Ескерту. Күші жойылды - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрінің 29.08.2013 № 270 бұйрығымен.
"Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған:
Электр энергиясын пайдалану ережелері;
Жылу энергиясын пайдалану ережелері бекітілсін.
2. Электр энергетикасы және көмір өндірісі департаменті белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Электр энергетикасы және көмір өндірісі департаментіне (Бертісбаев Н.Б.) жүктелсін.
4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Министр
КЕЛІСІЛДІ:
Қазақстан Республикасының
Табиғи монополияларды реттеу
жөніндегі агенттігінің
төрағасы
10 ақпан 2005 жыл
"Электр энергиясын пайдалану және
Жылу энергиясын пайдалану
ережелерін бекіту туралы"
Қазақстан Республикасы
Энергетика және минералдық
ресурстар министрінің
2005 жылғы 24 қаңтардағы
N 10 бұйрығымен бекітілген
Жылу энергиясын пайдалану ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Жылу энергиясын пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және басқа нормативтік құқықтық актілерге сәйкес әзірленді.
Энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен жылу энергиясын тұтынушылар арасында туындаған қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен және Ережелермен реттеледі.
Ереже Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушылардың жылу энергиясын пайдалану тәртібін анықтайды.
2. Негізгі ұғымдар мен анықтамалар
2. "Электр энергетикасы туралы" Заңда берілген ұғымдар мен анықтамалар Ережеде қолданылады.
Ереженің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) тұрмыстық тұтынушы - жылу энергиясын тұрмыстық мақсатта пайдаланатын жеке тұлға;
2) жылу желісінің теңгерімдік тиесілігінің шекарасы - жылу желісінің теңгерімдік тиесілігі бойынша немесе шартпен белгіленетін энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдар мен тұтынушы арасындағы жылу желісінің бөлініс нүктесі;
3) тұтынушының жылу тұтынатын (жылу пайдаланатын) қондырғысының жүктемесі - уақыттың белгіленген сәтіндегі жылу тұтыну қондырғысы тұтынатын жылу мөлшерінің мәні;
4) төлем құжаты - энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдарының есеп шотына ақшалай қаражатты аударуға негiз болатын төлем талабы, төлем тапсырмасы, сондай-ақ қолма-қол төлеу жүзеге асырылатын шақыру қағазы;
5) өлшеу құралдарын тексеру - өлшеу құралдарының белгіленген метрологиялық талаптарға сәйкестігін анықтау мен растау мақсатында мемлекеттік метрологиялық қызметі немесе басқа аккредиттелген заңды тұлға орындайтын операциялар жиынтығы;
6) жылу энергиясы үшін есеп айырысу - тұтынылған жылу энергиясы үшін есеп айырысу кезеңі біткеннен кейін ұсынылған төлем құжатының негізінде энергиямен жабдықтаушы ұйымға тұтынушының ақы төлеуі;
7) есептік кезең - тұтынылған жылу энергиясының есепке алынуы және тұтынушыға ақы төлеу үшін ұсынылуы тиіс уақыт кезеңі;
8) реттеуші орган - табиғи монополиялар салаларындағы және реттелетін нарықтардағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
9) жылумен жабдықтау жүйесі - жылу өндіретін, жылу беретін және жылу тұтынатын қондырғылардан тұратын кешен;
10) қосалқы тұтынушы - тұтынушы желілері және (немесе) жылу қондырғылары энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушысының жылу желісіне қосылған тұтынушы;
11) жылу энергиясына арналған тариф - тұтынылған жылу энергиясы үшін (тұтынылған жылу энергиясы үшін ақы алынатын ставкалар жүйесі) ақы алынатын жылу энергиясы құнының ақшалай түрі;
12) жылу желісі - жылуды беруге және бөлуге арналған қондырғылар жиынтығы;
13) жылу тұтынатын қондырғы - жылу энергиясын қабылдауға және пайдалануға арналған техникалық қондырғы;
14) жылу энергиясының жұмсалуын есепке алу нүктесі - коммерциялық есеп жүргізу аспабының көмегімен немесе есеп айырысу әдісімен коммерциялық есеп айырысу кезінде пайдаланылатын жылу энергиясының шығыстары мәнін айқындайтын жылумен жабдықтау схемасының нүктесі;
15) есептеу торабы - тұтынушыға ақы төлеуге ұсыну үшін жылу энергиясының коммерциялық есебін қамтамасыз ететін аспаптар мен құрылғылар жиыны;
16) сараптама ұйымы - электр энергетикасы мен энергия үнемдеу мәселелері бойынша энергетикалық сараптама өткізу үшін белгіленген тәртіппен аккредиттелген ұйым;
17) энергия үнемдеу - отын-энергетика ресурстарын ұтымды және үнемді пайдалануға бағытталған (ұйымдастырушылық, ғылыми, тәжірибелік, ақпараттық) қызмет.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрінің 2009.12.14 № 337 бұйрығымен.
3. Жылумен жабдықтауды ұйымдастыру
3. Жылу энергиясын сатып алу-сату энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымның жылу желілерін қосылған тұтынушы мен энергиямен жабдықтаушы ұйым арасында жасасылатын жылумен жабдықтау шарты негізінде жүзеге асырылады.
Меншік нысанына қарамастан, барлық тұтынушыларға жылу энергиясын босатуды, егер шартта өзгеше көзделмесе, энергиямен жабдықтаушы ұйым үздіксіз жүргізеді.
Шартқа жылу желілерінің теңгерімдік тиесілігін шектеу және тараптардың пайдалану жауапкершілігі актісі мен өзге де құжаттар қоса беріледі.
Жылумен жабдықтауға арналған шартта тұтынушының жылу желісіне қосылған қосалқы тұтынушылар туралы мынадай деректер: атауы, ең жоғары сағаттық жүктеме, жылу тұтыну, қайтарылатын конденсаттың мөлшері, тараптардың пайдалану жауапкершілігі, жылу энергиясы үшін ақы төлеу шарттары көрсетіледі.
100 Гкал/сағ. дейінгі жылу жүктемесіндегі энергия беруші және (немесе) энергия өндіруші ұйымдар (жылыту қазандықтары) көрсетілетін қызметтердің (жылу энергиясын беру, жылумен жабдықтау) түрлері бойынша шығындарды, кірістерді бөлек есепке алуды жүзеге асырмайды.
4. Тұтынушы қосалқы тұтынушылармен жылумен жабдықтауға арналған шарттарды тек жылумен жабдықтаушы ұйымның келісімімен ғана жасай алады.
Қосалқы тұтынушылар жылумен жабдықтау шартын энергиямен жабдықтаушы ұйыммен тікелей жасаса алады. Бұл жағдайда олар тұтынушымен тұтынушының желілері бойынша жылу энергиясын беруге шарт жасасады.
Тұтынушыларға қосалқы тұтынушылардың энергиямен жабдықтаушы ұйыммен техникалық мүмкіндіктері бар кезде өзінің желілері бойынша жылумен жабдықтауға және жылу энергиясын тасымалдауға арналған шарттар жасасуына кедергі жасауға жол берілмейді.
5. Жылу энергиясының будағы және ыстық судағы ең жоғары сағаттық босатылуы, сондай-ақ жылу тасымалдағыштың тиісті ең көп сағаттық шығыны мен оны қайтару ережесі қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттамалар ескеріле отырып, тұтынушымен жасасылған жылумен жабдықтау шартында белгіленеді.
Тұтынушының тұтынылатын жылу энергиясының жүктемесі мен мөлшерін шартта көрсетілгендерден артық, бірақ алынған техникалық шарттарда мәлімделген және тіркелген жобалық шамалардан аспайтындай етіп арттыруына шартта тиісті өзгерістер болған кезде энергиямен жабдықтаушы ұйымның рұқсатымен жол беріледі.
6. Егер энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдардың қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаса жылу энергиясын тұтынушыларды жылумен жабдықтау жүйелеріне қосуға тыйым салынады.
7. Жылу энергиясының тұтынушылық қасиеттері мен берілу режимі жоспарлы жөндеу, авариялық-қалпына келтіру жұмыстары жағдайларынан басқа, тұтынушының жылыту маусымына дайындық жөніндегі іс-шаралар кешенін орындауы және энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым берген техникалық дайындық актісін ресімдеу және сараптама ұйымының қорытындысын алу шарттарын орындаған кезде нормативтік-техникалық құжаттамамен белгіленген талаптарға сәйкес болуы тиіс.
8. Тұтынушылар мен энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар арасындағы шешімін таппаған қайшылықтар Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен шешіледі.
4. Тұтынушыларды жылу энергиясына қосуға
арналған техникалық шарттар
9. Жылу энергиясына жаңа тұтынушыларды қосуға арналған немесе қолданыстағы объектілерге қосылған жүктемесін ұлғайту кезіндегі техникалық шарттарды тұтынушы жылу желілеріне тұтынушыны қосатын энергия беруші ұйымнан алады. V090005840
10. Энергия беруші ұйым тұтынушыдан өтінім алғаннан кейін екі апта мерзім ішінде жаңадан салынған кәсіпорындарды, ғимараттарды, үймереттерді, олардың кезектерін немесе жекелеген өндірістерді, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды, ғимараттарды, үймереттерді, жылу тұтынушы қондырғылар мен жылу желілерін қайта жаңғыртуды жылумен жабдықтауға арналған техникалық шарттарды береді.
Тұтынушының жылу желілеріне қосылу үшін техникалық шарттар алуға берген өтінімінде жобаланатын объектіні сипаттайтын деректер, оны жобалау, салу ұзақтылығының нормативтік мерзімдері мен объектіні пайдалануға берудің белгіленген мерзімдері, тұтыну түрлері бойынша - технологиялық қажеттіліктер, жылыту және желдету, ыстық сумен қамтамасыз ету жүктемелерінің сипаттамалары, жылумен жабдықтау сенімділігі жөніндегі талаптар қамтылуы тиіс.
Энергия беруші ұйым тұтынушының жылумен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты басқа да деректерді талап етуге құқылы.
11. Жаңа кәсіпорындарды, ғимараттарды, үймереттерді, олардың кезектерін, жекелеген өндірістерді немесе тұтынушыны сырттай жылумен жабдықтау схемасын өзгертуді талап ететін кеңейтілетін және қайта жаңғыртылатын жұмыс істеп тұрған объектілерді жылумен жабдықтау жөніндегі шешімдерді келісуді құрылыс салу үшін алаң таңдау кезінде энергия беруші ұйымдар жасайды.
12. Тұтынушының, тұтынылатын жылу энергиясының мөлшерін немесе жылу тасымалдағыштың параметрлерін өзгертуді талап ететін, жылу тұтынатын қондырғыларын шарттың белгіленген техникалық ережелері мен шарттың ережелерінен артық қайта жаңғырту немесе кеңейту кезінде тұтынушы, сондай-ақ энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия өндіруші ұйымнан олардың қосылуына техникалық шарттар алуы қажет.
13. Жылу тұтыну қондырғылары тұтынушылардың желілеріне қосылатын қосалқы тұтынушылар техникалық шарттарды энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия өндіруші ұйымнан алады және тұтынушымен келіседі.
14. Объектіні жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарда мыналар көрсетіледі:
1) жылумен жабдықтау көзі, жылу желілеріне қосылу нүктесі, босатылатын жылу энергиясының мөлшерін реттеу тәсілі;
2) басқа тұтынушылардың жүктемелерін ескере отырып, негізгі және резервтегі іске қосу нүктелеріндегі жылу тасымалдағыштың параметрлері мен гидравликалық режимі;
3) басқа тұтынушылардың жүктемелерін қосу перспективасын ескерумен негізгі тұтынушының жүктемесі;
4) қазіргі бар желінің өткізу қабілетін арттыру қажеттігі жөніндегі негіздеме;
5) қайтарылатын өндірістік конденсаттың мөлшері, сапасы және қайта айдау режимі, конденсатты жинау және қайтару схемасы;
6) сенімділік жөніндегі талаптарды ескерумен жылумен жабдықтаудың резервтік көздері;
7) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату жөніндегі талаптар;
8) жылу желілерін (жер үсті және жерасты) төсеу тәсілі;
9) жылыту-желдету мен технологиялық жүктемелерді және ыстық сумен жабдықтау жүктемесін қосудың жылу схемасы;
10) температуралық кесте мен желілік судың шығыны;
11) салынып жатқан немесе қайта жаңғыртылып жатқан жылу желілерінің теңгермелік және пайдалану тиесілілігі мен тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекаралары.
15. Энергия беруші ұйымның тұтынушылардың жылу тұтыну қондырғыларын қосу мақсатында берген техникалық шарттарын орындау тұтынушылар мен олардың жобалау және құрылыс ұйымдары үшін де қажет.
Жылумен жабдықтау және жылу тұтыну жүйелерін салу мен қайта жаңғырту жөніндегі жұмыстарды қызметтің осы түріне лицензиясы бар және барлық мүдделі ұйымдармен келісілген жоба бойынша тек қана мамандандырылған ұйымдар жүргізе алады.
Тиісті энергия беруші ұйымның бұрыннан бар желілерінің өткізгіштік қабілетін ұлғайту қажет болған жағдайда жұмысты қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделінген тәртіпте жүргізіледі.
Техникалық шарттарды қолданудың мерзімі жобалаудың және салудың қолданылып жүрген нормаларын ескерумен белгіленеді.
16. Кәсіпорындарды, ғимараттарды, үймереттерді, олардың кезектерін немесе жекелеген өндірістерді салу жобалары құрылыс алаңын таңдау және ғимаратты жобалау үшін дайындау сатысында энергия беруші және (немесе) энергия өндіруші ұйыммен келісіледі және объектіні жылу желілеріне қосудың техникалық шарттарында көрсетіледі.
Сараптама жүргізуге уәкілетті органның рұқсаты бар сараптама ұйымдары он күндік мерзімде қабылданған жобалау шешімдерінің берілген техникалық шарттарға, қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкестігін тексереді және өз қорытындысын береді.
Кәсіпорындарды, ғимараттарды, үймереттерді, оның кезектерін немесе жекелеген өндірістерді жобалау кезінде көрсетілген техникалық шарттардан шегіну қажеттілігі туындаған жағдайларда бұл шегіністер энергия беруші және (немесе) энергиямен өндіруші ұйыммен келісілуі тиіс.
17. Тұтынушы берілген техникалық шарттардың негізділік мәні жөнінде сараптама ұйымына жүгінуге құқылы.
Жобалық құжаттамада техникалық шарттардың талаптарынан немесе қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттардан айтарлықтай ауытқушылық байқалған жағдайда, тұтынушыға уәжделген бас тарту беріледі.
Техникалық шарттарды беру және қайта ресімдеу үшін ақы алынбайды.
5. Тұтынушылардың жылу тұтынатын
қондырғыларын пайдалануға жіберу
18. Барлық жаңадан қосылатын және жаңғыртылатын жылу тұтыну жүйелері энергия беруші және (немесе) энергия өндіруші ұйыммен келісілген жобалау құжаттамасына сәйкес орындалуы тиіс.
19. Пайдалануға жіберілгенге дейін және әрбір жылыту маусымының алдында жылу тұтыну қондырғылары қабылдап алу-тапсыру (техникалық дайындық актісімен көзделген техникалық) сынақтарынан өтуі және сараптамалық ұйымның қорытындысын алуы тиіс.
Жылу тұтыну жүйесін пайдалануға жіберу тұтынушының тиісті дайын персоналы мен жылу тұтыну қондырғыларының сенімді әрі қауіпсіз жұмысына жауапты адамы, немесе осындай қызмет түріне рұқсаты бар мамандандырылған ұйыммен қызмет көрсетуге шарты бар болғанда ғана мүмкін болады.
Энергия беруші және (немесе) энергия өндіруші ұйым жылу тұтыну жүйесін тұрақты пайдалануға оларды сынақтан өткізгеннен, осы кезде табылған ақауларды жойғаннан және сараптамалық ұйымнан қорытынды алғаннан және жылумен жабдықтау шартын жасасқаннан кейін рұқсат береді.
20. Техникалық-экономикалық негіздемелер және жаңаларын салу мен 500 және одан да жоғары тоннашартты отынның отын-энергетикалық ресурстарын жылдық тұтынумен жұмыс істеп тұрған объектілер мен кәсіпорындарды кеңейту жобалары міндетті түрде энергия үнемдеу сараптамасына жатады.
6. Коммерциялық есепке алу аспаптарын
орнату және пайдалану
21. Тұтынушылардың жылу тұтыну қондырғылары энергиямен жабдықтаушы ұйыммен жылу энергиясы үшін есеп айырысуға қажетті коммерциялық есепке алу аспаптарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Жылу энергиясын есепке алуды ұйымдастыру, жылу энергиясын есепке алу және жылу тасымалдау тораптарының техникалық жай-күйі нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына жауап беруі тиіс.
22. Жылу энергиясын есепке алу үшін тұрпаты өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік тізіліміне енгізілген коммерциялық есепке алу аспаптары пайдаланылуы тиіс. Бұл ретте олардың осыған құқылы ұйымдардың алғашқы немесе кезеңдік тексеруі туралы белгісі болуы қажет.
Коммерциялық есепке алу аспаптарын мерзімді тексеруді, жөндеуді және техникалық қызмет көрсетуді энергия беруші ұйым немесе тұтынушымен жеке шарты бойынша осындай қызмет түріне рұқсаты бар басқа мамандандырылған ұйым жүргізеді.
23. Жылу энергиясын жіберуді есепке алу, егер шартта өзгеше көзделмесе, жылу желілерінің бөліну шекарасында жүргізілуі тиіс.
Коммерциялық есепке алу аспаптары тараптардың пайдалану жауапкершілігі шекарасында орнатылғанда, бөлу шекарасынан коммерциялық есепке алу аспаптары орнатылған орынға дейінгі желі учаскесіндегі шығындар теңгерімінде көрсетілген желі учаскесі бар тұлғаға жатқызылады.
Жылу шығындарын есепке алуды немесе жылу шығындарына сынақ өткізуді энергия беруші ұйым тұтынушымен бірлесіп жүргізеді.
24. Коммерциялық есепке алу аспаптарын салыстырып тексеру аралық тексеру интервалына сәйкес аспапқа әдістемеде көрсетілген мерзімдерде, сондай-ақ мүдделі тараптардың бірінің өтініші бойынша олардың көрсеткіштерінің дұрыстығына күмән келтірілген жағдайда жүргізіледі.
25. Жоспардан тыс салыстырып тексеру жүргізілген жағдайда салыстырып тексеру жөніндегі шығындарды жоспардан тыс салыстырып тексеруді талап еткен тарап көтереді.
26. Егер салыстырып тексеру кезінде коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері олардың дәлдік сыныбы рұқсат еткен кінаратынан асып кетсе, онда жоспардан тыс салыстырып тексеру жөніндегі шығындарды аспаптардың иесі төлейді. Басқа жағдайда тексеру жөніндегі шығындарды жоспардан тыс салыстырып тексеруді талап еткен тарап көтереді.
27. Тұтынушы коммерциялық есепке алу аспаптарының ақаулылығын тапқан жағдайда тұтынушы энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымға хабарлайды.
28. Коммерциялық есепке алу аспаптарын тексеруден өткізу туралы өтініш беруі тұтынушыны белгіленген мерзімде өзі тұтынған жылу энергиясына ақы төлеуден босатпайды.
29. Егер шартпен өзгеше көзделмесе, жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алуды энергия беруші ұйымның өкілдері тұтынушының өкілдерінің қатысуымен жүргізеді. Есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алудың мүмкіндігі болмаған кезде тұтынушының кінәсі бойынша екі есептік кезең ішінде және бұл ретте тұтынушы өзінің тұтынған жылу энергиясының саны туралы мәліметті энергия беруші ұйымға ұсынбаса, онда энергиямен жабдықтаушы ұйым өткен жылдың осыған ұқсас кезеңі үшін жылу энергиясының орташа тәуліктік шығысы бойынша есеп жүргізуге құқылы.
7. Тұтынушылардың жылу пайдалану
жүйелерін пайдалануы
30. Жылуды пайдалану жүйелерінің жай-күйі және қызмет көрсетуі үшін тұтынушы мен энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы олардың теңгерімдік тиесілігімен немесе келісу бойынша айқындалады және жылумен жабдықтауға жасалған шартқа қоса берілген тараптардың пайдалану жауапкершілігі актісінде бекітіледі.
31. Энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымға тиесілі жылу құбырларында тұтынушыға тиесілі құрылғылар немесе жабдықтар болмауы тиіс.
32. Тұтынушы оның қарауындағы жылумен жабдықтау жүйелерінің техникалық жай-күйі мен пайдаланылуына және жедел-диспетчерлік тәртіптің сақталуы мен оның аумағында орналасқан, бірақ энергиямен жабдықтаушы ұйымға тиесілі құрылыстардың, коммуникациялардың және жылу қондырғыларының сақталуына жауапты болады.
33. Жылумен жабдықтауды сенімді қамтамасыз ету мақсатында тұтынушы:
1) тұтынылған жылу энергиясы үшін уақытылы ақы төлеуге;
2) энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлерін түсіру крандарын, арматураларды, жылу энергиясын есептеу желісіне дейін орналасқан бақылау-өлшеу аспаптарын пломбылауды жүргізуі үшін жіберуге және қойылған пломбылардың сақталуына, ал оларды алып тастауды энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымның рұқсатымен жүргізуге;
3) жылу тұтынудың тапсырылған режимдерін сақтауға;
4) мемлекеттік энергетикалық қадағалау (бұдан әрі - Мемэнергияқадағалау), энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың қызметкерлерін жылу желілерінің, жылу тұтыну қондырғылары мен коммерциялық есепке алу аспаптарының техникалық жай-күйін тексеруге жіберуге міндетті.
8. Тұтынушыларға жылу энергиясын беруді
шектеу және тоқтату шарттары
34. Энергиямен жабдықтаушы ұйым жылу энергиясын жіберуді тұтынушымен жасалған жылумен жабдықтауға арналған шартқа сәйкес жүргізеді.
35. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым, тұтынушыға мынадай жағдайларда жылу энергиясын беруді толық немесе ішінара тоқтатуға құқылы:
1) жылумен жабдықтауға немесе жылу энергиясын беруге арналған шартта көзделген жағдайда;
2) шартта белгіленген мерзімдерде жылу энергиясы үшін төлем құжаты төленбеген жағдайда;
3) жылу желісіне жаңа қуаттар мен қосалқы тұтынушыларды өз бетінше қосқанда;
4) коммерциялық есепке алу аспаптары орнатылғанға дейін жылу тұтыну жүйелерін қосқанда;
5) жылумен жабдықтаушы ұйымның келісімінсіз шартпен белгіленген ең жоғары сағаттық жүктемелерден және тұтынудың шарттық режимінен асып кеткен жағдайда;
6) егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, шартта көзделген конденсат көлемінің кемінде 30%-ын қайтарса;
7) жылу тұтыну жүйелеріне қызмет көрсету үшін тиісті біліктіліктегі қызметші болмаған жағдайда;
8) Мемэнергияқадағалаудың ұйғарымдарын белгіленген мерзімдерде орындамаған және энергиямен жабдықтаушы немесе энергия беруші ұйым берген техникалық шарттардың талаптарын бұзған жағдайда;
9) Мемэнергияқадағалау органдары мен энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымының өкілдерін жылу тұтынатын жүйелерге және (немесе) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарына жібермеген жағдайда;
10) тұтынушы адам өміріне қауіп төндіретін апаттарды жою жөнінде шұғыл шаралар қабылдамағанда;
11) жылу тұтынатын қондырғылар мен желілердің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындық актісінсіз және сараптамалық ұйымның қорытындысынсыз энергия беруші ұйымды жылу желісіне қосқан жағдайда;
12) қосалқы тұтынушылар Ереженің талаптарын бұзғанда оларды ағытып тастау жөніндегі энергиямен жабдықтаушы ұйымның ұйғарымдарын орындамаған жағдайда.
Бұл ретте энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым:
1), 2), 5), 6), 7), 8), 9), 11), 12) тармақшаларда айтылғандай, егер шартта өзгеше көзделмесе, жылу беруді тоқтатуға немесе шектеуге дейін кемінде үш тәулік уақыт қалғанда тұтынушыларды хабарландыра отырып, толық немесе ішінара тоқтатуға;
3), 4), 10) тармақшамен - дереу тоқтатуға құқылы.
36. Жабдықтарды жөндеу мен жаңа тұтынушыларды қосу жөніндегі жоспарлы жұмыстарды жүргізу үшін резервтік қорек болмаған кезде жылумен жабдықтау шартында осы мақсаттар үшін тұтынушыларды ажырату тәртібі көзделуі тиіс.
37. Тұтынушы желі суын рұқсатсыз алған, жылу тұтыну жүйесіне өз бетімен қосылған, тұтынушы коммерциялық есептеу аспаптарын бүлдірген, есептеу торабында орнатылған пломбылар бүлінген немесе болмаған жағдайда энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйым акт жасайды және тұтынушы пайдаланған жылу энергиясының көлемінде екі еселенген мөлшерде қайта есептеу жүргізіледі.
Ыстық су бойынша қайта есептеу жылдан аспайтын кезеңде, ал жылу жүйесі үшін жылыту маусымының басынан бастап осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген жағдайлар байқалған сәтке дейін жүргізіледі.
Акт энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілінің және тұтынушының немесе оның өкілінің қолы болған жағдайда жарамды. Акт тұтынушы немесе оның өкілі қол қоюдан бас тартқан жағдайда да, бірақ энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымның және/немесе құрамында кемінде үш адам бар кондоминиумның басқару органының комиссиясы ресімдеген жағдайда, жарамды болып саналады.
38. Өз торабындағы апаттың алдын алу немесе оны жою жөнінде шұғыл шаралар қолдану үшін энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым міндетті түрде хабардар етумен, энергиямен жабдықтаушы ұйым толық бермеген жылу үшін қайта есептеумен, тұтынушының жылу тұтыну жүйесін уақытша ажыратуға құқылы.
9. Тұтынушыларға жіберілетін будағы жылу
энергиясының мөлшерін анықтау
39. Тұтынушыға жіберілген жылу энергиясының мөлшері жылу желілерінің теңгерімдік тиесілі шекарасында есептеледі. Желілердің бөліну шекарасынан кейінгі жылу энергиясының барлық шығындары, егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, тұтынушыға жатқызылады.
40. Тұтынушыға келіп түсетін будағы жылу энергиясының мөлшері бу мөлшерін оның жылу ұстауына көбейтіндісі ретінде анықталады.
41. Қайтарылатын конденсат үшін тұтынушыға төлем мөлшері оның жылу ұстауын ескеру арқылы шартпен белгіленеді.
42. Жылумен жабдықтауға арналған шарттарда жылу тасымалдағыштың әрбір параметрі бойынша ең көп сағаттық жүктеме, сондай-ақ тұтынушыға жылу энергиясын жіберудің жалпы көлемі белгіленеді.
43. Тұтынушыға шартпен көзделген өткір, кемітілген немесе іріктелген бу жіберілген кезде тұтынушымен есеп айырысу тұтынушы шын мәнінде алған бу үшін белгіленген тариф бойынша жүргізіледі.
44. Жылу энергиясын тұтыну режимінің ауытқуы шарттық шамадан
+_ 10 %-дан аспауы тиіс.
Жылу энергиясын тұтыну шарттық шамадан +_±10 %-дан аса
ауытқыған жағдайда экономикалық санкциялар шарт ережелеріне сәйкес
қолданылады.
10. Тұтынушыларға жіберілетін ыстық судағы жылу
энергиясының мөлшерін анықтау
45. Тұтынушыға жіберілген жылу энергиясының мөлшері жылу желілерінің теңгерімдік тиесілі шекарасында есептеледі. Желілердің бөліну шекарасынан кейінгі жылу энергиясының барлық шығындары, егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, тұтынушыға жатқызылады.
46. Тұтынушының жылу тұтынатын қондырғыларын коммерциялық есепке алу аспаптарынсыз қосқан жағдайда жылумен жабдықтаушы ұйыммен жіберілетін жылу энергиясының көлемі нормативтік-техникалық құжаттамамен белгіленген тәртіппен анықталады.
47. Берілетін жылу жеткізгіштің температурасын шартта қабылданған температуралық кестеге сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйым береді.
48. Энергиямен жабдықтаушы ұйым ыстық суда жылу энергиясын пайдалану және температуралық режимді сақтау кезінде тұтынушы кейін қайтатын желілік суды кесте бойынша оның мәнінен аспайтын температурамен қайтарады. Есепке алу аспабы жоқ тұтынушыларға шарттық көлемнен артық жіберілген жылу мөлшерін есептеу нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес жүргізіледі.
49. Жіберілетін желі суының температурасы көтерілуі себепті тұтынушыға орташа тәуліктік кестеге қарсы шарттық көлемнен артық жіберілген жылу энергиясына, егер шартта өзгеше көзделмесе, тұтынушы ақы төлемейді.
50. Ыстық сумен жабдықтаудың ашық жүйесі кезінде тұтынушы, шарттың ережелерінде айтылғандай, шығатын судың құнын, оны тазалау және химиялық дайындау бойынша шығындарды төлейді.
51. Тұтынушының меншігіндегі жылу желілеріндегі жылу тасымалдағыштың нормадан артық ысырап болуын энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым анықтайды және кесімге тұтынушының қатысуымен актіге жазылады. Соңғысының актіге қол қоюдан бас тартуы оны белгіленген тәртіппен ақы төлеуден босатпайды.
52. Тұтынушының жылу желілеріндегі жылу энергиясының шығыны егер де тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, олар мен қосалқы тұтынушылардың арасында жылу энергиясын тұтыну үлесіне қарай тепе-тең жылу торабының ұзақтығына қарай бөлінеді.
11. Тұтынушылар қайтаратын конденсаттың
мөлшерін анықтау
53. Тұтынушылар жылыту, желдету және ыстық сумен жабдықтау үшін бу түріндегі жылу энергиясын пайдалану кезінде энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымға қайтаруға, ал ол өз кезегінде конденсаттың кем дегенде 95% (егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе) қайтаруға міндетті, ал бу технологиялық мақсаттар үшін пайдаланылған кезде, конденсатты қайтару шартта белгіленген көлем мен сапада жүзеге асырылады.
54. Тұтынушы қайтаратын конденсат шартта келісілген көлем мен сапаға сәйкес болуға тиіс.
12. Төлем құжаттарын ұсыну және ақы төлеу
тәртібі
55. Тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйыммен жылу энергиясы үшін өтінім берілген шарттық келісімнің, коммерциялық есепке алу аспаптары көрсеткіштерінің негіздерінде энергиямен жабдықтаушы ұйым жазып берген төлем құжаттары бойынша, ал олар болмаған жағдайда - нормативтік-техникалық құжаттамада белгіленген тәртіппен есеп айырысу жолымен есеп айырысады.
Есеп айырысудың шарттары мен нысандары жылумен жабдықтауға жасалған шартта белгіленеді.
56. Тұтынылған жылу энергиясы үшін ақы төлеу белгіленген тәртіппен реттеуші орган бекітетін тарифтер бойынша жүргізіледі.
57. Энергиямен жабдықтаушы ұйым шартқа сәйкес мерзімі өткізілген ақы төлеу сомасына өсім тағайындайды. Тағайындалған немесе ерікті тәртіппен танылған өсім сомалары акцептісіз, кейіннен тұтынушының есеп шотына ақша алғашқы түскен кезде ұсталады.
58. Егер тұтынушы пайдаланған жылу энергиясы үшін ақы төлемегендігі үшін белгіленген тәртіппен ажыратылып тасталса, онда оны қосу қарызды жапқаннан және оны ажырату/қосу жөніндегі шығындарды өтегеннен кейін жүргізіледі.
59. Ақшаны қайта есептеуге алып келген барлық өзгерістер тұтынушының энергиямен жабдықтаушы ұйымға құжат берген күнінен бастап отыз күннен аспайтын мерзімде жүзеге асырылады.
60. Есепке алу тұтынушының кінәсінсіз уақытша бұзылған жағдайда жылу энергиясы үшін есептесу, егер шартта жылу энергиясының өзгеше (сырттағы ауаның нақты температурасын қайта есептей отырып) мөлшері көзделмесе, өткен жылдың осыған ұқсас кезеңінің орташа тәуліктік шығыны бойынша жүргізіледі.
Жылу энергиясының орташа тәуліктік шығыны бойынша есептесу кезеңі, бұл мерзім ішінде есептік есепке алу толық көлемде қалпына келуі тиіс болатын 15 тәуліктен аспауы тиіс.
Егер есептік есепке алуды белгіленген мерзімде қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда, есептеу тәртібі мен есепке алуды қалпына келтіру мерзімдері тұтынушы мен энергиямен жабдықтаушы ұйым арасындағы келісіммен белгіленуге тиіс.
13. Келіспеушіліктерді шешу тәртібі
61. Жылу энергиясын беруді тоқтату уақыты, сондай-ақ оның сапасының нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес еместігі уақыты (күні, сағаты) туралы белгі қойылып энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымның диспетчерлік қызметі журналында белгіленуі тиіс, кейіннен тиісті (тиесілі) сападағы жылу энергиясын беруді жаңғыртудың уақыты (күні, сағаты) туралы белгі қойылуы керек.
62. Жылу энергиясын беруде үзілістер болған немесе жылу энергиясы тиесілі емес сапада берілген жағдайда, тұтынушы бұл туралы энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымға тікелей өзі (өтініммен) немесе берілген уақыты, күні және оны берген және қабылдаған адамның аты-жөнін міндетті түрде көрсете отырып, телефонограммамен хабарлауы тиіс. Телефонограммада тауар сапасының төмендей бастаған (болмаған) уақыты, нашарлау сипаты және энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілінің қатысу қажеттігі (егер тауар сапасының нашарлауы немесе оны энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымның тоқтатуы журналда тіркелмеген болса) көрсетіледі.
Тұтынушы жеке өзі өтініш жасаған жағдайда өтінімнің көшірмесі болуы тиіс, онда оның түсу сәтіндегі тіркеу нөмірі, өтінімнің берілу күні мен уақыты, оны қабылдаған энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілінің қолы қойылады. Жылумен жабдықтау тоқтатылған жағдайда, өтінім дереу, параметрлері нашарлаған жағдайда - ауытқушылық басталған сәттен бастап бір тәуліктен кешіктірілмей беріледі.
Энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым тауар сапасының өтінімде (телефонограммада) көрсетілген нормадан ауытқуы туралы журналдағы белгілерді, тұтынушыларға оны берудегі үзілістерді салыстырады және келіспеушіліктер болмаған жағдайда оның нақты тұтынылуына сәйкес параметрлердің есептегіден орта тәуліктік ауытқуынан шығара отырып тауар құнын қайта есептеуді орындайды.
63. Энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым жылу энергиясының берілмеуінің немесе сапасы төмен тауардың (жылу энергиясының) берілу фактісін растаудан бас тартқан жағдайда тұтынушы жазбаша өтініш жасауға құқылы, онда:
тауар беруден (ажыратудан) немесе оны сапасыз жеткізуден бас тарту басталған уақыты;
тауар сапасының нашарлау сипаты;
өтінім беру уақыты және оның тіркелу нөмірі (энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымның журналы бойынша);
жылу энергиясын беруді қалпына келтіру (оның сапасын қалыпқа келтіру) уақыты;
тауардың болмау (сапасының нашарлау) кезеңі көрсетіледі.
Өтінішке тұтынушы, тұтынушының жылу шаруашылығы үшін жауапты адам, екі тәуелсіз куәгер қол қояды және ол энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымға жіберіледі. Дау реттелмеген жағдайда тұтынушы Мемэнергияқадағалауға жүгінуге немесе сотқа талап-арыз беруге құқылы.
64. Жылу энергиясын тұтыну кезінде тұтынушы жіберген ереже бұзушылықтар екі дана етіліп энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілдері мен тұтынушының екіжақты актісімен ресімделеді, олардың біреуі тұтынушыға беріледі.
Акт оған тұтынушы қол қоюдан бас тартқан кезде де, бірақ оны құрамы кемінде үш адамнан тұратын энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымның комиссиясы ресімдеген жағдайда жарамды болып есептеледі.
65. Акт негізінде энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйым есепке алынбай қалған жылу энергиясының мөлшерін анықтайды және үстеме төленетін соманы негіздей отырып тұтынушыға сотқа дейінгі талабын жібереді.
Дау тараптардың келісуімен реттелмеген жағдайда энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым тұтынушыдан тағылған соманы мәжбүр ету тәртібімен өндіріп алу туралы сотқа талап арыз береді және белгіленген тәртіппен шарттың орындалуын тоқтатуға құқылы болады. P05000009S
14. Тұрмыстық тұтынушылардың жылу энергиясын
пайдалануы туралы қосымша ережелер
66. Тұрмыстық тұтынушыларды жылумен жабдықтауға байланысты және осы Ережелердің 14-бөлімінде қарастырылмаған мәселелер осы Ережелердің тиісті тармақтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
67. Жалпы үйлік энергия желілерінің тиісті техникалық жағдайда ұстау және қауіпсіздігі мен коммерциялық есепке алу аспаптары мен жалпы үйлік меншікті құрайтын басқа да заттардың сақталуын қамтамасыз ету тұтынушының уәкілетті тұлғасының (кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын заңды немесе жеке тұлға) міндеті болып табылады. Жылыту және ыстық сумен жабдықтау мақсатында тұрмыстық тұтынушыларға жылу энергиясын беруді жылумен жабдықтауға арналған шартқа сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйым жүзеге асырады (Көпшілік шарт).
Кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын заңды тұлғалар жылу тұтынатын қондырғыларға қызмет көрсетуді дербес немесе шарт бойынша басқа мамандандырылған ұйыммен атқара алады.
Тұтынушы жылу энергиясы үшін энергиямен жабдықтаушы ұйыммен тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасында орнатылған коммерциялық есепке алу аспаптары бойынша белгіленген тәртіппен бекітілген тариф бойынша есеп айырысады. Коммерциялық есепке алу аспаптары болмаған кезде тұтынылған электр энергиясы үшін ақы төлеу мөлшері жергілікті атқарушы орган бекіткен нормалар бойынша анықталатын болады.
Үй-жайлар меншік иелері кооперативтерінің басқаруындағы көп пәтерлі тұрғын үйлердегі тұтынушы мен энергия беруші немесе энергиямен жабдықтаушы ұйымның арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы басқару торабының (Элеватор) кіру ысырмаларының бірінші бөлу ернемегі бойынша анықталады.
68. Жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында тұтынушыға:
1) энергиямен жабдықтаушы ұйымның келісімінсіз пәтерішілік желілерді, инженерлік жабдықты және қондырманы қайта жабдықтауға;
2) жылыту аспаптарының қосымша секцияларын, реттеуші және бекітуші арматураны орнатуға және бөлшектеуге;
3) жылыту жүйелерінде жылу тасымалдағышты тікелей мақсаттан тыс (жылу жүйесінен және аспаптардан суды ағызу) пайдалануға рұқсат етілмейді.
69. Осы шарт бойынша тұтынушы энергияны тұрмыстық мақсатта пайдаланушы азамат болып шықса, шарт тұтынушының қосылған желіге белгісіз мерзімге алғашқы нақты қосылған сәтінен бастап жасалған деп есептеледі (егер де тараптардың келісімімен өзгеше көзделмесе) және азаматтық заңнамамен көзделген негіздер бойынша өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін.
70. Пәтерде тұратын адамдар (бір немесе бірнешеу) бір айдан артық мерзімге уақытша кетіп қалған жағдайда коммерциялық есепке алу аспабы болмаса, тұтынылған ыстық суға бір адамға есептелетін ақы олар жоқ кезде алынбайды. Өтініш бергенде және 30 күндік мерзімде болмағаны жөнінде растаушы құжатты тапсырғанда (емдеу мекемесінен немесе жұмыс орнынан анықтама, санаторийге жолдаманың түбіршегі, уақытша тұратын орны бойынша тіркеу туралы анықтама және сол сияқтылар).
71. Коммерциялық есепке алу аспабы уақытша болмаған жағдайда, тұтынылған ыстық су үшін бір адамға есептелетін ақы нақты тұрып жатқандардың саны бойынша алынады.
72. Жылу энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алуды, егер шартта өзгеше көзделмесе, энергия беруші ұйым мен кондоминимум объектісінің (тұтынушының) өкілі жүргізеді.
73. Коммерциялық есепке алу аспабымен жабдықталмаған пәтерде нақты тұратындардың саны жылумен жабдықтау шартында көрсетілгенмен сәйкеспеуі байқалған жағдайда, энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйым ыстық су үшін ұсынылған төлемді жыл басынан бастап екі есе мөлшерде қайта есептеуге құқылы.
74. Тұтынушы жылу энергиясын ұрлаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жауапкершілік арқалайды.
"Электр энергиясын пайдалану және
Жылу энергиясын пайдалану
ережелерін бекіту туралы"
Қазақстан Республикасы
Энергетика және минералдық
ресурстар министрінің
2005 жылғы 24 қаңтардағы
N 10 бұйрығымен бекітілген
Электр энергиясын пайдалану ережесі 1. Жалпы ережелер
1. Электр энергиясын пайдалану ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
Энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен электр энергиясын тұтынушылар арасында туындайтын көтерме және бөлшек сауда рыногындағы қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен, ережелермен және басқа да нормативтік құқықтық кесімдермен реттеледі.
Ереже Қазақстан Республикасының аумағындағы тұтынушылардың электр энергиясын пайдалану тәртібін белгілейді.
2. Ережеде қолданылатын негізгі ұғымдар мен анықтамалар:
1) тұрмыстық тұтынушы - электр энергиясын тұрмыстық мақсатта пайдаланатын жеке тұлға;
2) электр торабының теңгерімдік тиесілік шекарасы - электр энергиясы рыногының субъектілері арасындағы: энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар мен тұтынушылар, сондай-ақ тұтынушылар мен қосалқы тұтынушылар арасындағы электр торабының теңгерімдік тиесілілігі бойынша анықталатын электр торабын бөлу нүктесі; V070005044
3) тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекарасы - энергетикалық жабдықтар және/немесе теңгерімдік тиесілілігі бойынша немесе шартпен анықталатын және теңгерімдік тиесілілігі немесе осы шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы пайдалану жауапкершілігін шектеудің тиісті актісімен расталатын ұсталып тұруы, қызмет көрсетілуі мен техникалық жай-күйі үшін жауапты шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы торапты бөлу нүктесі;
4) электрмен жабдықтауға арналған шарт - соған сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыға қосылған торап арқылы энергия беруге міндеттенетін, ал тұтынушы қабылданған энергияны төлеуге, сондай-ақ оны тұтынудың шартпен көзделген режимін сақтауға, өз иелігінде тұрған электрлік тораптарды пайдалану қауіпсіздігі мен өздері пайдаланатын аспаптар мен энергияны тұтынуға байланысты жабдықтардың дұрыстығын қамтамасыз етуге міндеттенетін құжат;
5) шарттық қуат - тұтынушының энергиямен жабдықтаушы ұйыммен келісілген 1 сағат ішінде пайдаланатын электр энергиясының орташа мөлшері;
6) электр энергиясының сапасы - электр энергиясының "Жалпы мақсаттағы электрмен жабдықтау жүйелеріндегі электр энергиясы сапасының нормалары" ГОСТ 13109-97 қолданыстағы Мемлекетаралық стандартпен белгіленген нормаларына сәйкестік дәрежесі;
7) электр энергетикасының объектісі - электр энергиясын өндіруге, түрлендіруге, беруге, таратуға және тұтынуға арналған электр станциясы, шағын станция, электр беру желісі;
8) электр энергетикасы объектілерінің ерекше жұмыс режимі - электр энергетикасы объектілерінде ірі технологиялық бұзушылықтар кезінде енгізілетін мәжбүрлі режим;
9) төлем құжаты - тұтынушылар соның негізінде (шот, хабарлама түбіртек, алдын алу шоты) төлем жасайтын құжат;
10) пломб салу құрылғысы (пломб, пломб салу арқансымы) - бұл рұқсат етілмеген кіруден бақылауды қамтамасыз ететін бекіту тетіктері бар біржолғы пайдалану құралы;
11) коммерциялық есепке алу құралдарын тексеру - өлшеу құралдарының белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігін анықтау мен растау мақсатында мемлекеттік метрологиялық қызмет органдары немесе басқа аккредиттелген заңды тұлғалар орындайтын операциялар жиынтығы;
12) электр энергиясын қабылдағыш - электр энергиясын қабылдау мен пайдалануға арналған қондырғы немесе аспап;
13) тұтынушының электр қондырғысына жалғанған қуат - электр торабына тікелей және (немесе) коммутациялық аппарат арқылы жалғанған тұтынушының электр энергиясын қабылдағыштарының атаулы қуаттар жиынтығы;
14) коммерциялық есепке алу аспаптарының схемасын тексеру - есепке алу аспаптарының жай-күйін және оны қосу схемасын анықтау мақсатымен энергия беруші ұйымның өкілі тұтынушының қатысуымен орындайтын операциялар жиынтығы;
15) есептік кезең - тұтынылған электр энергиясының есепке алынуы және тұтынушыға ақы төлеу үшін ұсынылуы тиіс электрмен қамтамасыз етуге арналған шартпен белгіленетін уақыт кезеңі;
16) электр энергиясын еркін беру - электр энергиясын айлық тұтыну көлемдерінде және электрмен жабдықтау шартымен белгіленетін мәндерден аспайтын қуатпен беру;
17) қосалқы тұтынушы - энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушысының электр желілеріне тікелей жалғанған тұтынушы;
18) электр энергиясы нарығының субъектісі - энергия өндіруші, энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, электр энергиясын тұтынушылар, жүйелік оператор, электр энергиясымен орталықтандырылған сауда операторы;
19) электр энергиясын есепке алу схемасы - оларға есеп айырысу үшін берілетін және тұтынылатын электр энергиясының есебін алуды қамтамасыз ететін электр энергиясын есепке алу құралдарын белгілі бір электрлік жалғау;
20) технологиялық броны - технологиялық процестерді аяқтау үшін тұтынушыға қажетті электр қуаты;
21) уәкілетті орган - электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
22) электр энергиясын тұтыну сипаты - электр энергиясын тұтынудың маусымдық, уақытша, ауысымды, авариялық, тұрмыстық немесе өндірістік тұтыну үшін; технологиялық, электрмен дәнекерлеу жұмыстары үшін, электрмен жылыту және/немесе ыстық сумен жабдықтау қажеттіктері үшін деп бөлінетін типтері;
23) электр энергиясын бекітіп жеткізу - тұтынушыға электр энергиясын тәуліктің әр сағаты үшін дәл келісілген көлемде беру;
24) сараптау ұйымы - электр энергетикасы және энергия үнемдеу мәселелері бойынша энергетикалық сараптама өткізуге арналған уәкілетті органның рұқсаты бар ұйым;
25) электр қондырғы - электр энергиясы өндірілетін, түрлендірілетін, берілетін, таратылатын, тұтынылатын қондырғы;
26) энергия үнемдеу - отын-энергетикалық ресурстарды тиімді және үнемді пайдалануға бағытталған (ұйымдық, ғылыми, практикалық, ақпараттық) қызмет.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрінің 2009.12.14 № 337 бұйрығымен.
2. Электрмен жабдықтауды ұйымдастыру
3. Тұтынушыларды электрмен жабдықтау:
1) электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын сату-сатып алу шарттары мен көтерме сауда нарығына қатысушылардың арасындағы орталықтандырылған сауда-саттықтарында жасалған мәмілелер негізінде жүзеге асырылады.
Егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, шарт бойынша сатып алынған электр энергиясының тұтынушыға дейін жеткізілуін (тасымалдануын) қамтамасыз етуді энергия беруші ұйым жүзеге асырады;
2) бөлшек сауда нарығында электр энергиясын сатуды шарт бойынша энергиямен жабдықтаушы ұйым жүзеге асырады. Бұл ретте энергиямен жабдықтаушы ұйым энергия беруші ұйыммен электр энергиясын беру шартын жасасады. Көтерме сауда нарығына шығу шегінен асып кеткен электр тұтынудың орташа тәуліктік қуатымен тұтынушылар мен электр энергиясын энергия өндіруші ұйымдардан сатып алушылар энергия беруші ұйымдармен электр энергиясын беру жөнінде көрсетілетін қызметтерге шарт жасасады;
3) электрмен жабдықтау шарты жазбаша түрде жасалады. Оған: тараптардың теңгерімдік тиесілігі мен пайдалану жауапкершілігін шектеу актілері, тұтынушының электр қондырғыларының техникалық жай-күйін зерттеу жөніндегі сараптау ұйымының актісі, қажетіне қарай авариялық және (немесе) технологиялық брондар актісі, сондай-ақ энергиямен жабдықтаушы (энергия беруші) ұйым белгіленген тәртіппен жасаған өзге де құжаттар қоса беріледі;
4) электр энергиясын беру шарты жазбаша нысанда жасалады. Оған тараптардың теңгерімдік тиесілігін және пайдалану жауапкершілігін шектеу актілері; қажетіне қарай авариялық және (немесе) технологиялық брондар актісі және белгіленген тәртіппен жасалған өзге де құжаттар қоса беріледі;
5) электр энергиясы нарығына қатысушылардың өңірлік және (немесе) жергілікті деңгейлердегі электр желілеріне еркін қол жетімділігін қамтамасыз ету және нарық субъектілерінің арасындағы көрсетілген желілер бойынша олардың электр энергиясын беру жөнінде жасасқан мәмілелері кезінде туындайтын қарым-қатынастарды реттеу Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар Министрінің 2001 жылғы 24 желтоқсандағы N 214 бұйрығымен бекітілген және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 28 желтоқсандағы N 1708 Нормативтік құқықтық кесімдерін мемлекеттік тіркеудің тізілімінде тіркелген Қазақстан Республикасының Электр желілері ережесімен (бұдан әрі - ЭЖЕ) және өзге де нормативтік құқықтық кесімдермен регламенттеледі;
6) нарыққа қатысушылардың (ұлттық энергия беруші ұйымның) өңіраралық деңгейдегі электр желілеріне қол жетімділігін қамтамасыз ету тараптар арасында көрсетілген тораптар бойынша электр энергиясын беру жөнінде мәмілелер жасасу кезінде туындайтын қарым-қатынастармен реттеледі, ЭЖЕ және қолданыстағы нормативтік құқықтық кесімдермен регламенттеледі.
4. Электр энергиясы субъектілерінің арасында туындайтын келіспеушіліктер заңнамада белгіленген тәртіппен шешіледі.
5. Электрмен жабдықтаудың авариялық бронінің актісін (бұдан әрі - АБА) тұтынушы және энергиямен жабдықтаушы ұйым бірлесе отырып жасайды. АБА жөнінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда тараптар дауларды шешу үшін сараптау ұйымына жүгінеді.
Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдар тұтынушы авариялық және (немесе) технологиялық бронь жөніндегі электр энергиясы үшін ақы төлеу кепілдемесін орындаған жағдайда, авариялық және/немесе технологиялық бронь тізбесі бойынша енгізілген объектілерді үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етеді.
Авариялық және/немесе технологиялық бронь тізбесіне қосылған тұтынушылардың объектілерін электрмен үздіксіз жабдықтаудың техникалық мүмкіндігін сараптау ұйымы шарт бойынша анықтайды және келіседі.
6. Тұтынушының өзі тұтынатын электр қуатын шартта көрсетілген мәннен (техникалық шарттар бойынша қуат шегінде) ұлғайтуына, сондай-ақ жаңа қосалқы тұтынушыларды қосуына тек энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарының келісімімен шартқа тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана жол беріледі.
7. Тұтынушы өзіне тиесілі желілерге өз электр қондырғыларын шартта көрсетілген қуат шегінде, энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдарының қосымша рұқсатынсыз, ал осы қуаттан жоғарыны, қосылған қуатқа қарамастан, тек энергиямен жабдықтаушы ұйымның рұқсатымен ғана қоса алады.
3. Тұтынушылардың электр қондырғыларын
қосуға арналған техникалық шарттар
8. Тұтынушылардың электр қондырғыларын электр желілеріне қосуы ЭЖЕ-нің 3-тарауына сәйкес жүргізіледі.
Техникалық шарттарды тұтынушының жазбаша өтінімі бойынша энергия беруші ұйым береді.
9. Тұтынушының өтінімінде:
1) объектінің толық атауы және оның жай-күйлік жоспары қоса берілген мекен-жайы;
2) объектінің ең жоғары жүктемесі, электр энергиясын тұтыну сипаты;
3) шағын тұтынушылардың тізбесі және олардың электр қондырғыларының сипаттамасы;
4) электр жүктемелерін жылдар бойынша іске қосу мерзімдері;
5) тұтастай электр қабылдағыштардың және жекелеген технологиялық қондырғылардың энергиямен жабдықтау сенімділігі жөніндегі техникалық құжаттамалар нормаларының талаптарына сәйкес келетін санаты;
6) мәлімденген қуаттың негіздемесі;
7) лизингті, сенімді басқаруды және энергиямен жабдықтау объектісінде пайдаланудың өзге де түрлерін қоса алғанда, меншік құқығын немесе мүліктік жалға алғандығын растайтын құжаттың көшірмесі көрсетіледі.
10. Тұтынушылардың электр қондырғыларын қосуға арналған техникалық шарттарды мынадай:
1) жаңа электр қондырғылары энергиямен жабдықтаушы ұйымның желілеріне қосылған;
2) электр қондырғыларының тұтынатын қуаты өзгерген;
3) сыртқы электрмен жабдықтау схемасы өзгерген;
4) энергия қондырғыларын пайдалануға қойылатын техникалық талаптар өзгерген;
5) тұтынушының электрмен жабдықтау сенімділігінің санаты өзгерген;
6) объектінің иеленушісі өзгерген жағдайларда тұтынушы сұратып алуға және энергиямен жабдықтаушы ұйым беруге тиіс.
11. Энергия беруші ұйым тұтынушыдан өтінім алғаннан кейін бір айлық мерзімде жаңадан құрылатын немесе қайта жаңғыртылатын қолданыстағы кәсіпорындардың, ғимараттардың, құрылыстардың, олардың кезектерінің немесе жекелеген өндірістердің электр қондырғыларын қосуға арналған техникалық шарттар мен жиынтық қуаты 1000 квт. дейінгі осы объектілердегі электр энергиясын есепке алуды ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар береді.
Объектілердің жиынтық қуаты 1000 квт. асқан кезде алдын ала техникалық шарттар беріледі.
12. Жаңа кәсіпорындарды, ғимараттарды, құрылыстарды, олардың кезектерін, жекелеген өндірістерді немесе сырттан электрмен жабдықтау схемасын өзгертуді талап ететін кеңейтілетін және жаңғыртылатын жұмыс істеп тұрған объектілерді энергиямен жабдықтау жөніндегі тұтынушылардың жобалық шешімдерін келісу желісіне тұтынушы жалғанған энергия беруші ұйыммен жүргізіледі.
Жылдық отын-энергетикалық ресурсы 500 және тоннадан жоғары шартты отын тұтынатын жаңа және жұмыс істеп тұрған объектілер мен кәсіпорындар құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалары міндетті түрде энергия үнемдеу сараптамасына жатады.
13. Электр қондырғылары энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушыларының желілерінен қоректенетін қосалқы абоненттер техникалық шарттарды энергия беруші ұйыммен келісу бойынша тұтынушылардан алады.
14. Электр желілеріне тұтынушыны қосуға арналған техникалық шарттарда:
1) объектінің орналасқан жері (кент, көше), жалғаным нүктелері (шағын станция, электр станциясы немесе электр беру желілері), объектіні қоректендіру орындалуы тиіс әуелік және кабельдік желілердегі кернеу, жалғаным нүктелеріндегі кернеудің күтілетін деңгейі;
2) жаңа тұтынушының пайда болуымен байланысты қолда бар тораптарды күшейту жөніндегі негізделген талаптар - сымдардың қиылысын арттыру, трансформаторлардың қуатын ауыстыру немесе арттыру, тарату қондырғыларының қосымша ұяларын салу және заңнамаға қайшы келмейтін өзге де талаптар;
3) қысқа тұйықталу тоғының есептік мәні, релелік қорғауға, автоматикаға, телемеханикаға, байланысқа, қорғаныш жерлендіргішіне, оқшаулауға және кернеулерден асып кетуден қорғауға қойылатын талаптар;
4) реактивті қуатты өтеу, электр энергиясының сапасын бақылау мен есепке алу, желіге жалғанған нүктедегі электр энергиясының сапасына тұтынушының ықпал ету дәрежесі, тұтынушы жүктемесінің тәуліктік кестесін реттеу жөніндегі талаптар;
5) болжамды жүктеме мен электр тұтынуды көрсетумен тұтынушының торабына қосылатын шағын тұтынушылардың тізімі;
6) пайдалануға рұқсат етілген қуат;
7) электрмен жабдықтау схемасының электр қабылдағыштардың сенімділік санаттарына сәйкестігі;
8) электр энергиясын есепке алуды ұйымдастыру талаптары;
9) электрді тұтынудың сипаты (тұрақты, уақытша, маусымдық);
10) техникалық шарттардың қолданылу мерзімі көрсетіледі.
15. Қажет болған және берілген техникалық шарттардың негізділігіне күмәнданған жағдайда тұтынушы сараптау ұйымына жүгінеді.
16. Желісіне тұтынушы жалғанған энергия беруші ұйым берген техникалық шарттардың орындалуы тұтынушылар үшін де, электрмен жабдықтау жобасын әзірлеу тапсырылатын жобалау ұйымдары үшін де қажет.
17. Техникалық шарттарды алу жаңадан құрылған және бұрын жұмыс істеген ұйымдардың базасында қайта ұйымдастырылған ұйымдар үшін міндетті. Техникалық шарттарды беру және қайта рәсімдеу үшін төлем алынбайды.
4. Тұтынушылардың электр қондырғыларын
пайдалануға рұқсат ету
18. Тұтынушылардың барлық қайта жалғанатын және қайта жөнделетін электр қондырғылары қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкестікте орындалуы, жобалау және техникалық қабылдау-тапсыру құжаттамасымен қамтамасыз етілуі тиіс.
19. Пайдалануға жіберілгенге дейін электр қондырғылары қабылдау-тапсыру сынағынан өтуі және оны тұтынушы монтаждау, жөндеу ұйымынан кесім бойынша қабылдап алынуы тиіс.
Энергия беруші ұйым өзінің электр желілеріне электр қондырғыларын тұрақты пайдалануға тұтынушылар анықталған кемшіліктерді жойғаннан және сараптау ұйымының қорытындысы мен мемлекеттік энергетикалық қадағалау органының (бұдан әрі - Мемэнергияқадағалау) рұқсатын алғаннан кейін жалғайды.
Энергия беруші ұйым өзінің электр желілеріне тұтынушылардың кернеуі 1000 В дейінгі, белгіленген қуаты 100 кВт аспайтын электр қондырғыларын сараптама ұйымының оң қорытындысын алғаннан кейін жалғай алады.
20. Энергия тұтынатын жабдықты пайдалануға енгізер алдында сараптама ұйымы мемлекеттік стандарттарға, қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер мен жобалық деректерге сәйкестігіне сараптама жүргізеді, сондай-ақ белгіленген мерзімдерде нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жұмыс істеп тұрған және салынып жатқан объектілерге тиімділік көрсеткіштері жөнінде сараптық баға береді.
Сараптама нәтижелері бойынша Мемэнергияқадағалау немесе энергия беруші ұйым осы Ережелердің 19-тармағына сәйкес энергия тұтынатын жабдықты пайдалануға енгізу туралы шешім қабылдайды.
21. Электр энергиясын тұтынуы маусымдық сипаттағы электр қондырғыларына кернеу беруді энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынушының электр қондырғыларына сараптама ұйымының техникалық куәландыру актісін тұтынушы ұсынғаннан кейін жүргізеді.
22. Электр қондырғыларын пайдалануға рұқсат ету тәртібі шағын тұтынушылардың (қосалқы тұтынушылардың) жаңадан орнатылған және жаңғыртылған электр қондырғыларына, сондай-ақ электр қондырғыларының иелері ауысқан жағдайда қолданылады.
23. Электр қондырғыларын пайдалануға рұқсат ету тек тұтынушыда меншік түріне қарамастан тиісті біліктіліктегі электр техникалық персонал мен электр қондырғыларының сенімді, қауіпсіз жұмысына жауапты тұлға немесе қызметтің осы түрімен айналысу құқығына лицензиясы бар ұйыммен электр қондырғыларына қызмет көрсетуге шарты болғанда ғана мүмкін болады.
Объектіні (үй-жайларды), лизинг, сенімгерлік басқаруға және өзге де пайдалану түрлерін қоса алғанда, мүліктік жалға (жалгерлік) беру кезінде электр қондырғыларының сенімді, қауіпсіз жұмысы үшін жауапкершілікті, егер шартта басқаша көзделмесе, жалға беруші арқалайды.
24. Тұтынушылардың электр қондырғыларын құрастыруда кемшіліктер, жалғауға арналып берілген техникалық шарттар мен нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарынан ауытқушылықтар табылған, тиісті кәсіби біліктілігі бар қызмет көрсетуші болмағаны, сондай-ақ электр қондырғыларының сенімді, қауіпсіз жұмысына жауапты адамның жоқтығы анықталса, оларды пайдалануға жіберуге тыйым салынады.
5. Электр энергиясын тұтыну шарттары мен
режимдері
25. Тұтынушыларға электр энергиясын жеткізуді энергиямен жабдықтаушы ұйым электрмен жабдықтауға арналған шартқа сәйкес жасалған жылдық, тоқсандық, айлық жоспарларға және электр энергиясын босатудың тәуліктік кестесіне сәйкес үздіксіз жүргізеді.
26. Электр энергетикасы объектілерінің ерекше жұмыс режимі кезінде тұтынушыларды электрмен жабдықтау авариялық бронь көлемінде электр қуатын жеткізуді қамтамасыз ететін энергиямен жабдықтаушы ұйым әзірлеген схемалар бойынша жүзеге асырылады.
27. Көтерме сауда нарығында электр энергетикасы объектілерінің ерекше жұмыс режимін енгізу тәртібін жүйелік оператор белгілейді.
28. Бөлшек сауда нарығындағы электр энергетикасы объектілерінің ерекше жұмыс режимін енгізу тәртібін өңірлік электр желілік компаниясы белгілейді.
6. Электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі
тараптардың жауапкершілік шекарасы
29. Электр қондырғылардың жай-күйі мен оларға қызмет көрсетудің жауапкершілік шекарасы олардың теңгерімдік тиесілігімен белгіленеді және электрмен жабдықтау шартына қоса берілетін электр желілері мен пайдалану жауапкершілігін шектейтін актіде бекітіледі.
30. Кернеуі 1000 В және одан да жоғары электр қондырғылардың жай-күйі мен қызметі үшін жауапкершілік шекарасы:
1) жабық тарату қондырғыларының сырт жағындағы әуе желісінің өтпелі оқшаулағышының жалғанымы мен ашық тарату қондырғылары оқшаулағыштарының тартпалы портальды тізбегінің керілген қысқышынан шығатын сымның шығар жерінде;
2) қоректік және шығар желілердің кабельдік немесе ауалық кірмелерінің ұшында белгіленеді.
Бұл ретте осы тармақта көрсетілген жалғанымдардың техникалық жай-күйі үшін жауапкершілік шағын станцияны пайдаланатын ұйымға жүктеледі.
31. Түрлі ұйымдарға тиесілі дәнекері бар (бітеу немесе айырғыштар арқылы) кернеуі 1000 В және одан да жоғары, түрлі ұйымдар мен олардың қызмет көрсетуіне тиесілі электр беруші желілердің жай-күйі мен қызметіне жауапкершілік шекарасы дәнекер жасалған негізгі желінің тіреуішінде белгіленеді.
Дәнекерді жалғастырушы қысқыштардың жай-күйін бақылау және қызмет көрсету иелігінде негізгі желі бар ұйымға жүктеледі.
32. Тараптардың келісімі бойынша шартпен электр қондырғыларды пайдалану ерекшеліктерімен шартталған өзге де негізделген жауапкершілік шекарасы белгіленуі мүмкін.
33. Тұтынушы мен энергиямен жабдықтаушы ұйым арасындағы кернеуі 1000 В дейінгі электр қондырғыларының жай-күйі мен қызмет көрсетуі үшін жауапкершілік шекарасы:
1) әуелік тармақталу кезінде - ғимаратқа орнатылған бірінші оқшаулатқыштағы қоректендіруші желі жалғауының түйіспесінде;
2) кабельдік ену кезінде - ғимаратқа кірердегі қоректендіруші кабельдің ұштарындағы болтты жалғанымдарда белгіленеді.
Электр тораптарының теңгерімдік тиесілік шекарасы осы тармақта көрсетілген орындарға сәйкеспеген жағдайда, олар тікелей шартта көрсетілуі мүмкін.
34. Тұтынушының құрылмаларындағы немесе өзге де жылжымайтын мүлік объектілеріндегі электр торабының баланстық тиесілігі шекарасындағы жалғанымдардың жай-күйі үшін энергия беруші ұйым жауапкершілікте болады.
35. Энергиямен жабдықтаушы ұйымның басқа да тұтынушыларына транзитпен электр энергиясы берілетін тұтынушының электр беру желілерін, тарату бекеттерін және трансформаторлық шағын станцияларын жөндеуге шығару, сондай-ақ аталған жабдықты жөнделгеннен кейін қосу энергиямен жабдықтаушы ұйыммен келісілгеннен кейін жүргізіледі.
7. Есепке алу аспаптарын орнату және пайдалану
36. Электр энергиясын тұтынушылардың электр қондырғылары энергиямен жабдықтаушы ұйымнан тұтынылған электр энергиясы үшін есеп айырысуға қажетті коммерциялық есепке алу аспаптарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Электр энергиясының есебін жүргізу үшін типтері Өлшемдер бірлігін қамтамасыз ететін мемлекеттік тізілімге енгізілетін есептеу аспаптары пайдаланылады.
Электр тұтынудың 100 кВт. астам шарттық қуаты бар, бекітіліп жеткізілген электр энергиясы тұтынушыларда тұтынылған электр энергиясы, жүктемелердің қуаты мен сағаттық кестесі туралы деректерді жадында ұзақ уақыт сақтайтын активті және реактивті энергияның коммерциялық есепке алу есептеуіштері болуы тиіс.
Электр тұтынудың 40-100 кВт шарттық қуатымен еркін жеткізілген электр энергиясын тұтынушылардың тұтынылған электр энергиясы туралы деректерді жадында ұзақ уақыт сақтайтын активті және реактивті энергия мен ең жоғары қуатты есептеуіштері болуы қажет.
Электр тұтынудың 40 кВт дейінгі шарттық қуатымен электр энергиясы еркін жеткізілген тұтынушылардың активті энергия есептеуіштері болуы қажет.
37. Коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату Ережелердің және уәкілетті орган бекіткен электр энергиясын есепке алуды ұйымдастыру жөніндегі қолданыстағы нормативтік техникалық құжаттардың талаптарында көзделген тәртіпте орындалады.
38. Электрмен жабдықтаудың бір көзінен бірнеше тұтынушыларды қоректендірген жағдайда әрбір тұтынушы үшін есепке алу қамтамасыз етілуі тиіс.
39. Коммерциялық есепке алу аспаптарында осыған құқылы ұйымдардың алғашқы немесе кезеңдік тексеруі туралы белгісі болуы тиіс.
40. Коммерциялық есепке алу аспаптарын ұстау мен техникалық қызмет көрсету және салыстырып тексеру теңгерімдік тиесілігіне сәйкес жүзеге асырылады. Коммерциялық есепке алу аспаптарына техникалық қызмет көрсетуді меншік иесімен шарт бойынша энергия беруші ұйым немесе осындай қызмет түріне рұқсаты бар басқа мамандандырылған ұйым жүргізе алады.
41. Коммерциялық есепке алу аспаптарын салыстырып тексеру салыстырып тексеру әдістемесінде көрсетілген мерзімдерде, сондай-ақ мүдделі тараптардың бірінің өтініші бойынша олардың көрсеткіштерінің дұрыстығына күмән келтірілген жағдайда аспапқа аралық тексеру интервалына сәйкес жүргізіледі.
42. Жоспардан тыс салыстырып тексеру жүргізілген жағдайда тексеру бойынша шығындарды (соның ішінде алып тастау мен орнату бойынша) жоспардан тыс салыстырып тексеруді талап еткен тарап көтереді.
43. Егер салыстырып тексеру кезінде коммерциялық аспаптардың көрсеткіштері олардың дәлдік сыныбымен рұқсат етілетін кінараттан асып кетсе, онда жоспардан тыс салыстырып тексеру жөніндегі шығындарды аспаптардың иесі төлейді.
44. Энергиямен жабдықтаушы, энергия беруші ұйымдар мен тұтынушы арасында есеп айырысу үшін электр энергиясын (қуатын) есепке алу электр желілерінің теңгерімдік тиесілік шекарасында жүргізіледі.
45. Техникалық мүмкіндік болмаған жағдайда электр энергиясының коммерциялық есепке алу аспаптарын тараптардың өзара уағдаластығы бойынша электр желілерінің теңгерімдік тиесілік шекарасынан басқа жерге орнатуға рұқсат етіледі.
Учаске желісіндегі шекарадан коммерциялық есепке алу аспаптарын орнатқан жерге дейінгі электр энергиясының шығындары көрсетілген желінің учаскесі балансында тұрған иегердің есебіне шарт негізінде жатқызылады және энергия беруші ұйымның есептеуі арқылы анықталады.
46. Коммерциялық есепке алу аспаптарының қаптамалары бекіткіштерінде салыстырып тексеру құқығы бар ұйымның пломбасы, ал электр есептегіштің қысқыштары қалыбы қақпағында, ток пен кернеудің трансформаторлары бөлшегінің қақпаларында, тоқ пен кернеулік және сынақтық блоктарда және қораптарда энергия беруші ұйымның пломбасы болуы тиіс.
47. Коммерциялық есепке алу аспаптарын қоректендіретін кернеу трансформаторлары жетектері, коммерциялық есепке алу аспаптарының қоректендіруші аспаптары, есептеу аспаптарына келетін сымдардағы қысқыштардың жинамалары, сондай-ақ коммерциялық есепке алу аспаптарына дейін орналасқан кірме коммутациялық аппараттарының шкафтары электр қондырғы иесінің рұқсатсыз енуінен сақтау үшін қоршаумен жабылады және оларға тұтынушының қатысуымен энергиямен жабдықтаушы ұйым пломбы салады.
0,4 кВ қондырғыларында енгізу қондырғыларынан бастап токты өлшеу трансформаторларына дейін қоса алғанда барлық ток жүргізу бөліктері қоршауға және пломбалауға жатады.
Энергия беруші ұйым статикалық конденсаторлар батареялары жетектерінің тұтқаларын тұтынушы бұл батареяларды пайдаланбаған жағдайда пломбы салады.
48. Тұтынушыға босатылған активті және реактивті электр энергиясының мөлшері тұтынушының бастапқы кернеулік бас трансформаторы жағында орнатылған коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштеріне сәйкес анықталады.
Егер коммерциялық есепке алу аспаптары екінші кернеу жағында, яғни бас трансформатордан кейін орнатылса, онда тұтынушыға босатылған электр энергиясының мөлшері, егер шартта өзгеше көрсетілмесе, коммерциялық есептеу аспаптарының көрсеткіштерін 1,025 коэффициентіне көбейтумен анықталады.
49. Электр энергиясын есептеу схемасын өзгертумен немесе бұзумен байланысты кез келген жұмыс түрін жүргізу кезінде тұтынушы жұмысты бастамас бұрын бұл туралы энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға жазбаша түрде хабарлауы және тиісті рұқсат алуы қажет.
50. Жөндеу жұмысын жүргізу кезеңінде электр энергиясын есепке алу энергия беруші ұйыммен келісілген уақытша есепке алу схемалары бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Трансформаторлық шағын станцияларды толық ажырату арқылы жүргізілген жөндеу жұмыстарының аяқталуы бойынша энергия беруші ұйым қажеттігіне қарай коммерциялық есепке алу схемаларына кезектен тыс тексеріс жүргізеді.
51. Тәулік аймақтары бойынша электр энергиясын тұтынуды бөлек есепке алуға мүмкіндік беретін көп тарифті коммерциялық есепке алу аспаптары болған кезде электр энергиясының шығысын есепке алуды тәулік уақытына байланысты бағалар (тарифтер) бойынша анықтауға және төлеуге болады.
8. Электр энергиясын беруді шектеу және
тоқтату шарттары
52. Электр энергиясын беру, сондай-ақ шектеу және тоқтату тұтынушымен жасалған шартқа сәйкес жүргізіледі.
Электрмен жабдықтаудың сенімділік санаты және электр желісіне қосу схемасы нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес келуі және электрмен жабдықтау шартында айтылуы тиіс.
53. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдар тұтынушыны белгіленген тәртіппен ескерте отырып:
1) шартта белгіленген мерзімдерде электр энергиясы үшін ақы төленбесе;
2) электр тұтынудың шартпен белгіленген режимі бұзылса;
3) авариялық жағдайда электр энергиясын беруді толық немесе ішінара тоқтатады.
54. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдар:
1) энергия беруші ұйымның желісіне өз бетімен электр қабылдағыштарды жалғап алғанда;
2) есепке алу аспаптарымен қатар электр қабылдағыштар жалғанса;
3) тұтынушының кінәсінен энергия беруші ұйымдар мен басқа да тұтынушылардың электр қондырғыларының қалыпты жұмыс істеуін бұзатындай мәнге дейінгі электр энергиясының сапалық көрсеткіштері төмендегенде;
4) коммерциялық есепке алу аспаптарына энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдардың өкілдерін жібермеген жағдайларда тұтынушыға электр энергиясын беруді кідіріссіз толық тоқтатады.
55. Мемэнергияқадағалау органдары Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен:
1) электр энергетикасындағы қызметті жүзеге асырушы ұйымдарға олар электр энергетикасы саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын бұзған жағдайда нұсқама беруге;
2) электр және энергия қондырғыларына рұқсаты болуы;
3) электр және энергия қондырғыларының техникалық жай-күйіне және қауіпсіздігіне тексеру жүргізуге құқылы.
Мемэнергияқадағалау органдарының ұйғарымдарын орындамаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен тоқтату немесе лицензияны қайтарып алу туралы мәселеге бастамашы болады.
Ережені сақтауға бақылауды Мемэнергияқадағалау органдары өз құзыретінің шектерінде жүзеге асырады.
56. Резервтік қоректендіру болмаған кезде жабдықтарды жөндеу және жаңа тұтынушыларды қосу жөніндегі жоспарлы жұмыстарды жүргізу үшін электр энергиясын тоқтату туралы энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдар ажыратқанға дейін үш күн бұрын тұтынушыға ескертеді.
57. Адамдардың өмірі үшін қауіп тудыратын, едәуір экономикалық шығынға, коммуналдық шаруашылық пен электрмен жабдықтау жүйелерінің аса маңызды элементтерінің қызметін бұзатын авариялардың алдын алу немесе жою жөнінде кезек күттірмейтін шаралар қабылдау үшін, энергия беруші ұйымға тұтынушының электр қондырғысын дереу оған хабарлай отырып және ажырату себебін көрсетумен ажыратуға рұқсат етіледі.
58. Тұтынушы шарт бойынша пайдалануға рұқсат етілген қуатты арттырған жағдайда энергия беруші және (немесе) энергиямен жабдықтаушы ұйымдар тұтынушыдан жүктемені шартта белгіленген мәнге дейін азайтуды талап етеді. Жүктемені азайту туралы тұтынушыны хабардар ету тәртібі шартта белгіленеді.
Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымның заңда белгіленген тәртіппен жүктемені шартта белгіленген немесе диспетчерлік шектеу қойылған деңгейге дейін азайту туралы талабын тұтынушы орындауы тиіс. Жүктемені азайту туралы диспетчердің өкімі энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдар әзірлеген және бекіткен шектеу кестелерінің негізінде беріледі. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымның жүктемені азайту туралы талабын 10 минуттың ішінде орындамаған жағдайда энергия беруші ұйым тұтынушыны желіден ішінара немесе толық ажыратып тастайды.
9. Электр энергиясы үшін есеп айырысу
59. Тұтынушылардың оларға жеткізілген электр энергиясы үшін есеп айырысуы белгіленген тәртіппен энергиямен жабдықтаушы ұйым белгілеген тарифтерге сәйкес жүргізіледі.
Электр энергиясының көтерме сауда нарығында теңгермелеуші электр энергиясы, сондай-ақ электр энергиясының келісім-шартсыз көлемдері үшін есеп айырысулар электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүргізіледі.
Электр энергиясының бөлшек сауда нарығында электр энергиясының келісілмеген көлемі үшін есеп айырысулар жасасқан шарттарға сәйкес жүргізіледі.
60. Жеке және заңды тұлғалар болып табылатын электр энергиясын тұтынушылар электр энергиясын «Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18, 19-баптарына сәйкес энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан алады.
Ескерту. 60-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрінің 2009.12.14 № 337 бұйрығымен.
61. Тұтынылған электр энергиясы үшін есеп айырысулар шарт ережелеріне сәйкес коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде энергиямен жабдықтаушы ұйымның төлем құжаттары бойынша жүргізіледі.
62. Босатылған электр энергиясы үшін есеп айырысу кезеңінің ұзақтығы, мерзімдері, шарттары мен нысандары электрмен жабдықтауға арналған шартта белгіленеді.
Тұтынылған электр энергиясы үшін ақы төлеу мерзімдері тараптардың келісімі бойынша электрмен жабдықтауға жасалған шарттың ережелеріне сәйкес белгіленеді.
63. Егер қолданыстағы заңнамада басқаша көрсетілмесе, электр энергиясының сапасын төмендетуге кінәлі тұлға бөлшек сауда нарығының субъектісіне өзі келтірген нақты зиянды өтейді.
64. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тұтынушының кінәсінсіз есепке алу уақытша бұзылған кезде электр энергиясы үшін есеп айырысу электр энергиясын есепке алу құралдары мен схемалары ақаусыз болған алдыңғы немесе кейінгі есептік кезеңнің орташа тәуліктік шығыны бойынша жүргізіледі.
Электр энергиясының орташа тәуліктік шығыны бойынша есеп айырысу кезеңі бір айдан аспауы тиіс, осы уақыт ішінде коммерциялық есепке алу толық көлемде қалпына келтірілуі тиіс.
Егер көрсетілген мерзімде коммерциялық есепке алуды қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда тұтынушыға босатылған электр энергиясы үшін есеп айырысы тәртібі мен есепке алуды қалпына келтіру мерзімдері тұтынушы, энергия жабдықтаушы және энергия беруші ұйымның келісімімен белгіленуі тиіс.
65. Төлемдердің мерзімін өткізіп алған жағдайда тұтынушы қолданыстағы заңнамаға және шарт ережелеріне сәйкес өсім төлейді.
66. Егер тұтынушы белгіленген тәртіппен пайдаланылған энергияға ақы төлемегені үшін ағытылып тасталса, онда оны қайта қосу қарызды өтегеннен кейін және қосу қызметінің ақысын төлегеннен кейін жүргізіледі.
67. Коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін жазып алуды, егер шартта өзгеше көзделмесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымның өкілдері тұтынушы өкілдерінің қатысуымен жүргізеді.
68. Тұтынушының кінәсінен екі есептік кезең ішінде есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін жазып алу мүмкін болмаған жағдайда, егер бұл ретте тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға пайдаланған энергия мөлшері туралы мәліметті өзі бермесе, энергиямен жабдықтаушы ұйым есептеуді жүктеменің маусымдық кестесін ескерумен өткен кезеңдегі электр энергиясының орташа тәуліктік шығыны бойынша жүргізуге құқылы.
Бұл ретте электр энергиясының орташа тәуліктік шығыны бойынша есеп айырысу кезеңі бір есептік кезеңнен аспауы керек, ол біткеннен кейін белгіленген қуат бойынша электр энергиясының шығыны тұтынушының техникалық шарттарына сәйкес, кейіннен қайта есептелмей-ақ коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін хабарлағанға дейін анықталуға тиіс.
69. Тараптардың келісімі бойынша тұтынушының өзі жазып алған коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері бойынша ақы төлеуіне рұқсат етіледі. Электр энергиясы үшін ақы төлеу кезінде тұтынушы жіберген қателіктерді энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдар олардың анықталуы бойынша түзетеді.
70. <*>
Ескерту. 70-тармақ алынып тасталды - ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрінің 2009.12.14 № 337 бұйрығымен.
71. Энергия беруші ұйымның өкілдері тұтынушының кінәсінен есептеу аспаптарының ақауларын, пломбының (пломбылаушы құрылғының) бұзылуын немесе болмауын, әйнегінің немесе қалыбының бүлінуін, тұтынушының электр қондырғысын есептеу аспаптарының сыртында өз бетінше қосуын, есептеу аспаптарын қосу схемасының өзгерісін байқаған жағдайда, энергия беруші ұйым белгіленген тәртіппен тұтынушыны электр желісінен ажыратады және нақты ең көп жүктеме немесе тұтынушының электр қондырғыларының жалғанған қуаты мен тұтынушының абоненттің есептеу аспаптарын соңғы ауыстырған күнінен бастап барлық уақыттағы жұмыс сағаттарының саны бойынша немесе коммерциялық есептеу схемасын аспаптық тексеру бойынша электр энергиясының шығыстарын қайта есептеуді жүргізеді.
Тұтынушы электр желісіне электр энергиясын есептеу схемасы мен аспаптарындағы бұзылыстарды жойғаннан кейін қосылады.
10. Тұрмыстық тұтынушылардың электр энергиясын
тұрмыстық мақсатта пайдалануы туралы
қосымша ережелер
72. Тұтынушылардың электр энергиясын есепке алу аспаптары энергия беруші ұйымның қызметі бақылаушылары оларды байқау үшін кедергісіз көруге қол жетімділігін қамтамасыз ететін жерлерге орналастырылуға тиісті.
73. Электр энергиясын есептеу аспаптары бұзылған, сынған, жоғалған жағдайларда электр энергиясының шығынын және ол үшін ақы төлеуді уақытша есептік айқындауға рұқсат беріледі. Электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарынсыз жаңа тұтынушының электр қабылдағыштарды қосуына тыйым салынады.
74. Энергиямен жабдықтаушы ұйым тұрмыстық тұтынушы үшін электр энергиясын шартта белгіленген қуат шегінде оған қажетті мөлшерде жеткізеді.
75. Тұрмыстық тұтынушы мен энергия беруші ұйымның арасындағы электр тораптарының техникалық жағдайы мен пайдаланылуы үшін пайдалану жауапкершілігінің шекарасы олардың теңгерімдік тиесілігіне қарай белгіленеді және электрмен жабдықтау шартында көрсетіледі.
76. Тұрғын үйдегі тұтынушы мен энергия беруші ұйымның арасындағы электр желілерінің техникалық жағдайы мен 1000 В дейінгі кернеудегі электр қондырғыларға қызмет көрсеткені үшін пайдалану жауапкершілігінің шекарасы былайша анықталады:
1) әуеде тармақталу кезінде - ғимараттарға орнатылған бірінші оқшаулатқыштардағы қоректендіруші желінің қосылған жерлерінде;
2) кабельдік енгізу кезінде - ғимаратқа енгізер жерде қоректендіруші кабельдің ұштамаларында;
3) барлық пәтер электр есептеуіштерін бүкіл үйдегі бір бөлмеге немесе кіреберістегі бір бөлмеге топтап орналастырған жағдайда тұтынушылар мен энергия беруші ұйымның арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы электр энергиясын пәтерлерге беретін сымдарды есептеуіштерге жалғанған түйіспелерде анықталады.
77. Тұрмыстық тұтынушының құрылғылары мен жылжымайтын басқа да объектілеріндегі электр желілерінің теңгерімдік тиесілік шекарасындағы жалғанымдардың жай-күйі мен пайдаланушылық қызметтерін бақылауға энергия беруші ұйым жауапты болады.
78. Энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдар өкілінің есептеу аспаптарын қарау мақсатында, сондай-ақ электрмен жабдықтау шартының ережелерін орындауын бақылау мақсатында тұтынушының баруы тексеріс болып табылады және белгіленген тәртіпте тиісті актімен ресімделеді. Акті энергиямен жабдықтаушы және (немесе) энергия беруші ұйымдарының өкілінің және тексерілуші тұтынушының немесе оның өкілінің қолдары болған жағдайда жарамды. Акт тұтынушының қол қоюдан бас тартқан кезінде де, бірақ оны энергия беруші ұйымның комиссиясы және/немесе кондоминимумды басқару органының кемінде үш адамнан тұратын құрамы ресімдеген жағдайда жарамды деп саналады. Дау реттелмеген жағдайда мәселе сот тәртібімен шешіледі.