Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 175 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 13 сәуірде № 10705 тіркелді

Қолданыстағы

      «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден кейін күнтізбелік он күн ішінде «Әділет» ақпараттық құқықтық жүйесінде және мерзімдік баспасөз басылымдарында ресми жариялауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Е. Досаев

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ауыл шаруашылығы министрі
      ______________ А. Мамытбеков
      2014 жылғы «____» __________

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму министрі
      ______________ Ә. Исекешев
      2014 жылғы «____» __________

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Энергетика министрі
      ______________ В. Школьник
      2014 жылғы 17 наурыз

Қазақстан Республикасы   
Ұлттық экономика министрінің
2014 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 175 бұйрығымен бекітілген

Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін
қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең
жағдайларын ұсыну қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Табиғи монополиялар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Су Кодексіне, 1998 жылғы 9 шілдедегі «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», 2004 жылғы 9 шілдедегі «Электр энергетикасы туралы», 2001 жылғы 8 желтоқсандағы «Темір жол көлігі туралы», 2010 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы», 2002 жылғы 17 қаңтардағы «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және электр энергиясын беру және (немесе) тарату, жылу энергиясын өндіру, жылу энергиясын беру және (немесе) тарату және электр энергиясын желiге берудi және тұтынуды техникалық диспетчерлендiру, магистральдық темір жол желісі, кірме жолдар, әуежайлар, порттар мен аэронавигация, мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін магистральдық құбыржолдары арқылы тасымалдау, газды немесе газ конденсатын сақтау, магистральдық және (немесе) таратушы құбыржолдары арқылы тасымалдау, газ таратушы қондырғыларды және олармен байланысты газ таратушы газ құбырларын пайдалану және су шаруашылығы және (немесе) кәрiз жүйелерi саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерді (бұдан әрі – қызметтер) көрсететін табиғи монополиялар субъектілерінің (бұдан әрі – Субъектілер) реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тұтынушылардың тең қол жеткізуін қамтамасыз ететін тәртіпті және жалпы қағидаттарын айқындайды.
      2. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жеңілдіктер мен басымдықтарды ескере отырып қызметтерді ұсыну жағдайларына қолданылмайды.
      3. Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
      1) азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушының сертификаты – азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган берген, пайдаланушының Азаматтық әуе кемелерiн пайдаланушыларды сертификаттау қағидаларына және сертификаттау талаптарына сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
      2) азаматтық әуе кемесін мемлекеттік тіркеу туралы куәлік – азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган берген және азаматтық әуе кемесінің Қазақстан Республикасы азаматтық әуе кемелерінің мемлекеттік тізіліміне енгізілгенін растайтын құжат;
      3) азаматтық әуе кемесінің ұшуға жарамдылығының сертификаты – азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган берген, азаматтық әуе кемесiнiң ұшуға жарамдылығының нормаларына сәйкестiгiн куәландыратын құжат;
      4) байланыс операторы – Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңнамалық актiсiнде белгiленген тәртiппен байланыс қызметтерiн көрсетуге лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;
      5) бербоут-чартер – жолаушылар, багаж бен жүк тасымалдауға және сауда мақсатында теңiзде жүзудiң өзге де мақсаттары үшін жалға кеме беруші кеме жалдаушыға жарақтанбаған және экипажбен жасақталмаған кеменi немесе бiрнеше кеменi иеленуге және пайдалануға келісілген ақыға (жалдауға) белгiлi бiр мерзiмге беруге мiндеттенетiн жалға кеме беру шартының түрі;
      6) есепке алу аспабы – реттеліп көрсетілетін коммуналдық қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) тұтыну көлемін есепке алуға арналған заңнамада белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғы;
      7) көрсетілетін қызметтерді жеткізуші – реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тұтынушылардың тең қол жеткізуі мақсатында электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосу үшін техникалық шарттар беретін табиғи монополия субъектісі;
      8) кірме жолдың шектелген өткізу қабілеті – уақыт бірлігінде (тәулік, сағат) нақты кірме жол арқылы оның техникалық жарақтануына қарай өтуі мүмкін вагондардың ең жоғары саны;
      9) құзыретті орган – мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      10) магистральдық темір жол желісінің шектелген өткізу қабілеті – уақыт бірлігінде (тәулік, сағат) нақты темір жол учаскесі арқылы аралық бойынша оның техникалық жарақтануына және поездар қозғалысын ұйымдастырудың қабылданған тәсіліне қарай өткізілуі мүмкін салмағы мен ұзындығы белгіленген поездардың (поезд жұптарының) ең жоғары саны;
      11) Өкіл – шетелдік Пайдаланушылардың әуе кемелеріне аэронавигациялық қызмет көрсетілгені үшін ақы төлейтін ұйымдар;
      12) пайдаланушы – азаматтық әуе кемелерін пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өз қызметтерін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
      13) реттеліп көрсетілетін қызметтер – табиғи монополия саласындағы табиғи монополия субъектісі ұсынатын және қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) тұтынушыға белгілі бір тауар беру түрінде ұсыну жағдайларын қоса алғанда, уәкілетті органның мемлекеттік реттеуіне жататын қызметтер (тауарлар, жұмыстар);
      14) слот – авиакомпанияның әуе кемесінің келу немесе жөнелту операцияларын белгілі бір күні немесе кезеңде орындау үшін әуежайда бөлінген уақыт;
      15) табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу – табиғи монополиялар субъектілері тұтынушыларының табиғи монополия субъектілерінің қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) басқа тұтынушыларға осындай қызметтер ұсынылатын жағдайлардан кем болмайтын қолайлы жағдайда пайдалану мүмкіндігі;
      16) техникалық шарттар – реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тұтынушылардың тең қол жеткізуі мақсатында электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосылу үшін қажетті техникалық талаптар;
      17) тұтынушы – табиғи монополия және реттелетін нарық субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтерін (тауарларын, жұмыстарын) пайдаланушы немесе пайдалануға ниеттенуші, сондай-ақ реттеліп көрсетілетін қызметтерге, (тауарларға, жұмыстарға) тең қол жеткізу мақсатында объектілерді электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды алуға ниеттенуші жеке немесе заңды тұлға;
      18) уәкілетті орган – табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      19) уәкілетті органның ведомствосы – табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ведомствосы;
      20) Aeronautical Information Circular – Аэронавигациялық ақпарат бюллетені – аэронавигациялық ақпарат циркуляры (бұдан әрі – AIC);
      21) Aeronautical Information Publication – Аэронавигациялық Ақпарат Жинағы – Қазақстан Республикасының аэронавигациялық ақпарат жинағы (бұдан әрі – AIР);
      22) NОtice To AirMen (бұдан әрі – NOTAM) – кез келген аэронавигациялық жабдықты пайдалануға енгізу немесе оның (немесе оның жұмыс регламентінің) өзгеруі, ұшуларға қызмет көрсету мен олардың қағидалары туралы ақпаратты қамтитын хабарлама; немесе қауіп туралы ақпарат, ол туралы ескерту ұшулардың қауіпсіздігі үшін маңызды орын алады.
      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.
      4. Тұтынушы реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу үшін Субъектіге жазбаша өтініш (өтінім, арыз) жолдайды.
      5. Тұтынушы реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу үшін Субъектіге жазбаша өтініш (өтінім, арызын) мәлімделген көлемдерге не қызметтер тұтынудың басқа да шарттарына қарамастан тең шарттармен қабылдайды.
      6. Тұтынушының өтініші (өтінімі, арызы) құжаттарды алған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаралады. Көрсетілген мерзімде табиғи монополиялар субъектісі тұтынушыға реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу ұсынылатыны не реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу ұсынудан бас тартылғаны туралы жауапты дәлелді қорытындыны қоса бере отырып жібереді.
      7. Тұтынушылардың осы Қағидаларда айқындалған шарттарды сақтауы субъектілер мен тұтынушылардың арасында «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 14 бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленген үлгі шарттарға сәйкес қызметтер көрсету шарттарын жасасу үшін негіз болып табылады.
      8. Реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсететін субъект тұтынушы өтініш жасаған кезде реттеліп көрсетілетін қызметтің құны және оған қол жеткізу тәртібі туралы ақпарат ұсынады.
      9. Реттеліп көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) Субъектімен шарт жасасқан барлық тұтынушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген олардың сапасына қойылатын талаптарға сәйкес ұсынылады.
      10. Табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тең қол жеткізуді ұсыну шеңберінде объектілерді электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру кезінде электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін көрсететін табиғи монополия субъектісі:
      1) қосымша талаптар қою мүмкіндігін болғызбай, техникалық шарттардың нақты тізбесін белгілейді;
      2) объектілерді электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, газбен жабдықтау, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру желілеріне қосуға жазбаша өтінішті (өтінімді, арызды) қарау кезінде тұтынушыдан қосымша материалдар мен ақпарат сұратпайды.

2. Реттеліп көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуді ұсыну шарттары

      11. Қызметтерге тең қол жеткізуді қамтамасыз ету мынадай шарттарға сүйене отырып жүзеге асырылады:
      1) осы Қағидаларда айқындалған шарттарды сақтау кезінде барлық тұтынушылар үшін қызметтерге тең қол жеткізу;
      2) қызметтердің барлық тұтынушыларына қатысты бірыңғай тариф саясатын жүргізу;
      3) қызметтер тізбесінің, қызметтерге арналған тарифтердің ақпараттық ашықтығы.
      12. Тұтынушылардың электр қондырғыларын энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның желілеріне қосуға арналған техникалық шарттар:
      1) жаңадан енгізілетін электр қондырғылары энергия беруші ұйымның желілеріне қосылған;
      2) объект тұтынатын шарттық электр қуаты ұлғайған;
      3) электрмен жабдықтау сенімділігі бойынша пайдаланушылардың санаты өзгертілген жағдайларда беріледі.
      13. Тұтынушылардың объектілерін энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттар:
      1) жылу желілеріне жаңадан пайдалануға берілетін объектілер қосылған;
      2) тұтынушының жылу тұтынатын қондырғыларын реконструкциялауға немесе кеңейтуге байланысты тұтынылатын энергия мөлшері немесе жылу тасығыштың параметрлері техникалық шарттарда және шарттың талаптарында белгіленгеннен жоғарылап өзгерген;
      3) жылу жүйелеріне бұрын қосылмаған объектілер қосылған жағдайларда беріледі.
      14. Газбен жабдықтау желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттар:
      1) газбен жабдықтау жүйелеріне қосылатын жаңа объектілер жобаланған және олар кейіннен салынған;
      2) қолданыстағы газбен жабдықтау жүйелерінен тұтынылатын қызметтердің көлемі ұлғайған;
      3) егер бұл тұтынылатын қызметтердің көлемі мен сипаттамаларын өзгертуге әкелетін болса, объекті реконструкцияланған және/немесе қайта бейімделген жағдайларда беріледі.
      15. Көрсетілетін қызметтерді жеткізуші елді мекеннің сумен жабдықтау және су бұру желілері құрылыстары өнімділігінің қоры мен өткізу қабілеті жеткілікті болған кезде объектілерді қосуға немесе сумен жабдықтау және су бұру инженерлік желілерін дамытуға арналған техникалық шарттарды:
      1) елді мекендердің сумен жабдықтау және/немесе су бұру желілеріне қосылатын жаңа объектілер жобаланған және кейіннен салынған;
      2) су тұтыну және/немесе елді мекеннің қолданыстағы су бұру желісіне сарқынды суларды ағызу көлемдері ұлғайған;
      3) елді мекендердің су бұру жүйелеріне ағызылатын сарқынды сулардың ластану концентрациясы ұлғайған;
      4) егер бұл сумен жабдықтаудың және/немесе су бұрудың тұтынылатын қызметтерінің көлемі мен сипаттамаларын өзгертуге әкелетін болса, объекті реконструкцияланған және/немесе қайта бейімделген;
      5) сумен жабдықтау және су бұру желілеріне бұрын қосылмаған объектілер қосылған жағдайларда береді.

3. Электр желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды берген
кезде реттеліп көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуді
ұйымдастыру рәсімі

      16. Электр желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды берген кезде реттеліп көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуді ұйымдастыру Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10403 тіркелген, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 143 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Жылу желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды берген
кезде реттеліп көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін
ұйымдастыру рәсімі

      17. Жылу желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды берген кезде реттеліп көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуді ұйымдастыру Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10234 тіркелген, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 211 бұйрығымен бекітілген Жылу энергиясын пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

5. Қызметін электр энергиясының көтерме сауда нарығында
жүзеге асыратын Субъектінің электр энергиясын беру және
(немесе) тарату саласындағы қызметтеріне қол жеткізудің
тең жағдайларын ұйымдастыру тәртібі

      18. Қызметін электр энергиясының көтерме сауда нарығында жүзеге асыратын Субъектінің электр энергиясын беру және (немесе) тарату саласындағы қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайларын ұйымдастыру Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10531 тіркелген, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 106 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясының көтерме нарығын ұйымдастыру мен оның жұмыс істеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

6. Қызметін электр энергиясының бөлшек сауда нарығында
жүзеге асыратын Субъектінің электр энергиясын беру және
(немесе) тарату саласындағы қызметтеріне қол жеткізудің
тең жағдайларын ұйымдастыру тәртібі

      19. Қызметін электр энергиясының бөлшек сауда нарығында жүзеге асыратын Субъектінің электр энергиясын беру және (немесе) тарату саласындағы қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайларын ұйымдастыру Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10533 тіркелген, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 111 бұйрығымен бекітілген Электр энергиясының бөлшек нарығын ұйымдастыру мен оның жұмыс істеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

7. Жылу энергиясын өндіру саласындағы қызметтерге қол
жеткізудің тең жағдайларын ұйымдастыру тәртібі

      20. Жылу энергиясын өндіру жөніндегі Субъектінің қызметтерін тұтынушылар:
      1) Субъектінің жылу көзіне жалғанған жеке меншік желілері бар жылу энергиясын тұтынушылар;
      2) энергия беруші ұйымның желілеріне қосылған жылу энергиясын тұтынушылар;
      3) жылу энергиясын беруді және (немесе) таратуды жүзеге асыратын энергия беруші ұйымдар;
      4) жылу энергиясын сатып алуды - сатуды жүзеге асыратын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар болып табылады.
      21. Субъект өзінің қызметтеріне тұтынушылардың кедергісіз және кемсітусіз қол жеткізуін:
      1) Субъектінің жылу энергетикасы объектілеріне белгіленген тәртіппен жалғанған жылу желілері мен жылу пайдаланатын қондырғылары;
      2) есеп айырысатын есепке алу аспаптары болған жағдайда қамтамасыз етеді.
      22. Субъектінің жылу көзіне жалғану және қызметтер көрсету шартын жасасу кезінде қызметтердің кез келген тұтынушысына шартта айқындалған жылу энергиясын ең жоғары сағаттық жүктеме және тұтынылатын жылу энергиясы санының шегінде жылу энергиясын алу құқығы бекітіледі, бұл ретте жылу энергиясының сапасы мен параметрлері нормативтік-техникалық талаптарға сәйкес келуге тиіс.
      23. Қызметтерді тұтынушыларға алынған техникалық шарттарда белгіленген жобалық шамадан асатын жылу энергиясының тұтынылатын жүктемесі мен санын ұлғайтқан жағдайда, Субъект Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен осы тұтынушыға техникалық мүмкіндік болған кезде қосымша қуаттарды жалғауға техникалық шарттар береді.

8. Жылу энергиясын беру және (немесе) тарату саласындағы
қызметтерге қол жеткізудің тең жағдайларын ұйымдастыру тәртібі

      24. Субъектінің жылу энергиясын беру және (немесе) тарату қызметтерін тұтынушылар:
      1) Субъектінің желілеріне жалғанған жеке меншік желілері бар жылу энергиясын тұтынушылар;
      2) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар (бұдан әрі - ЭЖҰ) болып табылады.
      25. Субъект өзінің қызметтеріне Субъектінің желілеріне жалғанған жеке меншік желілері бар жылу энергиясын тұтынушылардың кедергісіз және кемсітусіз қол жеткізуін:
      1) Субъектінің жылу желілеріне жалғанған жылу пайдаланушы қондырғылары;
      2) есеп айырысатын есепке алу аспаптары болған жағдайда қамтамасыз етеді.
      26. Субъект өзінің қызметтеріне ЭЖҰ-ның кедергісіз және кемсітусіз қол жеткізуін:
      1) жылу желілерінің теңгерімдік тиесілілігінің шекарасы және тараптардың пайдалану жауапкершілігі айқындалатын ЭЖҰ-ның тұтынушыларымен жылумен жабдықтау шарты;
      2) ЭЖҰ тұтынушыларында Субъектінің жылу желілеріне белгіленген тәртіппен жалғанған желілері және (немесе) жылу пайдаланушы қондырғылары;
      3) ЭЖҰ тұтынушыларында есеп айырысатын есепке алу аспаптары болған жағдайда қамтамасыз етеді.
      27. Субъектінің жылу желісіне жалғану және қызметтер көрсету шартын жасасу кезінде қызметтердің кез келген тұтынушысына шартта айқындалған жылу энергиясын ең жоғары сағаттық жүктеме және тұтынылатын жылу энергиясы санының шегінде жылу энергиясын алу құқығы бекітіледі, бұл ретте жылу энергиясының сапасы мен параметрлері нормативтік-техникалық талаптарға сәйкес келуге тиіс.
      28. Қызметтерді тұтынушыларға алынған техникалық шарттарда белгіленген жобалық шамадан асатын жылу энергиясының тұтынылатын жүктемесі мен санын ұлғайтқан жағдайда, Субъект Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен осы тұтынушыға техникалық мүмкіндік болған кезде қосымша қуаттарды жалғауға техникалық шарттар береді.

9. Электр энергиясын желiге берудi және тұтынуды техникалық
диспетчерлендiру, электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін
ұйымдастыру саласындағы қызметтерге қол жеткізудің тең
жағдайларын ұйымдастыру тәртібі

      29. Субъектінің электр энергиясын желiге берудi және тұтынуды техникалық диспетчерлендiру қызметтерін тұтынушылар:
      1) электр энергиясын желінің тиесілілігіне қарамастан барлық кластағы кернеу желілеріне босатуды жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдар;
      2) электр энергиясын желінің тиесілілігіне қарамастан кернеулердің барлық кластағы желілері арқылы импорттаушы тұтынушылар болып табылады.
      30. Субъект электр энергиясын желiге берудi және тұтынуды техникалық диспетчерлендiру қызметтеріне осы Қағидалардың 29-тармағында көрсетілген тұтынушылардың кедергісіз және кемсітусіз қол жеткізуін:
      1) ұлттық және (немесе) өңірлік электр желісіне қол жеткізуі;
      2) электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйелері;
      3) энергия өндіруші ұйымдар үшін Субъектінің телекоммуникация, байланыс жүйелерімен және жедел-ақпараттық кешенімен бірыңғайланған Субъектінің диспетчерлік орталықтарымен телекоммуникация және байланыс жүйелерімен жарақталған жұмыс істейтін диспетчерлік пункті және диспетчерлік басқарудың жедел-ақпараттық кешені;
      4) тұтынушылар үшін Субъектінің диспетчерлік орталықтарымен байланыс құралдарымен жарақталған диспетчерлік пункттер немесе осындай өкілеттіктерді басқа диспетчерлік орталыққа беру туралы құжат болған жағдайда қамтамасыз етеді.
      31. Электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру жөніндегі субъектінің қызметін тұтынушылар:
      1) энергия өндіруші ұйымдар, оның ішінде өндіріс кешенінің құрамына кіретіндер;
      2) энергия беруші ұйымдар;
      3) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар;
      4) электр энергиясының көтерме нарығының тұтынушылары болып табылады.
      32. Субъект осы Қағидалардың 31-тармағында көрсетілген тұтынушылардың электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру саласындағы қызметтерге кедергісіз және кемсітусіз қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

10. Магистральдық темір жол желісі саласындағы қызметтерге
қол жеткізудің тең жағдайларын ұйымдастыру тәртібі

      33. Реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу және магистральдық темір жол желісін пайдалану шартын жасасу үшін тұтынушылар Субъектіге белгіленген нысанда және мерзімде өтініш, сондай-ақ «Теміржол көлігі туралы» 2001 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 14 бабы 2-тармағының 34-10) тармақшасына сәйкес бекітілген Магистралдық темір жол желiсiн пайдалану ережесiне (бұдан әрі – Магистралдық темір жол желiсiн пайдалану ережесi) сәйкес құжаттар жолдайды.
      34. Субъект өтініштерді магистральдық темір жол желісінің қызметтерін тұтынушылар ұсынған өтініштерді тіркеу тізілімінде түскен күнi мен уақытын, сондай-ақ тiркеу нөмiрiн көрсете отырып, түскен күнi тіркейді. Өтінішті қарау мерзімі мен тәртібі де Магистралдық темір жол желiсiн пайдалану ережесiнде регламенттелген.
      35. Тіркеуден бас тартуға, өтініштердің түскен күні мен уақытын, сондай-ақ оларды тіркеу нөмірлерін бұрмалауға жол берілмейді.
      36. Оператор магистральдық желіде орталықтан басқаруды және тасымалдау процесін ұйымдастыруды жолаушылар мен жүк поездары қозғалысы кестесінің негізінде жүзеге асырады. Поездар қозғалысы кестесін әзірлеу кезінде Магистралдық темір жол желiсiн пайдалану ережесіне сәйкес кезектілік сақталады.
      37. Тасымалдаушының поездар қозғалысының нақты бір бағытында магистральдық темір жол желісін оның өткізу қабілетінің шектелуіне байланысты пайдалануға беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, тасымалдау Магистралдық темір жол желiсiн пайдалану ережесінде көзделген кезектілікпен жүзеге асырылады.
      38. Субъект халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда, магистральдық темір жол желісінің қызметтеріне тасымалдауды жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының резиденттері емес тұтынушылардың өз мемлекетінің резидент тұтынушыларынан кем болмайтын қолайлы жағдайларда тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

11. Концессия шарттары бойынша темір жол көлігі объектілері
бар темір жол қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайларын
ұйымдастыру тәртібі

      39. Тасымалдаушыларға концессия шарттары бойынша темір жол көлігі объектілері бар темір жолдарға қол жеткізуді ұсынуға Магистралдық темір жол желісін пайдалану қағидаларына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес тараптардың негізгі шарттары, құқықтары және міндеттері айқындалатын магистралдық темір жол желілерінің операторы мен тасымалдаушы(лар) арасында жасалған магистралдық желіні пайдалану шарты негіз болып табылады.
      40. Тасымалдаушылардың концессия шарттары бойынша темір жол көлігі объектілері бар темір жолдарды Магистралдық желіні пайдалану шартын жасамастан пайдалануына жол берілмейді.
      41. Концессия шарттары бойынша темір жол көлігі объектілері бар темір жолдарға қол жеткізу концессия шартын іске асыру үшін олардың өзара іс-қимылдарын регламенттейтін магистралдық темір жол желілерінің операторы мен концессионер арасындағы жасалған шартты ескере отырып тасымалдаушыларға ұсынылады.

12. Кірме жолдар саласындағы қызметтерге қол жеткізудің
тең жағдайларын ұйымдастыру тәртібі

      42. Тұтынушылар қозғалыстың, техникалық құралдардың және жылжымалы құрамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда кірме жолдардың қызметтерін «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» 1998 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 14 бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес бекітілген үлгі шарттың негізінде пайдаланады.
      43. Тұтынушылар кірме жолдардың қызметтерін пайдалану құқығын алу үшін Субъектіге екі данада жазбаша өтініш жолдайды. Субъект өтінішті түскен күні мен уақытын көрсете отырып тіркейді, бұл ретте тіркелген өтініштің бір данасы тұтынушыға беріледі.
      44. Субъект кірме жолдар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың өтініштерін тіркеу журналын жүргізеді, ол нөмірленуі және тігілуі тиіс. Кірме жолдар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) тұтынушылардың өтініштерін тіркеу журналында өтініш түскен күні мен уақыты, сондай-ақ тіркеу нөмірі тіркеледі.
      45. Тіркеуден бас тартуға, өтініштердің түскен күні мен уақытын, сондай-ақ олардың тіркеу нөмірлерін бұрмалауға жол берілмейді.
      46. Субъект өтініштерді қарауды олардың түсу кезектілігіне сәйкес келетін реттілікпен 5 сағаттың ішінде жүргізеді.
      47. Бір күнде бірнеше өтініштер түскен кезде, оларды бір мезгілде қанағаттандыру кірме жолдың өткізу қабілетімен шектелген жағдайда, кірме жолдар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) көрсету кірме жолдың техникалық және технологиялық мүмкіндігіне қарай мәлімделген көлемге тепе-тең орташа өлшенген қағидат бойынша тұтынушыны өтініш түскен кезден бастап 7 сағат ішінде жазбаша хабардар ете отырып жүзеге асырылады.
      48. Тұтынушы кірме жолдар қызметтерінен бас тартқан жағдайда, Субъект кірме жолдар қызметтерін өтініш берген кезектілігі бойынша келесі тұтынушыға ұсынады.

13. Әуежайлардың қызметтеріне тең қол жеткізуді ұйымдастыру тәртібі

      49. Слоттарды бөлу әуеайлақ аумағында ұшуларды, ұшу-қону жолағындағы қозғалыстарды қауіпсіз орындауды, әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуді және әуежайда жолаушыларға қызмет көрсетуді жоспарлау шарттарына сүйене отырып жүргізіледі.
      50. Тұтынушылар слоттарды (олардың өзгерісін) ұшу, қону Субъектісімен тұтынушыға слоттарды келісуге жазбаша нысанда өтінім (бұдан әрі – өтінім) жіберу жолымен келіседі.
      51. Өтінімде мынадай мәліметтер беріледі:
      1) рейсті орындау маусымы;
      2) авиакомпания коды;
      3) рейс нөмірі;
      4) орындау күндері;
      5) әуе кемелерінің үлгілері;
      6) орындықтар саны;
      7) бағыты;
      8) рейс үлгісі;
      9) әуе кемесінің біліктілік нөмірін қоса алғанда, әуе кемесінің техникалық сипаттамалары.
      52. Субъект слоттарды келісу өтінімдерінің тізілімін (бұдан әрі - Тізілім) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6668 тіркелген, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2010 жылғы 11 қарашадағы № 520 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуежайларында әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін уақытша интервалдарды бөлу қағидаларына сәйкес жүргізеді.
      Тізілімде өтінімнің түскен күні мен уақыты, сондай-ақ оның тіркеу нөмірі тіркеледі.
      Тіркеуден бас тартуға, өтінімде көрсетілген деректерді және өтінімнің тіркеу нөмірін бұрмалауға жол берілмейді.
      53. Тізілімде тіркелген өтінімдер туралы ақпарат барлық тұтынушыларға қол жетімді болуы тиіс. Тізілімде қамтылған мәліметтер Интернет желісінде әуежайдың ресми сайтында орналасады және күн сайын (жұмыс күндері) жаңартылуы тиіс. Тұтынушының жазбаша сұрауы бойынша Тізілімде қамтылған мәліметтерді Субъект өтініш келген күні береді.
      54. Субъект өтінімді қарап, тұтынушыға жауапты оны алған күнінен бастап 3 жұмыс күнінің ішінде жолдайды.
      55. Рейс параметрлері, өткізу қабілетінің нормативтері және әуежай жұмысының шектеулері өзгерген кезде, сондай-ақ слоттарды тұтынушының барлық өтінімдерін қанағаттандыратындай бөлу мүмкіндігі болмаған жағдайда, артықшылық жолаушылардың тұрақты рейстеріне беріледі және әуе желілері бойынша мынадай басымдық белгіленеді:
      1) халықаралық;
      2) ішкі;
      3) халықаралық чартерлік;
      4) ішкі чартерлік;
      5) жүк.
      56. Басымдығы бойынша бірдей және әуежайдың техникалық мүмкіндігінің шектелуінен бір мерзімде қанағаттандыру мүмкін емес слоттарды бөлуді көздейтін бірнеше өтінімдер болған кезде Субъект өтінімдерді қарау мен растауды Тізілімде тіркелген өтінімдерді беру кезектілігін ескере отырып жүзеге асырады.
      57. Әуежайлардың реттеліп көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізу мақсатында әуежайлар саласындағы Субъектілермен шарт жасасу үшін тұтынушылар:
      1) тұтынушы (пайдаланушы) сертификатын;
      2) азаматтық кемені мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті;
      3) әуе кемелерінің барлық үлгілері бойынша ұшу жарамдылығы сертификаттарын ұсынады.
      58. Шетелдік әуе тасымалдаушылары Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.

14. Теңіз порттары саласындағы қызметтерге
тең қол жеткізуді ұйымдастыру тәртібі

      59. Порттар саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының астында жүзетін кемелерге және шетел кемелеріне көрсетіледі.
      60. Кемелерге қызмет көрсету мына кезектілікпен жүргізіледі:
      1) авариялық кемелер, көмек көрсетуге келе жатқан кемелер және бортында ауыр науқасты адам бар кемелер;
      2) шекара әскерлерінің теңіз бөлімдерінің корабльдері мен кемелері;
      3) кесте бойынша жүретін паромдар мен жолаушы кемелері;
      4) газ тасушы кемелер;
      5) тез бүлінетін жүктер мен балық өнімдері тиелген кемелер;
      6) қауіпті жүктері бар кемелер;
      7) желілік кемелер;
      8) өтінімдер түскен уақытқа сәйкес басқа да кемелер.
      61. Межелі портқа кеменің жақындауы туралы ақпаратты кеме капитаны Қазақстан Республикасының теңіз портына келе жатқан кезде порт диспетчеріне, порт капитанына және қажет болған жағдайда басқа да мекенжайларға береді.
      62. Жақындау туралы ақпарат 48 сағат бұрын, екінші рет – 24 сағат бұрын хабарланады және келгенге дейін 4 сағат бұрын нақтыланады. Өту ұзақтығы 48 сағаттан кем болған кезде кеме жөнелту портынан шыққаннан кейін 2 сағат шегінде. Балық аулау кәсіпшілігі флотының капитандары кәсіптен шығу уақытын, сондай-ақ портқа жақындау уақытын 48 сағаттан кешіктірмей хабарлайды.
      63. Кеменің портқа келуі Теңіз порт әкімшілігінде шекара, кеден, санитарлық және карантиндік талаптар сақтала отырып, келген сәттен бастап 24 сағат ішінде ресімделеді. Кеменің келуі Жалпы декларацияны, кемелік рөлді және жолаушылар тізімін ұсыну бойынша ресімделеді.
      64. Кеменің рейске шығуын ресімдеуді Порттың теңіз әкімшілігі жүзеге асырады. Ресімдеу кеменің техникалық және теңізде жүзуінің қанағаттанарлық жағдайын растайтын, уәкілетті орган немесе басқа топтастырғыш қоғам берген тиісті кеме құжаттары болған кезде, сондай-ақ өрт күзеті және санитарлық-карантиндік бақылау тарапынан кедергілер болмаған жағдайда жүргізіледі. Кеменің теңізге шығуға дайындығын Порттың теңіз әкімшілігі тексереді.

15. Аэронавигация қызметтеріне тең қол жеткізуді ұйымдастыру тәртібі

      65. Аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізу мақсатында аэронавигация саласындағы Субъектілермен шарт жасасу үшін тұтынушылар аэронавигация саласындағы Субъектілерге жазбаша өтінішті мынадай құжаттар:
      1) пайдаланушы сертификатының;
      2) азаматтық кемені мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің;
      3) әуе кемелерінің барлық түрлері бойынша ұшу жарамдылығы сертификаттарының;
      4) жарғы;
      5) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің* немесе анықтаманың көшірмесін.
      Ескертпе: * «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады;
      6) қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәліктің;
      7) Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) үш әріптік код берілгені туралы хатының көшірмелерін қоса бере отырып жолдайды.
      66. Осы Қағидалардың талаптарын тұтынушылар мен Өкілдер сақтаған жағдайда, аэронавигация саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің тұтынушыларға аэронавигацияның реттеліп көрсетілетін қызметтерін көрсетуден бас тартуына жол берілмейді.
      67. Шетелдік әуе тасымалдаушылары өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.

16. Мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін магистральдық
құбыржолдары арқылы тасымалдау саласындағы реттеліп
көрсетілетін қызметтерге (тауарларға, жұмыстарға) тең қол
жеткізуді ұйымдастыру тәртібі

      68. Тұтынушыларға мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін магистральдық құбыржолдары арқылы тасымалдау саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтер (тауарлар, жұмыстар) құзыретті орган бекіткен мұнайды жеткізу кестесіне сәйкес ұсынылады.
      69. Магистральдық құбыржолының бос қуаты болмауы салдарынан реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсетудің техникалық мүмкіндігі шектелген жағдайда, реттеліп көрсетілетін қызметтерге бірінші кезекте қол жеткізу басымдығы:
      1) мұнайды Қазақстан Республикасының мұнай өңдеуші зауыттарына жеткізуді жүзеге асыратын;
      2) мұнайды тасымалдау қызметтерін ұсынуға жасалған шартқа сәйкес тасымалдау үшін мұнайдың міндетті ең төменгі жылдық көлемін ұсыну міндеттемелерін алған;
      3) аумағында тасымалдау жүзеге асырылатын елдердегі мұнай құбыры ұйымдары белгілейтін сапа бойынша техникалық талаптарға тасымалданатын мұнайдың қоспасын және (немесе) мұнай өнімдерін сәйкес келтіру мүмкіндігін беретін қажетті сападағы мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін тасымалдауға ұсынатын;
      4) жасалған шарттың талаптарына сәйкес және инвестициялар толық өтелгенге дейін магистральдық құбыржолдарының немесе оның жекелеген объектілерінің өткізу қуатын кеңейтуді инвестициялау үшін тартылған;
      5) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерін және (немесе) Қазақстан Республикасының қатысуымен халықаралық келісімдерді орындауды қамтамасыз ететін;
      6) өзінің мұнайын және (немесе) мұнай өнімдерін тасымалдау үшін баламалы техникалық мүмкіндігі жоқ тұтынушыға беріледі.
      70. Қағидалардың 68-тармағында көрсетілген тұтынушыларды қоспағанда, құзыретті орган тұтынушылар арасында магистральдық құбыржолдарының қуаттарын бөлуді тұтынушылар мәлімдеген мұнай және (немесе) мұнай өнімдерін тасымалдаудың көлемдеріне қатысты тепе-тең негізінде жүргізеді.

17. Газбен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарттарды
берген кезде тауарлық газды сақтау, жалғастырушы, магистральдық
газ құбырлары және (немесе) газ тарату жүйелері арқылы
тасымалдау, топтық резервуарлық қондырғыларды пайдалану,
сондай-ақ шикі газды жалғастырушы газ құбырлары арқылы
тасымалдау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол
жеткізудің тең жағдайларын ұйымдастыру тәртібі

      71. Тұтынушының газды немесе газ конденсатын сақтау, магистральдық және (немесе) тарату құбыр жолдары арқылы тасымалдау, газ тарату қондырғыларын және олармен байланысты газ таратушы газ құбырларын пайдалану саласындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуге арналған өтінімі мынадай мәліметтер мен құжаттарды қамтуы тиіс:
      1) тұтынушының деректемелері;
      2) заңды тұлғалар үшін (Қазақстан Республикасының резиденттері үшін – жарғы түпнұсқасының, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәліктің* немесе анықтаманың нотариалды куәландырылған көшірмелері, Қазақстан Республикасының резиденттері еместер үшін – құрылтайшы-шетелдік заңды тұлға шетел мемлекетінің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатындығын куәландыратын, нотариалды куәландырылған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы бар сауда-саттық тізілімінің заңдастырылған үзіндісі немесе басқа да заңдастырылған құжат);
      жеке тұлғалар үшін (кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркеу туралы құжат және жеке куәлігінің көшірмесі).
      Ескертпе: * «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады;
      3) барлық тұтынушылар үшін газды немесе газ конденсатының тиісті көлемінің болуын растау (ресурстық анықтама, газды немесе газ конденсатын сатып алу шартының нотариалдық куәландырылған көшірмесі);
      4) магистральдық және (немесе) таратушы құбыржолдары арқылы газды немесе газ конденсатын тасымалдау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге өтінім берілген жағдайда - барлық тұтынушылар үшін газды немесе газ конденсатын тасымалдаудың басталу және аяқталу мерзімі;
      5) магистральдық және (немесе) тарату құбыржолдары арқылы газды немесе газ конденсатын тасымалдау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге өтінім берілген жағдайда – барлық тұтынушылар үшін газ немесе газ конденсатын тасымалдау маршрутының басталатын пункті;
      6) магистральдық және (немесе) таратушы құбыржолдары арқылы газды немесе газ конденсатын тасымалдау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге өтінім берілген жағдайда – барлық тұтынушылар үшін газ немесе газ конденсатын тасымалдау маршрутының аяқталатын пункті;
      7) газды сақтау және (немесе) газ таратушы қондырғыларды және олармен байланысты газ таратушы газ құбыржолдарын пайдалану жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге өтінім берілген жағдайда – барлық тұтынушылар үшін газ немесе газ конденсатын қабылдау туралы;
      8) газды сақтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу үшін өтінім берілген жағдайда – барлық тұтынушылар үшін газ немесе газ конденсатын айдауды бастау және іріктеуді аяқтау мерзімі;
      9) газ таратушы қондырғыларды және олармен байланысты газ таратушы газ құбыржолдарын пайдалану жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу үшін өтінім берілген жағдайда – барлық тұтынушылар үшін газ немесе газ конденсатын жеткізудің басталу және аяқталу мерзімі;
      10) барлық тұтынушылар үшін жеткізілетін газдың немесе газ конденсатының сипаттамасы мен параметрлері;
      11) газды немесе газ конденсатын магистральдық және (немесе) тарату құбыржолдары арқылы тасымалдау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге өтінім берілген жағдайда – барлық тұтынушылар үшін Қазақстан Республикасының аумағы арқылы газды немесе газ конденсатын тасымалдау кезінде аумақтары арқылы газды немесе газ конденсатын тасымалдау жүзеге асырылатын елдердегі құбыржолдары иелерінің газ немесе газ конденсатының мәлімделген көлемін тасымалдауға жазбаша келісімі.
      72. Қазақстан Республикасының резиденттері емес тұтынушылар ұсынған және олар болған елден шығатын құжаттар заңнамада белгіленген тәртіппен заңдастырылуы, не апостилі болуы тиіс.
      73. Авария салдарынан реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсетудің техникалық мүмкіндігі шектелген жағдайда не қаралып отырған барлық өтінімдерді қанағаттандыру үшін құбыржолдарының жеткілікті бос қуаттары болмаған кезде газды немесе газ конденсатын магистральдық және (немесе) тарату құбыржолдары арқылы тасымалдау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсететін табиғи монополия субъектісі газды немесе газ конденсатын магистральдық және (немесе) тарату құбыржолдары арқылы тасымалдау жөніндегі реттеліп көрсететін қызметтерге бірінші кезекте қол жеткізу басымдығын тұтынушыларға арналған газды немесе газ конденсатын жеткізетін тұтынушыларға мынадай кезектілікпен береді:
      1) газ немесе газ конденсатын тұрмыстық мақсатта пайдаланатын халық;
      2) коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектілер;
      3) технологиялық процестің үздіксіз циклымен өнім шығару үшін шикізат немесе отын ретінде газ немесе газ конденсатын пайдаланатын тұтынушылар;
      4) электр станциялары мен өндірістік кәсіпорындар, олардың көктемгі-қысқы кезеңдерде газбен жабдықталуы отынның резервтік түрлеріне ішінара немесе толық көшу жолымен заңнамада белгіленген тәртіппен реттелуі тиіс;
      5) қалған тұтынушылар.
      74. Авария салдарынан реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсетудің техникалық мүмкіндігі шектелген жағдайда не қаралып отырған барлық өтінімдерді қанағаттандыруға газ қоймасының жеткілікті бос қуаттары болмаған кезде газды сақтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерге бірінші кезекте қол жеткізу басымдығы тұтынушыларға арналған газды сақтайтын тұтынушыларға мынадай кезектілікпен беріледі:
      1) газ немесе газ конденсатын тұрмыстық мақсатта пайдаланатын халық;
      2) коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектілер;
      3) технологиялық процестің үздіксіз циклымен өнім шығару үшін шикізат немесе отын ретінде газ немесе газ конденсатын пайдаланатын тұтынушылар;
      4) электр станциялары мен өндірістік кәсіпорындар, олардың көктемгі – қысқы кезеңдерде газбен жабдықталуы отынның резервтік түрлеріне олардың ішінара немесе толық көшу жолымен заңнамада белгіленген тәртіппен реттелуі тиіс;
      5) қалған тұтынушылар.
      75. Техникалық шарттарды алу үшін тұтынушы көрсетілетін қызметтерді жеткізушіге ең жоғары сағаттық тұтыну көлемін көрсете отырып, еркін нысанда жазбаша өтініш (өтінім, арыз) береді.
      Жазбаша өтінішке (өтінімге, арызға) мыналар қоса беріледі:
      1) жеке тұлғалар үшін – объект иесінің жеке куәлігінің көшірмесі, заңды тұлғалар үшін – мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмесі;
      2) объект орналасқан жердегі жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың нотариалдық ресімделген көшірмесі не жылжымайтын мүлік иесінің объектіні газдандыруға нотариалдық ресімделген келісімі;
      3) газдандырылатын объектіге (тұрғын үйге) арналған техникалық паспорттың көшірмесі немесе қолданыстағы (үй ішіндегі) желілерді реконструкциялауға арналған газдандырудың эскиздік жобасының көшірмесі;
      4) пайдаланылатын ұйымдарға сәйкес келісілген 1:500 масштабтағы құрылыс учаскесінің топографиялық түсірілімі (барлық жер үсті және жер асты коммуникациялармен және құрылыстармен);
      5) техникалық сипаттамасы көрсетілген газ тұтыну жабдықтарына арналған техникалық паспорттың көшірмесі;
      6) объектінің орналасу схемасы;
      7) заңды тұлғалар үшін – көп қабатты үйлерді газдандыру кезінде тамақ пісіруге, жылытуға, ауа алмастыруға, ауа баптауға, ыстық сумен жабдықтауға табиғи газды пайдалануға гидравликалық есептер.
      76. Жаңа, кеңейтілетін немесе реконструкцияланатын объектілердің газбен жабдықтау жүйелерінің өндірістік қуаттарын анықтау қажет болған кезде, көрсетілетін қызметтерді жеткізуші осы Қағидалардың 75-тармағына сәйкес жазбаша өтініш (өтінім, арыз) келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату бойынша ақпаратты, сауалнама парағын, жер учаскесін бөлу схемасын сұртады.
      77. Көсетілетін қызметтерді жеткізуші техникалық шарттарды беруді осы Қағидалардың 75-тармағына сәйкес жазбаша өтініш (өтінім, арыз) келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
      78. Объектілерді газбен жабдықтауға, қосуға техникалық шарттарды беру:
      1) осы Қағидалардың 75-тармағына сәйкес өтінішке қоса берілетін құжаттар мен мәліметтер толық және дұрыс болған;
      2) газдандырылатын объект Қазақстан Республикасы нормативтік-құқықтық актілерінің және нормативтік-техникалық құжаттарының талаптарына сәйкес келген;
      3) объектіні газдандырудың техникалық мүмкіндігі болған кезде, сондай-ақ жаңа объектілерді қосу немесе қолданыстағы қуаттарды арттыру басқа тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын төмендетуге әкелмеген жағдайда;
      4) желілер болған жағдайларда жүзеге асырылады.
      79. Осы Қағидалардың 78-тармағындағы талаптардың біріне сәйкес келмеген жағдайда, жазбаша өтініш (өтінім, арыз) келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тұтынушыға бас тарту себептері көрсетіліп, жазбаша түрде дәлелді жауап жіберіледі.
      80. Техникалық шарттарда жабдықтардың рұқсат етілетін қуаты, саны, орналасуы және негізгі сипаттамалары көрсетіледі.
      81. Техникалық шарттар жобалау (жобалау-сметалық) құжаттама құрамында бекітілген құрылыстың нормативтік ұзақтығының бүкіл мерзімі ішінде қолданылады.
      82. Газбен жабдықтау жүйесі объектісінің бастапқы жобалық шешімі өзгерген жағдайда, техникалық шарттар көрсетілетін қызметтерді жеткізушіге осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тұтынушының жаңа техникалық шарттарға жазбаша өтініш (өтінім, арыз) беруі арқылы олардың қолданылу кезеңі ішінде өзгертіледі.
      83. Техникалық шарттардың қолданылу кезеңі ішінде оларды көрсетілетін қызметтерді жеткізушінің бастамасы бойынша өзгертуге тұтынушының келісімімен Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілері мен нормативтік-техникалық құжаттарының талаптары өзгертілген жағдайда рұқсат етіледі.
      84. Көрсетілетін қызметтерді жеткізуші берілген техникалық шарттардың есебін жүргізеді.
      85. Объект иесі ауысқан кезде мүдделі тараптардың бірі (иесі, сатып алушы, жалға алушы) сатып алу-сату (мүліктік жалдау) шарты жасалған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде көрсетілетін қызметтерді жеткізушіге иесінің ауысуы туралы хабарлайды және көрсеткіштерді, коммерциялық есепке алу аспаптарының қосылу схемасын тексеріп салыстыру үшін олардың өкілдерін белгіленген күні мен сағатта шақырады. Көрсетілетін қызметтерді жеткізуші тиісті актіні жасайды және тұтынушыға сол жерде береді.
      Көрсетілетін қызметті жеткізушіге иесінің ауысуы туралы хабарламамен бірге тараптардың теңгерімдік тиесілігін және пайдалану жауапкершілігін бөлу актілерін қайта ресімдеуге жібереді. Қайта ресімделген актіні беру мерзімі хабарлама алған күнінен бастап үш жұмыс күнін құрайды.

18. Сумен жабдықтау және (немесе) суды бұру саласындағы
реттеліп көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуді ұйымдастыру
және оларға қосылуға техникалық шарттарды берген кезде тең қол
жеткізуді ұйымдастыру тәртібі

      86. Сумен жабдықтау және суды бұру жүйелерінің өндірістік қуаты жеткіліксіз болған кезде жүйелерге жалғану басқа тұтынушыларға қызметтерді көрсетудің нашарлауына алып келетін болса, жалғануға рұқсат сұраған тұтынушыға сумен жабдықтау және суды бұру жүйелерінің қосымша қуаттарын салуға техникалық шарттар беріледі.
      87. Тұтынушыларды Субъектінің жүйелеріне қосу тұтынушыларда:
      1) желілердің теңгерімдік тиесілілігінің шекарасы және тараптардың пайдалану жауапкершілігі белгіленген сумен жабдықтау және суды бұру қызметтеріне арналған шарт;
      2) Субъектінің техникалық шарттарына жауап беретін желілер мен қажетті жабдық;
      3) суды есепке алу аспаптары болған жағдайда жүргізіледі.
      88. Тұтынушыларды Субъектінің жүйелеріне қосу "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес салынған сумен жабдықтау және суды бұру жүйелері қызмет беруші берген техникалық шарттарға толық сәйкес келген жағдайда жүргізіледі.
      89. Техникалық шарттарды көрсетілетін қызметтерді жеткізуші осы Қағидалардың 15-тармағында санамаланған жағдайларда, сумен жабдықтау және су бұру объектілерін қосуға немесе инженерлік желілерін дамытуға елді мекеннің сумен жабдықтау және су бұру құрылыстары өнімділігінің қоры және желілерінің өткізу қабілеті жеткілікті болған жайғдайда береді.
      90. Жобаланып отырған объектінің сипаттамалары өзгерген жағдайда, тұтынушының осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен жаңа техникалық шарттарға жазбаша өтініш (өтінім, арыз) беруі арқылы техникалық шарттардың қолданысы кезеңі ішінде олар өзгертілуі мүмкін.
      91. Сумен жабдықтау және су бұру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді жеткізушінің бастамасы бойынша техникалық шарттардың қолданысы кезеңі ішінде оларды өзгертуге тұтынушының келісімімен нормативтік-техникалық құжаттардың талаптары өзгерген жағдайда рұқсат етіледі.
      92. Сумен жабдықтау және/немесе су бұру жүйелеріне қосылуға техникалық шарттарды алуға арналған өтініште (өтінімде, арызда) мыналар көрсетіледі:
      1) тұтынушының атауы мен деректемелері, өндірістік қызметінің сипаттамасы;
      2) тұтынушы техникалық шарттарды алуға уәкілеттік берген тұлға туралы мәліметтер (қажет болған жағдайда);
      3) сумен жабдықтау және суды бұру қызметтерін тұтынуды белгілеу;
      4) жобаланып отырған объектінің сумен жабдықтау және су бұру бойынша бастапқы деректері (тәулігіне текше метр м3 /тәулік, сағатына текше метр м3 /сағ, секундына ең жоғары литр л/с) суды пайдалану түрлері бойынша, оның ішінде өрт сөндіру қажеттіліктеріне (секундына литр л/с);
      5) сумен жабдықтау және/немесе су бұру қызметтерін өндірісте тұтынған жағдайда сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін тұтынудың мәлімделген көлемдерін негіздейтін материалдар;
      6) тұтынушы өндірістік сарқынды суларды тазарту үшін жергілікті тазалау құрылыстарының сипаттамасын (қолданыстағы объектілер үшін);
      7) сумен жабдықтау және/немесе су бұру қызметтерін өндірістік тұтынған жағдайда, елді мекеннің су бұру жүйесіне ағызылатын және ағызылуға тиіс сарқынды сулардың;
      қазіргі жағдайда және перспективада түрлері бойынша өндірістік сарқынды сулардың шығыстары;
      қазіргі жағдайда және перспективада тұрмыстық сарқынды сулардың шығыстары;
      қазіргі жағдайда және перспективада жекелеген көрсеткіштер (физикалық, химиялық, биохимиялық, бактериологиялық, радиоактивті) өндірістік сарқынды сулардың құрамы;
      шығарудағы сарқынды сулардың тұрмыстық шығыстары жөніндегі деректер мен сипаттамалары;
      8) қосылатын объектінің сипаттамалары (ғимараттың мақсаты, биіктігі немесе қабаты, қосалқы тұтынушылардың тізбесі).
      93. Сумен жабдықтау және/немесе су бұру жүйелеріне қосылуға техникалық шарттар алуға арналған өтінішпен (өтініммен, арызбен) тұтынушы көрсетілетін қызметтерді жеткізушіге жаңа құрылысты салу үшін жер учаскесін (учаскені қолдану үшін рұқсатты) алу туралы жергілікті атқарушы органның шешімін немесе қолданыстағы объектілерді өзгертуге (реконструкциялауға, жаңадан жоспарлауға, қайтадан жабдықтауға) жергілікті атқарушы органның рұқсатын ұсынады.
      94. Көрсетілетін қызметтерді жеткізуші жазбаша өтінішті (өтінімді, арызды) алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде объектіге қосылуға немесе сумен жабдықтау және су бұру құрылыстарының өнімділігінің қоры және сумен жабдықтау және су бұру желілерінің өткізу қабілеттілігі жеткілікті болған кезде инженерлік желілерді дамытуға техникалық шарттар береді немесе себептерін көрсете отырып, техникалық шарттарды беруден бас тартады.
      Бұл ретте тұтынушыға техникалық шарттарды беруден бас тарту үшін:
      1) егер жаңа объектілерге қосылу немесе қолданыстағы қуаттарды ұлғайту басқа тұтынушыларға көрсетілетін қызметтер сапасының нашарлауына алып келетін жағдайлар;
      2) осы Қағидалардың 92, 93-тармақтарында көрсетілген құжаттардың толық пакетін ұсынбау жағдайлары негіз болып табылады.
      95. Техникалық шарттарды беруден бас тарту жазбаша нысанда жасалады және бес жұмыс күні ішінде беріледі.
      96. Құрылыстардың өнімділігі және/немесе сумен жабдықтау және/немесе су бұру желілерінің өткiзу қабiлеті жеткіліксіз болған кезде көрсетілетін қызметтерді жеткізуші жаңа қуаттарды салуды ескере отырып, техникалық шартты береді.
      97. Техникалық шарттар Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің және нормативтік техникалық құжаттарының талаптары ескеріле отырып жасалады.
      Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне бірнеше көрсетілетін қызметтерді жеткізуші қызмет көрсетсе, олардың әрқайсысы өздерінің теңгеріміндегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосылуға техникалық шарттарды әзірлейді және береді.
      98. Техникалық шарттар жоба (жобалық-сметалық) құжаттаманың құрамында бекітілген құрылыстың нормативтік ұзақтығы мерзімінде қолданады.
      99. Көрсетілетін қызметтерді жеткізуші әзірленген және берілген техникалық шарттардың есебін және тіркеуді ұйымдастырады. Берілген техникалық шарттардың бір данасы көрсетілетін қызметтерді жеткізушіде сақталады. Берілген техникалық шарттардың мерзімі шектелмейді.
      100. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріне қосылу көрсетілетін қызметтерді жеткізуші беретін қосылуға арналған техникалық шарттардың негізінде әзірленген жобалық құжаттамаға сәйкес мынадай құжаттарды қоса бере отырып, қосылуға жазбаша өтінішті (өтінімді, арызды) алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде жүргізіледі:
      1) қызметтер жеткізушімен алдын ала келісілген объектінің сумен жабдықтау және су бұру желілері мен құрылыстарын салуға арналған жобасы;
      2) жасырын жұмыстарға арналған акті;
      3) жүйелерді гидравликалық сынаудың жүргізілуі және нәтижелері туралы акті;
      4) суды бактериологиялық талдаудың теріс нәтижелерін ұсына отырып, сумен жабдықтау желілері мен құрылыстарын жуудың және дезинфекциялаудың жүргізілгені туралы акті;
      5) электрондық және қағаз жеткізгіштерде 1:500 масштабындағы тұтынушының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің сыртқы желілері мен құрылыстарының орындаушы түсірілімі;
      6) сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің теңгерімдік тиесілігін шектеу туралы акті;
      7) есепке алу аспабын орнатудың және оларды пломбалаудың дұрыстығын тексеру актісі;
      8) тұтынушы объектісінің сумен жабдықтау және/немесе су бұру жүйелерінің елді мекендегі сумен жабдықтау және/немесе суды бұру жүйелеріне қосылуға техникалық әзірлігінің және көрсетілетін қызметтерді жеткізушінің техникалық талаптарын орындаудың актісі.

19. Телекоммуникациялар қызметтерінің осы түрлерiн ұсынудың
технологиялық мүмкiн болмауы не экономикалық тиiмсiздiгi
себебiнен бәсекелес байланыс операторы болмаған кезде
телекоммуникациялар және телекоммуникациялар желiлерiн ортақ
пайдаланудағы телекоммуникациялар желiсiне қосуға технологиялық
жағынан байланысты кәбiлдiк кәрiздер мен өзге де негiзгi
құралдарды мүлiктiк жалдауға (жалға) немесе пайдалануға ұсыну
салаларындағы реттеліп көрсетілетін қызметтерге (тауарларға,
жұмыстарға) тең қол жеткiзудi ұйымдастыру тәртібі

      101. Телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерiне тұтынушылардың қол жеткiзуінің тең жағдайларын қамтамасыз ету мынадай қағидаттарға сүйене отырып жүзеге асырылады:
      1) барлық тұтынушылар үшiн телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерiне тең қолжетiмдiлiгi;
      2) телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерiнің барлық тұтынушыларына қатысты бiрыңғай тарифтiк саясат жүргiзу;
      3) телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерi тiзбесiнiң, телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерi тарифтерiнiң (бағаларының, алым ставкаларының), телекоммуникациялар желiлерiне қосылатын стандартты нүктелер тiзбесiнiң және телекоммуникациялар желiлерiнің байланыс операторларын қосу шарттарының ақпараттық ашықтығы.
      102. Телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерiне қол жеткiзу құқығын алу үшiн тұтынушы Субъектiге телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерiн көрсетуге еркiн нысанда жасалған өтiнiш (бұдан әрi – өтiнiш) жолдайды.
      103. Тұтынушылардың өтiнiштерi өтiнiш көлемiне не қызметтер тұтынудың басқа жағдайларына қарамастан, тең жағдайлармен қабылданады.
      104. Өтiнiш жазбаша түрде екi данада рәсiмделедi, олардың бiрi тiркелген нөмiрмен, күнiмен, түсу күнiмен тұтынушыда қалады.
      105. Субъект өтiнiштердi тiркеу журналын жүргiзедi, ол нөмiрленуі және тiгiлуі тиiс. Өтiнiштердi тiркеу журналында өтiнiш түскен күнi мен уақыты, сондай-ақ оның тiркелген нөмiрi тiркеледi.
      106. Тiркеуден бас тарту, өтiнiштiң түскен күнi мен уақытын, сондай-ақ олардың тiркелген нөмiрлерiн бұрмалауға жол берілмейді.
      107. Субъект өтiнiштердi қарауды олардың түсу кезектiлiгіне сәйкес келетін бірізділікпен күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүргiзедi.
      108. Тұтынушы телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерiнен бас тартқан жағдайда, Субъект өтініш ұсынған кезектілігі бойынша келесі байланыс операторына ұсынады.
      109. Субъект пен тұтынушы арасындағы қарым-қатынас Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетiн нарықтар туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi органның ведомствосы бекiткен тарифтердi (бағаларды, алым ставкаларын) ескере отырып шарт негiзiнде құрылады.
      110. Тұтынушыларға тең жағдайлар ұсыну мақсатында Субъект реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуді алу кезеңінде өзінің интернет-ресурсында жариялайды не орналастырады:
      1) телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерінің тiзбесi;
      2) телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерiне тарифтер (бағалар, алым ставкалары);
      3) қосылудың стандарттық нүктелер тiзбесi;
      4) телекоммуникациялар желiсiне қосылу және телефон трафигiн өткiзуге байланысты, Субъектiнiң алаңдарын, үй-жайларын және мүлiктерiн қолдану шарттарын қоса алғанда, Субъектiнiң телекоммуникация желiсiне байланыс операторларының телекоммуникация желiлерін қосудың үлгі шарттары;
      5) телефон кәрiзiн пайдалануға ұсыну бойынша үлгі талаптар;
      6) Субъектінің үлгі шарттары.
      111. Байланыс операторларын Субъектінің телекоммуникация желiлерiне қосу олар Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген Трафиктi өткiзу және өзара есеп айырысу тәртібін қоса алғанда, телекоммуникация желiлерiн қосу және олардың өзара әрекеттестігі тәртібіне сәйкес Субъект беретiн қосылуға және кәбiлдi төсеуге арналған техникалық шарттарды орындаған кезде жүргiзiледi.
      112. Субъект телефон кәрiзiнде арна немесе орынды тұтынушыларға тұтынушылардың кабель салуға арналған техникалық шарттарды орындау мерзiмi iшiнде ақысыз сақтайды.
      113. Тұтынушылар қосылу және кәбiлдi төсеуге арналған техникалық шарттарды орындағаннан кейiн, табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар салаларындағы уәкілетті органмен бекiтiлген Трафикті қосуға және өткізуге арналған үлгі шартқа, Байланыс операторына желілерін (кәбілдік) кәрізін пайдалануға беруге арналған үлгі шартқа сәйкес Субъект тұтынушылармен шарт жасасады.
      114. Телефон кәрізін барлық мақсаттарға пайдалануға ұсыну бойынша қызметтер көрсететін Субъект өзінің қызметтеріне кедергісіз және кемсітусіз қол жеткізуін:
      1) тұтынушылар Субъектінің техникалық шарттар талаптарын орындаған;
      2) Субъектіде тұтынушыларға қызметтер ұсынатын техникалық мүмкіндігі болған жағдайда қамтамасыз етеді.
      115. Субъектіге телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерiне қол жеткізу шарттарын күштеп таңуға және оның тұтынушыларды кемсітуге алып келетін басқа да іс-әрекеттер жасауына жол берілмейді.
      116. Субъект тұтынушыларға телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерiн және телекоммуникациялардың реттеліп көрсетілетін қызметтерiн көрсетуiне байланысты ақпаратты ұсынады.

20. Қызметтерге қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну жөніндегі
өтініштерді қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау тәртібі

      117. Тұтынушыға қызметтерге қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда, тұтынушы уәкілетті органғаөтініш жолдайды.
      Өтініште өтініш беруші туралы және оған қатысты өтініш берілген Субъект туралы мәліметтер, осы Қағидалардың талаптарын бұзу сипаттамасы, сондай-ақ өтініш білдіруші өтініште қойып отырған талаптар қамтылуы тиіс.
      118. Қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілмейтін Тұтынушының өтінішін уәкілетті орган күнтізбелік он бес күн ішінде қарайды.
      Қарау үшін өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілетін Тұтынушының өтініші уәкілетті органға түскен күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады.
      119. Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайларда, қарау мерзімі күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы тұтынушы қарау мерзімі ұзартылған сәттен бастап күнтізбелік үш күннің ішінде хабардар етіледі.
      Өтініш бойынша қарау мерзімі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұзартылады.
      120. Субъект не қызметтерді тұтынушылар уәкілетті органның шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен толық немесе ішінара шағым жасауға құқылы.

21. Ұсынылатын реттеліп көрсетілетін қызметтер туралы ақпаратты ұсыну

      121. Магистральдық темір жол желісінің, кірме жолдың, әуежайлар мен порттардың көрсетілетін қызметтері туралы, олардың құны туралы, қол жеткізу тәртібі туралы, сондай-ақ магистральдық темір жол желісінің, кірме жолдың, әуежайлар мен порттардың өткізу қабілетінің болуы, реттеліп көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) көрсетудің техникалық және технологиялық мүмкіндіктері туралы ақпарат өтініштерді қабылдау орнында мәтіндер, кестелер мен графиктер түрінде орналастырылады.
      Электр энергиясын беру және (немесе) тарату, жылу энергиясын өндіру, жылу беру және (немесе) тарату, мұнайды және (немесе) мұнай өнімдерін магистральдық құбыржолдары арқылы тасымалдау, газды немесе газ конденсатын сақтау, магистральдық және (немесе) таратушы құбыржолдары арқылы тасымалдау, газ таратушы қондырғыларды және олармен байланысты газ таратушы газ құбыржолдарын және сумен жабдықтау және суды бұру жүйелерін пайдалану жөнінде көрсетілетін қызметтер туралы, олардың құны туралы, қол жеткізу тәртібі туралы ақпаратты Субъект қызметтерді тұтынушының сұрауы (жазбаша нысанда) бойынша береді.
      122. Субъект магистральдық темір жол желісінің қызметтерін көрсетуге өтініштерді қабылдау жерінде жоспарланған кезеңде мәлімделген тасымалдау көлемдерін поездар қозғалысының нақты бағытында магистральдық темір жол желісінің өткізу қабілетінен асырған жағдайда, жүрудің басқа маршруттары бойынша тасымалды жүзеге асыру мүмкіндігі туралы ақпарат орналастырады.
      123. Субъект магистральдық темір жол желісі көрсететін қызметтер туралы, олардың құны туралы, магистральдық темір жол желісіне қол жеткізу тәртібі туралы, сондай-ақ поездар қозғалысының кестесіне сәйкес магистральдық темір жол желісінің өткізу қабілеті, қызметтерін көрсетудің техникалық және технологиялық мүмкіндіктері туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етеді.
      124. Аэронавигация саласындағы табиғи монополиялар субъектілері аэронавигацияның ұсынылып отырған реттеліп көрсетілетін қызметтері туралы, сондай-ақ осы қызметтерді көрсетудің техникалық және технологиялық мүмкіндіктері туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының аэронавигациялық ақпарат жинағында жариялайды.
      125. Аэронавигациялық қызмет көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі ақпарат AIP, AIC және NOTAM жарияланады.
      126. Реттеліп көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу шарттарын күштеп таңуға немесе осы қызметтердің тұтынушыларын кемсітуге алып келетін өзге де іс-әрекеттерді жасауға жол берілмейді.
      127. Уәкілетті орган Субъект ұсынған ақпаратты пайдаланған кезде мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық құпияның, Субъектінің және қызметтерді тұтынушылардың басқа да заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
      Субъект уәкілетті органның талабы бойынша көрсетілген Қызметтердің мәлімделген және іс жүзіндегі көлемдері туралы мәліметті қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен ұсынады.