Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабының 1-тармағының 16-3) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргізу ережесі.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті (Б.Ә. Смағұлов) заңнамаға белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрінің орынбасары Қ.А. Өскенбаевқа жүктелсін.
4. Аталған бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Е. Досаев
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 23 желтоқсандағы
№ 160 бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргізудің қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидалар 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексіне (бұдан әрі - Жер кодексі) сәйкес әзірленді және мемлекеттік жер кадастрын жүргізу тәртібін белгілейді.
2. Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастры (бұдан әрі - Кадастр) мемлекеттік органдарды, жеке және заңды тұлғаларды жер және жекелеген жер учаскелері туралы ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
Кадастрды жүргізу жөніндегі қызмет мемлекеттік монополияға жатады және оны мемлекеттік жер кадастрын жүргізетін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) жүзеге асырады.
Кадастрды жүргізуге технологиялық байланысты қызметке:
1) жергілікті жерде әкімшілік-аумақтық бірліктердің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, мемлекеттік орман және су қорлары жерлерінің шекараларын белгілеу;
2) жер пайдалануды қалыптастыру мен ретке келтіру жөніндегі жобаларды, бүлінген жерді рекультивациялау жобаларын жасау, жергілікті жерде жер учаскелерінің шекараларын белгілеу;
3) мемлекет меншігіндегі және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер пайдалануға берілген жер учаскелері бойынша шаруашылық ішіндегі жерге орналастыру жобаларын әзірлеу;
4) жерді түгендеуді жүргізу жатады.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
3. Жер кодексінің 152-бабының 7-бөлігіне сәйкес Кадастрдың деректерін есепке алу мен оларды сақтау бірлігі тұйық шекарада бөліп шығарылған, белгіленген тәртіппен жер құқығы қатынастарының субъектілеріне бекітілген жер учаскесі болып табылады.
Кадастрда әрбір жер учаскесі үшін оны кеңістікте бірмәнді бөлуге, мөлшерін және орналасқан жерін айқындауға мүмкіндік беретін сәйкестендіру сипаттамалары, сондай-ақ учаскенің кадастрлық бағалау құны белгіленеді.
4. Кадастрдың құрамына жер учаскесінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар туралы ақпарат кіреді.
5. Жер учаскесі туралы мәліметтер осы учаскеге бекітіліп берілген нөмірі, орналасқан жері, шекарасы және мәтіндік сипаттамасы көрсетілетін жер-кадастрлық карталармен арақатынаста болады.
6. Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін қалыптастыру топографиялық-геодезиялық, аэроғарыштық, картографиялық, жерге орналастыру жұмыстарын, топырақ зерттеу, геоботаникалық зерттеулер мен ізденістер, жер мониторингі жөніндегі жұмыстарды, жерді сандық және сапалық есепке алуды жүргізумен, нақты жер учаскесіне жер-кадастр ісін жасаумен, жер-кадастр карталарын, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын, жер-кадастр жоспарын дайындаумен қамтамасыз етіледі.
7. Деректерді жинақтау жер учаскесінің кадастрлық нөмірі, жеке немесе заңды тұлғалардың - жер учаскесіне құқық субъектілерінің атауы, атқарушы органдардың актілері мен өзге де заңнамада көзделген құжаттар, жер учаскесінің орналасқан орны мен көлемі, кадастрлық (бағалау) құны, жер учаскесіне құқығы, нысаналы мақсаты, бөлінетіндігі және бөлінбейтіндігі, жер учаскесіне сервитуттар туралы, сондай-ақ атқарушы органдар белгілеген оны пайдалану жөніндегі шектеулер туралы ақпараттар тіркелетін және сақталатын тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың деңгейінде жүргізіледі.
Көрсетілген деректер облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана, аудандар, облыстық маңызы бар қалалар және жалпы Қазақстан Республикасының аумағы арасында салыстыруға мүмкіндік беретін меншік нысандары, жер санаттары бойынша жүйелендіріледі.
2. Кадастрды жүргізудің тәртібі
8. Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Кадастрды жүргізу бірыңғай жүйе бойынша жүзеге асырылады және ол жер учаскелері туралы мәліметтерді жинау, құжаттау, жинақтау, өңдеу, есеп жүргізу және сақтау жөніндегі дәйекті іс-қимыл болып табылады.
9. Жер учаскелерінің желілік және алаңдық сипаттамаларын бейнелеу және өзгерістер енгізу мүмкіндігін қамтамасыз ететін жер-кадастр карталары Кадастрдың картографиялық негізі болып табылады.
Жер-кадастр карталарының масштабы есепке алу бірлігінің мөлшеріне және Кадастрды жүргізудің деңгейіне байланысты таңдалады.
Кадастрды автоматтандырылған жүргізу кезінде картографиялық негіз геоақпараттық технологияларды қолданумен және қағаз тасығыштарда көшірмелерін дайындаумен электрондық карта түрінде қалыптастырылады.
10. Жер учаскелері туралы ақпарат учаскелер мен жер алқаптарының шекарасы мен алаңдары өзгерген кезде жүйелі түрде жаңартылады.
11. Мемлекеттік меншіктегі жерлерден берілетін жер учаскелеріне жер-кадастр істерін Мемлекеттік корпорация облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтер әкімдерінің шешімдері, Қазақстан Республикасының Жер кодексінде белгіленген құзыретіне сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы бекіткен жерге құқықтық беру туралы жерге орналастыру жобасы және жер учаскесінің шекараларын белгілеу жөніндегі материалдар негізінде жүргізеді.
Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
12. Азаматтардың немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншігіндегі жерден учаске құру бөлінетін жер учаскесінің бөлігімен мәміле жасалған кезде жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына берілетін олардың бөлінетін жер учаскесін бөлу туралы өтініштері негізінде жүргізіледі.
Өтінішке жер учаскесіне жеке меншік құқығы туралы құжаттар қоса беріледі.
Бөлудің нәтижесінде пайда болған жер учаскелеріне
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 14-1-бабында белгіленген құзыретіне сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы бекіткен жер учаскесін бөлу туралы жерге орналастыру жобасы және жер учаскесінің шекараларын белгілеу жөніндегі материалдар негізінде жаңа жер-кадастр ісі жүргізіледі, ал бөлінетін жер учаскесіне бұрын жүргізілген жер-кадастр ісі Мемлекеттік корпорацияның мұрағатында сақталады.
Бөлу нәтижесінде қалыптасқан жер учаскелеріне Мемлекеттік корпорация жаңа сәйкестендіру құжаттарын дайындайды және береді.
Егер жер учаскесіне жер-кадастр жоспары әзірленген жағдайда жаңа жер-кадастр жоспары беріледі.
Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
13. Азаматтық-құқықтық мәмілелерді жүзеге асыру нәтижесінде не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер бойынша жер учаскесіне құқықтар ауысқан жағдайда сәйкестендіру құжаты оны алушыға немесе басқа құқық иесіне беріледі.
Жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамаларында өзгерістер болмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорация жаңа сәйкестендіру құжатын (жер-кадастр жоспары) бермейді, ал жаңа құқық иеленуші туралы жазба жер-кадастр кітабына және жерлердің бірыңғай мемлекеттік тізіліміне енгізіледі.
Жер учаскесінің есептік деректеріне жер учаскесіне меншік құқығының немесе жер пайдалану құқығының ауысуы туралы мәліметтерді енгізу оларға жылжымайтын мүлік құқықтарын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган ұсынатын материалдардың негізінде жүргізіледі.
Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
14. Жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға бұрын өзіне жер пайдалануға берілген жер учаскесін жеке меншікке сатып алған жағдайда жаңа жер-кадастр ісі жүргізілмейді.
Жер учаскесінің орналасқан жері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы қалалардың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы беретін жер учаскесін сатып алу -сату туралы жасалған шарттың болуы, оның сатып алу бағасы төлемінің жүргізілгені, сондай-ақ жер учаскесін бөліп-бөліп төлеу тәртібімен сатқан кезде мәміле жасасуға тыйым салынуы (кепілге беруді қоспағанда) туралы анықтаманың негізінде Мемлекеттік корпорация жер учаскесіне жаңа сәйкестендіру құжатын дайындайды және береді.
Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
15. Азаматтардың және заңды тұлғалардың меншігіндегі немесе пайдалануындағы жерден мемлекеттік мұқтаждықтар үшін жер учаскесін қалыптастыру кезінде оған жүргізілген жер-кадастр ісіне жаңа учаскені құру үшін негіз болып табылатын жер учаскесін мемлекеттік мұқтаждықтар үшін алып қою туралы атқарушы органның шешімі не соттың шешімі, сондай-ақ жоспар (шекара сызбасы) және басқа құжаттар кіргізіледі.
16. Мемлекеттік мұқтаждықтар үшін жасалатын жер учаскесінің бір бөлігін алып қою жағдайында жаңа жер-кадастр ісі жүргізілмейді.
Жер учаскесін қайта ұйымдастыру процесімен бірге жүретін барлық құжаттар осы учаскеге бұрын жүргізілген жер-кадастр ісіне кіргізіледі.
17. Бірнеше жер учаскелері бірге қосылған кезде жаңа кадастр ісі ашылады, оған осы учаскелерге бұрын жүргізілген кадастр істері жинақталады.
Біріктіру нәтижесінде құрылған жер учаскесіне жаңа сәйкестендіру құжаты дайындалады.
18. Азаматтар мен заңды тұлғалардан мәжбүрлеп алып қоюға не тәркілеуге жататын жер учаскесінің жер-кадастр ісіне сот-атқарушылық іс жүргізу құжаттары кіргізіледі.
19. Жер-кадастр ісін қалыптастырғаннан кейін жер учаскесі туралы мәліметтер жер-кадастр кітабына және бірыңғай мемлекеттік жер тізіліміне енгізіледі.
Бірыңғай мемлекеттік жер тізілімі құқықтық, сәйкестендіру, экономикалық және басқа да сипаттамаларды қамтитын Кадастр құрамындағы жер учаскелерін есепке алудың қорытынды құжаты болып табылады.
20. Жер-кадастр кітабы жер учаскелері есепке алынатын, жердің кеңістік, табиғи және шаруашылық жағдайы туралы дұрыс мәліметтер қамтылатын құжат болып табылады.
21. Жердің жер-кадастр картасы жер учаскелерінің орналасқан жерін, көлемін және шекараларын көрнекті кескіндеу, біріктіру және бөлу кезіндегі олардың өзгерістерін есепке алу мақсатында құрылады және жүргізіледі.
Кадастр және жер учаскелерін есепке алу үшін жер-кадастр карталарын жүргізу осы Қағидалардың 42, 44 және 45-тармақтарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
22. Кадастр қағаз тасығышта, сондай-ақ ақпараттарды жинаудың, өңдеудің және сақтаудың электрондық жүйелерін пайдалана отырып жүргізіледі.
23. Кадастрдың автоматтандырылған ақпараттық жүйелері мамандандырылған бағдарламалық-техникалық кешендердің базасында құрылады.
24. Жер-кадастр құжаттамасы мынадай талаптарға сәйкес болуға тиіс:
барлық деректемелерді (оларды шығарушы органның, мекеменің, ұйымның атауын, күнін, құжаттың нөмірін, мекенжайын (құжатты алушыны) көрсету) толтыра отырып белгіленген үлгідегі бланкілерде орындалады;
жер учаскелері шекараларының жоспарларын (сызбаларын) дайындау техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады;
мемлекеттік құпияға жатқызылған жер учаскелерінің жоспарларында (сызбаларында) қамтылатын мәліметтер «Мемлекеттік құпиялар туралы» 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес пайдаланылады және сақталады.
3. Жерді сандық және сапалық есепке алуды жүргізу мен бағалаудың тәртібі
25. Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жер учаскелері жерге меншік нысанына, жер учаскелерінің нысаналы мақсатына және оларды пайдаланудың рұқсат етілген сипатына қарамастан, кадастрлық есепке алуға жатады.
Жер учаскелерін кадастрлық есепке алу олардың орналасқан жерінде бірыңғай әдістеме бойынша жүргізіледі.
26. Жерді сандық және сапалық есепке алу олардың нақты жағдайы және пайдаланылуы бойынша, сондай-ақ жерді мониторингілеу жөніндегі жұмыстың нәтижелері бойынша жүргізіледі.
Барлық өзгерістер олар жергілікті жерде болғаннан кейін тіркеледі.
Жерлердің сапасын есепке алу жерді экономикалық бағалауды және жер мониторингін жүргізуді, топырақты зерттеуді, геоботаникалық, агрохимиялық зерттеулерді және топырақты бағалауды жүргізуді қамтиды.
27. Жерді есепке алудың деректері әрбір жер учаскесі бойынша жер-кадастр кітабына және бірыңғай мемлекеттік жер тізіліміне енгізіледі.
Есептік деректер жер учаскелері, кенттер мен ауылдық елді мекендер, аудандық маңызы бар қалалар, облыстық маңызы бар қалалар, аудандар, астана, республикалық маңызы бар қала, облыстар бойынша қалыптастырылады.
Бұл ретте ерекше қорғалатын табиғи және тарихи-мәдени объектілер орналасқан учаскелер бөлек көрсетіледі.
Барлық санаттағы жерлер есепке алуға жатады және ол жер алқаптарының түрлері бойынша жүргізіледі.
Жердің көлемі, орналасқан жері, саны мен сапасы туралы қажетті мәліметтер оларды бастапқы есепке алу кезінде тіркеледі, ал жердің құрамында, олардың сапасы мен пайдалану түрінде болған өзгерістер жердің ағымдағы есебін жүргізу процесінде анықталады.
28. Кадастрлық деректерді нақтылау және жаңарту мақсатында:
1) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар, уәкілетті лауазымды тұлғалар және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердегі (ауылдар, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар) жергілікті атқарушы органдар есепті жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша жыл сайын республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органына тиісінше жердің жай-күйі мен пайдаланылуы, меншіктегі және пайдаланудағы, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің (ауылдар, кенттер, аудандық маңызы бар қалалар) әкімдерінің қарауындағы жерлердің құрамында болып жатқан өзгерістер туралы «Мемлекеттік статистика туралы» 2010 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - «Мемлекеттік статистика туралы» Заң) 12-тармағының 8) тармақшасына сәйкес мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша есептер ұсынады.
Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы ұсынылған есептерді қарайды әрі бекітеді және оларды болған өзгерістерді жер-кадастр кітабына және бірыңғай мемлекеттік жер тізіліміне енгізу үшін Мемлекеттік корпорацияға жібереді;»;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органдары есепті жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша жерлердің бар-жоғы және олардың санаттар, жер учаскелерінің меншік иелері, жер пайдаланушылар мен алқаптар бойынша бөлінуі туралы жыл сайынғы есептерді (жер балансын) «Мемлекеттік статистика туралы» Заңның 12-тармағының 8) тармақшасына сәйкес мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша жасайды.
Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ведомствосы облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер балансының деректері негізінде Қазақстан Республикасының жер балансын жасайды.
Мемлекеттік корпорация 5 жылда бір рет облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана, аудандар, облыстық маңызы бар қалалар және жалпы Қазақстан Республикасы бойынша жерлердің сапалық жай-күйі туралы есептер жасайды.
Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
29. Жердің бар-жоғы, олардың санаттар, жер учаскелерінің меншік иелері, жерді пайдаланушылар және алқаптар бойынша бөлінуі туралы есептерді (жер балансын) осы Қағидалардың 28-тармағына сәйкес мыналар жасайды:
аудан және облыстық маңызы бар қала бойынша - аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы есепті жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей жер қатынастары жөніндегі облыстық уәкілетті органға ұсынады;
облыс, республикалық маңызы бар қала және астана бойынша - аудандардың және облыстық маңызы бар қаланың деректері негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жер қатынастары жөніндегі уәкілетті органы және есепті жылдың 20 қарашасынан кешіктірмей жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның ведомствосына ұсынады.
Қазақстан Республикасы жерлерінің бар-жоғы, сапалық жай-күйі және пайдаланылуы туралы жиынтық талдамалы есептің көшірмесі агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жіберіледі.
30. Жердің сапасын есепке алу және кадастрлық бағалау:
нысаналы мақсатын ескеріп, жер учаскесін пайдалану тиімділігін айқындау;
жер учаскесін жеке меншікке сатқан кезде оның бағасын (жер учаскесін жалдау құқығын сату төлемін) анықтау;
салық салу;
жер учаскесін мемлекеттік мұқтаждықтар үшін мәжбүрлеп алып қою кезінде және иеліктен айыру жағдайында соттың сатып алу бағасы мен төлем мөлшерін айқындауы мақсатында жүргізіледі.
Жердің сапасы және оның кадастрлық бағасы туралы мәліметтер әрбір жер учаскесі бойынша жер-кадастр кітабында көрсетіледі.
4. Тіркеу мақсатында жер учаскелерін есепке алу
31. Жер кодексінің 154-бабының 1-тармағына сәйкес жер учаскелерін және онда орналасқан жылжымайтын мүлікті есепке алу жылжымайтын мүлікке меншік құқығын (ауыртпалықты) және басқа да құқықтарды мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз ететін қажетті шарт болып табылады.
32. Жер учаскелерін есепке алу кезінде мынадай деректер тіркеуге жатады:
жер учаскесі иесінің немесе оны пайдаланушының аты-жөні;
жер учаскесінің алаңы;
жер учаскесіне меншіктің нысаны;
жер учаскесінің нысаналы мақсаты;
жер учаскесін пайдаланудағы шектеулер және ауыртпалықтар;
жер учаскесінің бөлінетіндігі немесе бөлінбейтіндігі;
жер учаскесінің кадастрлық нөмірі;
33. Жер кадастрын жүргізген кезде әрбір жер учаскесін айқындау (сәйкестендіру) мақсатында жеке, Қазақстан Республикасының аумағында қайталанбайтын, учаске біртұтас болып тұрғанша сақталатын кадастрлық нөмір беріледі, осы нөмірге жер-кадастр ісі де сәйкестендіріледі.
34. Жеке және заңды тұлғалар жер учаскесіне кадастрлық нөмірді беру және жер учаскесінің ескі үлгідегі сәйкестендіру құжатын жаңасына ауыстыру үшін жер учаскесінің орналасқан жері бойынша Мемлекеттік корпорацияға өтініш жасайды.
Өтінішке жер учаскесіне қолда бар сәйкестендіру құжатының түпнұсқасы қоса беріледі.
Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
35. Жер учаскесін сәйкестендіру, оны жер-кадастр картасында көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргізу бұл учаскенің нақты шекараларын, қолданыстағы шектеулер мен ауыртпалықтардың бар-жоғын, басқа тұлғалар құқықтарының сипатын, сондай-ақ нысаналы пайдаланылуын айқындаудан басталады.
36. Жер учаскесін сәйкестендіру жөніндегі жұмыстардың нәтижелері бойынша Мемлекеттік корпорация жер учаскесіне кадастрлық нөмір береді, ескі үлгідегі құжатқа тиісті белгі жасайды және оны өтініш берушіге береді.
Өтініш берушінің қалауы бойынша жер учаскесіне құқығы туралы ескі үлгідегі құжатты жаңа сәйкестендіру құжатына ауыстыру жүзеге асырылады.
Жер-кадастр кітабына, кадастр ісіне және мемлекеттік жер тізіліміне тиісті жазба жасалады.
Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
37. Кадастрлық нөмірді құру:
облыстың немесе республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кодымен;
ауданның немесе облыстық (аудандық) маңызы бар қаланың кодымен;
есепті кварталдың кодымен;
жер учаскесінің есепті кварталдағы реттік нөмірімен айқындалады.
Ескертпе. Есептік квартал ішінде жер учаскелерінің саны 999-дан асқан жағдайда, осы есептік квартал ішінде қалыптасатын келесі жер учаскелеріне төрт таңбалы реттік нөмір беріледі.
38. Есептік кварталдардың және/немесе аудандардың, облыстық (аудандық) маңызы бар қалалардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ішіндегі есептік кварталдардың кодтары мен жер учаскелерінің кадастрлық нөмірлерін Мемлекеттік корпорация береді.
Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
39. Егер осы Қағидаларға сәйкес есептік кварталға код беру объективті себептер бойынша мүмкін болмаса, онда осы кварталдың ішіндегі жер учаскелеріне уақытша (шартты) кадастрлық нөмірлер беріледі.
Бұл жағдайда кварталдың коды нақты есептік кварталдағы кадастрлық нөмірдің шартты белгісін көрсететін «9» санынан басталады.
Заңды кварталды кейіннен айқындау кезінде бұрын берілген шартты нөмірді көрсете отырып оған нағыз код беріледі.
40. Жер учаскесін бірнеше бөлікке бөлу немесе бірнеше жер учаскелерін біреуге біріктіру кезінде ескі нөмірлер жойылады және жаңа кадастрлық нөмірлер беріледі.
41. Бүтін жер учаскесіне меншік құқығы немесе жерді пайдалану құқығы басқа меншік иесіне немесе жерді пайдаланушыға ауысқан кезде жер учаскесінің кадастрлық нөмірі ауыстырылмайды.
42. Кадастрды жүргізудің деңгейіне қарай мыналар:
Қазақстан Республикасының жер-кадастр картасы (схемасы) облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың шекаралары мен кодтары көрсетіле отырып;
облыстың жер-кадастр картасы (схемасы) аудандардың, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың шекаралары мен кодтары көрсетіле отырып;
республикалық маңызы бар қаланың, астананың жер-кадастр картасы қаланың ішіндегі аудандардың шекаралары мен кодтары көрсетіле отырып;
ауданның, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың жер-кадастр картасы (схемасы) есептік кварталдардың шекаралары мен кодтары көрсетіле отырып;
есептік кварталдың жер-кадастр картасы (схемасы) жер учаскелерінің шекаралары мен кадастрлық нөмірлері көрсетіле отырып бақылау жағдайында құрылады және ұсталады.
43. Жер-кадастр картасын (схемасын) жер учаскелерінің шекаралары жер учаскелерінің сәйкестендіру құжаттарына және картаның (схеманың) масштабындағы жерді пайдалану жоспарларына сәйкес көрсетіледі.
44. Жер-кадастр карталары (схемалары) бірнеше бөлікте дайындалуы мүмкін.
45. Жер-кадастр карталарын (схемаларын) жүргізуді және кейіннен жаңартуды Мемлекеттік корпорация жүзеге асырады.
Ескерту. 45-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.