Мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен объектілер құрылысының құнын айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 қарашадағы № 707 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 желтоқсанда № 12527 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 6-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен объектілер құрылысының құнын айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ұлттық экономика министрі

Е. Досаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      ______________Ә. Исекешев

      2015 жылғы "___"______________


      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму

      министрінің м.а.

      ______________А. Рау

      2015 жылғы 26 қараша


      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ______________Б. Сұлтанов

      2015 жылғы "___"______________


      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ______________Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 27 қараша


      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және спорт министрі

      ______________А. Мұхамедиұлы

      2015 жылғы 27 қараша


      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ______________В. Школьник

      2015 жылғы 25 қараша



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 20 қарашадағы
№ 707 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік инвестициялардың және квазимемлекеттік сектор
субъектілерінің қаражаттары есебінен объектілер құрылысының
құнын айқындау қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік инвестициялардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаттары есебінен объектілер құрылысының құнын айқындау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 20-бабының 6-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және құрылыстағы мемлекеттік инвестициялардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаттары есебінен объектілер құрылысының (бұдан әрі - объектілер құрылысы) құнын айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидалар құрылыстағы мемлекеттік инвестициялардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаттары есебінен объектілерді салуға арналған инвестициялық жобаларды әзірлеу мен жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыратын субъектілерге арналған.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жобаны басқару - салынған бюджет пен мерзімдер шеңберінде инвестициялық жобаның мақсаттарына жету үшін тапсырыс берушімен не инвестормен жасалған шарттарға сәйкес объектілерді жобалауды, құрылысын салуды және оларды пайдалануға беруді ұйымдастыру, жоспарлау, үйлестіру, бақылау жөніндегі қызмет;

      2) құрылыс аумағын дайындауға (игеруге) және объектіні пайдалануға енгізуге арналған жиынтық смета - жерді бөлу, құрылыс аумағы мен пайдаланушы персоналын дайындау, іске қосу-жөндеу жұмыстарын және пайдалануға мемлекеттік инвестициялар объектісін енгізуді қамтамасыз ететін жабдықты кешенді байқап көруді жүргізу үшін қажетті қаражат көлемін айқындайтын құжат;

      3) құрылыс қызметі (бұдан әрі - құрылыс) - жаңа объектілер салу және (немесе) бар объектілерді (үйлерді, ғимараттар мен олардың кешендерін, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтіру, күрделі жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлік жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндіру), сондай-ақ аяқталмаған объектілер құрылысын консервациялау мен өз ресурстарын тауысқан объектілерді кейіннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндірістік және өндірістік емес негізгі қорларды құру жөніндегі қызмет;

      4) құрылыс объектісі - оған жататын барлық жайластырулары, жабдықтары, жиһазы, мүкәммалы, оған жататын қосалқы және қосымша құрылғылары бар, оған жақын жерде орналасқан инженерлік желілері және жалпы алаңдық материалдары бар жеке тұрған ғимарат немесе өзге мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардың жиынтығы;

      5) құрылысқа салынатын мемлекеттік инвестициялар (бұдан әрі - мемлекеттік инвестициялар) - жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан бар объектілерді реконструкциялауға (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға) немесе күрделі жөндеуге салынатын инвестициялар, олардың көзі:

      республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде бюджеттік инвестицияларға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бюджеттік кредит беруге жіберілетін нысаналы қаражат;

      мемлекет кепілдігімен не мемлекет кепілгерлігімен мемлекеттік емес қарыздардың нысаналы қаражаты;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;

      концессиялық жобаларды іске асыруға жіберілген қаражат болып табылады;

      6) құрылыстағы баға белгілеу - құрылыс өнімінің құнын қалыптастыру тетігі;

      7) құрылыстың жоба алды сметалық құны - құрылыс жобасын сараптамаға ұсыну алдында, әзірлеуді аяқтау сатысында айқындалған және тиісті жиынтық сметалық есепте сипатталған құрылыстың сметалық құны;

      8) құрылыстың сараптама алды сметалық құны - тиісті жиынтық сметалық есепте сипатталған құрылыс жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың қорытындысымен бекітуге ұсынылған құрылыстың сметалық құны;

      9) құрылыстың сметалық құны - сомасы жобалау материалдары мен сметалық-нормативтік база негізінде айқындалатын, объектінің құрылысын жүзеге асыру үшін қажетті ақша;

      10) мердігердің сметасы (оферта) - мердігерлік жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша конкурстарға қатысу үшін меншікті ұйымдық-технологиялық мүмкіндікті ескере отырып, олар жасайтын мердігердің конкурстық өтінімінің құрамындағы сметалық құжаттама;

      11) объектілерді салуға арналған жиынтық сметалық есеп - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамамен реттелмейтін және құрылыс аумағын дайындауға (игеруге) және объектіні пайдалануға беруге жиынтық сметаға енгізілетін тапсырыс берушінің шығындарын қоспағанда, инвестициялық жобаны іске асыруға арналған бюджеттік бағдарлама әкімшісінің барлық шығындарына арналған қаражат лимитін қамтитын құжат;

      12) ресурстық әдіс - құрылыс жобасын іске асыру үшін шығындар (ресурстар) элементтерінің ағымдағы бағаларында және тарифтерінде калькуляциялау арқылы құрылыстың құнын айқындау әдісі;

      13) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы инжинирингтік қызметтер көрсету - оңтайлы жобалық көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында құрылыстың дайындығын және жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін қызметтер кешені (техникалық және авторлық қадағалау, жобаны басқару);

      14) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;

      15) сметалық құжаттама - құрылыстағы сметалық құнды айқындайтын құрылыс жобасы құрамындағы құжаттама;

      16) сметалық нормалар - құрылыс, монтаж және басқа да жұмыстардың қабылданған өлшеуішіне белгіленген ресурстардың (құрылыс қызметкерлері еңбегінің, құрылыс машиналарының жұмыс істеу уақытының, материалдарға, бұйымдарға және конструкцияларға қажеттіліктің шығындары) жиынтығы немесе есептеудің қабылданған базасынан процентте көрініс берген құрылыс кезіндегі жекелеген шығыстар мен шығындардың мөлшерін көрсететін салыстырмалы шамалар;

      17) сметалық-нормативтік база - материалдарға, бұйымдарға және жабдықтарға арналған сметалық нормалар мен сметалық бағалардың жинағы;

      18) сметалық нормативтер - құрылыстың сметалық құнын айқындау үшін баға белгілеу мен сметалар бойынша және мыналарды қамтитын нормативтік құжаттар кешені:

      объектілерді салудың құнын айқындау жөніндегі әдістемелік нұсқамалар, нұсқаулықтар мен ұсынымдар;

      қабылданған өлшеуішке белгіленген құрылыстағы жұмыстарға арналған сметалық нормалар;

      есептеудің қабылданған базасынан процентте көрсетілген құрылыстағы жекелеген шығыстар мен шығындарға арналған сметалық нормалар;

      ірілендірілген сметалық нормалар;

      құрылыс ресурстарына арналған сметалық бағалар;

      19) тапсырыс берушінің (инвестордың, құрылыс салушының, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің) сметасы - инвестициялық қызметті жоспарлауға және мердігерлік жұмыстар мен қызметтерді сатып алу бойынша конкурс өткізу үшін құрылыстың барынша бағасын айқындауға арналған мемлекеттік сметалық нормативтік құжаттардың негізінде жасалатын сметалық құжаттама;

      20) тапсырыс беруші - бюджеттік бағдарламалар әкімшісі немесе квазимемлекеттік сектор субъектісі.

      4. Мемлекеттік инвестициялардың немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаттары есебінен қаржыландырылатын объектілерді салудың ресурстық сметалық құнын айқындау кезінде сметалық есептер әдістемесінің, рәсімдер мен нәтижелерінің анықтылығы мен транспаренттілігі, сондай-ақ, мемлекеттік-инвестициялық жобаны іске асырудың барлық сатыларында қаражатты жұмсаудың есептілігі негізгі талаптар болып табылады.

      5. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы, осы Қағидалар және Заңның 20-бабының 23-16) тармақшасына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттар (бұдан әрі - Мемлекеттік нормативтер) Қазақстан Республикасында объектілерді салудың құнын айқындаудың нормативтік және құқықтық негізі болып табылады.

      6. Объектілер құрылысының құны мынадай:

      1) жобалау алды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы әзірлеу, сараптама жасау;

      2) жобалау, мердігерлік және инжинирингтік жұмыстарға арналған қызметтерді сатып алу бойынша конкурсты өткізу;

      3) объектіні салу;

      4) құрылысы аяқталмаған объектілерді консервациялау;

      5) объектілерді кейіннен кәдеге жарату сатыларында анықталады.

      7. Объекті құрылысының құнына мынадай:

      1) жоба алды құжаттамасын (техникалық-экономикалық негіздемелерін) әзірлеу және сараптама жасау бойынша;

      2) салалық заңнамалық нормалар шегінде реттелетін бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша;

      3) құрылыстың сметалық құны бойынша шығындар кіреді.

      8. Объектілерді салуға арналған шығындардың құнын айқындау сатысына байланысты мыналар жасалады:

      1) құрылыстың есептік құны;

      2) құрылыстың жоба алды сметалық құны;

      3) құрылыстың сараптама алды сметалық құны;

      4) құрылыстың шарт құны;

      5) құрылыстың нақты сметалық құны;

      6) объектіні салуға арналған мердігердің нақты шығындары.

      9. Мыналар құрылыс құнын айқындау үшін бастапқы деректер болып табылады:

      1) жоба алды құжаттаманы әзірлеу сатысында:

      әзірлеуге арналған техникалық тапсырма немесе техникалық ерекшелік;

      эскиздік шешімдер (эскиздік жоба);

      ұқсас объектілер бойынша деректер;

      2) жобалау сатысында:

      жобалауға арналған тапсырма;

      жобалық шешімдер (жобалау құжаттама);

      құрылыс ұйымының жобасы.

2. Объектілерді салуға арналған жобалау алдындағы құжаттама
әзірлеу мен сараптама құнын айқындау және жоба алды сатысында
құрылыстың құнын айқындау

      10. Жобалау алдындағы құжаттаманы (техникалық-экономикалық негіздемелерді) әзірлеу құны Мемлекеттік нормативтерге сәйкес айқындалады.

      11. Жобалау алдындағы құжаттаманың сараптамасының (техникалық-экономикалық негіздемелердің) құны Заңның 20-бабының 23-18) тармақшасына сәйкес айқындалады.

      12. Жоба алды сатысындағы құрылыстың құны (құрылыстың есептік құны) Мемлекеттік нормативтерге сәйкес айқындалады.

      13. Құрылыстың есептік құны мемлекеттік инвестицияларды жоспарлау, оның ішінде бюджеттік жоспарлау мақсатымен айқындалады.

3. Салалық заңнамалық нормалар шеңберінде реттелетін бюджеттік
инвестициялық жобалар шығындарын айқындау

      14. Салалық заңнамалық нормалар шеңберінде реттелетін бюджеттік инвестициялық жобалар шығындар құрамына мыналар кіреді:

      1) құрылыс аумағын дайындауға (игеруге) және объектілерді пайдалануға беруге арналған шығындар;

      2) жергілікті жерде жер учаскесінің шекараларын белгілеу үшін жерге орналастыру жобасын әзірлеуге немесе жер-кадастрлық жоспарын құруға арналған шығындар;

      3) құрылысқа арналған жер учаскесін алып қою (сатып алу) кезінде жер үшін төлемдер;

      4) археология, тарих және мәдениет, қала құрылысы және сәулет ескерткіштерінің тарихи-мәдени сараптамасына, сондай-ақ, құрылыс алаңы шегінде археологиялық қазбаларды орындауға байланысты шығындар;

      5) бұзылатын қүрылыстар мен бау-бақша екпелері, егістік, жер жырту және басқа ауыл шаруашылығы жұмыстары үшін өтемақы төлеуге, табиғи ортаға келтірілетін нұқсанға, залалдарды және шығындарды өтеу бойынша шығындар;

      6) объектіні жобалау және құрылысы кезеңінде пайдаланылатын жер учаскесін жалға алу (құрылыс қажеттіліктері үшін берілген қосымша жер учаскесі) үшін төлем;

      7) топырақтың, құмның, ұсақ тастың уақытша карьерлерін барлауға, бөлуге және әзірлеуге, бөлінген карьерлердегі қол қойылатын бонустары мен коммерциялық табу бонустарын төлеуге арналған шығындар;

      8) объектіні салу үшін геодезиялық бөлу негізін (құрылыс торы, қызыл сызықтар, ғимараттың (құрылыстың) габариттерін айқындайтын басты бөлу осьтері, биіктік реперлер, инженерлік коммуникациялардың, автожолдардың, электрмен жабдықтау желілерінің, байланыстың, су құбыры трассасының, кәріздің, жылудың, газдандырудың басты осьтері) құруға арналған шығындар;

      9) құрылыс кезеңінде жер салығын төлеу;

      10) жер учаскесінің радиологиялық жағдайын өлшеуге арналған шығындар;

      11) су пайдалануды тоқтатуға немесе шарттарын өзгертуге байланысты су шаруашылығы іс-шараларынан келтірілетін залалдарды өтеу бойынша шығындар;

      12) пайдаланушы персоналды дайындауға (өндірістік мақсаттағы жаңадан салынып жатқан объектілер үшін) арналған шығындар;

      13) жабдықты кешенді байқап көрумен іске қосу-жөндеу жұмыстарына, іске қосу-жөндеу жұмыстары үшін шикізатқа және материалдық ресурстарға, іске қосу-жөндеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде пайдаланушы персоналын ұстауға (өндірістік мақсаттағы объектілер үшін) арналған шығындар;

      14) жер учаскелерін уақытша және тұрақты пайладану құқығына актіні дайындауға және беруге арналған шығындар;

      15) жылжымайтын мүлік объектілеріне техникалық паспорт дайындауға және беруге арналған шығындар;

      16) жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуге арналған шығындар;

      17) лицензиялық келісімдер және лицензиардың қызмет көрсетуі бойынша шығындар;

      18) сыртқы қарыз есебінен қаржыландырылуы болжанатын шығындар.

      15. Құрылыс аумағын дайындауға (игеруге) және объектіні пайдалануға беруге арналған жиынтық смета, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9938 тіркелген "Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, мониторингілеу және іске асырылуын бағалау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығына сәйкес, объектілерді салуға арналған бюджеттік инвестициялық жоба технико-экономикалық негіздеме және/немесе бюджеттік инвестициялық жоба жобалау (жобалау-сметалық) құжаттама құрамында, кейінгі бекітумен салалық (өндірістік мақсаттағы объектілер үшін) және/немесе және кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өтуге жатады.

4. Объектіні салудың сметалық құнын айқындау

      16. Объектіні салудың сметалық құнына мыналар енгізіледі:

      1) мердігерлік құрылыс-монтаж жұмыстарының, шығындар мен қызметтердің сметалық құны;

      2) тапсырыс берушінің жабдығының, жиһазының және мүкәммалының құны;

      3) тапсырыс берушінің жобаны және техникалық қадағалауды басқаруға арналған шығындары;

      4) жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу құны, оның ішінде құрылыс үшін инженерлік іздестірулердің құны және жобалау жұмыстарына арналған шығындар;

      5) жобалау-сметалық құжаттаманың сараптамасының құны;

      6) авторлық қадағалауды жүзеге асыруға арналған шығындар;

      7) тапсырыс берушінің болжанбаған жұмыстар мен шығындарға арналған қаражаттарының резерві.

      17. Объектілерді салудың сметалық құны нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11905 тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті Төрағасының 2015 жылғы 3 шілдедегі № 235-нқ бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасында құрылыстың сметалық құнын айқындау жөніндегі мемлекеттік нормативке сәйкес айқындалады.

      18. Заңнамада бекітілген тәртіппен бекітілген құрылыстың сараптама алды құн, мемлекеттік инвестициялардың есебінен немесе квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаттары есебінен инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған қаражат көлемін айқындау үшін негіздеме болып табылады.

5. Объектіні салудың шарт бағасын айқындау

      19. Құрылыстың шарт бағасы мердігерлік жұмыстарды және қызметтерді сатып алу конкурс нәтижелері бойынша мемлекеттік инвестициялар үшін мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамаға, квазимемлекеттік сектор үшін "Ұлттық басқарушы холдинг, Ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тиесілі ұйымдар жүзеге асыратын тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алудың үлгі ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 28 мамырдағы № 787 қаулысына сәйкес конкурста жеңіп шыққан мердігердің ұсынған бағасының негізінде, тапсырыс берушінің сметасында белгіленген қаражаттың шегінде оның сметасы (офертасы) бойынша айқындалады.

      20. Тапсырыс берушінің сметасы электрондық форматта конкурстық құжаттама құрамында әлеуетті мердігерге беріледі.

      21. Мердігердің сметасы (офертасы) еңбекке ақы төлеу жөніндегі мердігердің бухгалтерлік деректері, құрылыс машиналарын пайдаланудың құны, нақты мәмілелер, қолданыстағы келісім-шарттар бойынша немесе оларды жеткізуге арналған ұсыныстар бойынша, үстеме шығыстарының нақты деңгейі бойынша материалдық ресурстардың құны негізінде құрылыс ресурстарын қайта бағалап, тапсырыс берушінің сметасы базасындағы ағымдағы бағаларда ресурстық әдіспен жасалады.

      22. Тапсырыс берушінің сметасы базасында мердігердің сметасын жасау кезінде жоба бойынша жұмыстардың атауы мен нақты көлемдері, құрылыс ресурстарының нормативтік шығыстары, жоба бойынша (тапсырыс беруші сметасының ресурстық бөлігі) құрылыс конструкциялары мен материалдарының сапалық және сандық құрамы өзгеріссіз қалады.

      23. Мердігерге машиналар және тетіктер бөлігінде, егер енгізілетін техника қуаты мен өнімділігі бойынша нормативтік уақытқа әсер етпейтін болса, техникалық сипаттамалары бойынша сметалық нормаларда қабылданған құрылыс техникасының біріктірілген түрлеріне сәйкес келетін, пайдаланатын техниканың нақты маркасын көрсетуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ, мердігер жұмыстардың нақты түрінде олардың үлесі ресурстардың тиісті тобының жалпы құнында 5% аспайтын, қосалқы технологиялық функцияларды орындайтын "өзге" (қосалқы) материалдардың, "өзге" (қосалқы) құрылыс машиналары мен тетіктерінің позициялары бойынша өзінің нұсқасын ұсына алады. Өзге ресурстардың нұсқаларын мердігер сапасын нашарлатпай және технологиясын бұзбай, жеке практиканы ескере отырып, сараптамалық бағалау әдісімен қалыптастырады.

      24. Тапсырыс берушінің және мердігердің сметаларындағы тиісті жұмыстар мен шығындардың бірыңғай құнын салыстыру негізінде шарт бағасының құрамында тапсырыс беруші сметасының барлық позициялары (жұмыстар және жеке шығындар) бойынша жекелеген шарт бағаларының каталогы жасалады және бекітіледі. Жекелеген шарт бағалары қосылған құн салығынсыз барлық тиісті қосымша есептермен бірге жоба бойынша жұмыстардың қабылданған бірлігіне теңгеде жасалады. Бұл жекелеген шарт бағаларының каталогы орындалған жұмыстар үшін тапсырыс беруші мен мердігердің арасындағы өзара есеп айырысу кезінде негіз болып табылады.

      25. Мердігердің нақты деректері бойынша айқындалатын құн көрсеткіштерін қоспағанда, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11905 тіркелген, Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті Төрағасының 2015 жылғы 3 шілдедегі № 235-нқ бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасында құрылыстың сметалық құнын айқындау жөніндегі мемлекеттік нормативтің негізгі ережелері, талаптары, шарттары және шектеулері сақталып, мердігердің меншікті ұйымдық және техникалық мүмкіндіктері ескеріле отырып, мердігердің сметасы жасалады.

      26. Конкурс аяқталғаннан кейін өтінімнің құрамында тапсырыс берушіге (конкурстық комиссияға) ұсынылған мердігерлердің сметаларының электрондық көшірмелері конкурстың нәтижелері ресми жарияланған күнінен бастап үш жұмыс күннен аспайтын мерзімде уәкілетті органға және (немесе) олар айқындаған сметалық нормативтерді әзірлеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыртын ұйымға беріледі. Алынған ақпарат сметалық нормативтерді әзірлеу және жетілдіру бойынша жұмыстардың мақсаттары мен шегінде ғана пайдаланылады.