Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 111 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 26 наурызда № 10533 тіркелді.

      "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабының 13) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидаларын бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр В. Школьник

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 20 ақпандағы
№ 111 бұйрығымен
бекітілген

Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 11.02.2021 № 54 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзiрлендi және электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс iстеуі, сондай-ақ осы нарықта қызмет көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) есеп айырысу кезеңi – электрмен жабдықтау шартында айқындалатын, көрсетiлген қызметтер және (немесе) электр энергиясын жеткiзгенi үшiн есеп айырысу жүргiзiлетiн уақыт бөлiгi;

      2) нақты теңгерім – электр энергиясының бөлшек сауда нарығындағы субъектiлердiң есеп айырысу кезеңінде жеткiзген және тұтынған электр энергиясы көлемiнiң атаулы бөлiнуiн белгiлейтiн, өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия беруші ұйым жасаған құжат;

      3) өңірлік деңгейдегі электр желілері – бір облыс ішіндегі аудандар арасында не әртүрлі облыстардың аудандары арасында электр энергиясын беруге арналған кіші станциялардың, тарату құрылғыларының және оларды қосатын электр беру желілерінің жиынтығы;

      4) техникалық шарттар – электр желілеріне қосуды орындау үшін қажетті техникалық талаптар;

      5) электрмен жабдықтау шарты – электрмен жабдықтаудың үлгілік шарты негізінде жасалатын келісім, оған сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға жалғастырылған желi арқылы энергия беруге мiндеттенеді, ал тұтынушы алған электр энергиясына ақы төлеуге, сондай-ақ оны тұтынудың шартта көзделген режимiн сақтауға, өзінің қарамағындағы электр желiлерiн пайдалану қауiпсiздiгiн және электр энергиясын тұтынуымен байланысты олар пайдаланатын аспаптар мен жабдықтардың жарамдылығын қамтамасыз етуге мiндеттенеді.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығын ұйымдастыру және осы нарықта қызмет көрсету тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 11.02.2021 № 54 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-параграф. Энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясының
бөлшек сауда нарығына қатысуы

      Ескерту. 1-параграф алып тасталды – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-параграф. Энергия беруші ұйымдардың электр энергиясының бөлшек сауда нарығына қатысуы

      5. Энергия беруші ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында электр энергиясын электр желілер арқылы шарттық талаптарда беру бойынша қызмет көрсетеді.

      6. Энергия беруші ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында өз қызметін жүзеге асыру процесінде:

      1) электр энергиясын электр желілеріне қызмет көрсету арқылы айдау және беру көлемінің есебін жүргізеді;

      2) коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алуды жүзеге асырады, қызмет көрсетілетін желілерге қосылған барлық бөлшек тұтынушылардың тұтыну көлемін айқындайды және осы ақпаратты өңірлік электр желілерін пайдаланатын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен энергия беруші ұйымдарға береді;

      3) өздерінің желілері бойынша берілетін электр энергиясының сапасын қамтамасыз етеді және бақылайды;

      4) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған шарттар мен белгіленген талаптарға сәйкес электр энергиясын беру сенімділігін қамтамасыз етеді;

      5) қызмет көрсету желілеріне және шаруашылық мұқтаждықтарына беру кезіндегі электр энергиясының технологиялық шығындарын жабу үшін электр энергиясын сатып алуды жүргізеді;

      6) өз желілеріне электр желілерін және тұтынушылар қондырғыларын қосуға арналған техникалық шарттарды беруді жүзеге асырады;

      7) электр энергиясын беруді тоқтату (шектеу) жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.

      7. Өңірлік деңгейдегі электр желілерін пайдаланатын энергия берушi ұйымдар осы Қағидалардың 5-тармағында аталғандарға қосымша:

      1) электр энергиясын сатып алу-сату үшін жасалған шарттар мен оны беру шарттары туралы дерекқор қалыптастырады;

      2) электр энергиясының бөлшек сауда нарығы субъектiлерiнiң электр энергиясын жеткiзу мен тұтынуының нақты теңгерiмiн жасайды;

      3) тұтынушылар мәлiмдеген электр энергиясы көлемiн берудiң техникалық мүмкiндiктерiн және олардың коммерциялық есепке алу жүйелерiнiң Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленген талаптарына сәйкестiгiн қарайды;

      4) өңiрдiң электр желiлерiнiң перспективалық даму жоспарын әзiрлейдi және олардың негiзiнде өңiрлiк деңгейдегi электр желiлерiн жоспарлы дамытуды жүзеге асырады;

      5) энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызметін электр энергиясының бөлшек сауда нарығында тоқтату немесе олардың бөлшек тұтынушыларды электрмен жабдықтауды тоқтату фактiлерiн анықтайды және ол туралы электр энергиясын кепiлдiкпен жеткiзушiге хабарлайды.

      8. Алып тасталды – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-параграф. Энергия жабдықтаушы ұйымдардың және тұтынушылардың
электр энергиясының бөлшек сауда нарығына қатысуы

      9. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында тұтынушыларға электрмен жабдықтау жария шарттарына сәйкес сатады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 06.02.2020 № 43 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында өз қызметін жүзеге асыру процесінде:

      1) жасалған шарттарға сәйкес жеткiзу-тұтыну режимдерiн жүргiзу бойынша энергия берушi ұйымдардың жедел өкiмдерiн орындайды;

      2) энергия берушi ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сатуға және электр энергиясын беру жөнiндегi қызметтер көрсетуге жасалған шарттар бойынша электр энергиясын жеткiзу-тұтынудың тәулiктiк кестесiн бередi;

      3) тұтынушыларға электр энергиясын беруге энергия беруші ұйымдармен шарттар жасасады;

      4) энергия беруші ұйымдардың электр энергиясын беру жөніндегі қызметтеріне ақы төлейді.

      11. Энергиямен жабдықтаушы ұйымның қызмет көрсету аймағы олар жасасқан энергиямен жабдықтау шарттарына сәйкес желілеріне тұтынушылар қосылған энергия беруші ұйымдар желілерінің шекарасымен, сондай-ақ бөлшек сауда тұтынушыларын энергия өндіруші ұйымдардың электр станцияларының шиналарына қосу нүктесімен айқындалады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. Электр энергиясын кепілдікпен жеткізуші Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 116-бабы 3-тармағы 14) тармақшасына сәйкес реттелетін энергиямен жабдықтаушы ұйымдар ішінен айқындалады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Энергия беруші ұйымның оралымды-диспетчерлiк басқаруы қолданылатын аумақ және энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен электр энергиясын беруге жасалған шарттарға сәйкес энергия беруші ұйымның электр желiлерi арқылы электр энергиясын алатын, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың электр станцияларының шиналарына қосылған барлық тұтынушылар электр энергиясына кепілдік беріп жеткізушілердің жауапкершілік аймағы болып табылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Электр энергиясын кепілдікпен жеткізушілер мен тұтынушылар арасында энергиямен жабдықтау шарттары Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамаға сәйкес жасалады.

      15. Энергиямен жабдықтаушы ұйым энергиямен жабдықтау шарттарын бұзған кезде өз тұтынушылары мен энергия берушi ұйымдарға және электр энергиясын кепілдікпен жеткізушіге электрмен жабдықтаудың тиісті шарттарды бұзу туралы жазбаша (егер шарт жазбаша нысанда жасалса) немесе электрмен жабдықтау қызметтік төлеу шоттарында тиісті ақпаратты орналастыра отырып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ монополияға қарсы органға (егер энергиямен жабдықтаушы ұйым басым немесе монополиялық орын алатын, нарық субъектілерінің мемлекеттік нарығына енгізілсе) күнтiзбелiк екі ай бұрын хабарлайды.

      16. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен энергиямен жабдықтау шарттарын жасасуға ниет білдірген және тиісті энергия жабдықтаушы ұйымдармен электрмен жабдықтау шартын бұзу туралы хабардар болған тұтынушылар шартты бұзу туралы хабарламаны (егер шарт жазбаша нысанда жасалса) алған немесе хабарландыру бұқаралық ақпарат құралдары жарияланған сәттен бастап бір ай ішінде энергиямен жабдықтаушы бөгде ұйымға (бұдан әрі – жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйым) өтінішпен жүгінеді.

      17. Жаңа энергиямен жабдықтаушы жаңа ұйым энергиямен жабдықтау шартын (немесе бұрынғы энергиямен жабдықтау шарты бойынша құқықтар мен міндеттемелерге көшу туралы келісім):

      1) бұрынғы электрмен жабдықтаушы ұйымда энергиямен жабдықтау шартын жасау үшін қажетті, сәйкес тұтынушының құжаттарының толық пакеті болған жағдайда;

      2) қолданысы тоқтаған сәтте бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйыммен энергиямен жабдықтау шартының талаптарын тұтынушылар сақтаған жағдайда жасайды.

      18. Бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйыммен электрмен жабдықтау шартын бұзу туралы хабарламаны алған немесе хабарландыру жарияланған сәттен бастап бір ай ішінде энергиямен жабдықтау шартын жасасу туралы тұтынушының өтініші болмаған жағдайда, жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға энергиямен жабдықтау бойынша қызметтерді одан әрі алу ниетін білдірген жағдайда энергиямен жабдықтау шартын жасасу қажеттілігі туралы жазбаша хабарламаны жібереді.

      19. Хабарламаны алған сәттен бастап бір ай өткен соң тұтынушының электрмен жабдықтау шартын жасасу туралы өтініші болмаған кезде жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйым бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушысына электр энергиясын беруді тоқтады.

      20. Жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйым бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйымның өкiлдерiмен коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткiштерiн жазып алуды жүргiзедi және үш жақты қабылдап алу-тапсыру актiсiн жасайды, оған энергия жабдықтаушы ұйымның беретiн және алатын өкiлдерi мен тұтынушылары қол қояды. Бұл тапсыру-қабылдап алу актiсi тараптардың өзара есеп айырысуы үшiн негiз болады. Тапсыру-қабылдап алу актiсiне сәйкес бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйым түпкiлiктi есептесу үшiн тұтынушыға шот бередi.

      21. Тапсыру-қабылдап алу актiсiнiң көшiрмесi электр энергиясының теңгерiмiн жасау үшiн энергия беруші ұйымға берiледi.

      22. Электр энергиясын тұтынушылар электр энергиясының бөлшек сауда нарығында:

      1) жасасқан шарттардың талаптарына сәйкес электр энергиясын алады және тұтынады;

      2) Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес белгiленген тәртiппен есепке алу жүйесінің сараланған тарифтері бойынша электр энергиясын тұтыну үшін төлем жүргiзедi;

      3) тұтынушының меншiгiндегi электр қондырғылары мен электр энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптарын тиiстi техникалық күйде ұстайды;

      4) тұрмыстық тұтынушыларды қоспағанда, электрмен жабдықтау шартында белгiленген электр тұтыну режимiн сақтайды;

      5) энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйымдардың қызметкерлерiн коммерциялық есепке алу аспаптарына, сондай-ақ мемлекеттiк энергетикалық бақылау жөнiндегi органның қызметкерлерiн электр және энергия қондырғыларының техникалық жай-күйiн және пайдалану қауiпсiздiгiн бақылауды жүзеге асыру үшiн жiбереді.

      22-1. Энергиямен жабдықтаушы ұйымды ауыстыру үшін тұтынушы жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйымға энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды ауыстыру туралы еркін нысандағы өтініш жібереді.

      Жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйым 1 (бір) жұмыс күні ішінде бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйымды және энергия беруші ұйымды келіп түскен өтініш туралы хабардар етеді.

      Тұтынушы өтініш берген сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде энергиямен жабдықтаушы жаңа ұйым бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйымның өкілдерімен және энергия беруші ұйымның өкілдерімен коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері санағын жүргізеді және қабылдап - беру актісін жасайды, оған энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың өкілдері мен тұтынушы қол қояды. Осы қабылдау - беру актісі тараптардың өзара есеп айырысуы үшін негіз болады.

      Бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйым қабылдау - беру актісі жасалған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде түпкілікті есеп айырысу үшін тұтынушыға шот береді.

      Тұтынушы шоттарды өтеген сәттен бастап бұрынғы энергиямен жабдықтаушы ұйым 3 (үш) жұмыс күні ішінде жаңа энергиямен жабдықтаушы ұйымға электрмен жабдықтау шартын жасау үшін қажетті тиісті тұтынушының құжаттар пакетін жібереді.

      Ескерту. 22-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Энергетика министрінің 06.02.2020 № 43 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-тарау. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығының жұмыс iстеу тәртібі

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 11.02.2021 № 54 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығында жасалатын электр энергиясын сатып алу-сату және беру электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйелерінің көрсеткіштеріне сәйкес желілеріне бөлшек сауда тұтынушылары қосылған энергия беруші ұйымдардың деректеріне сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушылар берген тұтыну туралы ақпарат бойынша, сондай-ақ электр тұтыну режимін сақтау жөніндегі талаптар қойылмайтын тұтынушыларды есепке ала отырып, алдағы тәулiктерге өтiнiмдердi қалыптастырады.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      25. Алып тасталды – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Энергия беруші ұйым өз желілеріне қосылған электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда нарықтары субъектілерінің тұтынуын ескере отырып, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен көтерме тұтынушылардың тәулік сайын ұсынған өтінімдері негізінде өзінің тәуліктік кестесін қалыптастырады.

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      27. Жүйелік оператор келіскен және бекіткен энергия беруші ұйымның тәуліктік кестесі энергия беруші ұйымға, энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға және көтерме тұтынушыларға орындау үшін беріледі.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Энергиямен жабдықтаушы ұйымның тәуліктік кестеде бекітілген электр энергиясының мәлімделген көлемдерінен асып кету электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында реттеледі.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      29. Коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде есеп айырысу кезеңінің нәтижелері бойынша энергия беруші ұйым электр энергиясының электр энергиясының бөлшек сауда нарығында өзара есеп айырысу үшін негіз болып табылатын нақты теңгерімді жасайды. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығында электр энергиясын жеткізу-тұтынудың нақты теңгерімінде электр энергиясының бөлшек сауда нарығының әрбір субъектісі бойынша мыналар көрсетіледі:

      1) электр энергиясының бөлшек сауда нарығы субъектілерінің әрқайсысы бойынша энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сату шарттары бойынша электр энергиясының бөлшек сауда нарығында электр энергиясын жеткізудің (тұтынудың) түзетулерін ескере отырып, тәуліктік кестеге мәлімделген көлемі;

      2) коммерциялық есепке алу аспаптарында тіркелген электр энергиясының бөлшек сауда нарығына жеткізілген және тұтынылған электр энергиясының нақты саны.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      30. Электр энергиясының импортына арналған мәмiлелер бойынша электр энергиясының бөлшек сауда нарығында туындаған қатынастар тиiстi шарттарда Қазақстан Республикасының электр энергетикасы заңнамасында және мемлекетаралық келісімдерде көзделген тәртiппен реттеледi.

      31. Электр энергиясының импорты, егер қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын ратификацияланған халықаралық шартпен өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасымен кеден заңнамасының талаптары орындалған жағдайда жүзеге асырылады.

      32. Энергия беруші ұйымдардың не желілердің өзге де иелерінің электр желілері арқылы беруге электр энергиясының нақты шығысы (электр энергиясының нақты ысырабы) тұтынушылар алған және басқа энергия беруші ұйымдардың желілеріне берілген электр энергиясының көлемін шегергендегі электр энергиясын жеткізу нүктелерінде белгіленген коммерциялық есепке алу жүйелерінің деректері бойынша генерациялайтын көздерден және басқа да энергия беруші ұйымдардан электр желісіне кірген электр энергиясының жиынтық көлемі арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      33. Энергия берушi ұйымдардың электр желiлерiндегi электр энергиясының нормативтiк шығысының шамасын анықтау "Электр энергетикасы саласындағы нормативтік техникалық құжаттарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 30 желтоқсандағы № 580 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14771 болып тіркелген) 30-қосымшаға сәйкес бекітілген Электр желілеріндегі электр энергиясы шығындарының нормативтік шамасын есептеу әдістемесіне сәйкес белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      34. Энергия беруші ұйымдардың желiлерiндегi осы Қағидалардың 33-тармағына сәйкес есептелген электр энергиясының нақты шығынының шамалары олардың желiлерiнде оны беру жөнiндегi электр энергиясының нормативтiк шығынының шамаларынан асып кеткен жағдайда электр энергиясының осы көлемдерi энергия беруші ұйымдардың шығындарына жатады.

      35. Энергия беруші ұйымдардың желілеріндегі электр энергиясының нормативтік технологиялық ысыраптарын өтеуге байланысты шығындары энергия беруші ұйымдардың тарифінде ескеріледі және оны Табиғи монополиялар туралы заңның 16-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына және 17-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес белгіленген тәртіппен осы энергия беруші ұйыммен электр энергиясын беруге шарт жасасқан энергия беруші ұйымның тұтынушылары төлейді.

      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 30.06.2023 № 248 (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      36. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығы субъектiлерi арасындағы қаржылық өзара есеп айырысулар электрмен жабдықтау, сатып алу-сату, қызметтер көрсету шарттарында белгіленген тәртiппен, мерзiмдер мен шарттарда жүргiзiледi.

      37. Электр энергиясын беру жөнiндегi нақты көрсетiлген қызметтер үшiн қаржылық өзара есеп айырысулар табиғи монополиялар саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекiткен тарифтер мен есептік бір ай ішінде электр энергиясының нақты теңгеріміне енгізілген, тұтынылған электр энергиясының мөлшерi бойынша жүргiзiледi.

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 25.12.2017 № 471 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.