Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 29 маусымдағы N 217 Заңы

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      ҚОЛДАНУШЫЛАР НАЗАРЫНА!

      Қазақстан Республикасының 2005.11.22. N 90 Заңымен енгізілген өзгерістер әртүрлі уақытта қолданысқа енгізілген (2-бапты қараңыз). Қажет болған жағдайда "Заң" Деректерb базасының 5 версиясының алдыңғы редакцияларын қараңыз.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) бюллетень - интегралдық микросхемалар топологияларын қорғау мәселелерi жөнiндегi ресми мерзiмдi басылым;
      2) интегралдық микросхема - электрондық схема функцияларды орындауға арналған түпкiлiктi немесе аралық нысандағы микроэлектронды бұйым, оның элементтерi мен байланыстары бұйым дайындалғанда негiзге алынған материалдың көлемiнде және (немесе) бетiнде бөлiнбейтiн етiп қалыптастырылады;
      3) интегралдық микросхема топологиясы (бұдан әрi - топология) - интегралдық микросхеманың элементтерi мен олардың арасындағы байланыстар жиынтығының материалдық жеткізгіште тiркелген кеңiстiктiк-геометриялық орналасуы;
      4) құқық иеленушi - автор, оның мұрагерi, сондай-ақ заңға немесе шартқа байланысты алынған айрықша құқықты иеленушi кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      5) лицензиялық шарт - ол бойынша құқық иеленушi (лицензиар) басқа тарапқа (лицензиатқа) топологияны белгiлi бiр әдiспен уақытша пайдалануға құқық беретін шарт;
      6) патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдер – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган алдында жеке және заңды тұлғалардың өкiлдiк ету құқығы берiлген Қазақстан Республикасының азаматтары;
      7) топологияға айрықша құқық - құқық иеленушiнiң топологияны өз қалауы бойынша кез келген әдiспен пайдалануға мүліктік құқығы;
      8) топологияны пайдалану - егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, топологияны, осы топологиямен бiрге интегралдық микросхеманы немесе осындай интегралдық микросхеманы қамтитын бұйымды қолдану, әкелу, сатуға ұсыну, сату немесе азаматтық айналымға коммерциялық мақсаттарда жүзеге асырылатын өзгедей енгiзу;
      9) уәкiлеттi орган - өз өкілеттіктері шегінде интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар

      Осы Заңмен топологияларды жасауға, құқықтық қорғауға және пайдалануға байланысты туындайтын мүлiктiк, сондай-ақ олармен байланысты жеке мүлiктiк емес қатынастар реттеледi.

      3-бап. Топологияларды қорғау туралы заңдар

      1. Топологияларды қорғау туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексiнiң, осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларынан тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

      4-бап. Уәкілетті орган

      Уәкiлеттi орган осы Заңға сәйкес мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
      1) топологияларды тiркеуге өтiнiмдердi қарауға қабылдайды, оларды қарайды және топологияларды тiркеудi жүзеге асырады;
      2) топологияларды Интегралдық микросхемалар топологияларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзедi;
      3) тiркеу туралы куәлiктер бередi;
      4) тiркелген топологиялар туралы мәлiметтердi бюллетеньде жариялайды;
      5) тiркеуге өтiнiмдердi жасауға және ресiмдеуге қойылатын талаптарды белгiлейдi;
      6) тiркеу тәртiбiн, тiркеу туралы куәлiктiң нысанын, онда көрсетiлетiн мәлiметтердiң құрамын, сондай-ақ бюллетеньде жарияланатын мәлiметтердiң тiзбесiн белгiлейдi; v106234.
      7) алып тасталды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен;
      8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586 Заңымен, 2004.12.20 N 13 (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 қолданысқа енгізіледі), 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

      5-бап. Топологияларды құқықтық қорғау талаптары

      1. Осы Заңда берiлетiн құқықтық қорғау түпнұсқалық топологияға ғана қолданылады. 

      2. Автордың шығармашылық қызметiнің нәтижесiнде жасалған топология түпнұсқалық топология болып табылады. Топология түпнұсқа емес деп дәлелденбейiнше, түпнұсқа деп танылады.

      3. Топология элементтерiнiң жиынтығы интегралдық микросхемаларды әзiрлеушiлер мен дайындаушыларға ол жасалған күнi жалпы мәлiм болса, осы Заңмен құқықтық жағынан қорғалмайды.
      Интегралдық микросхемаларды әзiрлеушiлер мен дайындаушыларға топология жасалған күнi жалпы мәлiм болған элементтерден тұратын топология осындай элементтердiң жиынтығы тұтас алғанда осы баптың 2-тармағының талаптарын қанағаттандыратын жағдайда ғана құқықтық жағынан қорғалады.

      4. Осы Заңда берiлетiн құқықтық қорғау топологияларда iске асырылуы мүмкiн идеяларға, әдiстерге, жүйелерге, технологияға немесе құпияландырылған ақпаратқа қолданылмайды.

      6-бап. Топологияға авторлық

      1. Топологияны шығармашылық еңбегiмен жасаған жеке адам оның авторы деп танылады.

      2. Егер топология жасауға бiрнеше жеке адам қатысса, олардың бәрi оның авторлары (тең авторлары) деп есептеледi. Тең авторларға тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртiбi олардың арасындағы келiсiммен белгiленедi.

      3. Топология жасауға жеке шығармашылық үлес қоспаған, бiрақ авторға тек техникалық, ұйымдастыру түрiнде немесе материалдық көмек көрсеткен не оған құқықты ресiмдеу мен оны пайдалануға жәрдемдескен жеке адамдар авторлар деп танылмайды.

      4. Топологияға авторлық құқығы иелiктен алынбайтын жеке мүлiктiк емес құқық болып табылады және ол мерзiмi белгiленбей қорғала бередi.

      7-бап. Топологияға айрықша құқық

      1. Топологияға айрықша құқықты топологияның авторы не осы Заңның 9-бабында көзделген жағдайларда жұмыс берушi немесе тапсырыс берушi немесе олардың құқық мирасқорлары иеленедi.

      2. Осы Заңның 10-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, құқық иеленуші топологияны өз қалауына қарай кез келген әдіспен, атап айтқанда, басқа тұлғалардың осы топологияны құқық иеленушiнiң тиiстi рұқсатынсыз пайдалануына тыйым салу құқығын қоса алғанда, осындай топологиясы бар интегралдық микросхемалар дайындау арқылы пайдалануға құқығы бар.

      3. Топологияның бiрнеше авторы немесе өзге де құқық иеленушiлер иеленетiн айрықша құқықты пайдалану тәртiбi олардың арасындағы шартта белгiленедi.
      Мұндай шарт болмаған жағдайда, олардың әрқайсысы қорғалатын топологияны өз қалауына қарай пайдалана алады, бiрақ басқа құқық иеленушiлердiң келiсiмiнсiз оған лицензия беруге немесе айрықша құқығын басқа тұлғаға беруге құқығы жоқ.

      4. Құқық иеленушiнiң рұқсатынсыз мынадай iс-әрекеттер жасау:
      1) топологияның түпнұсқалық болып табылмайтын бөлiгiн ғана көшiрудi қоспағанда, оны интегралдық микросхемаға енгiзу арқылы немесе өзге де жолмен оны тұтастай немесе оның бiр бөлiгiн көшiру;

      2) топологияны, осы топологиямен бiрге интегралдық микросхеманы немесе осындай интегралдық микросхемасы бар бұйымды қолдану, әкелу, сатуға ұсыну, сату және азаматтық айналымға өзге де жолмен енгiзу топологияға айрықша құқықты бұзу болып табылады.

      8-бап. Айрықша құқықты беру

      1. Топологияға айрықша құқық басқа тұлғаға шарт бойынша толығымен немесе iшiнара берiлуi мүмкiн, сондай-ақ мұрагерлiк бойынша әмбебап құқық мирасқорлығы тәртiбiмен және құқық иеленушi заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы нәтижесiнде өтедi.

      2. Лицензиялық шарт бойынша құқық иеленушi (лицензиар) екiншi тарапқа (лицензиатқа) топологияны белгiлi бiр әдiспен уақытша пайдалану құқығын бередi.

      3. Лицензиялық шартта лицензиатқа:
      1) топологияны пайдалану құқығын лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгi мен лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығын сақтай отырып (жай, айрықша емес лицензия);

      2) топологияны пайдалану құқығын лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтай отырып, бiрақ лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз (айрықша лицензия);

      3) топологияны пайдалану құқығын лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және лицензияны басқа тұлғаларға беру құқығынсыз (толық лицензия) беру көзделуi мүмкiн.
      Егер лицензиялық шартта лицензияның түрi көзделмесе, ол айрықша емес жай лицензия деп саналады.

      4. Топологияны пайдалану құқығына айрықша емес лицензияны лицензиаттың басқа тұлғаға (қосалқы лицензиатқа) беруi туралы шарт (қосалқы лицензиялық шарт) лицензиялық шартта көзделген жағдайларда ғана жасалуы мүмкiн.
      Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат лицензиардың алдында қосалқы лицензиаттың iс-әрекеттерi үшiн жауапты болады.

      5. Топологияға айрықша құқықты басқаға беру туралы шарт, лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттар жазбаша нысанда жасалады.
      Тiркелген топологияға айрықша құқықты басқаға беру туралы шарт, тiркелген топологияны пайдалануға лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттар уәкiлеттi органда тiркелуге тиiс. 
      Тiркеуден өтпеген топологияға айрықша құқықты басқаға беру туралы шарт, аталған топологияны пайдалануға лицензиялық және қосалқы лицензиялық шарттар уәкiлеттi органда тараптардың келiсiмi бойынша тiркелуi мүмкiн.
      Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.

      9-бап. Қызметтiк мiндеттердi орындау тәртiбiмен және
             тапсырыс берушiмен шарт бойынша жасалған
             топологияға айрықша құқық

      1. Егер жұмыс берушi мен автордың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтiк мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң нақты тапсырмасын орындау тәртiбiмен жасалған топологияға айрықша құқық жұмыс берушiге тиесiлi болады.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған топология үшiн авторға сыйақы төлеу мөлшерi, ережесi және тәртiбi автор мен жұмыс берушiнiң арасындағы келiсiмде белгiленедi. Келiсiмге келе алмаған жағдайда шешiмдi сот қабылдайды. Егер автор мен жұмыс берушiнiң топология жасауға үлесiн мөлшерлеу мүмкiн болмаса, жұмыс берушi алған немесе алуға тиiс болған пайданың жартысына автордың құқығы танылады.

      3. Автор шарт бойынша топология жасау және өзiнiң жұмыс берушiсi болып табылмайтын тапсырыс берушiге топологияға айрықша құқықтар беруге мiндеттеме қабылдай алады.

      10-бап. Құқық иеленушiнiң айрықша құқығын бұзу деп
              танылмайтын iс-әрекеттер

      Мыналар:

      1) осы Заңның 7-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында аталған iс-әрекеттердi заңсыз көшiрме жасап алынған топологиясы бар интегралдық микросхемаларға немесе осындай интегралдық микросхемалары бар бұйымдарға қатысты жасау, егер осындай пайдалануды жүзеге асырушы тұлға осы интегралдық микросхемалардың немесе осындай интегралдық микросхемалары бар бұйымдардың топологияға айрықша құқықты бұза отырып дайындалғанын және таралып жатқанын бiлмесе және бiлмеуге тиiс болса. Осы тұлға құқық иеленушiден тиiстi хабарлама алғаннан кейiн, осындай топологияға лицензияны еркiн иемдену кезiнде төленуге тиiс болатын мөлшерлес сыйақыны құқық иеленушiге төлеген жағдайда, кез келген iс-әрекеттi қолда бар немесе сол кезге дейiн тапсырыс берiлген өнiмге қатысты жасауға құқылы;

      2) топологияны пайда табусыз жеке мақсаттарына, сондай-ақ бағалау, талдау, зерттеу немесе оқыту мақсатында пайдалану;

      3) қорғалатын топологияны оның өзiн бағалау немесе талдау негiзiнде жасалған түпнұсқалық басқа топологияға енгiзу мен осы Заңның 7-бабының 4-тармағында аталған iс-әрекеттердi осындай топологияға қатысты жасау;

      4) азаматтық айналымға заңды жолмен енгiзiлген қорғалатын топологиясы бар интегралдық микросхеманы тарату;

      5) осы Заңның 7-бабының 4-тармағында аталған iс-әрекеттердi басқа автор жасаған топологияға тәуелсiз, ұқсас түпнұсқалық топологияға қатысты жасау құқық иеленушiнiң айрықша құқығын бұзу деп танылмайды.

      11-бап. Топологияны тiркеу

      1. Топологияның авторы немесе өзге де құқық иеленушi топологияны уәкiлеттi органға тiркеуге өтiнiм беру арқылы тiркеуге құқылы.
      Топологияны тiркеу туралы өтiнiм мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде ұсынылады. Өтiнiмнiң басқа құжаттары мемлекеттiк, орыс немесе басқа тілдерде ұсынылады. Егер өтiнiмнiң өзге құжаттары басқа тiлде ұсынылса, өтiнiмге олардың мемлекеттiк немесе орыс тiлдерiндегi нотариат куәландырған аудармасы қоса берiледi. Аударма өтiнiммен бiр мезгiлде немесе басқа тiлдегi құжаттарды қамтитын өтiнiм уәкiлеттi органға келiп түскен күнiнен бастап екi айдан кешiктiрiлмей ұсынылуы тиiс.

      2. Егер топология бұрын пайдаланылса, тiркеуге өтiнiм беру ол алғаш пайдаланылған күннен бастап екi жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырылуы мүмкiн.

      3. Тiркеуге өтiнiм бiр топологияға қатысты болуға тиiс және онда:
      1) тiркеудi сұраған автор мен тұлғалар аты, сондай-ақ олардың тұрғылықты жерi немесе орналасқан жерi, егер топология бұрын пайдаланылса, ол алғаш пайдаланылған күн көрсетiлген топологияны тiркеуге өтiнiш;

      2) рефератты қоса алғанда, топологияны нақтылайтын материалдар;

      3) егер тiркеуге өтiнiм өкiл арқылы берiлсе, сенiмхат болуға тиiс.
      4) <*>
      Тiркеуге өтiнiмдi жасау мен ресiмдеуге қойылатын талаптарды уәкiлеттi орган белгiлейдi.

      4. Тiркеуге өтiнiм түскеннен кейiн уәкiлеттi орган қажеттi құжаттардың болуын және осы баптың 3-тармағында жазылған талаптарға олардың сәйкестiгiн тексередi. Тексеру оң нәтиже берген жағдайда уәкiлеттi орган топологияны Интегралдық микросхемалар топологияларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзедi, өтiнiш берушiге топологияны тiркеу туралы куәлiк бередi және тiркелген топология туралы мәлiметтердi бюллетеньде жариялайды.
      Өтiнiш берушi мәлiметтер бюллетеньде жарияланғанға дейiн өтiнiм материалдарын уәкiлеттi органның сауал салуы бойынша немесе өз бастамасы бойынша толықтыруға, нақтылауға және түзетуге құқылы.
      Тiркеу тәртiбiн, тiркеу туралы куәлiк нысанын, онда көрсетiлетiн мәлiметтер құрамын, сондай-ақ бюллетеньде жарияланатын мәлiметтер тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Құқық иеленушi болып табылмайтын топология авторына уәкiлеттi орган оның авторлығын растайтын куәлiк бередi.

      5. Интегралдық микросхемалар топологияларының мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген мәлiметтер дұрыс емес деп дәлелденбейiнше дұрыс деп есептеледi.
      Аталған мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн өтiнiш берушi жауапты болады.

      6. Уәкiлеттi органның куәлiктер беру және шарттарды тiркеу жөнiндегi iс-әрекеттер жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекеттiк баж алынады.
      Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.07.09 N 586, 2005.11.22. N 90 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

     12-бап. Ескерту таңбасы

      Құқық иеленушiнiң өз құқықтары туралы хабарлау үшiн топологияны қамтитын бұйымдарда айшықталған Т бас әрпi, топологияға айрықша құқық қолданылатын мерзiмнiң басталған күнi және құқық иеленушiнi айқындауға мүмкiндiк беретiн ақпарат түрiндегi ескерту таңбасын пайдалануға құқығы бар.

      13-бап. Топологияға айрықша құқықтың
              қолданылу мерзiмi

      1. Топологияға айрықша құқық топология тiркелген күннен бастап он жыл бойы қолданылады. 

      2. Егер топология тiркеуден өтпесе, аталған он жылдық мерзiм осы топологияның немесе осы топология бар интегралдық микросхеманың дүние жүзiнiң кез келген елiнде алғаш пайдаланылуының құжатпен расталған күнiнен бастап есептеледi.

      3. Топология тiркелген күнге дейiн пайдаланыла бастаған топологияны тiркеу кезiнде айрықша құқықтың қолданылу мерзiмi осы баптың 2-тармағына сәйкес есептеледi.

      4. Басқа автор өз бетiмен жасаған түпнұсқалық ұқсас топологияның пайда болуы осы баптың 1, 2-тармақтарында аталған айрықша құқықтың қолданылу мерзiмiн үзбейдi және тоқтатпайды, бұл орайда топологияға айрықша құқықтың қолданылатын жалпы мерзiмi он жылдан аспауы керек.

      14-бап. Топологияға құқықтарды қорғау

      1. Топологияға құқықтарды қорғауды сот:

      1) құқықтарды тану;

      2) құқық бұзылғанға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру;

      3) құқықты бұзатын немесе оны бұзу қатерiн төндiретiн iс-әрекеттердiң жолын кесу;

      4) құқық бұзушының келтiрiлген залалдар орнын толтыруы және моральдық зиянды өтеуi;

      5) залалдың орнын толтырту орнына айрықша құқықты бұзушы тапқан табысты өндiрiп алу; 

      6) айрықша құқықты бұзушының заңдарда белгiленген он мыңнан елу мыңға дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш сомасында өтем төлеуi. Өтем мөлшерiн сот залалдың орнын толтыру немесе табысты өндiрiп алу орнына белгiлейдi;

      7) азаматтық айналымға енгiзiлетiн немесе осы мақсатпен сақталатын және айрықша құқықты бұзады деп танылған интегралдық микросхемалар мен осындай микросхемаларды қамтитын бұйымдарды, сондай-ақ арнайы оларды дайындауға арналған материалдар мен жабдықтарды жою немесе құқық иеленушiнiң пайдасына алып қою;

      8) бұзылған құқық кiмге тиесiлi екендiгi туралы мәлiметтердi енгiзе отырып, орын алған бұзушылық туралы мiндеттi түрде жариялау;

      9) заң актiлерiнде көзделген, топологияға құқықтарды қорғауға байланысты өзге де шаралар қабылдау жолымен жүзеге асырады.

      2. Егер лицензиялық шартта көзделсе, айрықша құқықты бұзушыға лицензиат та талап мәлiмдеуi мүмкiн.

      15-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдер

      1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi және зияткерлiк меншiк саласында кемінде төрт жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен және зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органда тiркелген Қазақстан Республикасының әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
      Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу үшін уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымының қызметкерлері арасынан аттестаттау комиссиясын құрады. Бұл ретте, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ең аз саны кемінде бес қызметкерден тұрады.
      Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттауды сенім білдірілген өкілдерге кандидаттардан өтініштердің келіп түсуіне қарай жылына кемінде бір рет өткізеді.
      Аттестаттау нәтижелері бойынша аттестаттау комиссиясы кандидатты аттестаттау не аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Аттестаттау комиссиясы шешімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді. Аттестаттау комиссиясы шешім шығарған кезден бастап үш ай ішінде мұндай шешімге сот тәртібімен шағым жасауға болады.
      Патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидат аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырған кандидатқа патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігі беріледі, оның нысанын уәкілетті орган бекітеді.
      Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу және оларға куәлік беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін мемлекеттік баж алынады.
      2. Патенттік сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттар аттестаттауына:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға тыйым салынған адамдар;
      2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын адамдар;
      3) қылмыс жасағаны үшін заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адамдар;
      4) осы Заңға сәйкес патенттiк сенiм білдірілген өкiлдердің тiзiлiмінен шығарылған адамдар жiберiлмейдi.
      3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен:
      1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
      2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынатын адамдарға, оның ішінде уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
      3) осы Заңның 15-2-бабы 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында және 5-тармағында көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
      Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы үш ай ішінде тиісті шешім қабылдағанға дейін тоқтатыла тұрады.
      Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұруға негіз болған себептер жойылған жағдайда, оның қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық шешімімен қайта жалғастырылады.
      4. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтiнiш берушiнің немесе патент иеленушiнің өкілі ретінде уәкiлеттi органмен iс жүргiзуге байланысты қызметті жүзеге асырады. Уәкiлеттi органмен iс жүргiзудi, сондай-ақ өтініш беруші және (немесе) құқық иеленуші дербес жүзеге асыруы мүмкін.
      Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жеке тұлғалар немесе шетелдiк заңды тұлғалар уәкiлеттi органда патенттiк сенiм білдірілген өкiлдер арқылы өздерінің өтiнiш берушi ретіндегі құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын, бiрақ уақытша одан тыс жерде жүрген жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының шегiнде хат-хабар алмасу үшiн мекенжайларын көрсеткен кезде патенттiк сенiм білдірілген өкiлсiз-ақ өтiнiш берушi ретіндегі құқықтарын, сондай-ақ мүдделі тұлға ретіндегі құқықтарын жүзеге асыра алады.
      5. Патенттiк сенiм білдірілген өкiл сенiм бiлдiрушiден оның тапсырмасын орындауға байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде құпиялы ақпаратқа немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияға қойылатын талаптарды сақтаған кезде құпиялы болып танылады.
      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      15-1-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары
                 мен міндеттері

      1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтініш берушінің, өзімен еңбек шартын жасасқан жұмыс берушінің немесе өзімен немесе өзінің жұмыс берушісімен азаматтық-құқықтық шарт жасасқан тұлғаның мүддесінде мынадай қызмет түрлерін:
      1) интегралдық микросхемалар топологияларын қорғау, интегралдық микросхемалар топологияларына құқықтарды иелену немесе беру мәселелері бойынша консультация беру;
      2) өтініш берушінің атынан және тапсырмасы бойынша интегралдық микросхемалар топологияларына өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру;
      3) интегралдық микросхемалар топологияларын тіркеу мәселелері бойынша уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасау;
      4) лицензиялық (қосалқы лицензиялық) шарттарды және (немесе) өзгеге беру шарттарын жасауға, қарауға және кейіннен оларды сараптамаға жіберуге жәрдемдесу қызметін жүзеге асыруға құқылы.
      2. Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдiң өкiлеттiгi сенiмхатпен куәландырылады.
      3. Патенттік сенiм білдірілген өкіл интегралдық микросхемалардың топологияларын тіркеуге өтінімдер беруге және (немесе) қорғау құжаттарын алуға, сондай-ақ апелляциялық кеңеске қарсылықтарды беруге байланысты істерді жүргізуге арналған сенімхаттың көшірмесін ұсынған жағдайда, көрсетілген өтінім немесе қарсылық берілген кезден бастап үш ай ішінде патенттік сенім білдірілген өкіл тиісінше сараптама жасау ұйымына және уәкілетті органға сенімхаттың түпнұсқасын ұсынуға міндетті. Түпнұсқалылығы расталғаннан кейін сенімхаттың түпнұсқасы қайтарылуға жатады.
      Егер сенімхат шетел тілінде жасалса, онда міндетті түрде оның нотариус растаған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы ұсынылуға тиіс.
      4. Егер патенттiк сенiм білдірілген өкiл осы iс бойынша мүдделерi іс жүргізу туралы өтiнiш жасаған тұлғаның мүдделерiне қайшы келетiн тұлғалардың атынан өкiлдiк етсе немесе оларға консультация берсе немесе оны қарауға өзгеше қатысса, сондай-ақ, егер iстi қарауға патенттiк сенiм білдірілген өкiлдің жақын туысы, жұбайы (зайыбы) және оның жақын туысы болып табылатын лауазымды адам қатысса, ол тапсырманы қабылдамауға міндетті.
      Ескерту. Заң 15-1-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      15-2-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігін
                 қайтарып алу және оның күшін жою

      1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл аттестаттау комиссиясының шешімімен:
      1) өзінің аттестаттау комиссиясына берген өтініші негізінде;
      2) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде немесе Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен кезде;
      3) патенттік сенiм білдірілген өкілдің кәсіптік қызметінде бес жылдан астам үзіліс болған жағдайда;
      4) патенттік сенiм білдірілген өкіл қылмыс жасағаны үшін сотталып, соттың айыптау үкімі күшіне енген кезде;
      5) патенттік сенiм білдірілген өкіл қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған не ол қайтыс болды деп жарияланған жағдайда;
      6) патенттік сенiм білдірілген өкіл әрекетке қабілетсіз немесе оның әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған жағдайда патенттік сенім білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылады.
      2. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы баптың 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша тізілімнен шығарылған жағдайда, аттестаттау комиссиясының шешімімен куәліктің күші жойылады. Куәліктің күшін жою туралы мәліметтер патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізіліміне енгізіледі.
      3. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген жағдайда, патенттік сенiм білдірілген өкілдің куәлігі патенттік сенiм білдірілген өкілдің өзінің немесе соған негізі бар үшінші тұлғалардың өтініші негізінде аттестаттау комиссиясының шешімімен қайтарып алынады.
      Осы баптың 1-тармағы 1) және 2) тармақшаларының негіздері бойынша тізілімнен шығарылған патенттік сенiм білдірілген өкіл тізілімнен шығаруға себеп болған негіздер тоқтатылып, тізілімнен шығару туралы шешім жарияланған күннен бастап үш жыл ішінде аттестаттау комиссиясына өтініш берген жағдайда, біліктілік емтиханын қайта тапсырмай-ақ, патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде қайта тіркелуі мүмкін. Аттестаттау комиссиясы ұсынылған құжаттар бойынша осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген негіздердің жойылу фактісін анықтайды.
      4. Патенттік сенiм білдірілген өкілдердің тізілімінен шығарылған патенттік сенім білдірілген өкіл, бұл туралы мәліметтер енгізілген күннен бастап патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылады, ал оны патенттік сенім білдірілген өкіл ретінде тіркеу туралы куәлік қайтарып алынады не оның күші жойылады.
      5. Патенттік сенiм білдірілген өкіл осы Заңда белгіленген өз міндеттерін адал орындамаған жағдайда, уәкілетті орган құрамы уәкілетті орган қызметкерлерінің тақ санынан тұратын апелляциялық комиссия құрады.
      Апелляциялық комиссия алқалы орган болып табылады және жеке және (немесе) заңды тұлғалардың пікірінше, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін білдіретін патенттік сенім білдірілген өкілдердің қолданыстағы заңнаманы бұза отырып жасаған іс-әрекеттеріне олардың шағымдарын қарайды.
      Патенттік сенiм білдірілген өкілдің іс-әрекеттеріне шағым берген тұлғалар және өздеріне қатысты осындай шағымдар берілген патенттік сенім білдірілген өкілдер апелляциялық комиссияның отырысына қатысуға құқылы.
      Шағымды қарау нәтижелері бойынша апелляциялық комиссия уәкілетті органға патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігінің күшін жою туралы сотқа талап арыз жолдауға ұсыныс жасайды не мынадай:
      1) дәлелдемелердің жеткіліксіздігіне байланысты немесе объективті шешім қабылдауға ықпал ететін мән-жайлар анықталғанға дейін шағымның қаралуын кейінге қалдыру туралы;
      2) шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
      Апелляциялық комиссияның шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамамен ресімделеді. Апелляциялық комиссияның шешіміне сотқа шағым жасалуы мүмкін.
      Апелляциялық комиссия туралы ережені уәкілетті орган белгілейді.
      Ескерту. Заң 15-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

      16-бап. Шетелдiктердiң, шетелдiк заңды тұлғалар мен
              азаматтығы жоқ адамдардың құқықтары

      1. Шетелдiктер мен шетелдiк заңды тұлғалар осы Заңда көзделген құқықтарды Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға байланысты немесе өзара принцип негізінде Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең пайдаланады.

      2. Егер осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінен өзгеше туындамаса, Қазақстан Республикасында тұратын азаматтығы жоқ адамдар осы Заңда және топологияларды құқықтық қорғауға қатысты өзге де актілерде көзделген құқықтарды Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең пайдаланады.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті