Қазақстан Республикасының мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізудің және одан ақпарат және (немесе) мәліметтер ұсынудың қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 244 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 мамырда № 11111 тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 23-8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізудің және одан ақпарат және (немесе) мәліметтер ұсынудың қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
Е. Досаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрі

      ____________ А. Мамытбеков

      2015 жылғы 1 сәуір

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрі

      ____________ А. Сәрінжіпов

      2015 жылғы 26 наурыз

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау және

      әлеуметтік даму министрі

      ____________ Т. Дүйсенова

      2015 жылғы 16 сәуір

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      ____________ Ә. Исекешев

      2015 жылғы 21 сәуір

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ____________ Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 3 сәуір

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және спорт министрі

      ____________ А. Мұхамедиұлы

      2015 жылғы 10 сәуір

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      ____________ Қ. Қасымов

      2015 жылғы 6 сәуір

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ____________ В. Школьник

      2015 жылғы 23 наурыз



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 20 наурыздағы
№ 244 бұйрығымен бекітілді

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қала құрылысы кадастрын
жүргізу және одан ақпарат және (немесе) мәліметтер ұсыну қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу және одан ақпарат және (немесе) мәліметтер ұсыну қағидасы (бұдан әрі – Қағида) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу және одан ақпарат және (немесе) мәліметтер ұсыну тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) аумақтың кадастрлық жоспары – картографиялық негізде жасалған және сұратылып отырған мәліметтер онда графикалық және мәтіндік нысанда көрсетілген кадастрлық орамның немесе тиісті сұрауда көрсетілген өзге кадастрлық орам шегіндегі аумақтың тақырыптық жоспары;

      2) геоақпараттық жүйе (сондай-ақ географиялық ақпараттық жүйе) – Жер туралы, жер бетiнiң объектiлерi, шынайы әлемнің табиғи, техногендiк және қоғамдық процестері мен құбылыстары туралы кеңiстiк ақпаратын жинауды, жинақтауды, сақтауды, талдауды және таратуды қамтамасыз ететiн бағдарламалық жүйе;

      3) кезекші жоспар – бұл сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің жүзеге асуына мониторинг жүргізуге арналған мемлекеттік қала құрылысы кадастрының құрамдас бөлігі болып табылатын қағаз және (немесе) электрондық тасығыштардағы картографиялық негіз;

      4) геокеңістік объектісі – геодезиялық (географиялық) координаталардың белгіленген жүйесінде Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір орналасуымен сипатталатын объект;

      5) кадастрлық анықтама – қала құрылысы кадастрының сұрау салынатын ресми мәліметтерін қамтитын және белгілі бір аумақта қолданылатын қала құрылысы регламенттерін, қала құрылысы қызметін жүзеге асыру жағдайларын, жер учаскелерін және оларда орналасқан жылжымайтын мүлік объектілерін пайдалану жөніндегі талаптар мен шектеулерді, басқа анықтамалық мәліметтерді сипаттайтын құжат;

      6) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының есепке алу бірліктері – көлемдік, жазықтық және сызықтық құрылыстардың барлық түрлерін қоса алғанда, жалпы Қазақстан Республикасының, облыстардың, аудандардың, елді мекендердің, жылжымайтын мүлік объектілерінің ұйымдастырылған және пайдаланылатын аумағының элементтері;

      7) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының есепке алу бірлігін тіркеу – іс-қимылды жүзеге асыру нәтижесінде Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының есепке алу бірлігі Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректер базасына енгізіледі, графикалық түрде көрінеді және онымен байланысты құжаттар Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық ресурстарына енгізіледі, барлық қала құрылысы қызметіне қатысушылардың сақтауы үшін міндетті деген мәртебе ала отырып онда тіркеледі және сақталады;

      8) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі – картографиялық және атрибутивтік кеңістікте үйлестірілген деректерді (геокеңістік деректерін) жинауды, сақтауды, өңдеуді, қол жеткізуді, бейнелеуді және таратуды қамтамасыз ететін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының мамандандырылған ақпараттық жүйесі;

      9) Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесінің ақпараттық ресурстары – бекітілген қала құрылысы, жобалау және жоспарлау құжаттамасы, оның құрамы мен мазмұны Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасында айқындалған;

      10) электрондық карта – мемлекеттік қала құрылысы кадастрының цифрлық картографиялық негізі;

      11) топографиялық жоспар – жергілікті жердің жоспарының растрлық немесе жүктелген векторлық суреті бар, тиісті масштабта орындалған электрондық карталар түріндегі картографиялық (топогеодезиялық) негіз.

      3. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры мемлекеттік органдарды, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, жеке және заңды тұлғаларды сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге арналған.

      4. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі – Кәсіпорын) жүзеге асырады.

      5. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының геоақпараттық дерекқоры қолданыстағы, жоспарланып және жобаланып отырған құрылыс (реконструкция) объектілері туралы кеңістік ақпаратын қамтуы тиіс және Жерде позициялау үшін координаталардың үшөлшемді жүйесінде қала құрылысы кадастрының республикалық, облыстық деңгейлерінің, координаталардың жергілікті жүйесінде – аудандық, базалық деңгейлердің есепке алу бірліктерін жіктеу мен кодтаудың бірыңғай жүйесіне сәйкес цифрлық нысанда жасалады.

      6. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры аумақтардың, ғимараттар мен құрылыстардың, шағын сәулет нысандары мен абаттандыру элементтерінің бұрынғы және қазіргі жай-күйі туралы, сондай-ақ аумақтар мен елді мекендерді дамыту мен салуды қала құрылыстық жоспарлау туралы мәліметтерді, аумақтар мен объектілердің тиісті функционалдық аймақтарға тиесілілігі, олардың қазіргі кездегі және келешектегі мақсаты, экологиялық, инженерлік-геологиялық, гидрогеологиялық, геотехникалық және сейсмикалық жағдайлары, инженерлік қамтамасыз ету туралы мәліметтерді қамтиды. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры мемлекеттік ақпараттық ресурс болып табылады, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізіледі.

2. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу тәртібі

      7. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүргізу Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

      8. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын құрған кезде Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне арналған ақпараттық ресурстарды электрондық түрде ұсынатын базалық субъектілер айқындалады, оның ішінде:

      1) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган – жергілікті жер объектілерінің өзгерісіне әкеп соқтырған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туралы ақпаратты;

      2) білім беру және ғылым саласындағы уәкілетті орган – білім беру және ғылым объектілері туралы ақпаратты (нақты және жобаланатын);

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган – республикалық маңызы бар денсаулық сақтау объектілері туралы ақпаратты;

      4) жергілікті атқарушы органдар – сәулет, қала құрылысы және құрылыс, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экономика, денсаулық сақтау, тарихи-мәдени мұра салаларындағы мәліметтерді;

      5) кешенді ведомствадан тыс сараптаманы жүргізген сараптамалық ұйымдар – кешенді ведомствадан тыс сараптамадан өткен жобалау құжаттамасын (сметалық бөлімсіз) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректер қорына ұсыну;

      6) жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган – кен орындарының және пайдалы қазбалардың көрініс-белгілерінің мемлекеттік кадастрынан (кен орындарымен кен көрініс-белгілері паспорттарының электрондық нұсқалары, Қазақстан Республикасының кен орындарының және кен көрініс-белгілерінің анықтамалық ақпараты) сұрату бойынша деректерді ұсыну (сұратуға сәйкес);

      7) кәсіпорындар және ұйымдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, коммуналдық кәсіпорындар және пайдалану қызметтері, тіркеу, техникалық түгендеу және жылжымайтын мүлікті бағалау қызметтері – аумақтық объектілерді есепке алу бірліктерінің деректерін (күрделі құрылыс объектілері, жасыл екпелер және аумақты абаттандыру объектілері, инженерлік коммуникациялар);

      8) көлік, үйлестіру және реттеу саласындағы уәкілетті орган – құрылыс және көлік инфрақұрылымын (нақты және жобалау) пайдалану саласындағы қызмет туралы ақпаратты;

      9) су ресурстарын басқару, орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті орган – мемлекеттік су кадастрының деректері, орман қорын мемлекеттік есепке алу туралы ақпарат және мемлекеттік орман кадастрының, жануарлар дүниесі мемлекеттік кадастрының және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттік кадастрының деректері;

      10) мәдениет, ішкі саяси тұрақтылық, этника аралық келісім, тілдерді дамыту, мемлекеттік рәміздер, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мұрағат ісі және құжаттандыру, діни қызмет, дене шынықтыру және спорт, ойын бизнесі саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының мәдениет, тарихи-мәдени мұра объектілерін есепке алудеректерін;

      11) салалық кадастрлық және басқа инфрақұрылымдық қызметтер – аумақтық объектілерді есепке алудың тиісті бірліктеріне, тіркелімдерге, өзге де деректер банкіне қатысты жер, су және басқа салалық кадастрлар деректерін;

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 26.02.2018 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының базалық субъектілерінен келіп түсетін мәліметтер мен құжаттарды қалыптастыру және өзектілендіру, жүйеге келтіру, жинақтау және тіркеу арқылы жүзеге асырылады.

      10. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры деңгейлер бойынша:

      1) республикалық;

      2) облыстық;

      3) облыстағы аудандық;

      4) базалық (республикалық маңызы бар қаланы және астананы қоса алғанда, елді мекендер) болып бөлінеді.

      11. Республикалық деңгейде Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесіне:

      1) аумақтарды пайдалану, ел аумағын экологиялық, инженерлік-геологиялық, сейсмикалық, гидрогеологиялық және басқа аудандарға бөлу мәселелері жөніндегі салалық кадастрлар мен ақпараттық жүйелердің салалық ресурстарының деректері;

      2) Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың Бас схемасы;

      3) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының төмен тұрған аумақтық деңгейлері дерекқорларының көшірмелері;

      4) мемлекеттік шекара және әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекаралары;

      5) облыстық деңгейдегі Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйесі деректерінің негізінде елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеудің жай-күйін мониторингтеу нәтижелері туралы ақпарат және (немесе) мәліметтер енгізіледі.

      12. Облыстық деңгейде Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесіне:

      1) елді мекендер шегінен тыс орналасқан облыстық маңызы бар объектілері бар облыстар аумақтарын және аумақтың жекелеген бөліктерін жоспарлау схемалары;

      2) елді мекендердің бас жоспарларын, аумақтарды аймаққа бөлу жоспарларын және бөлшектеп жоспарлау жоспарларын әзірлеудің жай-күйіне мониторинг жасау нәтижелері;

      3) мемлекеттік жер кадастры деректерінің негізінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекаралары;

      4) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының төмен тұрған деңгейлері дерекқорларының көшірмелері;

      5) салалық кадастрлардың ақпараттық ресурстары мен тиісті салалық кадастрлар мен ақпараттық жүйелерден келіп түскен деректер негізінде аумақтарды пайдалану, облыстар аумағын экологиялық, инженерлік-геологиялық, сейсмикалық, гидрогеологиялық және басқа аудандарға бөлу мәселелері бойынша ақпараттық жүйелер туралы мәліметтер енгізіледі.

      13. Аудандық деңгейде Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесіне:

      1) аудандық маңызы бар қалалардың, қалалық типтегі кенттер мен ауылдық елді мекендердің бас жоспарларының;

      2) аумақтарды пайдалану, аудан аумағын кадастрлық, экологиялық, инженерлік-геологиялық, сейсмикалық, гидрогеологиялық және басқа аудандарға бөлу мәселелері бойынша салалық кадастрлар мен ақпараттық жүйелердің ақпараттық ресурстарының;

      3) елді мекендер шегінен тыс орналасқан аудандық маңызы бар объектілері бар аудан аумағы мен аумақтың жекелеген бөліктерін жоспарлау схемалары туралы;

      4) мемлекеттік жер кадастры деректерінің негізінде ауданның әкімшілік-аумақтық бірліктерінің шекаралары туралы мәліметтер;

      5) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының төмен тұрған деңгейлерінің дерекқорлары көшірмелері;

      6) аудан аумағы бойынша кезекші жоспарлар және электрондық карталар енгізіледі.

      14. Мемлекеттік қала құрылысы кадастры жүйесінің базалық деңгейіне:

      1) инфрақұрылымды дамыту, тарих, мәдениет және табиғат ескерткіштерін қорғау, аумақты көгалдандыру, абаттандыру және қорғаудың бекітілген қала құрылысы бағдарламалары, схемалары мен жобалары, жергілікті атқарушы органдардың тиісті шешімдерінің негізіндегі инвестициялық бағдарламалар мен жобалар;

      2) ведомстволық бағынысты аумақтағы құрылыс салу және өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерін таңдау, беру, ал заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда қала құрылысы қажеттіліктері үшін алып қою жөніндегі шешімдер;

      3) ғимараттар мен құрылыстар, олардың құқықтық режимі, техникалық жай-күйі, сәулеттік және тарихи-мәдени құндылығы;

      4) елді мекеннің және оның әкімшілік-аумақтық бірліктерінің шекаралары;

      5) елді мекеннің бас жоспары, аумақты аймаққа бөлу жоспары, бөлшектеп жоспарлау жоспарлары, өнеркәсіптік аймақтарды жоспарлау жобалары, құрылыс салу жобалары, абаттандыру және көгалдандыру жобалары, басқа жоспарлау жобалары;

      6) жекелеген аумақтар мен жер учаскелерінің экологиялық және инженерлік-геологиялық сипаттамалары, тиісті қала құрылысы құжаттамасының, болашақ құрылыс учаскелері астындағы жер қойнауында пайдалы қазбалардың жоқтығы немесе маңызының аздығы туралы қорытындының, экологиялық, санитариялық-гигиеналық және басқа зерттеулер деректерінің негізінде жоспарлық шектеулерді ескере отырып, онда қала құрылысы қызметін жүзеге асыру мүмкіндігі, сондай-ақ тиісті салалық кадастрлар мен ақпараттық жүйелерден алынған аумақтарды пайдалану мәселелері бойынша деректер;

      7) жер учаскелерін таңдау актілері;

      8) жобалауға арналған тапсырмалар;

      9) инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосылуға арналған техникалық талаптар;

      10) инженерлік коммуникацияларға қосылуға арналған актілер;

      11) масштабы кемінде 1:500 топографиялық карталар, елді мекен аумағына арналған жоспарлардың, жоспарлық-картографиялық негіздің, құрылысы аяқталған инфрақұрылым объектілерінің инженерлік-геодезиялық атқарушылық түсірілімдерінің және қала құрылысы мониторингінің нәтижелері негізінде елді мекен аумағының бірыңғай цифрлық картографиялық негізі;

      12) кадастрлық орамдар, жерді бағалау аудандарының шекаралары, жер учаскелерінің шекаралары, жер учаскелерінің, ғимараттардың, құрылыстардың кадастрлық нөмірлері, аяқталмаған құрылыс объектілері, жер учаскелерінің нысаналы мақсаты, жер пайдалану, меншік құқығы, мемлекеттік жер кадастры деректерінің негізінде жер учаскелерін пайдаланудағы шектеулер;

      13) қолданыстағы объектілерді өзгертуге немесе жаңаларын салуға арналған мүдделі жеке және заңды тұлғалардың (өтініш берушілердің) өтініштері, жер учаскесін беру туралы өтініштер;

      14) құрылыс жобалары, оның ішінде эскиздық жобалар;

      15) құрылыстарды, үйлерді, ғимараттарды, инженерлік және көліктік коммуникацияларды салу, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау, қалпына келтіру және күрделі жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, құрылыстарды (объектілерді) консервациялау, қалалық маңызы бар объектілерді кейіннен кәдеге жарату жөнінде жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешімдер;

      16) қызыл сызықтар және құрылыс салуды реттеу сызықтары;

      17) мемлекеттік және мемлекетаралық жобаларды қоса алғанда, жобалар сараптамаларының қорытындылары;

      18) жергілікті (облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың) сәулет және қала құрылысы органдарымен келісілген эскиздық жобалар;

      19) сәулет-жоспарлау тапсырмалары;

      20) табиғи, техногендік, антропогендік сипаттағы әсерлерге ұшыраған елді мекендерде болған қауіпті (зиянды) құбылыстар мен процестерді мониторингтеу нәтижелері;

      21) топографиялық жоспарлардың және жергілікті атқарушы органдардың қала аумағындағы объектілердің мекен жайларын беру және өзгерту туралы шешімдерінің негізіндегі қала аумағындағы мекен жайлар тізілімі;

      22) топографиялық жоспарлардың және жергілікті атқарушы органдардың көшелердің атауы (қайта атау) және жергілікті жердің атау берілген басқа объектілері туралы шешімдерінің негізінде көшелер атауларының және жергілікті жердегі объектілердің басқа атауларының тізілімі;

      23) топографиялық карталардың және жоспарлардың, инженерлік-көліктік инфрақұрылым саласындағы пайдалану қызметтері деректерінің, құрылысы аяқталған инфрақұрылым объектілерінің инженерлік-геодезиялық атқарушылық түсірілімдері нәтижелерінің негізіндегі инженерлік-көліктік инфрақұрылым;

      24) топографиялық карталар және жоспарлар, техникалық түгендеу деректері;

      25) іргелес аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары;

      26) елді мекендер бойынша кезекші жоспарлар және электрондық карталар енгізіледі.

      15. Кәсіпорын:

      1) ақпарат алмасу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды және басқа кадастрлармен, тізілімдермен және ақпараттық жүйелермен ақпарат алмасуды;

      2) ақпаратты сақтау және мұрағаттау жүйелеріне қызмет көрсетуді;

      3) аумақты пайдаланудың жай-күйі туралы ақпаратты жинақтауды және талдамалық есептер құрастыруды;

      4) заңнамада белгіленген тәртіппен кадастрлық жүйеге тікелей санкцияланған қатынасты қамтамасыз етуді;

      5) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу құралдарын дамыту мен жетілдіруді;

      6) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізудің үлгілік әдістемелік және нормативтік құжаттарын бейімдеу мен толықтыруды;

      7) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының бағдарламалық және техникалық құралдарына қызмет көрсетуді;

      8) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық ресурстарына санкцияланған қатынас шегінде пайдаланушылардың сұратуларына кадастрлық анықтамалар қалыптастыруды және оларды беруді;

      9) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының базалық субъектілерімен өзара іс-қимыл жасауды және Мемлекеттік қала құрылысы кадастрында тіркелуге жататын ақпаратты олардан тұрақты түрде алуды;

      10) кадастрлық істер мен құжаттар қалыптастыруды және оларды беруді;

      11) мемлекеттік нормативтерге сәйкес ақпаратты санкцияланбаған қатынастан қорғау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды;

      12) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын, кезекші жоспар мен электронды карталардын жүргізілуін қамтамасыз етеді.

      16. Мыналар кадастрлық ақпараттың пайдаланушылары болып табылады:

      1) жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті органның ведомствосы – жерді пайдалану, елді мекендер мен әкімшілік-аумақтық бірліктердің, жекелеген жер учаскелерінің шекараларын белгілеуді ұйымдастыру, аумақтың қала құрылыстық құндылығын ескере отырып, жерге төленетін төлемдердің мөлшері мен жер учаскелерінің нормативтік бағасын белгілеу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу, елді мекендер жерлерінің мониторингін жүргізу мәселелерін реттеу үшін;

      2) жер қатынастары саласындағы уәкілетті орган – жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылуын бақылау үшін;

      3) қала құрылысы құжаттамасының тапсырыс берушілері, құрылыс салушылар – құрылыс салуға жерлер беру, жер учаскелеріне құрылыс салудың қала құрылысы шарттары мен шектеулерін алу, жобалау тапсырмасын, құрылыс объектісін инженерлік қамтамасыз етуге қатысты техникалық талаптар, құрылыс салу, құрылыс паспортын қалыптастыру бойынша іздестірулер мен жұмыстар жүргізу үшін;

      4) қаржы мекемелері, инвесторлар, сақтандыру компаниялары – аумақтың қала құрылысы құндылығын ескере отырып, ренталық төлемдерді айқындау, инвестициялық қызметті бағалау үшін;

      5) басқа орталық атқарушы органдар мен ведомстволар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды және жеке тұлғалар – қала құрылысы қажеттіліктеріне арналған тиісті ақпаратты алу үшін;

      6) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган – мемлекеттік мүлікті есепке алу үшін;

      7) ресурстық және құқықтық қатынаста аумақты теңгерімді дамыту, инвестициялау басымдықтарын айқындау жөніндегі міндеттерді шешу мен ұсыныстар әзірлеуге жауапты органдар – өз функцияларын орындау үшін;

      8) салық органдары – жерге және басқа жылжымайтын мүлікке салық салу мөлшерін белгілеу, жылжымайтын мүлік айналымын пайдалануды құқықтық реттеу үшін;

      9) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобалау, іздестіру, ғылыми-зерттеу және құрылыс кәсіпорындары – тиісті жұмыстарды орындауға арналған бастапқы деректерді алу үшін;

      10) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органдар – елді мекендер аумақтарының ұтымды пайдаланылуын бақылау, қала құрылысы регламенттерін сақтау және жобалардың іске асырылуын талдау үшін.

3. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізу үшін ақпаратты
және (немесе) мәліметтерді ұсыну тәртібі

      17. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізу үшін базалық субъектілерден ақпарат және (немесе) мәліметтер қағаз немесе магнит тасығыштарда, сондай-ақ Мемлекеттік қала құрылысы кадастры объектілерін есепке алу орны бойынша техникалық және телекоммуникациялық байланыс құралдарын қолдана отырып, Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының деректер банкіне тікелей қолжетімділік түрінде ұсынылады.

      18. Базалық субъектілер болып табылатын орталық атқарушы органдардың ақпаратын және (немесе) мәліметтерін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізу үшін ұсыну әр айдың 15 күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

      19. Базалық субъектілер болып табылатын орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінің ақпаратын және (немесе) мәліметтерін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерекқорына енгізу үшін ұсыну әр айдың 10 күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

      20. Жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс саласындағы уәкілетті жергілікті атқарушы органдардың ақпаратын және (немесе) мәліметтерін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерекқорына ұсыну апта сайын жүзеге асырылады.

      21. Коммуналдық кәсіпорындар мен пайдалану қызметтерінің инженерлік коммуникациялар мен инфрақұрылым трассаларын келісуі (жөндеу) туралы ақпаратын және (немесе) мәліметтерін Мемлекеттік қала құрылысы кадастрына ұсыну апта сайын жүзеге асырылады.

      22. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті жергілікті атқарушы органдардың ақпаратын және (немесе) мәліметтерін ұсыну күн сайын жүзеге асырылады.

      23. Сараптамалық ұйымдардың жобалау құжаттаманы (сметалық бөлімсіз) ұсынуы кешенді ведомствадан тыс сараптамасының оң қорытындысын алған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 26.02.2018 № 135 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрынан мәліметтер беру тәртібі

      24. Кәсіпорын "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы N 349-1 Заңына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын деректерден басқа Мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізілген деректерді жеке және заңды тұлғалардың сұраулары бойынша береді.

      25. Мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізілген ақпарат және (немесе) мәліметтер:

      1) аумақтың кадастрлық жоспары;

      2) Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының есепке алу бірліктері туралы кадастрлық анықтама түрінде ұсынылады.

      26. Аумақтардың кадастрлық жоспарлары түрінде берілетін мәліметтерді қоспағанда, Мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізілген мәліметтер кәсіпорын тиісті сұратуды алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынылады.

      Аумақтардың кадастрлық жоспарлары түрінде сұратылатын мәліметтерді ұсыну мерзімі кәсіпорын тиісті сұратуды алған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайды.

      27. Мемлекеттік қызметтер ұсынатын орталық атқарушы органдардың, олардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарының ведомствоаралық сұратулары бойынша сұратылатын мәліметтер, оның ішінде аумақтардың кадастрлық жоспарлары кәсіпорын ведомствоаралық сұратуды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.

      28. Егер сұратылып отырған мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес беруге жол берілмесе немесе Мемлекеттік қала құрылысы кадастрында сұратылатын мәліметтер болмаса, Кәсіпорын үш күндік мерзімде сұратылған мәліметтерді беруден бас тарту туралы негізді шешімді не сұратылатын мәліметтердің Мемлекеттік қала құрылысы кадастрында жоқ екені туралы хабарламаны жібереді.

      Мемлекеттік құпияларды және өзге де шектеулерді қамтымайтын Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараты және (немесе) мәліметтері мүдделі жеке және заңды тұлғаларға ақылы және ақысыз негізде көрсетілетін қызметтер тізбесіне сәйкес ақылы негізде ұсынылады.

      Мемлекеттік қызметтер ұсынатын мемлекеттік органдарға, ұйымдарға Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпаратын және (немесе) мәліметтерін беру ақысыз негізде жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 37-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттiк қала құрылысы кадастрының деректерi қала құрылысы мен сәулет-құрылыс құжаттамасын әзiрлеу және iске асыру, жылжымайтын мүлiк объектiлерiн дамыту және өзгерту, инвестициялық қызметтi бағалау, қала құрылысы және сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беру, сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыру, қоршаған ортаны қорғау кезiнде пайдаланылуға жатады және қажетті жағдай болып табылады.