Қазақстан Республикасының патенттiк сенiмдi өкілдерiне қойылатын білiктiлiк талаптарды бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Санаткерлік меншік құқығы жөніндегі комитеті төрайымының 2002 жылғы 4 қарашадағы N 187 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2002 жылғы 12 қарашада тіркелді. Тіркеу N 2039. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2010 жылғы 28 шілдедегі № 223 Бұйрығымен.

      Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2010.07.28 № 223 Бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасының Патент заңы туралы", "Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердiң атаулары туралы", "Селекциялық жетiстiктердi қорғау туралы", "Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарын iске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қазақстан Республикасының патенттiк сенiмдi өкілдерінe қойылатын бiлiктiлiк талаптары бекiтiлсiн.
      2. Өнеркәсiп меншiк саласындағы мемлекеттiк саясатты қамтамасыз ету жөнiндегi басқарма осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеудi қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Санаткерлiк меншiк құқығы жөнiндегi комитетi төрайымының орынбасары Ю.Н.Сыпченковқа жүктелсiн.
      4. Осы бұйрық мемлекеттiк тiркеуден өткен күнiнен бастап күшiне енедi.

      Төрайым

Қазақстан Республикасының  
Әдiлет министрлiгi    
Санаткерлiк меншiк құқығы  
жөнiндегi комитетi    
төрайымының        
2002 жылғы 4 қарашадағы   
N 187 бұйрығымен бекiтiлдi 

Қазақстан Республикасының патенттiк сенiмдi өкiлдерiне қойылатын бiлiктiлiк талаптар

      1. Осы Ереже 1999 жылғы l6 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Патент заңының 36-бабына, "Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауарлар шығарылған жерлердiң атаулары туралы" 1999 жылғы 26 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 46-бабына, "Селекциялық жетiстiктердi қорғау туралы" 1999 жылғы 13 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына, "Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы" 2001 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына, Қазақстан Республикасының патенттiк сенiмдi өкiлдерi туралы ережеге сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасында патенттiк сенiмдi өкiлдерге қойылатын талаптарды айқындайды.

      2. Осы Бiлiктiлiк талаптарда мынадай негiзгi ұғымдар қолданылады:
      1) Комитет - Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң Санаткерлiк меншiк құқығы жөнiндегi комитет;
      2) Патенттiк сенiмдi өкiл - зияткерлiк меншiк құқық саласында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғаларға Комитеттiң, оның ведомстволық бағынысындағы ұйымдарының алдында өкiлдiк ету құқығы берiлген, Қазақстан Республикасының, оның аумағында тұрақты тұратын азаматы.
      3) Тiзiлiм - Қазақстан Республикасының патенттiк сенiмдi өкiлдерiнің тiзiлiмi.

      3. Қазақстан Республикасының, оның аумағында тұрақты тұратын, әрекет қабiлеттiлiгi бар, аттестациядан өткен, жоғары бiлiмi бар, әдеттегiдей, санаткерлiк меншiк құқығы саласында жұмыс тәжiрибесi төрт жылдан кем емес және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тiркелген азаматы патенттiк сенiмдi өкiл бола алады.

      4. Патенттік сенiмдi өкiлдің қызметiне:
      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға рұқсат етiлмейтiн тұлғалар;
      2) Комитеттің және оның ведомстволық бағынысындағы ұйымдардың қызметкерлерi;
      3) қылмыс жасағаны үшiн сотталған;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Тiзiлiмнен шығарылған тұлғалар жiберiлмейдi.

      5. Патенттік сенiмдi өкiл өз қызметiн:
      1) жеке кәсiпкер ретiнде;
      2) патенттік сенiмдi өкiлдер фирмасының құрамында;
      3) патенттiк сенiмдi өкiл фирмасы болып табылмайтын ұйымның қызметкерi ретiнде;
      4) заңнамамен тыйым салынбайтын өзге де кез келген ретте жүзеге асыра алады.