Автомобиль жолдары туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2001 жылғы 17 шілде N 245-II

Жаңартылған

      Осы Заң Қазақстан Республикасында автомобиль жолдарын мемлекеттік басқарудың, оларды мемлекеттің және автомобиль жолдарын пайдаланушылардың мүдделерінде салудың, пайдаланудың және дамытудың құқықтық, ұйымдық және экономикалық негіздерін реттейді. 

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 
      1) автомобиль жолы - автомобильдердің және басқа да көлік құралдарының белгіленген жылдамдықпен, жүктемелермен, көлемдермен үздіксіз, қауіпсіз жүрісін қамтамасыз ететін, автомобильдер жүрісіне арналған инженерлік құрылыстар кешені, сондай-ақ осы кешенді орналастыру үшін берілген жер учаскелері (көлік жерлері) және олардың үстіндегі белгіленген көлем шегіндегі әуе кеңістігі; 
      2) жол қызметі - автомобиль жолдарын және олардағы құрылыстарды жобалау, салу, реконструкциялау және жөндеу, сондай-ақ оларды күтіп ұстау мен пайдалану жөніндегі қызмет; 
      3) жол органдары - жалпыға ортақ пайдаланылатын мемлекеттiк автомобиль жолдарын басқаруды жүзеге асыратын автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган, оның аумақтық органдары;
      4) концессионер - келісім негізінде концессия алған жеке немесе заңды тұлға; 
      5) ірі көлемді көлік құралы - көлемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген көлем мөлшерінен асатын, жүгі бар немесе жүксіз көлік құралы; 
      6) ақылы автомобиль жолдары - жоғары, қауіпсіз жылдамдықты қамтамасыз ететін, пайдаланылғаны үшін ақы алынатын жоғары сапалы автомобиль жолдары, бұл ретте сапасы нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мемлекеттік стандарттардың талаптарына сай келетін тегін жүретін басқа балама жол міндетті түрде болуға тиіс; 
      7) жолға бөлінген белдеу - автомобиль жолдары алып жатқан, автомобиль жолының тиісті құрастырмалы элементтері мен инженерлік құрылыстарын, сондай-ақ оларды пайдалану үшін қажетті ғимараттарды, құрылыстарды, қорғаныштық және әсемдік ағаштарын отырғызу және жол байланысы құрылғыларын орналастыруға арналған көлік жерлері; 
      8) автомобиль жолдарын пайдаланушылар - жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарына бөлінген белдеу мен жол бойындағы белдеу шегінде өзге де қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар; 
      9) жол бойындағы белдеу - көлік қозғалысының және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шекарасында жер пайдаланудың ерекше шарттары белгіленетін, автомобиль жолдарына бөлінген белдеуге жалғасып жатқан жер учаскелері; 
      10) автомобиль жолының ұзындығы - километрлік белгілер бойынша нақты (жергілікті жерде) көрсетілген, объектілердің немесе елді мекендердің арасындағы жолдың нақты ұзындығы; 
      11) ауыр салмақты көлік құралы - толық массасы немесе жүктеменің оның осі бойынша бөлінуі осы жол санаты мен ондағы құрылыстар үшін рұқсат етілген шекті жүктеме мөлшерінен асатын, жүгі бар немесе жүксіз көлік құралы; 
      12) көше (көшенің көлік жүретін бөлігі) - қалалар немесе өзге де елді мекендер шекарасының шегіндегі автомобиль жолы; 
      13) жол қызметін басқару - жолдардағы жүрісті ұйымдастыруға және қауіпсіздік пен қолайлылықты қамтамасыз етуге, автомобиль жолдары мен құрылыстардың көліктік-пайдалану жай-күйін арттыруға, оларды қорғау тәртібін қамтамасыз етуге, нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мемлекеттік стандарттар мен озық технологияларды енгізу негізінде автомобиль жолдарын жобалауды, салуды, реконструкциялауды, жөндеуді, күтіп ұстауды және пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар кешені; 
      14) автомобиль жолдарын басқарушылар - автомобиль жолдарының меншік иелері болып табылатын немесе автомобиль жолдарын шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығымен басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар.
       Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен. 

       2-бап. Автомобиль жолдары туралы заңдар

      1. Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негізделеді және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының жол қызметін реттейтін өзге де  нормативтік құқықтық актілерінен  тұрады.  V950134_   
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттардың ережелері қолданылады. 

       3-бап. Автомобиль жолдарының жіктелімі

      1. Қазақстан Республикасының автомобиль жолдары жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, шаруашылық автомобиль жолдары, сондай-ақ қалалар мен елді мекендердің көшелері болып бөлінеді. 
      2. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары өздерінің маңызы бойынша халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар болып бөлінеді: 
      1) халықаралық маңызы бар автомобиль жолдарына көршілес мемлекеттердің астаналарын жалғастырып жатқан, сондай-ақ мемлекетаралық келісімдерге сәйкес халықаралық автомобиль жолдары желісіне кіретін автомобиль жолдары жатады; 
      2) республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына, осы баптың 1) тармақшасында көрсетілген жолдарды қоспағанда, республиканың ірі әкімшілік, мәдени және экономикалық орталықтары, сондай-ақ көршілес мемлекеттер арасында көлік қатынасын қамтамасыз ететін автомобиль жолдары және қорғаныстық маңызы бар автомобиль жолдары жатады; 
      3) облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына, осы баптың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген жолдарды қоспағанда, республиканың әкімшілік орталықтарын облыс және аудан орталықтарымен, сондай-ақ аудан орталықтарын республикалық маңызы бар жолдармен жалғастырып жатқан автомобиль жолдары жатады;
      4) аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына аудан орталықтарын ауылдық елдi мекендермен жалғастырып жатқан автомобиль жолдары жатады. 
      3. Шаруашылық автомобиль жолдарына шаруашылық жүргізуші субъектілердің өндірістік-шаруашылық тасымалдарына қызмет көрсететін, солардың аумағындағы автомобиль жолдары, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарынан оларға кірме жолдар, ауыл шаруашылық ұйымдарының шаруашылық ішіндегі жолдары, қызметтік, патрульдік және жеке меншік автомобиль жолдары жатады. 
      4. Қалалар мен елді мекендердің көшелеріне, осы баптың 2-тармағының 1)-4) тармақшаларында көрсетілген жолдарды қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегіндегі автомобиль жолдары жатады. 
      5. Геометриялық параметрлеріне, сондай-ақ жол жүрісінің жиілігіне қарай автомобиль жолдары нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мемлекеттік стандарттарға сәйкес жіктеледі. 
      6. Автомобиль жолдарын жіктеудің тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. 
      7. Халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының тізбелерін, оның ішінде қорғаныстық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбесін автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. 
      Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбелерін автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып, облыстық атқарушы органдар бекітеді.
      Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбелерін автомобиль жолдары жөніндегі облыстық уәкілетті органмен келісе отырып аудандық атқарушы органдар бекітеді. 
      8. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, шаруашылық автомобиль жолдары, қалалар мен елді мекендердің көшелері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік есепке алынуға тиіс. Есеп мәліметтері автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып жарияланатын Қазақстан Республикасы автомобиль жолдарының карталары мен атластарын жасау үшін пайдаланылады.
       Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.   

       4-бап. Автомобиль жолдарына меншік құқығы және өзге де
             заттық құқықтар

      1. Автомобиль жолдары мемлекеттік меншікте және жеке меншікте болуы мүмкін. 
      2. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары республикадағы негізгі қатынас жолдары болып табылады, мемлекет меншігінде болады және жекешелендіруге жатпайды. 
      3. Шаруашылық автомобиль жолдарына меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар осы жолдар қарамағында болатын заңды тұлғалардың меншік нысанымен анықталады. 
      4. Жеке меншік автомобиль жолдары жеке және заңды тұлғалардың меншігі болып табылады. 
      5. Қалалардың және елді мекендердің көшелері тиісті жергілікті атқарушы органдардың қарамағында болады және коммуналдық меншік болып табылады. 
      6. Шаруашылық автомобиль жолдарын жекешелендіру Қазақстан Республикасының жекешелендіру туралы заңдарына және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады. 

       5-бап. Ақылы автомобиль жолдары

      1. Қазақстан Республикасында осы Заңда және басқа да заң актілерінде белгіленген тәртіппен ақылы автомобиль жолдары (көпірлер, өткерме жолдар) салынуы мүмкін. Ақылы автомобиль жолдарын салу мен пайдалануды бақылауды автомобиль жолдары жөнiндегi уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады. 
      2. Ақылы автомобиль жолдары мынадай шарттардың орындалуы: сапасы нормативтік актілермен белгіленген мемлекеттік стандарттардың талаптарына сай келетін баламалы тегін жол жүрудің болуы, көліктің жоғары, қауіпсіз жүру жылдамдығын қамтамасыз ете отырып, ақылы жүрудің сапасын арттыру және бүкіл жол бойында жоғары сервистік қызмет көрсету ескеріліп салынады. 
      3. Ақылы автомобиль жолдары мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен немесе концессиялық келісімдер негізінде салынуы мүмкін, бұл орайда автомобиль жолы ақылы жүруді ұйымдастыру үшін заңдарда белгіленетін тәртіппен жеке және заңды тұлғаларға пайдалануға берілуі мүмкін. 
      4. Концессионер шетел инвесторларын мүмкіндігінше тарта отырып, түрлі меншік нысанындағы бірқатар құрылыс, жобалау, қаржы, инвестициялық және басқа компанияларды біріктіру мүмкін. Ақылы автомобиль жолдарының құрылысы үшін концессионер Қазақстан Республикасының заң актілерінде тыйым салынбаған кез келген қаржыландыру көздерін пайдаланады. 
      5. Жергілікті атқарушы органдардың автомобиль жолдарын пайдаланушылардан алынатын, қолданылуы заң актілерінде көзделмеген және жүктердің тасымалдануы мен жолаушылардың еркін жүріп-тұруын тікелей немесе жанама түрде шектейтін салықтар, алымдар және төлемдер белгілеуіне тыйым салынады.
       Ескерту. 5-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

       6-бап. Автомобиль жолдарының атауы және оларды
             индекстеу. Автомобиль жолдарындағы ара
             қашықтықты есептеу

      1. Қазақстан Республикасының жалпыға ортақ пайдаланылатын барлық автомобиль жолдарының атауы мен индексі болуға тиіс. Автомобиль жолдарының атауына - бастапқы және соңғы елді мекеннің, ал қажет болған жағдайда аралық мекендердің атауы кіреді. 
      Автомобиль жолдарының индексі латын әліпбиінің әріптерінен және цифрлар тобынан тұрады. 
      2. Автомобиль жолдарының атаулары мен индекстері автомобиль жолдарының карталары мен атластарында, сондай-ақ арнаулы белгілер және таңбалар қою арқылы автомобиль жолында көрсетілуге тиіс. 
      Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының атаулары мен индекстерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. 
      Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өтетін халықаралық автомобиль жолдарының атаулары мен индекстері халықаралық келісімдермен белгіленеді. 
      Облыстық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының атаулары мен индекстерiн облыстық атқарушы органның ұсынуы бойынша автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiтедi.
      Аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының атаулары мен индекстерiн жол органдарымен келiсе отырып облыстық атқарушы органдар бекiтедi.
      3. Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының қашықтығы бастапқы және соңғы елді мекендер аралығымен есептеледі. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының километрін есептеу. 
      Қазақстан Республикасының астанасынан шығатын автомобиль жолдары үшін - Қазақстан Республикасы Парламентінің үйінен; 
      басқа елді мекендерден шығатын автомобиль жолдары үшін - жергілікті атқарушы органдар үйлерінен, ал олар болмаған жағдайда елді мекендердің шекараларынан бастап жүргізіледі. 
      Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының ұзындығына: 
      елді мекендерді жалғастырып жатқан автомобиль жолдары үшін - тиісті елді мекендер шекаралары арасындағы қашықтық; 
      жалпыға ортақ пайдаланылатын басқа автомобиль жолдарын өзара жалғастырып жатқан және оларға қосылатын автомобиль жолдары үшін - түйісетін автомобиль жолдары осьтерінің қиылысу аралығы алынады. 
      Қалалар мен өзге елді мекендер көшелерінің ұзындығына тиісті қалалар мен елді мекендер шекарасы шегіндегі қашықтық алынады.
       Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

  2-тарау. АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫНЫҢ ЖЕРІ

       7-бап. Автомобиль жолдарын орналастыру үшін жер беру

      1. Жер пайдаланушыларға мемлекеттік жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу және күтіп ұстау үшін жол санатына байланысты және жобалау құжаттамасына сәйкес белгіленген нормалардың негізінде жолға бөлінген белдеу үшін жер беріледі. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының қажетіне арналған жер жол органдарына тұрақты немесе уақытша пайдалануға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен бөлінеді. 
      2. Жобаланатын жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына бөлінген белдеудің мөлшері жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары үшін жер бөлу стандарттары мен нормаларына сәйкес оның санатына байланысты белгіленеді, атап айтқанда: I техникалық санаттағы жолдар үшін - жолдардың осінен 35 метрден, II техникалық санаттағы жолдар үшін - 20 метрден, III техникалық санаттағы жолдар үшін - 15 метрден, IV техникалық санаттағы жолдар үшін - 13 метрден, V техникалық санаттағы жолдар үшін - 12 метрден болып белгіленеді. 
      3. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына арналған жерлер тиісті жергілікті атқарушы органның шешімімен беріледі және оны жергілікті жерде жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдар бөледі. 
      4. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары алып жатқан жерлер мемлекеттік меншікке жатады, бөлінбейді және жеке меншікке берілмеуге тиіс. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының жерінде, осы жерлерді пайдаланудың белгіленген келісу тәртібін бұза отырып салынған кез келген құрылыстар заңсыз деп танылады және заңдарда белгіленген тәртіппен оларды өз еркімен құрылыс салуды жүзеге асырған тұлға бұзады не соның есебінен бұзылуға тиіс. 
      5. Шаруашылық және жеке меншік автомобиль жолдары үшін жерлер Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарында белгіленген тәртіппен беріледі.
       Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

       8-бап. Жол бойындағы белдеулер

      1. Жол бойындағы белдеулер халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және жол жүрісі қауіпсіздігі талаптарын, сондай-ақ оларды реконструкциялауды, жөндеуді және күтіп ұстауды, жол инфрақұрылымдарының объектілерін орналастыруды жүзеге асыру мүмкіншілігін ескере отырып, автомобиль жолдарын пайдалануға жағдай жасау үшін белгіленеді. 
      2. Жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық автомобиль жолдары үшін жол бойындағы белдеудің ені жолға бөлінген белдеудің шекарасынан есептегенде әрбір жағынан 50 метрден кем болмауға тиіс.
      Облыстық және аудандық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары үшін жолдың әрбір жағынан жол бойы белдеуінің ені жолға бөлінген белдеудің шекарасынан есептегенде 40 метрден кем болмауға тиіс. 
      3. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бойындағы белдеулерге жол қызметі объектілерінен және жол сервисі объектілерінен басқа күрделі құрылыстар салуға тыйым салынады. 
      4. Жол сервисі объектілерін жол бойындағы белдеулерге немесе объектілерді олардың шегінен тыс жерлерде, егер оған кіру үшін кірме жолдар қажет болса, орналастыру үшін жер учаскелерін беру туралы шешімдерді тиісті жергілікті атқарушы орган жол органдарымен келісе отырып, белгіленген тәртіппен қабылдайды. 
      5. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бойындағы белдеулерде орналасқан кірме жолдарды (құлама жолдарды, қосылған жолдарды) және басқа объектілерді жайғастыру, жөндеу және күтіп ұстау жөніндегі шығыстарды осы объектілердің иелері көтереді.
       Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.   

       9-бап. Автомобиль жолдарына бөлінген белдеулерді
             пайдалану тәртібі

      1. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына бөлінген белдеу жері жол органдарының иелігінде және пайдалануында болады әрі тек автомобиль жолдарын дамытуға, көркейтуге және жол сервисі объектілерін орналастыруға арналады. 
      2. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына бөлінген белдеуде тиісті жол органдарының рұқсатынсыз жұмыстар жүргізуге немесе қандай да болмасын құрылыс орналастыруға тыйым салынады. 
      3. Халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына бөлiнген белдеудiң жол органдары пайдаланбайтын жер учаскелерiн автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi атқарушы органдар өз құзыретi шегiнде жолдың көлiктiк-пайдаланылу сапасының төмендеуiне жол бермеген, көлiк құралдары жүрiсiнiң қауiпсiздiгi мен қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтаған жағдайда, сервис объектiлерi мен жарнаманы орналастыру үшiн жеке және заңды тұлғаларға шарт негiзiнде уақытша қысқа мерзiмдi жер пайдалануға беруi мүмкiн.
       Ескерту. 9-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

       10-бап. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль
             жолдарының бойына сауда, қоғамдық тамақтану
             объектілерін және басқа да сервис объектілері
             мен жарнаманы орналастыру

      1. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына бөлінген белдеудегі сауда, қоғамдық тамақтану және басқа да сервис объектілері, сондай-ақ олардың жарнамалары тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктер шегiндегi жергiлiктi атқарушы органдардың келiсiмi бойынша, жол органдары белгіленген жерлерге орналастырылуы мүмкін. 
      2. Жолға бөлінген белдеудің шекарасына қойылатын сыртқы жарнама, өзге де ақпараттық белгілер мен көрсеткіштер нормалар мен стандарттарға сәйкес орындалуға және қойылуға тиіс. 
      3. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына бөлінген белдеуде сервис объектілері мен жарнаманы орналастыру және бөлінген белдеуді пайдаланғаны үшін төлемақы тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
       Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

  3-тарау. АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫН МЕМЛЕКЕТТІК
РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ

       11-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің автомобиль
             жолдары мен жол қызметі саласындағы құзыретi

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына:  
      1) Қазақстан Республикасының аумағында автомобиль жолдары мен жол қызметі саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты үйлестіру және жүргізу; 
      2) орталық және жергілікті атқарушы органдардың автомобиль жолдары мен жол қызметі саласындағы қызметіне жалпы басшылық ету, олардың Қазақстан Республикасы заң актілерінің автомобиль жолдарына қатысты бөлігіндегі талаптардың орындалуын бақылау; 
      3) автомобиль жолдарын, қорғаныстық маңызы бар жолдарды пайдалану ережелерін, жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық автомобиль жолдары желісінің тізбесін, автомобиль жолдарын жөндеу мен күтіп ұстауға арналған қаржыландыру нормативтерін, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы автокөлік құралдарының жүріп өтуі үшін алым төлеу тәртібі мен оның ставкаларын бекіту; 
      4) автомобиль жолдары желісінің және жол қызметінің болашақ даму бағдарламаларын бекіту; 
      5) ақылы автомобиль жолдарының, ақылы көпір өткелдерінің тізбесін, оларды пайдалану тәртібі мен шарттарын, сондай-ақ жүріп өту үшін алым ставкаларын бекіту; 
      6) автомобиль жолдары саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру жатады.
      7) <*>
       Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

       12-бап. Автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлетті
              мемлекеттiк органның құзыретi

      1.  алып тасталды
      2. Автомобиль жолдары жөнiндегi уәкілетті мемлекеттік органның қарауына: 
      1) <*>
      2) автомобиль жолдары мен жол қызметі саласында бірыңғай мемлекеттік және ғылыми-техникалық саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу; 
      3) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын мемлекеттік есепке алу; 
      4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол саласын қаржыландыру көздері мен мөлшерін анықтау жөнінде ұсыныстар әзірлеу; 
      5) Қазақстан Республикасының экономикасы мен қорғаныс қабілетін нығайту міндеттеріне сәйкес жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын дамытуды мемлекеттік жоспарлау; 
      6) автомобиль жолдарын дамыту және пайдалану бөлігінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуға қатысу; 
      7) меншік нысандарына қарамастан, жол секторының жұмыс істеу тәртібін анықтайтын заң актілерінің және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, сондай-ақ жол қызметіндегі мемлекеттік нормалар мен стандарттардың жобаларын әзірлеу; 
      8) автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау жөніндегі жұмыстарға жұмсалатын шығындарды қаржыландырудың ғылыми негізделген нормативтерін әзірлеу; 
      9) балансында жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық автомобиль жолдары бар мемлекеттік ұйымдарды басқару; 
      10) облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары желісін құру және дамыту жөніндегі қызметті үйлестіру; 
      11) жол саласында инвестициялық және әлеуметтік саясатты іске асыру; 
      12)  алып тасталды
      13) жол қызметі саласында ғылыми зерттеулер жүргізу; 
      14) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарына сәйкес республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
      15) жобалау саласында қабылданған нормалар мен стандарттардың сақталуын бақылау, автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтiп ұстау кезiнде талап етiлетiн сапаны қамтамасыз ету; 
      16) автомобиль жолдарының (көпiр өткелдерiнiң) ақылы учаскелерiн құру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу, оларды пайдалану тәртiбi мен шарттарын, олармен жүрiп өту үшiн ставкалардың мөлшерiн белгілеу; 
      17)  алып тасталды
      18)  алып тасталды
      19)  алып тасталды
      20)  алып тасталды
      21) автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтiп ұстау мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастықты кеңейту;
      22) автокөлiк жолдарын дамытуды, сақтауды, жөндеудi және күтiп ұстауды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын жол қызметiн басқару жатады.
       Ескерту. 12-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.    

       13-бап. Жергiлiктi өкiлдi және атқарушы
             органдардың құзыретi

      1. Облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) және аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) өкiлдi органдардың автомобиль жолдары және жол қызметi саласындағы құзыретiне:
      1) облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын және коммуналдық меншiктегi елдi мекендердiң көшелерiн дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын бекiту;
      2) облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) және аудандық (облыстық маңызы бар қалалық) атқарушы органдары басшыларының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, елдi мекендердiң көшелерiн дамыту және күтiп ұстау мәселелерi жөнiндегi есептерiн тыңдау жатады.
      1-1. Автомобиль жолдары және жол қызметі саласындағы облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) атқарушы органдардың қарауына:
      1) облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көшелерді дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
      2) облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы көшелерді салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес ұйымдастыру;
      3) облыстық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының желісін, елді мекендер көшелерін басқару;
      4) облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) коммуналдық меншігіндегі жолдарды және жол кәсіпорындарын басқару;
      5) облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы көшелерді салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жатады.
      2. Автомобиль жолдары және жол қызметі саласындағы аудандық (қалалық) атқарушы органдарының қарауына: 
      1) облыстық және аудандық маңызы бар, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, облыстық маңызы бар қалалардағы және аудандар шегіндегі өзге де елді мекендердегі көшелерді дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру;
      2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңдарына сәйкес аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын, елдi мекендердiң көшелерiн салу, реконструкциялау, жөндеу және күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру;
      3) аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары желiсiн, елдi мекендердiң көшелерiн басқару; 
      4) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) коммуналдық меншігіндегі жолдарды және жол кәсіпорындарын басқару;
      5)  алып тасталды
       6) аудандық маңызы бар, жалпыға ортақ автомобиль жолдарын, облыстық маңызы бар қалалардағы және аудандар шегіндегі өзге де елді мекендердегі көшелерді салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру.
       Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.  

       14-бап. Автомобиль жолдарын дамыту iсiн жоспарлау

      1. Автомобиль жолдарын дамыту iсiн жоспарлауды мемлекеттiк органдар, шаруашылық және жеке меншiк автомобиль жолдарының басқарушылары бекiтiлген республикалық және аймақтық бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырады. Қалалар мен өзге де елдi мекендердiң көше-жол желiсiн дамыту iсiн жоспарлауды тиiстi жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады. 
      2. Жол саласында тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулердi мемлекеттiк сатып алу, сондай-ақ осы бағыттағы ғылыми зерттеулер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы  заңдарына  сәйкес жүзеге асырылады.  
      3. Автомобиль жолдарын жобалауды және салуды тиiстi қызмет түрлерiн жүзеге асыруға лицензиялары бар жеке және заңды тұлғалар конкурстық негiзде жүзеге асырады. 
      4. Автомобиль жолдарын салу мен реконструкциялау үшiн әзiрленген техникалық құжаттама - белгiленген тәртiппен мемлекеттiк, соның iшiнде экологиялық сараптамадан, ал жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын күрделi және орташа жөндеу үшiн - автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен ведомстволық сараптамадан өтуге тиiс.
       Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

       15-бап. Жол қызметiн жүзеге асыру кезiндегi
              жұмыстың сапасы

      1. Автомобиль жолдарын жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу және күтiп ұстау автомобиль жолдарының жоғары көлiктiк-пайдалану көрсеткiштерiне (жылдамдық, тегiстiк, ұзақ мерзiмдiлiк, автокөлiк жүрiсiнiң жоғары қауiпсiздiк жағдайларына) жету мақсатында, белгiленген нормалар мен стандарттарды сақтау, сертификатталған материалдар, аспаптар, жабдықтар мен өлшеу құралдарын пайдалану принциптерiнде жүзеге асырылады. 
      2. Жол қызметiн жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар жұмысты Қазақстан Республикасы заң актiлерiнiң талаптарын сақтай отырып орындауға мiндеттi. 
      Автомобиль жолдарын салу, жаңғырту, жөндеу және күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзген кезде мемлекеттiк бақылауды - тапсырыс берушi, автомобиль жолдары жөнiндегі уәкiлеттi орган және облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдары, ал авторлық қадағалауды - жобалау құжаттамасын әзiрлеушi және өндiрiстiк қадағалауды жұмыс орындаушы жүзеге асырады. Автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстардан басқа, аяқталған жол жұмыстарын пайдалануға қабылдауды мемлекеттiк қабылдау комиссиясы жүзеге асырады.
      3. Автомобиль жолдарын жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу және күтiп ұстау жөнiндегi жұмыстарды заңдардың талаптарын және мемлекеттiк нормативтердi бұза отырып орындау Қазақстан Республикасының  заң актiлерiнде  белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.  К010155_  
       Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.01.10. N  116  (2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.  

       16-бап. Жол қызметiн лицензиялау

      1. Жол қызметiн лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы  заңдарына  сәйкес жүзеге асырылады.  Р010136_  
      2. Жеке және заңды тұлғалардың жол қызметiн лицензиясыз не лицензия шарттарын бұза отырып жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады. 

       17-бап. Жол қызметiн қаржыландыру

      1. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын қаржыландыру жол жүрiсi қауiпсiздiгi, қоршаған ортаны қорғау және автокөлiк тасымалдарын қамтамасыз ету талаптары негiзге алына отырып, оларды жөндеу мен күтiп ұстауды қамтамасыз ететiн бекiтiлген нормалар бойынша жүзеге асырылады және бюджет заңдарымен белгiленедi. 
      2. <*>
      3. Шаруашылық автомобиль жолдарын дамыту, жөндеу және күтiп ұстау осы жолдар қарауына жататын ұйымдар мен жеке адамдардың қаражаттары есебiнен қамтамасыз етiледi. 
      4. <*>
       Ескерту. 17-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.  

       18-бап. Жол органдарының және олардың
              қызметкерлерiнiң құқықтары

      1. Жол органдары жол полициясы органдарымен және төтенше жағдайлар жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп: қысылтаяң жағдайларда (қолайсыз ауа райы-климат жағдайлары, дүлей апаттары, өрт, автомобиль жолдарының көтеру қабiлетiнiң жойылуы), сондай-ақ жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргiзiлген кезде, бұл жөнiнде жергiлiктi атқарушы органдарды және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды тиiстi жол белгiлерiн қойып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ете отырып, көлiк құралдарының жүрiсiн шектеуге немесе тоқтатуға, автомобиль жолдарын пайдалану ережелерiнiң сақталуын бақылауға құқылы. 
      2. Жол органдарының қызметкерлерi жол элементтерiн бүлдiретiн немесе ластайтын не жүрiп өтуге арнайы рұқсаты жоқ iрi көлемдi және (немесе) ауыр салмақты көлiк құралдарын автомобиль жолының көлiк құралдары жүретiн бөлiгiнiң шегiнен шығаруды талап етуге құқылы. 

       19-бап. Жол органдарының және автомобиль жолдарын
              басқарушылардың жауапкершiлiгi

      Жол органдары және автомобиль жолдарын басқарушылар: 
      1) қызмет көрсететiн автомобиль жолдары және олардағы құрылыстар көлiк құралдарының үздiксiз және қауiпсiз жүруiн қамтамасыз ететiн жағдайда күтiп ұсталуы үшiн және табиғат қорғау заңдары талаптарының сақталуы қамтамасыз етiлуi үшiн; 
      2) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес автомобиль жолдарын пайдаланушыларға залалдың орнын толтыра отырып, жол жағдайларына байланысты туындаған жол-көлiк оқиғалары салдарынан келтiрiлген залал үшiн; 
      3) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес автомобиль жолдарына бөлiнген белдеудiң фитосанитариялық жағдайы үшiн жауапты болады. 

  4-тарау. АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫН ПАЙДАЛАНУ

       20-бап. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль
              жолдарын пайдалану

      1. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, жеке және заңды тұлғалар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын пайдалану құқығына ие болады.
      2. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын пайдаланушылар көлiк құралдарын жол жүрiсi қауiпсiздiгiн, жолдардың және олардағы құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ететiн жағдайда пайдалануға, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге мiндеттi.

       21-бап. Iрi көлемдi және ауыр салмақты көлiк
              құралдарының жүруі

      Қазақстан Республикасының аумағы бойынша iрi көлемдi және ауыр салмақты көлiк құралдарының жүру ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

       22-бап. Қауiптi жүктердi тасымалдайтын көлiк
              құралдарының жүруі

      Қазақстан Республикасының аумағы бойынша қауiптi жүктердi тасымалдайтын көлiк құралдарының жүру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi және ол Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда анықталады. 

       23-бап. Автомобиль жолдары маңындағы жер
              учаскелерi меншiк иелерiнің мiндеттерi

      1. Автомобиль жолдарына аумақтары жалғасатын жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар: 
      1) кiрме жолдарды және жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға жалғасатын жолдарды салуды жол органдарымен келiсуге; 
      2) жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға жалғасатын жолдарды және оларға кiрме жолдарды техникалық жағынан дұрыс және тиiстi санитариялық жағдайда ұстауға, қоқыстан, ластан және қардан тазартып отыруға; 
      3) көрудi қиындататын және жол жүрiсi қауiпсiздiгiн нашарлататын материалдар мен конструкцияларды жол бойындағы белдеуге жиып қоюға жол бермеуге мiндеттi. 
     2. 1-тармақта көрсетiлген талаптарды орындамау Қазақстан Республикасының  заң актiлерiнде  белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.  

       24-бап. Автомобиль жолдарын жұмылдыру дайындығы

      1. Жұмылдыру кезеңi мен соғыс уақытындағы төтенше жағдайларда пайдалану үшiн автомобиль жолдарын жұмылдыру дайындығын, меншiк нысандарына қарамастан, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады. 
      2. Қазақстанның бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде төтенше немесе соғыс жағдайы енгiзiлген жағдайда және iшiнара немесе жаппай жұмылдыру жарияланған кезде жеке меншiк жолдарды жол жүрiсiне қатысушылардың барлығы меншiк иесiнiң келiсiмiнсiз пайдаланады. 

       25-бап. Автомобиль жолдарын пайдаланушылардың
              жауапкершiлiгi

      1. Жолдың үстiңгi қабатының, жер қыртысының, көпiрлердiң, өткерме жолдардың, суағар құрылыстарының, автопавильондардың, жол белгiлерiнiң, жол бойындағы екпелердiң, қорғаныш құрылғылардың және автомобиль жолдарын жайғастырудың басқа да элементтерiнiң бұзылуына жол берген, сондай-ақ автомобиль жолдарын пайдалану ережелерiн бұзған автомобиль жолдарын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады. 
      2. Пайдаланушылар автомобиль жолдары мен жол құрылыстарына келтiрген залалды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өтейдi. 
      3. Автомобиль жолдарын жобалау, салу, күтiп ұстау, жөндеу, реконструкциялау және пайдалану процесiнде жол органдарымен туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады. 

        26-бап. Автомобиль жолдарындағы медициналық жәрдем  

      Автомобиль жолдарындағы жол-көлiк оқиғаларында зардап шеккендерге жәрдемдi жол жүрiсiне қатысушылардың бәрi көрсетуге тиiс, олар зардап шеккендердi таяу маңдағы медициналық мекемеге жеткiзуге және болған оқиға туралы жол полициясы органына хабарлауға мiндеттi. 

        27-бап. Қоршаған ортаны қорғау 

      1. Автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу, күтiп ұстау және оларды пайдалану кезiнде қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдар талаптарының сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс. 
      2. Автомобиль жолдарын жобалау және оларды реконструкциялау мен салуға арналған жобаларды әзiрлеу кезiнде қоршаған ортаны қорғау, карьерлердi, жол бойындағы белдеулердi, еңiстердi, орларды, бүлiнген жерлердi көп жылдық шөп егiп және ағаштар мен бұталар отырғызып өңдеу жөнiндегi шаралар көзделуi керек. Су көздерi пайдаланылатын жерлердегi жобалық-сметалық құжаттамада санитариялық аймақ, уақытша автотұрақтар, эстакадалар және мұнай өнiмдерiнiң қалдықтарын жинауға арналған қорғаныш құрылысын салу көзделуге тиiс.
      3. Автомобиль жолдары бойындағы қорғаныш екпелерді олардың иелері немесе пайдаланушылары тиісті түрде күтіп ұстауға тиіс.
      4. Қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтамағаны үшін кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапты болады.

  5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       28-бап. Автомобиль жолдарын мемлекеттік бақылау

      Автомобиль жолдарының жай-күйін, үздіксіз және қауіпсіз жол жүрісінің қамтамасыз етілуін және автомобиль жолдарын пайдалану ережелерінің сақталуын бақылауды жол органдары және жол полициясы органдары жүзеге асырады.

       Қазақстан Республикасының Президенті