«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстан алынатын және алынған банкноттары мен монеталарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тозған және бүлінген банкноттары мен монеталарын айырбастау тәртібін белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстан алынатын және алынған банкноттары мен монеталарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тозған және бүлінген банкноттары мен монеталарын айырбастау қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ұлттық Банк
Төрағасы Г. Марченко
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 тамыздағы
№ 253 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстан алынатын
және алынған банкноттары мен монеталарын, сондай-ақ Қазақстан
Республикасы ұлттық валютасының тозған және бүлінген
банкноттары мен монеталарын айырбастау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстан алынатын және алынған банкноттары мен монеталарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тозған және бүлінген банкноттары мен монеталарын айырбастау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
2. Қағидалар Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының айналыстан алынатын және алынған банкноттары мен монеталарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тозған және бүлінген банкноттары мен монеталарын айырбастау тәртібін айқындайды.
3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) айналыстан алынатын банкноттар мен монеталар – Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының ескі үлгідегі, заңды төлем құралы болып табылатын және жаңа үлгідегі банкноттармен және монеталармен қатар айналыста болатын банкноттары мен монеталары;
2) айналыстан алынған банкноттар мен монеталар – Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының ескі үлгідегі, заңды төлем құралы болуы тоқтатылған банкноттары мен монеталары;
3) банктер – екінші деңгейдегі банктер және Ұлттық почта операторы;
4) тозған және бүлінген банкноттар мен монеталар – Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының төлемділігін анықтау ережесін бекіту туралы» 2003 жылғы 26 желтоқсандағы № 477 қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2689 тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарының төлемділігін анықтау ережесінде айқындалған бүлінулері бар банкноттары мен монеталары;
5) Ұлттық Банктің филиалдары – Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) аумақтық филиалдары және Ұлттық Банктің Кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығы (филиал).
2. Айналыстан алынатын және алынған банкноттар мен монеталарды
айырбастау
4. Айналыстан алынатын банкноттар мен монеталар жаңа үлгідегі банкноттармен және монеталармен қатар айналыста болатын Ұлттық Банк Басқармасының қаулысымен белгіленген кезеңде заңды төлем құралы болып табылады, шектеулерсіз Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрлері бойынша қабылданады, банк шоттарына есепке алынады, барлық банктерде және Ұлттық Банктің филиалдарында шектеусіз айырбасталады.
5. Айналыстан алынған банкноттар мен монеталарды банктер және Ұлттық Банктің филиалдары заңды төлем құралы болып табылатын банкноттарға және монеталарға:
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Айналыстағы ұлттық валютаның ақша белгілерінің дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру ережесін бекіту туралы» 2000 жылғы 20 шілдедегі № 301 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1232 тіркелген) бекітілген Айналыстағы ұлттық валютаның ақша белгілерінің дизайны (нысаны) өзгерген кезде оларды ауыстыру ережесінде;
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «1993 жылғы үлгідегі банкнотаны және металл ақшаны (теңгені) ақша айналымынан алу ережесін бекіту туралы» 2001 жылғы 6 тамыздағы № 301 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1646 тіркелген) 1993 жылғы үлгідегі банкнотаны және металл ақшаны (теңгені) ақша айналымынан алу ережесінде;
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Ұлттық валютаның 1993 жылғы үлгідегі банкноталарын ақша айналысынан алу туралы» 2006 жылғы 25 шілдедегі № 71 қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4342 тіркелген) белгіленген уақыт кезеңі ішінде және тәртіппен айырбастайды.
3. Тозған және бүлінген банкноттар мен монеталарды айырбастау
6. Тозған және бүлінген банкноттар мен монеталар заңды төлем құралы болып табылады.
7. Тозған және бүлінген банкноттар мен монеталар барлық банктерде және Ұлттық Банктің филиалдарында белгіленген құны бойынша, қандай да болмасын шектеулерсіз айырбасталады.
8. Банктерге түскен тозған және бүлінген банкноттар мен монеталар Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда касса операцияларын және банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау операцияларын жүргізу ережесін бекіту туралы» 2001 жылғы 3 наурыздағы № 58 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1482 тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда касса операцияларын және банкноталарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау операцияларын жүргізу ережесінде белгіленген тәртіппен сұрыпталады, айналысқа жіберілмейді және Ұлттық Банктің филиалдарына өткізіледі.
9. Тозған және бүлінген банкноттар мен монеталардың түпнұсқалығына күмән болған жағдайда, олар түпнұсқалығын анықтау үшін банкке өткізіледі. Банк оларды сараптамаға Ұлттық Банктің филиалына түпнұсқалығын анықтау үшін жібереді.
Ұлттық Банктің филиалы тозған және бүлінген банкноттар мен монеталарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдарында заңды және жеке тұлғалармен кассалық операциялар жүргізу ережесін бекіту туралы» 2003 жылғы 26 желтоқсандағы № 467 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2685 тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдарында заңды және жеке тұлғалармен кассалық операциялар жүргізу ережесіне сәйкес сараптамадан өткізеді және айырбастайды.