Ескерту. Мәтінде сөздер алмастырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Осы Заң қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқықтық қатынастарды реттейді және қауіпті өндірістік объектілерде авариялардың алдын алуға, олардың салдарын шектеуге және зардаптарын жоюға ұйымдардың әзірлігін, авариялардың жеке және заңды тұлғаларға, қоршаған орта мен мемлекетке келтірілген залалдарын кепілдікпен өтеуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Еңбек қатынастары мен еңбекті қорғау, экологиялық, өрт қауіпсіздігі саласындағы, атом энергиясы мен ғарыш кеңістігін пайдалану, химиялық және ядролық қаруды жою, оқ-дәрілерді пайдалану мен кәдеге жарату кезіндегі қауіпсіздік саласындағы құқықтық реттеу Қазақстан Республикасының арнайы заңдарымен жүзеге асырылады.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) қауіпті өндірістік объектідегі авария - адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына, қоршаған орта мен шаруашылық жүргізуші объектілерге зиян тигізуге, едәуір материалдық шығындарға және халықтың тіршілік жағдайларының бұзылуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін технологиялық процестің бұзылуы, механизмдердің, құрал-жабдықтардың және ғимараттардың зақымдануы;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету - авариялардың алдын алуға, қауіпті өндірістік объектілерде авариялар туындаған кезде және оларды жою жағдайында ұйымдасқан іс-қимылға әзір болуды қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдық-техникалық, экономикалық және құқықтық сипаттағы шаралар жүйесін әзірлеу мен жүзеге асыру;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелері - қауіпті өндірістік объектілердегі қызметті ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер;
4) қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік (бұдан әрі - өнеркәсіптік қауіпсіздік) - жеке және заңды тұлғалардың, қоршаған ортаның қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардан және аталған авариялардың зардаптарынан қорғалуының жай-күйі;
5) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары - Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдарымен белгіленген, сақталуы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін нормалар;
6) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы уәкiлеттi орган - өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган).
Ескерту. 1-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N
125
(қолданысқа енгізілу тәртібін
2-баптан
қараңыз) Заңымен.
2-бап. Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік
қауіпсіздік саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының
Конституциясына
негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Қауіпті өндірістік объектілер
Мынадай қауіпті заттар, механизмдер, құрал-жабдық және технологиялық өндірістік процестер:
1) жарылыс пен өрт қаупі бар орта қалыптастыра алатын заттар;
2) адам ағзасына әсер ету деңгейі бойынша қауіптіліктің I, II, III сыныптарына жататын зиянды заттар;
3) сыртқы әсердің белгілі бір түрлері кезінде жылу бөліп, газ құрап, өз-өзінен жылдам тарайтын химиялық өзгерістерге ұшырай алатын жарылғыш заттар;
4) 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен және сұйықтықтың қайнау температурасынан жоғары температурада жұмыс істейтін жабдық;
5) жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер;
6) қара, түсті және басқа да металдардың балқымалары және осы балқымалардың негізіндегі қорытпалар;
7) тау-кен, геологиялық барлау, жарылыс жұмыстары, мұнай мен газ бұрғылау жұмыстары, пайдалы қазбаларды өндіру, байыту жөніндегі жұмыстары, жер асты жағдайындағы, теңіз қайраңдары мен ішкі сутоғандарындағы жұмыстар;
8) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын электр қондырғыларының барлық түрлері;
9) адам денсаулығы мен қоршаған орта үшін қауіпті заттары бар өндіріс қалдықтары өндірілетін, пайдаланылатын, өңделетін, құралатын, сақталатын, тасымалданатын, жойылатын, сондай-ақ қолданылатын объектілер қауіпті өндірістік объектілерге жатады.
4-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету
жөніндегі негізгі талаптар
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік:
1) қауіпті өндірістік объектілердегі қызметті лицензиялауды;
2) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын өнімдерді, процестерді, жұмыстар мен көрсетілетін қызметті сертификаттауды;
3) қауіпті өндірістік объектінің қауіпсіздігін декларациялауды және декларациясына сараптама жасауды;
4) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптарының сақталуын мемлекеттiк бақылауды, сондай-ақ өндiрiстiк қадағалауды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзумен қамтамасыз етiледi.
2. Қауіпті өндірістік объектілері міндетті декларациялануға тиісті ұйымдар тізбесі, декларация берудің ережелері мен декларацияның нысандары, оған сараптама жасаудың тәртібі Қазақстан Республикасының табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы заңдарымен белгіленеді.
Ескерту. 4-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N
125
(қолданысқа енгізілу тәртібін
2-баптан
қараңыз) Заңымен.
5-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ақпарат
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, жеке және заңды тұлғалар қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымның әкімшілігінен қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы толық және дұрыс ақпарат алуға құқылы.
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРЫНЫҢ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және iске асыруды қамтамасыз етедi;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бағдарламаларды бекiтедi;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды;
4) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
5) уәкiлеттi органның ведомстволары жанында екi немесе бiрнеше әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктерде арнайы бақылау функцияларын жүзеге асыратын аумақтық бөлiмшелер құрады.
Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N
125
(қолданысқа енгізілу тәртібін
2-баптан
қараңыз) Заңдарымен.
7-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті
мемлекеттік органның құзыреті
Уәкiлеттi орган:
1) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асыруды қамтамасыз етедi;
1-1) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының қызметiн үйлестiредi;
2) меншiк нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық ұйымдардағы қауiптi объектiлерде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады;
3) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы, оның iшiнде мамандандырылған мемлекеттiк ғылыми-зерттеу ұйымдарын тарту арқылы салааралық нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлейдi, аталған нормативтiк құқықтық актiлердi бекiтедi немесе келiседi;
4) қауіпті өнеркәсіптік объектілердегі авариялардың себептерін тексеруді ұйымдастырады;
5) егер өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелеріне сәйкес әзірленген аварияларды жою жоспарында өзге тәртіп көзделмеген болса, қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың салдарын шектеу және зардаптарын жою жөніндегі жұмысқа бақылау жасайды;
6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ведомстволық бағыныстағы ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметіне басшылық жасайды, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша мамандандырылған ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық ұйымдардың жұмысын үйлестіреді;
7) ғылыми зерттеулерді, білімді насихаттауды, халықты, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ұйымдардың лауазымды адамдары мен қызметкерлерін оқытуды ұйымдастырады;
8) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
9) әскерилендірілген тау-кен құтқару, газдан құтқару және фонтандарға қарсы қызметтер мен құралымдар қызметіне басшылық жасайды;
10) қауіпті өндірістік объектілерді есепке алу ісін жүзеге асырады;
11) қауіпті өндірістік объектілерді бірдейлендірудің - объектіні ұйымдардың құрамында қауіпті өндірістік объектілер санатына жатқызудың негізгі талаптарын белгілейді;
12) өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ақпарат беру тәртібін айқындайды;
13) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, шетелдік ұйымдар мен азаматтардың қызметін реттейді;
14) қауіпті өндірістік объектіде сөзсіз аварияға ұрындыру қаупі бар қызметті осы қауіп жойылғанға дейінгі кезеңге тоқтата тұруға құқығы бар;
15) мүдделi орталық атқарушы органдармен бiрлесе отырып, олардың құзыретi шегiнде авариялардың себептерiн тексерудi жүргiзедi;
16) халықты және ұйымдарды өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң жай-күйi туралы хабарландырудың тәртiбiн белгiлейдi.
Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.
N 13
(2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N
125
(қолданысқа енгізілу тәртібін
2-баптан
қараңыз) Заңдарымен.
Ескерту. 8-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).
9-бап. Жергілікті мемлекеттік басқару органдарының
өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы құзыреті
Жергілікті мемлекеттік басқару органдары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өздерінің өкілеттігі шегінде:
1) <*>
2) қауіпті өндірістік объектілерді авариялар болған жағдайларда қолда бар күшті, құралдар мен ресурстарды тарта отырып, салдарын шектеу, адамдардың өмірін құтқару, олардың денсаулығын, құқықтары мен мүдделерін қорғау, меншікті күзету, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі іс-шараларды орындау жағынан қажетті көмек көрсетеді;
3) қауiптi өндiрiс объектiлерiндегi авариялардың алдын алу және жою жөнiндегi шаралар туралы халықты және ұйымдарды хабардар етедi.
Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.
N 13
Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).
10-бап. Жеке тұлғалардың өнеркәсіптік қауіпсіздікті
қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
Қауіпті өндірістік объектілердегі жеке тұлғалар:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға;
2) қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымның әкімшілігін авария туралы, аварияға әкеп соғуы мүмкін - авариядан қорғану жабдықтары мен құралдарының істен шығуы, технологиялық процестердің режимнен ауытқуы туралы дереу хабардар етуге;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша нұсқама алуға және оқуға, қайта даярлаудан, аттестаттаудан өтуге;
4) авариялар себептерін тексеру кезінде көмек көрсетуге міндетті.
11-бап. Заңды тұлғалардың өнеркәсіптік қауіпсіздікті
қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
Қауіпті өндірістік объектілері бар заңды тұлғалар:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға сәйкес қауіпті өндірістік объектілердегі қажетті аспаптардың, өндірістік процестерді қорғау мен бақылау жүйелерінің болуын және жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына өндірістік бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
3) қауіпті өндірістік объектілерде пайдаланылатын ғимараттардың, техникалық құрылғылардың, құрал-жабдықтың, материалдар мен бұйымдардың диагностикасын, сынақтан өткізілуін, куәландырылуын өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізуге;
4) қауіпті өндірістік объектілерде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сертификаттаудан өткен және өнеркәсіпте қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғыларды, жабдық, материалдар мен бұйымдарды пайдалануды жүзеге асыруға;
5) белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін лауазымды адамдар мен қызметкерлердің қауіпті өндірістік объектілерде жұмыс істеуіне рұқсат беруге;
6) қауіпті өндірістік объектілерге бөгде адамдардың өтіп кетуін болдырмауға;
7) авариялардың алдын алуға, оларды және олардың зардаптарын жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізуге;
8) авариялардың туындау себептеріне талдау жүргізуге, оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға, олардың себептерін тексеру ісіне көмек көрсетуге;
9) уәкілетті органды, орталық атқарушы органдар мен жергілікті басқару органдарын, халықты және қызметкерлерді авариялар туралы дереу хабардар етуге;
10) авариялардың есебін жүргізуге;
11) уәкілетті органның және оның аумақты бөлімшелерінің лауазымды адамдары анықтаған өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерінің бұзылуын жою жөніндегі нұсқамаларды орындауға;
12) өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған қаржы, материалдық және өзге де қаражаттар қалыптастыруға;
13) уәкілетті органға авариялар, жарақат алулар және кәсіби аурулар туралы ақпарат беруге;
14) қауіпті өндірістік объектілердегі авариялар жағдайында басқа тұлғалардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне және қоршаған ортаға залал келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруға;
15) уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен халықты және ұйымдарды өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң жай-күйi туралы хабардар ету.
Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.
N 13
Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.31. N
125
(қолданысқа енгізілу тәртібін
2-баптан
қараңыз) Заңдарымен.
12-бап. Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң қызметкерлерiн
өнеркәсiптiк қауiпсiздiк мәселелерi бойынша
кәсiби даярлау, қайта даярлау, олардың
бiлiктiлiгiн арттыру
1. Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң қызметкерлерiн өнеркәсiптiк қауiпсiздiк мәселелерi бойынша кәсiби даярлау, қайта даярлау, олардың бiлiктiлiгiн арттыру қауiптi өндiрiстiк объектiлерi бар қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң иелерiне жүктеледi.
2. Даярлау, қайта даярлау, бiлiктiлiгiн арттыру бағдарламалары уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiмен келiсiлуге тиiс.
3. Емтихан комиссиясын:
жоғары және орта кәсiптiк бiлiмi бар мамандар үшiн - уәкiлеттi органның өкiлi;
жұмысшы мамандықтары үшiн - уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң өкiлi басқарады.
4. Жұмысты қауiпсiз орындау ережелерiн оқытудың жыл сайынғы бағдарламасының ұзақтығы қырық сағаттан аз болмауға және оны уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi бекiтуге тиiс.
5. Қауiптi өндiрiстiк объектiлерде жұмыспен қамтылған барлық адамдардың бiлiмi тексерiлуге тиiс.
6. Емтихан қабылдау жөнiндегi комиссия бiлiмi тексерiлуден өткен адамдардан құралуға тиiс. Комиссияның құрамын қауiптi объектiнiң иесi айқындайды, ол уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiмен келiсiледi.
7. Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң қызметкерлерiн оқыту және олардан емтихан қабылдау уәкiлеттi орган аккредиттеген оқу ұйымында жүргiзiлуi мүмкiн.
8. Комиссия құрамы үш адамнан артық болуы керек.
9. Емтихан билеттерiн уәкiлеттi орган бекiтедi.
10. Бiлiмдi тексеру нәтижелерi хаттамамен ресiмделедi. Бiлiмдi тексеру хаттамасы үш жыл бойы сақталады.
11. Емтихан тапсырған адамдарға емтихан комиссиясының төрағасы қол қойған куәлiк берiледi.
12. Куәлiк онда көрсетiлген мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады.
13. Емтиханды қайтадан тапсыра алмаған адамдар жұмысқа жiберiлмейдi.
14. Мерзiмi өткен куәлiгі бар адамдар жұмысқа жiберiлгеннен кейiн бiр ай iшiнде емтихан тапсыруға тиiс.
15. Оқытуды ұйымдастыру жөнiндегi, соның iшiнде емтихан комиссиясы мүшелерiнiң еңбегiне ақы төлеу жөнiндегi барлық шығыстар қауiптi өндiрiстiк объектiнiң иесiне жүктеледi.
Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N
125
(қолданысқа енгізілу тәртібін
2-баптан
қараңыз) Заңымен.
13-бап. Аварияларды жоюға әзірлікті қамтамасыз ету
Қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымдар авариялардың салдарын шектеу және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-қимылға әзірлікті қамтамасыз ету мақсатында:
1) қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың салдарын шектеу және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға;
2) қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың алдын алу, олардың салдарын шектеу және зардаптарын жою жөніндегі профилактикалық жұмыстарға әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарын тартуға;
3) авариялардың салдарын шектеу және олардың зардаптарын жою үшін материалдық және қаржылық ресурстар резервін ұстауға;
4) қызметкерлерді қауіпті өндірістік объектілерде авария бола қалған жағдайдағы қорғану әдістері мен іс-қимылдарын үйретуге;
5) қауіпті өндірістік объектілерде авария бола қалған жағдайда байқау, хабарлау, байланыс және іс-қимылды қолдау жүйелерін құру мен олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.
14-бап. Авариялардың себептерін тексеру
1. Қауіпті өндірістік объектілерде авария туындаған әрбір факт бойынша оның себептеріне тексеру жүргізіледі.
Аварияның себептерін тексеру жөніндегі комиссияның құрамына авария болған ұйымдардың өкілдері міндетті түрде енгізіледі.
2. Авариялардың себептерін тексеру тәртібін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мүдделі орталық атқарушы органдармен бірлесе отырып, олардың құзыреті шегінде белгілейді.
3. Авария себептерін тексеру шығыстарын қаржыландыруды авария болған қауіпті өндірістік объектіні пайдаланушы ұйым жүзеге асырады.
4-1-тарау. Инциденттердiң, авариялардың себептерiн
тексеру және есепке алу
Ескерту. 4-1-тараумен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
14-1-бап. Қауiптi өндiрiстiк объектi иесiнiң iс-әрекетi
1. Қауiптi өндiрiстiк объектiнiң иесi қауiптi өндiрiстiк объектiде қолданылатын техникалық құрылғылар жұмыс iстемей қалған немесе олар зақымданған, технологиялық процесс режимiнен ауытқыған (бұдан әрi - инцидент) кезде:
үш тәулiк iшiнде уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiн хабардар етедi;
инциденттi тексерудi жүргiзедi;
инциденттердi болғызбау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады;
болған инциденттердiң есебiн жүргiзедi.
2. Авария болған кезде:
болған авария туралы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне, жергiлiктi атқарушы органға дереу хабарлайды;
хабарлама алған орган инстанция бойынша жоғары тұрған органдарды болған авария туралы хабардар етедi;
аварияның себептерiн тексеру жөнiндегi комиссияға аталған комиссияның өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруы үшiн қажеттi барлық ақпаратты табыс етедi;
комиссия жұмысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн iс-шараларды жүзеге асырады.
14-2-бап. Аварияларды тексеру жөнiндегi комиссия
1. Қауiптілігi декларациялануға тиiс объектiлердегi аварияны уәкiлеттi орган басшысының бұйрығымен тағайындалатын комиссия тексередi.
2. Қалған аварияларды уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесi басшысының бұйрығымен тағайындалатын комиссия тексередi.
3. Уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiнiң өкiлi аварияларды тексеру жөнiндегi комиссияның төрағасы болып тағайындалады.
4. Комиссияның құрамына қауiптi өндiрiстiк объектi иесiнiң өкiлi кiредi.
14-3-бап. Комиссияның құқықтары
1. Комиссия төрағасы аварияны тексеруге қатысты мәселелер бойынша сараптама тағайындауға құқылы.
2. Сараптама комиссиясы аварияны тексеру жөнiндегi комиссия төрағасының өкiмiмен тағайындалады. Сараптамалық қорытындыны қажет ететiн мәселелер жазбаша нысанда қойылады. Сараптама комиссиясының барлық мүшелерi қол қойған материалдар аварияны тексеру жөнiндегi комиссияға комиссия төрағасы белгiлеген мерзiмде табыс етiледi.
3. Тексеру барысында аварияны тексеру жөнiндегi комиссияның болған оқиғаны көрген адамдардан, лауазымды адамдардан және басқа да адамдардан жазбаша және ауызша түсiнiктеме алуға құқығы бар.
14-4-бап. Тексерудiң мiндеттерi
Комиссия тексеру барысында аварияның алдында болған мән-жайларды анықтайды, оның себептерiн, техникалық құрылғыларды пайдалану талаптарын, технологиялық процестердi бұзудың сипатын, өнеркәсiптiк қауiпсiздiк жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi бұзушылықтарды айқындайды, олардың салдарларын жою және мұндай авариялардың алдын алу жөнiндегi iс-шараларды белгiлейдi, материалдық залалды анықтайды.
14-5-бап. Тексеру материалдары
Аварияны тексеру материалдарына:
1) аварияның себептерiн тексеру үшiн комиссия тағайындау (құру) туралы бұйрық;
2) аварияның себептерiн тексеру актiсi, оған:
авария болған жердi қарау хаттамасы, жоспарлар, сызбалар, фото-суреттер;
авария орнының эскизi;
комиссия төрағасының техникалық сараптама тағайындау туралы өкiмi және аварияны тексеру жөнiндегi комиссия шығарған басқа да өкiмдер;
сараптама комиссиясының аварияның себептерi туралы қорытындысы, зертханалық және басқа да зерттеулердiң, эксперименттердiң, талдаулардың нәтижелерi қоса берiледi;
3) авариялық-құтқару қызметi қызметкерлерiнiң (егер олар аварияны жою үшiн шақырылған болса) баянхаттары;
4) аварияға қатысы бар адамдарды, сондай-ақ өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын сақтауға жауапты лауазымды адамдардан жауап алу хаттамалары мен олардың түсiнiктемелерi;
5) қызмет көрсететiн персоналды өнеркәсiптiк қауiпсiздiк бойынша оқыту, олардың бiлiмiн тексеру, нұсқама алуы туралы анықтамалар;
6) аварияның мән-жайы мен себептерiн сипаттайтын басқа да материалдар кiредi.
Тексеру материалдарын техникалық ресiмдеу қауiптi өндiрiстiк объектiнiң иесiне жүктеледi, ол аварияны тексеру аяқталғаннан кейiн бес күннен кешiктiрмей:
1) декларацияланған объектiдегi авария жөнiндегi материалды - уәкiлеттi органға;
2) қалған авариялар жөнiндегi материалдарды - уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне жiбередi.
Комиссияның шешiмi бойынша аварияның себептерiн тексеру материалдары объект орналасқан жердегi сотқа жiберiлуi мүмкiн.
14-6-бап. Тексеру қорытындылары
1. Объект иесi аварияның себептерiн тексерудiң нәтижелерi бойынша он күн iшiнде бұйрық шығарады.
Бұйрықта аварияның мән-жайы мен себептерi туралы комиссияның қорытындылары жариялануға, оның салдарын жою жөнiндегi шаралар, сондай-ақ мұндай авариялардың алдын алу жөнiндегi және кiнәлi адамдарды жауапқа тарту туралы шаралар белгiленуге тиiс.
2. Объект иесi аварияны тексеру нәтижелерi бойынша ұсынылған iс-шаралардың орындалу мерзiмi туралы жазбаша хабарламаны уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне табыс етедi.
3. Егер авария техникалық құрылғылардың конструкциялық кемшiлiктерiнен болса, қауiптi объект иесi оны әзiрлеушiге рекламация, ал уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне оның көшiрмесiн жiбередi.
14-7-бап. Аварияларды тексеру жөнiндегi
шығыстар
Аварияны тексеруге байланысты барлық шығыстарды қауiптi өндiрiстiк объектiнiң иесi көтередi.
5-тарау. ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ
МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
Ескерту. 5-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N 125 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
15-бап. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы
мемлекеттiк бақылау
1. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк бақылауды кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң Қазақстан Республикасы өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы заңнамасының талаптарын орындауы мақсатында уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға:
Қазақстан Республикасының Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi Бас мемлекеттiк инспекторы;
Қазақстан Республикасының Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi Бас мемлекеттiк инспекторының орынбасарлары - уәкiлеттi орган басшысының орынбасарлары;
Қазақстан Республикасының өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары - уәкiлеттi органның барлық санаттағы мамандары;
облыстар мен қалалардың өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторлары - уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң басшылары;
облыстар мен қалалардың өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi бас мемлекеттiк инспекторларының орынбасарлары - уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерi басшыларының орынбасарлары;
облыстар мен қалалардың өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк бақылау жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары - уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң мамандары жатады.
2. Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлер талаптарының орындалуын тексеру үшiн қажеттi құжаттармен танысуға;
2) анықталған өнеркәсiптiк қауiпсiздiк жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарын бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар беруге;
3) адамдардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауiп төндiретiн бұзушылықтар кезiндегi ерекше жағдайларда, талап арызды сотқа белгiленген мерзiмде мiндеттi түрде табыс ете отырып, үш күннен аспайтын мерзiмге субъектiнiң қызметiне тыйым салуға құқығы бар. Бұл орайда қызметке тыйым салу актiсi сот шешiмi шығарылғанға дейiн қолданылады.
Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2006.01.31. N
125
(қолданысқа енгізілу тәртібін
2-баптан
қараңыз) Заңымен.
16-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы
өндірістік бақылау
1. Өндірістік бақылау қауіпті өндірістік объектілерде авариялар туындау қаупін мейлінше азайту, олардың салдарынан болатын залал мен материалдық шығын мөлшерін кеміту мақсатында жүзеге асырылады.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті өндірістік бақылаудың міндеттері қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, жолсыздықтардың мән-жайлары мен себептерін анықтау болып табылады.
17-бап. Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік
қауіпсіздік саласындағы заңдарын бұзғаны
үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдарының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауаптылықта болады.
Қазақстан Республикасының
Президенті