Қуаттылығы аз табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін оңайлатылған мемлекеттік реттеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 176 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 19 наурызда № 10512 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 22 мамырдағы № 42 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.05.2020 № 42 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.
      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 23.06.2016 № 279 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.09.2017 № 335 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік
он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      "Табиғи монополиялар туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қуаттылығы аз табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін оңайлатылған мемлекеттік реттеу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 23.06.2016 № 279 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде және мерзімдік баспасөз басылымдарында ресми жариялауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Е. Досаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      ________________ Ә. Исекешев

      2014 жылғы "____" ______________



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2014 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 176 бұйрығымен бекітілген

Қуаттылығы аз табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін
оңайлатылған мемлекеттік реттеу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 24.07.2015 № 567 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Жалпы ережелер

      1. Қуаттылығы аз табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін оңайлатылған мемлекеттік реттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Табиғи монополиялар туралы" 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 15-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және қуаттылығы аз табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеудің оңайлатылған тәртібін айқындайды.

      Қағидалар іске асырудың мынадай кезеңдерін көздейді:

      1) тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) және тарифтік сметалардың жобаларын бекітуге өтінім ұсыну;

      2) тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) және тарифтік сметаларды бекіту;

      3) шығындарды қалыптастырудың ерекше тәртібі;

      4) түзетулерді ескере отырып, тарифтік сметаны бекіту;

      5) тарифтік сметаны орындау туралы есепті ұсыну.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.09.2017 № 335 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      қуаттылығы аз табиғи монополия субъектісі – мынадай:

      жалпы белгіленген қуаттылығы жиырма Гкал/сағатты қоса алғанға дейінгі жылыту қазандықтарынан жылу энергиясын өндіру, беру, тарату және (немесе) онымен жабдықтау жөніндегі;

      көлемi жылына бес жүз мың текше метрге дейiн сумен жабдықтау және (немесе) су бұру;

      көлемі жылына отыз миллион текше метрге дейiн суғару үшін су беру жөніндегі;

      әуежайда қызмет көрсетілген жолаушылар саны бір жылда үш жүз мың адамнан аз болған кезде әуежайлардың;

      көлемі елу мың вагон/км-ге, вагон/сағатқа дейін болатын кірме жолдар саласындағы;

      көлемі жылына жиырма бес миллион кВт.сағатқа дейін электр энергиясын беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді өткізуді жүзеге асыратын табиғи монополия субъектiсi.

      Қуаттылығы аз табиғи монополия субъектісіне (бұдан әрі – субъект) кірісі күнтізбелік бір жыл ішінде табиғи монополия субъектісінің барлық реттеліп көрсетілетін қызметінен түсетін кірістің бес пайызынан аспайтын реттеліп көрсетілетін қызмет бойынша табиғи монополия субъектісі де жатады. Бұл ретте қалған реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша табиғи монополия субъектісі қуаттылығы аз табиғи монополия субъектісіне жатпайды;

      Лондон банкаралық нарығының мөлшерлемесі – жылдық пайыз ретінде көрсетілетін пайыздарды есептеу кезеңінің бірінші күніне құны бойынша (немесе пайыздарды төлеу күніне құны бойынша пайыздарды есептеудің бастапқы кезеңі жағдайында не пайыздарды есептеудің осындай кезеңі күні, не пайыздық есептеудің алдындағы күні) алты айлық бір валюталық депозиттер бойынша Лондон банкаралық нарығындағы ұсыныс мөлшерлемесі;

      негізсіз алынған кіріс – уәкілетті органның ведомствосы бекіткен тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) деңгейінен немесе оның шекті деңгейінен асатын құн бойынша ақы алу және (немесе) тарифтік сметада көзделген амортизациялық аударымдар қаражатын мақсатқа сай пайдаланбау, тарифтік сметаның шығын баптарын уәкілетті органның ведомствосы бекіткен мөлшерден бес пайыздан астамға орындамау нәтижесінде субъекті алған қосымша кіріс;

      уәкілетті органның ведомствосы – табиғи монополиялар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ведомствосы;

      тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) бекітуге арналған өтінім – субъектінің уәкілетті органның ведомствосына реттеліп көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекіту туралы жазбаша өтініші;

      тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігіне енгізілетін шығындардың түрлерін шектеу – тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) бекіту кезінде ескерілмейтін шығындардың тізбесін анықтау;

      шығыстардың деңгейін шектеу – белгіленген және (немесе) бекітілген нормалар, нормативтер, стандарттар және лимиттер негізінде тарифте (бағада, алым мөлшерлемесінде) ескерілетін шығындар деңгейінің шегін белгілеу.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.09.2017 № 335 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

2. Тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің)
және тарифтік сметалардың жобаларын бекітуге өтінімдерді
ұсыну тәртібі

      3. Субъектілер реттелiп көрсетiлетiн қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тарифтердi (бағаларды, алым мөлшерлемелерін), тарифтік сметаларды алдыңғы күнтізбелік жылдағы факт бойынша тұтынушылық бағалар индексінен аспайтын шамаға жылына бір рет дербес өзгертуге құқылы.

      Тариф (баға, алым мөлшерлемесі), тарифтік смета осылайша өзгерген жағдайда субъекті уәкілетті органның ведомствосын тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін), тарифтік сметаны өзгерту күнінен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірмей тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің), тарифтік сметаның өзгеру себептерін көрсететін ақпаратты бере отырып хабардар етеді.

      Бұл ретте, тарифтік сметадағы шығындардың деңгейлерінің өзгерістері Қағидалардың 4-тарауының талаптарына сәйкес түзетілді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайда субъект өзгерткен реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) арналған тариф (баға, алым мөлшерлемесі), тарифтік смета тиісінше реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) арналған тариф (баға, алым мөлшерлемесі) және тарифтік смета болып табылады.

      Реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін), тарифтік сметаны тұтыну бағаларының индексінен асып түсетін шамаға өзгерту қажет болған кезде, субъект уәкілетті органның ведомствосына тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін), тарифтік сметаны Қағидаларда белгіленген тәртіппен қайта қарау үшін оны қолданысқа енгізгенге дейін күнтізбелік алпыс күннен кешіктірмей өтініммен жүгінеді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.09.2017 № 335 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      4. Реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін), тарифтік сметаны тұтыну бағаларының индексінен асатын шамаға өзгерту жөніндегі өтінімге мыналар қоса беріледі:

      1) тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекіту қажеттілігін ашатын және реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша жылдар бөлінісінде тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) соңғы бекіту сәтінен өткен кезең ішіндегі субъектінің қызметіне қаржы-шаруашылық талдауды қамтитын түсіндірме жазба;

      2) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтік сметаны орындау туралы есеп;

      3) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) және тарифтік сметаның жобасы;

      4) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржы есептілігі туралы заңнамасына сәйкес қаржы есептілігі;

      5) персонал саны, шикізат, материалдар, отын, энергия қажеттілігінің есептері және тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгі нормалар мен нормативтердің негізінде жасалған техникалық ысыраптардың есептері;

      6) субъектінің негізгі құралдар құнының өсуіне әкелмейтін ағымдағы және күрделі жөндеуге және басқа да жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына бағытталатын шығындардың жылдық сметаларының жобасы;

      7) негізгі құралдар құнының өсуіне әкелетін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталатын шығындардың жылдық сметалары;

      8) негізгі құралдарды пайдалану мерзімдерін көрсете отырып, амортизациялық аударымдардың есебі;

      9) субъекіт желілерінің (жабдығының) жобалық қуаты және оны іс жүзінде пайдалану туралы деректер;

      10) реттеліп көрсетілетін қызметтердің жоспарлы көлемін растайтын құжаттар (ниет хаттамалары, шарттар);

      11) тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алу бағаларын растайтын құжаттар (болған жағдайда);

      12) негізгі құралдарды соңғы қайта бағалау (болған жағдайда) нәтижелері туралы мәліметтер қоса беріледі.

      5. Тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) және тарифтік сметаны төтенше реттеуші шара ретінде бекітуге арналған өтінімге мыналар қоса беріледі:

      1) табиғи монополия субъектісінің қызметін тұрақтандыру және азаматтардың өмірін, денсаулығын, жеке және заңды тұлғалардың мүлкін, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мақсатында төтенше реттеуші шара ретінде тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) және тарифтік сметаны бекіту себептерін көрсете отырып, түсіндірме жазба;

      2) осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген нысан бойынша Қағидалардың 4-тарауының талаптарына сәйкес тарифтік сметаның жобасы. Бұл ретте стратегиялық тауарлардың құны ұлғайған жағдайда, тарифтік сметада стратегиялық тауарларды пайдалануды қамтитын шығындардың баптары ғана түзетіледі;

      3) табиғи монополия субъектісінің қызметін тұрақтандыру және азаматтардың өмірін, денсаулығын, жеке және заңды тұлғалардың мүлкін, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мақсатында төтенше реттеуші шара ретінде тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) және тарифтік сметаны бекіту қажеттілігін растайтын құжаттар.

      Стратегиялық тауарлардың құны ұлғайған жағдайда төтенше реттеуші шара ретінде тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) және тарифтік сметаны бекіту қажеттілігін растайтын құжаттар ретінде тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) бекітуге арналған өтінімге конкурстық құжаттама, тауарларды сатып алу жөніндегі конкурстық (тендерлік) комиссиялардың шешімдері, шарттар, шот-фактуралар, шығындар деңгейінің, сондай-ақ тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгі нормалар мен нормативтердің негізінде жасалған есептемелері, нормативтік техникалық ысыраптардың, құнының өзгеруі тарифті төтенше реттеуші шара ретінде бекітуге өтінім беруге себеп болып табылатын стратегиялық тауар шығысының нормалары қоса беріледі.

      6. Өтінімге қоса берілетін материалдарға қойылатын талаптар:

      1) өтінімнің материалдары тігіледі, нөмірленеді, субъектінің мөрімен және басшысының не оны алмастыратын адамның не құзыретіне бухгалтерлік есеп пен қаржы мәселелері кіретін табиғи монополия субъектісінің басшысы орынбасарының қолымен расталады. Қаржы құжаттарына табиғи монополия субъектісінің басшысы және бас бухгалтері не оларды алмастыратын адамдар қол қояды және табиғи монополия субъектісінің мөрімен расталады.

      2) материалдар субъекті ұсынатын реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түріне жеке дайындалады. Негіздеуші материалдар ретінде өтінім беру алдындағы төрт тоқсан ішіндегі және өткен жылғы шығындар туралы нақты деректер ұсынылады;

      3) көлемдердің маусымдық ауытқуларының тарифтерге (бағаларға, алым мөлшерлемлеріне) әсер етуін болдырмау мақсатында негіздемеге қаржы жылына арналған есептердегі деректер қабылданады.

      7. Уәкілетті органның ведомствосы өтiнiмдi алған күнінен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынылған материалдардың толықтығын қарайды және тексереді және қуаттылығы аз табиғи монополия субъектiсiне өтінімдi қарауға қабылдағаны немесе бас тарту себептерiн көрсете отырып, өтінiмдi қарауға қабылдаудан бас тартқаны туралы жазбаша түрде хабарлайды.

      Табиғи монополия субъектiсiнiң өтiнімiн қарауға қабылдаудан бас тарту себептері:

      1) өтінімдi ұсыну мерзiмдерiн бұзу;

      2) Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттар пакетін толық ұсынбау;

      3) ұсынылған құжаттардың Қағидалардың 6-тармағына сәйкес келмеуі;

      4) дәйексіз ақпаратты қамтитын құжаттарды ұсыну болып табылады.

      Қуаттылығы аз табиғи монополия субъектісінің тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) және тарифтік сметаны төтенше реттеуші шара ретінде бекітуге өтінімін қарауға қабылдаудан бас тарту себебі Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттардың ұсынылмауы болып табылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 23.06.2016 № 279 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты өтінім беруші "коммерциялық құпия" деген белгімен ұсынады және жеке мұқабада жіберілуі мүмкін және қолдаухатты қарауға арналған ақпараттар (құжаттар) пакетіне енгізіледі.

      Ақпарат құрамындағы коммерциялық құпия оны уәкілетті органға ұсынудан бас тартудың негізі бола алмайды, бұл ретте мүдделі тұлғалар ақпаратты уәкілетті органға ұсыну кезінде коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтердің толық тізбесін көрсетеді не мүдделі тұлғаның коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер тізбесін бекіту туралы актісінің көшірмесін қоса береді.

3. Тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін)
және тарифтік сметаларды бекіту тәртібі

      9. Уәкілетті органның ведомствосы қуаттылығы аз табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) жобаларын күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қарайды. Тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) жобаларын қарау мерзімі өтінім берілген сәттен бастап есептеледі.

      Уәкілетті органның ведомствосы төтенше реттеуші шаралар ретінде шешім қабылдау үшін қуаттылығы аз табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) және тарифтік сметалардың жобаларын күнтізбелік он күннен аспайтын мерзімде қарайды.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 23.06.2016 № 279 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) жобаларын есептеу кезінде базаға реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) төрт тоқсан ішіндегі немесе өткен күнтізбелік жыл ішіндегі нақты көлемдері алынады.

      Реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) көлемдері төмендеген кезде төмендеуді негіздеуші және растаушы материалдар ұсынылуға тиіс.

      11. Уәкілетті органның ведомствосы табиғи монополия субъектісі ұсынған негіздеуші құжаттар мен есептерді талдау негізінде тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) жобаларына сараптама жүргізеді. Уәкілетті органның ведомствосы қызметтің ұқсас түрімен айналысатын табиғи монополия субъектілері қызметінің көрсеткіштеріне салыстырмалы талдау жүргізеді.

      12. Уәкілетті органның ведомствосы құзыретті органдардан, сондай-ақ субъектінің өзінен қосымша ақпаратты бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімді көрсете отырып сұратады.

      13. Уәкілетті органның ведомствосы қуаттылығы аз табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекіту туралы шешім қабылданғанға дейін бір күн бұрын жария тыңдаулар өткізеді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 23.06.2016 № 279 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Уәкілетті органның ведомствосы табиғи монополия субъектісі ұсынатын тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) жобасын жария тыңдауларды жүргізу кезінде талқылауға шығарады.

      Уәкілетті органның ведомствосы жүргізілген сараптаманың нәтижелері бойынша жаңа тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекіту немесе бекітуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      15. Жаңа тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекіту туралы шешім қабылдау кезінде уәкілетті органның ведомствосы осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген нысан бойынша тарифтік сметаны бір мезгілде бекітеді.

      16. Табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) жаңа тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекіту немесе бекітуден бас тарту туралы уәкілетті орган ведомствосының шешімі уәкілетті орган ведомствосының бұйрығымен ресімделеді және уәкілетті органның ведомствосы табиғи монополия субъектісіне оларды қолданысқа енгізгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей жолдайды.

      17. Жаңа тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) және тарифтік сметаларды қолданысқа енгізу тарифтер (бағалар, алымдар мөлшерлемелері) бекітілген айдан кейінгі екінші айдың бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.09.2017 № 335 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      18. Табиғи монополия субъектісі тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) өзгергені туралы ақпаратты тұтынушылардың назарына табиғи монополия субъектісі өз қызметін жүзеге асыратын әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында осы ақпаратты орналастыру арқылы олар қолданысқа енгізілгенге дейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей жеткізеді.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.09.2017 № 335 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      19. Табиғи монополия субъектісі уәкілетті органның ведомствосына бес жұмыс күні ішінде тұтынушыларды хабардар ету фактісі туралы ақпарат ұсынады.

      Егер табиғи монополия субъектісі тұтынушыларды Қағидаларда көзделген мерзімде жаңа тарифтер (бағалар, алымдар мөлшерлемелері) енгізілетіні туралы хабардар етпесе, онда көрсетілген тарифтер (бағалар, алымдар мөлшерлемелері) уәкілетті орган ведомствосының шешімінде көрсетілген күнінен бастап енгізілмейді. Бекітілген тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) енгізу тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекіту айынан кейінгі төртінші айдың бірінші күнінен бастап жүзеге асырылады.

      20. Уәкілетті орган ведомствосының өтінімді қарауға қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту туралы, табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекіту немесе бекітуден бас тарту туралы шешіміне табиғи монополия субъектісі немесе реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) тұтынушы заңда белгіленген тәртіппен және мерзімде шағым жасауы мүмкін.

4. Шығындарды қалыптастырудың ерекше тәртібі

      21. Субъектінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифке (бағаға, алым мөлшерлемесіне) енгізілетін шығындарды реттеу тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігіне енгізілетін шығындардың түрлерін шектеу және субъектінің шығыстар деңгейін шектеу жолымен жүзеге асырылады.

      22. Тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігі тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) бекіту кезінде ескерілетін субъектінің реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынуына байланысты шығындардың жиынтығы болып табылады. Осы шығындар реттеліп көрсетілетін қызметтің өзіндік құнынан және кезең шығыстарынан (жалпы және әкімшілік шығыстар, өткізу жөніндегі шығыстар) тұрады.

      23. Тарифтің шығын бөлігінің өндірістік шығыстарына:

      1) материалдық шығыстар;

      2) өндірістік персоналға еңбекақы төлеу шығыстары;

      3) амортизация;

      4) негізгі қорлардың өсуіне алып келмейтін жөндеу жұмыстарының шығыстары;

      5) реттеліп көрсетілетін қызметке (тауарға, жұмысқа) тікелей жататын өзге де өндірістік шығыстар енгізіледі.

      24. Тарифтің шығын бөлігінің кезең шығыстарына:

      1) әкімшілік персоналға еңбекақы төлеу шығыстары;

      2) міндетті сақтандыру түрлеріне, салықтарға, алымдар мен төлемдерге шығыстар;

      3) өзге де әкімшілік шығыстар;

      4) сыйақылар төлеуге шығыстар енгізіледі.

      25. Тарифтің шығын бөлігінің өндірістік шығыстары тарифтің шығын бөлігіне былайша енгізіледі:

      1) тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігіне енгізілетін материалдық шығыстар тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгі нормалар мен нормативтердің негізінде жүргізілген өнімнің (көрсетілетін қызметтердің, тауарлардың, жұмыстардың) бірлігін шығаруға арналған шикізат, материалдар, отын, энергия (бұдан әрі – материалдық ресурстар) қажеттілігінің есептеріне және Заңның 18-4-бабында белгіленген тәртіппен тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) бекітуге өтінім беру күніне жүргізілген тендерлік (конкурстық) сатып алудың нақты нәтижелері бойынша айқындалған материалдық ресурстардың бағаларына сүйене отырып айқындалады.

      Тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгі нормалар мен нормативтердің негізінде жүргізілген техникалық ысыраптардың есептеріне сәйкес нормативтік техникалық ысыраптардың деңгейіне байланысты шығыстар.

      2) өндiрiстiк персоналға еңбекақы төлеу шығыстары субъектi персоналының нормативтiк санынан аспайтын нақты санға және Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы заңында жыл сайын тиісті қаржы жылына белгіленетін жалақының екі есе ең төменгі мөлшерінен кем болмайтын деңгейде айқындалады.

      Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері ескеріліп қолданыстағы тарифтерде (бағаларда, алымдар мөлшерлемелерінде) қабылданған орташа айлық жалақыға сүйене отырып айқындалған субъектінің өндірістік персоналының жалақысын Қазақстан Республикасының республикалық бюджет туралы заңында жыл сайын тиісті қаржы жылына белгіленетін жалақының екі есе ең төменгі мөлшерінің деңгейінен асырған кезде, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері (инфляция) ескеріліп қолданыстағы тарифтерде (бағаларда, алымдар мөлшерлемелерінде) қабылданған орташа айлық жалақыға сүйене отырып айқындалатын өндірістік персоналдың жалақысы ескеріледі.

      Бұл ретте, шикізат, материалдар, отын, энергия қажеттілігінің есептері және техникалық ысыраптардың есептері тиісті салада (аяда) қолданылатын үлгі нормалар мен нормативтердің негізінде жүргізіледі.

      Еңбек заңнамасына сәйкес еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген еңбек жағдайлары үшін қосымша ақылар мен үстемеақылар төлеуге байланысты шығыстар;

      3) тік желілік (біркелкі) есептеу әдісі бойынша есептелген негізгі құралдардың және материалдық емес активтердің амортизациялық аударымдары, бұл ретте субъект қайта бағалау жүргізгеннен кейін амортизациялық аударымдардың ұлғаюы тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігіне кезең-кезеңмен енгізіледі;

      4) негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін ағымдағы және күрделі жөндеулерге және басқа да қалпына-келтіру жұмыстарға табиғи монополия субъектісі бағыттайтын қаражат осы іс-шараларды жүргізу қажетттілігін растайтын құжаттар болған кезде тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігіне енгізіледі;

      5) Реттеліп көрсетілетін қызметке (тауарға, жұмысқа) тікелей жататын өзге де өндірістік шығыстар тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігіне салалық ерекшеліктер ескеріле отырып, растаушы құжаттардың негізінде енгізіледі.

      26. Кезең шығыстары тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігінде былайша ескеріледі:

      1) әкімшілік персоналға еңбекақы төлеу шығыстары табиғи монополия субъектiсi персоналының нормативтiк санынан аспайтын нақты санға және Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері (инфляция) ескеріліп қолданыстағы тарифтерде (бағаларда, алымдар мөлшерлемелерінде) қабылданған орташа айлық жалақыға сүйене отырып айқындалады.

      Уәкілетті органның ведомствосы тарифке (бағаға, алым мөлшерлемесіне) енгізілетін әкімшілік және (немесе) өндірістік персоналға еңбекақы төлеу шығыстарының деңгейін қызметтің ұқсас түрімен айналысатын субъектілерге еңбекақы төлеуге арналған шығындарды салыстырмалы талдау негізінде қарайды, сондай-ақ субъектінің реттеліп көрсетілетін қызметтері көлемдерінің серпінін назарға алады;

      Персонал санын қысқарту нәтижесінде әкімшілік персоналға еңбекақы төлеу шығыстарын нақты үнемдеген жағдайда, әкімшілік персоналға еңбекақы төлеу шығыстары бұрын бекітілген тарифтік сметада көзделген мөлшерде тарифте ескеріледі, ал үнем сомасын табиғи монополия субъектісі әкімшілік персонал жалақысының деңгейін көтеруге не сыйлықақы беруге және жалақыға басқа да сыйақыларға бағыттауы мүмкін.

      2) міндетті сақтандыру түрлеріне, салықтарға, алымдар мен төлемдерге шығыстар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес белгіленген мөлшерлемелерге сәйкес айқындалады;

      3) негізгі құралдардың және өндірістік сипаттағы емес материалдық емес активтердің амортизациялық аударымдары;

      4) өзге әкімшілік шығыстар тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігіне салалық ерекшеліктер ескеріле отырып, растаушы құжаттардың негізінде енгізіледі.

      Табиғатты қорғау шығыстары, табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төлемақы өзге шығыстарға енгізіледі және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген алымдар мен мөлшерлемелер ескеріле отырып айқындалады.

      Өндірістік қажеттілікке байланысты әкімшілік персоналдың біліктілігін көтеруге шығыстар осындай қажеттілікті растайтын құжаттар ұсынылған кезде кезең шығыстарында ескеріледі.

      Реттеліп көрсетілетін қызметтердің шеңберінде өндірістегі өнертапқыштыққа және рационализаторлыққа байланысты шығыстар экономикалық негізделген материалдар болған жағдайда кезең шығыстарына енгізіледі;

      5) табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын (жобасын) іске асыруға қарыз қаражаты үшін сыйақылар төлеуге шығыстар табиғи монополия субъектісі қарыз қаражатын тарту туралы жасалған шарттарды ұсынған кезде кезең шығыстарына енгізіледі және былайша айқындалады:

      Инвестициялық жобаны іске асыру үшін ұлттық валютада алынған қарыз қаражаты бойынша сыйақы төлеуге шығыстар Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың екі еселік ресми мөлшерлемесі қолданылып есептелген сома шегінде тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) есептеу кезінде ескеріледі. Инвестициялық жобаны іске асыру үшін шетел валютасында алынған қарыз қаражаты бойынша сыйақы төлеуге шығыстар Лондон банкаралық нарығының төрт еселік мөлшерлемесі қолданылып есептелген сома шегінде тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) есептеу кезінде ескеріледі.

      Шетелдік валютасында алынған қарыз қаражаты үшін сыйақы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарының негізгі көрсеткіштері және Қазақстан Республикасының республикалық бюджетінің болжамды көрсеткіштері негізінде шетел валютасына теңге бағамының болжамды өзгеруі ескеріліп, тарифтің (бағаның, мөлшерлемесінің) шығын бөлігіндегі кезең шығыстарында ескеріледі. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесі субъектінің өтінім берген күніне қолданылады;

      Уәкілетті органның ведомствосы тарифті (бағаны, алым мөлшерлемесін) және тарифтік сметаны бекітуге арналған өтінімді қарау кезінде кезең шығыстарын тарифтерге (бағаларға, алым мөлшерлемелеріне) Нормативтік құқық актілерді мемлекетітк тіркеу тізілімінде № 8480 тіркелген Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының 2013 жылғы 25 сәуірдегі № 130-НҚ бұйрығымен бекітілген Табиғи монополиялар субъектiлерiнiң реттелiп көрсетiлетiн қызметтерiне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алымдар мөлшерлемелерін) бекiту кезiнде қолданылатын шығындарды қалыптастырудың ерекше тәртiбiнде көзделген жағдайларда тарифтерді (бағаларды, алым мөлшерлемелерін) өзгерту алдындағы кезеңде Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштері (инфляция) ескеріліп және Қағидалардың ережелері ескеріліп қолданыстағы тарифтерде (бағаларда, алым мөлшерлемелерінде) қабылданған кезең шығыстарының шегінде енгізеді.

      Субъектілер қызметінің тиімділігі төмендеген кезде (реттеліп көрсетілетін қызмет бірлігінің өзіндік құнының ұлғаюы, реттеліп көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі, кредиторлық және дебиторлық берешектің өсуі) уәкілетті органның ведомствосы шығындардың өзгерістерін Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының көрсеткіштерін (инфляция) ескерместен қарайды.

      27. Субъектіге мемлекеттік бюджет қаражатынан бөлінетін субсидиялар тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігін кемітуге ескеріледі, ал су шаруашылығы және (немесе) кәріз жүйелері саласындағы көрсетілетін қызметті жүзеге асыратын субъектіге жеке тариф (баға, алым мөлшерлемесі) оны ұсыну кезеңінде қолданылатын мемлекеттік субсидиялау ескеріле отырып белгіленеді.

      28. Тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігіне енгізілмейтін жалақыға қоса берілетін сыйлықақыларға және сыйақылардың басқа түрлеріне шығыстарды субъект (мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда) таза кірістен (нақты пайдадан) жүзеге асыра алады.

      29. Субъектілер инвестицияларды өз қаражаты және (немесе) қарыз қаражаты есебінен жүзеге асыруы мүмкін. Кәсіпорынның өз қаражатының көздері пайда (таза кіріс) және амортизациялық аударымдар болып табылады.

      Қарыз қаражатын қайтару пайда және (немесе) амортизациялық аударымдар есебінен жүзеге асырылады.

      30. Акцияларды (үлестерді) сатып алу, сондай-ақ субъектінің коммерциялық ұйымдарға қатысуының өзге нысандары уәкілетті орган ведомствосының келісімі бойынша субъектінің таза кірісінің (нақты пайдасының) есебінен жүзеге асырылады.

      31. Субъектілердің тарифтерін (бағаларын, алымдар мөлшерлемелерін) қалыптастыру және бекіту кезінде тарифтің (бағаның, алым мөлшерлемесінің) шығын бөлігінде мыналар ескерілмейді:

      1) нормативтен тыс техникалық және коммерциялық ысыраптарға, тауарлық-материалдық құндылықтардың және қоймадағы қорлардың бұзылуына және жетіспеушілігіне, басқа өндірілмейтін шығыстар мен ысыраптарға шығыстар;

      2) реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсету, ұсыну кезінде пайдаланылмайтын негізгі құралдардың амортизациялық аударымдары;

      3) сенімгерлік басқаруға, мүліктік жалға, лизинг бойынша алынған негізгі құралдарды (жалпы шаруашылық мақсаттағы негізгі құралдардан басқа) пайдаланғаны үшін жалдау ақысына және/немесе сыйақылар төлеуге шығыстар;

      4) ластайтын заттардың нормативтен тыс шығарындыларына (тастандыларына) төлемдер;

      5) сот шығындары;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен салынған айыппұлдар, өсімақылар, тұрақсыздық айыбы және санкциялардың басқа да түрлері;

      7) ұрлықтан болған залалдар;

      8) сапасыз өнімді өндіруден (ақаудан) болған шығындар;

      9) қызмет көрсететін өндірістер мен шаруашылықтарды ұстауға шығыстар;

      10) денсаулық сақтау объектілерін, мектепке дейінгі балалар мекемелерін, оқу орындарын, технологиялық қажеттіліктен басқа, құзыретті органмен келісілген кәсіптік-техникалық училищелерді ұстауға шығыстар;

      11) сауықтыру лагерьлерін, мәдениет және спорт объектілерін, тұрғын үй қорын ұстауға шығыстар;

      12) мәдени-ағарту, сауықтыру және спорттық іс-шараларды (демалыс кештерін, спектакльдер, концерттер өткізу) өткізуге шығыстар;

      13) кәсіпорындар қызметкерлеріне тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, бақша үйлерін сатып алуға және үй шаруашылығымен айналысуға берілген несиелерді (пайызсыздарды қоса алғанда) өтеуге шығыстар;

      14) бақша серіктестіктерін абаттандыруға (оның ішінде жол салу, энергиямен және сумен жабдықтау, жалпы сипаттағы басқа да шығыстарды жүзеге асыру) шығыстар;

      15) дәрістер, көрмелер, диспуттар, ғылым және өнер қайраткерлерімен кездесулер, ғылыми-техникалық конференциялар өткізуге және ұйымдастыруға, қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтарға мүшелік жарналарға шығыстар;

      16) бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарнамаға, өндірістік мақсатта пайдаланылатын өнімдерді қоспағанда, жарнамалық, плакаттық және типографиялық өнімдер шығаруға шығыстар;

      17) субъектінің персоналы үшін пәтерлерді, тұрғын ғимараттарды және құрылыстарды, жатақханалардан және қонақ үйлерден орын сатып алуға, жалдауға және ұстауға шығыстар;

      18) қаланы абаттандыру, ауыл шаруашылығына көмек көрсету жөніндегі жұмыстарды орындауға және жұмыстың осындай ұқсас түрлеріне шығыстар;

      19) білім беру ұйымдарында оқитын қызметкерлердің демалыстарына ақы төлеуге шығыстар;

      20) сыйлықақы және басқа да сыйақы нысандарын беруге шығыстар;

      21) кәсіптік ауруларды оңалтып емдеуге байланысты шығындардан басқа, субъектінің қаражаты есебінен қызметкерлерді және олардың балаларын емдеуге, демалуға, экскурсияға жолдамаларды төлеуге шығыстар;

      22) өз қызметкерлеріне медициналық көмек беруге денсаулық сақтау органдарымен жасалған шарттар бойынша емханалардың қызметтеріне ақы төлеуге шығыстар;

      23) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген міндетті сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру төлемдері (кәсіпорындардың өз қызметкерлерінің пайдасына жасалған жеке және мүліктік сақтандыру шарттары бойынша кәсіпорындар төлейтін жарналар);

      24) қызметкерлерге қосымша берілген демалыстарға (заңнамада көзделгеннен тыс) ақы төлеуге, оның ішінде бала тәрбиелеп отырған әйелдерге, қызметкердің отбасы мүшелеріне демалысты пайдаланатын жерге бару және қайту жолына ақы төлеуге шығыстар;

      25) демеушілік көмектің барлық түрлерін көрсетуге шығыстар;

      26) заңнамада көзделгеннен басқа, субъектінің қызметкерлеріне жеңілдіктер;

      27) мерейтойлар күніне арналған немесе қызметкерлерге көтермелеу түрінде берілетін сыйлықтар (автомашиналарды, пәтерлерді, ұзақ пайдаланатын заттарды және басқа тауарларды, сондай-ақ қызметкерлердің жеке шоттарының пайыздық ставкасын көбейтуді қоса алғанда) сатып алуға шығыстар;

      28) мектепке дейінгі мекемелердегі, санаторийлердегі және сауықтыру лагерьлеріндегі балаларды тамақтандыру құнын өтеуге шығыстар;

      29) ұжымдық шартпен айқындалған мақсаттарға кәсіподақтарға арналған аударымдар;

      30) өндіріс өнертапқыштығына және рационализаторлығына: тәжірибелік-экспериментальдық жұмыстарды жүргізуге, өнертабыстар мен рационализаторлық ұсыныстар бойынша модельдер мен үлгілер дайындауға және сынақтан өткізуге, өнертабыс пен рационализаторлық бойынша көрмелер, байқаулар, конкурстар және басқа іс-шаралар ұйымдастыруға байланысты шығыстар, авторлық сыйақылар төлемдері;

      31) реттеліп көрсетілетін қызметтерді өндіруге және көрсетуге тікелей қатысы жоқ және тарифтердің (бағалардың, алымдар мөлшерлемелерінің) өсуіне әкелетін шығыстардың басқа да түрлері.

5. Түзетулерді ескере отырып, тарифтiк сметаны бекiту

      32. Табиғи монополия субъектісі уәкілетті органның ведомствосына ағымдағы жылдың аяғына дейін күнтізбелік алпыс күннен кешіктірмей тарифтік сметаны түзету туралы ұсыныспен жүгіне алады.

      Тарифтік сметаны түзету туралы ұсыныспен жүгінген кезде табиғи монополия субъектісі уәкілетті органның ведомствосына түзетулерді ескере отырып, тарифтік сметаның жобасын және бекітілген тарифтік сметаға енгізілетін түзетулерді негіздейтін материалдарды ұсынады.

      Ұсынылған тарифтік сметаның жобасы және материалдар Қағидалардың 6-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      33. Уәкілетті органның ведомствосы тарифтік сметаны түзету туралы құжаттарды ұсынған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде қарайды.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 23.06.2016 № 279 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      34. Егер тарифтік сметаны түзету туралы ұсынысты қарау кезінде қосымша құжаттар (ақпарат) қажет болған жағдайда уәкілетті органның ведомствосы құжаттарды ұсыну бес жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімін белгілеп, оны өтініш берушіден жазбаша түрде сұратады. Мұндай жағдайда табиғи монополия субъектісінің тарифтік сметаны түзету туралы ұсынысын қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылады, ол туралы өтініш берушіге қарау мерзімі ұзартылған күнінен бастап күнтізбелік үш күн ішінде хабар беріледі.

      Тарифтік сметаны түзету туралы ұсынысты қарау мерзімін уәкілетті орган ведомствосының басшысы ұзартады.

      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 23.06.2016 № 279 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      35. Егер осындай түзету табиғи монополия субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтер (бағалар, алымдар мөлшерлемелері) деңгейінің көтерілуіне алып келетін жағдайда, уәкілетті органның ведомствосы тарифтік сметаны түзетуден бас тартады.

6. Тарифтік сметаны орындау туралы есепті ұсыну тәртібі

      36. Куаттылығы аз табиғи монополия субъектiсi уәкiлеттi органның ведомствосына ағымдағы жылдың 1 мамырына дейiн осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтердің (тауарлардың, жұмыстардың) әрбір түрінің бөлінісінде өткен күнтiзбелiк жылға бекiтiлген тарифтiк сметаны орындау туралы есеп бередi және оны өзінің интернет-ресурсында бір мезгілде орналастырады не уәкiлеттi органның ведомствосына тарифтік сметаны орындау туралы есепті уәкiлеттi орган ведомствосының интернет-ресурсында орналастыру туралы өтініш жолдайды.

      37. Субъекті тарифтiк сметаны орындау туралы есепке өткен күнтiзбелiк жылдың мына материалдарын:

      1) осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетiлген кестенi қоса бере отырып, тарифтiк сметаны орындамау себептерiн түсiндiрумен бірге оны орындау туралы түсiндiрме жазбаны;

      2) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10641 болып тiркелген Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 143 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша пайдалар мен шығындар туралы есепті;

      3) ағымдағы, күрделi жөндеулер мен басқа жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарына бағытталған шығын сметаларын iске асыру туралы мәлiметтердi;

      4) тарифтік смета бойынша нақты шығындарды растайтын басқа да материалдарды қоса ұсынады.

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.09.2017 № 335 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      38. Тарифтік сметаны орындау туралы ұсынылған есеп пен материалдар Қағидалардың 37-тармағына сәйкес келуге тиіс.

      39. Уәкiлеттi органның ведомствосы тұтынушылардың арыздары, шағымдары, бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары, мемлекеттiк органдардың өтiнiштерi бойынша және өз бастамасымен табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзушылықтарды бекiтiлген тарифтiк сметаны орындамау, сол сияқты тарифтiк сметаны орындау туралы жобаны және (немесе) есептi ұсынбау бөлiгiнде анықтап, мына іс-қимылдардың бірін қабылдау мүмкіндігін қарайды:

      1) қолданыстағы тарифтiк сметаға өзгерiс енгiзуге бастамашылық жасау;

      2) табиғи монополия субъектісіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ден қою шараларын қолдану;

      3) уақытша өтемдік тариф белгілеу.

      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық экономика министрінің 21.09.2017 № 335 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

  Қуаттылығы аз табиғи монополиялар
субъектілерінің қызметін оңайлатылған
мемлекеттік реттеу қағидаларына
1-қосымша

      Нысан

      _____________________________________________________________________

      (субъектінің атауы)

____жылға _______________________________ реттеліп көрсетілетін
қызметтерге тарифтік сметаны орындау туралы есеп

Р/с

Тарифтік смета көрсеткіштерінің атауы

Өлшем бірлігі

Бекітілген тарифтік сметада көзделгені

Тарифтік сметаның іс жүзінде қалыптасқан көрсеткіштері

Ауытқуы %-бен

Ауытқу

себептері





























  Қуаттылығы аз табиғи монополиялар
субъектілерінің қызметін оңайлатылған
мемлекеттік реттеу қағидаларына
2-қосымша

      Нысан

      _____________________________________________________________________

      (субъектінің атауы)

Реттеліп көрсетілетін қызметтерге арналған тариф (баға,
алым мөлшелерлемесі) және тарифтік смета жобасы

Р/с

Көрсеткіштердің атауы*

Өлшем бірлігі

Қолданыстағы тарифте бір жылға есептеліп қабылданғаны, барлығы

Табиғи монополия субъектісінің жобасы

1

2

3

4

5

1

Тауарлар өндіруге және қызметтер көрсетуге шығындар, барлығы

мың теңге



2

Материалдық шығындар, барлығы

-//-




оның ішінде:




2.1

шикізат және материалдар

-//-



2.2

энергия

-//-



2.3

ЖЖМ

-//-



2.4

отын

-//-



2.5

сатып алынатын энергия

-//-



2.6

сатып алынатын су

-//-



2.7

су шаруашылығы және кәріз жүйелеріндегі электр энергиясының технологиялық шығысы (нормативтік ысыраптар)

-//-



3

Еңбекақы төлеу шығындары, барлығы

-//-




оның ішінде:




3.1

жалақы

-//-



3.2

әлеуметтік салық

-//-



3.3

Амортизация

-//-



3.4

Жөндеу, барлығы

-//-



3.5

оның ішінде:




3.6

негізгі құралдардың құнын өсіруге алып келмейтін күрделі жөндеу

-//-



4

Өзге шығындар, барлығы

-//-




оның ішінде:




4.1

Байланыстың көрсетілетін қызметтері

-//-



4.2

бөгде ұйымдардың жүктерді тасымалдауы

-//-



4.3

Күзеттің көрсетілетін қызметтері

-//-



4.4

іссапар шығыстары

-//-



4.5

кадрлар даярлау

-//-



4.6

еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі

-//-



4.7

табиғи ресурстарды (суды және басқаларын) пайдаланғаны үшін төлемақы

-//-



4.8

іске қосу-реттеу жұмыстары

-//-



4.9

өндірістік үй-жайларды дезинфекциялау, дератизациялау, қоқыс шығару және басқа да коммуналдық қызметтер

-//-



5

міндетті сақтандыру түрлері

-//-



5.1

лицензияларды сатып алу

-//-



5.2

қоршаған ортаны қорғау

-//-



5.3

басқа да шығындар (таратып жазу қажет)

-//-



I

Кезең шығыстары, барлығы

-//-



6.

Жалпы және әкімшілік шығыстар, барлығы

-//-



6.1

Еңбекақы төлеу шығындары, барлығы

-//-




оның ішінде:




6.2

әкімшілік персоналдың жалақысы

-//-



6.3

әлеуметтік салық

-//-



6.4

Банк көрсететін қызметтер

-//-



6.5

амортизация

-//-



6.6

техникалық басқару құралдарын, есептеу техникасын және т.б. ұстауға және оларға қызмет көрсетуге шығыстар

-//-



6.7

Коммуналдық көрсетілетін қызметтер

-//-



6.8

бөгде ұйымдар көрсететін қызметтері

-//-



6.9

іссапар шығыстары

-//-



7

өкілдік шығыстар, мерзімді баспасөзге, байланысқа шығыстар

-//-



7.1

еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі

-//-



7.2

жалпы шаруашылық мақсаттағы негізгі құралдарды жалдау

-//-



7.3

салықтар

-//-



7.4

басқа да шығыстар (таратып жазу қажет)

-//-



7.5

Өткізу қызметін ұстауға шығыстар, барлығы

-//-




оның ішінде:




7.6

жалақы

-//-



7.7

әлеуметтік салық

-//-



7.8

түбіртектерді ресімдеуге шығыстар

-//-



7.9

қызметтерді өткізуге байланысты амортизация (оның ішінде су өлшегіштерге)

-//-



8

ағымдағы жөндеу

-//-



8.1

негізгі құралдардың құнын өсіруге алып келмейтін күрделі жөндеу

-//-



8.2

Маркетингтік көрсетілетін қызметтер

-//-



8.3

басқа да шығыстар (таратып жазу қажет)

-//-



8.4

Сыйақылар төлеуге шығыстар

-//-



II

Барлық шығын

-//-



IV

Пайда

-//-




Барлық кіріс

-//-



I

Көрсетілетін қызметтердің көлемі

мың м3, мың Гкал, кВтсағ



II

Нормативтік ысыраптар

мың м3/мың теңге мың Гкал/мың теңге кВтсағ/мың теңге



III

Тариф (ҚҚС-сыз)

мың м3, мың Гкал, кВтсағ




      Басшы _______________________________________________________________

      (лауазымы, қолы, А.Ә.Т.)

      М.О

      * - шығындар қажет болған кезде кеңейтілуі немесе толықтырылуы мүмкін