Сайлау қорларының қаражатын жұмсаудың ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 7 тамыздағы N 19/222 Қаулысы

Жаңартылған

       Ескерту. Қаулының атауы жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/214 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

     "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы"  Конституциялық заңның 12-бабының 1-тармағы және  34-бабының 6-тармағы негiзiнде Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы қаулы етеді: 
     1. Қоса беріліп отырған Сайлау қорларының қаражатын жұмсаудың ережесі бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/214 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
     2. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының "Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттығына кандидаттардың сайлау қорларын құрудың, жұмсаудың, есептеудiң және есеп берудің Тәртiбiн бекiту туралы" 1995 жылғы 12 қазандағы N 13, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде 1997 жылғы 8 мамырда тiркелген, тiркелу N  304 қаулысының күшi жойылды деп танылсын. 
     3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының "Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнің депутаттығына кандидаттардың сайлау қорларын құрудың, жұмсаудың, есептеудiң және есеп берудiң Тәртiбiнiң" 5-тармағын өзгерту туралы" Орталық сайлау комиссиясының 1995 жылғы 12 қазандағы N 13, 1996 жылғы 26 маусымдағы N 55 қаулысымен бекiтiлген, Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде 1997 жылғы 8 мамырда тiркелген, тiркелу N 304  қаулысының күшi жойылды деп танылсын.
     4. Осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде тiркеуден өткен сәттен бастап күшiне енедi.     

      Қазақстан Республикасы
     Орталық сайлау комиссиясының
     төрайымы     

     Қазақстан Республикасы
     Орталық сайлау комиссиясының
     хатшысы

Қазақстан Республикасы Орталық       
сайлау комиссиясының 1999 жылғы       
7 тамыздағы N 19/222 қаулысымен       
бекітілген                 

  Сайлау қорларының қаражатын жұмсаудың ережесі

      Ескерту. Атауы жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/214 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

       Ескерту: Ережелердің атауындағы және бүкіл мәтіні бойынша "Парламент Мәжілісінің депутаттарын" деген сөздер тиісті септіктердегі және етістіктің түрлеріндегі "Парламент, мәслихаттар депутаттарын және әкімдерді" деген сөздермен ауыстырылды;
     ережелердің бүкіл мәтіні бойынша "саяси партияның" және "партияның" деген сөздерден кейін тиісті септіктердегі "(сайлау блогының)" деген сөздермен толықтырылды - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрайымының 2005 жылғы 14 ақпандағы 153/219 қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 2005.08.02. N 8|16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз)  қаулысымен .
      атауында және бүкіл мәтін бойынша "және әкімдерді" және "әкімдер" деген сөздер, "(сайлау блогына)", "(сайлау блогының)" деген сөздер алынып тасталды - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2007 жылғы 27 маусымдағы  N 91/182 қаулысымен. 

  1. Сайлау қорларының ақшалай қаражатын жұмсау 

     1. Сайлау қорының қаражатына иелік ету құқығы тек «Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламенті Сенатының, мәслихатының депутаттығына, Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдігіне (бұдан әрі - әкімдікке) кандидатқа немесе партиялық тізімін ұсынған саяси партияға берiледi. Саяси партияның сайлау қоры қаражатын пайдалануға байланысты қаржылық және басқа да құжаттарға қол қою құқығын саяси партияның басшысына немесе партияның алқалық органының шешiмiмен уәкiлеттi адамға беріледі.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/214 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

     2. Президенттікке, Парламент Сенаты, мәслихат депутаттығына, әкімдікке кандидат немесе саяси партия өздерiнің сайлау қорлары қаражатынан: 
     1) тiркелген кез келген бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөйлеген сөздерiне; 
     2) сайлау алдындағы шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен кездесулердi, жария түрдегi сайлау алдындағы пiкiр таластары мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және өзге де сайлау алдындағы шараларды), Президенттікке, Парламент Сенатының, мәслихаттардың депутаттығына кандидаттардың және олардың сенім білдірген адамдарының, партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттардың, саяси партиялардың сенім білдірген адамдарының сайлаушылармен жеке кездесулер өткiзуге; 
     3) заңды және жеке тұлғалардың қызметiне төлемақы жасауға; 
     4) баспа, бейне-дыбыс жазу және өзге де үгiт материалдарын шығаруға және (немесе) таратуға; 
     5) заңды және жеке тұлғалардың үгiт жұмыстарын ұйымдастыруға байланысты қызметтерiне ақы төлеуге; 
     6) Алып тасталды - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/214 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
     7) сенiм бiлдiрген адамдар сайлау алдындағы үгiтке байланысты көлiк және iссапар шығындарын жабуға; <*>
     8) сайлау науқанына арнайы тегін тарату үшiн дайындалған баспа материалдарын, соның ішінде безендiрмелiк материалдарды, сондай-ақ белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды, өзге де белгiлер мен нышандарға арналған шығындарды төлеуге құқылы.
     Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2004 жылғы 22 маусымдағы  N 109/133 , 2005.08.02. N 8|16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз), 2007.06.27.  N 91/182, 27.06.2013 № 14/214 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

     3. Кез келген басқа көздерден өзге де ақшалай қаражат тартуға, заңды және жеке тұлғалардың үгiт жұмысын ұйымдастыру жөнiндегi сайлау қорларынан төленбеген кез келген қызметiн қабылдауға, аталған заңды және жеке тұлғаларға осы қызметтердi көрсеткенi үшiн кандидат немесе саяси партия тарапынан кез келген ықпалды әрекет жасауына тыйым салынады. 

     4. Кандидат өз кандидатурасын алып тастаған жағдайда партиялық тiзiмдегi кандидатты ұсыну мен тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жойған жағдайда сайлау қорына түскен ақшалай қаражат оны енгiзген азаматтар мен ұйымдарға дереу қайтарылатын болады. Бұл орайда қаражатты қайтаруға байланысты шығындар оны енгiзген азаматтар мен ұйымдар есебiнен жабылады.
       Ескерту. 4-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 2007.06.27.  N 91/182 қаулысымен.

     5. Тиiстi банк бөлiмшелерi жетi күн мерзiмде тиiстi сайлау комиссиясына ақшалай қаражатты қайтару туралы мәлiмет бередi. 

  2. Сайлау қорларының ақшалай қаражатын пайдалану
туралы есеп беру 

      6. Сайлау қорлары қаражатының жұмсалуына бақылауды тиiстi сайлау комиссиялары мен банк бөлiмшелерi жүзеге асырады. Тиiстi сайлау комиссиясының ұсынысы бойынша бақылауға өзге де мемлекеттік органдар олардың құзырына сәйкес қамтылуы мүмкiн. 

      7. Сайлау қорлары қаражатының мақсатты жұмсалуын Президенттікке, Парламент Сенаты, мәслихаттар депутаттығына, әкімдікке кандидат, саяси партия қамтамасыз етеді.
       Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/214 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

        8. Президенттікке, Парламент Сенаты, мәслихат депутаттығына, әкімдікке кандидат, саяси партия өзiнің сайлау қорына қаражаттың түсу есебiн, сондай-ақ олардың жұмсалу есебiн жүргiзедi. Есеп түсiмнiң әр түрi бойынша, күнi, теңгедегі сомасы және осы қаражатты аударған нақты жеке және заңды тұлғаның атауы көрсетiле отырып, жүргiзiледi. Шығыстар тiзiлімiнде: қаражаттың шотқа келiп түскен күнi, қаражаттың банктен алынған күні қаражат сомасы, қаражат жұмсалған іс-шаралар, қаражаттың түскенiн және жұмсалғанын растайтын құжаттар жазылады.
      Банктер тиісті сайлау комиссиясына арнаулы уақытша шотқа келіп түскен қаражат және олардың жұмсалуы туралы апта сайын есеп береді. Тиісті сайлау комиссиясының сұратуы бойынша сол мәліметтер жиырма төрт сағаттың ішінде беріледі.
      Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрайымының 2004 жылғы 22 маусымдағы N 109/133   қаулысымен, ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 2005.08.02. N 8|16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз), 2007.06.27.  N 91/182, 27.06.2013 № 14/214 (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен. 

      9. Арнаулы уақытша шоттар бойынша барлық қаржылық операциялар сайлау алдындағы күнi сағат 18.00-ден бастап тоқтатылады.
      Қайта дауыс беру өткізілген кезде өздеріне қатысты қайта дауыс беру өткізілетін кандидаттардың арнаулы уақытша шоттары бойынша қаржылық операциялар қайта дауыс беру күні тағайындалған күні қайта жаңғыртылады және сайлау күнінің алдындағы күнгі сағат он сегізде тоқтатылады. Сайлау қорына ол құрылған кезден бастап түскен ақшаның жалпы сомасы, осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңымен белгіленген шектен аспауға тиіс.
      Әкімдікке кандидаттың сайлау қорына құрылған кезден бастап түскен ақшаның жалпы сомасы Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі № 555 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттігін тоқтату және қызметтен босату қағидаларына (бұдан әрі – Сайлау қағидалары) сәйкес белгіленген шектерден аспауға тиіс.
       Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/214 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

        10. Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейiн бес күннен кешiктiрмей кандидат немесе саяси партия тиiстi сайлау комиссиясына өзінің сайлау қорының қаражатын пайдаланғаны жөнiнде есеп беруге мiндеттi, онда сайлау қорына ақшалай түсiмдер көздерi және сайлау алдындағы үгiт мақсатына жұмсалған барлық шығындар көрсетiледi. Бұл орайда шоттың банк куәландырған көшiрмесi табыс етiледi. 

      11. Есептер ұсынылған нысан бойынша қаражаттың жұмсалғанын растайтын құжаттар N 1, N 2, N 3, N 4 қосымшаларымен тiркеле отырып табыс етiледi. 

      12. Банктің тиiстi бөлiмшелерi сайлау қорының сайлау науқаны мақсаттарына жұмсалмай қалған ақшалай қаражатының үштен екiсiн республикалық бюджетке жiбередi, ал үштен бiрiн кандидатқа немесе саяси партияға тиiстi сайлау комиссиясына мәлiмет бере отырып қайтарады, ал сайлау комиссиясы есептi қабылдағандығы туралы шешiм қабылдайды.
       Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 2005.08.02. N 8|16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз), 2010.10.14 N 10/13 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

         13. Кандидаттың, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның  34-бабының 1-8 тармақтарында белгіленген талаптарды және осы Ережені бұзуы - кандидатты, партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға, ал сайлау өткізілгеннен кейін кандидаттың Президенттікке, Парламент, мәслихаттар депутаттары және әкімі ретінде тіркелуіне дейін тиісті аумақ немесе округ бойынша сайлауды жарамсыз деп тануға әкеп соғады.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрайымының 2004 жылғы 22 маусымдағы N 109/133   қаулысымен , ҚР Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының 2005.08.02. N 8|16 (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз)  қаулысымен .

                                Сайлау қорларының     
қаражатын жұмсаудың ережесіне
1-қосымша         

Нысан

Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламент Сенаты,
мәслихаттары депутаттығына, әкімдігіне кандидаттардың және
саяси партиялардың сайлау қорларына қаражаттың түсуі туралы
анықтама

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/214 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламент Сенаты, мәслихаттары депутаттарына, әкімдігіне кандидаттың Т.А.Ә. немесе саяси партиялардың толық атауы, қай банк мекемесінде шот ашылған.
      2. 201 __жылғы ______ жағдай бойынша сайлау қорының жалпы сомасы _____ теңге.

Түскен
күні

Сомасы (теңгемен)

Түсім көзі

Түскенін растайтын құжаттар

1




2




3




4




5




      Ескертпе: Банк мекемесі тиісті сайлау комиссиясына апта сайын, ал тиісті сайлау комиссиясының сұратуы бойынша жиырма төрт сағаттың ішінде береді.

      Қолдар:

      Банк мекемесінің басшысы:    /Т.А.Ә./

      Бас бухгалтер:               /Т.А.Ә./

Сайлау қорларының    
қаражатын жұмсаудың ережесіне
2-қосымша         

Нысан

Жарналар белгіленген шекті мөлшерлерден асып кеткен,
кандидат өз кандидатурасын алып тастаған, партиялық тізім
қайтарылып алынған немесе кандидатты, партиялық тізімді ұсыну
немесе тіркеу туралы шешімнің күші жойылған жағдайда қаражатты
қайтару туралы анықтама

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/214 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламенті Сенатының, мәслихатының депутаттығына, әкімдігіне кандидаттың Т.А.Ә., саяси партияның толық атауы, қай банк мекемесінде шот ашылған.

Түскен
күні және сомасы теңгемен

Түсім көзі

Қаражаттың банкке түскенін растайтын құжат

Қаражаттың қайтарылған күні және олардың қайтарылғанын растайтын құжат

1




2




3




4




5




      Ескертпе: Банк мекемесі тиісті сайлау комиссиясына енгізілген ақша қаражатының дереу қайтарылу шамасына қарай береді.

      Банк мекемесінің басшысы:     /Т.А.Ә./

      Бас бухгалтер:                /Т.А.Ә./

Сайлау қорларының     
қаражатын жұмсаудың ережесіне
3-қосымша          

Нысан

Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламенті Сенатының, мәслихатының депутаттығына, әкімдігіне кандидаттың
және саяси партияның сайлау қоры қаражатының жұмсалуы туралы
анықтама

      Ескерту. 3-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/214 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламенті Сенатының, мәслихатының депутаттығына, әкімдігіне кандидаттың Т.А.Ә., саяси партияның толық атауы, қай банк мекемесінде шот ашылған.
      2. 201 ___ жылғы ______ жағдай бойынша сайлау қорының қалдығы ____ теңге.

Күні

Сомасы
(теңге)

Қаражат жұмсалған
іс-шаралар

Қаражаттың жұмсалғандығын растайтын құжаттар
(төлем қағазының немесе чектің берілген күні мен нөмірі)

      Ескертпе: Банк мекемесі тиісті сайлау комиссиясына апта сайын, ал тиісті сайлау комиссиясының сұратуы бойынша жиырма төрт сағаттың ішінде береді.

      Банк мекемесінің басшысы:    /Т.А.Ә./

      Бас бухгалтер:               /Т.А.Ә./

Сайлау қорларының     
қаражатын жұмсаудың ережесіне
4-қосымша         

Нысан

Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламенті Сенатының
мәслихаттының депутаттығына, әкімдігіне кандидаттың, саяси
партиялардың сайлау қорытындылары анықталғаннан кейінгі сайлау
қоры қаражатын пайдалануы туралы есебі

      Ескерту. 4-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Орталық сайлау комиссиясының 27.06.2013 № 14/214 қаулысымен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. Қорға түскен ақшалай түсімдердің көздері: (анықтамалар қаражаттың түскендігін растайтын құжаттармен қоса беріледі).
      2. Сайлау алдындағы үгіт мақсатында жасалған шығындар: (анықтамалар қаражаттың жұмсалғанын растайтын құжаттармен қоса беріледі).
      3. Сайлау қоры қаражатының қалдығы 201 __ жылғы ______ жағдай бойынша -________ теңге.
      4. Қалдықтың үштен екісі ________ теңге мөлшерінде республикалық бюджетке аударылды (төлем құжатының № мен күні).
      5. Президенттікке, Парламент Сенаты, мәслихаттар депутаттығына, әкімдікке кандидатқа, саяси партияға қалдықтың үштен бірі ____ теңге сомасында қайтарылды (төлем құжатының № мен күні).

      Ескертпе: Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламент Сенаты, мәслихаттары депутаттығына, әкімдігіне кандидат, саяси партия Орталық сайлау комиссиясына сайлау қорытындылары анықталғаннан кейінгі бес күннен кешіктірмей, банк растаған жеке шоттың көшірмесімен бірге ұсынады.

      Есепті растап қол қоюшылар:

      Банк мекемесінің басшысы:                    /Т.А.Ә./

                         М.О.

      Президенттікке, Парламент Сенаты,
      мәслихат депутаттығына, әкімдікке кандидат:  /Т.А.Ә./

                         М.О.

      Партия жетекшісі немесе
      партияның ұжымдық органы
      уәкілеттік берген адам:                      /Т.А.Ә./

      Қазақстан Республикасы
      Орталық сайлау комиссиясының
      Төрағасы:                                    /Т.А.Ә./

                         М.О.