Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2002 жылғы 3 сәуір N 314-ІІ

Жаңартылған

      Осы Заң қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқықтық қатынастарды реттейді және қауіпті өндірістік объектілерде авариялардың алдын алуға, олардың салдарын шектеуге және зардаптарын жоюға ұйымдардың әзірлігін, авариялардың жеке және заңды тұлғаларға, қоршаған орта мен мемлекетке келтірілген залалдарын кепілдікпен өтеуді қамтамасыз етуге бағытталған. 
      Еңбек қатынастары мен еңбекті қорғау, экологиялық, өрт қауіпсіздігі саласындағы, атом энергиясы мен ғарыш кеңістігін пайдалану, химиялық және ядролық қаруды жою, оқ-дәрілерді пайдалану мен кәдеге жарату кезіндегі қауіпсіздік саласындағы құқықтық реттеу Қазақстан Республикасының арнайы заңдарымен жүзеге асырылады. 

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 
      1) қауіпті өндірістік объектідегі авария - адамдардың қаза табуына, олардың денсаулығына, қоршаған орта мен шаруашылық жүргізуші объектілерге зиян тигізуге, едәуір материалдық шығындарға және халықтың тіршілік жағдайларының бұзылуына әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін технологиялық процестің бұзылуы, механизмдердің, құрал-жабдықтардың және ғимараттардың зақымдануы; 
      2) өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету - авариялардың алдын алуға, қауіпті өндірістік объектілерде авариялар туындаған кезде және оларды жою жағдайында ұйымдасқан іс-қимылға әзір болуды қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдық-техникалық, экономикалық және құқықтық сипаттағы шаралар жүйесін әзірлеу мен жүзеге асыру; 
      3) өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелері - қауіпті өндірістік объектілердегі қызметті ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер; 
      4) қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік (бұдан әрі - өнеркәсіптік қауіпсіздік) - жеке және заңды тұлғалардың, қоршаған ортаның қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардан және аталған авариялардың зардаптарынан қорғалуының жай-күйі; 
      5) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары - Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдарымен белгіленген, сақталуы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ететін нормалар; 
      6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган - берілген өкілеттігі шегінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы саясатты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы. 

       2-бап. Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік
             қауіпсіздік саласындағы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына   негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. 
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады. 

       3-бап. Қауіпті өндірістік объектілер

      Мынадай қауіпті заттар, механизмдер, құрал-жабдық және технологиялық өндірістік процестер: 
      1) жарылыс пен өрт қаупі бар орта қалыптастыра алатын заттар; 
      2) адам ағзасына әсер ету деңгейі бойынша қауіптіліктің I, II, III сыныптарына жататын зиянды заттар; 
      3) сыртқы әсердің белгілі бір түрлері кезінде жылу бөліп, газ құрап, өз-өзінен жылдам тарайтын химиялық өзгерістерге ұшырай алатын жарылғыш заттар; 
      4) 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен және сұйықтықтың қайнау температурасынан жоғары температурада жұмыс істейтін жабдық; 
      5) жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер; 
      6) қара, түсті және басқа да металдардың балқымалары және осы балқымалардың негізіндегі қорытпалар; 
      7) тау-кен, геологиялық барлау, жарылыс жұмыстары, мұнай мен газ бұрғылау жұмыстары, пайдалы қазбаларды өндіру, байыту жөніндегі жұмыстары, жер асты жағдайындағы, теңіз қайраңдары мен ішкі сутоғандарындағы жұмыстар; 
      8) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын электр қондырғыларының барлық түрлері; 
      9) адам денсаулығы мен қоршаған орта үшін қауіпті заттары бар өндіріс қалдықтары өндірілетін, пайдаланылатын, өңделетін, құралатын, сақталатын, тасымалданатын, жойылатын, сондай-ақ қолданылатын объектілер қауіпті өндірістік объектілерге жатады. 

       4-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету
             жөніндегі негізгі талаптар

      1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік: 
      1) қауіпті өндірістік объектілердегі қызметті лицензиялауды; 
      2) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын өнімдерді, процестерді, жұмыстар мен көрсетілетін қызметті сертификаттауды; 
      3) қауіпті өндірістік объектінің қауіпсіздігін декларациялауды және декларациясына сараптама жасауды; 
      4) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, сондай-ақ өндірістік бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүргізумен қамтамасыз етіледі. 
      2. Қауіпті өндірістік объектілері міндетті декларациялануға тиісті ұйымдар тізбесі, декларация берудің ережелері мен декларацияның нысандары, оған сараптама жасаудың тәртібі Қазақстан Республикасының табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы заңдарымен белгіленеді. 

       5-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ақпарат

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, жеке және заңды тұлғалар қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымның әкімшілігінен қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы толық және дұрыс ақпарат алуға құқылы.

  2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРЫНЫҢ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰЗЫРЕТІ

       6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің өнеркәсіптік
             қауіпсіздік саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі: 
      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді; 
      2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бағдарламаларды қабылдайды; 
      3) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды; 
      4) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
       Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       7-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті
             мемлекеттік органның құзыреті

      Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган: 
      1) Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қызметін үйлестіреді; 
      2) төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жөніндегі мемлекеттік инспекцияға басшылық жасайды; 
      3) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк ережелерiн, соның iшiнде мамандандырылған мемлекеттiк ғылыми-зерттеу ұйымдарын тарта отырып, әзiрлеудi қамтамасыз етедi, аталған ережелердi бекiтедi немесе келiседi;
      4) қауіпті өнеркәсіптік объектілердегі авариялардың себептерін тексеруді ұйымдастырады; 
      5) егер өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелеріне сәйкес әзірленген аварияларды жою жоспарында өзге тәртіп көзделмеген болса, қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың салдарын шектеу және зардаптарын жою жөніндегі жұмысқа бақылау жасайды; 
      6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ведомстволық бағыныстағы ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметіне басшылық жасайды, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша мамандандырылған ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық ұйымдардың жұмысын үйлестіреді; 
      7) ғылыми зерттеулерді, білімді насихаттауды, халықты, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ұйымдардың лауазымды адамдары мен қызметкерлерін оқытуды ұйымдастырады; 
      8) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдарының сақталуына мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады; 
      9) әскерилендірілген тау-кен құтқару, газдан құтқару және фонтандарға қарсы қызметтер мен құралымдар қызметіне басшылық жасайды; 
      10) қауіпті өндірістік объектілерді есепке алу ісін жүзеге асырады; 
      11) қауіпті өндірістік объектілерді бірдейлендірудің - объектіні ұйымдардың құрамында қауіпті өндірістік объектілер санатына жатқызудың негізгі талаптарын белгілейді; 
      12) өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ақпарат беру тәртібін айқындайды; 
      13) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, шетелдік ұйымдар мен азаматтардың қызметін реттейді; 
      14) қауіпті өндірістік объектіде сөзсіз аварияға ұрындыру қаупі бар қызметті осы қауіп жойылғанға дейінгі кезеңге тоқтата тұруға құқығы бар.
       Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

       8-бап. <*>

       Ескерту. 8-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

       9-бап. Жергілікті мемлекеттік басқару органдарының
             өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы құзыреті

      Жергілікті мемлекеттік басқару органдары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өздерінің өкілеттігі шегінде: 
      1) <*>
      2) қауіпті өндірістік объектілерді авариялар болған жағдайларда қолда бар күшті, құралдар мен ресурстарды тарта отырып, салдарын шектеу, адамдардың өмірін құтқару, олардың денсаулығын, құқықтары мен мүдделерін қорғау, меншікті күзету, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі іс-шараларды орындау жағынан қажетті көмек көрсетеді; 
      3) қауiптi өндiрiс объектiлерiндегi авариялардың алдын алу және жою жөнiндегi шаралар туралы халықты және ұйымдарды хабардар етедi.
       Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).  

  3-тарау. ЗАҢДЫ ЖӘНЕ ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
ЖӨНІНДЕГІ МІНДЕТТЕРІ

       10-бап. Жеке тұлғалардың өнеркәсіптік қауіпсіздікті
              қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері

      Қауіпті өндірістік объектілердегі жеке тұлғалар: 
      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға; 
      2) қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымның әкімшілігін авария туралы, аварияға әкеп соғуы мүмкін - авариядан қорғану жабдықтары мен құралдарының істен шығуы, технологиялық процестердің режимнен ауытқуы туралы дереу хабардар етуге; 
      3) өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша нұсқама алуға және оқуға, қайта даярлаудан, аттестаттаудан өтуге; 
      4) авариялар себептерін тексеру кезінде көмек көрсетуге міндетті.

       11-бап. Заңды тұлғалардың өнеркәсіптік қауіпсіздікті
              қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері

      Қауіпті өндірістік объектілері бар заңды тұлғалар:  
      1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарға сәйкес қауіпті өндірістік объектілердегі қажетті аспаптардың, өндірістік процестерді қорғау мен бақылау жүйелерінің болуын және жұмыс істеуін қамтамасыз етуге; 
      2) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына өндірістік бақылауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға; 
      3) қауіпті өндірістік объектілерде пайдаланылатын ғимараттардың, техникалық құрылғылардың, құрал-жабдықтың, материалдар мен бұйымдардың диагностикасын, сынақтан өткізілуін, куәландырылуын өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізуге; 
      4) қауіпті өндірістік объектілерде Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сертификаттаудан өткен және өнеркәсіпте қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғыларды, жабдық, материалдар мен бұйымдарды пайдалануды жүзеге асыруға; 
      5) белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін лауазымды адамдар мен қызметкерлердің қауіпті өндірістік объектілерде жұмыс істеуіне рұқсат беруге; 
      6) қауіпті өндірістік объектілерге бөгде адамдардың өтіп кетуін болдырмауға; 
      7) авариялардың алдын алуға, оларды және олардың зардаптарын жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізуге; 
      8) авариялардың туындау себептеріне талдау жүргізуге, оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға, олардың себептерін тексеру ісіне көмек көрсетуге; 
      9) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органды, орталық атқарушы органдар мен жергілікті мемлекеттік басқару органдарын, халықты және қызметкерлерді авариялар туралы дереу хабардар етуге; 
      10) авариялардың есебін жүргізуге; 
      11) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және оның аумақты бөлімшелерінің лауазымды адамдары анықтаған өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелерінің бұзылуын жою жөніндегі нұсқамаларды орындауға; 
      12) өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған қаржы, материалдық және өзге де қаражаттар қалыптастыруға; 
      13) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға авариялар, жарақат алулар және кәсіби аурулар туралы ақпарат беруге; 
      14) қауіпті өндірістік объектілердегі авариялар жағдайында басқа тұлғалардың өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне және қоршаған ортаға залал келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыруға;
      15) өнеркәсiптiк қауiпсiздiк саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен халықты және ұйымдарды өнеркәсiптiк қауiпсiздiктiң жай-күйi туралы хабардар ету.
       Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).   

       12-бап. Қауіпті өндірістік объектілер қызметкерлерін
              кәсіби даярлау

      Қауіпті өндірістік объектілер қызметкерлерін өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша кәсіби даярлау олардың біліктілігін арттыру қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымның әкімшілігіне жүктеледі. 
      Өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша қауіпті өндірістік объектілердің лауазымды адамдары мен қызметкерлерін кәсіби оқытудың тәртібі мен мерзімін уәкілетті мемлекеттік орган белгілейді. 

  4-тарау. АВАРИЯЛАРДЫ ЖОЮҒА ӘЗІРЛІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ
ЕТУ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ СЕБЕПТЕРІН ТЕКСЕРУ

       13-бап. Аварияларды жоюға әзірлікті қамтамасыз ету

      Қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымдар авариялардың салдарын шектеу және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-қимылға әзірлікті қамтамасыз ету мақсатында: 
      1) қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың салдарын шектеу және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға және жүзеге асыруға; 
      2) қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың алдын алу, олардың салдарын шектеу және зардаптарын жою жөніндегі профилактикалық жұмыстарға әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері мен құрылымдарын тартуға; 
      3) авариялардың салдарын шектеу және олардың зардаптарын жою үшін материалдық және қаржылық ресурстар резервін ұстауға; 
      4) қызметкерлерді қауіпті өндірістік объектілерде авария бола қалған жағдайдағы қорғану әдістері мен іс-қимылдарын үйретуге; 
      5) қауіпті өндірістік объектілерде авария бола қалған жағдайда байқау, хабарлау, байланыс және іс-қимылды қолдау жүйелерін құру мен олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.

       14-бап. Авариялардың себептерін тексеру

      1. Қауіпті өндірістік объектілерде авария туындаған әрбір факт бойынша оның себептеріне тексеру жүргізіледі. 
      Аварияның себептерін тексеру жөніндегі комиссияның құрамына авария болған ұйымдардың өкілдері міндетті түрде енгізіледі. 
      2. Авариялардың себептерін тексеру тәртібін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мүдделі орталық атқарушы органдармен бірлесе отырып, олардың құзыреті шегінде белгілейді. 
      3. Авария себептерін тексеру шығыстарын қаржыландыруды авария болған қауіпті өндірістік объектіні пайдаланушы ұйым жүзеге асырады. 

  5-тарау. ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ
БАҚЫЛАУ МЕН ҚАДАҒАЛАУ

       15-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы
              мемлекеттік бақылау мен қадағалау

      1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын орындауы мақсатында жүргізеді. 
      2. Осы Заңда айқындалған қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады. 
      3. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, осы объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау функцияларын басқа мемлекеттік органдардың жүзеге асыруына тыйым салынады. 

       16-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы
              өндірістік бақылау

      1. Өндірістік бақылау қауіпті өндірістік объектілерде авариялар туындау қаупін мейлінше азайту, олардың салдарынан болатын залал мен материалдық шығын мөлшерін кеміту мақсатында жүзеге асырылады. 
      2. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті өндірістік бақылаудың міндеттері қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, жолсыздықтардың мән-жайлары мен себептерін анықтау болып табылады. 

       17-бап. Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік
              қауіпсіздік саласындағы заңдарын бұзғаны
              үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдарының бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауаптылықта болады.

       Қазақстан Республикасының 
      Президенті