Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 29 маусымдағы N 217 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      ҚОЛДАНУШЫЛАР НАЗАРЫНА!

      Қазақстан Республикасының 2005.11.22. N 90 Заңымен енгізілген өзгерістер әртүрлі уақытта қолданысқа енгізілген (2-бапты қараңыз). Қажет болған жағдайда "Заң" Деректерb базасының 5 версиясының алдыңғы редакцияларын қараңыз.

      1-бап. Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңның мақсаттары үшiн мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) бюллетень - интегралдық микросхемалар топологияларын қорғау мәселелерi жөнiндегi мерзiмдi ресми басылым;

      2) интегралдық микросхема - электрондық схема қызметiн атқаруға арналған, түпкiлiктi немесе аралық нысандағы микроэлектронды бұйым, оның элементтерi мен байланыстары бұйым дайындалғанда негiзге алынған материалдың көлемiнде және (немесе) бетiнде бөлiнбейтiн етiп қалыптастырылады;

      3) топологияға айрықша құқық - құқық иеленушiнiң топологияны өз қалауына қарай кез келген әдiспен пайдалануға мүліктік құқығы;

      4) топологияны пайдалану - егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, топологияны, осы топологиямен бiрге интегралдық микросхеманы немесе осындай интегралдық микросхеманы қамтитын бұйымды қолдану, әкелу, сатуға ұсыну, сату немесе азаматтық айналымға коммерциялық мақсаттарда жүзеге асырылатын өзгедей енгiзу;

      5) лицензиялық шарт - мұндай шарт бойынша құқық иеленушi (лицензиар) екiншi тарапқа (лицензиатқа) топологияны белгiлi бiр әдiспен уақытша пайдалануға құқық бередi;

      6) сенiм бiлдiрiлген патенттi өкiлдер - заңдарға сәйкес уәкiлеттi орган алдында жеке және заңды тұлғалардың өкiлдiгiн жүргiзуге құқық берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;

      7) құқық иеленушi - автор, оның мұрагерi, сондай-ақ заңға немесе шартқа байланысты алынған айрықша құқықты иеленушi кез келген жеке немесе заңды тұлға;

      8) интегралдық микросхема топологиясы (бұдан әрi - топология) - интегралдық микросхеманың элементтерi мен олардың арасындағы байланыстар жиынтығының материалдық көзде тiркелген кеңiстiктiк-геометриялық орналасуы;

      9) уәкiлеттi орган - топологияларды құқықтық қорғау саласында мемлекеттiк монополияны қамтамасыз ететiн мемлекеттiк орган.
      Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен.

      2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар

      Осы Заңмен топологияларды жасауға, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын мүлiктiк, сондай-ақ олармен байланысты жеке мүлiктiк емес қатынастар реттеледi.

      3-бап. Топологияларды қорғау туралы заңдар

      1. Топологияларды қорғау туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнiң, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларынан тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      4-бап. Уәкілетті орган

       Уәкiлеттi орган осы Заңға сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) топологияларды тiркеуге өтiнiмдердi қарауға қабылдайды, оларды қарайды және топологияларды тiркеудi жүзеге асырады;

      2) топологияларды Интегралдық микросхемалар топологияларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзедi;

      3) тiркеу туралы куәлiктер бередi;

      4) тiркелген топологиялар туралы мәлiметтердi бюллетеньде жариялайды;

      5) тiркеуге өтiнiмдердi жасауға және ресiмдеуге қойылатын талаптарды белгiлейдi;

      6) тiркеу тәртiбiн, тiркеу туралы куәлiктiң нысанын, онда көрсетiлетiн мәлiметтердiң құрамын, сондай-ақ бюллетеньде жарияланатын мәлiметтердiң тiзбесiн белгiлейдi; V022043

      7) сенiм бiлдiрiлген патенттi өкiлдерге қойылатын бiлiктiлiк талаптарын, оларды аттестаттау және тiркеу тәртiбiн айқындайды.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен, 2004.12.20. N 13 Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

      5-бап. Топологияларды құқықтық қорғау талаптары

      1. Осы Заңда берiлетiн құқықтық қорғау түпнұсқалық топологияға ғана қолданылады. 

      2. Автордың шығармашылық қызметiнің нәтижесiнде жасалған топология түпнұсқалық топология болып табылады. Топология түпнұсқа емес деп дәлелденбейiнше, түпнұсқа деп танылады.

      3. Топология элементтерiнiң жиынтығы интегралдық микросхемаларды әзiрлеушiлер мен дайындаушыларға ол жасалған күнi жалпы мәлiм болса, осы Заңмен құқықтық жағынан қорғалмайды.
      Интегралдық микросхемаларды әзiрлеушiлер мен дайындаушыларға топология жасалған күнi жалпы мәлiм болған элементтерден тұратын топология осындай элементтердiң жиынтығы тұтас алғанда осы баптың 2-тармағының талаптарын қанағаттандыратын жағдайда ғана құқықтық жағынан қорғалады.

      4. Осы Заңда берiлетiн құқықтық қорғау топологияларда iске асырылуы мүмкiн идеяларға, әдiстерге, жүйелерге, технологияға немесе құпияландырылған ақпаратқа қолданылмайды.

      6-бап. Топологияға авторлық

      1. Топологияны шығармашылық еңбегiмен жасаған жеке адам оның авторы деп танылады.

      2. Егер топология жасауға бiрнеше жеке адам қатысса, олардың бәрi оның авторлары (тең авторлары) деп есептеледi. Тең авторларға тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртiбi олардың арасындағы келiсiммен белгiленедi.

      3. Топология жасауға жеке шығармашылық үлес қоспаған, бiрақ авторға тек техникалық, ұйымдастыру түрiнде немесе материалдық көмек көрсеткен не оған құқықты ресiмдеу мен оны пайдалануға жәрдемдескен жеке адамдар авторлар деп танылмайды.

      4. Топологияға авторлық құқығы иелiктен алынбайтын жеке мүлiктiк емес құқық болып табылады және ол мерзiмi белгiленбей қорғала бередi.

      7-бап. Топологияға айрықша құқық

      1. Топологияға айрықша құқықты топологияның авторы не осы Заңның 9-бабында көзделген жағдайларда жұмыс берушi немесе тапсырыс берушi немесе олардың құқық мирасқорлары иеленедi.

      2. Осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, құқық иеленуші топологияны өз қалауына қарай кез келген әдіспен, атап айтқанда, басқа тұлғалардың осы топологияны құқық иеленушiнiң тиiстi рұқсатынсыз пайдалануына тыйым салу құқығын қоса алғанда, осындай топологиясы бар интегралдық микросхемалар дайындау арқылы пайдалануға құқығы бар.

      3. Топологияның бiрнеше авторы немесе өзге де құқық иеленушiлер иеленетiн айрықша құқықты пайдалану тәртiбi олардың арасындағы шартта белгiленедi.
      Мұндай шарт болмаған жағдайда, олардың әрқайсысы қорғалатын топологияны өз қалауына қарай пайдалана алады, бiрақ басқа құқық иеленушiлердiң келiсiмiнсiз оған лицензия беруге немесе айрықша құқығын басқа тұлғаға беруге құқығы жоқ.

      4. Құқық иеленушiнiң рұқсатынсыз мынадай iс-әрекеттер жасау:
      1) топологияның түпнұсқалық болып табылмайтын бөлiгiн ғана көшiрудi қоспағанда, оны интегралдық микросхемаға енгiзу арқылы немесе өзге де жолмен оны тұтастай немесе оның бiр бөлiгiн көшiру;

      2) топологияны, осы топологиямен бiрге интегралдық микросхеманы немесе осындай интегралдық микросхемасы бар бұйымды қолдану, әкелу, сатуға ұсыну, сату және азаматтық айналымға өзге де жолмен енгiзу топологияға айрықша құқықты бұзу болып табылады.

      8-бап. Айрықша құқықты беру

      1. Топологияға айрықша құқық басқа тұлғаға шарт бойынша толығымен немесе iшiнара берiлуi мүмкiн, сондай-ақ мұрагерлiк бойынша әмбебап құқық мирасқорлығы тәртiбiмен және құқық иеленушi заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы нәтижесiнде өтедi.

      2. Лицензиялық шарт бойынша құқық иеленушi (лицензиар) екiншi тарапқа (лицензиатқа) топологияны белгiлi бiр әдiспен уақытша пайдалану құқығын бередi.

      3. Лицензиялық шартта лицензиатқа:
      1) топологияны пайдалану құқығын лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгi мен лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығын сақтай отырып (жай, айрықша емес лицензия);

      2) топологияны пайдалану құқығын лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтай отырып, бiрақ лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз (айрықша лицензия);

      3) топологияны пайдалану құқығын лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз (толық лицензия) беру көзделуi мүмкiн.
      Егер лицензиялық шартта лицензияның түрi көзделмесе, ол айрықша емес жай лицензия деп саналады.

      4. Топологияны пайдалану құқығына айрықша емес лицензияны лицензиаттың басқа тұлғаға (қосалқы лицензиатқа) беруi туралы шарт (қосалқы лицензиялық шарт) лицензиялық шартта көзделген жағдайларда ғана жасалуы мүмкiн.
      Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат лицензиардың алдында қосалқы лицензиаттың iс-әрекеттерi үшiн жауапты болады.

      5. Топологияға айрықша құқықты басқаға беру туралы шарт, лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттар жазбаша нысанда жасалады.
      Тiркелген топологияға айрықша құқықты басқаға беру туралы шарт, тiркелген топологияны пайдалануға лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттар уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс. V074648
      Тiркеуден өтпеген топологияға айрықша құқықты басқаға беру туралы шарт, аталған топологияны пайдалануға лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттар уәкiлеттi органда тараптардың келiсiмi бойынша тiркелуi мүмкiн.
      Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.

      9-бап. Қызметтiк мiндеттердi орындау тәртiбiмен және
             тапсырыс берушiмен шарт бойынша жасалған
             топологияға айрықша құқық

      1. Егер жұмыс берушi мен автордың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтiк мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң нақты тапсырмасын орындау тәртiбiмен жасалған топологияға айрықша құқық жұмыс берушiге тиесiлi болады.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған топология үшiн авторға сыйақы төлеу мөлшерi, ережесi және тәртiбi автор мен жұмыс берушiнiң арасындағы келiсiмде белгiленедi. Келiсiмге келе алмаған жағдайда шешiмдi сот қабылдайды. Егер автор мен жұмыс берушiнiң топология жасауға үлесiн мөлшерлеу мүмкiн болмаса, жұмыс берушi алған немесе алуға тиiс болған пайданың жартысына автордың құқығы танылады.

      3. Автор шарт бойынша топология жасау және өзiнiң жұмыс берушiсi болып табылмайтын тапсырыс берушiге топологияға айрықша құқықтар беруге мiндеттеме қабылдай алады.

      10-бап. Құқық иеленушiнiң айрықша құқығын бұзу деп
              танылмайтын iс-әрекеттер

      Мыналар:

      1) осы Заңның 7-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында аталған iс-әрекеттердi заңсыз көшiрме жасап алынған топологиясы бар интегралдық микросхемаларға немесе осындай интегралдық микросхемалары бар бұйымдарға қатысты жасау, егер осындай пайдалануды жүзеге асырушы тұлға осы интегралдық микросхемалардың немесе осындай интегралдық микросхемалары бар бұйымдардың топологияға айрықша құқықты бұза отырып дайындалғанын және таралып жатқанын бiлмесе және бiлмеуге тиiс болса. Осы тұлға құқық иеленушiден тиiстi хабарлама алғаннан кейiн, осындай топологияға лицензияны еркiн иемдену кезiнде төленуге тиiс болатын мөлшерлес сыйақыны құқық иеленушiге төлеген жағдайда, кез келген iс-әрекеттi қолда бар немесе сол кезге дейiн тапсырыс берiлген өнiмге қатысты жасауға құқылы;

      2) топологияны пайда табусыз жеке мақсаттарына, сондай-ақ бағалау, талдау, зерттеу немесе оқыту мақсатында пайдалану;

      3) қорғалатын топологияны оның өзiн бағалау немесе талдау негiзiнде жасалған түпнұсқалық басқа топологияға енгiзу мен осы Заңның 7-бабының 4-тармағында аталған iс-әрекеттердi осындай топологияға қатысты жасау;

      4) азаматтық айналымға заңды жолмен енгiзiлген қорғалатын топологиясы бар интегралдық микросхеманы тарату;

      5) осы Заңның 7-бабының 4-тармағында аталған iс-әрекеттердi басқа автор жасаған топологияға тәуелсiз, ұқсас түпнұсқалық топологияға қатысты жасау құқық иеленушiнiң айрықша құқығын бұзу деп танылмайды.

      11-бап. Топологияны тiркеу

      1. Топологияның авторы немесе өзге де құқық иеленушi тiркеуге өтiнiм беру арқылы топологияны уәкiлеттi органда тiркеуге құқылы.

      2. Егер топология бұрын пайдаланылса, тiркеуге өтiнiм беру ол алғаш пайдаланылған күннен бастап екi жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырылуы мүмкiн.

      3. Тiркеуге өтiнiм бiр топологияға қатысты болуға тиiс және онда:
      1) тiркеудi сұраған автор мен тұлғалар аты, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi, егер топология бұрын пайдаланылса, ол алғаш пайдаланылған күн көрсетiлген топологияны тiркеуге өтiнiш;

      2) рефератты қоса алғанда, топологияны нақтылайтын материалдар;

      3) егер тiркеуге өтiнiм өкiл арқылы берiлсе, сенiмхат болуға тиiс.
      4) <*>
      Тiркеуге өтiнiмдi жасау мен ресiмдеуге қойылатын талаптарды уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      4. Тiркеуге өтiнiм түскеннен кейiн уәкiлеттi орган қажеттi құжаттардың болуын және осы баптың 3-тармағында жазылған талаптарға олардың сәйкестiгiн тексередi. Тексеру оң нәтиже берген жағдайда уәкiлеттi орган топологияны Интегралдық микросхемалар топологияларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзедi, өтiнiш берушiге топологияны тiркеу туралы куәлiк бередi және тiркелген топология туралы мәлiметтердi бюллетеньде жариялайды.
      Өтiнiш берушi мәлiметтер бюллетеньде жарияланғанға дейiн өтiнiм материалдарын уәкiлеттi органның сауал салуы бойынша немесе өз бастамасы бойынша толықтыруға, нақтылауға және түзетуге құқылы.
      Тiркеу тәртiбiн, тiркеу туралы куәлiк нысанын, онда көрсетiлетiн мәлiметтер құрамын, сондай-ақ бюллетеньде жарияланатын мәлiметтер тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Құқық иеленушi болып табылмайтын топология авторына уәкiлеттi орган оның авторлығын растайтын куәлiк бередi.

      5. Интегралдық микросхемалар топологияларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген мәлiметтер дұрыс емес деп дәлелденбейiнше дұрыс деп есептеледi.
      Аталған мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн өтiнiш берушi жауапты болады.

      6. Уәкiлеттi органның куәлiктер беру және шарттарды тiркеу жөнiндегi iс-әрекеттер жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттiк баж алынады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.07.09. N 586 Заңымен, 2005.11.22. N 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

     12-бап. Ескерту таңбасы

      Құқық иеленушiнiң өз құқықтары туралы хабарлау үшiн топологияны қамтитын бұйымдарда айшықталған Т бас әрпi, топологияға айрықша құқық қолданылатын мерзiмнiң басталған күнi және құқық иеленушiнi айқындауға мүмкiндiк беретiн ақпарат түрiндегi ескерту таңбасын пайдалануға құқығы бар.

      13-бап. Топологияға айрықша құқықтың
              қолданылу мерзiмi

      1. Топологияға айрықша құқық топология тiркелген күннен бастап он жыл бойы қолданылады. 

      2. Егер топология тiркеуден өтпесе, аталған он жылдық мерзiм осы топологияның немесе осы топология бар интегралдық микросхеманың дүние жүзiнiң кез келген елiнде алғаш пайдаланылуының құжатпен расталған күнiнен бастап есептеледi.

      3. Топология тiркелген күнге дейiн пайдаланыла бастаған топологияны тiркеу кезiнде айрықша құқықтың қолданылу мерзiмi осы баптың 2-тармағына сәйкес есептеледi.

      4. Басқа автор өз бетiмен жасаған түпнұсқалық ұқсас топологияның пайда болуы осы баптың 1, 2-тармақтарында аталған айрықша құқықтың қолданылу мерзiмiн үзбейдi және тоқтатпайды, бұл орайда топологияға айрықша құқықтың қолданылатын жалпы мерзiмi он жылдан аспауы керек.

      14-бап. Топологияға құқықтарды қорғау

      1. Топологияға құқықтарды қорғауды сот:

      1) құқықтарды тану;

      2) құқық бұзылғанға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру;

      3) құқықты бұзатын немесе оны бұзу қатерiн төндiретiн iс-әрекеттердiң жолын кесу;

      4) құқық бұзушының келтiрiлген залалдар орнын толтыруы және моральдық зиянды өтеуi;

      5) залалдың орнын толтырту орнына айрықша құқықты бұзушы тапқан табысты өндiрiп алу; 

      6) айрықша құқықты бұзушының заңдарда белгiленген он мыңнан елу мыңға дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш сомасында өтем төлеуi. Өтем мөлшерiн сот залалдың орнын толтыру немесе табысты өндiрiп алу орнына белгiлейдi;

      7) азаматтық айналымға енгiзiлетiн немесе осы мақсатпен сақталатын және айрықша құқықты бұзады деп танылған интегралдық микросхемалар мен осындай микросхемаларды қамтитын бұйымдарды, сондай-ақ арнайы оларды дайындауға арналған материалдар мен жабдықтарды жою немесе құқық иеленушiнiң пайдасына алып қою;

      8) бұзылған құқық кiмге тиесiлi екендiгi туралы мәлiметтердi енгiзе отырып, орын алған бұзушылық туралы мiндеттi түрде жариялау;

      9) заң актiлерiнде көзделген, топологияға құқықтарды қорғауға байланысты өзге де шаралар қабылдау жолымен жүзеге асырады.

      2. Егер лицензиялық шартта көзделсе, айрықша құқықты бұзушыға лицензиат та талап мәлiмдеуi мүмкiн.

      15-бап. Сенiм бiлдiрiлген патенттi өкiлдер

      1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, бiлiктiлiк деңгейi қойылатын талаптарға сәйкес келетiн Қазақстан Республикасының азаматы сенiм бiлдiрiлген патенттi өкiл бола алады. Сенiм бiлдiрiлген патенттi өкiлдерге қойылатын бiлiктiлiк талаптарын, оларды аттестаттау және тiркеу тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен анықтайды.

      2. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке адамдар немесе шетелдiк заңды тұлғалар топологияларды тiркеу жөнiндегi iстердi уәкiлеттi органда тiркелген сенiм бiлдiрiлген патенттi өкiлдер арқылы жүргiзедi.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ одан тысқары жерлерде уақытша жүрген жеке адамдар Қазақстан Республикасының шегiнде хат-хабар алысуға арналған мекен-жайды көрсеткен жағдайда, топологияларды тiркеуге байланысты iстердi сенiм бiлдiрген патенттi өкiлсiз-ақ жүргiзе алады.

      3. Сенiм бiлдiрiлген патенттi өкiлдiң өкiлеттiгi оған өтiнiш берушi, құқық иеленушi берген сенiмхатпен куәландырылады.

      16-бап. Шетелдiктердiң, шетелдiк заңды тұлғалар мен
              азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары

      1. Шетелдiктер мен шетелдiк заңды тұлғалар осы Заңда көзделген құқықтарды Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға байланысты немесе өзара принцип негізінде Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең пайдаланады.

      2. Егер осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінен өзгеше туындамаса, Қазақстан Республикасында тұратын азаматтығы жоқ адамдар осы Заңда және топологияларды құқықтық қорғауға қатысты өзге де актілерде көзделген құқықтарды Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең пайдаланады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті