақсатымен уәкiлеттi органға құжаттарды табыс еткен заңды тұлға;
      23) инвестициялар - лизинг шартын жасасқан кезден бастап лизинг заттарын қоса алғанда, заңды тұлғаның жарғылық капиталына инвестор салатын мүлiктiң (жеке тұтынуға арналған тауарларды қоспағанда) барлық түрi, сондай-ақ оларға құқықтар немесе кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын тiркелген активтердi көбейту;
      24) инвестициялық портфель - бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң меншiгiндегi немесе басқаруындағы қаржы құралдарының көптеген түрлерiнiң жиынтығы;
      25) инвестор - Қазақстан Республикасында инвестицияны жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
      26) жеке инвестор - институционалдық инвестор болып табылмайтын инвестор;
      27) институционалдық инвестор - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес инвестицияны жүзеге асыру мақсатымен қаражат тартушы заңды тұлға;
      28) ипотекалық облигация - ипотекалық қарыз шарттары бойынша талап ету құқығы кепілiмен (ипотекалық куәліктердің кепiлiн қоса алғанда), сондай-ақ тiзбесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленетiн өзге де жоғары өтiмдi активтермен қамтамасыз етiлген облигация;
      29) қазақстандық депозитарийлiк қолхат - Қазақстан Республикасының резидентi емес эмитенттiң басқа мемлекеттiң заңдарына сәйкес шығарылған эмиссиялық бағалы қағаздарының белгiлi бiр санына меншiк құқығын растайтын туынды эмиссиялық бағалы қағаз;
      30) кастодиан - бағалы қағаздар рыногының қаржы құралдарының және клиенттер ақшасының есебiн алуды және олар бойынша құқықтарды растауды, клиенттердiң құжатты қаржы құралдарының сақталуы жөнiнде өзiне мiндеттемелер қабылдай отырып оларды сақтауды жүзеге асыратын кәсiби қатысушысы;
      31) бiлiктiлiк куәлiгi - уәкiлеттi орган берген және жеке адамның аттестаттаудан өткенiн және осындай құжаттың санатына (аттестаттау санатына) сәйкес оған бағалы қағаздар рыногында қызмет көрсетуге құқық берiлгенiн куәландыратын құжат;
      32) клиент - бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы көрсететiн қызметтi пайдаланушы немесе пайдаланғысы келетiн тұлға;
      33) қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша клиринг - қаржы құралдарымен мәмiлелер жасасу нәтижесiнде жүзеге асырылатын есеп айырысуға қатысушы тараптардың өзара талаптары мен мiндеттемелерiнiң есебi;
      34) айырбасталатын бағалы қағаз - акционерлiк қоғамның шығару проспектiсiнде айқындалған талаптармен және тәртiппен оның басқа түрдегi бағалы қағазына айырбасталуға жататын бағалы қағазы;
      35) мүдделер қақтығысы - бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары мен олардың клиенттерiнiң мүдделерi бiр-бiрiне сай келмейтiн жағдай;
      36) бағалы қағаздардың бағасын белгiлеу - ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында белгiлi бiр уақыт кезiнде бағалы қағаздар бойынша сұранымның және (немесе) ұсынымның жарияланған бағасы;
      37) биржадан тыс бағалы қағаздар рыногының баға белгiлеу ұйымы - акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, осы сауда-саттықты ұйымдастырушы клиенттердiң арасында баға белгiлеу арқылы айырбастау жүйесiн пайдалану мен қолдау арқылы сауда-саттықты ұйымдық және техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      38) левередж - эмитенттiң мiндеттемелерi мен өз капиталы мөлшерлерiнiң арақатынасы;
      39) листинг - қор биржасының сауда жүйесiнде эмиссиялық бағалы қағаздарды айналысқа жiберу рәсiмi;
      40) лицензиат - уәкiлеттi орган берген лицензия негiзiнде бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      41) жеке шот - бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiнде немесе нақтылы ұстауды eceпкe алу жүйесiнде бар, эмиссиялық бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдары бойынша мәмiлелердi тiркеу және құқықтарды есепке алу мақсатымен тiркелген тұлғаны сөзсiз бiрдейлендiруге мүмкiндiк беретiн жазбалар жиынтығы;
      42) бағалармен айла-шарғы жасау - бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысының бағалы қағаздар рыногындағы бағалардың өсуiне (төмендеуiне) байланысты пайда табу және артықшылықтар алу мақсатымен бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiн шатастыруға бағытталған iс-әрекеттерi (бағалы қағаздардың бағасын белгiлеудi ұсыну, қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу, дәйектемесіз aқпapaт тapaту және өзге де іс-әрекеттер);
      43) ұлттық бiрдейлендiру нөмiрi - эмиссиялық бағалы қағаздарды бiрдейлендiру және есепке алуды жүйелеу мақсатында оларға уәкiлеттi орган беретiн әрiптiк-сандық код;
      44) мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес эмиссиялық деп танылған, мемлекеттiк емес ұйымдар шығаратын акциялар, облигациялар және өзге де бағалы қағаздар;
      45) ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногы - бағалы қағаздар айналысының бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелер қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарында мәмiле объектiсiне және оның қатысушыларына белгiленген талаптар сақталмай жүзеге асырылатын саласы;
      46) облигацияның нақтылы құны - облигация құнының ол шығарылған кезде белгiленген, купондық облигация бойынша процентпен көрсетiлген сыйақы есептелетiн ақшалай көрiнiсi, сондай-ақ облигацияны өтеген кезде оны ұстаушыға төленуге тиiстi сома;
      47) бағалы қағаздарды нақтылы ұстау - бағалы қағаздар бойынша құқықтарды есепке алу мен растау, олармен жасалатын мәмiлелердi тiркеу;
      48) қамтамасыз етiлген облигация - эмитент мiндеттемелерiн орындау эмитент мүлкiнiң кепiлiмен, кепiлдiк берумен және Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес өзге де тәсiлдермен қамтамасыз етiлген облигация;
      49) облигациялық бағдарлама - эмитент бiрнеше облигациялар шығаруды, оның iшiнде шығарылымның тиiстi проспектiсi белгiлейтiн әртүрлi құрылыммен шығаруды жүзеге асыруға құқылы болатын шекте облигациялар шығару;
      50) эмиссиялық бағалы қағаздар айналысы - қайталама бағалы қағаздар рыногында бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасау;
      51) жарияланған эмиссиялық бағалы қағаздар - шығарылуын уәкiлеттi орган тiркеген бағалы қағаздар;
      52) опцион - белгiленген нысандағы туынды бағалы қағаз, оны сатып алушы белгiлi бiр мерзiм өткеннен кейiн опционда көрсетiлген базалық активтi келiсiлген баға бойынша сатып алу немесе сату құқығына ие болады;
      53) сауда-саттықты ұйымдастырушы - қор биржасы және биржадан тыс бағалы қағаздар рыногының баға белгiлеу ұйымы;
      54) ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногы - мәмiлелер сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес жүзеге асырылатын эмиссиялық бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарының айналыс саласы;
      55) баспасөз басылымы - таралым саны мен оның таратылу өңiрлерi бойынша уәкiлеттi орган белгiлеген талаптарға сай келетiн, бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi өздерiнiң хабарламаларын және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiне сәйкес мiндеттi түрде жариялануға жататын басқа да ақпаратты жариялау үшiн пайдалануға тиiс мерзiмдi баспасөз басылымы;
      56) бастапқы бағалы қағаздар рыногы - эмитенттiң бұрын қайталама бағалы қағаздар рыногында өзi сатып алған эмиссиялық бағалы қағаздарын бұдан әрi орналастыруын қоспағанда, эмитенттiң (андеррайтердiң немесе эмиссиялық консорциумның) жарияланған эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруы;
      57) төлем агентi - банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым;
      58) облигацияларды өтеу - эмитенттiң орналастырылған облигацияларды сыйақы және облигацияның нақтылы құнын төлеу (кейiннен сату мақсатынсыз) немесе оны облигациялар шығару проспектiсiнде белгiленген тәртiппен сол эмитенттiң акциясына (акцияларына) айырбастау арқылы айналыстан алып қою жөнiндегi iс-әрекетi;
      59) облигацияларды ұстаушылардың өкiлi - эмитентпен жасалған шарт негiзiнде қайталама бағалы қағаздар рыногындағы ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялар айналысы, облигациялар бойынша сыйақы төлеу және оларды өтеу процесiнде облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн көздеп iс-әрекет жасайтын ұйым;
      60) бұйрық - қаржы құралдарын ұстаушы (сатып алушы) өзiне тиесiлi қаржы құралдарына немесе қаржы құралдарын сатып алуға арналған ақшаға қатысты белгiлi бiр iс-әрекеттi жүзеге асыруды көрсете отырып, бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысына табыс ететiн құжат;
      61) туынды бағалы қағаздар - осы туынды бағалы қағаздардың базалық активке қатынасы бойынша құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз;
      62) эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi - эмитент, оның қаржылық жай-күйi, сатылады деп болжанатын эмиссиялық бағалы қағаздар, шығарылымның көлемi, шығарылымдағы бағалы қағаздардың саны, оларды шығару, орналастыру, айналыста болуы, дивидендтер (сыйақы) төлеу, өтеу рәсiмi мен тәртiбi туралы мәлiметтер және инвестордың бағалы қағаздар сатып алу туралы шешiмiне ықпал етуi мүмкiн басқа да ақпарат бар құжат;
      63) бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы - өз қызметiн акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында жүзеге асыратын және бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн лицензиясы бар заңды тұлға;
      64) пруденциалдық нормативтер - уәкiлеттi орган белгiлеген және өтiнiш игерушi мен лицензиат сақтауға тиiс нормалардың қаржылық көрсеткiштерi;
      65) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру - бастапқы бағалы қағаздар рыногында инвесторларға бағалы қағаздарды сату;
      66) орналастырылған эмиссиялық бағалы қағаздар - бастапқы бағалы қағаздар рыногында инвесторлар толық төлеген эмиссиялық бағалы қағаздар;
      67) тiркеушi - бағалы қағаздар рыногының бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiн қалыптастыруды, сақтауды және жүргізудi жүзеге асыратын кәсiби қатысушысы;
      68) рейтинг - белгiлi бiр эмитенттiң шамамен алғандағы кредит қабiлетiн немесе оның бағалы қағаздарының сапасы мен сенiмдiлiгiн белгiлейтiн бағаның жеке сан және әрiп көрсеткiшi;
      69) басшы қызметкер - ұйымның басқару органының басшысы және оның орынбасары, ұйымның алқалы атқарушы органының басшысы (атқарушы органның функциясын жеке өзi атқаратын адам) және оның орынбасары, бас бухгалтер және оның орынбасары, ұйым филиалының (өкiлдiгiнiң) басшысы, сондай-ақ бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыратын және бағалы қағаздар рыногында мәмiлелер жасасу осының негiзiнде болатын құжаттарға қол қоюға құқылы құрылымдық бөлiмшелердiң қызметiн үйлестiрудi және (немесе) оған бақылау жасауды жүзеге асыратын өзге де қызметкерлер;
      70) өзiн-өзi реттейтiн ұйым - бағалы қағаздар рыногында өз қызметiнiң бiрыңғай ережелерi мен стандарттарын белгiлеу мақсатымен қауымдастық (одақ) нысанында бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары құрған заңды тұлға;
      71) своп - екi тараптың белгiлi бiр мерзiм iшiнде белгiлi бiр талаптармен қаржы құралдарын айырбастау жөнiндегi келiсiмiн куәландыратын туынды бағалы қағаз;
      72) бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесi - эмитент, эмиссиялық бағалы қағаздар және белгiлi бiр уақыт кезiнде эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша оларды ұстаушылардың құқықтарын бiрдейлендiрудi, бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi қамтамасыз ететiн ұстаушылар туралы мәлiметтердiң жиынтығы, сондай-ақ осы бағалы қағаздар бойынша айналысқа немесе құқықтарды жүзеге асыруға арналып тiркелген шектеулердiң сипаты және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiне сәйкес өзге де мәлiметтер;
      73) нақтылы ұстауды есепке алу жүйесi - бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысының уақыттың белгiлi бiр кезiнде оларды бiрдейлендiрудi, бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi қамтамасыз ететiн бағалы қағаздарды ұстаушылар мен оларға тиесiлi бағалы қағаздар туралы мәлiметтер бар, нақтылы ұстау қызметiн көрсететiн есеп беру жүйесi, сондай-ақ осы бағалы қағаздардың айналысқа немесе олар бойынша құқықтарды жүзеге асыруға арналып тiркелген шектеулердiң сипаты және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес өзге де мәлiметтер;
      74) сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмi - сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесiне айналысқа жiберуге рұқсат етiлген қаржы құралдарының сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес жасалып, бекiтiлген тiзiмi;
      75) шығару құрылымы - шығарылатын эмиссиялық бағалы қағаздардың саны, олардың түрi, нақтылы құны (облигациялар үшiн) туралы мәлiметтер;
      76) сауда жүйесi - сауда-саттықты ұйымдастырушының материалдық-техникалық құралдарының, ішкі құжаттарының және сол сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшелерi арасында эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге қаржы құралдарымен мәмiлелер жасауда пайдаланылатын өзге де қажеттi активтерi мен рәсiмдерiнiң кешенi;
      77) трансфер-агент - бағалы қағаздар рыногының өз клиенттерiнiң арасында құжаттар (ақпараттар) қабылдау мен беру жөнiнде қызмет көрсететiн кәсiби қатысушысы;
      78) уәкiлеттi орган - бағалы қағаздар рыногын реттеу мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттiк орган;
      79) инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқарушы - бағалы қағаздар рыногының азаматтық құқық объектiлерiн басқару жөнiндегi қызметтi өз атынан, клиенттiң мүдделерiн көздеп және соның есебiнен жүзеге асыратын кәсiби қатысушысы;
      80) қаржы агенттiгi - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес экономиканың белгiлi бiр салаларында мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асыруға уәкiлеттi және осы мақсатта Қазақстан Республикасының қаржы рыногында және (немесе) халықаралық қаржы рыногында қарыз алуды жүзеге асыратын банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым;
      81) қаржы құралы - қаржы рыногының Қазақстан Республикасының аумағында айналысқа жiберiлген бағалы қағаздары (туынды бағалы қағаздарды қоса алғанда) мен өзге де активтерi;
      82) қаржы рыногы - қаржы қызметiн көрсету мен тұтынуға және қаржы құралдарының айналысына байланысты қатынастардың жиынтығы;
      83) қор биржасы - акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, осы сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесiн пайдалана отырып, оларды тiкелей жүргiзу арқылы сауда-саттықты ұйымдық және техникалық жағынан қамтамасыз етудi жүзеге асыратын заңды тұлға;
      84) фьючерс - бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногында айналысқа түсетiн туынды бағалы қағаз, оны сатып алушы белгiлi бiр мерзiм өткеннен кейiн мәмiленiң талаптарына сәйкес базалық активтi сатуға (сатып алуға) өзiне мiндеттеме алады;
      85) хеджирлеу - мүлiктiк мүдделердi жай-күйi қаржы құралдарымен мәмiле жасасу арқылы бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң кiрiстерi мен шығындарының туындауына байланысты болатын бағаның, айырбастау бағамының, сыйақы ставкаларының немесе өзге де ықтимал көрсеткiштердiң өзгеруi кезiндегi тәуекелдерден қорғау;
      86) бағалы қағаз - мүлiктiк құқықты куәландыратын белгiлi бiр жазбалар мен басқа да белгiлеулердiң жиынтығы;
      87) орталық депозитарий - бағалы қағаздар рыногының қаржы құралдарымен мәмiлелердi тiркеудi, депоненттердiң (олардың клиенттерiнiң) қаржы құралдары бойынша құқықтарын eceпкe алу мен растауды, құжатты нысанда шығарылған қаржы құралдарын материалсыздандыру мен сақтауды, оның iшiнде депоненттер арасындағы қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша клирингтi, сондай-ақ тиiстi лицензиясы болған кезде бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын кәсiби қатысушысы;
      88) эмиссиялық бағалы қағаздар - бiр шығарылым шегiнде бiртектi белгiлер мен реквизиттерi болатын, осы шығарылым үшiн бiрыңғай жағдайлар негiзiнде орналастырылатын және айналысқа түсетiн бағалы қағаздар;
      89) эмиссиялық консорциум - андеррайтерлердiң эмитентке эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнiнде қызмет көрсету мақсатында бiрлескен қызмет туралы шарт негiзiнде құрылған бiрлестiгi;
      90) эмитент - Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыратын заңды тұлға.

      2-бап. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар
              рыногы туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына  негiзделедi және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнен,  осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
      3. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, осы Заңның нормалары банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, инвестициялық қорлар, жинақтаушы зейнетақы қорлары шығаратын мемлекеттiк бағалы қағаздарды, эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және өтеу процесiнде туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылады.

      3-бап. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу

      1. Бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеудi Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
      2. Уәкiлеттi орган:
      1) Қазақстан Республикасының Үкiметiмен келiсе отырып, бағалы қағаздар рыногын қалыптастыру мен дамыту саласындағы басымдықтарды айқындайды;
      2) Қазақстан Республикасында бағалы қағаздар рыногының жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету және ұлттық бағалы қағаздар рыногының инфрақұрылымын қалыптастыру, бағалы қағаздар рыногында инвесторлардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мемлекеттiк саясатты жүргiзедi;
      3) өз құзыретi шегiнде бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;
      4) бағалы қағаздармен қаржы рыногының активтерiн таниды;
      5) мемлекеттiк емес бағалы қағаздардың, туынды бағалы қағаздардың шығарылу мен айналысқа түсу және олардың мемлекеттiк тiркелу, мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар мен туынды бағалы қағаздарды орналастыру мен өтеу, сондай-ақ оларды жою қорытындылары туралы есептердi қарау, оның ішінде Қазақстан Республикасының резидентi еместердiң және халықаралық ұйымдардың Қазақстан Республикасының аумағында шығарылуға және орналастырылуға жататын эмиссиялық бағалы қағаздарын мемлекеттiк тiркеу талаптары мен тәртiбiн белгiлейдi;
      6) Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiн және бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензиялар мен рұқсаттардың тiзiлiмiн жүргiзедi;
      7) мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар мен туынды бағалы қағаздардың орналастырылуын тоқтата тұрады және қайта жаңғыртады, мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар мен туынды бағалы қағаздарды шығаруды жояды;
      8) бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызмет пен басқа да лицензияланатын қызмет түрлерiн жүзеге асыру ережелерiн, оның iшiнде бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу, осы мәмiлелердi есепке алу және олар бойынша есеп беру шарттары мен тәртiбiне қойылатын талаптарды айқындайды;
      9) бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi кәсiби қызмет ретiнде мойындайды;
      10) бағалы қағаздар рыногындағы қызмет түрлерi бойынша лицензиялар берудiң талаптары мен тәртiбiн айқындайды;
      11) лицензиаттардың қаржылық тұрақтылығының пруденциалдық нормативтерiнiң түрлерi мен өзге де көрсеткiштерiн немесе өлшемдерiн (нормативтерiн), олардың есеп айырысуының және есеп айырысу әдiстемесiнiң тәртiбiн белгiлейдi;
      12) бағалы қағаздар рыногында қызмет түрлерi бойынша лицензиялар бередi, лицензиялардың қолданылуын тоқтата тұрады және қайта жаңғыртады, сондай-ақ оларды қайтарып алады;
      13) лицензиаттардың iшкi құжаттарын келiседi;
      14) лицензиаттардың басшы қызметкерлерiнiң лауазымына кандидатураларды тағайындау үшiн келiсiм бередi;
      15) лицензиаттардың есеп беру тәртiбiн және есептердiң нысандарын айқындайды;
      16) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандар даярлау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға рұқсат бередi, осындай рұқсаттардың қолданылуын тоқтата тұрады, қайта жаңғыртады және мерзiмiн ұзартады, сондай-ақ оларды қайтарып алады;
      17) бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн мамандар даярлау тәртiбiне қойылатын талаптарды белгiлейдi және осы талаптардың сақталуын бақылайды;
      18) жеке адамдарды бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру құқығына аттестаттауды, бiлiктiлiк куәлiктерiн иеленушiлердi қайта аттестаттауды жүргiзедi, аттестаттаудан өткен адамдарға бiлiктiлiк куәлiктерiн бередi және қайта аттестаттаудан өткен адамдардың бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылу мерзiмiн ұзартады, бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтата тұрады және қайта жаңғыртады, бiлiктiлiк куәлiктерiн керi қайтарып алады;
      19) эмитенттердiң, лицензиаттардың және бағалы қағаздар рыногында жұмыс icтeу үшiн мамандар даярлайтын ұйымдардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады, өз құзыретi шегiнде олардың қызметiне тексеру жүргiзедi;
      20) бiлiктiлiк куәлiктерiн иеленушiлердiң қызметiне бақылауды жүзеге асырады;
      21) бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi туралы өзiнiң қолындағы мәлiметтердi пайдалана отырып (бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi қоспағанда), бағалы қағаздар рыногының мәселелерi жөнiндегi ақпаратты, сондай-ақ олардың бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiне қолданған шаралары туралы ақпаратты жариялайды;
      22) бағалы қағаздар рыногын реттеу жөнiнде қолданылатын шараларды үйлестiру, бағалы қағаздар рыногындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мен олардың жолын кесу мәселелерi және өзара мүдделiлiк туғызатын өзге де мәселелер бойынша бағалы қағаздар рыноктарын реттейтiн шетелдiк органдармен өзара iс-әрекет жасайды;
      23) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздар рыногын мемлекеттiк реттеу жөнiндегi өзге де функциялар мен өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      4-бап. Бағалы қағаздар рыногының объектiлерi

      1. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - ұйымдарының шығаруын осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган тiркеген мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздары;
      2) Қазақстан Республикасының резиденттерi емес ұйымдардың шығаруын уәкiлеттi орган тiркеген немесе уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында айналысқа жiберiлген мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздары;
      3) Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң - ұйымдарының шығаруы шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес тiркелген және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногына айналысқа жiберiлген мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздары;
      4) халықаралық қаржы ұйымдарының шығаруын уәкiлеттi орган тiркеген немесе уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында айналысқа жiберiлген эмиссиялық бағалы қағаздары;
      5) мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар;
      6) туынды бағалы қағаздар және өзге де қаржы құралдары Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногының объектiлерi болып табылады.
      2. Эмиссиялық бағалы қағаздардың түрлерi Азаматтық кодекспен, осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен айқындалады.

      5-бап. Бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi

      1. Жеке және институционалдық инвесторлар, эмитенттер, бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары, сауда-саттықты ұйымдастырушылар және өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар бағалы қағаздар рыногының субъектiлерi болып табылады.
      2. Жеке инвесторлар эмиссиялық бағалы қағаздарға инвестицияны дербес немесе брокерлiк-дилерлiк қызметтi немесе инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиялары бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары көрсететiн қызметтi пайдалана отырып жүзеге асырады.
      3. Институционалдық инвесторлар инвестицияны, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға лицензиясы бар бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары көрсететiн қызметтi пайдалана отырып жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Республикасының резидентi, егер оның бұрын шығарған эмиссиялық бағалы қағаздары қызметiн Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратын қор биржасының тiзiмiне енгiзiлген жағдайда, шет мемлекеттiң аумағында эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыруды жүзеге асыруға құқылы.

2-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды
мемлекеттік тіркеу

      6-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздардың
              мемлекеттiк тiзiлiмi

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiн жүргiзудiң талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      2. Шығарылымы жойылған немесе Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiне олар туралы мәлiметтер енгiзiлмеген эмиссиялық бағалы қағаздар бағалы қағаздар рыногында мәмiлелердiң объeктici бола алмайды.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында тiркелген және айналысқа жiберiлген эмиссиялық бағалы қағаздар мен олардың эмитенттерi туралы мәлiметтердi уәкiлеттi орган Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiне уәкiлеттi органның тиiстi шешiм қабылдаған күнiнен бастап бiр күн iшiнде енгiзедi.

      7-бап. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар шығару

      1. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды шығарудың, оларды тiркеудiң, орналастырудың, айналысқа жiберудiң және өтеудiң талаптары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      2. Мемлекеттiк бағалы қағаздарға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрлерiн беру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.

      8-бап. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар
              шығаруды мемлекеттiк тiркеу

      1. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi уәкiлеттi орган осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаппен және тәртiппен жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу:
      1) табыс етiлген құжаттардың және олардың сараптамасының Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкестiгiн қарауды;
      2) эмиссиялық бағалы қағаздарға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрлерiн берудi және Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттiк тiзiлiмiне олар және эмитент туралы мәлiметтер енгiзудi;
      3) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды және эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiн мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктер берудi қамтиды.
      3. Уәкiлеттi орган мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығару туралы құжаттарды олар мемлекеттiк тiркеуге табыс етiлген күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қарайды.
      Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуге қосымша құжаттар табыс етiлген жағдайда уәкiлеттi орган құжаттарды қарау мерзiмiн күнтiзбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмге ұзартуға құқылы.
      4. Эмитент пен оның лауазымды адамдары уәкiлеттi органға мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуге табыс етiлген құжаттарда дәйектемесiз мәлiметтер бергенi үшiн, сондай-ақ құжаттарды табыс ету мерзiмiн бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
      5. Уәкiлеттi органның мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздарды мақсатқа сай еместiк желеуiмен мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға құқығы жоқ.

      9-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде:
      1) эмитент пен оның қызмет түрлерi туралы;
      2) эмитенттiң орналастырылған акцияларының (жарғылық капиталындағы үлестерiнiң) он және одан да көп (халықтық акционерлiк қоғамда - бес және одан да көп) процентiн иеленушi акционерлер (қатысушылар) туралы;
      3) басшы қызметкерлер, олардың лауазымдары туралы соңғы үш жылдағы мәлiметтер, сондай-ақ эмитенттiң орналастырылған акцияларының оларға тиесiлi саны (жарғылық капиталындағы үлестерiнiң мөлшерi) туралы мәлiметтер көрсетiле отырып, эмитент органдарының құрылымы туралы;
      4) баланстық құны көрсетiле отырып, эмитенттiң активтерi туралы, эмитенттiң өзi өндiретiн немесе тұтынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) жалпы құнының бес және одан да көп процентiн құрайтын көлемдегi тауарды (жұмысты, көрсетiлетiн қызметтердi) тұтынушылары және жеткiзiп берушiлерi туралы;
      5) эмитенттiң мүлкiн бағалау туралы (қамтамасыз етiлген облигациялар шығарған кезде);
      6) кредиторлардың (дебиторлардың) тiзбесi көрсетiле отырып, эмитент активтерiнiң баланстық құнының бес және одан да көп процентiн құрайтын кредиторлық және дебиторлық берешектер, оларды өтеу мерзiмдерi туралы;
      7) осы тармақтың 2) тармақшасында аталған тұлғаларды қоспағанда, эмитенттiң аффилиирленген тұлғалары туралы;
      8) жарияланған эмиссиялық бағалы қағаздардың саны, олардың түрi (санаты), төлеу тәсiлдерi, бағалы қағаздар бойынша кiрiс алу, оның iшiнде облигациялардың нақтылы құны, олардың айналыс мерзiмi және өтелу тәртiбi туралы;
      9) бағалы қағаздарды (айырбасталатын бағалы қағаздар шығарған кезде) айырбастау тәртiбi туралы;
      10) облигация ұстаушылардың өкiлi туралы (ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялар шығарған кезде);
      11) төлем агентi туралы;
      12) эмитенттiң бағалы қағаздарын ұстаушылар тiзiлiмдерi жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
      2. Эмитенттiң (жаңадан құрылған эмитенттердi қоспағанда) соңғы екi қаржы жылындағы аудиторлық есептермен расталған қаржылық есептiлiк және эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуге құжаттар беру алдындағы соңғы айдың аяғындағы жағдай бойынша қаржылық есептiлiк эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнiң ажырамас бөлiгi болып табылады.
      3. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнiң құрылымы және оны жасау мен ресiмдеу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      4. Осы баптың 1-тармағының 4) және 6) тармақшаларында көзделген мәлiметтердi қоспағанда, эмитент уәкiлеттi органға акциялар шығару проспектiсiнде бар мәлiметтердiң өзгергенi туралы ақпаратты аталған жағдай басталған күннен бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде табыс етуге мiндеттi.
      Облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiне қысым жасалатын жағдайларда эмитенттiң шығару проспектiсiнде белгiленген облигациялар бойынша шығару, орналастыру, айналысқа жiберу, сыйақы төлеу және оларды өтеу талаптарын өзгертуге құқығы жоқ.
      5. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiне қойылатын талаптар агенттiк облигацияларын, айналым мерзiмi үш айдан аспайтын облигациялар, облигациялық бағдарламалар және облигациялық бағдарламалар шегiнде шығарылатын облигациялар шығару проспектiсiне қолданылмайды.
      6. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi уәкiлеттi органға мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде табыс етiледi.

      10-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды
               мемлекеттiк тiркеуден бас тарту және олардың
               шығарылуын мемлекеттiк тiркеудi тоқтата тұру

      1. Эмитент шығару құжаттарын мемлекеттiк тiркеуге табыс ету талаптары мен тәртiбiн бұзған және құжаттарды қapaу процесiнде табыс етiлген құжаттарда дәйектемесiз мәлiметтер бар екендiгi анықталған жағдайда уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға құқылы.
      2. Егер табыс етiлген құжаттарды қарау процесiнде эмитент пен оның қызметi туралы қосымша мәлiметтер алу қажеттiгi туындаса, уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi тоқтата тұруға құқылы.
      Уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi эмитент қосымша мәлiметтердi табыс еткен күннен бастап қайта жаңғыртады.
      3. Эмитент уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеуден бас тарту туралы шешiмiне сот тәртiбiмен шағымдануға құқылы.

      11-бап. Жарияланған акциялар шығаруды
               мемлекеттiк тiркеу

      1. Акционерлiк қоғам жарғысында белгiленген мөлшердегi жарияланған акцияларды шығару уәкiлеттi органда мемлекеттiк тiркелуге тиiс. Жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы шешiмдi акционерлiк қоғамның құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшысы) немесе акционерлерiнiң жалпы жиналысы (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционер) қабылдайды. Акционерлiк қоғам өзiнiң заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелген күнiнен бастап жарияланған акциялар шығару құжаттарын немесе акционерлердiң жалпы жиналысы (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционер) жарияланған акциялар санының көбейтiлуi туралы шешiм қабылдаған күннен бастап, жарияланған акцияларды шығару проспектiсiне өзгерiстер енгiзiлген жағдайда, күнтiзбелiк отыз күн iшiнде табыс етуге мiндеттi.
      2. Құрылтай жиналысының (жалғыз құрылтайшының) немесе акционерлердiң жалпы жиналысының (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционердiң) жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы шешiмiнде:
      1) эмитенттiң атауы және оның орналасқан жерi көрсетiле отырып, құрылтай жиналысының (акционерлердiң жалпы жиналысының) өткiзiлетiн орны мен күні;
      2) құрылтай жиналысына қатысқан құрылтайшылардың тiзiмi немесе акционерлiк қоғамның акционерлердiң жалпы жиналысына табыс етiлген дауыс берушi акцияларының саны туралы мәлiметтер;
      3) акциялардың түрлерi мен санаттары және олардың жалпы саны;
      4) құрылтайшылар арасында орналастырылатын акциялардың саны және олардың акцияларды төлеу тәртiбi;
      5) құрылтайшылар арасында орналастырылатын акциялардың нақтылы құны қамтылуға тиiс.
      Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының ережелерi жалғыз құрылтайшы құрған акционерлiк қоғамға және дауыс беретiн барлық акциялары бip акционерге тиесiлi акционерлiк қоғамға қатысты қолданылмайды.
      3. Жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу акционерлiк қоғам табыс еткен мынадай құжаттар:
      1) еркiн нысанда жазылған өтiнiш;
      2) құрылтай жиналысы (жалғыз құрылтайшы шешiмiнiң) жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы немесе акционерлердiң жалпы жиналысының (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционер шешiмiнiң) жарияланған акцияларды шығару проспектiсiне өзгерiстердi тiркеу туралы хаттамасының көшiрмесi;
      3) акционерлiк қоғам жарғысының көшiрмесi;
      4) акционерлiк қоғамды мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң көшiрмесi;
      5) акционерлiк қоғамның статистикалық карточкасының көшiрмесi;
      6) акциялар шығару проспектiсiнiң екi данасы;
      7) акционерлiк қоғамның құрылтайшылары арасында орналастырылатын жарияланған акциялар төленгенiн растайтын құжаттар негiзiнде жүзеге асырылады.
      4. Табыс етiлген құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкiлеттi орган жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi акцияларға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрiн (ұлттық бiрдейлендiру нөмiрлерiн) беру және акционерлiк қоғамға жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк пен жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы уәкiлеттi орган белгi соққан акциялар шығару проспектiсiнiң бiр данасын беру (жiберу) арқылы жүзеге асырады.
      5. Жарияланған акцияларға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрiн (ұлттық бiрдейлендiру нөмiрлерiн) беру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi. Барлық жарияланған бiр санаттағы акциялардың бiрыңғай ұлттық бiрдейлендiру нөмiрi болады.
      6. Тiркеушi акционерлiк қоғам құрылтайшыларының (жалғыз құрылтайшысының) акциялар жөнiндегi құқықтарын тiркеудi жарияланған акциялар шығару мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн жүзеге асырады.
      7. Уәкiлеттi орган барлық жарияланған акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептi (есептердi) бекiткеннен кейiн акционерлердiң жалпы жиналысы (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционер) акционерлiк қоғам жарғысына және акцияларды шығару проспектiсiне тиiстi өзгерiстер енгiзе отырып, жарияланған акциялардың жарғыда көрсетiлген санын көбейту туралы шешiм қабылдауға құқылы. Жарияланған акцияларды шығару проспектісіне мұндай өзгерiстердi тіркеуді және жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi ауыстыруды уәкiлеттi орган акционерлiк қоғам табыс еткен осындай өзгерiстердi растайтын құжаттар негiзiнде күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде жүзеге асырады.

      12-бап. Мемлекеттiк емес облигациялар шығаруды
               мемлекеттiк тiркеу

      1. Мемлекеттiк емес облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
      1) еркiн нысанда жазылған өтiнiштi;
      2) эмиссиялық органның облигацияларды шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және өтеу, облигацияларды орналастыру нәтижесiнде эмитент алған қаражатты пайдалану тәртiбi, облигациялардың шығарылу көлемi, саны мен түрi, облигациялардың нақтылы құны, облигациялар ұстаушылардың құқықтары туралы мәлiметтер бар облигациялар шығару туралы шешiмiнiң көшiрмесiн;
      3) облигациялар шығару проспектiсiнiң (облигациялық бағдарлама проспектiсiнiң) екi данасын;
      4) жарғының көшiрмесiн;
      5) заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелгенi (қайта тiркелгенi) туралы куәлiктiң көшiрмесiн;
      6) статистикалық карточканың көшiрмесiн;
      7) ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялар шығарылған жағдайда эмитенттiң мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз еткенiн растайтын құжаттарды және облигациялар ұстаушылардың өкiлiмен жасалған шарттың көшiрмесiн;
      8) егер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес эмитент акционерлерiнiң (қатысушыларының) жалпы жиналысының алдын ала шешiмiнсiз облигациялар шығаруды жүзеге асыру мүмкiн болмаса, акционерлердiң (қатысушылардың) жалпы жиналысы хаттамасының көшiрмесiн (хаттаманың үзiндiсiн) және акционерлердiң (қатысушылардың) облигациялар шығару туралы шешiм қабылданған жалпы жиналысын шақыру туралы хабарлама жарияланған баспасөз басылымы беттерiнiң көшiрмесiн табыс етуге мiндеттi.
      2. Облигацияларға ұлттық бiрдейлендiру нөмiрiн берудiң және мемлекеттiк емес облигацияларды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiк берудiң талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi. Облигациялық бағдарлама шегiнде облигацияларды әрбiр шығарудың өз ұлттық бiрдейлендiру нөмiрi болады.
      3. Эмитент мемлекеттiк емес облигациялар шығару құжаттарын мемлекеттiк тiркеуге құрылтайшылар (жалғыз құрылтайшы) жарғылық капиталды төлеген соң және соңғы қаржы жылы iшiнде залал шекпей қызмет iстеген жағдайда, өзi өмiр сүрген екiншi жылдан кейiн табыс етуге құқылы.

      13-бап. Облигациялық бағдарламаны және облигациялық
               бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды
               мемлекеттiк тiркеудiң ерекшелiктерi

      1. Облигациялық бағдарламаны мемлекеттiк тiркеудi уәкiлеттi орган облигациялық бағдарлама проспектiсiн алған күннен бастап күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде жүзеге асырады.
      Облигациялық бағдарлама проспектiсiнiң және облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығарудың құрылымы мен мазмұны, сондай-ақ оларды ресiмдеу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
      Облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялардың алғашқы шығарылуын мемлекеттiк тiркеу эмитенттiң тiлегi бойынша осы облигациялық бағдарламаны мемлекеттiк тiркеумен бiр мезгiлде жүзеге асырылуы мүмкiн.
      2. Тiркелген облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн уәкiлеттi органға эмитент табыс еткен құжаттарды уәкiлеттi орган олар табыс етiлген күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде қарауға тиiс.
      3. Эмитент және облигациялық бағдарламаны немесе облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн эмитент табыс еткен құжаттар осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына сәйкес келген жағдайда, уәкiлеттi орган осындай мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асырады және эмитентке облигациялық бағдарламаның немесе облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығарудың мемлекеттiк тiркелгенi туралы куәлiк бередi.
      4. Эмитент және облигациялық бағдарламаны немесе облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн эмитент табыс еткен құжаттар Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда уәкiлеттi орган эмитентке мемлекеттiк тiркеуден бас тарту себебiн дәлелдей отырып жiбередi.
      Эмитeнт мемлекеттiк тiркеуден бас тарту себептерiн жойғаннан кейiн уәкiлеттi орган құжаттарды қарауды осы баптың 1 және 2-тармақтарына сәйкес жүзеге асырады.
      5. Уәкiлеттi орган мынадай жағдайда, егер:
      1) қор биржасында осы облигациялық бағдарлама шегiнде шығарылған облигациялар бойынша сауда-саттық тоқтатыла тұрса;
      2) осы облигациялық бағдарлама шегiнде шығарылған облигацияларға делистинг жүргiзiлсе;
      3) облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу нәтижесiнде айналыстағы облигациялар шығарылымының жалпы сомасы осындай облигациялық бағдарламаның тiркелген көлемiнен асып кетсе;
      4) облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттар табыс етiлген күнi эмитент осы Заңның 14-бабының 1-тармағында белгiленген талаптарға сай келмесе, эмитентке облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеуден бас тартуға құқылы.

3-тарау. Облигациялар шығару мен олардың
айналысының ерекше талаптары

      14-бап. Облигациялық бағдарлама шегiнде
               облигациялар шығару

      1. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған эмитент мынадай талаптарды сақтаған жағдайда:
      1) дефолт фактiлерi болмаған;
      2) соңғы үш жыл iшiнде қызметтi залал шекпей жүзеге асырған;
      3) облигациялық бағдарламалар шегiнде шығарылатын облигацияларды сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмiне енгiзуге үмiткер эмитенттерге сауда-саттықты ұйымдастырушы қойған талаптарға сай келген жағдайларда облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
      2. Эмитент облигациялық бағдарлама шегiнде құрылымы бойынша әртүрлi облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
      3. Облигациялық бағдарламалар шегiнде шығарылған облигацияларды мерзiмiнен бұрын өтеу талаптары мен тәртiбiне қойылатын талаптар, облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды жүзеге асыратын эмитент орындауға тиiс ерекше талаптар мен шектеулер облигациялық бағдарлама проспектiсiмен белгiленедi.

      15-бап. Облигациялардың кейiнгi шығарылуы

      1. Эмитент бұрын өзi шығарған облигацияларды осы баптың 2-тармағында белгiленген ерекшелiктерiн ескере отырып, Қазақстан Республикасының қайталама бағалы қағаздар рыногына айналысқа жiберген кезде, егер эмитент мына талаптардың бiреуiн сақтаған жағдайда:
      1) уәкiлеттi органға облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды табыс еткен күнi эмитентте уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленген талаптарға сәйкес рейтингтiк агенттiктер бiрiнiң талап етiлетiн ең төменгi рейтингi болса және облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды уәкiлеттi органға табыс етер алдындағы соңғы тоқсанның қорытындысы бойынша левередж көлемi екiден аспаса және облигациялардың барлық жаңа шығарылымдарын орналастыру нәтижесiнде көрсетiлген көлемнен аспайтын болса;
      2) жаңадан шығарылатын облигациялар ипотекалық облигациялар болып табылса;
      3) уәкiлеттi органға облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттар табыс еткен күнi эмитенттiң бұрын шығарылған облигацияларды өтеу немесе қайталама бағалы қағаздар рыногында айналыста жүрген облигациялар бойынша сыйақы төлеу жөнiндегi мiндеттемелердi орындамау немесе уақтылы орындамау жағдайлары болмаса, облигациялардың кейiнгi шығарылуын жүзеге асыруға құқылы.
      2. Банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актілерімен белгiленген талаптар сақталған жағдайда, өзi бұрын шығарған облигацияларды қайталама бағалы қағаздар рыногына айналысқа жiберген кезде облигациялардың кейiнгi шығарылуын жүзеге асыруға құқылы.

      16-бап. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын
               облигациялар шығару

      1. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын облигациялар шығаруды бағалы қағаздары листингтiң ең жоғары санаты бойынша қор биржасы тiзiмiне енгiзiлген және осы Заңның 15-бабы 1-тармағы 1)-3) тармақшаларының талаптарына сәйкес келетiн эмитент жүзеге асыруға құқылы.
      2. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын облигацияларды орналастыру және айналысқа жiберу қор биржасының сауда жүйесiнде ғана жүзеге асырылады.
      3. Айналыс мерзiмi үш айдан аспайтын облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеудiң талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.

      17-бап. Айырбасталатын облигациялар шығару

      1. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған эмитент айырбасталатын облигациялар шығаруды жүзеге асыруға құқылы. Айырбасталатын облигациялар шығару мүмкiндiгi акционерлiк қоғамның жарғысында көзделуге тиiс.
      2. Облигацияларды акционерлiк қоғамның акцияларына айырбастау облигацияларды эмитенттiң акцияларына айырбастаудың облигациялар шығару проспектiсiнде белгiленген талаптары мен тәртiбiне сәйкес жүргiзiледi.

      18-бап. Қаржы агенттiгi. Агенттiк облигациялар шығару

      1. Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының Үкiметi немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi құрған банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға мынадай құжаттар:
      1) өтiнiш;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асырудың талаптары мен тәртiбiн белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлерi;
      3) өтiнiш берушiнiң мемлекеттiк инвестициялық саясатты iске асыру жөнiндегi қызметiнiң талаптары мен тәртiбiн белгiлейтiн және қарыз алудың, инвестициялық шешiмдердi iске асырудың, тәуекелдердi басқарудың ережелерi бар iшкi құжаттары;
      4) соңғы айдың аяғындағы жағдай бойынша қаржылық есептiлiк және қаржы агенттiгi үшiн уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленген пруденциалдық нормативтердiң есебi негiзiнде қаржы агенттiгi мәртебесiн бередi.
      Қаржы агенттiгi мәртебесiн беру үшiн табыс етiлген құжаттарды уәкiлеттi орган олар табыс етiлген күннен бастап он төрт күнтiзбелiк күн iшiнде қарайды.
      Қаржы агенттiгiн берудi уәкiлеттi орган табыс етiлген құжаттар бойынша өзiнiң ескертпелерi болмаған жағдайда жүзеге асырады.
      Қаржы агенттiгiнiң мәртебесiн жою талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
      2. Агенттiк облигациялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу мақсатында уәкiлеттi органға қаржы агенттiгi табыс ететiн агенттiк облигацияларды шығарудың, айналысқа жiберудiң және өтеудiң талаптары мен тәртiбi, құжаттар тiзбесi және шығарылуын мемлекеттiк тiркеу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.

      19-бап. Облигацияларды ұстаушылардың өкiлi

      1. Ипотекалық және өзге де қамтамасыз етiлген облигациялардың шығарылуы мен айналысы кезiнде эмитент алдында облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiрудi облигацияларды ұстаушылардың өкiлi (бұдан әрi - өкiл) жүзеге асырады.
      Өкiлдi таңдауды бағалы қағаздар рыногында кастодиандық және (немесе) брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылар арасынан эмитент дербес жүзеге асырады.
      Өкiл эмитенттiң аффилиирленген тұлғасы болмауға тиiс.
      2. Облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiру туралы эмитент пен өкiл арасында жасалатын шарттың мазмұнына қойылатын талаптар, сондай-ақ өкiлдiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату тәртiбi мен жағдайлары уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.

      20-бап. Өкiлдiң функциялары мен мiндеттерi

      1. Өкiл мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) эмитенттiң облигацияларды ұстаушылар алдындағы облигациялар шығару проспектiсiнде белгiленген мiндеттемелерiн орындауын бақылайды;
      2) эмитенттiң облигацияны ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiктiң жай-күйiн бақылайды;
      3) эмитентпен эмитенттiң облигацияларды ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiкке қатысты кепiл шартын жасасады;
      4) облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауға бағытталған шаралар қолданады;
      5) облигацияларды ұстаушыларға осы тармақтың 1)-4) тармақшаларына сәйкес өзiнiң iс-әрекеттерi туралы және мұндай iс-әрекеттiң нәтижелерi туралы хабарлайды.
      2. Өкiл облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау мақсатында:
      1) облигацияларды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерін бұзуға әкеп соғуы мүмкiн мән-жайларды анықтауға және көрсетiлген мән-жайлар туралы оларға күнтiзбелiк үш күн iшiнде хабарлауға;
      2) эмитенттiң облигацияларды ұстаушылардың алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiкке кепiл құқығын ресiмдеуге және тiркеуге байланысты құқықтық қатынастарда облигацияларды ұстаушылардың мүдделерiн бiлдiруге;
      3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленген тәртiппен эмитенттiң облигацияларды ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiктiң жай-күйiне бақылауды жүзеге асыруға;
      4) облигациялар бойынша сыйақының уақтылы төленуiн бақылауды жүзеге асыруға;
      5) уәкiлеттi орган мен облигацияларды ұстаушыларға эмитенттiң облигацияларды ұстаушылар алдындағы мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету болып табылатын мүлiктiң жай-күйi туралы хабарлауға;
      6) уәкiлеттi орган мен облигацияларды ұстаушыларға эмитентпен шартты бұзған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өзiнiң өкiл ретiндегi өкiлеттiктерiнiң тоқтатылғаны туралы хабарлауға;
      7) уәкiлеттi орган мен облигацияларды ұстаушыларға олардың сұратуы бойынша өзiнiң өкiл ретiндегi қызметiне қатысты ақпарат пен құжаттарды беруге;
      8) қызметтiк, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге;
      9) эмитент облигацияларды ұстаушылар алдындағы өз мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кепiлге салынған мүлiктi өткiзуге мiндеттi.
      3. Өкiлдiң осы баптың 1 және 2-тармақтарында айқындалған функциялар мен мiндеттердi орындау тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленедi.

4-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру

      21-бап. Инвесторлардың эмиссиялық бағалы қағаздар
               шығару туралы ақпарат алуға құқығы

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) инвестордың бiрiншi талап етуi бойынша оған танысу үшiн эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектiсiн немесе оның көшiрмесiн беруге мiндеттi.
      2. Эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнiң көшiрмесiн бергенi үшiн инвестордан оны дайындауға жұмсалған шығыс көлемiнен аспайтын мөлшерде ақы алуға құқылы.
      3. Инвестор эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi көшiрмесiнiң уәкiлеттi органдағы проспектiсiне сәйкес келуiн тексеру туралы, ocы мақсатта мұндай көшiрменi уәкiлеттi органға бере отырып, уәкiлеттi органға өтiнiш жасауға құқылы.

      22-бап. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздарды
               орналастыру тәртiбi

      1. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде белгiленген шектеулер ескерiле отырып жүзеге асырылады.
      Эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) эмиссиялық бағалы қағаздар орналастыруды ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында жазылым жүргізу арқылы жүзеге асыруға құқылы.
      Эмиссиялық бағалы қағаздарды ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында орналастыру сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркегеннен кейiн күнтiзбелiк он күн iшiнде оларды инвесторлардың шек қойылмаған тобы арасында орналастырғанға дейiн мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде баспасөз басылымдарында эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру туралы хабарлама жариялауға мiндеттi.
      Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру туралы хабарда:
      1) эмитенттiң толық атауы және орналасқан жерi;
      2) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу күнi, олардың түрi және орналастырылуға тиiстi саны;
      3) эмитенттiң бөлiмшелерi мен лауазымды адамдары, эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiмен немесе олар туралы өзге де ақпараттармен танысуға мүмкiн болатын андеррайтердiң (эмиссиялық консорциумның) атауы мен орналасқан жерi туралы мәлiметтер;
      4) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру бағасы мен оларды төлеу туралы мәлiметтер болуға тиiс.
      3. Эмиссиялық бағалы қағаздарды ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында орналастыру эмитентке (андеррайтерге, эмиссиялық консорциумға) инвесторлар табыс еткен жазбаша өтiнiмдер негiзiнде аукцион өткiзу немесе жазылым жүргiзу арқылы жүзеге асырылады. Аукцион өткiзудiң немесе жазылым жүргiзудiң шарттары мен тәртiбiне қойылатын талаптар эмитенттiң iшкi құжаттарымен белгiленедi.
      4. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде акционерлердің акцияларды немесе акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздарды артықшылықпен сатып алу құқығын пайдалану жағдайларын қоспағанда, немесе туынды бағалы қағаздарды ұстаушылардың осы эмитенттiң эмиссиялық бағалы қағаздарын сатып алу құқығын белгiлейтiн, эмитент өзiнiң бұрын қабылдаған мiндеттемелерiн орындаған жағдайда, бiр инвестордың екiншi бiр инвестор алдында эмиссиялық бағалы қағазды сатып алуға артықшылықты құқық белгiлеуге тыйым салынады.
      5. Эмитентке (андеррайтерге, эмиссиялық консорциумға) акцияларды орналастыру кезiнде оларды қайта сатып алу мiндеттемесiмен мәмiле жасауға тыйым салынады.
      6. Эмитент (андеррайтер, эмиссиялық консорциум) инвестор бағалы қағаздарға ақы төлеу жөнiндегi мiндеттемесiн орындаған күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi инвестордың жеке шотына сатып алынған эмиссиялық бағалы қағаздарды аудару туралы бұйрықты тiркеушiге (нақтылы ұстаушыға) табыс етуге мiндеттi.

      23-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарға ақы төлеу

      1. Акцияларға ақы төлеудiң тәртiбi мен ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.
      2. Облигацияларға ақы төлеу тек қана ақшалай жүзеге асырылады.
      3. Акцияларды жазылым жүргiзу арқылы орналастыру осы орналастыру шегiнде эмиссиялық бағалы қағаздарды caтып алушы барлық тұлғалар үшiн бiрыңғай бағамен жүзеге асырылады.
      Облигацияларды жазылым жүргiзу арқылы орналастыру облигацияларды шығару проспектiсiнде белгiленген талаптар мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.

      24-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру
               қорытындылары туралы есеп

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарап, бекiту үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
      1) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарау жөнiндегi өтiнiштi;
      2) есептi айдың аяғындағы немесе эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру аяқталған күнгi жағдай бойынша қаржылық есептiлiктi;
      3) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген талаптарға сәйкес жасалған және ресiмделген есептi табыс етедi.
      2. Эмитент уәкiлеттi органға эмиссиялық бағалы қағаздар толық орналастырылғанға дейiн әрбiр алты айдың қорытындылары бойынша (есептi жарты жылдық аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде), сондай-ақ оларды толық орналастыру аяқталғаннан кейiн эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастырудың қорытындылары туралы есеп берiп отыруға мiндеттi.
      Эмитент уәкiлеттi органға бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi осы тармақта көрсетiлген мерзiм аяқталғанға дейiн табыс етуге құқылы.
      3. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi орган күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде қарайды.
      Егер құжаттарды қарау барысында эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы дәйектемесiз мәлiметтердi табыс ету фактiлерi анықталса, уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден бас тартуға құқылы.
      Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекiтуден бас тартқан жағдайда эмитент бас тартуды алған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде уәкiлеттi органға пысықталған есептi қайта табыс етуге мiндеттi.

      25-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды
               тоқтата тұpу

      1. Эмитент эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi табыс етпеген жағдайда, сондай-ақ эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарау процесiнде есепте көрсетiлген мәлiметтердiң эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн табыс етiлген құжаттарға сәйкес еместiгi анықталса, уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiмдi уәкiлеттi орган эмитентке, сол бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушiге және орталық депозитарийге жiбередi.
      3. Эмитент уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiмiн алған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде баспасөз басылымында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлама жариялауға және анықталған бұзушылықтарды уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жоюға жәрдемдесетiн барлық iс-әрекеттi қолдануға мiндеттi. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды қайта жаңарту, анықталған бұзушылықтар жойылғаннан кейiн, уәкiлеттi органның жазбаша хабарламасы негiзiнде жүзеге асырылады.

      26-бап. Инвесторларға эмиссиялық бағалы қағаздар
               орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлау

      1. Инвесторларға эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлауды эмитент:
      1) баспасөз басылымында тиiстi хабар жариялау;
      2) тiркеушiнiң көрсететiн қызметтерiн пайдалану арқылы тиiстi хабарды тарату жолымен жүргiзедi.
      2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарда:
      1) эмитенттiң толық атауы мен орналасқан жерi;
      2) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу күнi;
      3) уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру жөнiндегi шешiмi туралы мәлiметтер болуға тиiс.

      27-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды
               мемлекеттiк тiркеудi жарамсыз деп тану

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу сот тәртiбiмен жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
      2. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi жарамсыз деп тануға:
      1) эмитенттiң Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы;
      2) эмитенттi заңды тұлға ретінде мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыруға негiз болған құжаттардан дәйектемесiз ақпараттың табылуы;
      3) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу жүргiзуге негiз болған құжаттардан дәйектемесiз ақпараттың табылуы негiз болып табылады.
      3. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеудi жарамсыз деп тану эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды жою үшiн негiз болып табылады.

5-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысы

      28-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысының тәртiбi

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздардың қайталама бағалы қағаздар рыногындағы айналысы бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң ұйымдастырылған немесе ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында осы бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасуы арқылы жүзеге асырылады.
      2. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасудың және оларды бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiнде немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде тiркеудiң талаптары мен тәртiбi осы Заңға және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес белгiленедi.

      29-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын
               тоқтата тұру

      1. Уәкiлеттi орган осы Заңда және Қазақстан Республикасының:
      1) инвесторлардың эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуы процесiнде олардың құқықтары мен мүдделерiн;
      2) эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасудың талаптары мен тәртiбiн белгiлейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген талаптар бұзылған жағдайда, бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiнде және (немесе) бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде барлық немесе жекелеген жеке шоттардағы эмиссиялық бағалы қағаздардың бәрiн немесе бiр бөлiгiн оқшаулау арқылы эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер бойынша эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған жағдайда уәкiлеттi орган эмитентке және мәмiле жасасуға қатысатын (қатысқан) тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқама жiбередi. Аталған тұлғалар анықталған тәртiп бұзушылықтарды уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жоюға және нұсқаманың орындалғаны туралы не анықталған бұзушылықтарды жою мүмкiн еместiгi туралы уәкiлеттi органға жазбаша есеп беруге мiндеттi.
      3. Уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiмдi эмитентке, тiркеушiге және орталық депозитарийге жiбередi.
      4. Тiркеушi және орталық депозитарий уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысын тоқтата тұру туралы хабарламасын алған кезден бастап бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi айналысы тоқтатыла тұрған бағалы қағаздармен мәмiлелердiң тiркелуiн тоқтата тұруға мiндеттi.
      5. Нақтылы ұстаушы орталық депозитарийдiң хабарламасын алған кезден бастап жиырма төрт сағаттың iшiнде өзiнiң клиентiн клиенттiң нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi шоты бойынша бағалы қағаздармен мәмiле жасасуын тiркеудi тоқтата тұруы туралы жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
      6. Бұзушылықтар жойылғаннан кейiн бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi және бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi қайта жаңғырту уәкiлеттi органның эмитентке, тiркеушiге және орталық депозитарийге бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi қайта жаңғырту туралы шешiм қабылданған кезден бастап күнтiзбелiк үш күннен кешiктiрiлмей жiберiлген жазбаша хабарламасы негiзiнде жүзеге асырылады.

      30-бап. Акциялар шығарылымын жою

      1. Қайталама бағалы қағаздар рыногында айналыста жүрген акциялар шығарылымын жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган акционерлiк қоғам қайта ұйымдастырылған (осы акционерлiк қоғамға басқа заңды тұлғаны қосуды немесе осы акционерлiк қоғамнан жаңа акционерлiк қоғамды бөлiп шығаруды есептемегенде) жағдайда акционерлiк қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысының акциялар шығарылымын жою туралы шешiмiне немесе оның таратылуына байланысты, не осы Заңның 27-бабына сәйкес сот шешiмi негiзiнде қабылдайды.
      2. Эмитент акциялар шығарылымын жою үшiн, уәкiлеттi органға:
      1) жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттiк тiркеудi жарамсыз деп тану немесе эмитенттi мәжбүрлеп тарату (қайта ұйымдастыру) туралы сот шешiмiнiң көшiрмесiн немесе акционерлiк қоғамның қайта ұйымдастырылуына немесе таратылуына байланысты жарияланған акциялар шығарылымын жою туралы акционерлiк қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы хаттамасының (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционер шешiмiнiң) көшiрмесiн;
      2) жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы куәлiктi, жарияланған акциялар шығару проспектiсiн, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептердi және уәкiлеттi органның акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептердi бекiту туралы хабарламасын табыс етедi.
      3. Жарияланған акциялардың шығарылымын жоюдың талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      4. Шығарылымына қатысты уәкiлеттi орган жою туралы шешiм қабылдаған акциялармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасуға тыйым салынады.
      5. Эмитент уәкiлеттi органның акциялар шығарылымын жою туралы хабарламасын алған кезден бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде бұл туралы баспасөз басылымында мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде ақпарат жариялауға мiндеттi.
      6. Акциялар шығарылымын жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган эмитентке, тiркеушiге және орталық депозитарийге жiбередi, олар жою туралы хабарламаны алған кезден бастап шығарылымы жойылуға жатқызылған бағалы қағаздармен жасалған барлық мәмiлелердiң тiркелуiн дереу тоқтата тұруға мiндеттi.
      Жарияланған акциялар шығарылымының жойылуына байланысты бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi тоқтату тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.

      31-бап. Бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеу.
               Төлем агентi

      1. Қайталама бағалы қағаздар рыногындағы эмиссиялық бағалы қағаздар айналысы кезеңiнде эмитент Қазақстан Республикасының заңдарында және эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде белгiленген бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеу тәртiбiн сақтауға мiндеттi.
      2. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс және облигациялардың нақтылы құны оларды өтеу кезiнде осы төлемдер жүзеге асырылатын кезеңнiң соңғы күнiнiң басындағы жағдай бойынша (бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушi орналасқан жердегi уақыт бойынша) оларды алуға құқығы бар тұлғаларға төленедi.
      3. Эмиссиялық бағалы қағаздар және облигациялардың нақтылы құны бойынша кiрiс төлеудi оларды өтеу кезiнде эмитент дербес немесе төлем агентi көрсететiн қызметтi пайдалана отырып жүзеге асырады.
      4. Қазақстан Республикасының Yкiметi, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе жергiлiктi атқарушы органдар шығарған мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеудi жүзеге асырудың талаптары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      5. Мемлекеттiк емес эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiстi және мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу кезiнде олардың нақтылы құнын төлеудi жүзеге асыру үшiн төлем агентiн сайлау туралы шешiмдi өз жарғысына сәйкес эмитенттiң органы қабылдайды.
      6. Төлем агентi көрсететiн қызметтердi пайдалану туралы шешiм қабылданған жағдайда эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде төлем агентi туралы мынадай мәлiметтер:
      1) төлем агентiнiң толық атауы;
      2) төлем агентiнiң және оның бағалы қағаздар бойынша кiрiс (облигациялардың нақтылы құнын) төлеудi жүзеге асыратын барлық филиалдарының орналасқан жерi, реквизиттерi болуға тиiс.
      7. Төлем агентi өзгерген жағдайда эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiне өзгерiстер енгiзуге және оларды тiркеу үшiн осындай өзгерiс жасалған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде уәкiлеттi органға табыс етуге мiндеттi.
      8. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс және облигациялардың нақтылы құны оларды өтеу кезiнде эмитенттiң кiнәсiнен төленбеген, сондай-ақ толық төленбеген жағдайда эмитент бағалы қағаздарды ұстаушыларға негiзгi мiндеттеменiң сомасын және мерзiмi өткен әр күн үшiн ақшалай мiндеттеменi немесе оның тиiстi бөлiгiн орындау күнiндегi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негiзге ала отырып есептелген өсiмпұл төлеуге мiндеттi.
      9. Төлем агентi қызметiн жүзеге асырудың талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.

      32-бап. Мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу
               қорытындылары туралы есеп

      1. Эмитент қарау және бекiту үшiн мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi органға облигацияларды шығару проспектiсiнде белгiленген өтеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде табыс етуге мiндеттi.
      2. Мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау және бекiту үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
      1) облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау туралы өтiнiштi;
      2) есептi айдың аяғындағы немесе облигацияны өтеу аяқталған күнгi жағдай бойынша қаржылық есептiлiктi;
      3) мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарға сәйкес жасалып, ресiмделген есептi;
      4) тiркеушiнiң эмитент облигацияларын ұстаушылары тiзiлiмiн жабу туралы хабарламасын;
      5) эмитенттiң облигацияларды өтеу жөнiндегi өз мiндеттемелерiн орындағанын растайтын төлем агентiнiң немесе эмитенттiң (төлем агентiмен шарт болмаған жағдайда) хабарламасын табыс етедi.
      3. Мемлекеттiк емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi орган күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде қарайды.

6-тарау. Опциондардың, фьючерстердің, своптардың,
қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарының және
өзге де туынды бағалы қағаздардың айналысы

      33-бап. Опциондармен, фьючерстермен, своптармен,
               қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарымен
               және өзге де туынды бағалы қағаздармен
               мәмiлелер жасасу талаптары

      1. Нақтылы ұстаушылар бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногында мәмiлелер жасасқан жағдайда туынды бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi және олар бойынша құқықтарды растауды осы Заңға және биржа қорының iшкi құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.
      2. Бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногында опциондармен, фьючерстермен, своптармен және өзге де туынды бағалы қағаздармен эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша инвестициялық тәуекелдi хеджирлеу мақсатымен жүзеге асырылатын мәмiлелер жасасудың талаптары мен тәртiбi қор биржасының iшкi құжаттарымен белгiленедi.

      34-бап. Эмитенттiң опциондары

      1. Акционерлiк қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда, акционерлiк қоғам инвесторлармен өздерi шығаратын акцияларды, сондай-ақ сол акционерлiк қоғамның акцияларына айырбасталатын облигацияларды сатып алуға опциондар жасасуға құқылы.
      2. Опционда инвестор сатып алуға құқылы бағалы қағаздардың түрi мен саны, бағалы қағаздардың сатып алу бағасы, бағалы қағаздардың сатып алу мерзiмi мен тәртiбi және опционның басқа да талаптары көзделуге тиiс.
      3. Опциондарды акцияларға немесе акцияға айырбасталатын облигацияларға сатып алудың талаптары мен тәртiбi акционерлiк қоғамның iшкi құжаттарымен белгiленедi.
      4. Акционерлiк қоғам акционерiнiң опциондарды артықшылықпен сатып алуға құқығы бap.
      Акционердiң опциондарды артықшылықпен сатып алу құқығын басқа тұлғаларға беруге құқығы жоқ.
      Акцияларға немесе акцияға айырбасталатын облигацияларға алынған опциондармен байланысты қатынастарды мемлекеттiк реттеудiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының акционерлiк қоғамдар туралы заңдарымен белгiленедi.

      35-бап. Қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарын шығару

      Қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарын шығарудың, орналастырудың, айналысқа салудың және өтеудiң, қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарын орналастыру немесе өтеу қорытындылары туралы есеп берудiң талаптары мен тәртiбi, сондай-ақ қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарының эмитент сақтауға тиiс талаптары уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

7-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді
тіркеу және олар бойынша құқықтарды бастау

      36-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздармен
               мәмiлелердi тiркеу

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер осы Заңға сәйкес тiркелуге тиіс.
      2. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi жеке шоттар бойынша жазбалар енгiзу арқылы жасалады.
      Егер мәмiлеге қатысушылар бiр нақтылы ұстаушының клиенттерi болса, эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар мәмiле бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде тiркелген кезден бастап туындайды.
      Мәмiлеге қатысушылар әртүрлi нақтылы ұстаушының клиенттерi болған жағдайда эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар мәмiле нақтылы ұстаушылардың жеке шоттары бойынша орталық депозитарийде тiркелген кезден бастап туындайды.
      3. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу кезiнде тiркеушi (нақтылы ұстаушы) мәмiленi тiркеудi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, мәмiлеге қатысушылардың қарсы бұйрықтары негiзiнде жүзеге асырады.
      4. Мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды тiркеудiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
      5. Егер осы мәмiленi тiркеу үшiн табыс етiлген құжаттар осы Заңның, уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнiң талаптарына және оның iшкi құжаттарына сәйкес келмесе, тiркеушi (нақтылы ұстаушы) эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеуден бас тартуға құқылы.
      6. Ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеу тәртiбi орталық депозитарийдiң және сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.
      7. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында эмиссиялық бағалы қағаздармен бiр жақты мәмiле жасалған жағдайда оны тiркеу осы мәмiлеге қатысушының бұйрығы негiзiнде, оның сол эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқығын растайтын құжаттар қоса тiркеле отырып жүзеге асырылады.
      8. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша өзгерiстердi тiркеудi немесе құқықтарды тоқтатуды тiркеушi (нақтылы ұстаушы) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес барлық қажеттi реквизиттер бар атқарушы парақ негiзiнде жүзеге асырады.
      9. Осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген негiздер болмаған жағдайда тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) эмиссиялық бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттары бойынша жазбаларды өз бетiнше енгiзуге құқығы жоқ.
      10. Жеке шоттар бойынша тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) жазбалар енгiзуi үшiн негiз болып табылатын құжаттар (тiркелген тұлғаны бiрдейлендiретiн құжаттарды қоспағанда) бес жыл бойы сақталуға тиiс.

      37-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар
               кепiлiн тiркеу

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар кепiлiн тiркеудi тiркеушi (нақтылы ұстаушы) кепiл берушiнiң және кепiл ұстаушының кепiлге берiлетiн эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтары көрсетiле отырып жасалған сол мәмiленi тiркеу үшiн қажеттi барлық мәлiметтер бар бұйрығы негiзiнде жүзеге асырады.
      2. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар кепiлiн тiркеу құқықтары кепiлге берiлген, кепiл ұстаушының пайдасына кепiл берушiнiң шотындағы бағалы қағаздарға ауыртпалық салу және кепiл ұстаушыға оның пайдасына бағалы қағаздарға ауыртпалық салу туралы жазба жасалатын жеке шот ашу (бұл болмаған жағдайда) арқылы жүзеге асырылады. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң тоқтатылуына байланысты эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды кепiлге беру тоқтатылған жағдайда бағалы қағаздардан ауыртпалықты алып тастауды тipкeушi (нақтылы ұстаушы) мәмiлеге қатысушылардың қарсы бұйрықтары негiзiнде жүзеге асырады.
      3. Кепiл берушi эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған жағдайда мәмiленi тiркеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, кепiлге берiлген затты өндiрiп алу арқылы кепiлдiң тоқтатылғанын растайтын құжаттар негізiнде жүзеге асырылады.
      4. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кепiл құқықтарын тiркеудiң ерекшелiктерi ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногындағы осы бағалы қағаздармен мәмiле жасауға байланысты орталық депозитарийдiң және сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.

      38-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша
               құқықтарды растау

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды растау бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi немесе орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шотынан үзiндi табыс ету арқылы жүзеге асырылады.
      Үзiндiнi ресiмдеу мен беру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен және тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) iшкi құжаттарымен белгiленедi.
      2. Жеке шоттан үзiндi берудiң талаптары мен тәртiбi осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен белгiленедi.

      39-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеу
               туралы бұйрық

      1. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеу туралы бұйрық (бұдан әрi осы бапта - бұйрық) жазбаша нысанда жасалып, бағалы қағазды ұстаушы немесе оның өкiлi қол қоюға және орындау үшiн тiркеушiге немесе нақтылы ұстаушыға берiлуге тиiс.
      2. Бұйрық Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қол қою туралы заңдарына сәйкес ақпараттық жүйелердi пайдалана отырып, электронды түрде жасалуы және берiлуi мүмкiн.
      3. Бұйрықтың мазмұны, сондай-aқ оны тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) тiркеу талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен және тiркеушiнiң (нақтылы ұстаушының) iшкi құжаттарымен белгiленедi.
      4. Бұйрық орындауға қабылданған кезде тiркеушi (нақтылы ұстаушы) осы бұйрықты берген тұлғаның өкiлеттiгiн, сондай-ақ бұйрық нысанының белгiленген талаптарға сәйкес болуын тексеруге мiндеттi.
      Бұйрықты орындау кезiнде тiркеушi (нақтылы ұстаушы):
      1) алынған бұйрықты тiркеуге;
      2) бұйрықта көрсетiлген iс-әрекеттердi жасау мүмкiндiгiн тексеруге;
      3) бұйрықты орындаудан бас тарту үшiн негiз болмаған кезде онда көрсетiлген iс-әрекеттердi жасауға және бұйрықтың орындалғаны туралы есеп беруге;
      4) бұйрықты орындаудан бас тарту үшiн негiз болған кезде бас тарту негiзi бар құжат беруге мiндеттi.
      5. Eгep Қазақстан Республикасының заңдарында немесе нақтылы ұстаушымен жасалған шарт талаптарында бұйрықты орындаудың өзгеше мерзiмi көзделмесе, тiркеушi (нақтылы ұстаушы) қарсы бұйрық алған кезде күнтiзбелiк үш күннен аспайтын мерзiмде бұйрықтың орындалуын жүзеге асырады.

      40-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың жеке шоттары
               бойынша операцияларды тоқтата тұру.
               Эмиссиялық бағалы қағаздарды тәркiлеу

      1. Бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi жеке шоттар бойынша жазба жасауды немесе эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай шешiм қабылдауға уәкiлеттi мемлекеттiк органның шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
      2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды тәркiлеу заңды күшiне енген сот актiсi негiзiнде ғана жүргiзiлуi мүмкiн.

8-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық
және қызметтік құпия

      41-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық құпия

      Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық құпия:
      1) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiндегi немесе нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi жеке шоттар бойынша эмиссиялық бағалы қағаздардың қалдығы мен қозғалысы туралы мәлiметтердi;
      2) тiркелген тұлғалар туралы мәлiметтердi қамтиды.

      42-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк құпия

      1. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк құпия бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiнiң қызметi туралы, шектелмеген тұлғалар тобы үшiн бiрдей жағдайларда жалпы қолжетiмдi болып табылмайтын мәлiметтердi қамтиды.
      2. Өзiнiң қызметтiк жағдайы немесе туыстық қатынастары, еңбек мiндеттерi немесе бағалы қағаздар рыногының субъектiсiмен немесе оның аффилиирленген тұлғасымен жасалған (оның iшiнде ауызша) шарт негiзiнде аталған ақпаратқа қол жеткiзуге мүмкiндiгi бар тұлға, оның iшiнде:
      1) бағалы қағаздар рыногының осы субъектiсiнiң басшы қызметкерiн;
      2) бағалы қағаздар рыногының осы субъектiсiнiң аталған ақпаратқа қол жеткiзе алатын кез келген қызметкерi;
      3) бағалы қағаздар рыногының субъектiсiне қызмет көрсететiн аудитор, бағалаушы және басқа тұлғалар;
      4) бағалы қағаздар рыногының осы субъектiсi сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшесi немесе осы сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмiне енгiзiлген бағалы қағаздардың эмитентi ретiнде өз қызметi туралы ақпарат беретiн сауда-саттықты ұйымдастырушының қызметкерi;
      5) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды дайындауға, сондай-ақ оларды орналастыруға қатысатын ұйымның қызметкерi;
      6) клиенттiң тапсырмасы бойынша бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiле жасауды жүзеге асыратын лицензиаттың қызметкерi;
      7) мемлекеттiк орган мен өзiне берiлген өкiлеттiкке орай аталған ақпаратқа қол жеткiзе алатын өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметкерi бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiк құпияны құрайтын ақпараты бар тұлға болып табылады.

      43-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық
               және қызметтiк құпияны ашу

      1. Осы баптың 2 және 3-тармақтарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтер жария етiлмеуге тиiс.
      2. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық құпияны құрайтын мәлiметтер эмитентке және эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарға қатысты бағалы қағазды ұстаушыға не Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ресiмделген сенiмхат негiзiнде оның өкiлiне берiлуi мүмкiн.
      3. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтер:
      1) өздері жүргiзiп жатқан қылмыстық iстер бойынша анықтау және алдын ала тергеу органдарына;
      2) соттың ұйғарымы, қаулысы негiзiнде өздерi жүргiзiп жатқан iстер бойынша соттарға;
      3) олардың құзыретi шегiнде тексеру жүргiзу туралы қаулы негiзiнде өздерi қарап жатқан материал бойынша прокуратура органдарына;
      4) атқаруға қатысты және прокурор санкция берген мәселелер бойынша сот орындаушысының қаулысы негiзінде өздері жүргізiп жатқан атқарушылық iс жүргiзу бойынша атқарушылық iс жүргiзу органдарына;
      5) тексерiлетiн тұлғаға салық салуға байланысты мәселелер бойынша салық органдарына;
      6) эмитенттiң немесе лицензиаттың қызметiне тексеру жүргiзу процесiнде оның сұратуы бойынша уәкiлеттi органға;
      7) олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша нотариустерге;
      8) олар жүргiзiп жатқан мұрагерлiк iстер бойынша шетелдiк консулдық мекемелерге берiлуге тиiс.
      4. Бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердi осы баптың 3-тармағында аталған органдарға беру тәртiбi осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен белгiленедi.

      44-бап. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби
               қатысушыларына қойылатын талаптар

      1. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы өзiнiң клиенттерiне қызмет көрсету процесiнде бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдалануды болғызбауға мүмкiндiк беретiн талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      2. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушысы бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдалануға және табиғи баға белгiлеудi бұзу мен бағалы қағаздар рыногының тұрақсыздануына әкеп соғуы мүмкiн iс-әрекеттерге жол беруге құқылы емес.
      3. Бағалы қағаздар рыногы кәсiби қатысушысының iшкi құжаттарында бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердiң сақталуын қамтамасыз ететiн және оларды кәсiби қатысушының, оның қызметкерлерiнiң немесе үшiншi тұлғалардың өз мүдделерiнде пайдалануына жол бермейтiн талаптар болуға тиiс.

9-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметті
жүзеге асыру тәртібі

      45-бап. Бағалы қағаздар рыногының инфрақұрылымы

      1. Бағалы қағаздар рыногында уәкiлеттi органның лицензиялауына жататын мынадай қызмет түрлерi:
      1) брокерлiк-дилерлiк;
      2) бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiн жүргiзу;
      3) инвестициялық портфельдi басқару;
      4) зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару;
      5) кастодиандық;
      6) трансфер-агенттiк;
      7) депозитарийлiк;
      8) бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда ұйымдастыру жүзеге асырылады.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1)-7) тармақшаларында аталған қызмет бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет болып табылады.
      3. Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтiң белгiлi бiр түрiн немесе өзара қоса атқаратын түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар өзiнiң қызметiн үйлестiру мақсатында өзiн-өзi реттейтiн бiр ғана ұйым құрады.
      4. Бағалы қағаздар рыногындағы лицензиялауға жататын қызметтi жүзеге асыру тәртiбi осы Заңмен, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен, өзін-өзi peттeйтін ұйымдардың және лицензиаттардың ішкі құжаттарымен белгiленедi.
      Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызметтiң түрлерiн қоса атқарудың талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
      5. Клиенттердiң ақшасы мен бағалы қағаздарын лицензиаттар өздерiнiң активтерiнен бөлек есепке алады және олар банкрот болған немесе ерiктi түрде таратылған жағдайда тарату массасына енгiзiлмейдi.
      6. Бағалы қағаздар рыногында көрсеткен қызметтерi үшiн лицензиатқа клиенттiң сыйақы төлеуiнiң талаптары мен тәртiбi лицензиаттың iшкi құжаттарымен және (немесе) лицензиаттың өз клиентiмен жасалған шартымен белгiленедi.
      7. Лицензиаттардың қаржылық есептiлiк аудитiн жүргiзудiң ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.

      46-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) жарғылық
               капиталын қалыптастыру

      1. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) жарғылық капиталын қалыптастыру тек қана ақшалай Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүзеге асырылады.
      Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) жарғылық капиталының ең төменгi мөлшерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      Заңды тұлға акцияға төленген ақы және (немесе) басқа заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлесi ретiнде енгiзiлген активтер сомасын шегере отырып, өз капиталы шегiнде өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) акцияларын төлеуге құқылы.
      2. Мәмiлелердiң нәтижесiнде пруденциалдық нормативтер және қаржылық тұрақтылықтың уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген өзге де көрсеткiштерi немесе өлшемдерi (нормативтерi) бұзылмайтын жағдайда, лицензиат акцияның он және одан да көп (халықтық акционерлiк қоғамда - бес және одан да көп) процентi тиесiлi акционерлерден өз акцияларын сатып алу жөнiнде мәмiлелер жасасуға құқылы.

      47-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшылары
               мен акционерлерi

      1. Жеке және заңды тұлғалар - Қазақстан Республикасының резиденттерi мен резидентi еместер осы баптың 2-тармағында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген шектеулердi ескере отырып, өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшылары және акционерлерi бола алады.
      2. Мыналар:
      1) тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн оффшорлық аймақтарда тiркелген заңды тұлғалар;
      2) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған заңды тұлғаларға қатысы бойынша аффилиирленген тұлғалар;
      3) осы тармақтың 1) тармақшасында аталған заңды тұлғалардың құрылтайшылары (қатысушылары, акционерлерi) болып табылатын тұлғалар өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) құрылтайшысы және акционерлерi бола алмайды.
      Қазақстан Республикасының резидентi емес заңды тұлға өзiнде уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiне сәйкес рейтинг агенттiктерiнiң бiрiнiң талап етiлетiн ең төмен рейтингi болған жағдайда зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асырғысы келетiн (жүзеге асыратын) өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) акцияларын сатып ала алады.

      48-бап. Өтiнiш берушiге қойылатын бiлiктiлiк талаптары

      1. Өтiнiш берушi лицензия алу үшiн мынадай бiлiктiлiк талаптарына сай болуға тиiс:
      1) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленген тiзбеге сәйкес бiлiктiлiк куәлiктерi бар қызметкерлердiң болуы;
      2) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес, бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға қажеттi бағдарламалық-техникалық құралдары мен жабдықтары болуы;
      3) өтiнiш берушiнiң бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыру талаптары мен тәртiбiн белгiлейтiн iшкi құжаттары бағалы қағаздар рыногында белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейтiн уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнiң және тиiстi өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарының талаптарына сәйкес болуы;
      4) бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң тиiстi түрi үшiн уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген пруденциалдық нормативтер мен қаржы тұрақтылығының өзге де өлшемдерiн (нормативтерiн) сақтауы;
      5) осы Заңға және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарға сәйкес құрылымдық бөлiмшелердiң болуы;
      6) өзiн-өзi реттеушi ұйымның өтiнiш берушi мен оның лицензия алу үшiн табыс етiлетiн құжаттарының осы Заңға және осы өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарына сәйкес талаптарына сәйкестiгi туралы қорытындысы болуы.
      2. Лицензиаттың iшкi құжаттары уәкiлеттi органмен ол белгiлеген тәртiппен келiсiлуге тиiс.
      3. Бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеу үшiн жеке адамдарды оқыту, оларға аттестация жүргiзу мен бiлiктiлiк куәлiктерiн беру, сондай-ақ бiлiктiлiк куәлiктерiн иеленушiлер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын бұзған жағдайда бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтата тұру немесе қайтарып алу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

      49-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) сақтауға
               мiндеттi пруденциялық нормативтерi, қаржы
               тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен
               өлшемдерi (нормативтерi)

      1. Өтiнiш берушi (лицензиат) бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң тиiстi түрiне қатысты уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген пруденциялық нормативтердi және қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен өлшемдерiн (нормативтерiн) сақтауға мiндеттi.
      2. Лицензиат уәкiлеттi органға пруденциялық нормативтердiң, қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен өлшемдерiнiң (нормативтерiнiң) сақталуын сипаттайтын көрсеткiштердiң есептерiн, уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiп пен мерзiмде табыс етуге мiндеттi.
      3. Пруденциялық нормативтердiң, сондай-ақ пруденциялық нормативтер мәнiнiң сақталуы мен есеп айырысу тәртiбiн сипаттайтын көрсеткiштердiң, өтiнiш берушi (лицензиат) сақтауға тиiстi қаржы тұрақтылығының өзге де көрсеткiштерi мен өлшемдерiнiң (нормативтерiнiң) түрлерi бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң әр түрiне қатысты уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

      50-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi лицензиялау

      1. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыру үшiн лицензиялар берудiң талаптары мен тәртiбi осы Заңмен және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      2. Лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттарды уәкiлеттi орган қарайды және өтiнiш берушi мен ол табыс еткен құжаттар осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптарына сәйкес болған жағдайда бiр ай мерзiмнен кешiктiрмей лицензия бередi.
      Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген негiздемелер бойынша лицензия беруден бас тартуға құқылы.
      3. Егер лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттарды қарау процесiнде осы құжаттарда өтiнiш берушi, оның құрылтайшылары немесе олардың қызметi туралы дәйектемесiз мәлiметтер бар екенi анықталса, уәкiлеттi орган ол құжаттарды қapaу мepзiмiн тоқтата тұруға құқылы. Өтініш беруші ескертпелердi жойғаннан кейiн және құжаттарды тапсырғаннан кейiн олардың қарау мерзiмi қайта жаңғыртылады. Уәкiлеттi органның құжаттарды кейiнгi қарау мерзiмi күнтiзбелiк отыз күннен аспауға тиiс.

      51-бап. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру.
               Лицензияны керi қайтарып алу және қолданылуын
               тоқтату

      1. Уәкiлеттi орган мынадай:
      1) лицензия алу немесе лицензиаттың қызметi туралы есептi қарау үшiн табыс етiлген құжаттарда дәйектемесiз ақпарат анықталған;
      2) лицензия алу үшiн табыс етiлген құжаттардағы өзгерiстер туралы ақпарат берiлмеген;
      3) осы Заңда белгiленген бiлiктiлiк талаптары сақталмаған;
      4) лицензиат өзiн-өзi реттейтiн ұйымнан шыққан немесе шығарылған;
      5) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметiн регламенттейтiн заңдары, сондай-ақ өзiн-өзi реттейтiн ұйымдар мен лицензиаттың iшкi құжаттары бұзылған;
      6) уәкiлеттi органның нұсқамасы орындалмаған;
      7) лицензияның қолданылуын ерiктi түрде тоқтата тұру туралы жазбаша өтiнiш болған;
      8) егер лицензиат қызметкерлерiнiң бiлiктiлiк куәлiктерiнiң қолданылуын тоқтата тұру немесе керi қайтарып алу нәтижесiнде оның қызметi бiлiктiлiк талаптарына сәйкес болмаған;
      9) мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасы заңдарының бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы мәлiметтердi табыс ету жөнiндегi талаптарын орындамаған жағдайларда лицензияның қолданылуын алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
      2. Уәкiлеттi органнан лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы жазбаша хабарлама алғаннан кейiн бағалы қағаздар рыногындағы қызметтiң лицензияланатын түрiн жүзеге асыру заңсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
      3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерi жойылған жағдайда, уәкiлеттi орган лицензияның қолданылуын қайта жаңғырту туралы шешiм қабылдайды және бұл туралы лицензиатқа жазбаша хабарлайды.
      4. Уәкiлеттi орган лицензияның қолданылуын тоқтата тұру себептерi жойылмаған жағдайда және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де негiздер бойынша лицензияны керi қайтарып алуға құқылы.
      Соттың лицензиатқа бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға тыйым салу туралы заңды күшiне енген шешiмi болған кезде уәкiлеттi орган лицензияны керi қайтарып алуға мiндеттi.
      5. Лицензияның қолданылуы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген негiздемелер бойынша тоқтатылады.
      6. Лицензиат уәкiлеттi органның лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе оны керi қайтарып алу туралы хабарламасын алғаннан кейiн оның клиенттер алдындағы мiндеттемелерiн орындау тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

      52-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы
               есептер

      1. Лицензиаттар уәкiлеттi органға бағалы қағаздар рыногындағы қызмет туралы есептер беруге мiндеттi.
      2. Лицензиаттардың бағалы қағаздар рыногындағы қызметi туралы есептердi беру кезеңдiлiгi, есептердiң нысандары және оларды табыс ету тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

      53-бап. Бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге
               асыруға шектеулер және тыйым салу

      1. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, лицензиаттың қаржы рыногындағы қызметке жатпайтын кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ.
      2. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының бағалы қағаздар рыногындағы қызметi Қазақстан Республикасының осы ұйымдардың қызметiн реттейтiн заң актiлерiнiң талаптары ескерiле отырып жүзеге асырылады.

      54-бап. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) басшы
               қызметкерлерiне қойылатын талаптар

      1. Мыналардың:
      1) осы баптың 2-тармағында белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келмеген;
      2) заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алып тасталмаған сотталғандығы бар;
      3) лицензиаттың басшы қызметкерi лауазымына кандидатураны келісуге құжаттарды табыс етердiң алдында бiр жыл iшiнде қаржы рыногындағы қызметiне байланысты құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартылған;
      4) бұрын банкрот деп танылған ұйымның басшы қызметкерi болған немесе осы адам осы ұйымның басшы қызметкерi лауазымында болған уақытында консервациялауға, санациялауға немесе мәжбүрлеп таратуға ұшыраған адамның басшы қызметкер лауазымын атқаруына құқығы жоқ. Осы талап аталған оқиғалардың бiрi туындағанға дейiн әрi кеткенде бiр жыл бұрын мұндай ұйымның басшы қызметкерi болған адамдарға қолданылады және ол туындағаннан кейiн үш жыл бойы қолданылады;
      5) уәкiлеттi органда келiсу рәсiмдерiнен өтпеген адамның мұндай лауазымды атқаруға құқығы жоқ.
      2. Басшы қызметкер лауазымын атқаруға өтiнiш берушiге (лицензиатқа) қойылатын бiлiктiлiк талаптары:
      1) жоғары бiлiмiнiң болуын;
      2) бiрiншi басшы және (немесе) оның орынбасары және филиалдың басшысы (банк болып табылмайтын ұйымдар немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйым үшiн) лауазымына кандидатқа және бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асырушы құрылымдық бөлiмшелердiң қызметiн үйлестiрудi және (немесе) бақылауды жүзеге асыратын және соның негiзiнде бағалы қағаздар рыногында жасалатын құжаттарға қол қоюға құқығы бар басшы қызметкер лауазымына кандидатқа (банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асырушы ұйымдар үшiн) уәкiлеттi орган берген тиiстi санаттағы бiлiктiлiк куәлiгiнiң болуын;
      3) қызметiнiң негiзгi түрi қаржы қызметiн көрсету болып табылатын ұйымда бiрiншi басшы немесе бас бухгалтер лауазымына кандидаттың кем дегенде үш жыл, ал басқа басшы қызметкерлердiң кем дегенде екi жыл жұмыс стажы болуын қамтиды.
      3. Өтiнiш берушiнiң (лицензиаттың) басшы қызметкерi лауазымына уәкiлеттi органның келiсiмiнен өткен кандидат сайлануы (тағайындалуы) мүмкiн.
      Уәкiлеттi орган басшы қызметкердiң кандидатурасын келiсу тәртiбiн белгiлейдi және кандидаттың осы баптың 2-тармағында белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгi туралы шешiм қабылдайтын бiлiктiлiк комиссиясының қызметiн ұйымдастырады.
      Басшы қызметкердiң лауазымына сайланған (тағайындалған) адам сайланған (тағайындалған) күнiнен бастап екi ай iшiнде уәкiлеттi органның келiсiмiнен өтуге тиiс. Көрсетiлген мерзiмде бiлiктiлiк комиссиясы кандидаттың осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген талаптарға сәйкестiгiн анықтайды.
      4. Уәкiлеттi орган мынадай жағдайларда:
      1) лицензиаттың қызметi процесiнде Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейтiн заңдарының бұзылғаны анықталса;
      2) осындай келiсiм негiзiнде берiлген дәйектемесiз мәлiметтер анықталса;
      3) бағалы қағаздар рыногындағы қызметке байланысты құқық бұзушылық жасағаны үшiн әкiмшiлiк жауапқа тартылса немесе қылмыс жасағаны үшiн қылмыстық жауапқа тартылса;
      4) осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген талаптарға сәйкес еместiгi анықталса, басшы қызметкер лауазымын атқаратын адамға берiлген келiсiмдi керi қайтарып алуға құқылы.
      5. Лицензиаттың басшы қызметiн атқаруына келiсiмдi уәкiлеттi органның керi қайтарып алуы сол адамның аталған басшы қызметкер лауазымын атқаруға тыйым салуға әкеп соғады.

      55-бап. Ұйымдық құрылымға қойылатын талаптар

      1. Бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыруға екi және одан да көп лицензиясы бар лицензиаттың ұйымдық құрылымы қызметтiң әр түрi бойынша жекелеген бөлiмшелерден тұруға тиiс.
      2. Лицензиаттың бiр бөлiмше қызметкерлерiнiң функциялары мен мiндеттерiн орындауды екiншi бөлiмшенiң қызметкерлерiне жүктеуге құқығы жоқ.
      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарының талаптарын қолдану ерекшелiктерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.

      56-бап. Жосықсыз мiнез-құлыққа тыйым салу. Бағалы
               қағаздардың бағасымен айла-шарғы жасау

      1. Лицензиаттың:
      1) басқа лицензиаттарға және инвесторларға бағалы қағаздар рыногында олардың әрекетiн өзгерту мақсатында кез келген нысанда ықпал етуiне;
      2) бағалы қағаздар рыногында қалыптасатын жағдайға ықпал ету мақсатында дәйектемесiз мәлiметтер таратуына;
      3) бағалы қағаздар рыногында бағамен айла-шарғы жасауына тыйым салынады.
      2. Мыналар:
      1) жалған немесе алдамшы мәмiле;
      2) екi және одан да көп тараптар арасында шамамен бiрдей бағамен және бiр мезгiлде қарсы бағыты бар, алдын ала бәтуаласу арқылы жасалатын, орындалуы мұндай мәмiлелердiң тараптарындағы бағалы қағаздар мен ақша санын олардың мұндай мәмiлелер жасалғанға дейiнгi санымен салыстырғанда өзгеруiне әкеп соқтырмайтын мәмiлелер;
      3) тараптар арасында, мұндай мәмiле жасалғанға дейiн бағалы қағаздар рыногында қалыптасқан осы бағалы қағаздардың бағасынан айтарлықтай өзгеше бағамен алдын ала келiсiм бойынша жасалған мәмiле;
      4) бағамен айла-шарғы жасау мақсатында жасалған өзге де мәмiлелер бағалы қағаздардың бағасымен айла-шарғы жасау мақсатында олармен жасалатын мәмiлелердiң негiзгi түрлерi болып танылады.
      3. Бағалы қағаздармен мәмiлелердi бағамен айла-шарғы жасау мақсатында жасалған мәмiле белгiлерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен және сауда-саттықты ұйымдастырушының (егер мұндай мәмiле оның сауда жүйесiнде жасалған болса) iшкi құжаттарымен белгiленедi.

10-тарау. Бағалы қағаздарын нақтылы ұстау

      57-бап. Бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды
               жүзеге асыру тәртiбi

      1. Бағалы қағаздардың нақтылы ұстаушысы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығы бар орталық депозитарий, кастодиан және брокер-дилер нақтылы ұстау қызметiн көрсетуге құқылы.
      2. Бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды клиентпен жасалған, лицензиаттың нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты құқықтарын белгiлейтiн шарттың талаптарына сәйкес лицензиат жүзеге асырады.
      3. Нақтылы ұстау ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргізу құқығы бар кастодиан және брокер-дилер клиентпен нақтылы ұстау туралы шарт жасалғаннан кейiн күнтiзбелiк үш күн iшiнде клиентке нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде жеке шот және орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi клиенттiң қосалқы шотын ашуға мiндеттi.
      Бағалы қағаздар ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiнде нақтылы ұстауға берiлген мемлекеттiк емес бағалы қағаздарды есепке алу орталық депозитарийдiң жеке шоты бойынша жүзеге асырылады, оны ашуды орталық депозитарийдiң бұйрығы негiзiнде тiркеушi жүргiзедi.
      Нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде жеке шот ашу тәртiбi нақтылы ұстаушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.
      4. Бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды жүзеге асыру тәртiбi осы Заңның талаптарына және нақтылы ұстау туралы шарттың талаптарына сәйкес лицензиаттардың iшкi құжаттарымен белгiленедi.

      58-бап. Нақтылы ұстаушының мiндеттерi

      Нақтылы ұстаушы:
      1) клиенттiң жеке шотындағы қателiктер мен ақпаратты бұрмалаудың алдын алу мақсатымен тұрақты бақылауды жүзеге асыруға;
      2) нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде бар және клиенттiң жеке шоты бойынша өзгерiстер енгiзудiң ретiн белгiлеуге немесе қалпына келтiруге мүмкiндiк беретiн ақпаратты сақтауға;
      3) осы Заңда белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде клиенттiң жеке шоты бойынша өзгерiстер енгiзуге;
      4) нақтылы ұстау туралы жасалған шартқа сәйкес клиентке анық ақпарат беруге мiндеттi.

      59-бап. Нақтылы ұстаушының функциялары. Нақтылы
               ұстаушының функцияларын жүзеге асыруға
               байланысты тыйым салу

      1. Нақтылы ұстаушының функциялары:
      1) клиенттiң бағалы қағаздарын есепке алу және осы бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу кезiнде олардың болуын қамтамасыз ету;
      2) клиенттiң бағалы қағаздарымен жасаған мәмiлелерiн тiркеу;
      3) клиенттердiң бағалы қағаздар бойынша құқықтарын растау;
      4) нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу кезiнде клиенттердiң мүдделерiн бiлдiру;
      5) нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты ақпаратты клиенттiң назарына жеткiзу;
      6) нақтылы ұстау туралы шартқа сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де функциялар болып табылады.
      2. Нақтылы ұстаушының:
      1) Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмейтiн бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеудi жүзеге асыруына;
      2) осы Заңда және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, клиенттiң бұйрығынсыз бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеудi жүзеге асыруына;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, клиенттiң тиiстi жазбаша рұқсатынсыз оның ақшасы мен бағалы қағаздарын өз мүддесiне немесе үшiншi тұлғалардың мүддесiне пайдалануына тыйым салынады.
      3. Қазақстан Республикасының аумағында нақтылы ұстаушының:
      1) орталық депозитарийдi;
      2) шетелдiк бағалы қағаздарға немесе осы баптың 1-тармағында белгiленген функцияларды жүзеге асырушы шетелдiк ұйымдарға қатысты өзiнiң нақтылы ұстау қызметiн көрсеткен кезде, кастодиандарды қоспағанда, басқа нақтылы ұстаушыға өзiне нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздарға қатысты нақтылы ұстау қызметiн көрсетуге құқығы жоқ.

      60-бап. Нақтылы ұстау туралы шарт

      1. Нақтылы ұстаушы мен оның клиентi арасындағы құқықтық қатынастар олардың арасында жасалған нақтылы ұстау туралы шартпен реттеледi. Нақтылы ұстау туралы шартқа Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес тапсырма шартының нормалары қолданылады.
      2. Нақтылы ұстау туралы шартты жасасар алдында нақтылы ұстаушы клиенттi өзiнiң нақтылы ұстаушы ретiндегi қызметтi орындау талаптарымен таныстыруға мiндеттi.
      3. Нақтылы ұстау туралы шартта:
      1) шарттың нысанасы;
      2) нақтылы ұстаушының клиенттiң жеке шоты туралы коммерциялық құпияны caқтaу жөнiндегі мiндеттемелерiн қоса алғанда, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi;
      3) нақтылы ұстаушының депозитарийге клиент туралы мәлiметтер берудiң талаптары мен тәртiбi;
      4) клиенттердiң нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздар жөнiндегi құқықтарын растау тәртiбi;
      5) нақтылы ұстаушының көрсеткен қызметiне ақы төлеудiң мөлшерi мен тәртiбi;
      6) нақтылы ұстаушының клиент алдындағы есептiлiк нысаны және кезеңдiлiгi;
      7) тараптардың шарттың талаптарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiгi;
      8) бағалы қағаздар бойынша кiрiс алу талаптары мен тәртiбi болуға тиiс.
      Жоғарыда тiзiлiп көрсетiлген ережелерден бөлек шартта Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де талаптар болуы мүмкiн.

      61-бап. Нақтылы ұстаудағы бағалы қағаздармен
               мәмiленi тiркеу

      1. Нақтылы ұстаудағы бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi нақтылы ұстаушы клиенттiң нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi шоты және клиенттiң орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi қосалқы шоты бойынша жүзеге асырады.
      2. Орталық депозитарийде осы клиенттi бiрдейлендiруге қажетті мәлiметтер болған жағдайда, депоненттiң клиентi орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi өзiнiң қосалқы шотының жай-күйi туралы үзiндi алуға құқылы.
      Нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi жеке шоттан үзiндiде көрсетiлген бағалы қағаздардың саны, түрi және санаты туралы мәлiметтер орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi қосалқы шоты бойынша сондай мәлiметтерге сәйкес келмеген жағдайда орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiнде көрсетiлген мәлiметтер басымдыққа ие болады.
      Орталық депозитарийдiң есепке алу жүйесiндегi қосалқы шоттан үзiндiнi табыс ету тәртiбi оның iшкi құжаттарымен белгiленедi.
      3. Нақтылы ұстауға берiлген бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу ерекшелiктерi нақтылы ұстаушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.

      62-бап. Нақтылы ұстаушының ақпаратты ашуы

      1. Нақтылы ұстаушы тiркеушi мен орталық депозитарийдiң талап етуi бойынша, олардың арасында нақтылы ұстау туралы жасалған шартқа сәйкес нақтылы ұстаушыға өздерi жөнiндегi мәлiметтердi ашу құқықтарын бермеген клиенттер туралы мәлiметтердi қоспағанда, өзiнiң нақтылы ұстауындағы бағалы қағаздары бар клиенттер туралы мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi.
      Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде аталған ақпаратты табыс ету тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
      2. Нақтылы ұстаушының осы баптың 1-тармағында белгiленген өз клиенттерi туралы мәлiметтер беру жөнiндегi шектеу осы Заңның 43-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттiк органдарға қатысты қолданылмайды.

11-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы
брокерлік-дилерлік қызмет

      63-бап. Брокерлiк-дилерлiк қызметтi
               жүзеге асыру тәртiбi

      1. Брокерлiк-дилерлiк қызметтi жүзеге асыруға лицензия нақтылы ұстау ретiндегi клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығымен немесе клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығынсыз болуы мүмкiн.
      2. Брокер-дилер осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде, өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарында белгiленген, эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер жасасу тәртiбiне қойылатын талаптарды сақтауға мiндеттi.
      3. Брокер мен оның клиенттерiнiң арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тапсырма немесе комиссия шартының нормалары қолданылатын брокерлiк қызмет көрсету туралы шарт негiзiнде туындайды.
      4. Нақтылы ұстаушы ретiндегi клиенттердiң шотын жүргiзу құқығы бар брокер-дилердiң ұйымдық құрылымына мынадай құрылымдық бөлiмшелер:
      1) қаржы құралдарымен мәмiлелер жасасуды жүзеге асыратын сауда бөлiмшесi;
      2) қаржы құралдарымен мәмiлелердiң орындалуын, қаржы құралдарын және сол брокер-дилер мен оның клиенттерiнiң ақшасын есепке алуды жүзеге асыратын есеп айырысу бөлiмшесi енуге тиiс.
      5. Нақтылы ұстаушы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығы бар брокер-дилердiң сауда бөлiмшесi басшы қызметкерлерiнiң сол брокер-дилердiң есеп айырысу бөлiмшесiнiң басшы қызметкерiнiң мiндеттерiн орындауға және керiсiнше жасауға құқығы жоқ.
      6. Брокер-дилердiң қолданыстағы бiлiктiлiк куәлiктерi жоқ мамандарды жұмысқа жiберуiне тыйым салынады.

      64-бап. Брокер-дилердiң мәмiлелер жасауы

      1. Брокер-дилер клиенттiң бұйрығына сәйкес қаржы құралдарымен мәмiлелер жасайды. Клиенттердiң бұйрықтарының түрлерi, олардың мазмұны және ресiмделуi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен және брокер-дилердiң iшкi құжаттарымен белгiленедi.
      2. Клиенттiң бұйрығын орындауды брокер-дилер сол бұйрықта көрсетiлген мәмiле жacaу талаптарын сақтай отырып жүзеге асырады. Егер мәмiле жасау кезiнде мәмiленiң талаптарын өзгерту қажет болса, брокер-дилер өз iс-әрекетiн клиентпен келiсiп алуға мiндеттi.
      Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда брокер-дилер мәмiленi өз мүддесiнен клиенттiң мүддесi басым екендiгiн негiзге ала отырып жасауға мiндеттi.
      3. Брокер-дилер эмитентке андеррайтер ретiнде немесе эмиссиялық консорциум құрамында эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнiнде қызмет көрсетуге құқылы.
      4. Эмиссиялық консорциумға қатысушылардың эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару мен орналастыру жөнiндегi бiрлескен қызметiн жүзеге acырудың талаптары мен тәртiбi эмиссиялық консорциумға қатысушылар болып табылатын андеррайтерлердiң бiрлескен қызметi туралы шартта белгiленедi, онда мынадай мәлiметтер:
      1) эмиссиялық консорциумға қатысушылардың функциялары;
      2) эмиссиялық консорциумға қатысушылар арасындағы құқықтарды, мiндеттердi және жауапкершiлiктi бөлiсу;
      3) бiрлескен қызмет туралы шарттың қолданылу мерзiмi болуға тиiс.
      5. Эмитент пен андеррайтер (эмиссиялық консорциум) арасындағы қатынастар жазбаша нысанда жасалған шартпен реттеледi.
      6. Андеррайтер (эмиссиялық консорциум) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын орналастыруды мынадай тәсiлдермен:
      1) андеррайтер (эмиссиялық консорциум) эмитенттен кейiннен басқа инвесторларға сату мақсатында бағалы қағаздардың бүкiл шығарылымын сатып алатын "қатаң мiндеттемелер" тәсiлiмен;
      2) андеррайтер (эмиссиялық консорциум) эмиссиялық бағалы қағаздарды инвесторларға ұсыну арқылы олардың шығарылымын орналастыру жөнiнде қолынан келгенше күш-жiгерiн жұмсауға мiндеттенетiн "ең үздiк күш салу" тәсiлiмен;
      3) эмитент пен андеррайтер (эмиссиялық консорциум) арасында жасалған шарт талаптарына сәйкес эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын орналастырудың өзге де тәсiлдерiмен жүзеге асыруға құқылы.

12-тарау. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің
жүйесін жүргізу жөніндегі қызмет

      65-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң
               жүйесiн жүргiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру
               тәртiбi

      1. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi осы Заңға, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне, тiркеушiнiң iшкi құжаттарына және эмитентпен жасалған шартқа сәйкес тiркеушi жүзеге асырады.
      Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу эмиссиялық бағалы қағаздарға қатысты мiндеттi болып табылады.
      2. Тiркеушi эмитенттiң, оның басшы қызметкерлерiнiң және дербес немесе аффилиирленген тұлғалармен бiрлесiп осы эмитенттiң дауыс беретiн акцияларының (үлесiнiң) он және одан да көп процентiн (халықтық акционерлiк қоғамда - дауыс беретiн акциялардың бес және одан да көп процентiн) иеленетiн эмитент акционерлерiнiң (қатысушыларының) аффилиирленген тұлғасы болмауға тиiс.
      3. Бағалы қағаздарды ұстаушылар туралы мәлiметтер уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде және тiркеушiнiң iшкі құжаттарында белгiленген тәртiппен бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiне енгiзiлуге тиiс.
      4. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн құрайтын құжаттардың тізбесі, бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн қалыптастыру, сақтау мен жүргiзу тәртiбi, жеке шоттардан үзiндiлердiң нысандары және оларда көрсетiлетiн мәлiметтер тiзбесi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.

      66-бап. Тiркеушiнiң функциялары

      Тiркеушiнiң функциялары:
      1) бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн қалыптастыру, жүргiзу және сақтау;
      2) тiркелген тұлғаға бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесінде жеке шот ашу;
      3) тiркелген тұлғаның жеке шоты бойынша бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу;
      4) тiркелген тұлғаның бағалы қағаздары бойынша құқықтарын растау;
      5) бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн сайма-сай қалпында ұстау;
      6) қайталама бағалы қағаздар рыногында айналыста жүрген бағалы қағаздар санының уәкiлеттi орган тiркеген санына сәйкестiгiн бақылауды жүзеге асыру;
      7) бағалы қағаздар ұстаушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда немесе эмитенттiң тапсырмасы бойынша эмитенттiң қызметi, оның бағалы қағаздары жөнiнде хабарлау;
      8) эмитенттiң сұратуы негiзiнде оған бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн құрайтын ақпарат табыс ету;
      9) осы Заңның 43-бабының 3-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн құрайтын мәлiметтер алуға құқығы бар мемлекеттiк органдарға ақпарат табыс ету;
      10) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес өзге де функциялар болып табылады.

      67-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң
               жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шарт

      1. Тiркеушiмен бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiнде шарт жасау туралы шешiмдi оның эмитенттiң жарғысында белгiленген құзыретiне сәйкес эмитенттiң органы қабылдайды. Осы шешiмде эмитенттiң атынан шарт жасасуға қатысуға, оған қол қоюға және шарттың қолданылу кезеңiнде эмитенттiң мүддесiн бiлдiруге уәкiлдiк берiлген тұлға көрсетiлуге тиiс.
      2. Тiркеушiнiң өзiнiң бағалы қағаздарын ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыруға және бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiнiң жүйесiн жүргiзудi басқа тiркеушiге қайта тапсыруға құқығы жоқ.
      3. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiнде шарт жасасқан кезде эмитент тiркеушiге мынадай құжаттарды:
      1) эмитент органының тiркеушiнi таңдау және бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiнде шарт жасасу туралы шешiмiн;
      2) жарғының көшiрмесiн;
      3) эмитенттi заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркеу туралы куәландыратын құжаттардың көшiрмелерiн;
      4) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу туралы куәландыратын құжаттардың көшiрмелерiн;
      5) бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн құрайтын ақпаратты алу және шарттың талаптарын орындау кезiнде құжаттарға қол қою құқығы бар эмитент өкiлдерiнiң қол қою үлгiлерiнiң эмитент мөрiнiң бедерi бар карточкасын табыс етуге мiндеттi. Бұл карточканы нотариат куәландыруға тиіс.
      4. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шартты жасасқан кезде тiркеушi эмитентке танысу үшiн өзiнiң iшкi құжаттарын табыс етуге мiндеттi.

      68-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң
               жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шарт бұзылған
               жағдайда тiркеушiге қойылатын талаптар

      1. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шарт бұзылған жағдайда бұрынғы тiркеушi эмитентпен жасалған шарттың бұзылған күнiнен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмiн әзiрлеп, өткiзуге мiндеттi, ал жаңа тiркеушi шарт бұзылған күнi қалыптастырылған оны және осы эмитенттiң бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн құрайтын өзге де құжаттарды қабылдауға мiндеттi.
      Аталған құжаттарды өткiзу тiркеушiлер өкiлдерiнiң қатысуымен қабылдау-өткiзу актiсiн жасау арқылы жүзеге асырылады. Жаңа тiркеушi қабылдау-өткiзу актiсiне қол қойылған кезден бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде бұрынғы тiркеушiден қабылданған құжаттардағы мәлiметтердi эмитенттiң ол шарт жасасқан бағалы қағаздар тiзiлiмдерiнiң жүйесiне енгiзуге мiндеттi.
      2. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн құрайтын жаңа тіркеушіге өткізілуге тиісті құжаттар мен электрондық деректердiң құрамы, оларды тапсырудың талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
      3. Шарттың қолданылуы тоқтатылған күннен кейiн тiркеушiнiң бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiнiң жеке шоттарынан берген үзiндiлерi жарамсыз болады. Шарттың қолданылуы тоқтатылған күннен кейiн тiркеушiнiң бағалы қағаздарды ұстаушылардың бұйрықтарын орындау үшiн қабылдауға құқығы жоқ. Жаңа тiркеушi өзiне қабылдау-өткiзу актiсiмен берiлген құжаттарға сәйкес бұрынғы тiркеушiнiң бағалы қағаздар ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу күнiнде жасаған үзiндi мен өзге де құжаттардағы мәлiметтер үшiн жауапкершiлiк бұрынғы тiркеушiге жүктеледi.
      4. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзу жөнiндегi шарт бiр жақты бұзылған жағдайда құжаттар мен бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiн қалыптастыру және жаңа тiркеушiге өткiзу шартты бұзуға бастамашы болушының есебiнен жүзеге асырылады.

13-тарау. Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі
қызмет. Зейнетақы активтерін инвестициялық
басқару жөніндегі қызмет

      69-бап. Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi
               қызметтi немесе зейнетақы активтерiн
               инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi
               жүзеге асыру

      1. Инвестициялық қордың инвестициялық портфелiн басқару немесе зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асырудың талаптары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      2. Жеке инвесторлардың инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi қызметтi жүзеге асыру талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      3. Инвестициялық портфельдi басқару немесе зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызмет клиенттiң мүддесiн көздеп кiрiс алу мақсатымен жүзеге асырылады.
      4. Инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқарушылардың олар басқаратын қаржы құралдарына қатысты құқықтарын нақтылы ұстаушылар өздерiнiң iшкi құжаттарына сәйкес есепке алады.

      70-бап. Инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы
               активтерiн басқарушылардың функциялары

      1. Инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқарушылардың функциялары:
      1) ақшаны эмиссиялық бағалы қағаздарға және уәкiлеттi органның нормативтік құқықтық актiсiнің талаптарына сәйкес өзге де қаржы құралдарына инвестициялау туралы шешiмдер қабылдау;
      2) қабылданған инвестициялық шешiмдердi орындау мақсатында инвестициялық портфельдi басқару және зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару процесiнде бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiмен өзара iс-қимыл жасау;
      3) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде және олардың iшкi құжаттарында белгiленген тәртiппен эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен жасалатын мәмiлелердiң есебiн жүргiзу;
      4) инвестициялық портфельдi басқару немесе зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi шарттың талаптарын орындау болып табылады.
      2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқарушылар эмиссиялық бағалы қағаздар мен басқаруындағы өзге де қаржы құралдарына қатысты пайдалану және билiк ету жөнiндегi құқығын жүзеге асыруға құқылы.

      71-бап. Инвестициялық портфельдi басқару жөнiндегi
               қызметтi немесе зейнетақы активтерiн
               инвестициялық  басқару жөнiндегi қызметтi
               жүзеге асыруға байланысты тыйым салу

      1. Инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқарушылардың:
      1) материалдық өндiрiс саласындағы қызметтi жүзеге асыруына;
      2) кепiлгерлiк пен кепiлдiктер беруiне, басқаруындағы мүлiктi кепiлге салу мәмiлелерiн жасауына;
      3) қарыз беруiне;
      4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, акциялардан басқа, өзге де бағалы қағаздар шығаруына;
      5) басқаруындағы активтер құрамына кiретiн қаржы құралдарын оларды керi сатып алу мiндеттемесi талабымен сатуына;
      6) қарыз қаражаттарын пайдаланып, кез келген қаржы құралдарын сатып алуына тыйым салынады.
      2. Зейнетақы активтерiн инвестициялық басқару жөнiндегi қызмет нақтылы ұстаушы ретiнде клиенттердiң шоттарын жүргiзу құқығындағы брокерлiк-дилерлiк қызметпен сыйыспайды.

      72-бап. Инвестициялық шешiмдер қабылдау

      Клиенттердiң инвестициялық портфелiне қатысты инвестициялық шешiмдер қабылдауды инвестициялық портфельдi немесе зейнетақы активтерiн басқарушылардың тиiстi санаттағы бiлiктiлiк куәлiктерi бар қызметкерлерден тұратын, саны кемiнде үш адам болатын инвестициялық комитет жүзеге асырады. Қызметкерлердi инвестициялық комитеттiң құрамына сайлауды басқарушылардың атқарушы органы жүзеге асырады. Инвестициялық комитеттiң шешiмдерi оның отырысына қатысушы қызметкерлердiң көпшiлiк дауысымен қабылданады және жазбаша түрде ресiмделедi.

14-тарау. Кастодиандық қызмет

      73-бап. Кастодиандық қызметтi жүзеге асыру тәртiбi

      1. Бағалы қағаздар рыногында кастодиандық қызметтi кастодиандық қызмет пен сейфтiк операцияларға лицензиялары бар банктер жүзеге асырады.
      2. Кастодиан өзiнiң қызметiн Қазақстан Республикасының заңдарына және клиентпен жасалған кастодиандық қызмет көрсету жөнiндегi шартқа сәйкес жүзеге асырады.
      3. Кастодиан өзiнiң Қазақстан Республикасының аумағында қаржы қызметiн көрсететiн клиентiнiң аффилиирленген тұлғасы болмауға тиiс.
      4. Кастодианға кастодиандық қызмет көрсету жөнiндегi шартқа сәйкес клиент берген ақша мен қаржы құралдары кастодиандық қызмет объектiлерi болып табылады.
      5. Бағалы қағаздар рыногындағы брокерлiк-дилерлiк қызметке лицензиясы бар және жинақтаушы зейнетақы қорына, инвестициялық қорға, инвестициялық портфельдi басқарушыға қызмет көрсетудi жүзеге асыратын кастодианның оларға бағалы қағаздар рыногында брокер ретiнде қызмет көрсетуге құқығы жоқ.

      74-бап. Кастодианның функциялары мен мiндеттерi

      1. Кастодиан мынадай функцияларды жүзеге асырады:
      1) ақшаға, эмиссиялық бағалы қағаздарға және кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген өзге де қаржы құралдарына қатысты клиентке шоттар ашу;
      2) ақшаны, эмиссиялық бағалы қағаздарды және кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген өзге де қаржы құралдарын есепке алуды қамтамасыз ету;
      3) нақтылы ұстауды жүзеге асыру;
      4) эмиссиялық бағалы қағаздармен және кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша төлем агентiнiң функциясын атқару;
      5) клиенттiң эмиссиялық бағалы қағаздарымен мәмiлелердi тiркеу және осы бағалы қағаздар бойынша оның құқықтарын растау;
      6) эмиссиялық бағалы қағаздар және кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген өзге де қаржы құралдары бойынша кiрiс алу және оны клиенттiң шотына есептеу;
      7) эмитенттiң тапсырмасы бойынша клиентке ақпарат беру;
      8) клиентке кастодиандық қызмет көрсету жөнiндегi шартта көзделген өзге де қызметтер көрсету;
      9) құжатты бағалы қағаздарды және құжатты нысанда шығарылған өзге де қаржы құралдарын сақтау.
      2. Кастодиан:
      1) кастодиандық қызмет көрсету жөнiндегi шарттың талаптарын, сондай-ақ клиенттiң бұйрықтарын олардың мазмұнына сәйкес орындауға;
      2) эмиссиялық бағалы қағаздардың және өз активтерiне қатысты кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген өзге де қаржы құралдарының бөлек сақталуы мен есепке алынуын қамтамасыз етуге;
      3) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптарға сәйкес, клиенттердiң шоттарын жүргiзу технологиясын сақтауға;
      4) клиентке тұрақты негiзде немесе оның талап етуi бойынша шоттарының жай-күйi туралы есеп беруге;
      5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметтiк, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.

      75-бап. Кастодиандық қызмет көрсету жөнiндегi шарт

      1. Кастодиан мен оның клиентi арасындағы қатынастар кастодиандық қызмет көрсету жөнiндегi шарт негiзiнде туындайды, оған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген сақтау және тапсырма шартының нормалары қолданылады.
      2. Кастодиан кастодиандық қызмет көрсету жөнiндегi шартты жасасу кезiнде клиенттi өзiнiң iшкi құжаттарымен таныстыруға мiндеттi.
      3. Кастодиандық қызмет көрсету жөнiндегi шартта:
      1) клиентке кастодиандық қызмет көрсету жөнiнде қызметтер ұсыну тәртiбi;
      2) кастодианның және оның клиентiнiң құқықтары мен мiндеттерi;
      3) кастодианның қызметiне ақы төлеу тәртiбi;
      4) кастодианның кастодиандық қызмет көрсетуге берiлген бағалы қағаздары бойынша кiрiс алуының талаптары мен тәртiбi және оны клиенттiң шотына есептеу;
      5) кастодиандық қызмет көрсету жөнiндегi шартты бұзу тәртiбi;
      6) тараптардың жауапкершiлiгi;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де талаптар болуға тиiс.

15-тарау. Трансфер-агенттік қызмет

      76-бап. Трансфер-агенттiк қызметтi жүзеге асырудың
               талаптары мен тәртiбi

      1. Бағалы қағаздар рыногында трансфер-агенттiк қызмет трансфер-агент клиенттерiнiң арасындағы құжаттарды (ақпаратты) қабылдау және беру мақсатында жүзеге асырылады.
      2. Бағалы қағаздар рыногында трансфер-агенттiк қызметтi жүзеге асырудың талаптары мен тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен және лицензиаттың iшкi құжаттарымен белгiленедi.

      77-бап. Трансфер-агенттiң функциялары

      1. Трансфер-агент мынадай функцияларды:
      1) өзi тапсыру үшiн алған құжаттарды тiркеу және есепке алу;
      2) клиенттерге берiлген құжаттарды тiркеу және есепке алу;
      3) трансфер-агенттiк қызметтi жүзеге асырған кезде қолданылатын электрондық деректер базасының сақталуын қамтамасыз ету;
      4) трансфер-агенттiк қызметтi жүзеге асырған кезде қолданылатын электрондық жүйелердi жұмысқа қабiлеттi жағдайда ұстау;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      2. Трансфер-агент пен оның клиенттерi арасындағы қатынастар трансфер-агенттiк қызмет көрсету жөнiндегi шарт негiзiнде туындайды, оған Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген тапсырма шартының нормалары қолданылады.

16-тарау. Орталық депозитарий

      78-бап. Орталық депозитарий қызметiнiң негiзгi
               принциптерi

      1. Орталық депозитарий коммерциялық емес ұйым болып табылады. Орталық депозитарийдiң акциялары бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары, сауда-саттықты ұйымдастырушылар және халықаралық қаржы ұйымдары арасында орналастырылады.
      2. Бағалы қағаздар рыногының бағалы қағаздарды нақтылы ұстаушылар болып табылатын кәсiби қатысушылары, сондай-ақ шетелдiк депозитарийлер мен кастодиандар орталық депозитарийдiң депоненттерi болып табылады.
      3. Бағалы қағаздар рыногында орталық депозитарийлiк қызметтi жүзеге асырудың талаптары мен тәртiбi осы Заңмен, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен және iшкi құжаттармен - орталық депозитарийдiң ережелер жинағымен белгiленедi.
      Орталық депозитарий Қазақстан Республикасы аумағында депозитарлық қызметтi жүзеге асыратын бiрден-бiр ұйым болып табылады.

      79-бап. Орталық депозитарийдi басқару

      1. Орталық депозитарийдiң органдары, олардың функциялары мен өкiлеттiктерi, олардың шешiмдерiн қалыптастыру және қабылдау тәртiбi осы Заңмен, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен, орталық депозитарийдiң жарғысымен және оның iшкi құжаттарымен белгiленедi.
      2. Орталық депозитарийдiң директорлар кеңесiнiң құрамына уәкiлеттi органның өкiлi тұрақты негiзде дауыс беру құқығымен кiредi.

      80-бап. Орталық депозитарийдiң функциялары

      1. Орталық депозитарийдiң функциялары:
      1) нақтылы ұстауды жүзеге асыру;
      2) эмиссиялық бағалы қағаздар және өзге де қаржы құралдары жөнiндегi құқықтарды есепке алу;
      3) эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелердi тiркеу;
      4) өзiнiң депоненттерi мен олардың клиенттерiнiң эмиссиялық бағалы қағаздары және өзге де қаржы құралдары бойынша құқықтарын растау;
      5) қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша клиринг;
      6) төлем агентiнiң нақтылы ұстаудағы қаржы құралдарымен мәмiлелер жөнiндегi функциясын орындау;
      7) төлем агентiнiң бағалы қағаздар бойынша және оларды өтеген кезде кiрiстi төлеу жөнiндегi функцияларын орындау;
      8) эмитенттiң тапсырмасы бойынша депонентке ақпарат беру;
      9) консультациялық, ақпараттық және Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да қызмет түрлерi;
      10) эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер жасасуға арналған ақшаға қатысты депонентке шоттар ашу;
      11) құжатты нысанда шығарылған қаржы құралдарын сақтау және материалсыздандыру болып табылады.
      2. Орталық депозитарий лицензиясы болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыруға құқылы.
      Қаржы құралдарымен мәмiлелер жасалған кезде ақшалай есеп айырысуды орталық депозитарий немесе осындай құқығы бар өзге де ұйым орталық депозитарийдiң тапсыруы бойынша жүзеге асырады.
      3. Орталық депозитарий мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелерге депозитарийлiк қызмет көрсетудi Қазақстан Республикасының заңдарына және өзiнiң ережелер жинағына сәйкес жүзеге асырады.
      4. Орталық депозитарий қаржы құралдары бойынша есеп айырысуды және мәмiлелерге клирингтiк қызмет көрсетудi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне және өзiнiң ережелер жинағына сәйкес жүзеге асырады.

      81-бап. Орталық депозитарийдiң ережелер жинағы

      1. Орталық депозитарийдiң ережелер жинағы орталық депозитарийдiң бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiмен қарым-қатынасын айқындайды.
      Орталық депозитарийдiң ережелер жинағын сақтау орталық депозитарийдiң депоненттерi болып табылатын және/немесе мәмiлелердi орталық депозитарий көрсететiн қызметтi пайдалана отырып жүзеге асыратын барлық субъектiлер үшiн мiндеттi болып табылады.
      Орталық депозитарийдiң ережелер жинағын оның атқарушы органы әзiрлейдi, уәкiлеттi органмен келiсiледi және орталық депозитарий акционерлерiнiң жалпы жиналысы бекiтедi.
      2. Орталық депозитарийдiң ережелер жинағында:
      1) эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелердi тiркеу ережелерi;
      2) эмиссиялық бағалы қағаздарды және өзге де қаржы құралдарын есепке алу ережелерi;
      3) құжатты нысанда шығарылған бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарын сақтауды және материалсыздандыруды жүзеге асыру ережелерi;
      4) клиринг қызметiн жүзеге асыру тәртiбi;
      5) депоненттерге есептiлiк табыс ету тәртiбi;
      6) бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiмен өзара iс-қимыл тәртiбi;
      7) орталық депозитарий көрсететiн қызметке ақы төлеудiң мөлшерi мен тәртiбi;
      8) депоненттер мен оның клиенттерiнiң ақшасын есепке алу тәртiбi;
      9) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де ережелер болуға тиiс.

      82-бап. Орталық депозитарийдiң қызметiн шектеу

      1. Орталық депозитарий:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына және орталық депозитарийдiң ережелер жинағына сәйкес өз функцияларын орындауды басқа да тұлғаларға беруге;
      2) өз депоненттерiнiң немесе сауда-саттықты ұйымдастырушының тиiстi бұйрықтары болмайынша қаржы құралдарымен мәмiлелердi тiркеудi жүзеге асыруға;
      3) депонент (оның клиентi) туралы, депоненттiң (оның клиентiнiң) жеке шотында (қосалқы шотында) ескерiлетiн қаржы құралдары туралы коммерциялық құпияны, қызметтік құпияны жария етуге;
      4) депоненттер мен олардың клиенттерiнiң құқықтарын және мүдделерiн бұзатын iс-әрекеттер жасауға құқылы емес.
      2. Уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, орталық депозитарий заңды тұлғаларды құруға және оның қызметiне қатысуға құқылы емес.

17-тарау. Сауда-саттықты ұйымдастырушы

      83-бап. Сауда-саттықты ұйымдастырушының ұйымдық құрылымы

      1. Сауда-саттықты ұйымдастырушының ұйымдық құрылымына қойылатын талаптар уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
      2. Қаржы құралдарымен мәмiлелердiң жасалуын бақылауды жүзеге асыру мақсатында сауда-саттықты ұйымдастырушының ұйымдық құрылымына сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесiнде жасалатын мәмiлелердi қадағалау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын құрылымдық бөлiмшесi кiруге тиіс.
      Сауда-саттықты ұйымдастырушының аталған құрылымдық бөлiмшесiнiң қызметiн жүзеге асыру тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.

      84-бап. Сауда-саттықты ұйымдастырушыны басқару

      1. Сауда-саттықты ұйымдастырушының органдары, олардың функциялары мен өкiлеттiктерi, олардың шешiмдердi қалыптастыру және қабылдау тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен, сауда-саттықты ұйымдастырушының жарғысымен және оның iшкi құжаттарымен белгiленедi.
      2. Сауда-саттықты ұйымдастырушының акциялары бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының, бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары болып табылмайтын, бiрақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалы қағаздардан басқа, өзге қаржы құралдарымен мәмiлелердi жүзеге асыруға құқығы бар заңды тұлғалар арасында орналастырылады.
      Қор биржасының әрбiр акционерiнiң, өзiне тиесiлi акциялардың санына қарамастан, оның акционерлерiнiң жалпы жиналысында бiр ғана дауысы болады.
      3. Сауда-саттықты ұйымдастырушының директорлар кеңесiнiң құрамына тұрақты негiзде дауыс беру құқығымен уәкiлеттi органның өкiлi кiредi.
      4. Қор биржасының директорлар кеңесi листинг, делистинг немесе бағалы қағаздар тiзiмi санатының ауысуы мәселелерi бойынша шешiм қабылдаған кезде директорлар кеңесi мүшелерiнiң:
      1) бағалы қағаздары қор биржасының тiзiмiне енгiзiлетiн, осы тiзiмнен алып тасталатын немесе аталған шешiмге (бұдан әрi осы тармақта - мүдделi эмитент) сәйкес осы тiзiмнiң өзге санатына ауыстырылатын эмитенттiң;
      2) еншiлес ұйымдар немесе мүдделi эмитентке қатысты тәуелдi акционерлiк қоғамдар болып табылатын ұйымдардың;
      3) мүдделi эмитент оларға қатысты еншiлес ұйым немесе тәуелдi акционерлiк қоғам болып табылатын ұйымдардың;
      4) үшiншi ұйымға қатысты мүдделi эмитенттермен бiрге еншiлес ұйымдар немесе тәуелдi акционерлiк қоғамдар болатын ұйымдардың өкiлдерiнiң дауыс бepугe құқығы жоқ.

      85-бап. Сауда-саттықты ұйымдастырушының ережелерi

      1. Сауда-саттықты ұйымдастырушының ережелерiн оның атқарушы органы әзiрлейдi, уәкiлеттi органмен келiсiледi және сауда-саттық ұйымдастырушының директорлар кеңесi бекiтедi.
      2. Сауда-саттықты ұйымдастырушының ережелерi сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйесiне айналысқа жiберiлген қаржы құралдарымен мәмiлелердi жасаған кезде сауда-саттықты ұйымдастырушы мүшелерiнiң қызметiн, сондай-ақ сауда-саттықты ұйымдастырушы мен оның мүшелерi (клиенттерi) арасында туындайтын құқықтық қатынасты реттейдi.
      3. Сауда-саттықты ұйымдастырушының ережелерi сауда-саттықты ұйымдастырушының функциясына кiретiн мәселелердi реттейтiн сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарын қамтиды.
      4. Қор биржасының ережелерi:
      1) қор биржасындағы мүшелiк санатын, қор биржасының мүшелiгiне кiру талаптары мен тәртiбiн, қор биржасы мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн, қор биржасында мүшелiктi тоқтата тұрудың және тоқтатудың талаптары мен тәртiбiн;
      2) қор биржасының тiзiмiне бағалы қағаздарын енгiзу жорамалданып отырған және енгiзiлген эмитенттерге, сондай-ақ осындай бағалы қағаздарға қойылатын талаптарды;
      3) қор биржасының тiзiмiне бағалы қағаздарды енгiзудiң, оларды осы тiзiмнен және тiзiм санатының ауысымынан алып тастаудың талаптары мен тәртiбiн;
      4) бағалы қағаздары қор биржасының тiзiмiне (соның iшiнде ақпаратты жариялау бойынша) енгiзiлген эмитенттердiң мiндеттерi мен жауапкершiлiгiн;
      5) бағалы қағаздармен биржалық сауда-саттық өткiзу тәртiбiн;
      6) қаржы құралдарымен биржалық сауда-саттықта жасалған мәмiлелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру тәртiбiн;
      7) бағалы қағаздар бойынша биржалық алымдарды және қор биржасы өндiрiп алатын қаржы құралдарына қатысты басқа да төлемдердi төлеудiң мөлшерi мен тәртiбiн;
      8) қор биржасының сауда жүйесiнде айналысқа жiберiлген қаржы құралдарын бағалаудың әдiстемесiн;
      9) биржалық сауда ережелерiн бұзғаны үшiн қор биржасы мүшелерiнiң жауапкершiлiгiн, қор биржасы өндiрiп алатын айыппұлдар төлеудiң мөлшерi мен тәртiбiн;
      10) қаржы құралдарымен мәмiлелердi жүзеге асыру барысында пайда болатын дау-жанжалды шешу тәртiбiн айқындауға тиiс.

      86-бап. Қор биржасының мүшелерi

      1. Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, бағалы қағаздардан басқа, өзге қаржы құралдарымен мәмiлелердi жүзеге асыру құқығы бар өзге де заңды тұлғалар қор биржасының мүшелерi болып табылады.
      2. Қор биржасында бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының кемiнде он мүшесi болуға тиiс.
      3. Қор биржасының мүшелерi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген талаптарға сай келетiн шетелдiк заңды тұлғалар болуы мүмкiн.
      4. Қор биржасының мүшелiгiне кандидаттарға қойылатын талаптар, мүшелiкке қабылдау, мүшелiктi тоқтата тұру және одан айыру тәртiбi, сондай-ақ қор биржасы мүшелерiнiң құқықтары мен мiндеттемелерi Қор биржасының ережелерiнде белгiленедi.
      5. Қор биржасының мүшелерi мәмiлелердi жасау осы мүшелер үшiн қор биржасының ережелерiнде жол берiлетiн қаржы құралдарының түрлерi бойынша сауда-саттыққа қатысуға құқылы.

      87-бап. Сауда-саттықты ұйымдастырушының
               қызметiн қаржыландыру

      1. Сауда-саттықты ұйымдастырушының кiрiсi оның негiзгi қызметiнен алатын қаражат есебiнен құрылады.
      2. Сауда-саттықты ұйымдастырушы мынадай жағдайларда:
      1) сауда-саттықты ұйымдастырушының мүшелiгiне кiргенi үшiн;
      2) сауда-саттықты ұйымдастырушының мүлкiн пайдаланғаны үшiн;
      3) бағалы қағаздар листингi үшiн және олардың сауда-саттықты ұйымдастырушысының тiзiмiнде болғаны үшiн;
      4) мәмiлелердi тiркеу және ресiмдеу үшiн;
      5) ақпараттық қызмет көрсеткенi үшiн;
      6) сауда-саттықты ұйымдастырушының ережелерiмен көзделген өзге де жағдайларда ақшалай жарналар мен алымдар алады.

      88-бап. Қор биржасының қызметi

      1. Қор биржасы коммерциялық емес ұйым болып табылады.
      Қор биржасы Қазақстан Республикасының заңдарына және қор биржасының iшкi құжаттарына сәйкес бағалы қағаздарға қарағанда, өзге қаржы құралдарымен сауда-саттық ұйымдастыруға және өткiзуге құқылы.
      2. Қор биржасы мынадай:
      1) сауда жүйелерiн пайдалану және қолдау;
      2) қор биржасының тiзiмiне бағалы қағаздары енгiзуге жорамалданып отырған немесе енгiзiлген эмитенттерге, сондай-ақ қор биржасында айналысқа жiберiлетiн (жiберiлген) бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарына талап қою;
      3) қор биржасында айналысқа жiберiлген бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәміле жасасу мақсатында сауда жүйесiне кіруге өз мүшелерiне мүмкiндiк беру;
      4) қор биржасында айналысқа жiберiлген бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдары бойынша тұрақты сауда-саттық ұйымдастыру және өткiзу;
      5) қор биржасында айналысқа жiберiлген бағалы қағаздар мен өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша есеп айырысуды ұйымдастыру және жүзеге acыру, не осындай есеп aйырысуды жүзеге асыру үшiн қажет ақпаратты әзiрлеу;
      6) өз мүшелерiне ұйымдық, консультациялық, ақпараттық және өзге де қызметтер көрсету;
      7) бағалы қағаздар рыногы және өзге де қаржы құралдары мәселелерi бойынша талдамалық зерттеулер жүргiзу;
      8) Қазақстан Республикасының банк заңдарында белгiленген тәртiппен банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыру функцияларын;
      9) қор биржасының iшкi құжаттарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      89-бап. Қор биржасының тiзiмi

      1. Бағалы қағаздарды қор биржасының тiзiмiне енгiзудiң талаптары мен тәртiбi оның ережелерiмен белгiленедi.
      Уәкiлеттi орган эмитенттерге және олардың қор биржасында айналысқа жiберiлетiн (жiберiлген) бағалы қағаздарына, сондай-ақ қор биржасы тiзiмiнiң жекелеген санаттарына талаптар белгiлейдi.
      2. Эмиссиялық бағалы қағаздары қор биржасының тiзiмiне енгiзiлген эмитенттер, сондай-ақ сол бағалы қағаздарға рұқсат етудiң бастамашылары осы Заңда, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде және эмитенттiң қызметi мен қор биржасының тiзiмiне енгiзiлетiн (енгiзiлген) бағалы қағаздар туралы ақпаратты ашу жөнiндегi қор биржасының ережелерiнде белгiленген талаптарды сақтауға мiндеттi.
      3. Егер эмитенттер белгiленген талаптарды орындамаса, қор биржасы құқық бұзушылықтарды жою жөнiнде өз ережелерiне сәйкес шаралар қолдануға құқылы.
      4. Қор биржасының тiзiмiне енгiзiлген бағалы қағаздарды бiр мезгiлде басқа қор биржасында не Қазақстан Республикасының аумағында өзге де ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыноктарында айналысқа жiберуге болмайды.

      90-бап. Биржадан тыс рыноктың баға белгiлейтiн
               ұйымының қызметi

      1. Биржадан тыс рыноктың баға белгiлейтiн ұйымының (бұдан әрi - баға белгiлейтiн ұйым) негiзгi мақсаты оның клиенттерi арасындағы бағалы қағаздарға баға белгiлеудiң алмасу жүйесiн ұйымдастыру болып табылады.
      Бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары ғана баға белгiлейтiн ұйымның клиенттерi бола алады.
      Егер бұған Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаса, баға белгiлейтiн ұйым да уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiне және баға белгiлейтiн ұйымның iшкi құжаттарына сәйкес бағалы қағаздардан басқа, өзге қаржы құралдарымен баға белгiлеудiң алмасуын ұйымдастыруға құқылы.
      2. Баға белгiлейтiн ұйым мынадай:
      1) бағалы қағаздарға баға белгiлеудiң алмасу жүйесiн (бұдан әрi - ақпараттық жүйе) пайдалану және қолдау;
      2) баға белгiлейтiн ұйымның айналысына жiберiлген бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер жасасу мақсатында ақпараттық жүйеге кiруге өз клиенттерiне мүмкiндiк бepу;
      3) баға белгiлейтiн ұйымның клиенттерi арасында бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарының бағасын белгiлеумен тұрақты алмасып отыруды ұйымдастыру;
      4) баға белгiлейтiн ұйымның клиенттерi арасында бағалы қағаздар және өзге де қаржы құралдарымен мәмiле жасасу туралы хабарлама алмасуды ұйымдастыру;
      5) өз клиенттерiне баға белгiлейтiн ұйымында айналысқа жiберiлген бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiле жасасу үшiн қажеттi ақпараттар беру функцияларын;
      6) осы Заңда, уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде және баға белгiлейтiн ұйымның iшкi құжаттарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
      3. Қор биржасында айналысқа жiберiлген бағалы қағаздардың баға белгiлейтiн ұйымдағы айналысына жол берiлмейдi.

18-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы
өзін-өзі реттейтін ұйымдар

      91-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мiндеттерi
               мен мақсаттары

      1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның негiзгi мiндетi өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң және олардың клиенттерiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асырудың бiрыңғай жағдайларын жасауды қамтамасыз ету болып табылады.
      2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның негiзгi мақсаттары:
      1) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң кәсiби қызметiнiң бiрыңғай ережелер мен стандарттарын белгiлеу;
      2) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң қызметiн және олардың Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарды сақтауын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;
      3) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң және олардың клиенттерiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау;
      4) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi арасындағы дауларды, сондай-ақ мүшелерi мен олардың клиенттерi арасындағы дауларды шешу;
      5) мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарында, сот және өзге де ұйымдарда өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң мүдделерiн бiлдiру болып табылады.

      92-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның құқықтық жағдайы

      1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мәртебесiн заңды тұлғаға:
      1) бағалы қағаздар рыногында белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асыратын барлық лицензиаттардың кем дегенде жартысы осы заңды тұлғаның мүшелерi екенiн;
      2) сол заңды тұлғаның осы Заңның 94-бабында көзделген iшкi құжаттары уәкiлеттi органмен келiсiлгенiн;
      3) барлық қызметкерлердiң (техникалық функцияларды жүзеге асыратын қызметкерлердi қоспағанда) тиiстi санаттағы бiлiктiлiк куәлiктерi бар екенiн;
      4) басшы қызметкерлер осы заңды тұлға мүшелерiнiң аффилиирленген тұлғалары емес екенiн растайтын құжаттар негiзiнде уәкiлеттi орган бередi.
      Заңды тұлға осы тармақтың 1)-4) тармақшаларының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда өзiн-өзi реттейтiн ұйым мәртебесiнен айрылады.
      Заңды тұлғаға өзiн-өзi реттейтiн ұйым мәртебесiн беру және оның жойылу тәртiбi уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
      2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның атауында осы ұйым мүшелерiнiң негiзгi қызметiнiң түрiн көрсететiн, сондай-ақ "Қауымдастық", "Одақ" немесе "бiрлестiк" деген сөздер болуға тиiс.

      93-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның функциялары

      1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның функциялары:
      1) уәкiлеттi органға бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыру тәртiбiн белгiлейтiн нормативтiк құқықтық актiлердiң жобалары, нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар беру;
      2) бағалы қағаздар рыногында өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi арасында туындайтын дауларды және мүшелерi мен олардың клиенттерi арасындағы дауларды қарау;
      3) уәкiлеттi органның тиiстi рұқсаты болған жағдайда бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыруға ниет бiлдiрген адамдарға оқу бағдарламаларын әзiрлеу және оларды оқытуды жүргiзу;
      4) бағалы қағаздар рыногында қызметтi жүзеге асыруға ниет бiлдiрген немесе өзiнiң кәсiби деңгейiн растайтын адамдарды тестiлеу процесiне қатысу;
      5) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң рейтингтерiн жасау және жариялау;
      6) уәкiлеттi органның бастамасы бойынша өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң қызметiн тексеруге қатысу;
      7) бағалы қағаздар рыногында өз мүшелерiнiң қызметiн бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасының заңдарын және өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарын бұзуға жол берген өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiне өзiнiң iшкi құжаттарында белгiленген тәртiптiк ықпал ету шараларын қолдану болып табылады.
      2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым өз мүшелерiнен, коммерциялық, қызметтiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, олардың бағалы қағаздар рыногындағы қызметi туралы ақпарат табыс етудi талап етуге құқылы.
      3. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым өз мүшелерiнiң қызметi мәселелерi бойынша уәкiлеттi орган беретiн ақпаратты өзiнiң мүшелерiне жеткiзiп отыруға мiндеттi.

      94-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттары

      1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттары:
      1) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi қызметiнiң ережелерi мен стандарттарын;
      2) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның өз мүшелерiнiң қызметiне қатысты бақылау және (немесе) қадағалау iс-шараларын жүргiзу ережелерiн;
      3) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi арасындағы дауларды және мүшелерi мен олардың клиенттерi арасындағы дауларды шешу ережелерiн;
      4) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiне қабылдау, мүшелiктi тоқтата тұру және өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiнен шығару ережесiн;
      5) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң кәсiби этика ережелерiн;
      6) жаза қолдану ережелерiн;
      7) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның бөлiмшелерi, комитеттерi, филиалдары мен өкiлдiктерi қызметiнiң тәртiбiн белгiлеуге тиiс.
      2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым өз мүшелерiнiң қызметiн сақтандыру ережелерiн белгiлеуге құқылы.

      95-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi
               құжаттарын келiсу

      1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарын өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң кеңесi әзiрлейдi, ол уәкiлеттi органмен келiсiлуге тиiс және оны өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң жалпы жиналысы бекiтедi.
      2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттары оның мүшелерiнiң жалпы жиналысы белгiлеген күннен бастап өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелерi үшiн мiндеттi болады.
      3. Уәкiлеттi opгaн өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмеген жағдайда оларға келiсуден бас тартуға құқылы.
      Келiсуден дәлелдi бас тарту өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттары алынған кезден бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешiктiрiлмей өзiн-өзi реттейтiн ұйымға жiберiледi.

      96-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның өтiнiш жасауы

      1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым уәкiлеттi органға өзiнiң мүшелерiне қатысты мынадай мәселелер:
      1) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшесiне лицензия беру, оны тоқтата тұру және керi қайтарып алу;
      2) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшесiнiң қызметiне тексеру жүргiзу;
      3) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшесiн әкiмшiлiк жауапқа тарту бойынша өтiнiш жасауға құқылы.
      2. Уәкiлеттi орган өзiн-өзi реттейтiн ұйым жасаған өтiнiштi өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшесiне қатысты тиiстi шешiм қабылдау кезiнде ескередi.

      97-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның уәкiлеттi
               органмен өзара қатынастары

      1. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкiлеттi органның өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметiне араласуға құқығы жоқ.
      2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым өз мүшесiнiң Қазақстан Республикасының заңдарын, өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарын бұзғаны туралы, сондай-ақ өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiне қатысты қолданылған ықпал ету шаралары туралы ақпаратты уәкiлеттi органның назарына жеткiзуге мiндеттi.
      3. Уәкiлеттi орган өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң және оның клиенттерінің мүдделерi қозғалатын нормативтiк құқықтық актіні әзiрлеу кезiнде өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мамандарын тартады.

      98-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiне
               қабылдау тәртiбi

      1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiне қабылдау тәртiбi өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарымен белгiленедi.
      2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiне қабылдау туралы өтiнiш оның өзiн-өзi реттейтiн ұйымға түскен кезiнен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қаралады. Өтiнiшке тiзбесi өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарында айқындалатын құжаттар қоса тiркеледi. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiне қабылдау туралы шешiмдi өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерiнiң кеңесi қабылдайды.
      3. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiне қабылдаудан бас тарту туралы шешiм жөнiнде сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

      99-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымға мүшелiктiң тоқтатылуы

      1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiнен шығару өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарына сәйкес мынадай жағдайларда:
      1) өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшесiнiң өтiнiшi бойынша;
      2) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшесiнен бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензия керi қайтарып алынған немесе лицензияның қолданылуы тоқтатылған;
      3) өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшесi Қазақстан Республикасының заңдарын және өзiн-өзi реттейтiн ұйымның iшкi құжаттарын бұзған жағдайларда жүзеге асырылады.
      2. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның мүшелiгiнен шығаруға өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерi кеңесiнiң мүшелiктен шығару туралы шешiмiнiң көшiрмесi берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде сотқа шағым жасалуы мүмкiн.

      100-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшелерi клиенттерiнiң
                құқықтары мен мүдделерiн қорғау

      1. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым өз мүшелерi клиенттерiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғауды олардың өтiнiштерiн қарау арқылы жүзеге асырады. Өзiн-өзi реттейтiн ұйым клиенттердiң өтiнiштерiн қарау қорытындылары бойынша және негiздемелер болған жағдайда өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшесiне қатысты тәртiптiк ықпал ету шараларын қолданады.
      2. Өтiнiштi қараудан заңсыз бас тартуға өзiн-өзi реттейтiн ұйым мүшесiнiң клиентi уәкiлеттi органға шағым жасай алады.

19-тарау. Бағалы қағаздар рыногындағы ақпарат

      101-бап. Эмитенттiң бастапқы бағалы қағаздар рыногында
                эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру
                процесiнде ақпаратты ашып көрсетуi

      1. Инвесторлардың шектелмеген тобының арасында орналастырылатын эмиссиялық бағалы қағаздардың эмитентi кез келген мүдделi тұлғалардың алдында:
      1) эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде бар;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi органға табыс етiлетiн есептерде бар;
      3) қаржылық есептiлiкке енгiзiлген ақпаратты;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес немесе сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес (eгep осы бағалы қағаздар сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмiне енгiзiлсе) немесе осы эмитенттiң iшкi құжаттарына сәйкес ашып көрсетуге жататын өзге де ақпаратты ашып көрсетуге мiндеттi.
      2. Эмитент ақпаратты ашып көрсетудi:
      1) уәкiлеттi органға осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес инвесторлардың (акционерлердiң) мүдделерiн қозғайды деп танылған ақпаратты табыс ету;
      2) егер эмитенттiң бағалы қағаздары сауда-саттықты ұйымдастырушының тiзiмiне енгiзiлсе, сауда-саттықты ұйымдастырушыға осы сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес ақпаратты табыс ету;
      3) баспасөз басылымында ақпарат жариялау арқылы жүзеге асырады.
      3. Бағалы қағаздарды ұйымдастырушылар үшiн ақпаратты эмитент бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушi арқылы таратуды жүзеге асыруға құқылы.

      102-бап. Эмитенттiң қайталама бағалы қағаздар рыногында
                эмиссиялық бағалы қағаздар айналысы процесiнде
                ақпаратты ашып көрсетуi

      1. Эмитент эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысы кезеңiнде уәкiлеттi органның және бағалы қағаздарды ұстаушылардың алдында бағалы қағаздарды ұстаушыларының мүдделерi қозғалатын өз қызметiндегi өзгерiстер туралы ақпаратты ашып көрсетуге мiндеттi.
      2. Мыналар:
      1) эмитент органдары құрамының өзгерiстерi;
      2) эмитенттiң дауыс беретiн акцияларының он және одан да көп процентiн (үлесiн) (халықтық акционерлiк қоғам үшiн - акциялардың бec және одан да көп процентiн) иеленетiн акционерлер (қатысушылар) құрамының өзгерiстерi;
      3) эмитенттiң, оның еншiлес ұйымдарының және тәуелдi акционерлiк қоғамдарының қайта ұйымдастырылуы немесе таратылуы;
      4) эмитенттiң мүлкiне тыйым салынуы;
      5) эмитент лицензиясының алынуы, тоқтатыла тұруы немесе керi қайтарып алынуы;
      6) эмитент акционерлерiнiң (қатысушыларының) жалпы жиналысының шешiмi;
      7) эмитент әрбiр осындай ұйым акцияларының он және одан да көп процентiн (үлесiн, пайын) (халықтық акционерлiк қоғам акцияларының бес және одан да көп процентiн) иеленетiн ұйымдар тiзiмiндегi өзгерiстер эмитент қызметiндегi бағалы қағаздарды ұстаушылардың мүдделерi қозғалатын өзгерiстер деп танылады.
      3. Эмитент өзгерiстер туындаған кезден бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде бұл туралы ақпаратты уәкiлеттi органға табыс етуге мiндеттi.
      4. Осы баптың 2-тармағындағы өзгерiстердi эмитент баспасөз басылымында ақпарат жариялау арқылы бағалы қағаздарды ұстаушылардың назарына жеткiзедi.

      103-бап. Лицензиаттың ақпаратты ашып көрсетуi

      Лицензиат:
      1) шартқа сәйкес өз клиентiнiң aлдындa оның құқықтары мен мүдделерi қозғалатын ақпаратты ашып көрсетуге;
      2) бағалы қағаздармен мәмiлелер жасау жөнiндегi бұйрықты қабылдау кезiнде клиенттiң бағалы қағаздар және олардың эмитентi туралы қолда бар барлық ақпаратпен (бағалы қағаздар рыногындағы коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын ақпараттарды қоспағанда) танысуына мүмкiндiк беруге;
      3) өзiнiң клиентiн осы клиенттiң бұйрығы бойынша қаржы құралдарымен мәмiлелер жасасу процесiнде мүдделер қақтығысының туындау мүмкiндiктерi және фактiлерi туралы хабардар етуге;
      4) өзiнiң клиентiн қаржы құралдарымен жасалады деп жорамалданып отырған мәмiлелерге қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулер мен ерекше талаптар туралы хабардар етуге;
      5) өзiнiң клиентiне оның бұйрығын орындаудан бас тартылу себептерiн түсiндiруге;
      6) уәкiлеттi органға Қазақстан Республикасының заңдарында ашып көрсету мiндеттi болып белгiленген қаржы құралдарымен жасалған мәмiлелер туралы ақпаратты, сондай-ақ өз бұйрықтары бойынша осындай мәмiлелер жасалған клиенттер туралы ақпаратты табыс етуге;
      7) эмитенттерден алынған және таратуға арналған ақпаратты клиенттердiң назарына жеткiзуге;
      8) клиенттердiң алдында лицензиат қызметiне қатысты ақпаратты уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген көлемде және тәртiппен ашып көрсетуге;
      9) лицензияны алу кезiнде табыс етiлетiн құжаттарға өзгерiстер мен толықтыруларды уәкiлеттi органның назарына жеткiзуге мiндеттi.

      104-бап. Сауда-саттықты ұйымдастырушының ақпаратты
                ашып көрсетуi

      1. Сауда-саттықты ұйымдастырушы кез келген мүдделi тұлғаның алдында өзiнiң тiзiмiне енгiзiлген бағалы қағаздар және олардың эмитенттерi туралы өзiнде бар мәлiметтердi (бағалы қағаздар рыногында қызметтiк және коммерциялық құпияны құрайтын ақпараттарды қоспағанда) ашып көрсетуге мiндеттi.
      2. Сауда-саттықты ұйымдастырушы осы баптың 1-тармағына сәйкес ашып көрсетуге тиiс ақпаратты ол Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң актiсiне сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында және сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарына сәйкес өзге де қолжетiмдiлiк әдiстермен таратады.
      3. Сауда-саттықты ұйымдастырушының осы баптың 1-тармағына сәйкес ашып көрсетуге жататын ақпаратты осы сауда-саттықты ұйымдастырушы мүшелерiнiң арасында тарату тәртiбi және өзiндегi аталған ақпарат бар құжаттардың көшiрмелерiн мүдделi тұлғаларға табыс ету тәртiбi сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.

      105-бап. Инвестордың және тiркелген тұлғаның
                ақпаратты жария етуi

      1. Тiркелген тұлға тiркеушiге (нақтылы ұстаушыға) бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiндегi және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi өз деректерiнiң өзгерiстерi туралы мұндай өзгерiстер туындаған кезден бастап күнтiзбелiк он күн iшiнде хабарлауға мiндеттi.
      2. Тiркеушi (нақтылы ұстаушы) бағалы қағаздарды ұстаушылардан бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiндегi және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiндегi деректердiң өзгерiстерi туралы мәлiметтер алмауы немесе уақтылы алмауы салдарынан келтiрiлген шығын үшiн бағалы қағаздарды ұстаушылардың алдында жауапты болмайды.
      3. Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде инвестордың (бағалы қағазды ұстаушының) эмиссиялық бағалы қағаздарға инвестицияларды жүзеге асыру кезiнде өзi және өзiнiң аффилиирленген тұлғалары туралы ақпаратты мемлекеттiк органдардың алдында ашып көрсетуге мiндеттi екенi белгiленуi мүмкiн.

      106-бап. Уәкiлеттi органның ақпаратты ашып көрсетуi

      Уәкiлеттi орган:
      1) эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiлерiнде;
      2) эмитенттердiң Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкiлеттi органға табыс ететiн есептерiнде бар;
      3) бағалы қағаздар рыногындағы қызметтi жүзеге асыруға лицензиялар (рұқсаттар) беру немесе керi қайтарып алу, осындай лицензиялардың (рұқсаттардың) қолданылуын тоқтата тұру, қайта жаңғырту және тоқтату туралы, сондай-ақ мұндай оқиғалардың себептерi туралы;
      4) бағалы қағаздар рыногында қандай да бiр жұмыстарды орындауға рұқсат ету құқығын беретiн бiлiктiлiк куәлiктерiн беру немесе керi қайтарып алу, мұндай куәлiктердiң қолданылуын тоқтата тұру, қайта жаңғырту және тоқтату туралы, сондай-ақ мұндай оқиғалардың себептерi туралы ақпаратты;
      5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де ақпаратты өзiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес ашып көрсетуге тиiс.

      107-бап. Уәкiлеттi органның ақпарат алу құқығы

      Уәкiлеттi орган өзiне жүктелген функцияларды сапалы және уақтылы орындауды қамтамасыз ету мақсатында эмитенттен, лицензиаттан және өзiн-өзi реттейтiн ұйымнан қажеттi (оның iшiнде бағалы қағаздар рыногында коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын) ақпаратты өз құзыретi шегiнде алуға құқылы. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, алынған мәлiметтер жария етiлмеуге тиiс.

20-тарау. Бағалы қағаздар рыногы
субъектілерінің қызметін бақылау

      108-бап. Бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң
                қызметiн тексеру

      1. Уәкiлеттi орган эмитенттердiң, лицензиаттардың және мамандарды бағалы қағаздар рыногында жұмыс iстеуге оқытуды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметiн тексерудi жүзеге асыруға құқылы.
      2. Тексеру жүргiзудiң талаптары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
      3. Тексеруге:
      1) инвесторлардың өтiнiш жасауы;
      2) бағалы қағаздарды ұстаушылардың өтiнiш жасауы;
      3) бағалы қағаздар рыногының және өзiн-өзi реттейтiн ұйымдардың кәсiби қатысушыларының өтiнiш жасауы;
      4) тексерудiң жүргiзiлгенi туралы немесе уәкiлеттi орган қызметкерлерiнiң тексеруге қатысқаны туралы сот ұйғарымы, прокурордың немесе анықтау және алдын ала тергеу органының қаулысы;
      5) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу, эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру немесе өтеу қорытындылары туралы есептiлiктi қарау және бекiту үшiн эмитент табыс еткен құжаттарды қарау процесiнде құжаттардағы немесе мәлiметтердегi ақпараттың уәкiлеттi орган анықтаған сәйкессiздiктерi;
      6) лицензиаттардың қызметi туралы есептердi қарау процесiнде уәкiлеттi орган анықтаған сәйкессiздiктер;
      7) бағалы қағаздар рыногында коммерциялық және қызметтiк құпияны құрайтын мәлiметтердi пайдалана отырып, эмиссиялық бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелер жасау туралы мәлiметтердiң болуы негiздеме болып табылады.
      4. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкiлеттi орган күнтiзбелiк жыл iшiнде бiр рет өз бастамасы бойынша бағалы қағаздар рыногының субъектiлерiне тексеру жүргiзуге құқылы.

      109-бап. Бағалы қағаздар рыногының субъектiсiне
                тексеру жүргiзу тәртiбi

      1. Тексерудi уәкiлеттi орган бағалы қағаздар рыногы субъектiсiнiң орналасқан жерiнде немесе өзiнiң орналасқан жерiнде жүргiзедi.
      Тексерудi құрамына уәкiлетті органның қызметкерлерi кiретiн тексеру комиссиясы жүзеге асырады.
      Уәкiлеттi орган мемлекеттiк органдарға және өзiн-өзi реттейтiн ұйымдарға аталған ұйымдардың қызметкерлерiн тексеруге тарту мақсатымен өтiнiш жасауға құқылы.
      2. Тексерудi уәкiлетті орган бағалы қағаздар рыногы субъектiсінiң қызметі туралы құжаттарды қарау арқылы жүргізедi.
      Тексеру жүргізу барысында уәкілетті орган бағалы қағаздар рыногы субъектісiнiң қызметкерлерiнен олардың тексеру мәселелерi бойынша ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруi мақсатымен жауап алуға құқылы.
      3. Тексеру комиссиясы бағалы қағаздар рыногы субъектісiн тексеру нәтижелерi бойынша тексеру актiсiн жасайды, ол бағалы қағаздар рыногының қызметі тексерiлуге тиiс болған субъектісiне танысу үшiн берiледi.
      Бағалы қағаздар рыногының субъектісi тексеру актiсi бойынша өз қарсылығын тұтас (жекелеген тармақтар бойынша) бiлдiруге құқылы.
      4. Тексеру актiсi жасалып, ол бағалы қағаздар рыногының субъектiсіне табыс етілгеннен кейiн уәкілетті орган субъектiге анықталған бұзушылықтарды уәкiлетті орган белгiлеген мерзiм iшiнде жою туралы ұйғарым жiберуге құқылы.
      5. Бағалы қағаздар рыногының субъектiсi өзiнiң қызметiн тексеру нәтижесiнде анықталған бұзушылықтарды жоймаған жағдайда, уәкiлеттi орган субъектiге және оның қызметкерлерiне осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгiленген шараларды қолдануға құқылы.
      Уәкілеттi орган бұзушыға және оның қызметкерлерiне, егер бұзушылықтар жойылмайтын сипатта болса, анықталған бұзушылықтарды жою мерзiмiн бермей-ақ шаралар қолдануға құқылы.

      110-бап. Эмитенттiң қызметiн бақылау

      Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру, айналысқа жiберу және өтеу процесінде бақылау функцияларын жүзеге асыру үшiн уәкiлеттi орган эмитентке мынадай мәселелер:
      1) эмитент органының эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару немесе орналастыру, опциондар жасасу туралы қабылдаған шешiмдерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарына және эмитенттің жарғысына сәйкестiгi;
      2) эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеуi және эмитенттiң эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектілерiне сәйкес бағалы қағаздарды ұстаушылар алдындағы өзге де мiндеттемелерiн орындауы;
      3) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттiк тiркеу үшiн құжаттарды және оларды орналастыру немесе өтеу қорытындылары туралы есептердi табыс ету;
      4) уәкiлеттi органға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға өз қызметiндегi өзгерiстер туралы ақпаратты табыс ету жөнiндегi талаптарды орындау;
      5) Қазақстан Республикасы заңдарының iрi мәмiлелер және мүдделiлiк бар мәмiлелер жасасу туралы талаптарын орындау;
      6) шығарылуы жойылған, эмитент ерiктi түрде қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда, бастапқы инвестицияларды қайтару кезiнде бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқықтары мен мүдделерiн сақтау;
      7) халықтық акционерлiк қоғам мәртебесiн алу және жоғалту;
      8) бұқаралық ақпарат құралдарында эмитенттiң қызметi туралы мәлiметтер жариялау мәселелерi бойынша тексеру жүргiзуге құқылы.

      111-бап. Лицензиаттың қызметiн бақылау

      Уәкiлеттi орган бақылау функцияларын жүзеге асыру үшiн лицензиатқа мынадай мәселелер:
      1) бағалы қағаздар рыногында жүзеге асырылатын қызметтiң Қазақстан Республикасының заңдарына, өзiн-өзi реттейтiн ұйымның және лицензиаттың iшкi құжаттарына сәйкестiгі;
      2) бағалы қағаздармен мәмiлелердi жүзеге асыру процесiнде клиенттердiң құқықтары мен мүдделерін сақтау;
      3) пруденциялық нормативтердi сақтау;
      4) ерiктi түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату мәселелерi бойынша тексеру жүргізуге құқылы.

      112-бап. Өзiн-өзi реттейтiн ұйымның қызметiн бақылау

      Өзiн-өзi реттейтiн ұйымға қатысты бақылау функцияларын жүзеге асыру үшiн уәкiлеттi орган:
      1) өзін-өзi реттейтiн ұйымның қызметi туралы, сондай-ақ оның мүшелерiнiң қызметi туралы ақпарат табыс етудi талап етуге;
      2) өзiн-өзi реттейтiн ұйымға орындалуы мiндеттi ұйғарымдар жiберуге және олардың орындалуы туралы есеп табыс етудi талап етуге құқылы.

21-тарау. Қорытынды ережелер

      113-бап. Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар
                рыногы туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

      114-бап. Осы Заңды қолданысқа енгiзу тәртiбi

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
      1) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 1997 жылғы 5 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 5, 52-құжат; N 12, 184-құжат; N 13-14, 205-құжат; 1998 ж., N 17-18, 224-құжат; 1999 ж., N 20, 727-құжат; 2000 ж., N 22, 408-құжат; 2001 ж., N 15-16, 238-құжат; 2003 жылғы 23 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2003 жылғы 21 мамырда "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне бағалы қағаздар рыногы және акционерлiк қоғамдар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2003 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы;  2003 жылғы 10 маусымда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне ипотекалық кредиттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2003 жылғы 3 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы );
      2) "Қазақстан Республикасында бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеу туралы" 1997 жылғы 5 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 5, 53-құжат; N 13-14, 205-құжат; 1998 ж., N 17-18, 224-құжат; 2001 ж., N 8, 52-құжат; N 15-16, 238-құжат; 2002 ж., N 17, 155-құжат; 2003 ж., N 10, 49-құжат; 2003 жылғы 23 мамырда "Егемен Қазақстан" және 2003 жылғы 21 мамырда "Казахстанская правда" газеттерiнде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне бағалы қағаздар рыногы және акционерлiк қоғамдар мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2003 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы ).

      Қазақстан Республикасының
      Президентi