Уақытша өтемдік тарифті бекіту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 23 қарашадағы № 484 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 5 қаңтарда № 14644 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-1-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Уақытша өтемдік тарифті бекіту қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Уақытша өтемдік тарифті бекіту жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2013 жылғы 16 сәуірдегі № 115-НҚ бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8472 болып тіркелген);

      2) "Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтік сметаны орындау туралы есепті орналастыру қағидаларын, Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтік сметаны орындау барысы туралы тұтынушыларды хабардар ету қағидаларын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 шілдедегі № 566 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін кейбір бұйрықтар тізбесі 5) тармақшасының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11972 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 25 қыркүйекте жарияланған).

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерінің баспа және электрондық түрде мерзімді баспасөз басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Қ. Бишімбаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ақпарат және коммуникация министрі

      ______________Д. Абаев

      2016 жылғы "____" ___________

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2016 жылғы 23 қарашадағы
№ 484 бұйрығымен
бекітілген

Уақытша өтемдік тарифті бекіту қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Уақытша өтемдік тарифті бекіту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді.

      2. Осы Қағидалардың мақсаты табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) уақытша өтемдік тарифтің мөлшерін бекіту және есептеу тәртібін айқындау болып табылады.

      3. Осы Қағидалардың ережесі меншік нысанына қарамастан барлық табиғи монополия субъектілеріне қолданылады.

      4. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) негізсіз кіріс – табиғи монополия субъектісінің уәкілетті органның ведомствосы бекіткен тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) деңгейінен немесе оның шекті деңгейінен асатын құн бойынша ақы алу және (немесе) тарифтік сметада көзделген амортизациялық аударымдарды мақсатқа сай пайдаланбау, тарифтік сметаның шығын баптарын уәкілетті органның ведомствосы бекіткен мөлшерден бес пайыздан астам орындамау, тарифтік сметада инвестициялық бағдарламаларды (жобаларды) орындауға көзделген қаражатты орындамау немесе мақсатқа сай пайдаланбау нәтижесінде алған қосымша кірісі;

      2) уәкілетті орган – табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      3) уәкілетті органның ведомствосы – Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті;

      Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамаға сәйкес қолданылады.

      5. Уақытша өтемдік тарифті бекітуге негіз табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) тұтынушыларға шығын келтірген іс-қимылдары болып табылады.

      6. Табиғи монополия субъектісінің:

      1) тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) немесе оның шекті деңгейін заңсыз көтеруі;

      2) амортизациялық аударым қаражатын мақсатқа сай пайдаланбауы (бұдан әрі - мақсатс);

      3) неғұрлым тиімді әдістер мен технологияларды қолдануға, нормативтік техникалық шығындарды төмендету іс-шараларын өткізуге, реттеліп көрсетілетін қызметтер көлемінің табиғи монополия субъектісіне байланысты емес себептер бойынша, конкурстық (тендерлік) рәсімдерді өткізу нәтижелері бойынша қысқаруына байланысты шығындарды үнемдеу жағдайларын, сондай-ақ Заңның 15-3-бабы 10-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) немесе олардың шекті деңгейлерін бекіту кезінде ескерілген инвестициялық бағдарламалардың іс-шараларын (жобаларды) орындамауы;

      4) неғұрлым тиімді әдістер мен технологияларды қолдануға, нормативтік техникалық шығындарды төмендету іс-шараларын өткізуге, реттеліп көрсетілетін қызметтер көлемінің табиғи монополия субъектісіне байланысты емес себептер бойынша, конкурстық (тендерлік) рәсімдерді өткізу нәтижелері бойынша қысқаруына байланысты шығындарды үнемдеу жағдайларын қоспағанда, тарифтік сметаның шығындары баптарын уәкілетті органның ведомствосы бекіткен мөлшерден бес пайыздан астам орындамауы тұтынушыларға шығын келтірген іс-қимылы деп танылады.

      Бұл ретте осы тармақтың 1) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, өтемдік тарифті бекіту туралы шешім тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шекті деңгейінің қолданыс мерзімі аяқталған соң қабылданады.

2-тарау. Уақытша өтемдік тарифті бекіту тәртібі

      7. Уәкілетті органның ведомствосы уақытша өтемдік тарифті:

      1) табиғи монополия субъектiсiне олар жүргiзген тексерулер материалдарының;

      2) табиғи монополия субъектiсiнiң тарифтiк сметаны орындауын талдау және (немесе) табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламаны (жобаны) орындау туралы ақпаратын талдау нәтижелерiнiң негiзiнде шешім қабылдау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып бекiтедi.

      8. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілеген Заңның 7-бабы 5-тармағының талаптарын ескере отырып фактілерді растау үшін уәкілетті органның ведомствосы табиғи монополия субъектісінен қажетті ақпаратты оны ұсыну мерзімін көрсете отырып сұратады.

      9. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпарат оны уәкілетті органның ведомствосына ұсынудан бас тартуға негіз болып табылмайды, бұл ретте мүдделі тұлғалар ақпаратты ұсыну кезінде коммерциялық құпияны құрайтын мәлiметтердiң толық тiзбесiн көрсетеді не мүдделі тұлғаның коммерциялық құпияны құрайтын мәлiметтердiң тiзбесiн бекітуі туралы актінің көшірмесін қоса береді.

      10. Уақытша өтемдiк тарифтi енгiзу табиғи монополия субъектісінің тарифтік сметаны орындауын тексеру, талдау және (немесе) табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламаны (жобаны) орындауы туралы ақпаратына талдау жүргізген айдан кейінгі екінші айдың бiрiншi күнiнен бастап жүзеге асырылады.

      11. Табиғи монополия субъектісі уақытша өтемдік тарифті бекiту туралы ақпаратты тұтынушының назарына оны қолданысқа енгiзгенге дейiн кемінде күнтізбелік 10 күн бұрын жеткiзеді.

      12. Уәкiлеттi органның ведомствосы табиғи монополия субъектiсiнiң реттелiп көрсетiлетiн қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) уақытша өтемдiк тарифтi бекiту туралы шешiмi уәкiлеттi орган ведомствосының бұйрығымен ресiмделедi.

      13. Уақытша өтемдiк тарифтiң қолданысы кезеңінде табиғи монополия субъектiсi Заңға сәйкес уәкілетті органның ведомствосына тарифтi (бағаны, алым мөлшерлемесін) немесе оның шектi деңгейiн бекiтуге өтiніш жасай алады.

      Бұл ретте, жаңа тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) деңгейін негіздеуге алынған кіріс шешім қабылдау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, табиғи монополия субъектісінің өзінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) тұтынушыларға өтегенін шегеріп, негізсіз алынған кіріс сомасына азаяды.

      Инвестициялық бағдарламаны іске асыратын және міндеттемелері табиғи монополия субъектісінің рейтингімен тікелей байланысты кредиттік ұйымдардың қарыз қаражатын тартатын табиғи монополия субъектісі үшін тарифтік сметаны және (немесе) инвестициялық бағдарламаны орындамау нәтижесінде алынған сома тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) деңгейін өзгертуге өтінімді қарау кезінде кіріс бөлігін кеміту жолымен ескеріледі.

      Бұл ретте, тарифтік сметада тарифтік сметаны және (немесе) инвестициялық бағдарламаны орындамаудың сомасы жеке жолда көрсетіледі.

      Уәкілетті органның ведомствосы жаңа тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) немесе оның шекті деңгейлерін бекітуге табиғи монополия субъектісінің өтінімін қарау кезінде, уәкілетті органның ведомствосы негізсіз кіріс сомасын анықтаған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, жаңа тариф (баға, алым мөлшерлемесі) немесе оның шекті деңгейінің негіздемесіне алынған кірістен оны алып тастайды.

      Уәкілетті органның ведомствосы жаңа тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) немесе оның шекті деңгейін Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2013 жылғы 17 шілдедегі № 213-НҚ бұйрығымен бекітілген Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) шекті деңгейін және тарифтік сметаларды бекіту қағидаларының 19-тармағына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8625 болып тіркелген), Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2013 жылғы 19 шілдедегі № 215-НҚ бұйрығымен бекітілген Табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алымдар ставкаларын) және тарифтік сметаларды бекіту қағидаларының 16-тармағына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8642 тіркелген) және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 176 бұйрығымен бекітілген Қуаттылығы аз табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін оңайлатылған мемлекеттік реттеу қағидаларының 7-тармағына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10512 тіркелген) бекітудан бас тартқан жағдайда және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, негізсіз кіріс сомасын анықтаған кезде уәкілетті органның ведомствосы уақытша өтемдiк тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) немесе оның шекті деңгейін бекіту туралы шешім қабылдайды.

      14. Табиғи монополия субъектiсi тұтынушыларға келтiрген шығындарды уақытша өтемдiк тарифтiң қолданылу кезеңi аяқталғанға дейiн толық өтеген жағдайда, табиғи монополия субъектiсi уәкiлеттi орган ведомствосына уақытша өтемдiк тарифтiң қолданылу кезеңi аяқталғанға дейiн уақытша өтемдiк тарифтiң күшін жою туралы өтiнiшті, тұтынушыларға келтірілген шығынды өтеу фактісін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жасай алады.

      Уәкiлеттi органның ведомствосы өтініш түскен күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде уақытша өтемдік тарифті алып тастау туралы өтiнiштi қарайды және қарау нәтижелері бойынша уақытша өтемдік тарифтің қолданыс кезеңін өзгеру туралы шешім қабылдайды не табиғи монополиялар субъектісін бас тарту себептерін көрсете отырып, бас тартқандығы туралы хабардар етеді.

3-тарау. Уақытша өтемдік тариф мөлшерін есептеу

      15. Осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген бұзушылықтар анықталған жағдайда, уәкілетті органның ведомствосы реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) іс жүзінде ұсынылған көлемін және табиғи монополия субъектісі бұзушылықтарға жол берген кезеңде іс жүзінде алынған кірісті айқындайды.

      16. Табиғи монополия субъектiсi жол берген бұзушылықтар кезеңi:

      1) осы Қағидалардың 6-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда – табиғи монополия субъектiсi уәкiлеттi органның ведомствосы бекiткен тарифтен (бағадан, алым мөлшерлемесінен) немесе оның шектi деңгейiнен асатын құн бойынша ақы алған кезең;

      2) осы Қағидалардың 6-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайда – уәкiлеттi органның ведомствосы табиғи монополия субъектiсiнiң реттелiп көрсетiлетiн қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтiк смета бекiткен жыл болып есептеледi.

      17. Осы Қағидалардың 6-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, негiзсiз алынған кіріс (НТ) сомасы мынадай формула бойынша айқындалады:

      HT=(T1-T)xVI, мұндағы

      Т1 – табиғи монополия субъектiсi нақты қолданған көрсетiлетiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) құны, теңге;

      Т – уәкiлеттi органның ведомствосы бекiткен тариф (баға, алым мөлшерлемесі) немесе оның шектi деңгейi, теңге;

      VI – бұзушылықтар жiберiлген кезең iшiнде табиғи монополия субъектiсi нақты көрсеткен реттеліп көрсетілетін қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) көлемi.

      18. Осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, негiзсiз алынған кіріс (НТ) сомасы мынадай формула бойынша айқындалады:

      HT=Амақсатс, мұндағы:

      А мақсатс – бекiтiлген тарифте және (немесе) тарифтiк сметада амортизациялық аударымдар қаражаттарының есебінен көзделген, табиғи монополия субъектiсi реттелiп көрсетiлетiн қызметтердi ұсынуда пайдаланылатын тiркелген активтерге капиталдық салымдарға және күрделi қаржы салуға және тартылған кредиттiк ресурстар бойынша негiзгi қарызды қайтаруға байланысы жоқ мақсаттарға бағытталған қаражаттар, теңге.

      19. Осы Қағидалардың 6-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, негiзсiз алынған кіріс сомасы (НТ) мынадай формула бойынша айқындалады:


мұндағы:

      ИПi – тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) немесе олардың шекті деңгейлерін бекіту кезінде ескерілген инвестициялық бағдарламаның (жобаның) орындалмаған і – іс-шарасын толық немесе ішінара іске асыруға инвестициялық бағларламада көзделген шығындар, теңге.

      20. Осы Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда, негiзсiз алынған кіріс сомасы (НТ) мынадай формула бойынша айқындалады:


, мұндағы

      Зi – бекiтiлген тарифтiк сметада ескерiлген шығындармен салыстырғанда i-бабы бойынша 5 пайыздан асатын шығындарды толық игермеу, теңге.

      21. Негiзсiз алынған кірістің түпкiлiктi сомасы (НТк) шешiм қабылдау күнiне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, мынадай формула бойынша айқындалады:


, мұндағы

      НТк – қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, негiзсiз алынған кіріс сомасы, теңге;

      НТ – осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген бұзушылықтардың түрлері бойынша негiзсiз алынған кірістің жалпы сомасы;

      к – шешiм қабылдау күнiне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру мөлшерлемесі, %.

      22. Уақытша өтемдiк тариф (Төтем) мынадай формула бойынша айқындалады:


, мұндағы

- уақытша өтемдiк тариф, теңге;

      V – бекiтiлген тарифтiк сметада ескерілген реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) жылдық көлемi.

      23. Уақытша өтемдiк тариф қолданылатын кезеңді (бұдан әрi – қолданыс кезеңі) уәкiлеттi органның ведомствосы айқындайды:


, мұндағы

      n – уақытша өтемдiк тарифтiң қолданыс кезеңi.

      24. Уақытша өтемдiк тарифтi есептеу мысалы Уақытша өтемдік тарифті бекіту жөніндегі қағидаларға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

  Уақытша өтемдiк тарифтi
бекiту жөніндегі қағидаларға
қосымша

Уақытша өтемдiк тарифтi есептеу үлгiсi

      Бекiтiлген тариф (баға, алым мөлшерлемесі) Т – 8 теңге

      Бекiтiлген тарифте қабылданған реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң (тауарлардың, жұмыстардың) көлемi V – 1000 текше метр (бұдан әрі - м 3).

      1. Негiзсiз алынған кіріс (НТ) сомасы – 1000 теңге.

      2. Шешiм қабылдау күнiне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, негiзсiз алынған кіріс сомасы айқындалады (НТк):



      мұндағы

      1000 теңге – негiзсiз алынған кіріс сомасы;

      7,5 % – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қайта қаржыландыру мөлшерлемесі;

      1075 теңге – қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, негiзсiз алынған кіріс сомасы.

      3. Уақытша өтемдiк тарифтiң деңгейi мынадай формула бойынша айқындалады:


, мұндағы

      6,93 теңге/м3 - уақытша өтемдiк тарифтiң деңгейi.

      4. Қолданыс кезеңi мынадай формула бойынша айқындалады:



      1 жыл – тұтынушыларға шығындарды қайтару кезеңi.