Байланыс қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 24 ақпандағы № 171 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 мамырда № 10999 тіркелді.

Жаңартылған

      "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 8-бабы 1-тармағының 19-14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Телефон байланысы қызметтерін көрсету қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидалары;

      3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестиялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (С.С. Сарсенов):

      1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он күнтүзбелік күн ішінде көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығында республикалық мемлекеттік кәсіпорынның "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі А.Қ. Жұмағалиевке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушы
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ___________ Е. Досаев

      2015 ж. 6 сәуір



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрінің
міндетін атқарушының
2015 жылғы 24 ақпандағы
№ 171 бұйрығына
1-қосымша

Телефон байланысы қызметтерін көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.05.2018 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Телефон байланысы қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексіне, "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген және тіркелген телефон байланысы қызметтерін (бұдан әрі – телефон байланысы қызметтері) көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалардың қолданысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес тіркелген телефон байланысы қызметтерін және олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді ұсынатын барлық байланыс операторларына, абоненттерге және (немесе) осы қызметтерді пайдаланушыларға таралады.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) абонент – байланыс қызметтерін көрсетуге шарт жасасылған жеке немесе заңды тұлға;

      2) абоненттер туралы қызметтік ақпарат (бұдан әрі – қызметтік ақпарат) – байланыс желілерінде қарсы барлау қызметі мен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсаттарына ғана арналған және мыналарды:

      абоненттік нөмірлер иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, абоненттік нөмірлер туралы ақпаратты;

      ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары туралы ақпаратты;

      биллингтік мәліметтерді (абоненттің алған қызметтері туралы мәліметтерді);

      техникалық регламент талаптарына сәйкес желідегі абоненттік құрылғының тұрған жерін;

      деректер беру желісіндегі мекенжайды;

      деректер беру желісіндегі интернет-ресурстарға өтініш жасау мекенжайын;

      интернет-ресурстың сәйкестендіргіштерін;

      деректер беру желісінің хаттамаларын қамтитын абоненттер туралы мәліметтер;

      3) абоненттік желі – жергілікті телекоммуникация желісінің бір бөлігі болып табылатын және абоненттік құрылғыны осы желінің телекоммуникация құралдарымен жалғайтын байланыс жолы;

      4) абоненттік нөмір – байланыс қызметін көрсету туралы шартты жасасу кезінде абонентке бөлінетін телефон нөмірі, ол арқылы оған басқа абоненттік құрылғыларды жалғаған кезде жергілікті телекоммуникация желісіне қосылған абоненттік құрылғы сәйкестендіріледі;

      5) абоненттік құрылғы – абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және байланыс операторының желісіне қосылатын жеке пайдаланылатын байланыс құралы;

      6) аймақтық телефон байланысы – жергілікті телекоммуникация желісіне қосылған және бір нөмірлеу аймағы шегінде орналасқан пайдаланушы (түпкілікті) жабдығы арасындағы телефон қосылысы;

      7) байланыс арнасы – жиіліктер белдеуінде телекоммуникация құралдарының арасында немесе осы байланыс арнасына тән беру жылдамдығымен сигнал беруді қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен тарату ортасының кешені. Байланыс түріне қарай арналар телефондық, телеграфтық, деректер беру арналары болып, ал аумақтық белгілері бойынша – халықаралық, қалааралық, аймақтық және жергілікті арналар болып бөлінеді;

      8) байланыс жолдары – тарату жолдары (кабельдік, радиорелелік, жерсеріктік және басқалары), байланыстың физикалық тізбектері және жол-кабельдік құрылғылары, оның ішінде магистральдық (халықаралық және қалааралық) жолдар;

      9) байланыс қызметтері (бұдан әрі – телефон байланыс қызметтері) – телекоммуникация хабарламаларын қабылдау, өңдеу, сақтау, беру, жеткізу жөніндегі қызмет;

      10) байланыс қызметтерін көрсету – байланыс операторларының байланыс қызметтерін пайдаланушыларға экономикалық қызмет түрлері өнімінің жалпы сыныптауышында келтірілген байланыс қызметтерін көрсетуді қамтитын қызметі;

      11) телефон байланысы қызметтерін пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – телефон байланысы қызметтерін алушы жеке немесе заңды тұлға;

      12) байланыс операторы – байланыс қызметтерін көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға;

      13) байланыс операторының әрекет ету аймағы – байланыс операторы өзінің телекоммуникация желісінің мүмкіндіктеріне сәйкес телефон байланысы қызметтерін көрсетуге кепілдік беретін аумақ;

      14) биллинг – абоненттерге көрсетілетін қызметтерді есепке алу операцияларын автоматты түрде орындауға, сондай-ақ, оларды трафиктеуге және ақы төлеу үшін шоттар беруге арналған бағдарламалық-аппараттық кешен;

      15) есеп айырысу кезеңі – байланыс операторы белгілеген есептік кезең аяқталғаннан кейінгі кезең, абонент осы кезең ішінде көрсетілген тіркелген телефон байланысы қызметтеріне төлем жасайды;

      16) есепке алу кезеңі – күнтізбелік ай, осы кезең ішінде тарифтік жоспарға сәйкес көрсетілген және есептелген байланыс қызметтері және өзге қызметтер;

      17) жалғау желісі – телекоммуникацияның жалғайтын және жалғанатын желілерінің арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін, байланыс желісі мен станциялық жабдықтау бөлігін қамтитын техникалық құралдар кешені;

      18) Жеке кабинет – өз-өзіне қызмет көрсетудің, қызметтерді бақылаудың және басқарудың, сондай-ақ өзге де маңызды заңға қатысты әрекеттерді жасаудың автоматтық интерфейсі бар абоненттің парақшасы, абонент оған пароль енгізу арқылы кіреді. Жеке кабинеттің көмегімен абонент телекоммуникация қызметтеріне жазылып, оны өзгерте алады, көрсетілген қызметтерге ақы төлейді, Жеке кабинеттің функционалдық мүмкіндіктерімен көзделген өзге де әрекеттерді орындай алады;

      19) жергілікті телекоммуникация желісі – елді мекеннің аумағында электр байланысын жүзеге асыруға арналған телекоммуникация желісі мен құралы. Жергілікті телекоммуникация желілері елді мекеннің мәртебесіне қарай қалалық және ауылдық деп бөлінеді;

      20) жергілікті телефон байланысы – телекоммуникацияның бір жергілікті желісі шеңберіндегі абоненттер, пайдаланушылар арасындағы телефон қосылуы;

      21) қызметке ақы төлеудің аралас жүйесі – төлеу жүйесі, белгілі бір уақыт кезеңі үшін байланысты пайдаланушының төлем сомасы мынадан тұрады:

      тұрақты құрамдас бөліктен – абоненттік желінің түріне қарамастан оның абонентке тұрақты пайдалануға берілгені және жергілікті жалғауды тарифтеу бірлігінің белгілі бір саны үшін төлемақыдан;

      уақытына қарай құрамдас бөліктен – телефон қосылысы берілгені үшін оның тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты ұзақтығына қарай төлемақыдан тұратын ақы;

      22) қызметке уақытына қарай ақы төлеу жүйесі – белгілі бір уақыт кезеңі үшін байланысты пайдаланушының төлем сомасы тарифтеу бірлігімен алғандағы нақты ұзақтығына қарай телефон қосылысының берілгені үшін төлемақыны қамтитын қызметке ақы төлеу жүйесі;

      23) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі – жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді телекоммуникация желісі;

      24) тарифтеу бірлігі – Қазақстан Республикасы телекоммуникациясының бірыңғай желісіне кіретін байланыс операторлары мен барлық санаттағы желі иелері үшін міндетті болып табылатын, байланыс қызметінің тиісті түрі үшін төлемақы алынатын уақытты, ақпарат санын немесе көлемін өлшеу бірлігі;

      25) телекоммуникация желісі – коммутациялық жабдықтан (станциялардан, кіші станциялардан, концентраторлардан), жол-кабельдік құрылыстардан (абоненттік жолдардан, жалғау жолдары мен байланыс арналарынан), беру жүйелері мен абоненттік құрылғылардан тұратын, телекоммуникация хабарларының берілуін қамтамасыз ететін телекоммуникация құралдары мен байланыс жолдарының жиынтығы;

      26) телекоммуникация құралдары (байланыс құралдары) – электр магниттік немесе оптикалық сигналдарды қалыптастыруға, беруге, қабылдауға, сақтауға, өңдеуге, коммутациялауға немесе оларды басқаруға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар, жабдықтар, жүйелер және бағдарламалық құралдар;

      27) алып тасталды - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28) телефон қосылыстары қызметіне ақы төлеудің абоненттік тіркелген жүйесі (бұдан әрі – қызметке ақы төлеудің абоненттік жүйесі) – байланысты пайдаланушының белгілі бір уақыт кезеңіндегі төлемдер сомасы абоненттік желіжолды оның түріне қарамастан, абонентке тұрақты пайдалануға беру төлемақысын және жергілікті телефон қосылысының бір абонентке шаққандағы орташа ұзақтығына қарай төлемақыны қамтитын, қызметке ақы төлеу жүйесі;

      29) терминал – абонент (пайдаланушы) берген ақпаратты байланыс арналары бойынша беру және (немесе) қабылдау үшін электр байланысы дабылын қалыптастыратын, абоненттік желіге қосылатын түпкілікті жабдық;

      30) терминалдарды қосудың қосарланған схемасы – екі терминалды бір абоненттік желіге қосу тәсілі, бұл кезде осы екі терминал үшін оларды бір уақытта байланыстыру мүмкін емес;

      31) трафик – байланыс құралдарына жүктеме жасайтын шақырулар, хабарламалар мен дабылдар легі;

      32) үкіметтік байланыс – мемлекетті басқару қажеттілігі үшін арнайы қорғалған байланыс;

      33) ірі апат – сыйымдылығы 100 және одан да көп абоненттік желіжолдардан тұратын байланыс желілерінің немесе коммутациялық жабдықтардың зақымдануы;

      34) тариф – белгілі бір байланыс қызметтерін көрсетуге байланыс операторымен белгілеген төлем;

      35) тарифтік жоспар – байланыс қызметтері тізбесі мен құнын, оларды көрсету ерекшеліктері мен тарифтеуді айқындайтын, байланыс операторы абоненттерге, немесе абоненттердің белгілі бір тобына, немесе белгілі бір шектеулі аумақта белгілейтін тарифтік ұсыныстар жиынтығы;

      36) техникалық мүмкіндік – абонентке байланыс қызметтерін көрсетуге қажетті, телекоммуникация желісі қолданыстағы аймақта жұмыс істейтін техникалық құралдар мен құрылыстардың болуы (нөмірлер ресурстарының абоненттік байланыс желілері).

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.05.2018 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      4. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар уақытында мемлекеттік органдардың сәйкес, үкіметтік байланысты қоспағанда кез келген желілер мен байланыс құралдарын басымды пайдалануға, сондай-ақ жұмыстарын тоқтата тұруға құқығы бар.

      5. Телефон байланысы қызметтерін көрсету кезінде туындайтын байланыс операторының абоненттермен өзара қарым-қатынасы мемлекеттік және/немесе орыс тілдерінде жүзеге асырылады.

      6. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен осы құқықты шектеу жағдайларын қоспағанда, телекоммуникация желілері арқылы жүзеге асырылатын телефон сөйлесулерінің, сондай-ақ олар туралы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етеді.

      7. Телефон байланысы қызметтері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және осы Қағидаларға сәйкес байланыс операторы мен абонент арасында жасалатын телефондық байланыс қызметтерін көрсету туралы жария шарттың (бұдан әрі – Шарт) негізінде көрсетіледі.

2-тарау. Телефон байланысы қызметтерін көрсету тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.05.2018 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Мыналар:

      1) жергілікті телефон байланысы қызметтері;

      2) аймақтық және қалааралық телефон байланысы қызметтері;

      3) халықаралық телефон байланысы қызметтері телефон байланысы қызметтері болып табылады.

      Телефон байланысы қызметтері абоненттік құрылғылардан немесе таксофоннан жергілікті, аймақтық, қалааралық және халықаралық телефон қосылуларын, сондай-ақ басқа да байланыс операторларының телекоммуникация желілерімен қосылуларын жүзеге асыру мүмкіндігінің ұсынылуын қамтамасыз етеді.

      9. Телефон байланысы қызметтері барлық санаттағы абоненттерге және пайдаланушыларға тең жағдайда көрсетіледі.

      10. Байланыс операторының абонентке телефон байланысы қызметін көрсеткенде оған өзге ақылы қызметтерін күштеп жүктеуге жол берілмейді.

      11. Абонент:

      1) егер ол жеке тұлға болып табылса, төлем қыбылдау жүйелер енгізілген қалаларда техникалық мүмкіндік болған жағдайда қызметке ақы төлеудің абоненттік, уақытпен есепке алу немесе аралас жүйесін таңдайды;

      2) телефон байланысы қызметін рұқсат етілген жүктемелер шегінде өзіне қажет көлемде, оларды өтініші бойынша қоса отырып, пайдаланады;

      3) байланыс операторында техникалық мүмкіндік болғанда, қалааралық, халықаралық телефон қосылыстарына немесе ұялы байланыс операторларының желісіне қосылыстарға жазбаша өтініш беру арқылы лимит қоя алады;

      4) абоненттің кінәсінен емес байланыстың болмаған кезеңінде, телефон желілеріндегі авариялар кезінде төленген телефон байланысы қызметтері үшін, абоненттің келісімінсіз өзге қосымша қызметтерді көрсеткені үшін төлемдерді қайта есептеуді жазбаша талап етеді;

      5) Байланыс қызметтерiн пайдаланушылар үшiн қосылуы тегін болып табылатын шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, апат, анықтама және басқа да қызметтер Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 қыркүйектегі № 929 қаулысына (бұдан әрі – Тізім) сәйкес шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авария, анықтама және басқа да қызметтердiң жедел шұғыл қызметтерін шақырту үшін телефон байланысын тегін пайдаланады;

      6) бұл туралы байланыс операторына жазбаша хабарлап және оған келтірілген шығыстарды төлей отырып, Шартты бір жақты тәртіппен бұзады;

      7) оның нөмірін анықтамалық-ақпараттық қызметтерінің абоненттер тізіміне енгізуден жазбаша бас тартады;

      8) алып тасталды - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9) оған көрсетілген телефон байланысы қызметтері үшін уақтылы және толық көлемде төлем жасайды;

      10) қажет болған жағдайда, байланыс операторы өкілдерінің абоненттік құралдарға және байланыс құралдары орналасқан үйжайлар мен аумақтарға, оларды тексеру, жөндеу және техникалық қызме көрсету мен жаңғырту үшін қол жеткізу мүмкіндігін береді;

      11) байланыс операторына айлық мерзімде телефондандырылған үйжайларды сататыны туралы, тегін, атын, әкесінің атын өзгертетіні туралы, мекенжайын өзгертетіні туралы хабарлайды;

      12) өзінің орынжайында абоненттік желіжолды және терминалды жарамды жай-күйде күтіп ұстайды.

      Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Байланыс операторы:

      1) телефон байланысы қызметін төлеу бойынша жеңілдіктерді жоғалту немесе оның бар кезінде абонентке телефон байланысы қызметтерінің құнына қайта есеп айырысуды жүргізеді;

      2) абонент телефон желісіне қосылу құнын төлегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде абоненттік терминал нөмірін бере отырып немесе Шарт жасалғаннан кейін абонентпен уағдаласып, телефон желісіне қосылу құнын көрсетілген қызметтердің жалпы есебіне қоса отырып, телефон байланысы қызметтерін көрсетуді бастайды;

      3) көрсетілетін телефон байланысы қызметтерінің сапасы мен санына есеп пен бақылау жүргізеді, бұзушылықтардың алдын алу және оларды жою бойынша шаралар қабылдайды;

      4) есеп құралдарына техникалық күтім жасау және тексеру жүргізеді;

      5) абонент телефон байланысы қызметінің сапасы нашарлағаны туралы өтінішті берген күнінен бастап күнтізбелік үш күн ішінде сапасын қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды қабылдайды және абоненттік төлемнің қайта есебін жүргізеді;

      6) абоненттің өтініші бойынша стансалық және желіжолдық зақымдануды жояды;

      7) көрсетілген телефон байланысы қызметтері үшін айына бір рет шот ұсынады;

      8) абоненттің кінәсінен емес байланыс қызметтерін көрсету тоқтатыла тұрған жағдайда, қызмет көсрету тоқтатыла тұрған кезеңіне барабар абоненттік төлем алынбайды.

      Абоненттің абоненттік төлемді уақтылы төлемегеннен туындаған байланыс қызметтерінің көрсетілуі тоқтатыла тұрған жағдайда байланыс операторы тоқтатыла тұрған кезеңге абоненттік төлемнің отыз пайызынан артық емес соманы ала отырып, абоненттік төлемнің қайта есебін жүргізеді.

      9) абонентке телефон желілеріндегі авариялар туралы және осы аварияларды жоюдың болжамды мерзімі туралы хабарлайды;

      10) абонентке абоненттік нөмірді алмастыру туралы және (немесе) себептерін көрсете отырып, терминалды ажырату туралы 30 күнтізбеліқ күн бұрын қолжетімді тәсілмен хабардар етеді;

      11) абоненттің келісімі бойынша оларды қолданысқа енгізгенге дейін 30 күнтізбеліқ күннен кешіктірмей бұл туралы оған хабардар ете отырып, байланыс қызметтеріне арналған тарифтердің шарттарын өзгертеді;

      12) уақытында ақысын төлемегені үшін ажыратылған телефон байланысы қызметтеріне қолжетімділікті берешекті өтеген кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде тегін қайта іске қосады;

      13) абоненттің талабы бойынша оған телефон байланысы қызметтерін көрсетумен байланысты ақпаратты ұсынады;

      14) абоненттерге телефонды байланыс қызметтеріне акциялық тарифтік жоспарларды ұсынады және абоненттердің келісімі бойынша қолданады.

      15) телекоммуникация қызметтері үшін төлемдерді байланыс операторларының абоненттерге қызмет көрсетуге арналған үй-жайларда комиссиясыз қабылдауды қамтамасыз етеді. Төлеу түрін және нысанын байланыс операторы белгілейді.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      13. Қазақстан Республикасының барлық аумағында бірыңғай нөмірлерді теру арқылы шұғыл медициналық (103), құқық қорғау (102), өртке қарсы (101), апатты (104), құтқару (112), анықтамалық (118) қызметтерді шақыру пайдаланушылар үшін Тізімге сәйкес тегін болып табылады. Көрсетілген нөмірлермен байланысты ажыратып тастауға және (немесе) шектеуге жол берілмейді.

      14. Байланыс операторларының сот шешімі болмаса, байланыс арналарын ажыратуға және (немесе) үкіметтік байланыс қызметтерін, Қазақстан Республикасының әскери басқару, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарына байланыс қызметтерін көрсетуді ажыратпайды.

      15. Байланыс операторымен телефонды байланыс қызметтерін көрсету кезінде, өзге де қызметтерді алу шарттарын орындамаған жағдайда, абоненттің/пайдаланушылардың құқықтарын шектеуге жол берілмейді.

      16. Жеке немесе заңды тұлғалармен Шартқа отыруға техникалық мүмкіндіктің болмауы, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында басқалай көзделмесе, өтінішті кешірек берген және техникалық мүмкіндігі бар басқа үйлер мен кіреберістерде (подъезд) тұратын, жеке немесе заңды тұлғалармен Шарт жасасуға кедергі етпейді.

      17. Байланыс операторының әрекет ету аймағында (осы жергілікті телекоммуникация желісінің шеңберінде) абоненттің мекенжайы өзгерген жағдайда, оның өтініші бойынша және техникалық мүмкіндік болғанда Шарт бұрын бөлінген абоненттік нөмірді (нөмірлерді) пайдаланумен қайта рәсімделеді немесе жаңа нөмір (нөмірлер) беріледі. Жаңа мекенжай бойынша көрсетілген Шарт орындау үшін техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда, абонент телефон орнату кезегіне қойылады.

1 параграф. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон
байланысы операторын таңдау кезінде қалааралық және (немесе)
халықаралық телефон байланысы қызметтерін көрсетудің
ерекшеліктері

      18. Байланыс операторлары өз желілерінде байланыс қызметтерін әрбір пайдаланушыға қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы операторын еркін таңдауда техникалық мүмкіндікті қамтамасыз етеді.

      19. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы операторын еркін таңдау мынадай жолдармен ұйымдастырылады:

      1) алдын ала таңдау;

      2) операторды әрбір шақыру кезінде таңдау.

2 параграф. Телефон байланысы қызметтерін байланыс операторының
ұжымдық пайдалану пункттерінде және таксофондарды
пайдалана отырып көрсету

      20. Оператордың ұжымдық пайдалану пункттерінде (сөйлесу пункттерінде) телефон байланысы қызметтерін көрсетуге тапсырыс пайдаланушының айтуымен және оның көзінше тапсырыс бланкісін толтыру жолымен ресімделеді. Бұл ретте пайдаланушыға телефон байланысы қызметтерін көрсетуге тапсырыстың қабылданғанын растайтын түбіртек немесе басқа құжат беріледі, онда:

      1) байланыс операторының атауы. Егер байланыс операторы жеке кәсіпкер болса – оның тегі, аты, әкесінің аты және мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер көрсетіледі;

      2) пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты;

      3) телефон байланысы қызметінің атауы;

      4) телефон байланысы қызметінің бағасы;

      5) байланыс операторының қалауымен басқа да мәліметтер қамтылады.

      21. Пайдаланушы ұжымдық пайдалану пункттерінде қалааралық және халықаралық телефон байланысының автоматты жүйесін пайдалануға тапсырыс бланкісін ресімдемей, аванс сомасын енгізгеннен кейін жіберіледі.

      Қызметті пайдалану аяқталған соң, ұжымдық қатынау пункттерінің операторы телефон байланысы қызметтерін пайдаланушымен мынадай ақпараттан тұратын түбіртекті немесе есеп айырысу чегін бере отырып, түпкілікті есеп айырысады:

      1) байланыс операторының атауы. Егер байланыс операторы жеке кәсіпкер болса – оның тегі, аты, әкесінің аты және мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер көрсетіледі;

      2) ұжымдық пайдалану пунктті туралы мәліметтер;

      3) күні, уақыты;

      4) аванс сомасы;

      5) қызмет құны;

      6) байланыс операторының қалауымен байланыс қызметтеріне басқа да деректер.

      22. Таксофондарды пайдалана отырып, телефон байланысы қызметтерін көрсету міндеттемесін байланыс операторы пайдаланушының телефон байланысы қызметтерін алуға қажетті әрекеттерді оның жасағанынан, жетон немесе пластикалық картаны алғанынан, телефон байланысы қызметтеріне ақы төлеу үшін басқа да төлем құралын пайдаланғанынан бастап қабылдайды.

      Байланыс операторы пайдаланушыны өзінің атауы, орналасқан жері, жұмыс тәртібі туралы, сондай-ақ телефон байланысы қызметтерін алу үшін пайдаланушының жасауы тиіс әрекеттері туралы ақпаратпен хабардар етеді. Бұл ақпарат таксофонның жанында орналастырылады немесе пайдаланушыға басқа да қолжетімді тәсілмен беріледі.

3 параграф. Телефон қосылыстарының ұзақтығын және
құнын анықтауды есепке алу

      23. Жергілікті, қалааралық және халықаралық телефон қосылуларының болған ұзақтығын есептеу тарифтеу бірлігіне сәйкес жүргізіледі.

      24. "Белгілі бір абоненттік нөмірді шақыру" немесе "дербес қосылыс" қызметімен қалааралық немесе халықаралық телефон қосылысы кезінде телефон қосылыстары ұзақтығының есебі абоненттік құрылғының шақырылып отырған кез-келген тұлғаның жауап беру сәтінен, не болмаса абоненттік құрылғының белгілі және/немесе дыбыстаспаны қосу сәтінен бастап анықталады.

      25. "Конференц-байланыс" қызметінің ұзақтығы шақырушы тұлғамен барлық шақырылушы тұлғаларды қосқаннан кейін есепке алынып, шақырушы тұлғаның тоқтату сигналын беру сәтінде аяқталады.

      26. Жергілікті (жергілікті қосылулар ұзақтығын уақыт бойынша қарай есепке алу жүйесі енгізілгеннен кейін), автоматты қалааралық немесе халықаралық телефон қосылуларын көрсету кезінде ақысы төленуге жататын уақыт шақырылушы абоненттің кез-келген тұлғаның жауап беруі сәтінен бастап абоненттік құрылғысының байланысын үзу сәтіне дейін анықталады.

      27. Телефон қосылуы үшін төлем тарифтеудің толық бірліктерінің саны бойынша тарифке көбейтілген телефон қосылыстарының нақты ұзақтығымен анықталады.

      28. Егер телефон байланысы қызметтерін көрсету кезінде шақырылатын тұлғаның желісі зияткерлік қызметтерді (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық-ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) ұсыну бойынша жабдыққа қосылғаны айқындалса, тарифтелетін қосылыс басталғанға дейін байланыс операторы абонентке осы қосылыстың құны туралы және "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы Заңына сәйкес ақпаратты ұсына отырып хабарлайды.

      Абонент телефон қосылысына келіскен жағдайда (яғни абонент мұндай қосылысты үзбеген жағдайда) осы қосылыс үшін төлем тарифтеудің толық бірліктерінің саны бойынша тарифке көбейтілген телефон қосылыстарының ұзақтығымен анықталады.

      Егер абонент мұндай қосылысқа келіспесе (яғни тиісті хабарламаны алған соң, осы қосылысты үзген жағдайда), онда қосылысты орнатуды ұйымдастыруға төлемақы алынбайды.

      Егер оператор мұндай қосылуды үзбеген жағдайда, онда абонентке көрсетілген ұялы байланыс қызметтеріне есептелген қарызды төлемеуге болады, алайда оператор абонентке есептелген қарызды қайта есептеуді жүзеге асырады.

      Егер байланыс операторы тарифтелетін қосылыс басталғанға дейін абонентке осындай қосылыстың құны туралы хабарламаса, онда зияткерлік қызметтерге (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық- ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қатынауды ұсынғаны үшін төлем алынбайды.

      29. Абонентке көрсетілген тіркелген телефон байланысы қызметтері үшін биллинг жүйесінің шот қалыптастыруына негіз өлшем біртұтастығын қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі тізіліміне енгізілуі тиіс және қолданыстағы тексерім сертификатына ие қосылыстардың ұзақтығын өлшеу жүйесінің деректері және деректер беруді өлшеу жүйесі болып табылады.

      30. Қазақстан Республикасы аумағынан шығатын халықаралық телефон қосылулары, шақырылушы тұлға есебінен төленетін халықаралық телефон байланысының қызметтерін қоспағанда, Қазақстан Республикасында төленеді.

4 параграф.Телефон қызметін көрсету туралы шарт жасау ерекшеліктері

      31. Телефон байланысы қызметтері жеке тұлғаларға Телефон байланысы қызметтерін көрсету туралы шарт негізінде көрсетіледі және ол абоненттің шарт жасасу туралы өтінішті беруі арқылы, оны құптағанынан кейін қолданысқа енгізіледі.

      32. Заңды тұлғаларға телефон байланысы қызметтері жазбаша нысанда жасалатын Телефон байланысы қызметтерін көрсету туралы шарт негізінде көрсетіледі.

      33. Өзінің байланыс оператордың интернет-ресурсындағы Жеке кабинет арқылы немесе абонентті сәйкестендіретін деректерді (абоненттік нөмір, пароль, құпия сөз және басқа да мәліметтер) пайдалана отырып, абонентті сәйкестендіргеннен кейін телефонмен интерактивті қарым-қатынас жасау абоненттің өтінішіне тең болады.

      34. Шартта мынадай деректемелерді қамтиды:

      1) байланыс операторының атауы;

      2) шарт мәні;

      3) қызметтер көрсетудің жалпы талаптары;

      4) Шарттың қолданыс мерзімі және оны өзгерту мен бұзу талаптары;

      5) телефон байланыс қызметтерін есептеу тәртібі, шотты жеткізу тәсілі;

      6) есеп айырысу тәртібі мен мерзімдері;

      7) абоненттің құқығы мен міндеттері;

      8) байланыс операторының құқығы мен міндеттері;

      9) тараптардың жауапкершілігі және дауларды реттеу;

      10) өзге де шарттар;

      11) байланыс операторының заңды мекенжайы мен деректемелері (есеп айырысу шотының деректемелері, егер көрсетілетін қызметтер лицензияланатын болса, онда берілген лицензияның деректемелері);

      12) абонент туралы мәліметтер: пошталық мекенжайы, электронды пошта адресі, телефон нөмірі, заңды тұлғалар үшін – бизнес-сәйкестендіру нөмірі, жеке тұлғалар үшін – жеке сәйкестендіру нөмірі.

      13) қазіргі заңнамаға сәйкес телефон байланыс қызметін ұсыну бойынша талап және шектеу;

      20) интеллектуалдық қызметті алудан абоненттің бас тартуы немесе келісімі (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, ақпараттық-анықтама қызметі, танысу қызметі).

      35. Байланыс операторы абонентке шарт жасауға және орындауға қажетті ақпаратты ұсынады. Көрсетілген ақпарат көрнекі түрде және қолжетімді нысанда бұқаралық ақпарат құралдары, анықтама-ақпараттық қызметтер арқылы, сондай-ақ телефон байланысы қызметтерін көрсету орындарында абоненттің және (немесе) пайдаланушының назарына тегін жеткізіледі.

      36. Байланыс операторының шарт жасау барысында абонентке және (немесе) пайдаланушыға ұсынатын ақпараты мыналарды қамтиды:

      1) атауы (фирмалық атауы), филиалдар тізбесі, орналасқан жері және жұмыс тәртібі;

      2) есеп айырысу шотының деректемелері;

      3) берілген лицензияның деректемелері;

      4) телефон байланысы қызметтерінің тізбесі, оларды көрсету шарттары мен тәртібі:

      көрсетілетін қызметтердің типтері мен ақылы және тегін қызметтерді көрсете отырып, олардың егжей-тегжейлі сипаттамасы;

      қызметтер көрсету тәртібі мен талаптары;

      бастапқы қосылу жүзеге асырылатын ақырғы мерзім;

      қызметтерді көрсету тоқтатылатын талаптар;

      5) шарт мәнімен байланысты техникалық күтім жасау қызметтері туралы ақпарат:

      техникалық күтім жасау жүргізілетін талаптар;

      анықтама-ақпараттық қызметтер мен жөндеу қызметтерінің абоненттік нөмірлері;

      6) телефон байланысы қызметтеріне арналған тарифтер туралы ақпарат:

      әрбір қызметті жеке алғандағы тарифтері мен құны;

      қолдану талаптары;

      қызметтер көрсету барысындағы талаптар, қолданылатын тарифтер мен баға туралы өзекті ақпаратты алу тәртібі;

      көрсетілген қызметтерге ақы төлеу тәртібі, нысандары мен тәсілдері;

      7) қалааралық және халықаралық телефон байланысы операторын таңдау кодтарының тізбесі;

      8) шарт жасау туралы өтінішті қарау тәртібі мен мерзімдері;

      9) абоненттің және (немесе) пайдаланушының шағымдарын қарау тәртібі, дау жағдайларды шешу рәсімдері;

      10) ақпараттық-анықтамалық қызметтер мен жөндеу бюросының телефон нөмірлері;

      11) абонент және (немесе) пайдаланушы осы Қағидалармен толық көлемде таныса алатын орындарды көрсету.

      Шарт Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасындағы нормалармен көзделген жағдайда бұзылады (өзінің қолданысын тоқтадады).

      37. Шарт жасасу туралы өтініш еркін түрде ұсынылады:

      1) тұрғылықты жерінде белгіленген тәртіппен тіркелген, толық іс-әрекетке қабілетті кез келген жеке тұлға немесе тұрғын үйдің иесі немесе тұрғын үйді жалға алушы бере алады.

      Кәмелеттік жасқа толмаған жеке тұлғалар шарт жасау туралы өтінішті заңды өкілдерінің (ата-анасының, асырап алушыларының, қамқоршыларының) жазбаша келісіммен береді;

      2) Өзі орналасқан жері бойынша тіркелген, үй-жайдың меншік иесі немесе үй-жайды жалдаушы болып табылатын заңды тұлға, оның филиалы немесе өкілдігі бере алады.

      Байланыс операторы жеке немесе заңды тұлғаның өтінішін қабылдаудан бас тарта алмайды.

      38. Байланыс операторы белгіленген тәртіппен мынадай құжаттар болған жағдайда өтінішті қабылдайды және тіркейді:

      1) жеке тұлға үшін – көрсетілген мекенжай бойынша оның тіркелгенін растайтын құжат немесе тұрғын үйді жеке меншігіне сатып алуы, жалға (аренда) немесе жалдан жалға алғаны туралы құжат, сондай-ақ өтініш берушінің жекебасын растайтын құжат. Оның көрсетілген мекенжай бойынша тіркелгенін растайтын құжат немесе тұрғын үйді жеке меншігіне сатып алуы, жалға алуы немесе жалдан жалға алуы туралы құжат депозит (алдын ала төлем) енгізілген жағдайда ұсынылмауы мүмкін.

      2) заңды тұлғалар үшін – көрсетілген мекенжай бойынша оның тіркелгенін растайтын құжат немесе үйді меншікке сатып алуы, жалға (аренда), субаренда, жалдан жалға алғаны туралы құжат. Оның көрсетілген мекенжай бойынша тіркелгенін растайтын құжат немесе тұрғын үйді меншігіне сатып алуы, жалға (аренда), субаренда, жалдан жалға алғаны туралы құжат депозит (алдын ала төлем) енгізілген жағдайда ұсынылмауы мүмкін.

      39. Ұжымдық пайдаланылатын терминалды қоса отырып, Шарт жасасу туралы өтінішті осы пәтерде тұратын, әр отбасынан біреуден және осы тұрғын үй ауданында белгіленген тәртіппен тіркелген тұлғалардың белгіленген тәртіппен куәландырылған жазбаша келісімімен жеке тұлға бере алады.

      40. Өтініш беру кезінде жаңа мекенжай бойынша белгіленген тәртіппен тіркелген немесе бұрынғы өтініш берушімен қатар осы тұрғын үйге меншік құқығы бар тұлғалар Шарт жасасу туралы өтінішті жаңа мекенжай бойынша немесе жаңа тұлғаға бұрынғы мекенжай бойынша қайта ресімдей алады.

      Шарт жасасу туралы өтінішті беру мерзімінен кеш тұрғын жайға тіркелген тұлғалар немесе оның меншік иесі болған тұлғалар осы мекенжай бойынша тіркеу күнімен өтінішті өзіне қайта рәсімдей алады.

      Көрсетілген Шартты жасасу туралы өтінішті жаңа тұлғаға қайта ресімдеу, оның кетуімен немесе қайтыс болуымен байланысты құжаттармен расталған жағдайларды қоспағанда, бұрынғы өтініш берушінің келісімімен іске асырылады.

      41. Шарт жасасу туралы өтініш беру кезінде өтініш беруші отбасының мүшелері кәмелеттік жасқа толмаған болса, өтініш берушінің кетуі немесе қайтыс болуы жағдайында Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес толық іс-әрекет қабілеттілігі туған сәттен бастап осы өтінішті өзіне қайта ресімдей алады.

      Кәмелеттік жасқа жеткенге дейін олардың атынан ата-аналары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекісі айқындамасында белгіленген тәртіппен тағайындалған қамқоршылар немесе асырап алушылар өтінішті қайта ресімдей алады.

      42. Өтініш берушінің сол байланыс операторының жергілікті телекоммуникация желісінің әрекет аймағы шегінде қоныс аударуы кезінде оның жаңа мекенжайы бойынша кезегі, егер бұрынғы мекенжайы бойынша сұрауы қанағаттандырылмаса, Шарт жасасу туралы алғашқы өтінішін байланыс операторы тіркеген күні бойынша есептеледі.

      43. Шарт техникалық мүмкіндік болған жағдайда телефон байланысы қызметтерін көрсетуге өтініш беру кезегі тәртібінде жасалады.

      44. Байланыс операторы өтініш берушіге телефон байланысы қызметтерін көрсетуге техникалық мүмкіндік болмаған жағдайлардан басқа жағдайда, өтініш берген жеке немесе заңды тұлғалармен Шарт жасасады.

      45. Байланыс операторы өтініш берушімен Шарт жасасудан мынадай жағдайларда бас тартады:

      1) Ереженің 38 тармағына сәйкес өтініш беруші құжаттар топтамасын толық ұсынбаса немесе депозит (алдын ала төлем) енгізбесе;

      2) өтініш беруші нақтыланбаған ақпарат көрсеткен жағдайда;

      3) егер өтініш берушінің ауданы телефондандырылмаған, яғни байланыс операторының желісі болмаған жағдайда;

      4) АТС нөмірлік сыйымдылық болмағанда;

      5) магистральдық және тарату сыйымдылығы болмағанда.

      46. Қосарлы сұлба бойынша жұмыс істейтін телефон аппараттары әуе абоненттік желіжолының мүмкін ұзақтығы шегінде орнатылады.

      47. Бірнеше отбасы тұратын пәтердің тұрғыны болып табылатын өтініш берушіге, байланыс операторы мен өтініш беруші арасында жеке Шарт жасасқан жағдайда ғана дербес пайдаланылатын терминал орнатылуы мүмкін.

      48. Жаңа автоматты телефон стансаларын пайдалануға енгізу және жергілікті телефон желілерін қайта құруға байланысты абоненттік нөмірлерді байланыс операторының өз бастамасымен ауыстыру пайдаланушыларды күні бұрын ескерте отырып, тегін жасалады.

      Абоненттік нөмірлер жаппай өзгерген кезде, байланыс операторы бұл туралы пайдаланушыларға 30 күнтізбелік күн бұрын хабардар етеді.

      Абоненттік нөмірді ауыстырған жағдайда байланыс операторы техникалық мүмкіндік болса, бұрын көрсетілген қосымша телефон байланысы қызметтерін (шығыс байланысты шектеу, қоңыраулы сағат, қайта адрестеу, автожауапбергіш және басқа да қосымша қызметтер) жаңа абоненттік нөмірдің атында қалдырады.

      49. Ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желілеріне шығуға құқылы 128 нөмірден асатын абоненттер саны бар абоненттік желілер бойынша шағын АТС-ке (автоматтандырылған телефонды станса) қосуға шарт жасасу, Заңның 8 бабының 1 тармағы 19) тармақшасына және телекоммуникация желілерін ортақ пайдаланатын телекоммуникация желісіне қосу және Қазақстан Республикасының ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiсі бойынша трафикті өткізуді реттеу Ережелерімен реттеледі.

5 параграф. Телефон байланысы қызметтері үшін есеп айырысу

      50. Телефон байланысы қызметтері үшін төлеу нысаны мен тәртібі Шартта көрсетіледі. Есеп айырысу тарифтеу бірліктерінде жүргізіледі.

      Телефон байланысы қызметтері үшін абонентпен есеп айырысуды оларды ұсынған байланыс операторы немесе Шарт негізінде оған уәкілетті тұлға жүргізеді.

      51. Телефон байланысы қызметтері үшін төлемдер Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 29 маусымдағы "Ақша төлемі және аударымы туралы" Заңы айқындаған нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      52. Көрсетілген телефон байланысы қызметтерін төлеу үшін абоненттің ақшалай міндеттемелерін көрсететін, есеп айырысу құжаты болып табылатын шот ұсынылады, не болмаса, көрсетілген байланыс қызметтері үшін берешек туралы ақпарат беріледі.

      53. Шот абонентке таңдаған тәсіліне сәйкес жеткізіледі. Жеткізу тәсілі нұсқалары бір бірінің орнын алмастырушы болып табылады.

      Абонентке көрсетілген қызметке төлем үшін шот поштамен (немесе электронды адреске) жіберілген жағдайда байланыс операторының шотты жеткізу бойынша міндеттемесі пошта хат-хабарын тиісті пошта байланыс бөлімшесіне беру сәтінен бастап (немесе тиісінше шотты абонент көрсеткен электронды адреске жіберген), орындалған болып есептеледі. Абонентке шотты курьер тіркеу орнына дейін, немесе түпкілікті (абоненттік) жабдық орнына дейін жіберген жағдайда, байланыс операторының міндеті шотты тиісті пошта жәшігіне дейін жеткізгенде орындалған болып есептеледі.

      54. Абонент таңдаған шотты жеткізу тәсілі бойынша өзге телекоммуникация қызметтері жеткізушілерінің шоттары да жеткізіледі, олардың атынан байланыс операторы қызметтерін осындай жеткізушілермен жасаған шарттары негізінде шоттар ұсынады. Байланыс операторы жеткізушілер шоттарын өз шотына қоса алады.

      55. Телефондық байланыс қызметтеріне кредиттік төлем жасау тәсілі барысында қызмет үшін төлем сомасы көрсетілген қызметтер құнын, өзге есептеулерді, сондай-ақ есепке алу кезеңі төлемдері мен алдыңғы есепке алу кезеңдері қарыздарын есепке ала отырып, анықталады.

      Абонент байланыс операторы қызметінің құнын алдын ала төлей алады. Аванс төлемінің сомасын байланыс операторы тиісті есепке алу кезеңінде шот ұсынғанда есепке алады.

      56. Телефонды байланыс қызметтеріне аванстық тәсілмен төлем жасалғанда қызметке шоттағы төлемге сома есепке алу кезеңі басына қалыптасқан қалдық және есепке алу кезең төлемдері негізінде анықталады. Есепке алу кезеңі төлемдері абонентке өткен есепке алу кезеңінде көрсетілген қызметтер құнынан кем емес көлемде жүзеге асырылады. Егер қызметтер абонентке алғаш рет көрсетіліп отырса, бастапқы есепке алу кезеңі үшін аванс көлемі абоненттің қызметтерге деген болжамды қажеттілігі көлемі негізінде анықталады. Егер аванс сомасы көрсетілген қызметтер құнынан артып кетсе, байланыс операторы пайда болған айырмашылықты келесі есепке алу кезеңіндегі қызметтер төлемі шотына аударады.

      57. Заңның 20-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, байланыс операторлары байланыс қызметтеріне арналған тарифтерді негізделген шығындарды негізге ала отырып дербес белгілейді

      71. Телефон байланысы қызметтеріне тарифтер (тарифтік жоспарлар) телефон байланысы қызметтерін жеке, отбасы және үй қажеттіліктері үшін пайдаланатын заңды тұлғалар үшін бөлек, сондай-ақ телефон байланысы қызметтерін өзге қажеттіліктер үшін пайдаланатын азаматтар үшін бөлек белгіленуі мүмкін.

      Тарифтік жоспармен тәулік уақыты, апта күндері, демалыс және жұмыс істемейтін мереке күндері, сондай-ақ көрсетілетін телефон байланысы қызметтері терімі және көлемі бойынша сараланған тарифтер белгіленуі мүмкін.

      Қалааралық және халықаралық телефон байланысы қызметтеріне тарифтер абонент осы қызметтерге қол жеткізуді жүзеге асыру тәсіліне байланысты саралануы мүмкін.

      58. Көрсетілген телефон байланысы қызметтері үшін төлем, егер Шартқа көзделмесе, берілген шотқа сәйкес есептік кезеңде енгізіледі.

      59. Таксофондарды пайдаланып көрсетілген телефон байланысы қызметтері үшін есептесу байланыс операторларынан сатып алынатын жетондар, телефондық пластикалық карточкалар немесе басқа да төлем құралдарының көмегімен жүзеге асырылады.

      60. Байланыс оператордың кінәсінен орын алған байланыстың тұрып қалуы кезінде абоненттік төлемді қайта есептесу байланыстың нақты тұрып қалу сәтінен бастап терминал жұмысын толық қалпына келтірген сәтіне дейін жүргізіледі.

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрінің
міндетін атқарушының
2015 жылғы 24 ақпандағы
№ 171 бұйрығына 2-қосымша

Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.05.2018 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексіне, "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі –Заң) сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының аумағында ұялы байланыс қызметтерін, сондай-ақ олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді көрсету тәртібін айқындайды.

      Осы Қағидалардың қолданысы қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұялы байланыс қызметтерін және олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді көрсететін барлық байланыс операторларына, осы қызметтердің абоненттеріне және (немесе) пайдаланушыларына қолданылады.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) абонент – байланыс қызметтерін көрсетуге шарт жасасылған жеке немесе заңды тұлға;

      2) абоненттер туралы қызметтік ақпарат (бұдан әрі – қызметтік ақпарат) – байланыс желілерінде қарсы барлау қызметі мен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсаттарына ғана арналған және мыналарды:

      абоненттік нөмірлер иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, абоненттік нөмірлер туралы ақпаратты;

      ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары туралы ақпаратты;

      биллингтік мәліметтерді (абоненттің алған қызметтері туралы мәліметтерді);

      техникалық регламент талаптарына сәйкес желідегі абоненттік құрылғының тұрған жерін;

      деректер беру желісіндегі мекенжайды;

      деректер беру желісіндегі интернет-ресурстарға өтініш жасау мекенжайын;

      интернет-ресурстың сәйкестендіргіштерін;

      деректер беру желісінің хаттамаларын қамтитын абоненттер туралы мәліметтер;

      2-1) абоненттік нөмірді көшіру – басқа ұялы байланыс операторымен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жаңа шарт жасасқан кезде абоненттік нөмірді сақтау және ұялы байланыс желілерінде пайдалану бойынша абонентке көрсетілетін қызмет;

      3) абонентті сәйкестендіру картасы – абонентті сәйкестендіретін және абонентке ұялы байланыс операторының қызметтеріне қатынауды қамтамасыз ететін (SIМ/R-UIМ – карта және басқалары) абоненттік құрылғының бір бөлігі болып табылатын микропроцессорлық модульді білдіретін жеке қатынау карточкасы;

      4) абоненттік нөмір – ұялы байланыс қызметтерін көрсету шартын жасасу кезінде абонентке бөлінетін және басқа абоненттік құрылғылармен қосылу кезінде ұялы байланыс операторының желісіне қосылған абоненттік құрылғыны сәйкестендіретін телефон нөмірі;

      5) абоненттік құрылғы – абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электрлік байланыс сигналдарын құратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын жеке пайдаланылатын байланыс құралы;

      6) абоненттің жеке шоты (бұдан әрі – жеке шот) – көрсетілген қызметтердің көлемін, абонентпен жасалған шартқа сәйкес қызметтердің төлем шотына енгізілген ақшаның түсуін және жұмсалуын есепке алуға арналған ұялы байланыс операторының биллингтік жүйедегі талдамалық есебінің тіркелімі;

      6-1) абоненттің өтініші – абоненттің операторға қағаз тасығышта жазбаша түрде, сондай-ақ қызмет көрсетудің автоматты жүйесі арқылы немесе оператордың анықтамалық-ақпараттық қызметіне жіберілетін өтініші;

      7) алдын ала төленген топтама – белгілі бір тарифтік жоспарға бағдарланған бастапқы теңгерімімен абоненттік нөмір;

      8) автоматты қызмет көрсету жүйесі – SMS-, MMS- немесе USSD-сұрауды жіберу жолымен немесе Жеке кабинет арқылы не оператор ұсынатын басқа да техникалық мүмкіндіктерді пайдалану жолымен ұялы байланыс қызметтерін және олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді, тарифтік жоспарды абонентке өз бетінше қосу немесе ажырату мүмкіндігін беретін кешенді қызмет көрсету жүйесі;

      9) акциялық тарифтік жоспар – байланыс операторымен абоненте сақтауы үшін қосылу кезеңі бойынша, қолданыс мерзімі бойынша шектеулерден немесе басқа да шектеулерден тұратын белгілі талаптарды сақтауы тиіс жеңілдік талаптары бар тарифтік жоспар;

      10) байланыс саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін, байланыс саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды, байланыс саласында қызметтерді ұсынатын немесе оларды пайдаланатын тұлғалардың қызметін мемлекеттік бақылауды, үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      11) биллинг жүйесі – абоненттерге ұсынылатын қызметтерді есепке алу операцияларын автоматты түрде орындауға, сондай-ақ оларды тарифтеуге және ақы төлеу үшін шоттар беруге арналған қолданбалы бағдарламалық жасақтама.

      Ұялы байланыс операторы ұсынған қызметтер туралы бастапқы деректер кейіннен биллинг жүйесінде өңдеу үшін телекоммуникация желісінің коммутациялық жабдығының құрамына кіретін қосылыстардың ұзақтығын өлшеу жүйесінен және деректер беруді өлшеу жүйесінен түседі;

      11-1) донор-оператор (бұдан әрі - донор) – байланыс желісінен абоненттік нөмірді көшіруді жүзеге асыратын ұялы байланыс операторы;

      12) есеп айырысу кезеңі – ұялы байланыс операторымен абонентке көрсетілген ұялы байланыс қызметтеріне ақы төлейтін есептік кезең аяқталғаннан кейінгі күнтізбелік отыз күн;

      13) есептік кезең – бір күнтізбелік ай ішінде ұялы байланыс қызметтері және өзге де қызметтер көрсетілген және есептелген уақыт;

      14) жария шартқа қосылу – ұялы байланыстың операторы мен абоненті арасында шарт жасасу тәсілі, бұл ретте қосылатын абонент оператор белгілеген нысан бойынша осы қосылу жазылған формулярға қол қою жолымен ұсынылған жария шарттың талаптарын қабылдайды;

      14-1) жеке кабинет – абоненттің оператордың интернет-ресурсындағы немесе абоненттік құрылғының мобильдік қосымшасындағы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартының қолданылуы кезеңінде бөліп көрсетілген, өзіне-өзі қызмет көрсетудің, тарифтік жоспарлар мен қызметтерді бақылаудың, басқарудың автоматты интерфейсы бар, оператор айқындайтын абонентті сәйкестендіретін деректерді пайдалану арқылы абонентті сәйкестендіргеннен кейін абонент жүзеге асыратын қолжетімді (абоненттік нөмір, пароль, код сөзі және/немесе өзге деректер) дербес бөлімі;

      15) контент – провайдер қызметінің мазмұнды бөлігі (мазмұнмен түрлі деректер/ақпарат анықталуы мүмкін: мәтіндік/бейне/аудио файлдары, графикалық кескіндер, фотосуреттер, ғылыми деректер және тағы басқалары);

      15-1) қызмет көрсетудің автоматты жүйесі – оператор (абоненттік нөмір, пароль, код сөзі және /немесе өзге деректер) айқындайтын абонентті сәйкестендіретін деректерді пайдаланумен абонентті сәйкестендіргеннен кейін оған ұялы байланыстың қызметтерін және онымен технологиялық байланысты қызметтерді, сондай-ақ тарифтік жоспарды қысқа мәтіндік хабарды жіберу немесе жеке кабинет арқылы дербес қосу немесе ажырату мүмкіндігін ұсынатын қызмет көрсетудің кешенді жүйесі;

      16) алып тасталды - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17) қысқа мәтіндік хабарлама (SMS, USSD) – белгілі бірізділікпен терілген әріптерден және (немесе) сандардан және (немесе) символдардан тұратын және ұялы байланыс операторы желісінің техникалық мүмкіндіктерімен және абоненттік құрылғымен мүмкін болатын көлемдегі ақпараттық хабарлама;

      18) мультимедиялық хабарлама (MMS) – мәтіндік және (немесе) аудио, графикалық және бейне ақпаратынан (графикалық кескін, аудио, бейне) тұратын, ұялы байланыс операторы желісінің техникалық мүмкіндіктерімен және абоненттік құрылғымен мүмкін болатын көлемдегі ақпараттық хабарлама;

      19) ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желісі – жеке және заңды тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді телекоммуникация желісі;

      20) оператордың өкілі (агент, делдал, дистрибьютор, сондай-ақ олардың қосалқы агенттері мен өкілдері) – сенімхаттың не мыналарға оператормен жасалған тиісті шарттың негізінде уәкілетті заңды немесе жеке тұлға:

      - абоненттің абоненттік нөмірлерін және сәйкестендіру карталарын таратуды жүзеге асыруға;

      - оператордың атынан ұялы байланыс қызметтерін көрсетуге шарттар жасасуға;

      - операторлардың абоненттеріне қызметтер ұсынуға (төлемдер қабылдау, SIM/R-UIM – карталарды ауыстыру, т.с.с.);

      21) роуминг – ұялы байланыс операторларының арасындағы роумингтік келісім негізінде ұялы байланыс операторының абонентіне басқа елдің ұялы байланыс операторының желісінде ұялы байланыс қызметтерін көрсету. Роумингті іске асыру үшін абоненттік құрылғысының (абоненттің ұялы телефонының) және басқа шетелдік оператор желісінің техникалық үйлесімділігі қажет;

      22) роуминг әріптес – Қазақстан Республикасынан тыс жерде роуминг қызметтерін шарттың негізінде ұсынатын шетелдік ұялы байланыс операторы;

      23) сәйкестендіру коды – дайындаушы зауыт беретін абоненттік құрылғының немесе абоненттік стансаның коды және ол оған осы құрылғыны қосу кезінде байланыс операторының желісіне беріледі;

      24) спам – абоненттің (пайдаланушының) және қызметтерге тікелей қатысы жоқ оператордың және/немесе провайдердің келісімінсіз абонентке/пайдаланушыға ақпаратты және (немесе) контентті жіберу;

      25) тариф – ұялы байланыс қызметтерін тарифтеу бірліктері көлемі құнының ақшалай көрінісі;

      26) тарифтеу бірлігі – байланыс операторлары және Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісіне кіретін барлық санаттағы желілердің иелері үшін міндетті болып табылатын, тиісті байланыс қызмет түрлеріне төлем алынатын уақытты, ақпарат саны немесе көлемін өлшеу бірлігі;

      27) тарифтік жоспар – ұялы байланыс операторының абоненттерге немесе абоненттердің белгілі бір тобына немесе белгілі бір шектеулі аумаққа белгілейтін ұялы байланыс қызметтерінің тізбесі мен құнын, оларды ұсыну және тарифтеу ерекшеліктерін анықтайтын тарифтік ұсыныстардың жүйесі;

      28) техникалық мүмкіндік – ұялы байланыс операторының қолданыс аймағында абонентке ұялы байланыс қызметтерін көрсетуге қажетті жұмыс істейтін техникалық байланыс құралдары мен құрылғыларының болуы;

      29) техникалық шешім – оператор әзірлейтін және қолдайтын бағдарламалы-техникалық құралдардың кешені, қызметтерге абоненттердің/пайдаланушылардың, оның ішінде оператордың желісі арқылы провайдердің қатынауын қамтамасыз ететін оператордың желісінде ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар;

      29-1) реципиент-оператор (бұдан әрі - реципиент) – байланыс желісіне абоненттік нөмірді көшіруді жүзеге асыратын ұялы байланыс операторы;

      30) ұялы байланыс – қызмет көрсетілетін аумақты бірқатар ұяшықтарға бөлуді пайдаланатын, абонент ұяшықтан ұяшыққа өткен кезде байланыстың үзіліссіз болу мүмкіндігін қамтамасыз ететін және радиотолқындар арқылы берілетін екіжақты (көпжақты) ақпарат алмасуға арналған электр байланысының түрі;

      31) ұялы байланыс желісі – коммутация құралдарының және радиосигналдарды қабылдау-тарату жабдықтарының көмегімен абоненттік құрылғылардың қосылысын орнатуға мүмкіндік беретін техникалық құрылғылар мен жабдықтар кешенінен тұратын Қазақстан Республикасының бірыңғай телекоммуникация желісінің санаты;

      32) ұялы байланыс операторы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсететін байланыс операторы;

      33) ұялы байланыс операторының хабардар етуі – абонентке ұялы байланыс қызметтерін көрсету бойынша жолданатын байланыс операторының жазбаша, дыбыстық немесе мәтіндік (байланыс операторы құралдарын және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып) хабарламасы;

      34) ұялы байланыс операторының қызмет көрсету аймағы – ұялы байланыс операторының лицензияға және өз желісінің техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсететін аумағы;

      35) ұялы байланыс қызметтерін пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – ұялы байланыс қызметтерін және (немесе) олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді алатын, оған абонент уақытша пайдалануына абоненттің сәйкестендіру картасын берген жеке тұлға. Бұл ретте ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт бойынша барлық құқықтар мен міндеттер абоненттің атында толық көлемде сақталады;

      36) шекті сома – роуминг қызметтерін қосуға қажетті, абоненттің жеке шотына есептелетін және одан әрі абоненттің ұялы байланыс қызметтеріне, оның ішінде роумингте ұялы байланыс қызметтеріне ақы төлеуге арналған сома;

      37) шоттың нақтылануы – абонент алған өз операторының ұялы байланыс желісінде және басқа операторлардың ұялы байланыс желілерінде болған қосылыстартардың абоненттік нөмірлері, күні және уақыты көрсетілген барлық қызметтер, әрбір түр бойынша қызметтер көлемі мен төлеуге ұсынылған сомасын көрсетілген ұялы байланыстың барлық түрлері туралы ақпарат;

      Осы Қағидаларда Заңда келтірілген басқа да ұғымдар мен анықтамалар қолданылады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.05.2018 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2-тарау. Ұялы байланыс операторы және абонент арасындағы өзара қарым-қатынастар

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.05.2018 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету кезінде туындайтын ұялы байланыс операторының абоненттермен өзара қарым-қатынасы мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде жүргізіледі.

      4. Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде ұялы байланыс операторы азаматтық қорғаныс саласындағы уәкілетті органның сұрауы бойынша қысқа мәтіндік хабарламаларды жаппай тарату арқылы абоненттерді хабардар етеді.

      5. Байланыс операторлары ұялы байланыс желілері бойынша берілетін хат жазысудың, телефонмен сөйлесулердің және өзге де хабарламалардың, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайда және тәртіпте осы құқықтарды шектеу жағдайларын қоспағанда, құпиясын қамтамасыз етеді.

      6. Алдын ала төленген топтамаларды сату кезінде ұялы байланыс операторы немесе оның өкілі осы Қағидаларға сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсетуге абоненттермен шарт жасасады.

      7. Абонент ақпаратты тарату үшін қолданыстағы стандарттармен, техникалық нормалармен рұқсат етілетін тәсілдермен шығыс немесе кіріс қосылуды пайдалана алады.

      Абоненттік құрылғылар ретінде кіріктірме модемдері бар ұялы телефондар, смартфондар, планшеттер және ноутбуктер, сондай-ақ USB-модемдер, ұтқыр Wi-Fi роутерлер және басқа да байланыс құралдары пайдаланылуы мүмкін.

      Абоненттік құрылғылар ретінде кіріктірме модемдері бар ұялы телефондар, смартфондар, планшеттер және ноутбуктер, сондай-ақ USB-модемдер, ұтқыр Wi-Fi роутерлер пайдаланылуы мүмкін.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Абоненттермен/пайдаланушылармен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын ұялы байланыс операторының филиалдарының, офистерінің және басқа да ақпараттық орталықтарының, құрылымдық бөлімшелерінің жұмыс тәртібін ұялы байланыс операторы белгілейді және абоненттердің/пайдаланушылардың назарына ақпаратты ұялы байланыс операторының сайтында және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруды қоса алғанда, қолжетімді тәсілдермен және (немесе) абоненттерге/пайдаланушыларға қызмет көрсету орындарында ақпаратты орналастыру арқылы жеткізіледі.

      9. Белгілі бір тарифтік жоспарда көзделген ұялы байланыс қызметтерін ұялы байланыс операторы осы тарифтік жоспарға оператор белгілеген тәртіппен қосылуға ниет білдірген барлық абоненттерге тең жағдайларда қолма-қол ақшамен және (немесе) қолма-қол ақшасыз есеп айырысумен көрсетіледі.

      10. Алып тасталды - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10-1. Ұялы байланыс операторлары абоненттерге Заңның 8-бабы 1-тармағының 8-5) тармақшасына сәйкес бекітілген қағидаларда көзделген мерзімдерде абоненттік нөмірді көшіру қызметін көрсетеді.

      Ескерту. 2-бөлім 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Ұялы байланыс қызметтері мынадай болып бөлінеді:

      1) барлық абоненттерге көрсетілетін негізгі ұялы байланыс қызметтері;

      2) абоненттің өтініші бойынша ұсынылатын қосымша ұялы байланыс қызметтері.

      12. Негізгі ұялы байланыс қызметтеріне мыналар жатады:

      1) шұғыл шақыруларды қоса алғанда, дауыстық байланыс қызметтері;

      2) қысқа мәтіндік хабарламаларды тарату.

      13. Ұялы байланыс операторы қосымша қызметтердің тізбесін ұялы байланыс желісінің техникалық мүмкіндігіне қарай анықтайды.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      14. Ұялы байланыс операторы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 3 қыркүйектегі № 929 қаулысымен бекітілген Байланыс қызметтерiн пайдаланушылар үшiн қосылуы тегiн болып табылатын шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авария, анықтама және басқа да қызметтердiң тiзбесiне (бұдан әрі – Тізбе) сәйкес абоненттерге тегін қосылуды ұсынуды қамтамасыз етеді. Шұғыл шақыруларға қосылу, сондай-ақ 1414 нөміріне қысқа мәтіндік хабарламалар байланыс операторларымен тарифтелмейді.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      15. Абоненттің ұялы байланыс қызметтерін көрсетуге байланысты ақпаратты ұсынуы мақсатында ұялы байланыс операторы барлық оператор үшін 116 бірыңғай тегін қоңырау шалу нөмірімен ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету жүйесін жасайды. Ұялы байланыс операторының қалауы бойынша басқа қосымша нөмірлер қолданылуы мүмкін.

      Ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету жүйесі сұрау салуларды автоматты түрде өңдеу режимінде де (қысқа мәтіндік хабарламалар немесе USSD-сұрау салу жолдау арқылы немесе жеке кабинет арқылы, не оператор ұсынатын басқа да техникалық мүмкіндіктер арқылы), ұялы байланыс операторының ақпараттық-анықтамалық қызметінің қызметкерімен тілдесу режимінде де жұмыс істей алады.

      Жеке кабинет арқылы байланыс қызметін қосуға және ажыратуға, байланыстың көрсетілген қызметіне төлемді жүргізуге, абоненттік нөмірі немесе нөмірлер тобы бойынша жеке кабинеттің функционалдық мүмкіндіктерімен көзделген өзге де іс-қимылдарды жасауға болады.

      Ұялы байланыс операторы көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау мақсатында ұялы байланыс операторының ақпараттық-анықтамалық қызметіне келіп түсетін кіріс қоңырауларын жазып ала алады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      16. Ұялы байланыс операторының ақпараттық-анықтамалық жүйесінде тәулік бойы мынадай ақпараттық-анықтамалық қызметтер тегін ұсынылады:

      1) қызметтерге арналған тарифтер туралы, ұялы байланыс желісінің қызмет көрсету аймағы туралы ақпарат беру;

      2) абонентке оның жеке шотының жай-күйі және ұялы байланыс қызметтеріне ақы төлеу бойынша берешегі туралы ақпарат беру;

      3) абоненттен ұялы байланыс қызметтерін пайдалануға кедергі келтіретін техникалық бұзылымдар туралы ақпаратты қабылдауды жүзеге асыру;

      4) байланыс қызметтерін көрсетумен байланысты басқа да ақпараттық-анықтамалық қызметтерді ұсыну (көрсетілетін ұялы байланыс қызметтерінің сапасына түскен шағымдарды қабылдау, ұялы байланыс қызметтерін жақсарту бойынша ұсыныстар қабылдау, роумингтегі байланыс қызметтері туралы ақпарат).

      Қажет болған жағдайда ұялы байланыс операторы тегін ақпараттық-анықтамалық қызметтер тізбесін өз қалауы бойынша толықтыра алады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      16-1. Оператор ақылы ақпараттық-анықтамалық қызметтердің тізбесін өз бетінше айқындайды.

      Ақылы ақпараттық-анықтамалық қызметтерді ұсыну басталар алдында Оператор абонентке олардың құны туралы хабарлайды.

      Ескерту. 2-тарау 16-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      17. Алып тасталды - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Ұялы байланыс операторы биллинг жүйесі арқылы абонент алған қызметтер туралы ақпаратты автоматты есептеуді жүзеге асырады: қосылыс уақыты, ұзақтығы, деректер беру сеансының ұзақтығы және (немесе) ақпараттың көлемі (саны), ұялы байланыс операторының желісінде шақырылатын абоненттердің және отрақ пайдаланатын телекоммуникация желісі.

      абоненттерінің телефон нөмірлері.

      Көрсетілген ұялы байланыс қызметтерінің және олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтердің көлемдерін есепке алу және құнын анықтау шартта белгіленген тарифтеу бірліктеріне сәйкес жүргізіледі.

      Ұялы байланыс операторының қосылыстардың ұзақтығын өлшеу жүйесінің және деректер беруді өлшеу жүйесінің деректері ұялы байланыс қызметтері және олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтер үшін абонентке биллинг жүйесімен шотты құруға негіздеме болып табылады.

      18-1. Ұялы байланыстың қызметтері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және осы Қағидалардың 19-тармағына сәйкес оператор мен абонент арасында жасалатын ұялы байланыстың қызметі көрсету туралы шарт (бұдан әрі – шарт) негізінде көрсетіледі. Бұл ретте, "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" 2003 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес электрондық-цифрлық қолтаңбаны пайдаланып, шарттың жасалуы рұқсат етіледі.

      Ескерту. 2-тарау 18-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

1 параграф. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартты
жасасу ерекшеліктері

      19. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт мыналарды қамтиды:

      1) абонент туралы мәлімет (тегі, аты және әкесінің аты (бар болған жағдайда), пошталық мекенжайы, электрондық поштаның мекенжайы (бар болған жағдайда), байланыс телефоны (бар болған жағдайда), заңды тұлғалар үшін – жеке сәйкестендіру нөмірі, жеке тұлғалар үшін - атауы, бизнес - сәйкестендіру нөмірі;

      2) абонентке ұсынылатын абоненттік нөмірі және оны пайдалану және қайта тіркеу тәртібі;

      3) егер абонент өзінің абоненттік нөмірін басқа адамға берген жағдайда шартты міндетті түрде қайта тіркеу қажеттілігі туралы талап;

      4) көрсетілетін ұялы байланыс қызметтері;

      5) қосымша қызметтерді ұсыну шарттары;

      6) абоненттің ұялы байланыс қызметтерінің пайдаланбаған мерзімі, оның аяқталуы бойынша шарт бұзылады;

      7) есеп айырысу тәртібі (кредиттік немесе аванстық);

      8) шотты жеткізу тәсілі немесе шотты нақтылау;

      9) шарт бұзылған кезде абоненттің жеке шотына жұмсалмаған ақшаны қайтару тәртібі;

      10) тараптардың құқықтары, міндеттері және жауапкершілігі;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұялы байланыс қызметтерін ұсыну бойынша шектеулер мен талаптар.

      Бір шарттың шеңберінде абонентке бірнеше жеке шот берілуі мүмкін.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      19-1. Шарт өз қолданысын мынадай жағдайларда тоқтатады:

      1) абоненттің шарттан біржақты бас тартуы. Абонент операторға шартты бұзу туралы өтініш жібереді. Ұялы байланыс қызметін көрсетуді нақты тоқтату, осы жағдайда оператор абоненттің өтінішінде көрсетілген күннен бастап, бірақ өтініш берілген күнінен және уақытынан бұрын жасалмауы тиіс;

      2) абоненттің абоненттік нөмірді көшіру туралы өтініш беруі.

      Абонент абоненттік нөмірді көшіруге өтінішті реципиент-операторға Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушысының 2015 жылғы 26 қарашадағы № 1105 бұйрығымен бекітілген Ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қағидаларына сәйкес ұсынады. Ұялы байланыс қызметтерін ұсынуды нақты тоқтату осы жағдайда донор оператор реципиент-оператордың ұялы байланыс қызметтерін ұсыну басталған күннен бастап жүргізеді.

      Егер донор-оператормен жасалған ұялы байланыс қызметтерін көрсету шарты бойынша бірнеше абоненттік нөмір бөлінсе, мұндай шарт өз қолданысын көшірілген абоненттік нөмірге қатысты ғана тоқтатылады;

      3) абоненттің көрсетілген ұялы байланыс қызметтерін төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындамағанына байланысты күнтізбелік екі айдан астам уақыт ішінде кредиттік есеп айырысу тәртібі бойынша оған ұялы байланыс қызметін ұсынуды тоқтата тұру;

      4) абонеттің егер де шартта өзгеше белгіленбесе, ұялы байланыс (кіріс және шығыс байланыс, қысқа мәтіндік хабарламаларды жіберу/алу, деректерді беруді қабылдау/беру) қызметтерін 12 айдың ішінде пайдаланбауы;

      5) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген шартты бұзудың өзге де негiздерi туындаған кезде.

      Шартты бұзу, сондай-ақ абонентке ұялы байланыс қызметтерін беруді тоқтату оның өтелмеген берешектерді төлеу бойынша міндеттемелерін жоймайды.

      Шарттың бұзылуы абонентке шарт жасасу кезінде берілген абоненттік нөмірге қызмет көрсетуде және алуда бас тартуға әкеп соғады. Абоненттік нөмірдің өзге байланыс операторына өтуіне байланысты шарт бұзылған кезде, абоненттік нөмірді алып тастау жүргізілмейді.

      Ескерту. 2-тарау 19-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      20. Ұялы байланыс операторының абонентке ұялы байланыс қызметтерін көрсетуде техникалық мүмкіндігі бола тұра, ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасасудан бас тарту жол берілмейді.

      21. Алып тасталды - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2 параграф. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету шарттары

      22. Ұялы байланыс қызметтерін көрсету кезінде ұялы байланыс операторы:

      1) абоненттермен ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарттарды жасасады;

      2) өкілмен шарт жасасқан кезде өкілдің сатылған абоненттік нөмірлер туралы ақпаратты ұсыну туралы жауапкершілігін көздейді;

      3) олардың желісінде жұмыс істейтін абоненттік құрылғылардың сәйкестендіру кодтарының тізілімін жүргізеді;

      4) өз желісінде абоненттік құрылғы иесінің өтінішімен сәйкестендіру коды бойынша абоненттік құрылғы жұмысын тоқтата тұрады не қалпына келтіреді. Құжаттары аталған абоненттік құрылғыға меншік құқығын растайтын тұлға меншік иесі болып танылады;

      5) абоненттерге көрсетілетін байланыс қызметтері туралы егжей-тегжейлі ақпаратты ұсынады;

      6) ұялы байланыс операторының желісінде абонент алған ұялы байланыс қызметтері, оларды пайдалану уақыты, ұқсас стандарттағы басқа желілер абоненттерінің телефон нөмірлерімен қосылыстары туралы ақпаратты автоматты түрде есепке алуды жүзеге асырады.

      Сонымен қатар, қалааралық және халықаралық телефон байланысының қызметтерін, халықаралық роумингті қоса алғанда, абоненттің ортақ пайдаланылатын тіркелген телекоммуникация желісінің абоненттік құрылғыларымен қосылыстары, сондай-ақ абоненттің тарифтелмейтін қосылыстары тіркеледі.

      Бұл ретте ұялы байланыс операторы өз абонентінің осындай роуминг-серіктестің еліне бару кезінде нақты уақыт режимінде қосылулар ұзақтығын қадағалауға мүмкіндік беретін жүйенің болмауына байланысты берешектің пайда болу мүмкіндігі туралы хабарлайды;

      7) ұялы байланыс операторларымен ұялы байланыс желілерінің жұмысын тоқтату Заңның 41-1 бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      8) лицензияға және техникалық нормативтерге сәйкес өз желісінің жұмысын қамтамасыз етеді;

      9) абонентке, ұялы байланыс қызметтерін пайдаланушыға қалааралық немесе халықаралық байланыс операторының техникалық мүмкіндікті еркін таңдауын қамтамасыз етеді;

      9-1) абоненттік нөмірді көшірудің техникалық мүмкіндігін қамтамасыз етеді;

      10) ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарттың талаптарына және абонент таңдаған тарифтік жоспарға сәйкес, ұялы байланыс қызметтерін көрсетеді, абоненттердің назарына қажетті ақпаратты, оның ішінде қысқа мәтіндік хабарламаларды жаппай тарату арқылы, бұған абоненттерден төлем алмай, тарифтік жоспарлардың енгізілгені немесе өзгертілгені, көрсетілетін қызметтер, акциялар өткізу туралы ақпаратты жеткізеді;

      11) абоненттен өзінің абоненттік құрылғысы және (немесе) абоненттің сәйкестендіру картасының бұзылғандығы (жойылғандығы) не жоғалғандығы (ұрланғандығы) туралы жазбаша немесе ауызша өтініш (ауызша өтініш білдірген сәтінен бастап 12 сағаттан кешіктірмей, жазбаша өтініш бере отырып) келіп түскен жағдайда ұялы байланыс қызметін көрсетуді уақытша тоқтатады;

      12) ұялы байланыс операторының кінәсінен байланыс болмаған жағдайда, абоненттің өтініші негізінде абоненттік төлемді қайта есептеуді жүргізеді;

      13) ұялы байланыс операторы желісін пайдалану бойынша нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес ұялы байланыс қызметтерін көрсету барысында айқындалған осы қызметтерді көрсетудегі кемшіліктерді жояды;

      14) абоненттерге бұқаралық ақпарат құралдары және/немесе қысқа мәтіндік хабарламаларды жаппай тарату арқылы желі жұмысын тоқтатуға әкеп соққан ұялы байланыс операторы желісіндегі авариялар туралы және осындай аварияны жоюдың көзделген мерзімдері туралы хабарлайды;

      15) абоненттерге байланыс жабдықтарын жартылай немесе толық ажыратуға байланысты алдын алатын қызмет көрсету туралы және осы жұмыстар басталғанға дейін күнтізбелік үш күн бұрын осы жұмыстарды өткізу мерзімдері туралы хабарлайды;

      16) абоненттің жазбаша өтінішін алған сәтінен бастап оған күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей жазбаша жауап жолдайды;

      17) егер байланыс қызметтері үшін шотты жеткізу қызметі абонент таңдаған есеп айырысу тәртібінде көзделсе, ай сайын (келесі есеп айырысу кезеңінен бастап) тегін негізде абонентке шартта көрсетілген пошталық жеткізу мекенжайы немесе электронды пошта бойынша алған қызметтері туралы ақпаратты жеткізеді;

      18) абонентке көрсетілген ұялы байланыс қызметтеріне артық төленген ақшаны қайтарады немесе оларды абоненттің келісімі бойынша ұялы байланыс қызметтеріне аванстау ретінде есептейді;

      19) қосымша төлем алмай, абоненттердің өтініші бойынша шарттың мәтініне өзгерістер енгізеді:

      тегін, атын, әкесінің атын, тұрғылықты орнын өзгертуге байланысты – жеке тұлға үшін;

      ұйымның атауы, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың не куәліктің деректемелері, орналасқан орны мен пошталық мекенжайының өзгеруіне байланысты – заңды тұлға үшін;

      Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген өзге жағдайларда;

      20) ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жасасқан шарттардың есебін жүргізеді;

      21) өз желісінің абоненттерінен/не басқа ұялы байланыс операторларының абоненттеріне/нен түрлі хабарламаларды табыстау мүмкіндігін қамтамасыз етеді, бұл ретте ұялы байланыс операторлары арасында жолданатын хабарламалар түрлерін ұялы байланыс операторлары өздерінің техникалық мүмкіндіктері шегінде анықтайды;

      22) тәулік бойы режимінде ағымдағы есеп шотындағы ақшаның балансын тексеруді қамтамасыз етеді;

      23) ұялы байланыс операторына берілген лицензияның талаптарына сәйкес ұялы байланыс желісін пайдаланады;

      24) ұялы байланыс операторы абоненттен төлем растауын алған сәтінен бастап немесе ұялы байланыс қызметтеріне төлем бойынша берешекті жойғандығын растайтын (ұялы байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұрған жағдайда) құжаттарды ұсынғаннан кейін 24 сағаттың ішінде абонентке ұялы байланыс қызметтерін көрсетуді қалпына келтіреді;

      25) өз желісінде абоненттер арасында мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ақпараттық, қысқа мәтіндік хабарламалармен алмасуды қамтамасыз етеді;

      26) әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыс болған жағдайда, сондай-ақ құқық қорғау органдарына жәрдем көрсету мақсатында, абоненттерге заңды тұлғалардың, оның ішінде мемлекеттік органдардың оларға қажетті жағдайларда қысқа нөмірлерді резервтеумен, ақпараттық хабарламаларын жаппай таратуды қамтамасыз етеді;

      27) зияткерлік қызметтерге қол жеткізуді ұсыну кезінде (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық-ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) тарифтелетін қосылудың басталуына дейін ұялы байланыс операторы абонентке осы қосылыстың құны туралы және "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы Заңына сәйкес ақпаратты хабарлайды;

      Абонент телефон қосылысына келіскен жағдайда (яғни абонент бұндай қосылуды үзбеген жағдайда) осы қосылуға төлем тарифке көбейтілген толық тарифтеу бірліктерінің саны бойынша телефон қосылысының ұзақтығына қарай анықталады.

      Егер абонент мұндай қосылысқа келіспесе (яғни тиісті хабарлауды алған соң осы қосылуды үзген жағдайда), онда қосылысты орнатуды ұйымдастыруға төлем алынбайды.

      Егер байланыс операторы тарифтелетін қосылудың басталуына дейін абонентке осындай қосылыстың құны туралы хабарламаған жағдайда, онда зияткерлік қызметтерге (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық-ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қол жеткізуді ұсынғаны үшін төлем алынбайды;

      28) Тарифтік жоспарға өзгерістерді енгізгенге немесе оны жойғанға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын қысқаша мәтіндік хабарлама арқылы абонентті бұл туралы ескерте отырып, тарифтік жоспарды өзгертеді немесе жояды.

      29) қысқа мәтіндік және/немесе мультимедиялық хабарламалар жіберу арқылы зияткерлік қызметтерге қол жеткізуді ұсыну кезінде (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық-ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) ұялы байланыс операторы қысқа мәтіндік хабарлама арқылы абонентке осы қызметтің құны туралы және "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 4 мамырдағы Заңына сәйкес ақпаратты хабарлайды. Осы қызметке төлем абонент осы хабарламаны жіберуді растаған жағдайда алынады, бұл ретте абоненттен растағаны үшін төлем алынбайды.

      Егер ұялы байланыс операторы зияткерлік қызметтерге қол жеткізуді ұсыну бойынша (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қысқа мәтіндік және (немесе) мультимедиялық хабарламаның құны туралы хабарламаған жағдайда, онда осы қызмет үшін төлем алынбайды;

      30) шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, апат қызметтерден келетін ақпараттарды таратуды қоспағанда, абоненттерге түнгі уақытта (сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін) бұрын абонент сұратпаған, қысқа мәтіндік хабарламаларды және/немесе мультимедиялық хабарламалар арқылы ақпараттарды (жарнамалық сипаттағы таратуларды) жіберу бойынша лимит белгілейді;

      31) ұялы байланыс қызметтері үшін төлемдерді байланыс операторларының абоненттерге қызмет көрсетуге арналған үй-жайларда комиссиясыз қабылдауды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      23. Абоненттер үшін ұялы байланыс операторлары туралы және ұялы байланыс операторлары көрсеткен ұялы байланыс қызметтері туралы ақпарат мыналардан тұрады:

      1) ұялы байланыс операторының атауы, оның пошталық мекенжайы, байланыс қызметтерін пайдаланушылар мен абоненттермен өзара әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшелерінің атауы, олардың орналасқан орны, жұмыс тәртібі және байланыс телефондары;

      2) уәкілетті органның ұялы байланыс операторына берген лицензиясының нөмірі және қолданылу мерзімі;

      3) ұялы байланыс қызметтерін көрсету шарттары және тәртібі;

      4) ұялы байланыс қызметтерін көрсетудегі шектеулер;

      5) белгілі бір тарифтік жоспар шеңберінде ұялы байланыс қызметтерін ұсыну кезіндегі жеңілдіктер және ұялы байланыс қызметтеріне тарифтік жоспарлар;

      6) тегін ұялы байланыс қызметтерінің тізбесі;

      7) ұялы байланыс қызметтерін төлеу мерзімдері және нысандары;

      8) абоненттердің өтініштерін қарау тәртібі;

      9) абоненттің шағымдарын қарау тәртібі;

      10) анықтамалық және жөндеу қызметтерінің (мұндай қызметтер болған жағдайда) телефон нөмірлері;

      11) ұялы байланыс операторының шешімі бойынша абоненттер үшін қажетті басқа да ақпарат.

      Аталған ақпарат көрнекі және қолжетімді нысанда мемлекеттік және орыс тілдерінде ұялы байланыс операторының қызметтері арқылы абоненттердің назарына жеткізіледі.

      24. Ұялы байланыс операторы бір қызметті көрсету үшін алдын ала төленген топтама бойынша қызметтерден басқа, өзге де қызметті міндетті түрде көрсету шарт деп есептемейді.

      25. Ұялы байланыс қызметтерін абонентке ұялы байланыс операторы осы Қағидаларға сәйкес онымен шарт жасасқан сәтінен бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірмей ұсынады. Тарифтік жоспар бойынша олардың алдын ала төлемін қарастыратын ұялы байланыс қызметтерін көрсету ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартпен белгіленген тәртіпте және талаптарда төлемді жасағаннан кейін көрсетіледі.

      26. Ұялы байланыс операторы абоненттерге ұсынылатын тарифтік жоспарлар мен акциялық ұсыныстарды қалыптастырады. Тарифтік жоспарлардың және акциялық ұсыныстардың тізбесін, оларға қосылған ұялы байланыстың қызметтерін және олардың тарифтерін, оларды пайдалану шарттарын, қолданыс мерзімін, енгізілген қызметтердің көлемін оператордың өзі айқындайды және операторға қолжетімді амалдармен абоненттердің назарына жеткізіледі.

      Егер акциялық ұсыныста немесе тарифтік жоспарда көзделген бір қызметтің көлемі аяқталған кезде ұялы байланыс операторы осы акциялық ұсыныспен немесе тарифтік жоспарпен көзделген басқа қызметтерді алуға шектемейді. Сондай-ақ, ұялы байланыс операторы акциялық ұсыныста немесе тарифтік жоспарда көзделген қызметтің көлемі аяқталған кезде абонентті бұл жайлы хабардар етеді және қосымша қызмет көлемі үшін төлем тек оның келісімі арқылы алады.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      27. Абоненттік нөмірлерді байланыс желілері нөмірлемесі жоспарының өзгеруіне байланысты ауыстыру абоненттерді осындай ауыстыру себебі туралы абоненттерге алдын-ала хабарлаумен, ұялы байланыс операторымен қосымша төлемді алмай жүргізіледі. Байланыс желілерінің нөмірлеме ресурсының жаппай өзгеруі кезінде ұялы байланыс операторы отыз күн бұрын абоненттерге бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлайды.

      28. Абонент:

      1) ұялы байланыс операторынан:

      ұялы байланыс қызметтерінің мазмұны және оларды көрсету ерекшеліктері:

      ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарт жасасу тәртібі;

      тапсырыс берілген және алынған ұялы байланыс қызметтеріне төлем тәртібі, көрсетілген ұялы байланыс қызметтеріне есеп айырысу ерекшеліктері;

      өтініштер, шағымдар беру және оларды қарау тәртібі, ұялы байланыс операторы қызметтерінің жұмысы режимдері туралы ақпаратты алады;

      2) егер тарифтік жоспарды ауыстыру ұялы байланыс операторы бөлген абоненттік нөмірді ауыстырумен байланысты болмаса, ұялы байланыс операторына ағымдағы айдың 25-іне дейін тиісті жазбаша өтініш беріп, бір тарифтік жоспарды келесі жоспарға ауыстыруды тегін жүзеге асырады. Абонент қолданыстағының орнына тапсырыс берген тарифтік жоспар бойынша ұялы байланыс қызметтері келесі күнтізбелік айдың алғашқы күнінен бастап көрсетіледі;

      3) қосымша төлемге, егер тарифтік жоспарды ауыстыру абоненттік нөмірді ауыстыруға байланысты болса, ұялы байланыс операторына тиісті өтінішті бере отырып, бір тарифтік жоспардан келесі жоспарға ауыстыруды (егер бұл ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шартпен көзделсе) жүзеге асырады. Абонент қолданыстағының орнына тапсырыс берген тарифтік жоспар бойынша ұялы байланыс қызметтері тиісті өтініш бергеннен кейін келесі күні көрсетіледі;

      4) ұялы қызметтер көрсету туралы шартпен көзделген талаптарға сәйкес, ұялы байланыс операторының желісінде абоненттік нөмірді ауыстыруды жүзеге асырады;

      5) есептеуде қателік болған, абоненттің өтінішінсіз ақылы ұялы байланыс қызметтерін көрсеткен жағдайда, ұялы байланыс қызметтерін пайдаланғанына төлемді қайта есептеуді немесе бұл қызметтерді пайдаланғанына төленген соманы қайтаруды талап етеді;

      6) көрсетілген ұялы байланыс қызметтерінің сапасына, ұялы байланыс операторы қызметі мен персоналы жұмысындағы кемшіліктерге, есеп айырысу кезіндегі қателіктерге шағым түсіреді;

      7) қосымша ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы жазбаша өтініш береді немесе қысқаша хабарлама жолдайды;

      8) белгілі бір аумақта (әуежай, ұшақ және тағы басқалары) қолданылатын талаптарды, сондай-ақ, мүмкін болатын кедергілер немесе қауіпті жағдаяттар (медициналық мекемелер, отынды сақтау және тиеу аумағы, автомобильдерде, жарылыс жұмыстарын жүргізу орындарында және т.б.) туындағанда шектеулерді сақтауы;

      9) жазбаша немесе ауызша (ауызша өтініш білдірген сәтінен бастап 12 сағаттан кешіктірмей жазбаша өтініш бере отырып), оны пайдалануды бұғаттау мақсатында ұялы байланыс операторына абоненттік құрылғының немесе абоненттің сәйкестендіру кодының бүлінгендігі (жойылғандығы), жоғалғандығы (ұрланғандығы) туралы хабарлауы қажет. Күдікті жағдайда, ұялы байланыс операторы абоненттің сәйкестендіру картасының мәліметтеріне абоненттің құқықтарын растайтын қосымша мәліметтер сұрастырады. Ұялы байланыс операторы абоненттің жоғалған сәйкестендіру картасын бұғаттау сәтіне дейін, абонент ұялы байланыс қызметтеріне төлем бойынша барлық міндеттемелерді өз мойнына алады.

      Абонент ұялы байланыс операторына ауызша өтініш білдірген жағдайда, өзінің абоненттік нөмірін және ұялы байланыс қызметтерін көрсету туралы шарттың деректемелерін хабарлауы.

      29. Ұялы байланыс желілерінде жарнамалық сипаттағы ақпараттық хабарламаларды тарату абоненттің келісімі болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

      30.Ұялы байланыс операторымен басқа да қызмет алу шарттарын орындамаған жағдайда абоненттерге/пайдаланушыларға ұялы байланыс қызметтерін көрсету кезінде құқықтарын шектеуге жол берілмейді

3 параграф. Ұялы байланыс қызметтері үшін есеп айырысу

      31. Белгілі бір тарифтік жоспар бойынша көрсетілетін қызметтерге тарифтер аталған тарифтік жоспар бойынша қызмет көрсетілетін барлық абоненттер үшін біркелкі қолданылады.

      32. Белгілі тарифтік жоспар бойынша көрсетілетін қызметке тарифтер аталған тарифтік жоспар бойынша қызмет көрсетілетін барлық абоненттерге бірдей қолданылады және Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында белгіленеді.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      33. Оператор тарифтік жоспарларда:

      1) ұялы байланыстың көрсетілетін қызметтерінің тізбесін және олардың құнын;

      2) осы тарифтік жоспар бойынша жеке шоттан ақшаны есептен шығару тәртібін;

      3) тиісті тарифтік жоспар бойынша ұялы байланыс қызметтерін ұсынудың басқа шарттарын көрсетеді.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      33-1. Қазақстан Республикасының аумағында орналасуына қарамастан, байланыс операторларының хабарламалары мен ақпараттарын беру немесе алу үшін технологиялық процестерде ұялы байланыс қызметтерін ұсынғаны кезінде Астана қаласының уақыты бойынша белгіленетін бірыңғай есеп және есептік уақыт белгіленеді.

      Ұсынылған ұялы байланыс қызметтерінің көлемін есепке алу және олардың құнын айқындау Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің 2009 жылғы 2 ақпандағы № 43 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5573 болып тіркелген) тарификация бірліктерінің өлшемдеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 3-параграф 33-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      34. Абонентке көрсетілген ұялы байланыс қызметтері үшін көрсетілген қызмет үшін төлем ақы шотты қалыптастыруға өлшем бірыңғайлығын қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесі тізіліміне енгізілуі тиіс және қолданыстағы тексеру сертификатына ие қосылыс ұзақтығын өлшеу жүйесі және деректер беруді өлшеу жүйелері мәліметтері негіз болып табылады.

      35. Ағымдағы есептік кезеңде абонент пайдаланған ұялы байланыс қызметтері, олардың пайдалану уақыты, ұзақтығы мен құны, басқа абоненттердің абоненттік нөмірлерімен барлық кіріс және шығыс қосылыстары туралы ақпарат өтеусіз ұсынылады.

      35-1. Ұялы байланыс операторы нөмірді тергеннен кейін абонеттерді шақыруды міндетті түрде жүзеге асырады. Абонентті табысты шақырылу қолданылғаны туралы хабардар ету үшін ұзындығы секундына 1 қайталанбалы гудогі түрінде 425 Гц жиілікте акустикалық сигнал қолданылады, гудоктар арасында үзіліс ұзындығы 4 секунд. Ұялы байланыс операторымен осы сигналдың орнына немесе алдына басқа акустикалық сигналдарды орнату абонеттің өтініші бойынша іске асырылады.

      Бұл ретте акустикалық сигнал дыбысының деңгейі ыңғайлы болуы және дауыстық байланыстың дыбыстық деңгейіне сәйкес келуі қажет.

      Ескерту. 3-параграф 35-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      36. Ұялы байланыс қызметтерін пайдалану кезінде қосылыс ұзақтығын ұялы байланыс операторы шақырылатын абоненттік нөмір бойынша кез келген тұлғаның абоненттік құрылғының жауап алу сәтінен бастап, ұялы байланыс операторының желісі коммутаторының автоматты жауап берушілерінен басқа, үзілгенге дейін (абонеттік құрылғы пернетақтасында сөйлесудің аяқталуы пернесін басуы немесе байланыс құралымен көзделген өзге де тәсілдер) санайды. Оператор коммутаторының (немесе коммутаторға қосылудың) жауабы шақырылған абоненттің жауабына тең емес және тиісті қосылысты тарифтеудің басталуы бола алмайды.

      Абоненттік құрылғыға шақырылатын абонент жауабына теңестірілетін жауап белгісі тиісті қосылу тарификациясының бастамасы болып табылады, оларға мыналар жатады:

      автожауап берушімен жабдықталған абоненттік құрылғы;

      факсимильді аппарат.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      37. Егер қосылыс жүзеге аспаса немесе Тараптардың бір абоненті төменде санамалап көрсетілген сигналдардың бірін алса, онда келесі Тарап оны табысты қосылыс деп есептемейді:

      1) "шақыруды жолдауды бақылау" сигналына жауап болмаса;

      2) "бос емес" сигналы;

      3) "нөмір қолжетімді емес" сигналы;

      4) нөмірдің қолжетімсіздігі туралы дауыстық хабарлама.

      38. Желіаралық қосылыстардың ұзақтығын есептеу абоненттердің кез келген екі терминалынан "тоқтату" деген дабыл алғаннан кейін аяқталады. Қосылыстардың жалпы сомасының есеп айырысулары заңнамада белгіленген қосылыстар тарифтеуінің бірліктері көлемінде әрбір қосылыс ұзақтығының сомасына негізделеді.

      39. Абонент алған барлық ұялы байланыс қызметтерінің және өзге де қызметтердің құны есептік кезеңге жинақталады.

      40. Абоненттің ұялы байланыс қызметтеріне төлем жасауы тиісті тарифтік жоспар мен шарттың талаптары бойынша жүргізіледі, сонымен қатар, абоненттің таңдауы бойынша қолма-қол және (немесе) қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысаны қолданылады.

      41. Абонент таңдап алған тарифтік жоспарға сәйкес, ұялы байланыс операторы мынадай есеп айырысу тәртібін жүзеге асырады:

      1) кредиттік есеп айырысу тәртібі;

      2) аванстық есеп айырысу тәртібі.

      42. Кредиттік есеп айырысуда ұялы байланыс операторының шотына ұялы байланыс қызметтерін төлеу үшін жеткілікті ақша түсуі қажет етілмейді, абонент байланыс қызметтерін ақшалай алдын ала төлемсіз пайдалана алады және оларды есептік кезең ішінде төлейді. Ұялы байланыс операторы абонентке ұялы байланыс операторының қолданыстағы тарифтеріне сәйкес ай сайын шотты ұсынады.

      Кредиттік есеп айырысуда абонент ұялы байланыс қызметтеріне лимит белгілеуіне болады. Бұл ретте лимиттің жоғарғы шегін байланыс операторы белгілейді.

      Белгіленген лимит аяқталған кезде ұялы байланыс қызметін көрсету кіріс қоңырауларды санамағанда уақытша тоқтатылады.

      Ескерту. 42-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      43. Аванстық есеп айырысуда абонент ұялы байланыс қызметтерін төлеу үшін жеткілікті ақша дербес шотқа түскеннен кейін ұялы байланыс қызметтерін пайдаланады.

      Абоненттің дербес шотында ұялы байланыс қызметтерін төлеуге ақша жоқ болған жағдайда, оператор Тізбеде көрсетілген нөмірлермен және операторға қызмет көрсетудің ақпараттық-анықтамалық жүйесімен қосылыстарды қоспағанда, шығыс қосылыстарды көрсетуді тоқтатады.

      Дауыстық қоңырау соғуды жасау сәті кезінде абонент оператордан дербес шотта ақша жоқтығы жөнінде дауыстық хабарлама алады.

      Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

      44. Абонент, ұялы байланыс операторы желісінен абоненттік құрылғыны және (немесе) сәйкестендіру картасын уақытша ажырату абоненттің осы Қағидаларды бұзуымен байланысты емес жағдайларда жүргізілген болса, барлық жағдайларда уақыт кезеңіне, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге, абоненттік төлемақыны және өзге де ай сайынғы төлемдерді төлеуден босатылады.

      44-1. Тізімде көрсетілген қызметтерден хабарларды, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жолданған хабарларды таратуларды қоспағанда, ұялы байланыс желілерінде жарнама және ойын сипатындағы ақылы қысқаша мәтіндік және/немесе мультимедиялық хабарларды таратуға абоненттің өтініші болған кезде ғана жол беріледі.

      Жарнама және ойын сипатындағы ақылы хабарларды алуға абоненттің өтініші болмаған жағдайда, осы қызметке қосылғаны, сондай-ақ осындай хабарларды алғаны үшін төлем алынбайды.

      Ескерту. 3-параграф 44-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.
      45. Алып тасталды - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 21.11.2017 № 403 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму министрінің
міндетін атқарушының
2015 жылғы 24 ақпандағы
№ 171 бұйрығына
3-қосымша

Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.12.2015 № 1162 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.05.2018 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексіне, "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленген және Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалардың қолданысы тіркелген немесе жылжымалы байланыс және олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтері арқылы Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсететін барлық операторларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес, cондай-ақ осы қызметтердің абоненттеріне және (немесе) пайдаланушыларына қолданылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) абонент – байланыс қызметтерін көрсетуге шарт жасасылған жеке немесе заңды тұлға;

      2) абоненттер туралы қызметтік ақпарат (бұдан әрі – қызметтік ақпарат) – байланыс желілерінде қарсы барлау қызметі мен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу мақсаттарына ғана арналған және мыналарды:

      абоненттік нөмірлер иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, абоненттік нөмірлер туралы ақпаратты;

      ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары иеленушілерінің жеке сәйкестендіру нөмірлері (жеке тұлғалар үшін) немесе бизнес-сәйкестендіру нөмірлері (заңды тұлғалар үшін) туралы мәліметтерді қоса алғанда, ұялы байланыстың абоненттік құрылғыларының сәйкестендіру кодтары туралы ақпаратты;

      биллингтік мәліметтерді (абоненттің алған қызметтері туралы мәліметтерді);

      техникалық регламент талаптарына сәйкес желідегі абоненттік құрылғының тұрған жерін;

      деректер беру желісіндегі мекенжайды;

      деректер беру желісіндегі интернет-ресурстарға өтініш жасау мекенжайын;

      интернет-ресурстың сәйкестендіргіштерін;

      деректер беру желісінің хаттамаларын қамтитын абоненттер туралы мәліметтер;

      3) абоненттік нөмір – ол арқылы басқа абоненттік жабдықпен қосылу сол арқылы орнатылатын шартты жасасқан кезде абоненттің пайдалануына бөлінетін және желіде абонентті сәйкестендіруге мүмкіндік беретін нөмір;

      4) авторландыру – абоненттің және (немесе) пайдаланушының енгізген аутентификациялық деректерін байланыс операторының серверінде талдау процесі нәтижесінде абонентте және (немесе) пайдаланушыда Интернетке қол жеткізу қызметтерін алуға құқықтарының болуы анықталады;

      5) аутентификациялық деректер – Интернетке қол жеткізу қызметтерін және/немесе олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтерді алу құқықтарын растау үшін пайдаланатын абоненттің және (немесе) пайдаланушының бірегей логині (login) және паролі (password), аутентификациялық деректер ретінде абоненттік нөмір де пайдаланылуы мүмкін;

      6) биллинг – абоненттерге көрсетілетін қызметтерді есепке алу операцияларын автоматты түрде орындауға, сондай-ақ оларды тарифтеуге және ақы төлеу үшін шоттар беруге арналған бағдарламалық-аппараттық кешен;

      7) Интернет – электрондық ақпараттық ресурстарды жіберуге арналған телекоммуникациялардың біріктірілген желілерінің және есептеу ресурстарының дүниежүзілік жүйесі;

      8) Интернетке жылжымалы байланыс желілері қол жеткізу қызметтері – сағатына 150 км дейінгі ауысу жылдамдығымен байланысты үзусіз бір базалық станцияның бір қолданыс аймағынан басқа аймаққа ауыса отырып, абоненттік құрылғының Интернет желісінде жұмыс істеу мүмкіндігі;

      9) Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункті – пайдаланушыларға ақылы немесе ақысыз Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету орны;

      10) Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінің иесі (бұдан әрі – иесі) – Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункті меншікті құқықтарда немесе өзге заңды негіздерде тиесілі жеке немесе заңды тұлға;

      11) Интернетке қол жеткізу қызметі – Интернет желісін пайдалана отырып, деректерді қабылдау және беру бойынша қызмет;

      12) Интернетке қол жеткізу қызметтерінің операторы – байланыс қызметтерін көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға;

      13) Интернетке тіркелген байланыс желілері арқылы қол жеткізу – белгілі базалық станцияның қолданыс радиусында абоненттік құрылғының Интернетте жұмыс істеу мүмкіндігі, бір аймақтан басқа аймаққа ауысу кезінде байланыс үзіледі және қайта қалпына келеді;

      14) интернет-ресурс – аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын, бірегей желілік адресі және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін, мәтіндік, графикалық, аудиокөрінімді немесе өзге де түрде бейнеленетін электрондық ақпараттық ресурс;

      15) қысқа мәтіндік хабарлама (бұдан әрі – SMS-хабарлама) – белгілі бірізділікпен терілген әріптерден және (немесе) сандардан және (немесе) символдардан тұратын және ұялы байланыс операторы желісінің техникалық мүмкіндіктерімен және абоненттік құрылғымен мүмкін болатын көлемдегі ақпараттық хабарлама;

      16) пайдаланушы – нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін ақпараттандыру объектілерін пайдаланатын ақпараттандыру субъектісі;

      17) техникалық мүмкіндік – байланыс операторының қолданыс аймағында абонентке Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсетуге қажетті жұмыс істейтін техникалық байланыс құралдары мен құрылғыларының болуы, сондай-ақ бос ресурстардың болуы.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.05.2018 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Интернетке қол жеткізудің қызметтерін көрсету тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.05.2018 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Байланыс операторының Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету кезінде абоненттермен/пайдаланушылармен туындайтын өзара қарым-қатынастары мемлекеттік және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.

      5. Интернетке қол жеткізу қызмет операторлары жедел-іздестіру қызметі туралы заңнамада және Қазақстан Республикасының қылмыстық-процессуалдық заңнамасында белгіленген жағдайда және тәртіпте осы құқықты шектеу жағдайларын қоспағанда, телекоммуникация желілері бойынша берілетін ақпараттың құпиясын қамтамасыз етеді.

      6. Мемлекеттік органдарға Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету кезінде қажетті жағдайларда олардың талабы бойынша ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша (ақпаратты қорғау бойынша) бірлескен жұмыстарды орындауға шарттар жасалуы мүмкін.

      7. Қандай да бір тарифтік жоспарда көзделген Интернетке қол жеткізу қызметтері барлық санаттағы пайдаланушыларға тең жағдайда көрсетіледі.

      8. Абонент Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету туралы шартта өзгеше белгіленбесе, абоненттік желіге қосуға жататын абоненттік құрылғыны ұсынады.

      9. Оператор абоненттермен/пайдаланушылармен тікелей өзара қарым-қатынас жасайтын байланыс операторы филиалдарының, кеңселерінің және басқа да ақпараттық орталықтарының, құрылымдық бөлімшелерінің жұмыс тәртібін белгілейді және ақпаратты абоненттердің/пайдаланушылардың назарына байланыс операторының интернет-ресурсында және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруды қоса алғанда, операторға қолжетімді тәсілдермен және (немесе) ақпаратты абоненттерге қызмет көрсету пунктерінде орналастыру арқылы жеткізеді.

      10. Байланыс операторының абоненттерге және (немесе) пайдаланушыларға көрсететін Интернетке тіркелген, жылжымалы қол жеткізу арқылы қызметтердің және олармен технологиялық жағынан байланысты қызметтердің тізбесін байланыс операторы Интернет желісін пайдаланылатын сегментінің техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып анықтайды.

      11. Интернетке қол жеткізу операторы абоненттерге Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсетуге және олармен технологиялық жағынан байланысты ақпараттық және телекоммуникациялық қызметтерге қатысты ақпаратты ұсыну мақсатында ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету жүйесін құрады.

      12. Ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету жүйесінде ақылы және тегін ақпараттық-анықтамалық қызметтер көрсетіледі.

      Ақылы ақпараттық-анықтамалық қызметтерді көрсету тізбесі және шарттары Интернетке қол жеткізу қызметі туралы Шартпен анықталады.

      13. Интернетке қол жеткізу қызметтерінің операторы тәулік бойы мынадай ақпараттық-анықтамалық қызметтерді тегін көрсетеді:

      1) Интернетке қол жеткізу қызметтеріне арналған тарифтер туралы, Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету аумағы туралы ақпарат беру;

      2) абонент алған қызметтер: уақыты, деректер беруді өткізу жылдамдығы, алынған және (немесе) жіберілген ақпарат көлемі туралы ақпаратты қоса алғанда, абонентке оның жеке шотының жай-күйі туралы және Интернетке қол жеткізу қызметтеріне ақы төлеу бойынша берешегі туралы ақпарат беру;

      3) абоненттен Интернетке қол жеткізу қызметтерін пайдалануға кедергі келтіретін техникалық ақаулар туралы ақпаратты қабылдау;

      4) көрсетілетін Интернетке қол жеткізу қызметтері туралы ақпарат беру.

      14. Интернетке қол жеткізу қызметтерінің операторы абонент алған қызметтер: уақыты, Интернетке қол жеткізуді өткізу жылдамдығы, алынған және (немесе) жіберілген ақпарат көлемі туралы ақпаратты биллинг арқылы автоматты есепке алуды жүзеге асырады.

      15. Интернетке қол жеткізу қызметтері жеке тұлғаларға жария шарт болып табылатын интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету туралы шарт негізінде көрсетіледі және ол абоненттің шарт жасасу туралы өтінішті беру жолымен құптағанынан кейін қолданысқа енгізіледі.

      Интернетке қол жеткізу қызметтері заңды тұлғаларға жазбаша түрде жасалатын Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету туралы жеке шарттың (бұдан әрі - Шарт) негізінде көрсетіледі.

      16. Шарт жасасу үшін операторға өтініш беріледі, оның нысанын байланыс операторы белгілейді.

      Абонентке Интернетке қол жеткізу қызметтерін ұсынудың техникалық мүмкіндігі бола тұра, Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету шартын жасаудан бас тартуға байланыс операторына жол берілмейді.

      17. Байланыс операторы өтінішті мынадай құжаттар болған жағдайда белгіленген тәртіппен қабылдайды және тіркейді:

      1) жеке тұлға үшін – оның көрсетілген мекенжай бойынша тіркелгенін растайтын құжат немесе тұрғын үй-жайды жеке меншікке сатып алу, жалға (арендаға) алу немесе қосалқы жалға, субарендаға алу туралы құжат, сондай-ақ өтініш берушінің жеке басын растайтын құжат. Депозит (алдын ала төлеу) енгізілетін жағдайда, сондай-ақ Интернетке ұялы байланыс желісі арқылы қол жеткізу жағдайында Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету мекенжайы бойынша оның тіркелуін растайтын құжат немесе үй-жайды меншікке сатып алу, жалға (арендаға) алу немесе қосалқы жалға, субарендаға алу туралы құжат ұсынылмауы мүмкін;

      2) заңды тұлғалар үшін – оның көрсетілген мекенжай бойынша тіркелгенін растайтын құжат немесе үй-нжайды меншікке сатып алу, жалға (арендаға) немесе қосалқы жалға (субарендаға) алу туралы құжат және заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу немесе қайта тіркеу туралы анықтама немесе куәлік (филиалды немесе өкілдікті есептік тіркеу туралы анықтама). Интернет желісіне ұялы байланыс желілері арқылы қол жеткізу жағдайында Интернетке қол жеткізу қызметтерін ұсыну мекенжайы бойынша тіркелуін растайтын құжат немесе үй-жайды меншікке сатып алу, жалға (арендаға) немесе қосалқы жалға (субарендаға) алу туралы құжат ұсынылмауы мүмкін.

      18. Интернетке қол жеткізу қызметтерінің операторы абонентке Шартты жасасуға және орындауға қажетті ақпаратты ұсынады. Көрсетілген ақпарат көрнекі және қолжетімді түрде абоненттің және (немесе) пайдаланушының назарына бұқаралық ақпарат құралдары, ақпараттық-анықтамалық қызметтер арқылы, сондай-ақ Интернетке қол жеткізу операторының интернет-ресурсы арқылы тегін жеткізіледі.

      19. Шарт мынадай деректемелерді қамтиды:

      1) байланыс операторының атауы;

      2) шарттың мәні;

      3) қызметтерді көрсетудің жалпы шарттары;

      4) шарттың қолдану мерзімі және оны өзгерту және бұзу шарттары;

      5) байланыс қызметтерін есептеу тәртібі, шотты жеткізу тәсілі;

      6) есеп айырысу тәртібі мен мерзімдері;

      7) абоненттің құқықтары мен міндеттері;

      8) байланыс операторының құқықтары мен міндеттері;

      9) тараптардың жауапкершілігі және дауларды реттеу;

      10) өзге де шарттар;

      11) байланыс операторының заңды мекенжайы мен деректемелері (есеп айырысу шотының деректемелері, егер көрсетілетін қызметтер лицензияланатын болса, берілген лицензияның деректемелері);

      12) абонент туралы мәліметтер: пошталық мекенжайы, электрондық пошта мекенжайы, телефон нөмірі (заңды тұлғалар үшін – пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі; жеке тұлғалар үшін – жеке сәйкестендіру нөмірі).

      13) қазіргі заңнамаға сәйкес Интернетке қолжетімдік қызметін ұсыну бойынша талап және шектеу.

      20. Шарт Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының нормаларында көзделген жағдайларда бұзылады (өзінің қолданылуын тоқтатады).

      21. Интернетке қол жеткізу қызметтерінің операторы Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету кезінде:

      1) абоненттерге көрсетілетін байланыс қызметтері туралы егжей-тегжейлі ақпаратты ұсынады;

      2) Интернетке қол жеткізу қызметтерін шарттың талаптарына сәйкес көрсетеді және абоненттердің назарына қажетті ақпаратты, оның ішінде жаңа тарифтік жоспарлардың енгізілгені туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және абоненттермен жұмыс жүргізу орындарында жеткізеді;

      3) байланыс операторының кінәсінен телекоммуникация желісіне қол жеткізу болмаған жағдайда, абоненттік төлемді қайта есептеуді жүргізеді;

      4) абонентке Интернетке қол жеткізу қызметтерін тәулігіне 24 сағат пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді;

      5) Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету барысында айқындалған осы қызметті көрсетудегі кемшіліктерді жояды;

      6) абоненттерге желі жұмысын тоқтатуға әкеп соққан байланыс операторының желісіндегі авариялар туралы және аварияларды жоюдың болжанған мерзімдері туралы қолжетімді тәсілмен (бұқаралық ақпарат құралдары, сайттар, Жеке кабинет, SMS-хабарламалар, телефон шалу және т.с.с.) хабарлайды;

      7) абоненттің жазбаша өтінішіне оны алған сәттен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей жазбаша жауап жібереді;

      8) абонентке оның келісімі бойынша көрсетілген Интернетке қол жеткізу қызметтеріне артық төленген ақшалай қаражатты қайтарады не оларды Интернетке қол жеткізу қызметтеріне аванс ретінде есептейді;

      9) абоненттердің өтініші бойынша қосымша төлем алмай,мыналарға байланысты абонентті қайта тіркеуді жүргізеді:

      тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты орнының өзгеруіне байланысты - жеке тұлға үшін;

      ұйым атауының, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың немесе куәлік деректемелерінің, орналасқан жері және пошталық мекенжайының өзгеруіне байланысты – заңды тұлға үшін;

      тарифтік жоспардың өзгеруіне байланысты;

      10) Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету туралы жасасқан шарттардың есебін жүргізеді;

      11) Интернетке қол жеткізу операторы абоненттен төлемді растауды алған немесе абонент Интернетке қол жеткізу қызметтеріне ақы төлеу бойынша берешекті жойғандығын растайтын (Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсетуді тоқтата тұрған жағдайда) құжаттарды ұсынған сәтінен бастап 24 сағаттың ішінде абонентке Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсетуді қалпына келтіреді;

      12) интернет-ресурс арқылы абоненттерге тарифтік жоспарды ауыстыруды іске асыруға мүмкіндік береді;

      13) бұл туралы олардың қолданысқа енгізілуіне бір айдан кем емес мерзімде ескертіп, абоненттің келісімі бойынша байланыс қызметінің тариф шарттарын өзгертеді;

      14) абонент деректерді беру қызметінің сапасы нашарлағаны туралы өтінішті берген күнінен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде сапасын қалпына келтіру бойынша қажетті шараларды қабылдайды және абоненттік төлемнің қайта есебін жүргізеді.

      22. Интернетке қол жеткізу операторы туралы және Интернетке қол жеткізу операторы ұсынатын Интернетке қол жеткізу қызметтері туралы абоненттерге арналған ақпарат мыналарды қамтиды:

      1) Интернетке қол жеткізу операторының атауы және (немесе) оның пошталық мекенжайы, Интернетке қол жеткізу қызметтерін пайдаланушылармен және абоненттермен өзара әрекет ететін оның құрылымдық бөлімшелерінің атауы, олардың орналасқан жері, жұмыс тәртібі және байланыс телефондары;

      2) Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету шарттары мен тәртібі;

      3) пайдаланылатын абоненттік интерфейстер және деректер беру хаттамалары;

      4) Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету кезіндегі шектеулер;

      5) белгілі бір тарифтік жоспар шеңберінде Интернетке қол жеткізу қызметтеріне тарифтік жоспарлар және Интернетке қол жеткізу қызметтерін ұсыну кезіндегі жеңілдіктер;

      6) тегін Интернетке қол жеткізу қызметтерінің тізбесі;

      7) Интернетке қол жеткізу қызметтеріне ақы төлеу мерзімдері және нысандары;

      8) абоненттердің өтініштерін қарау тәртібі;

      9) абоненттің талап-арыздарын қарау тәртібі;

      10) анықтамалық және жөндеу қызметтерінің (мұндай қызметтер болған жағдайда) телефон нөмірлері.

      Көрсетілген ақпарат абоненттердің назарына көрнекі және қолжетімді нысанда мемлекеттік және орыс тілдерінде Интернетке қатынау операторының қызметтері арқылы жеткізіледі.

      23. Абонент/пайдаланушы өзге қызметті алу шарттарын орындамаған жағдайда Интернетке қол жеткізу операторының абонентке/пайдаланушыға Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету кезінде оның құқықтарын шектеуге жол берілмейді.

      24. Интернетке қол жеткізу қызметтерінің операторы абонентке Интернетке қол жеткізу қызметтерін осы Қағидаларға сәйкес онымен шарт жасасқан сәттен бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірмей ұсынады. Тарифтік жоспар бойынша алдын ала ақы төлеуді көздейтін Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету туралы шартта белгіленген тәртіппен және шарттармен төлемді жасағаннан кейін жүзеге асырылады.

      25. Қажеттілігіне қарай абонент:

      1) Интернетке қол жеткізу қызметтері операторынан:

      Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету мазмұны мен ерекшеліктері;

      Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету туралы шарт жасасу тәртібі;

      тапсырыс берілетін және алынған Интернетке қол жеткізу қызметтеріне ақы төлеу тәртібі, көрсетілген Интернетке қол жеткізу қызметтері үшін есеп айырысу ерекшеліктері;

      өтініштер, талап-арыздар және оларды қарау тәртібі, Интернетке қол жеткізу қызметі операторы қызметтерінің жұмыс тәртіптері туралы ақпаратты алады;

      2) Интернетке қол жеткізу қызметтерін пайдаланғаны үшін төлемді қайта есептеуді немесе есептік қателік болған жағдайда, абоненттің өтінішінсіз ақылы Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсеткен жағдайда, осы қызметтерді пайдаланғаны үшін төленген соманы қайтаруды талап етеді;

      3) көрсетілген Интернетке қол жеткізу қызметтерінің сапасына, Интернетке қол жеткізу қызметтері операторының қызметтері мен персоналы жұмысындағы кемшіліктерге, есеп айырысу кезіндегі қателіктерге талап-арыз береді;

      4) қосымша Интернетке қатынау қызметтерін көрсету туралы өтініш береді;

      5) Интернетке қол жеткізу қызметтеріне абоненттік немесе уақытына қарай есептелетін төлемді таңдайды немесе жүйеде қабылданатын және (немесе) жіберілетін ақпараттың көлемі бойынша Интернетке қол жеткізу қызметтеріне ақы төлеуді жүзеге асырады;

      6) Интернетке қол жеткізу қызметтерін тарифтік жоспармен белгіленген көлемде пайдаланады;

      7) уақытында және Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету туралы шартпен белгіленген мерзімде Интернетке қол жеткізу қызметтері үшін төлем енгізеді;

      8) абонент Интернетке қол жеткізу операторына ауызша өтініш білдірген жағдайда, шарттағы өзінің деректемелерін хабарлайды;

      9) Интернетке қол жеткізу қызметтерін алу үшін техникалық реттеу саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген талаптарға сәйкестікке сертификатталған абоненттік құрылғыларды пайдаланады.

1. параграф. Интернетке қол жеткізу қызметтері үшін есептеулер

      26. Көрсетілетін Интернетке қол жеткізу қызметтерінің тарифтері Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында белгіленеді.

      27. Телекоммуникация желісінің коммутациялық жабдығының құрамына кіретін деректер беруді өлшеу жүйесінен түсетін көрсетілген қызметтер туралы деректердің негізінде биилинг жүйесімен құрылған шот Интернетке қатынау қызметтері абонентінің төлем жасауына негіздеме болып табылады.

      Байланыс операторының деректер беруді өлшеу жүйесі өлшеулердің бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізілуі және қолданыстағы тексеру сертификаты болуы тиіс.

      28. Абоненттің пайдаланған Интернетке қол жеткізу қызметтері туралы, оларды пайдалану уақыты, ұзақтығы мен құны туралы ақпарат, ағымдағы есепті кезеңде барлық алынған және берілген ақпарат аталған абонентке айына бір рет тегін электронды түрде ұсынылады.

      29. Абоненттің барлық алған Интернетке қол жеткізу қызметтерінің және басқа қызметтердің құны есептік кезең үшін жинақталады.

      30. Абонент Интернетке қол жеткізу қызметтеріне ақы төлеуді Интернетке қол жеткізу қызметтері шартының талаптары бойынша жүргізеді.

      31. Интернетке қол жеткізу қызметі операторы есеп айырысудың мынадай тәртібін жүзеге асырады:

      1) кредиттік есеп айырысу тәртібі;

      2) аванстық есеп айырысу тәртібі.

      32. Кредиттік есеп айырысу тәртібі кезінде абоненттің Интернетке қол жеткізу қызметтерін кредитке пайдалану мүмкіндігі бар және оны есептік кезең өткен соң төлейді. Интернетке қол жеткізу қызметі операторы ай сайын абонентке Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсетуге арналған Шартта көзделген тарифтерге сәйкес шотты ұсынады.

      33. Аванстық есеп айырысу тәртібі кезінде абоненттің өзінің жеке шотына Интернетке қол жеткізу қызметтеріне ақы төлеу үшін жеткілікті ақшаны енгізгеннен кейін Интернетке қол жеткізу қызметтерін пайдалану мүмкіндігі бар.

      Интернетке қол жеткізу қызметтеріне шартты бұзған жағдайда Интернетке қол жеткізу қызметтері операторы абонентке оның жеке шотынан ақшаның қалдығын қайтаруды жүргізеді. Абонентке тиесілі ақшаны қайтару абоненттің қайтару туралы өтініші тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүргізіледі.

      34. Интернетке қол жеткізу операторының желісінен абоненттік құрылғыны уақытша ажырату абоненттің осы Қағидаларды және Интернетке қол жеткізу қызметтеріне арналған Шартты бұзуымен байланысты емес мән-жайлармен жүргізілетін барлық жағдайларда абонент абоненттік төлемді төлеуден босатылады.

      35. Интернетке қол жеткізу операторының абонент алдындағы берешегі болған жағдайда, Интернетке қол жеткізу операторы абоненттің жазбаша өтініші негізінде оған қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз есеп айырысу нысанын қолданумен ақшаны абоненттің келісімі бойынша қайтарады не байланыс қызметтеріне төлемді аванс ретінде есептейді.

2-параграф. Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункттерінде Интернетке қол жеткізудің қызметтерін көрсету

      Ескерту. 2-тарау 2-параграфпен толықтырылды – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.05.2018 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      36. Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункттерінде Интернетке қол жеткізу пайдаланушыларды авторландырудан кейін Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктіне байланыс қызметін көрсететін иеленушілеріне немесе байланыс операторларына беріледі.

      37. Пайдаланушыны авторландыру "Логин", "Пароль" жолы және "Парольды алу" белсенді элементі бар байланыс операторының немесе иесінің интернет-ресурсында пайдаланушыға тиесілі абоненттік нөмір бойынша жүзеге асырылады.

      38. Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінде Интернетке қол жеткізуге рұқсат алу үшін пайдаланушы арнайы нысандағы "Логин" жолына абоненттік нөмірін енгізу арқылы авторланады және "Парольды алу" нысанының белсенді элементін пайдалану жолымен біржолғы дербес сәйкестендіргішке (парольге) сұрау салады.

      39. Иеленуші немесе Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктіне байланыс қызметтерін көрсететін байланыс операторы пайдаланушының "Логин" жолында көрсетілген абоненттік нөміріне біржолғы дербес сәйкестендіргіш (пароль) қамтылған SMS-хабарламаны жібереді.

      40. Пайдаланушы SMS-хабарламада алынған біржолғы дербес сәйкестендіргішті (парольді) арнайы нысандағы "Пароль" жолына енгізген кезде оны авторландыру аяқталады және пайдаланушыға Интернетке қол жеткізуге рұқсат беріледі.

      41. Пайдаланушы алған біржолғы дербес сәйкестендіргіштің (парольдің) жарамдылық мерзімі Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінде пайдаланушының абоненттік құрылғысын Интернеттен ажыратқан сәтке дейін қолданылады.

      42. Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінде пайдаланушыға қайталап Интернетке қол жеткізу қызметін көрсету осы Қағидалардың 38, 39 және 40-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

      43. Елді мекендерде ұялы байланыс болмаған жағдайда, иесі пайдаланушының Интернетке қол жеткізуін жеке басын куәландыру құжаты бойынша жүзеге асырады.

      Иесі осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда пайдаланушыларды электрондық есепке алу журналын жүргізеді. Электрондық журнал пайдаланушының тегін, аты мен әкесінің атын (бар болған кезде), Интернетте жұмыс істеуді бастау мен аяқтау уақытын, пайдаланушы жұмыс істеген Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункті иесі компьютерінің нөмірін қамтиды.